«Тамақ өнімдерінің физика-химиялық, биологиялық, микробиологиялық зерттеулері»



бет3/80
Дата20.04.2020
өлшемі0,76 Mb.
#63074
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   80
Байланысты:
Диплом 2

2. ДӘРІСТІК МАТЕРИАЛ
Дәрістер негізгі мақсаты пән бойынша тақырыптарды теориялық негізде жеткізе білу болып табылады.
1 Дәріс

Әлемдегі азық-түлік өнімдерінің жағдайы

Азық-түлік тапшылығының жылдан-жылға артуының бір факторы ретінде жоғарыда халық санының өсуін атап, тамаққа сұраныстың бұрынғыдан еселеніп артып ортырғанын айтсақ, енді бірі соңғы кездегі аграрлық сектордың дұрыс жолға қойылмай, кенже қалуы деуге әбден болады. Сөзіміздің дәлелі, еліміздегі ауылшаруашық өнімдері 1990 жылы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 36 пайызын құраған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4 пайыздан ары аса алмай тұр. Азық-түліктің тек 40 пайызы ғана өзімізде өндіріліп, қалған 60 пайызы өзгенің бақшасынан тасымалданады. Демек, бұл тұста аграрлық сектордың рөлі ерекше. Қазіргі ауыл шаруашылығының шикізаттық сипаты азық-түлік қауіпсіздігіне көп кедергі келтіріп отыр. Осы орайда технологияның кенже қалып отырғаны қол байлап, бүгінгі күні елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін – 80 пайызын шикізат күйінде шығаруға мәжбүрміз. Яғни азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде ерекше мәнге ие отандық өнім, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуде үлкен жобаларды қолға алып, арнайы бағдарламалар негізінде жұмыс жасау керектігі көрініп тұр. Әлемдік тәжірибелерге көз жүгіртсек, 70-80 жылдары-ақ Германия, Франция, Швеция, АҚШ елдері азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралар бойынша алдымен фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған, аграрлық секторға ерекше мән берген. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі бір саласы ғана емес, сонымен бірге ол – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан да бүгінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік аграрлық саясатқа ерекше назар аударып, оның алдағы уақыттағы даму көрсеткіштері мен негіздерінің қалай көш түзейтініне болжам жасай отырып, заман талабына сай стратегиялық бағыттарына қажетті өзгерістерді енгізуіміз керек. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден бір бағыты – ауыл шаруашылығында кәсіпкерлікті өрістету, шаруа қожалықтарын кеңінен дамыту. Осы орайда айта кетерлігі, қай елде болмасын ауыл шаруашылығының өркенді дамуы алдымен қаржыландыру мәселесіне тікелей байланысты. Дегенмен қазіргі күні банктер ауылға қаржы беруге құлықсыз, инвесторлар да бұл жаққа көп жолай бермейді, елімізде аграрлық саланы бірден-бір қаржыландырушы тек мемлекет болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы қомақты айналма қорды қажет ететіндіктен бөлінген қаржының бұл саланың етек-жеңін толықтай жамауға жетпей қалып жататыны да аян. Бұған агросектордың табиғи жағдайға барынша тәуелді сала екенін тағы қосыңыз. Технологияның жедел игерілмеуі салдарынан шикізаттың уақытылы өңделмеуі, өз кезегінде оның арзан бағамен шекара асып жатқаны – жыл бойы жанталасқан шаруалар еңбегінің зая кетіп отырғанының бір көрінісі. Сондай-ақ бұл жерде тікелей жеткізу жүйесінің дамымауы, яғни сатушы мен тұтынушы арасындағы тікелей сауда жасау жүйесінің жоқтығы да – жиналған өнімнің бекер жарамсыз болып, желге ұшуына себеп. Сондықтан да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде орыны ерекше аталатын агросекторды жан-жақты жоспарлай отырып, дамытудың маңызы мол. Нарық механизімдері түзетілмейінше және егіншілікке одан көп инвестиция салынбайынша әлемнің әртүрлі аймақтарында «ашаршылық көтерілістерінің» бастала берері айдан анық.

Бүгінде кең жазиралы жайылымдары мен егіншілікке қолайлы алқаптары бар Қазақстанның ғаламдық азық-түлік жүйесіндегі алар орнын шет елдік мамандар ерекше атап отыр. IV астаналық экономикалық форумда да азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі сөз болып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қосымша деңгейін көтере алатын бірден-бір мемлекеттің бірі ретінде Қазақ елі аталды. «Қазақстан – аумақтық және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы зор мемлекет. Агроөндіріс кешенін дамытуға қажетті жер және табиғи ресурстары мол. Бұл елде ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып отыр. Өйткені ол мемлекет тарапынан ұдайы қолдауға ие болып келеді. Оның үстіне, аталмыш салаға жаңа экспорт көздерін ашу үшін инвестициялар да көптеп тартылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан – астық пен ұн экспорттау жөнінен көшбастаушы. Ал бұл Қазақстанның жаһандық азық-түлік нарығы үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр», – деп «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі директорлар кеңесінің мүшесі, әрі италиялық «Агротехника» компаниясының директоры Джорджио Понци еліміздің агросектордағы әлеуетін сөзіне тиек етсе, осы форумда сөз алған БҰҰ Азық-түлік ауыл шаруашылығы ұйымының (UNFAO) бас директоры Жак ДИУФ мырза: «…жаһандық ауыл шаруашылығы жүйесіндегі Қазақстанның атқарар рөлінің маңыздылығын атап өткен жөн. Өзінің бай табиғи қазынасының арқасында бұл мемлекет ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту бойынша зор басымдықтарға ие. Соның арқасында Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзін жаңа деңгейге көтере алатыны сөзсіз. Сол себепті UNFAO басқа да халықаралық ұйымдармен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда технологиялық қолдау көрсетуге әркез дайын», – деп жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз орыны бар қазақ еліне UNFAO-ның ықыласы ерекше екенін жасырмады.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өткір болып отырған елдердің бірсыпырасы Орталық Азия өңіріндегі импорттаушы елдер екені баршаға аян. Бұл тұста Орта Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі алуан түрлі сипатта екенін айта кеткен жөн. Бірақ бес мемлекетке ортақ факторлар да баршылық. Мәселен, аймақ елдері теңізге шығатын жолдың жоқтығынан, қоғамдық институттардың әлсіздігінен, қатаң климаттық жағдайдан, сондай-ақ ортақ сауда айналымының дамымай қалуынан, су көздеріне қатысты түйткілдер мен кедейліктің аса жоғары деңгейде болуынан (25 пайыздан 60 пайызға дейін) зардап шегіп отыр. Бұл туралы БҰҰ Азық-түлік ауыл шаруашылығы ұйымының (UNFAO) бас директоры Жак ДИУФ «Соның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді астықты сырттан тасымалдайтын елдердегі жағдайға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұлар, негізінен, ТМД аумағы бойынша дәстүрлі экономикалық қатынастарға тәуелді елдер. Бұл бес мемлекет азық-түлік мәселесін шешу үшін өңірлік-саудалық ынтымақтастықты арттыра түскендері дұрыс. Сондықтан да ауыл шаруашылығы инфрақұрылымдарын, сала технологияларын, оны дамыту мен тәжірибелер алмасуды дамыту қажеттігін ескерген жөн» деген ойын айтқан-ды. Осы орайда шетелдік мамандардың елімізге көз тігіп отыруының басты себебі де еліміздің әлемдік астық нарығынан ойып тұрып өз орнын тауып, тұрақты сатып алушылары бар елдер қатарынан көрінуі. Әлемнің ең ауқымды ұн эспортшылары алтылығының қатарына кіретін Қазақстан ұн экспорты бойынша қатарынан үш жыл бірінші орында келді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің алқасында министрліктің егін шаруашылығы мен фитосанитарлық қауіпсіздікті дамыту департаментінің директоры Анна Буць 2011 жылы еліміздің астық экспорттық әлеуеті өткен жылдар деңгейінде – шамамен алты-жеті миллион тонна көлемінде сақталатынынан құлағдар етті. Ауыл шаруашылығы министрлігі астық өнімі таза салмақта биыл 13,5 млн тонна болады деп болжап отыр. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отандық өнімдердің әлеуетін ерекше атап отырғанымен келіспеуге болмайды. Өзімізде өндірілген өнімді шикізат күйінде сыртқа сатқаннан бұрын, алдымен ішкі нарықты жан-жақты қамтамасыз ете отырып, шикізатты өңдеп, дайын өнім ретінде экспорттаудың барынша пайдалы екеніне мән беріп, елдегі тамақ өнеркәсібін жандандыруға назар қою керек.

