Жанбершиева ұлжан Нахатқызы



Дата27.12.2016
өлшемі157,88 Kb.
#5893
ЖАНБЕРШИЕВА Ұлжан Нахатқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

филология ғылымдарының кандидаты, профессор

ulzhan1954@mail.ru


Т.ІЗТІЛЕУОВ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ САРЫН
Фольклор – халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Бұл сөздің ауқымы кең. Бұған ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері жанрлары мен жанрлық түрлері жатады. А.М.Горькии: «Халықтың ауыз әдебиетін білмейінше, еңбекші халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес», - деп үйреткен. Осы пікір біздің зерттеуімізге де қатысты. Біздің алға қойып отырған мақсат – Т.Ізтілеуов шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрлердің өзіндік мотивін, дәстүрін, сипаттарын анықтау. Импровизациялық поэзия дәстүрінің ақын шығармаларындағы орнын қарастыру. Тұрмағамбет поэзиясынан да фольклорлық дәстүр, мотивтерді байқаймыз. Ақынның дидактикалық, философиялық және романтикалық шеберлік үлгілері халықтың бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатқандығын байқадық. Әсіресе, шығыстық сюжетке құрылған дастандарында фольклордың дәстүрін, әсер-ықпалын жиі кездестіреміз. Сондықтан ақын ұзақ дәуірлер ішінде туып, өсіп келе жатқан мол фольклорлық дүниелерді игеру арқылы жат ел өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, ақыл-ойына, әдет-ғұрпына өз елін таныстырады. Ол үшін шығыстық шығармалардағы кейбір оқиғаларды қазақтың түсінігіне жақындатып қайта жырлайды.

Т.Ізтілеуов дастандары шығыстық аңыздардың сюжетінде жазылғанымен шеберлік үлгілері қазақ халқының бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатыр.

Өз замандастары арасында «шығыс тілінің тірі сөздігі аталған Т.Ізтілеуовтің дидактикалық, философиялық және романтикалық шеберлік үлгілері халықтың бай қазынасы фольклордан тамыр тартып жатқандығын көруге болады. Әсіресе, шығыстық сюжетке құрылған дастандарында фольклорлық дәстүрдің, әсер-ықпалын жиі кездестіреміз. Сондықтан ақын ұзақ дәуірлер ішінде туып, өсіп жетіліп келе жатқан қазақтың фольклорлық дүниелерін игеру арқылы шығыс ел әдебиетіне өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, ақыл-ойына, әдет-ғұрпына барады. Ол үшін шығыстық шығармаларындағы кейбір оқиғаларды қазақтың түсінігіне жақындатып қайта жырлайды. Әдебиет зерттеушісі ғалым Р.Бердібай «Қазақ әдебиеті тарихында орны бар, бірақ шығармалары бұл күнге дейін жеткілікті зерттеліп, танылып болмаған ақындар есімі аз емес. Солардың бір тобы Оңтүстік Қазақстанда жасаған шайырлар. Олар: Базар жырау, Шәді, Майлы, Шораяқтың Омары, Бұдабай, Т.Ізтілеуов т.б. десе Т.Ізтілеуов дастандарын зерттеп, зерделеу, халықты жаңа рухани әлеммен таныстыру болмақ, -деген. [1]

Тұрмағамбет шығармаларына негіз болған халық ауыз әдебиеті екенін дастандарындағы халықтық көріністерден байқаймыз. Ақынның бізге мәлім «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану». «Әшкәбус», «Мақта», «Сам-Зал батыр» сияқты дастандары бар. Бұл шығармалардың қазақ әдебиеті тарихынан алар орны өзгеше. Ақын дастандары – романтизм әдісінде жасалған тамаша туындылар. Шығыс аңыздарының сюжетіне құрылған дастандарында сөз майын тамыза жырлаған ақын адамгершілік түйіндер түйіп халық поэзиясының дәстүрлі сипаттарымен үндестіреді.

Оның дастандарында қазақ халқының ауыз әдебиетінде жиі кездесетін мотивтер көп. Оқиғаларды қазақ халқының әлеуметтік тұрмысымен де байланыстырады, сәйкестендіреді.

Мысалы, дастандарында тұрмыс салт жырларынан әдет –ғұрыпқа байланысты қыз ұзату, тойбастар т.б. оқиғалар қазақ халқымен, тұрмысымен сәйкес келетін сюжеттерді ұштастырамыз. Халық тұрымысында қолданылатын мақал-мәтелдерді жиі де кездестіреміз. Сол сияқты қазақ ертегілерінде кездесетін көкжал қасқыр, самұрық құс, айдаһар және зұлымдық иелерінің адамша сөйлеуі – ертегілер мотивтің көрінісі. Батырлар жырындаға батырлардың достары, жары, тұлпар аты т.б. әңгіме ауыз әдебиетінің мотвтерімен үндесіп жатыр. Сұлу қыздың кескінін беруде ақын дастандарында ауыз әдебиетінде жиі қолданылатын халықтық тұрақты теңеулер мен эпитеттерді қолдана отырып ауыз әдебиетінің мотивтерін береді. Ауыз әдебиетіндегі оқиғаларды суреттеуден гөрі диалог арқылы ойды өрбіте түсу тәсілдерін қолданылады. Дастандарында түс көру арқылы алда болатын оқиғаларды болжау – ауыз әдебиетіндегі мотив. Халық ауыз әдебиетінде сұлулықты Күн мен Айға теңеу дәстүрге айналған болса, Тұрмағамбет дастандарында осындай суреттеу әдістері мол. Т.Ізтілеуов дастандары шығыстық аңыздардың сюжетіне жазылғанымен шеберлік үлгілері қазақ халқының бай қазынасы фольклордан алынған.

Оның дастандарында тұрмыс-салт жырларынан әдет-ғұрпыңа байланысты халықтың эпитет пен теңеуді жиі кездестіреміз.

Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында:

Діләпруз деген қыз бар еді,

Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай, - десе (эпитет)

Мәһуадаға һүрдей болады, (теңеу)

Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпан иек, - деп сипаттайды, халық ауыз әдебиетінде сұлулықты осылай салыстыру дәстүрлі құбылыс. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында:

Гүлбаршын сұлу айдай боп,

Қысыр емген тайдай боп, - дейді.

Қыз ұзату, келін түсіру тойында қымбат тастардан шашу қазақ дәстүрінде ертеден бар.

Осы дастанда бай қызы Діләпруздің ұзатылу тойындағы көріністі былай суреттейді:

Той қылып, алыс жерден ел шақыртып,

Саудагер сарп етті бергенін хак.

Лағылы дүр, меруерттен шашу шашып.

Әркімнің ынған етті, әліне шақ.

Қазақ салтында тойда қуаныштан асыл тастан шашу шашады. Бұл дәстүр ауыз әдебиетінің сюжетіне енген. Батырлар жырында қыз ұзату тойында осындай қымбат тастардан шашуға теңге шашылады.

«Қобланды батыр» жырында Құртқаны Қобландыға ұзату тойында той көрінісі былайшы суреттелген.

Құртқа көріп батырды,

Шашу шашып басына,

Бұралып келді қасына,

«Алпамыс батыр» жырында Гүлбаршынды Ұлтан құлға ұзату тойында: Бек болған сұлтанымды мақтағанға көңіл келсе, Бадамша теңге тастар.



3. Қазақтың мақал-мәтелдерін қолданады.

Өмір шындығынан қорытынды, түйін жасаған қазақтың мақал-мәтелдерін де дастандарында орынды пайдаланған. «Данышпан қарт» деген дастанында:

«Кем болмас, кеңнің ісі»қалайда да ,

Қате емес, қарттар айтқан нақылият.

Ал «Тұтқын қыз» дастанында :

«Жол табам» жалғыз өзім дегендердің

«Өшпесе, өсірмейді оның бойын»

«Ердің өзіне қарама, сөзіне қара»

«Өлімнен ұят күшті»

«Рауа бану» дастанында:

«Еңбегім есе сізге еткен еш болар».

Не ексең соны аларсың» т.б. мақал-мәтелдердің кездесуі ақынның дастандарын барынша қазақ ұғымына жақындату ниетінен туғаны анық. Қазақтың мақал-мәтелдерін уытты қолданған.



4. Түс көру мотиві.

«Әшкәбус» (Шаһнамадан) дастанында да халық поэзиясымен үйлесетін тұстар көп. Фирдоуси түсіне кейіпкері Рүстемнің кіруі оқиға сюжетіне арқау болған. Яғни түс көру сарыны барлық халықтарда бар десек, қазақ халқының ауыз әдебиетінде мол кездеседі.

«Түсімде жеді етімді екі ит талап,

Тамсанып қан-жынымды тұрды жалап,

Ол екі ит осы жақтан Сәлім мен Тур,

Өздерін өлмейтінге жүрген балап, - Ирадж екі ағасының қолынан қаза табатынын түсінде көреді. [2. 159б.]

«Алпамыс батыр» жырындағы Тайшық ханның түсі немесе Гүлбаршынның түсі т.б. Гүлбаршынның:

Гүбаршын: Мен бүгін түс көрдім,

Түсімде бір іс көрдім

Жібек баулы ақ сұңқар

Қондырыппын қолыма..., - деп суреттелсе,

«Мәрді диқан» дастанында патшаның ақылды қызы Меһирша ұрылардың жасаған опасыздығын беттеріне басады. Меһиршаның ұрылардың қылмысты әрекеттерін әшкерлеп, «Әшепкі еттіремін кесіп мұрын», - деген сөз бұған дәлел..

«Көңілінен хабар берер кім сөйлесе,

Деп дана ақылды ерлер айтқан бұрын.

Жанатқа бұған ықырар болмасаңда,

Әшепке еттіремін кесіп мұрын.

Эпостық шығармаларда жауыздық істеуші, алдамшы, опассыздардың қылмысты әрекеттері әшкерленіп, оларға түрлі жаза қолданып отырған. Мәселен, «Қамбар батыр» жырында өз пайдасын ойлаған Келмембетті Алшораз осылай әшекерлейді.

Құлаған отап, құнтитып,

Өткір қара кездікпен

Мұрнын кесіп шұнтитты,-деп жырланса, Тұрмағамбет осы мотивтерді дастанның сюжеттік желісіне қолданып, қазақ халқының ауыз әдебиетінің дәстүрлі кестелерімен байытады.



Қазақ халқы қиялшыл келешекті болжап отырған, халықтық шығармаларда ертегілік мотив те байқалады. Қазақ ертегілерінде көп кездесетін аңның бірі – қасқыр. Ділпәруз қыз қасқырға жолығады, көкжал бөрімен тілдеседі, яғни Т.Ізтілеуов дастандарында ертегілік сарынды қолдана отырып, қазақ әдебиетіне жақындатады. Бұл – ертегілік көрініс. «Шаһнама» дастанында Рүстемнің өмірге келуі Рудаба босана алмай, оған самұрық құстың қанын әйел аузына тамызып, баланы әйел ішінен жарып алады.

Қараса жамбасында жатыр бала,

Айбаты арыстандай көзі ала. [2. 268б.]

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде суреттеу, сипаттаудан гөрі диалог арқылы өрбіту тәсілін көп қолданады. Т.Ізтілеуов диалогтарды дастанның оқиғасын қиыстырудың бір әдісі ретінде тиімді пайдаланған. Мысалы, «Мәрді диқанда»: диқан мен жолаушы, хан қызы мен хан. Ал, «Данышпан қартта» егінші мен дана т.б. «Тұтқын қызда» самұрық құс пен Сүлеймен, қыз бен жігіт т.б. т.с.с. кейіпкерлердің күйініш-сүйініштері де осында суреттелген.

Кейіпкерлерді суреттеуде де оны қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салтына беімдеп, құндыз бөрік, қамзол, бүрме көйлек кигізеді.

Қуанып көз көрмеген киді киім.

Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.

Інжу, дүр тамағына тастар тізді,

Бағасын бәрінің де білу қиын.

Бұл үзіндіде түлкі, құндыз бөріктер де қазақтың ұлттық киімдері, сол арқылы қазақ ұғымына жақындатқан.

«Әшкәбус» дастанында Әшкәбус пен Рүстем бейнесі қазақтың батырлар жырындағы Алпамыс пен Қобыланды немесе қалмақ батырларын суреттейтін жерлерге ұқсас. Дастанда Әшкәбус портретін былай береді:

Саусақтары шынардың ағашындай ,

Тырнағы – тұлпарлардың тағасындай.

Аузы – үңгіріндей асқар таудың,

Мұрны – үйген шоқат шамасындай!

Бұлайша суреттеу батырлар жырында батырлардың портретін беруде көп кездеседі.

Бұндай әсірелеулер құбылысты шамадан тыс асырып көрсетіп тұрады. Келтірілген мысалда Әшкәбустың аузы асқар таудың үңгіріндей десе, ауыз әдебиетінде Ұлтанның аузы ошақтай деген. Бұл - өте үлкейтіп айту, яғни сол шығарманың идеясын ашуда қажет. Дастанда бұлай асыра суреттеу батырдың батырлығын мадақтау, соны дәріптеу үшін қолданған. Тұрмағамбет дастандарында қазақ фольклорының әсер-ықпалы батырдың көзсіз ерлігін суреттеуде де үндесіп отырады.

Батырлардың батырлық әрекеттерін ақын ерекше суреттейді.

Рүстем батырдың Әшкәбуспен жекпе-жекке шыққан жерін Тұрмағамбет былай көрсеткен:

Жақындап Рүстем де ұруға ептеп,

Білген соң айыбын ашу кетті кептеп.

Садақты тұра сала қолына алып,

Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.

Дастандағы батырлық әрекеттер қазақ батырлары жырында да өте мол. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:

Топтап тұрған кәпірге,

Қобланды жалғыз тиеді.

Бөлек-бөлек қылады

Бөлінген қойдай қырады,

Өлеңнің халықтығы,шынайылығы қазақ эпосының мазмұны өте нәрлі болса, соны ақын ауыз әдебиетінің сарынымен үндестірген. Ауыз әдебиетінднгі геройлардың іс-әрекеті, батырлығы халыққа мейлінше таныс, оқиғаны баяндауда халық тіршілігіне, салт-санасына жақындатқан.



Діни сенімдерге байланысты қазақ халқының әдет-ғұрпында нанымды береді.

Қазақ халқында түрлі діни сенімге байланысты садаққа беру ауыз әдебиетінің сюжетіне енген. Ақын дастандарында халықтық әдет-ғұрыптарды қазақ халқының салт-санасына тіршілігіне, діни сенімдеріне ұқсатады. Мысалы,

«Боз қасқа барып үйге беремін» - деп

Аударып көре берді жылап-сықтап. (Данышпан қарт)

Сонымен қатар ауыз әдебиетінде жиі кездесетін қыз ұзату, құда түсу сияқты салттар да бар. Қызға құда түсуді суреттеуде де қазақ халқының тұрмысына сәйкестендіреді.

Бар екен біріңде ұл, біріңде қыз

Деп: «Құлдық, - етті екеуі де, - ризамыз!

Қақ бөліп, құда болып алтынды алып

Тату боп үзір-мәзірге болды олар түз (Данышпан қарт).

Болсын, - деп – бізге қылған қабыл, қайрың,

Кетсін, - деп, - көңіліңнен қам мен қайғың.

Бәрі де бата берді – боларсың, - деп,

Ұзамай бейнесінде толған айдың, деп бата береді.

Ақын дастандарындағы сөз қолданыстар қазақ халқында жиі кездесетін бата беру, яғни тілек айту, тілеу мағынасындағы ойларды еске түсіреді.

Арттырсын дәулетімді құдауәнда,

Құл едім, мені атаң сатып алып.

«Тұр, - дейді, - күзетуші боп гүлстанға»

Сүбі – шаш бәлки дауам тілектеспін.

(«Мәрді диқан» 3.144-бет)

Халықта бір-біріне сыйлық ұсынудың түрлері көп. Базарлық, байғазы, сүйінші сияқты ауыз әдебиетіндегі кездесетін түрлі салттарды да байқауға болады.

Бағбаны бағасы көп заттар беріп,

Шат болып қайтты бану бек зияды.

Мәлике ұл туды деп біреу

Әкетті сүйіншіге бірталай аң, - деп қуанышты хабарға сыйлық ұсынған.

Қазақ арасына кеңінен тараған шығыстық сюжетке құрылған дастандарын Тұрмағанбет Ізтілеуов қазақ ұғымына түсінікті тілмен жазып, әлем әдебиетімен тамырлас байланыстырады.

Қазақтың бай ауыз әдебиетін жақсы игерген Т.Ізтілеуов дастандарында оны жиі қолданғандығы байқалады. Оқырманға түсінікті болу үшін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданылатын сөздерді орынды пайдаланады.

Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында:


  • Діләпруз деген қызы бар еді оның,

Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай.

немесе


Мәһуадағы һүрдей болды,

Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, қақпан иін, - деп сипатталса, халық ауыз әдебиетінде сұлулықты осылай салыстыру дәстүрлі құбылыс. Мәселен, «Ер Тарғын» жырында:

Бет ажарын қарасаң,

Жазғы түскен сағымдай.

Қасы саржадай керілген,

Кірпігі оқтай тігілген.

Қолаң шашты, қой көзді,

Әйелдегі бір сөзді...

немесе «Алпамыс батыр» жырында:

Гүлбаршын сұлу айдай боп,

Қысыр емген тайдай боп, - дейді.

Фольклорлық шығармаларда халықтық кейіпкерлердің сенімді достары да жанашыр адамдары да болады. Ақын дастандарында осындай оқиғалар көп. Кейіпкерлерді суреттеуде де оны қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салтына бейімдеген. Мысалы, Қуанып көз көрмеген киді киім.

Түлкі мен құндыз да емес, жанат, тиін.

Інжу, дүр тамағына тастар тізді,

Бағасын бәрінің де білу қиын.

Бұл үзіндіде түлкі, құндыз бөріктер де қазақтың ұлттық киімдері, сол арқылы қазақ ұғымына жақындатқан.

Құр сипай отырғанша сақалымды,

Жейде, ыстан жаңартайын шапанымды.

(«Рауа бану»)

Осы жолдар жоғарыда айтылған ойға дәлел болғандай.

«Әшкәбус» дастанында Әшкәбус пен Рүстем бейнесі қазақтың батырлар жырындағы Алпамыс пен Қобыланды немесе қалмақ батырларын суреттейтін жерлерге ұқсас. Дастанда Әшкәбус портретін былай береді:

Саусақтары шынардың ағашындай,

Тырнағы – тұлпарлардың тағасындай.

Аузы – үңгіріндей асқар таудың,

Мұрны – үйген шоқат шамасындай!

Бұлайша суреттеу батырлар жырында батырлардың портретін беруде көп кездеседі. «Алпамыс батыр» жырында жағымсыз кейіпкер қара күштің иесі Ұлтан портретін беру де осыған ұқсас. Ұлтан құл бейнесі:

Кеуделері кепедей,

Мұрындары төбедей,

Күрек тісі кетпендей,

Көздері терең зындандай,

Басқан ізі от орнындай,

Аузы ошақтай,

Азу тісі пышақтай.

Үзіндіден Тұрмағамбет дастандарында қазақ фольклорының әсер-ықпалы байқалып тұр. Дастанда тағы бір ұқсастық батырдың көзсіз ерлігін суреттейтін жерлер. Бұндай суреттеулер батырлық әрекеттер ауыз әдебиетінің мотивтерімен үндеседі.

Рүстем батырдың Әшкәбуспен жекпе-жекке шыққан жерін Тұрмағамбет былай көрсеткен:

Жақындап Рүстем де ұруға ептеп,

Білген соң айыбын ашу кетті кептеп.

Садақты тұра сала қолына алып,

Тұсынан өкпеліктің тартты өктеп.
Әшкәбус көрді-дағы тұтты қалған

Қалқанын қақ айырып қылды талқан,

Өкпеден өтіп барып жерге батып,

Бастырды аяқтарын арпаң-тарпаң.

Дастандағы батырлық әрекеттер қазақ батырлары жырында да өте мол. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:

Топтап тұрған кәпірге,

Қобыланды жалғыз тиеді.

Бөлек-бөлек қылады

Бөлінген қойдай қырады,

деген жолдар немесе:

Жалғыз өзі батырдың,

Жойып кетіп барады.

Қойға тиген қасқырдай,

Сойып кетіп барады.

Өзінің халықтығы, шынайылығы жағынан қазақ эпосының мазмұны өте нәрлі болса, соны ақын өз дастандарында пайдаланған және ауыз әдебиетінің мотивтерімен үндестірген. Ауыз әдебиетіндегі геройлардың іс-әрекеті, батырлығы халыққа мейлінше таныс, жақын. Т.Ізтілеуов те өз дастандарын оқиғаны баяндауда халық тіршілігіне, салт-санасына жақындатқан.

Тұрмағамбет дастандарындағы сөз қолданыстар ауыз әдебиетінде жиі айтылатын мотивтерді еске түсіреді. Тағы бір айта кететін нәрсе қазақ халқында жиі кездесетін бата беру, яғни жақсы тілек айту, тілеу мағынасындағы ойлар да бар.

Халықта бір-біріне сыйлық ұсынудың түрлері көп. Базарлық, байғазы, сүйінші сияқты ауыз әдебиетіндегі кездесетін түрлі салттарды да байқауға болады.

Түйіп айтқанда, қазақтың бай ауыз әдебиетінің Т.Ізтілеуов шығармашылығындағы дәстүрлерін, мотивтерін, сипаттарын байқадық. Екінші бір арнасы шығыстың классикалық әдебиет үлгілері дедік.

Фердоуси, Низами, Новойді жақсы білген. Шығыс үлгісі әдебиетінде көтерген басты идея – адамға тән қасиеттерді мойындау, қастерлеу. Олардың басты қаһармандары адал, ерікті, өнерпаз, парасатты ақылды жандар болып келеді.

Міне, Тұрмағамбет дастандарында да осындай жандар көп. Мысалы, «Мәрді диқан» дастанындағы Мәрді немесе патша қызы Мехирша адал еңбекті кәсіп еткен, адал, парасатты ақылды жандар. Дастандағы мазмұн байлығы, ойшылдық, ғибратшылдық, өсиетшілдік, адамға тән қасиеттерді мойындау, қастерлеу сияқты сарындар шығыс әдебиетінің әсері болса керек. Осы дастандағы патша қызы Мехиршаның үш жиһанкезге сұрау беріп, олардың ұры екенін анықтауы, өмір тәжірибесін қорытып, мысал етіп сөйлеуі де шығыстың ежелгі салттарында бар нәрсе.

Ақын дастанды кіріспе-тезиспен бастауы, оқырманға не туралы айтатынын хабар беріп, алдын ала болжамдар жасайды. Оқушыға қандай насихат беретінін ескертеді.

Адам өзінің бақыты үшін күресуі керек, адамның еңбек етуі қажет деген пікірді де Шығыстың гуманист деген ақындарынан көреміз. Бақыт үшін күресу керек, еңбек ету қажет деген пікірлерді айтады. Бұндай ойлар Тұрмағамбетте көп, яғни Шығыс әсерінен болса керек.

Ақыннан шығармашылығында байқалатын тағы бір шығыстық әсер адамдардың моральдық таза, кіршіксіз, әдепті, арлы, өнегелі, ұстамды болуын, оны бұзғандардың әшкереленуі сияқты көріністер. Мысалы, «Мәрді диқан» дастанында патшаның ақылды қызы ұрыларды ақылдылықпен анықтап, егер мойындамасаңдар жаза беремін дейді.

Дастандарында Шығыс поэзиясында тән бояу, өрнектер көп. Шығыстық әсерді өлеңдер үлгісін де байқаймыз. Отанды сүю, ғашықтыққа беріктік, достық, данышпан болуды армандау – Шығыс классиктерінің аяулы нәрсесі. Осындай көріністер де ақында мол кездеседі.

«Тұтқын қыз» дастанында батыс патшасының қызы мен шығыс патшасының ұлы арасындағы ғашықтыққа беріктік оқиғалары, диалектикалық заңдарды ешбір күш бұза алмайды деген қорытындылар да бұған дәлел.

«Данышпан қарт» дастанындағы диқанның тауып алған алтынын данышпан қартқа апаруы, сондағы қарттың бидай жөніндегі әңгімені баяндауы, адал еңбектің өтеуі қайтады деп ойын қорытындылауы, яғни данышпан болуды армандау сияқты ойлардан туған.

Ал, «Рауа бану» дастанындағы әйелдің бас бостандығы, сүйіспеншілігі, еріктілігін суреттеу де Шығыс әсерінен болса керек. Дастанда Отанды сүю, халықты сүю, Рауаның хан болудан бас тартып, халқын емдеп, қолынан келгенше жақсылық жасауы арқылы суреттеген. Ақынның шығыс сюжетінде жазылған бұл дастандарын халықтың рухани қажетіне жаратуы оның суреткерлік тәжірибесінің молдығын, дүниетанымның биіктігін көрсетеді.

Шығыс классикасы мен қазақ әдебиетінгің және фольклорлық мұраларының байланыстары мол және терең тамырлы. Ол біз сөз етіп отырған Тұрмағамбет шығармаларында, әсіресе, дастандарында айқын. Бұл тұста біз болашақ арнайы зерттелуге тиісті үлкен бір проблеманың өзекті көзін ашып отырмыз.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Бердібаев Р.Гүстанның бұлбұлдары. – Алматы: Жазушы, 1970. – 240 б

  2. Ізтілеуов Т. Шаһнама. – Алматы: Жазушы, 2004. – 24 б

  3. Ізтілеуов Т. Назым. – Алматы: Жазушы, 1972, 1982

  4. Ізтілеуов Т. Шығармалар жинағы. – Алматы: Дешті қыпшақ, 2007. – 587 б

  5. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. – Алматы: Білім, 2001. -332 б

  6. Күмісбаев Ө. Терең тамырлар. – Алматы: Ғылым, 1994. – 320 б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет