Туған жердің батырларына тағзым!
Ақтөбе қаласы, М.Құрманғалиева атындағы
№32 мектеп-гимназиясы
Өтеген Әлімхан Темірбекұлы
6-сынып оқушысы
Жетекшісі: Бекетова К.Қ
Биыл - Жеңіске 75 жыл. Жеңіс жылы дүниеге келген атамның жасы да жетпіс бесте. Атам мен әжем жер үйде тұрады. Шіркін, қар еріп, жер кеуіп, күн жылынғанда атамның үйіне тайып тұратынмын. Ол жақта да достарым көп. Көше бойында тұратын балалар болып футбол ойнаймыз. Атам мен әжем күншуаққа шығып отырады. Біз ойынның қызығына тоймаймыз.
- Көшенің шаңын көтермей, әрі ойнаңдар, жүгірмектер, — деп қояды әжем.
- Қой, айқайлама, ұят болады, қыстай тас үйде қамалып отырған бала айызы қанып ойнасын, - дейді атам.
Биыл олай ойнаудың реті келмей тұр. Вирус дей ме, «үйден шықпаңдар» деп, үйқамақта отырмыз. Атам мен әжемді сағындым. Олар да біздерді сағынды. Телефонмен сөйлесіп, «құлыным, ботам» дейді.
Сол құлыны бүгін қолына қалам алып, атасы айтқан бір әңгімені жазғалы отыр.
Әлқисса, сөйтіп көк шаң боп ойнап келгеннен кейін шылапшынға қол-аяғымды жуып, жеңгемнің шай-тамағын ішіп, атамның қасына жата кетем. Атам мен ұйқыға кеткенше әңгіме айтады. Бір күні атамнан: «Ата, осы сіздердің көшелеріңіз Білтабанов атында, неге олай аталған?. Біз 11-шағын аудан, 79-үйде тұрамыз. Бізде көше атауы жоқ.
- Ой, балам-ай, соңғы уақытта бәрін бүлдірді ғой. Микрорайон дей ме, нөмір сала ма?..
- Ал Иманғали Білтабанов атаң Ұлы Отан соғысының Батыры болған. Біз өзі арғы тегіміз Қобда ауданынанбыз. Ұлы Қобданы «Батырлар мекені» дейді. Өйткені Қобда жері ел азаттығы үшін күрескен Қарақыпшақ Қобыланды, Исатай Таймановты айтпағанда, Қобда ауданынан Ұлы Отан соғысында ерлігі аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова және Кеңес Одағының 7 Батыры шыққан, балам.
- Мә-ә, бір Қобдадан сонша батыр шыққан ба? - деп қоям.
- Солардың бірі - Иманғали Білтабанов. Біздің көше сол кісінің есімімен аталады. Ол Қобда ауданының Көкөткел ауылында туып-өскен. Ата-анасынан ерте айырылған. Мектеп бітірген соң 16 жасынан трактор жүргізіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектескен.
1943 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, қысқа даярлықтан соң соғысқа аттанады. Батыр елдің ұлдары қай жерде де намысшыл, өршіл келеді ғой. Көзінен от шашып тұрған жас жігітті пулеметшілер курсын бітірген соң, қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан Ленинград майданына жібереді. 1945 жылы Польша территориясындағы Оппельн қаласының тұсындағы Одер өзенінен өтіп, арғы жағалаудағы Одерфельдер үшін болған ұрыста пулеметімен жаудың 58 солдаты мен офицерінің көзін жойған. Білтабанов жараланғанына қарамастан жау дзотына граната лақтырып, ерлікпен қаза тапқан, балам. Осындай ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазір туған ауылы -Білтабанов ауылы атанады. Біздің көшеге есімі берілді. Сен сияқты жас ұрпақ біліп жүрсін дегені ғой. Ер есімі ел есінде осылайша сақталып қалады, құлыным.
«Е-е, әжемнің «көшені шаңдатпаңдар» дегенінің мәні бар екен ғой» деп ойлап қоям. Атам әңгіме айтып жатқанда ойланып жатып ұйықтап кетіппін...
Ертеңгісін тұрған бойда орындыққа мініп, үйдің жоғары жағындағы «Білтабанов көшесі, 18 үй» деген жазуды сулы шүберекпен сүрттім, шаң басып қалыпты.
Еһ, шіркін, мына карантин қашан бітер екен. Атам мен әжеме баратын. Соғыс бітіп, ел қуанып, бөркін аспанға атып жатқанда дүние есігін ашқан атамды туған күнімен құттықтар едік.
Айтпақшы, мен биыл атамның үйіне барғанда доп қумаймын. Өйткені бір жасқа есейдім. Доп қуғаным ұят болар. Одан да балаларды жинап, Білтабанов көшесіне ағаш отырғызамын деп ойлап отырмын. Ол - менің туған жерімнің батырына тағзымым.
Достарыңызбен бөлісу: |