«Туған жердің батырларына мың тағзым!» атты мектеп оқушыларына арналған облыстық эссе байқау жинағы



бет82/102
Дата07.02.2022
өлшемі2,45 Mb.
#92393
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   102
Байланысты:
Эссе Ф.Е.Майоров

Жеңісті жақындатқандар


Ақтөбе қаласы, №41 Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп гимназиясы
Қошқарбай Аманай Бағдатұлы
6-сынып оқушысы
Жетекшісі: Сағынғазы Ақтоты Сайрановна

Тәуелсіз елміз... Картада айқындалған шекарамыз, көкте желбіреген тұғырлы туымыз, еңселі елтаңбамыз мен асқақ әнұранымыз бар. Тарихтың тереңіне үңіліп қарасақ, бүгінгі еркіндіктің оңай келмегеніне көз жеткіземіз. Еркіндікті аңсап қана қоймай, қасық қаны қалғанша тік тұрып соғысқан, осынау ұлан байтақ жерді, елді аманаттап кеткен батырларымыздың ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Тәуелсіздік – баға жетпес байлық біз үшін.


Қазақстан деген дербес мемлекет құру жолында халқымыз аштықты да, соғысты да көрді. Биыл Ұлы Отан Соғысының аяқталып, Рейхстагқа жеңіс туының тігілгеніне 75 жыл. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыс ел жадында ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен бірліктің мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлер айбынының, «Майдан үшін» деп тер төгіп Жеңісті жақындатқан тылдағы жұмысшылардың еңбектерінің ешқашан өшпейтіндігін дәлелдейтін белгіге айналғаны хақ. Ауыр кездердің ауыр мехнатын ерлікпен жеңе білген қазақ соғыс шебіне талай қайсар ұлдары мен қыздарын жіберді. Ел басына күн туғанда, сол ұл-қыздар қолға қару алып, сапқа тұрды.
Кеудесіне сыймай дүрс-дүрс қағып тұратын жұдырықтай жүрегі Отан деп соққан жауынгердің бірі – менің үлкен атам, анамның атасы Шарғазин Уали. Кіші жүздің Шөмекей руынан шыққан. Атамның ерлігін ауыз толтырарлық ірі сөздермен бейнелей алмасам да, өнегелі өмірімен таныстырғым келеді. Оның өмір жолы оңай болған жоқ. Ол –1912 жылы Ырғыз ауданының №1 ауылында дүниеге келген. Дегенмен, құжаттарда 1917 жылы туған деп жазылған. Атам көпбалалы отбасынан шыққан, бірақ медицинаның дамымағандығынан, аурудың алдын-алу шаралары мен екпенің болмауынан балалар көбіне науқасқа шалдығып, шетінеп кетіп отырған. Атамның бауырларынан үш қыз, екі ер бала ғана аман қалған. Отбасындағы кішісі - атам. 4 сыныптық мектепті бітіріп, аға-апаларының жолын қуып ерте жұмыс жасай бастайды.
1932 жылы ашаршылық кезінде ол ағасы,және оның 5 жасар қызымен бірге Ырғыздан Орск жақта тұратын апасына қарай бет алады. Ол кезде бұл Қазақстан территориясы, қазіргі Домбаров ауданы, бұрын Яснинский деп аталған екен. 1956 жылға дейін ол Ақтөбе облысы, қазір Орынбор облысы болып саналады. Олар жол бойы қатты қиналады. Аштықтан ағасы жолда қайтыс болады, ал үлкен атам оны өз қолымен жерлейді. Қолындағы кішкентай қарындасымен бірге ол сапарды жалғастырады. Кішкентай қарындасы қатты әлсіреп, жүруден қалады,ал үлкен атам оны арқалапәрі қарай жол тартады. Ақыры көздеген мақсаттарына жетіп, апасы тұратын Прийск-Кумак ауылынааман-есен жетеді. Сол кездерде ол жерде алтын өндірісі жақсы дамыған екен. Ауылға жетіп, орныққан соңүлкен атам шахтада жұмыс істей бастайды.
