Ағылшын тілі грамматикасы. 10-сабақ: Сілтеу есімдігі (Demonstrative Pronoun)
Көзге көрініп тұрған адамды, затты т.б. меңзегенде (нұсқағанда, көрсеткенде) сілтеу есімдіктері қолданылады. Сілтеу есімдіктері қазақ тілінде де ағылшын тілінде де мағыналық және атқаратын қызметтері жағынан ұқсас болып келеді.
Ағылшын тіліндегі сілтеу есімдіктері мынадай: this (мынау), that (анау), these (мыналар), those (аналар). Мұндағы these пен those, тиісінше, this пен that сілтеу есімдіктерінің көпше түрлері.
Егер сілтенетін зат немесе т.б. жақын жерде немесе қолда тұрса, онда this есімдігін (көпше түрде these) қолданамыз. Ал егер сілтенетін зат немесе т.б. алыс жерде, қол жетпейтіндей қашықтықта тұрса, онда that есімдігін (көпше түрде those) қолданамыз. Мысалы: This is my hat — Мынау — менің қалпағым (бас киім). These books are interesting — Мынау кітаптар қызықты. That pencil is yours — Анау қалам — сеніңкі. Those flowers smell good — Анау гүлдер хош иіс шығарады. Қазақ тілінде ағылшын тіліндегідей зат есімді сипаттайтын am, is, are (to be етістігі) көмекші сөздер жоқ. Ағылшын тілінде зат есімді зат есім ретінде сипаттағанда (мыс: The tiger is an animal) әлгі көмекші сөздер қолданылады. Ал қазақ тілінде ондай сөздер болмағандықтан бастауышы да баяндауышы да зат есімнен тұратын сөйлемде «— (дефис)» таңбасы қойылады. Мысалы: Мен — оқушымын. Ескерту! Ағылшынша сөйлем мен қазақша сөйлемдердің арасына қойылған дефис бол ережеге қатысты емес. Екі тілдегі сөйлемдер бір-бірінен бөлек тұру үшін ғана қойылған. This және that сілтеу есімдіктері уақытқа қатысты сөйлемдерде қолданылады. Бірақ қазақша баламасы «анау», «мынау» деген сөздер болмайды. Мысалы, «Мынау жылы мен он беске толамын» деген сөйлемдегі «Мынау» сөзі мағынасы жағынан түсінікті болғанымен, грамматикалық тұрғысынан дұрыс емес. Дұрысы — «Осы жылы мен он беске толамын». «Осы жылы» деген сөзді «үстіміздегі жылы», «биыл» деген сөздермен алмастырып қолдануға болады. «Анау жылы» деген болмайды, оның орнына «өткен жылы» деген тіркес қолданылады. Бірақ, ауызекі тілде «ана(у) жылы» деген тіркес бар. «Биыл» деген сөз «бұл жыл» дегеннен шыққан.
Сілтеу есімдіктері абстрактылы (көзге көрінбейтін, қолмен ұсталынбайтын) зат есімдерге сілтеме жасағанда да қолданылады. Мысалы, уақытқа қатысты сілтеу есімдігін айтуға болады. This дәл осы уақыт немесе үстіміздегі жыл жайлы айтылғанда қолданылады, that дәл осы уақыт немесе өткен жыл (өткен кездер) жайлы сөз болғанда қолданылады. «Өткен жылы жазда Алатауға бардым. Ол кезде күн суық болды.» деген сөйлемді ағылшынша жазсақ, «Last year in summer I went to Alatau. That summer was rainy»