Шекара асып келген өнімнің сапасы кейде сан соқтырып, қауіпсіздігі сырт қалып жатады. Арнайы зертханада сынақтан өтпеген өнімдерді сапасы мен қауіпсіздік тексерісін сұрамай-ақ, сатып алып жатқан алып-сатарлар жетерлік. Бұған азық-түлік тапшылығына әкеліп соқтыратын өнімнің бақылаудан шығып кететін бағасын тағы қосыңыз. Осылай тұтынушыға едәуір зиянын келтіріп отырған импорттық өнімдер ел экономикасының кенжелеп қалуына да өз себін тигізіп келеді. Яғни бүгінде кәсіпкерлер тоқтап тұрған өндірістерді жандандырып, бәрін нөлден бастап, өзімізде өнім өндіргеннен гөрі, сырттан дайын өнімді «дорбалауды» жөн көреді. Бұл – ел экономикасының бір орында тұралап тұруының негізгі факторы. Сондықтан да Елбасы Жолдауындағы «Отандық өнімдер – 2020 жоспарының іске асуының табысты индикаторы. …Қазақстан өнеркәсібі экспорт нарығында отандық брендтің кең торабына айналуы керек» деген ойдың мәні мен мағынасына ерекше ден қойғанымыз жөн. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қадағалап, отандық өнімнің әлеуетін арттыру үшін Үкімет қолда бар мүмкіндікті жан-жақты қарастырып, «Қазақстанда жасалған» деген марканың қанатын кеңге жаюына жағдайды жасап отыр. Экспорттаушыларды қолдаудың біртұтас жүйесін құру, негізгі құралдарды қаржыландыру, экспортты сервистік қолдау, экспорттаушылар гранты мен экспорттық сауданы қаржыландыруды қарастыру – Үкіметтің басты міндеті.

Қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық саясаттың негізгі бір мәселесіне айналған азық-түлік қауіпсіздігінің айналасындағы сұрақтарды ертеңгі күнге қалдырмай-ақ шешіп алғанымыз абзал. Өткен аптада Mojazarplata.kz ғаламтор сайты ТМД аумағындағы Әзірбайжан, Ресей, Белоруссия, Украина және Қазақстан елдері арасында жүргізген «Еңбекақыңыздың қанша пайызын тамаққа жұмсайсыз?» деген он-лайн сауалнаманың нәтижесіне көз жүгіртсек, отандастарымыздың басым бөлігі еңбекақысының 50 пайызын тамаққа жұмсайды екен. Тапқан табысының тең жартысын тамаққа жұмсаса, халықтың мәдени-тұрмыстық және әлеуметтік қажеттіліктері қалайша өз дәрежесінде қамтылмақ?! Сондықтан да елдегі азық-түлік бағасының тұрақты, әрі барынша төмен болуы қоғам үшін айтарлықтай маңызды. Азық-түлік мәселесі ушыққан елде саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың орнамайтыны да аян. Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстау үшін өндірілетін өнім көлемі 80 пайыздық межені бағындыруы керек екен. Ғалымдардың айтуынша, азық-түліктің 25 пайызы сырттан алынса, оған бақылау жасау қиындап, қауіпсіздігінен айырылады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, еліміз ет пен сүттің, көкөністің 25 пайыздан артық мөлшерін сырттан алады екен. Демек, бүгінде елдегі ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Азық-түлік тапшылығы белең ала бастаған бүгінгі таңда әлемнің барлық елі бұл салаға мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды күшейтіп, саяси маңызы зор өзгерістерді қолға алып, өндіріс көлемін арттыру, ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру сияқты мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз десек, отандық өнімдердің саны мен сапасын арттырудың орны ерекше.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   80




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет