Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет62/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64

Мұны еске алып отырған себебім, сол бір жылдардан кейін әлгі көріпкелдің айтқандары туралы ешқашан да екеуара әңгімелесіп көрмесек те, сәуегейдің сөзі Мұхтар Омарханұлының ойынан кетпепті. Өйткені Мәскеуге аттанып бара жатып ол маған: «Бұл менің соңғы операциям, менің үшінші рет «пышаққа түсуім»,– деді. Ол өзіне жасалған операцияларды санап жүріпті: Семейде соқырішекке жасатты, одан кейін Мәскеудегі Рыжих жасаған операция, енді міне, үшінші және ең соңғы операцияға тәуекел етіп, өзінше ырымдап отыр. Ол мұны әлдебір көтеріңкі көңілмен, бейне бір ауыр жүктен құтылып жеңілдеп қалған адам сияқты боп әзілдей айтты. Мұның соңының қайғыға әкеп соқтыратынын кім болжап білді дейсің, әлдебір кесірлі дерттің алдын алатын сақтық операциясы деп түсіндік қой, оны ешкім де қауіпті қадам деп ойлаған жоқ. Ал оның өзі болса ғой: бұл менің соңғы рет «пышаққа ілінуім», ал содан кейін қауіп-қатерсіз тамаша өмір сүремін – деп есептеп, ерекше қуанып жүрді».

Сөйтіп ол ақырғы сапарға осындай ауыр оймен жеңіл аттанды.

Ғ.Бисенова: «Қазақ интеллигенциясының, әдеби қауымның ағасындай болған Мұқаңның бір жаққа сапарға шығуы мен қайтып оралуының өзі үлкен той болатын. Мұндайда Мұхаң үйіне шығарып салушылар мен тосып алушылар толып кететін-ді.

Міне, жолдас-жоралары, достары, туған-туыстары, шәкірттері тағы да Мұқаңның үйіне жиналды. Бұл жолы ол емделуге Москваға жүргелі отыр. Кісінің соншалық көп жиналғанына риза болды ма, әлде көпшіліктің өзіне деген жақсы тілегін, ниетін ырым етті ме, кім білсін, әйтеуір Мұхаң ерекше көңілді болды. Ол ауру жайын ауызға да алғысы келмеді. Бұрынғысынша әңгіме-дүкен құрып, күліп-ойнап жарқын отырды.

Сөйтіп, көшкен елдей улап-шулап оншақты машинамен аэропортқа да жеттік. Самолеттің ұшуына әлі біраз бар. Ортада Мұхаң, айнала көпшілік. Тағы да тамаша әңгіме, тағы да жақсы тілек. Ақыры әз аға көпшілікпен қоштасып, самолетке отырды. Мұхаңды шығарып салушылар «ИЛ-18» ұшқанша тарамады. Ақыры самолет те көтеріле жөнелді. Мұхаң мінген самолет бірден-бірге биіктей берді, биіктей берді. Самолет емес, Мұхаңның өзі бірден-бірге жоғарылап, әуелеп бара жатқан сияқты. Иә, Мұхаң қашан да аспандай береді, биіктен-биікке шырқай береді!»

Ол өзінің осы ақтық сапарында мұқым ғұмырын көз алдына келтіріп, әр қайсысының дидарын көргенде сол адамға қатысты мейірімді де шуақты, жанына жақын да жылы сәттерін есіне алатындай қимас адамдарының көпшілігімен көзайым болды. Ағайын, туыс, дос, жаран, қимас жандар оны Алматыдан алақанына салып шығарып салды. Мәскеуде оның рухани өсиетінің иесі болып қалған, ол дүниеден қайтқан соң «Қилы заман» сияқты қиын тағдырлы шығармаларын жарыққа шығарған Л.Пантиелев пен З.Кедрина сияқты ерлі-зайыпты жанашыр достары, алақанына салып қарсы алды.

З.Кедрина: «Мұхтар Омарханұлы өзінің қонақта болған өмірінің ең соңғы күнін біздің үйде өткізіп еді-ау. Онымен бірге азербайжан жазушылары Сүлейман Рагимов пен Мехти Гусейн және Дүниежүзі әдебиеті институты директорының орынбасары Арфо Аветисовна Петросян мен қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев болды.

Бұл Мұхтар Омарханұлы ауруханаға жатуға тиісті күннің алдындағы ғана күн еді. Кейін ауруханаға сол барған сапарынан оралмады ғой.

Мұхтар Москваға емделуге келеді дегенді бір күн бұрын естіп қатты қобалжулы едік. Өйткені, оның ауруының түрі жөніндегі көңілсіз күдіктерді біз білетінбіз-ді. Әйтсе де, Внуково аэродромында күтіп алғандағы, қонақ үйінде бірге болған күніміздегі оның жайма-шуақ күйі бәріміздің де көңілімізді жай таптырғандай болды. Қонақ үйінде көп адам жиналды, көңілді отырыс болып, жақсы-жақсы тостар айтылды. Мұхтар Омарханұлы жеп-ішіп, әзіл айтып, өте көңілді отырды.

Дегенмен, бұл күні оның өңінде әлденендей бір толғаныс көлеңкесі бар тәрізді еді. Азербайжан достарымыздың үйімізде бірінші рет болуы еді де, Мұхтар оларға біздің үйді таныстырып отырғандай болды. Ол арамызда талай жылдан бері келе жатқан творчестволық достық туралы, біздің семьямыз жайлы, өзбек пен қазақ дос-жарандарымыз жөнінде, сондай-ақ біздің баяғыдан-ақ «Москвадағы тобықты әулетінен» екендігіміз жайында әзіл, күлдіргі аралас көп әңгіме айтып отырды. Біз ас үйге барғанымызда Мұхтар өзінің әдетте келген сайын дастарқан басында отыратын орнына отырмай, оны азербайжан жолдастардың ішіндегі жасы үлкені Сүлеймен Рагимовқа ұсынды.

Мен осы үйде бұл орында көп жыл бойы отырып келдім, деді».

Иә, ол сол күні тек қана осы үйдің ғана емес, мынау жалғанның да төрін босатып беріп еді. Енді оның орынын «әкесі мен баласындай» болған Шыңғыс сияқты аманатын арқалап қалған бауырлары басты.

Ш.Айтматов: «Тағдыр дегенді қойсаңшы. Мұхаңмен ақырға рет 1961 жылы ауруханаға жатар алдында «Москва» қонақ үйінде жолықтым. Өзі аса көңілді екен. елден алып келген қазы-қартасымен асықпай шай ішіп, әкелі-баладай емін-еркін сырласып түнгі сағат 1-ге дейін отырдық. – Кунцево ауруханасына жатқалы келдім. Полип деген залалсыз ісік көрінеді. Күш-қуатым бар, қоңды кезімде құтылғаным жөн шығар, деді. Ұлы ұстаздың ыстық дидарын ақырғы мәрте көріп, қолынан дәм татып, лебізін соңғы рет естіп тұрғанымды білсемші! Келесі күні ойымда түк жоқ мен Фрунзеге ұшып кеттім...».

Қысқа ғұмырдың санаулы күндерінің соңғы сәттерін ол өмірге деген ғашықтықпен, өзі айтқандай, «қомағай ғашықтықпен» сергек өткізді. Ол өзінің ант мезгіліндегі көңіл ауанын:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол»,– деген өзекті жарған ыстық сезіммен жеткізді.

Айтылмаған аманатым, ұмытқан өсиетім қалмасын – дегендей, жайшылықта сыртқа шығара бермейтін сырларын хатқа түсірді. Тәні – Мәскеуде, жаны – Алматыда, жүрегі – екі ортадағы жолаушы болды. Ол осы күндері киесі қайтып оралған әулиелік қасиетін қайта тапқандай сондай бір көрегенді, көріпкелдік болжаулар да жасады.

17-маусым күні өзі батыл ұсынған Тіл және әдебиет институтының жаңадан тағайындалған отыз жасар директоры М.Базарбаевқа:

«Қадірлі дос Мүсілім! Хатыңды алып қатты ырза болдым. Көңіл, бейіл, тілектестігіңе көп-көп алғыс айтам. Институт өміріне жегіне кіріскен көрінесің... Өндіре тартып, үдеп-үдеп кете барасыңдар – деп нық сенемін. Ендігі біраз мәселелерің шешіліп те қалған шығар... Мен 20-сы күні болатын консилиумды тосып отырмын. Солар операция жаса десе – жасатамын. Бұл хат той үстінде барар. Қазақстанның ұлы той мерекесі кезінде бар-бар коллективіңді, үлкен-кіші дос-жаранның баршасын дос көңілмен құшақтап құттықтаймын!»,– деп тілек білдірді.

Киесінің иесіне қайтып оралғаны сол емес пе, осында айтқаны дәл келді. Қазақстанның қызығы өзінің қаралы хабарымен қабаттаса келетінін сезгендей сол 18-маусым күні «досы, сүйіктісі, тағдыры байланған,аяулы Женечкаға – Евгения Лизуноваға:



«Сендерде, Алматыда мереке өтіп жатқан күні маған операция жасап жатуы әбден мүмкін. Тіпті мұның солай болғаны: оның үстіне тойға қосқан менің де шымшым үлесім бар екенін сезіне отырып, барлық қиялыммен, шын жүрегіммен ол мерекеде сендермен бірге жүрмін деген оймен өзімнің санамды жұбату үшін де өте жақсы болды»,– деп жазғанынан-ақ, әйтеуір сол күндері оның санасында тосын бір өзгерістің болатынын түйсікпен түйсінгенін аңғаруға болады.

Мұхтар Әуезов өзінің соңғы жан сырын қапталдас інісі, Кенесары туралы қуғынды бірге басынан кешірген Есмағамбет Исмаиыловқа ашыпты.



«Москва, Кунцево. 18.06.61. Ең қымбат іні-досым Есет! Кеше хатыңды алып ем. Оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының ажырамас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбек торысы дейім. Сол үшін сүйем де, бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіне бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда талайдан алғыс алған жан»,– деймін. Соның ішінде, әсіресе, қазақ совет әдебеиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына Сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тахауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста: сыншы – оқытушы – зерттеуші сен бастаған ғалымдардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтқансың, көп жүрген соң жақсы-жаман ұзақ өмір жолым жамала беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» – дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер(дің) өмірі бір келкі, тура, түзу, жаттық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауратқандай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.

Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берерім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күте бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса осындай семіз, күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евг. Вас.-надан (Евг. Вас. Лизунова) алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жайын жазып ВАК-тың хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң оның да, Балташтың да жайларын ВАК-тан білемін.

Закиді алса – ең болмаса рукопись бөліміне алсын (егер Әуелбекті алу қажет болса), ал К – ді (танылмады) Лизуноваға беру қажет, қажеті – Әуелбек қой. Мен оның өзіне бұл жөнінде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй ішіңе тегіс сәлем. Қош. Мұхтар Әуезов».

Бұл Мұхтар Әуезовтің өзінің ғылымның «еңбек торыларына» жолдаған соңғы «қошы». Ажал алдында тұрса да өмірді қандай ғашықтық құштарлықпен сүйген десеңші! Операцияның сәті белгіленген күні түнде жазылған:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол. Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берерім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де. Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан)»,– деген жолдарда қаншама арман, мақсат, ыстық құштарлық, өмірге қанбаған махаббат бар.

Тірісінде жазылып, иелеріне табыттан кейін тапсырылған: «болашақты, үдей басатын, алға асатын болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» (ғұмыр) қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе?»,– деген аманатты арқалаған хаттың бірі Тахауи Ахтановқа жолданыпты.



«1961 ж. 21 июнь. Москва, Кунцево. Қадірлі іні-дос Тахауи! Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып, осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығарма «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсат еткенсің. Өз ішіңдегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың. Осының бәрі өте заңды іздену жолындағы бел-белестер.

Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелері қонымды, ұнамды әңгімелер (роман, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдықтары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену.

Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу қызғылықты, тым шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер, шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқының, қауымының да болашығы ғой.

Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге бойлау, бастау – қалыптасу да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған менімше құдіретің де жетеді, ілгері тереңдей, ірілей тарта түс. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзін беріпсің ғой. Қоспа, бояма, ... бұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң. Өзің жүзіп жүрген мекен-көлің.

Менде тағы бір қуанышты, сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіме сонша ет-бауыр, шабытымен іні бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романның да кен бояуларынан – осы менімен туыстас-ау деп ойлап жүруші ем. Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды, саған жаздырып, соған барымша сеніп, еліге еріп ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезбеске шараң жоқ.

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде, сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отызың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен безразлично қараған емеспін. Алдарыңнан, жауапты, ойлы жаңалықтарды, өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін.

Екінші бір өнімді топ: Мұқамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне білсеңдер, әділ болады. Олар жастық кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған, жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармалық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етеді. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты, үдей басатын, алғыдан асатын болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өсіп піскен емес қой. Көбінше көбікті толқын санап жүрміз ғой. Мен операция тосудамын. Сәлем. Көп сәлем.

P.S. Әбдіжәміл, Зейнолла бәр-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе де құтты болсын, мен – жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін. Мұхтар».

Бұл өсиет. Мұхтардың сол «жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін» деген ақтық демінің табын, шығардағы жанының жылуын сақтап қалу ғана парыз болатын.

Өкінішке орай, осы ақтық лебізде аты аталған «жүрегіне ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезінген» бір қылжыр өзінің романынын «Абай жолынан» асырып бағалату үшін А.Марченко деген жалдамалы сыншыға мақала жаздырып, Мәскеуде бастырды. Тек Т.Ахтанов қана «Ол биік бізге әлі алынған жоқ» – деп, досының ізін жаймалады. Бұл Мұхтар Әуезовке өлгеннен кейін істелген көрқаптық сатқындық еді. Талант қуаты Мұхтар Әуезовтен кейінгі тегеуірінді, жандүниесі жарасымды Тахауи Ахтановтың қалам күшін «қазақы күреске» салып, шашыратып та жіберген сол досының «достығы» еді. Дертке шалдығып, қиналып жүргенде Тахаңның – Тахауи Ахтановтың М.Әуезовтің мұражай-үйінде айтқан өкініші менің жүрегімді әлі де сыздатады.

Осында аты аталған шәкірті Зейнолла Қабдоловтың сәлемін жеткізу үшін ақын Әбу Сәрсенбаев 23-маусым күні Әуезовтің көңілін сұрап ауруханаға барады:

Ә.Сәрсенбаев: «23-маусым, 1961 жыл. «Москва» қонақ үйі. Кешке Алматыға оралмақпыз. Сәске кезінде телефон соғылды. Зейнолла Қабдолов екен. Дауысында бір абыржу бар тәрізді. «Әбеке, ертең Мұхаңа операция жасалмақ. Барып шыға көріңіз. Біздің шәкірттік сәлемімізді тапсырыңыз. Ақ тілеуіміздің өз үстіңде екенін жеткізіңіз».

Жаңбыр сабалап құйып тұрған-ды. Дереу такси шақыртып, Кунцеовоға жөнелдім. Бұрын барып көрмеген жерім болатын. Машинаны қорған ішіне кіргізбейді екен. Қалың жаңбыр астында сұрастыра жүріп, Мұхаң жатқан корпусты таптым. Операция алдында керекті дайындық жасалатын он үшінші бөлмеге орналастырылған екен. Оң қабырғадағы бүктемелі биік кроватьта Мұхаң отыр.

Мен малмандай су болып кіре бергенімде, Мұхаң қуаныш рай білдіріп, мейірлене жымиды. «Бәлі, жаурап қалдың ғой, салқын тиіп жүрмегей. Сүртінші». Қол орамалымды алып, шашымды, бетімді құрғаттым. «Ау, қайдан жүрсің, менің мұнда екенімді, қайдан білдің?». Зейнолланың телефон соққанын айтып, шәкірттерінің сәлем, тілектерін тапсырдым.

«Рахмет! Айналайындар-ай... Сен, Әбу, айт оларға. Үрейленбесін. Қорқынышты емес, жәй бір әншейін полип... Бәрі де сәтті болады...». Басымды шұлғимын. «Аузыңызға май, сәтті болғай. Бәрі де сәтті болады... Бар тілек сізге арналған». Мұхаң өңінен сырқат белгісін, қабағынан уайым көлеңкесін аңғартпай, жадыраңқы, көңілді отыр. Осылар сырқатымды сұрап, мазалай ма дегендей, бізге кезек берместен өзі ғана сөйлейді. Бірде емхана дәрігерлерін мақтаса, бірде осында емделіп жатқан шет елдің қайраткерлерін әңгімелейді. Солардың ішінде Италия, Франция компартиясының көрнекті жетекшілері бар екен. Мұхаң әлгі адамдармен достасып алса керек. Тілмәшсіз-ақ сырласатын тәрізді. «Оларға ешкім келмейді ғой. Ал маған ағыл-тегіл. Өзіме сыйлаған гүлдің талайын соларға апарып беремін. Әбден мәз болып, көңілдері көтеріліп қалады. Шіркін, көңілге не жетсін!»

Мұхаң бір сәтке әңгімесін тоқтатып қозғалақтап қойды. Биік кроватьта еденге тимей салбырап отырғандықтан, аяғы ұйыды ма екен, сәл төмен жылжып, табанын еденге басты. Мұхаң бөгелмей сөйлеп отыр. Өзгеміз тыңдаушымыз, бізге уайым аңғартпау, тіпті өз көңілінде де уайым дарытпаудың амалы. Сағатқа жуық отырыппын».

Шын достықтың бір белгісі – «өкпеге қисаң да, өлімге қимау». Араздасқан достың тірісінде кешуін алып, өзіңнің көзің тіріде кешірім беру. Тағдырлы, тауқыметті күндердің қиындығын бірге басынан кешкен М.Әуезов пен И.Сельвинский екеуінің де бағы қайта көтерілген тұста қатты сөзге келісіп қалып, аралары суысып кеткен болатын.

Тура сол күндері Сельвинский де төсек тартып жатқан, оның да екі-үш айлық өмірі қалып еді. Әбу абыз екі достың соңғы бақұлдасуына себепкер де болыпты.

Ә.Сәрсенбаев: «Үстім де құрғай бастаған тәрізді. Мұхаң бір қозғала түсті де, маған бұрылды: «Сен қашан жүретін едің!». Билетімнің кешкі поезға екенін айттым. Мұхаң орнынан көтерілді. «Бәлі, онда сен көп отырып қалдың ғой. Жол ақысы – жүру. Рұқсат, қарағым. Азаматтарға, менің шәкірттеріме, бәр-бәріне сәлем айт, үрікпесін... Ризамын бәріне. Әдебиет келешегін солар көтерер болар... Айтпақшы, досың қайда? Қалай өзі?».



Досың деп тұрғаны – Илья Сельвинский. Мұхаңның бір пьесасын аудару кезінде екеуі ренжісіп қалған екен. Кейін ол кісінің кешірім сәлемін Мұхаңа жеткізгенмін. Мұхаң әбден ризалық білдіріп, хат жазбақ болған-ды. Сельвинскийдің де ауыратындығын айттым. «Бір ай бұрын сәлемдескен едім. Ол кісі жүректен жүдеген, төсек үстінде. Сізге сәлем айтқан-ды. Әлі де уақытым жеткілікті. Қазір соған соғып шықпақпын». «Ә, солай ма? – Мұхаң сағатына қарады. – Ендеше, менен сәлем айт. Өткен-кеткенді естен шығарсын. Сауығуына тілектеспін». Мұхаң қолын ұсынды. Алақанында уайым дірілін сезе алмадым. Асылы, ешбір әлсіздік сездірмеуге тырысса керек. Мұхаң екеуіміз қол ұстасқан қалпымызбен бір-біріміздің жүзімізге үңіле қарап сәл тұрып қалған екенбіз. Құшақтап сүймек едім, көңіліне мұң шақырамын ба деп бата алмадым. Мұхаң осыны сезді-ау деймін. Қолын босатып алды да, есікке дейін барып, арқамнан қақты.

Бар, енді бара ғой... Бәр-бәріне сәлем айт. Ризамын!



Осы сәт неге екенін білмеймін, мейірімге балқысам керек, көңілім босап кетті. Сол бұрылған қалпыммен есіктен шықтым. «Қош болыңыз аға, жақсылықпен көріселік!»

Қалың жаңбыр астында жүгіріп барып, машинаға отырдым. Жауырынымда аға алақанының жылуы.

Шофер заулатып берді. Енді бір жарты сағатта Сельвинскийдің дачасына тоқтадық. Сырқат ақын төсектен басын көтеріп, қолымды алды да, Мұхаңның сәлемін айтқанымда орнынан қозғалды. «Вирта Яковлевна, машина дайындат. Мұхтар Омархановичке барып, көңілін сұралық». Бәйбішесі дауыстап жіберді. «Жарқыным-ау, әлгіде ғана дәрігерің басынды көтерме деді ғой». Ақын лажсыз төсекке сүйенді. «Ендеше сен бар. Ертең операция болады екен. Менің сәлемімді тапсыр».

Ұлағатты ірі адамдардың мінез-әрекеттері де ірі келеді-ау. Түтеген жаңбыр ішінде бәйбішесін Кунцовоға қуды. Мен де парызымды өтеп «Москваға» оралдым. Сол жолы қадірменді екі ағамен де бір жолата қоштасқаным ба? Жоқ, мүмкін емес. Көз алдымда Мұхаң бейнесі. Ол алақанымды қысқан күйі жып-жылы ғана күліп тұр. Жауырынымда мейірімді алақан жылуы. Жоқ-жоқ, өзгеше болуы мүмкін емес. Ол әрқашан да ортамызда. Ол әр дәуірмен, әр буын, әр ұрпақ, бүкіл келешекпен тұстас!..».

Ендігі соңғы «қошы» айтылмай қалған, аманаты мен өсиеті – елі мен жеріне, Шыңғыстауы мен Бөрліге арналды. Ол 25-маусым күні Қарауылдағы қаламгер інісі Кәмен Оразалинге:



«Қымбатты Кәмеке! Мынау Мұрат менің туған балам. Москва университетінде оқиды. Қазір жазғы (демалыста) Семейге, содан ары Абай ауданына – әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіне: саған, Балташқа бар – дедім. Осыны – ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп таныстыруға өзің бар, көмек етулеріңді сұраймын. Мен аурып Москвада жатырмын, жайымды Мұрат айтар. Өзіңе көп-көп сәлем. Елдегі бар ағайынға мол сәлем. Мұхтар Әуезов»,– деп елге соңғы сәлемін жолдады.

Осы «бар ағайынға мол сәлем!» – дегеннің астарында «Абай жолындағы» Абайдың өлімі суреттелетін тұстағы:



«Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?!. Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан!.. Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?! Шанда біреу, санда бір сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы да бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме!.. Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме!,– деп, өзімен-өзі шын ұлы бір шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барды да, содан соң үні өшті»,– деген арманды толғауы жатыр еді.

Оның өзі де бір кезде Шыңғыс пен Бөрліге қарап тұрып: «Қош!», – деп қоштасқаны бар еді.

Мұхтар Әуезовпен соңғы бақұлдасқан адам – оның балалықтан басталған ғұмырлық досы ұлы тұлға Қаныш Сәтбаев болды.

Ш.Шокин: «...Алпыс бірінші жылы Мәскеуде ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық кеңесі өтті. Мұхаң Кунцевода, қала сыртындағы Кремль ауруханасында жатты. Келесі күні біз, Қаныш Имантайұлы екеуміз, жазушының көңілін сұрауға бардық. Аурухананың жылжымалы қақпасы тек үкімет «шағалаларына» ғана ашылады екен. Біздің қара ГАЗ-21 пропуск бюросының алдына келіп тоқтады. Сәтбаев депутаттық куәлігін көрсетті, күзетші оған тәжім етіп, кіргізіп жіберді, мен машина қасында академикті күтіп қалдым. Темір қораның ішінде қарағай орманы шулайды, аурухана корпусының биік үйлері қалың ағаштан көрінбейді, «Кремлевка» орасан зор аумақты алып жатыр. Күзетші менің қасыма келді. Сөйлестік. Милицияның жасамыстау келген отставкадағы офицері осынау жауапты қора қосындағы қызметіне разы сияқты. Қақпа алдындағы аллеядан Қаныш Имантайұлының қарасы көрінгенше, ол маған Кремль ауруханасының жоғары мәртебелі пациенттерінің өмірі жөнінен көп нәрсені айтып үлгірді. Сәтбаев Әуезовтің хал-жағдайын тәуір деген бір сөзбен жеткізді».

27-маусым. Мұхтардың киесі көз алдына елестеткен Қазақстанның мерекесі күні. Соны санасымен түйсінген әулиелік аян-елесі дәл келді.


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет