71-бап. Куәгерлердің қатысуы
1. Салық органдары лауазымды адамдарының мынадай әрекеттер жасауы:
1) салық органдары лауазымды адамының салықтық мiндеттемені орындау жөнiндегі хабарламаны, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмді, мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмді, мүлiк тiзiмдемесiнiң актiсiн, салықтық тексеру жүргiзу туралы хабарламаны, нұсқаманы, салықтық тексеру актiсiн және осы Кодексте көзделген салық органдарының өзге де құжаттарын табыс етуі;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу;
3) салық салу объектiсi және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлiкке оның орналасқан жеріне қарамастан, нұсқаманың негiзiнде жүргізілетін зерттеп-қарау;
4) нұсқаманың негiзiнде салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлкіне (тұрғын үй-жайлардан басқа), оның ішінде осы Кодексте айқындалған тәртіппен арнайы құралдарды (фото-, аудио-, бейнеаппаратураларды) қолдана отырып түгендеу жүргiзу;
5) салықтық зерттеп-қарау өздерінің талап етуі немесе салық төлеушінің (салық агентінің) талап етуі бойынша куәгерлердің қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Куәгерлер ретінде салық органдары лауазымды адамының және салық төлеушiнің (салық агентінің) әрекеттері нәтижесіне мүдделі емес, саны екі адамнан кем болмайтын кәмелетке толған, әрекетке қабілетті азаматтар тартылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының және өзіне қатысты әрекет жүргізіліп жатқан салық төлеушi (салық агенті) жұмыскерлерінің, құрылтайшыларының куәгерлер ретінде қатысуына жол берілмейді.
4. Куәгерлер әрекеттер жасалған кезде өздері қатысқан, салық органдарының лауазымды адамы жасайтын хаттамада (актіде) тіркелген, салық органдарының лауазымды адамдары мен салық төлеушi (салық агенті) әрекеттерінiң фактісін, мазмұнын және нәтижелерін куәландырады.
5. Куәгер жасалған әрекеттерге байланысты ескертулер жасауға құқылы. Куәгердің жасаған ескертулері салық органдарының лауазымды адамы жасаған хаттамаға (актіге) енгізілуге жатады.
6. Салық органдарының лауазымды адамы куәгерлердің қатысуымен жасайтын хаттамада (актіде):
1) хаттаманы (актіні) жасаған салық органдары лауазымды адамының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) салық органының атауы;
3) әрекет жасалған жер мен күн;
4) әрекетке қатысқан немесе ол жүргізілген кезде болған әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі;
5) әрекеттің мазмұны мен оны жүргізудің жүйелілігі;
6) әрекеттің басталған және аяқталған уақыты;
7) әрекет жасалған кезде анықталған фактілер мен мән-жайлар көрсетіледі.
7. Салық органдарының лауазымды адамы әрекет жасауға қатысқан немесе ол жасалған кезде болған барлық адамды хаттамамен (актімен) таныстыруға міндетті. Хаттамамен (актімен) таныстырғаннан кейін салық органдарының лауазымды адамы, сондай-ақ әрекет жасауға қатысқан немесе ол жасалған кезде болған барлық адам хаттамаға (актіге) қол қояды.
8. Әрекет жасалған кезде орындалған фотографиялық түсірілімдер мен негативтер, бейнежазбалар немесе басқа да материалдар (олар болған жағдайда) хаттамаға (актіге) қоса беріледі.
9. Салық органдарының лауазымды адамы осы бапта айқындалған тәртіппен жасаған хаттама (акт) осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасау фактісін тіркейді және растайды.
Достарыңызбен бөлісу: |