Заңда орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін не көзделген? Заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.
Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.
Заң аясында қосымша ақы төленеді: 1. Тәлімгерлік үшін - 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді.
2. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі.
3. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді.
4. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек.
5. Сонымен қатар, педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады.
6. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты үшін жалақы арттырылады.
7. "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.