Уали атам бір емес, бірнеше соғыстың шебін көрген батыр. 1939 жылы ол қатардағы жауынгер ретінде Кеңес-Фин соғысына шақырылады. 1941 жылы соғыс аяқталғаннан кейін үйіне оралған. Алайда, елдегі бейбіт күн ұзаққа созылмайды. Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылы ол қайтадан Адамовск аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырту алады. Ол Вердин үшін шайқаста Артиллерия қолбасшысының взвод құрамында, Суворов атындағы Қызыл Ту орденімен марапатталған 134 атқыштар дивизиясының құрамында болған. Соғыс кезінде барлаушы телефонист қызметін атқарған, байланыс үшін жауап берген. Қарша жауған миномет отынан тайсалмай, сымдармен катушкаларды тартып, үздіксіз байланыста болу үшін импульстарды түзеді. Арқасына ауыр жүк артып, бірнеше рет өзенді кешіп өткен. Екі рет жараланғанына қарамастан, өз еркімен қызметінде қалып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Ресейден, Беларуссиядан, Польшадан өтіп, Берлин мен Рейхстагқа дейін барған.
Қуанышымызға орай, атамыз – соғыстан аман-есен оралу бақыты бұйырған майдангер. 1946 жылдың жазында елмен қауышады. Оған дейін соғыс қимылдары әлі де толық аяқталмағандықтан, жауды жоюға тура келгендіктен қалып қойған. Үлкен атам үйге оралған соң, болашақ жарымен кездеседі. Өмірі бір арнаға тоғысқандай болады. Ол өз ауылында шахтер болып жұмысын жалғастырады. Тұңғыш перзенті, қызы дүниеге келеді. Алайда тағдырдың сынағы тоқтамаған екен. Әйелі мен қызы қайтыс болады. Арада екі жыл өткенде, үлкен атам қайтадан бас қосады. Ұлды болып, есімін Досан қояды. Атамның 5 ұлы және 1 қызы болған. Ең үлкені – менің нағашы атам, Досыбай.
1964 жылы атамыз отбасымен Қазақстанға, Ырғыз ауданына, Жабасақ совхозына (қазіргі Әйтеке би ауданы) қоныс аударады. Туған жердің ауасын жұтып, топырағына табан тірейді.Қуанышы мен қасіреті тең өмірдің оты мен мұзын бір адамдай-ақ көрген атам соғыстан кейін дееңбек етуін тоқтатпайды. Кез-келген жұмысты бар ынтасымен жасайды. Атқосшы, зауытта жүргізуші болып қызмет істеп, балаларын аяқтандырып, тәрбиелеген.
1970 жылы қыс айында қатты мұздың салдарынан көлік аударылып, апаттың салдарынан үлкен атам қайтыс болды. Өзінен кейін ол 6 баладан, 12 немереден, 16 шөбереден тұратын мәуелі бәйтерегін қалдырды. Үлкен атам – Қазақстанда, өз Отанында жерленді. Саналы ғұмырын Отанына арнаған менің атам – нағыз батыр,құрмет пен атаққа лайық адам. Ерлігі үшін екі медальмен және Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Біз атамызды үлкен мақтанышпен еске алып отырамыз. Әр жыл сайын, 9 мамырда біз «Мәңгілік даңқ» шеруіне барып, құрметті жауынгер Шарғазин Уәлидің портретін алып шығамыз. Ұрпақтары барда, атамыздың ерлігі әрқашан дәріптеледі.
Біз, бүгінгі ұрпақ, аталарымыз бен әжелеріміздің бытырлығын, жанқиярлықтарын, Отанға деген адал қызметі мен шексіз сүйіспеншіліктерін мақтанышпен айтып, үлгі тұтамыз. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары қазақ халқы еліне деген шын патриоттық сезімін іспен дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз Кеңес Одағының батыры атанды. Жауға қарсы күрес алдыңғы шептегі ұрыс алаңында ғана емес, алыстағы ауылда да жүріп жатты. Қазақстан майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсенал болды. Миллиондаған босқындарды құшақ жая қарсы алып, өз бауырына басты, Жерұйыққа айналды. Біздің ардагерлер алдындағы парызымыз – ерлігін ұмытпау, лайықты құрмет көрсету. Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғау. Өмір мен өлім тартысы – соғыс алаңында болған барлық жауынгерлердің ерен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.


















Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет