НикколоМакиавелли (1469-1527 жж.)Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік- философиялық ойлау өкілі, ортағасырлардағы Құдайдың бәрін алдын ала болжау концепциясын «фортуна» (кез, бақыт) идеясымен ауыстырды. Адамды қажеттілікке байланысты әрекеттенуге, пайда болған жаңа жағдаймен санасуға шақырды. Тағдыр адамды жартылай билейтіндіктен, сондықтан қалыптасқан жағдаймен күресу керек дейді ол. Фортунамен бірге ол тарихтың қозғаушы күші ретінде Виртун (virtu) – адамның жігерлігін, іскерлігін талантын іске асыру - терминін енгізді.
Жалпы алғанда, қайта өрлеу философиясында гуманистік дәстүр, тек қана антикалық мұрамен емес, Рухани және Христиандықпен де көп байланысты болды. Феодалдық қоғам ішінде өндіріс пен ғылымды дамытуға мүдделі болған күштер пайда бола бастады. Бұл жаңа туып келе жатқан буржуазия еді, олар феодалдық тәртіптерге, дін іліміне және схоластикалық философияға қарсы шықты. Шіркеудің зорлық-зомбылықтарына қарсы батыл күрес, әсіресе, XV-XVII ғасырларда, Қайта өрлеу дәуірінде күшейе түсті. Бұл кезең Батыс Еуропа елдерінде табиғатты танып білуге ұмтылушылық, ертедегі Грецияның тәжірибелі білімі мен алдыңғы қатарлы философиясына көңіл аударушылықтың қатты күшейген уақыты болды.
Жаңа құндылықтар жүйесі пайда болды, алғашқы болып адам және табиғат, одан кейін ғана дін және оның мәселелері тұратын болды. Бұл дәуірдің тағы бір ерекшелігі ренессанстық мәдениет пен философияның дінді ғылымнан, саясаттан, моральдан бөлуі (секуляризациялануы) болды. Секуляризация - қоғамның, адамның дін ықпалынан арылуы, шіркеу меншігінің мемлекеттік меншікке ауысуы. Енді мемлекет, мораль және ғылым мәселелері дін арқылы қаралмады. Болмыстың әртүрлі саласында бұлар өз бетінше, діннен тыс өмір сүретіні, өзінің заңдары бары мойындалды. Тек оларды философтар әзірше көп қарамады, тәжірибелік ғылымның қалыптасуына байланысты жалғыз ақиқат табиғат туралы білім болып саналды (Коперник, Кеплер, Галилей, Бруно).
Осы кезде жаңа философиялық бағыттар пайда болды. Олар деизм мен пантеизм. Деизм ─ әлемді Құдай жаратқан, бірақ күнделікті қоғам өмірі мен табиғат дамуына оның қатынасы жоқ дейтін діншіл философиялық ағым. Деизм - аспандағы «парламентаризм». Деистердің көбі әлем туралы өз түсініктерін жаратылыстану ғылымының жаңа салаларында қалыптастырды. Діннен ғылымның тәуелсіздігін қорғады.
Пантеизм- (pan - бәрі және tcheos - Құдай) - Құдай мен әлем біртұтас деп танитын, Құдіретті табиғатпен балаған философиялық ілім. Осы бағыттың өкілі католик шіркеуінің қайраткері, кардинал, Германия легаты, атақты философ ─ Николай Кузанский (1401-1464), шын аты Кребс. Ол «Білместік ғылымдары туралы», «Шығу тегі туралы», «Мүмкіндіктің болмысы туралы», «Жер шарының айналуы туралы» еңбектерін жазды.