Әож 378: 34. 07 Бастауыш сынып математика сабағында шама ұҒымын оқытуда ұлттық Өлшемдерді пайдалану



Дата15.09.2017
өлшемі77,54 Kb.
#32996
ӘОЖ 378:34.07

БАСТАУЫШ СЫНЫП МАТЕМАТИКА САБАҒЫНДА ШАМА ҰҒЫМЫН ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ ӨЛШЕМДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ

Алиева К.С., Есназар А.Ж.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент



Резюме

В статье рассматривается использование национальных измерений в процессе обучения величины на уроке математики начальных классов

Summary

The use of national measurements in learning concepts of measures in class of primary shool mathematics
Бүгінгі таңда қоғамымыздың даму бағытында жан-жақты дамыған сауатты, саналы азамат тәрбиелеу мәселесі жүктеліп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Жолдауында білім берудің басымдықтарын атап өтті. Жолдауда: «Барлық дамыған елдерде өзіндік сапалы оқыту жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық сатысында білім сапасын арттыруға біздің міндетте тұр» делінген болатын.

Сапалы білім-ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету-мұғалімнің басты міндеті. Осыған орай, әр пәнді, соның ішінде бастауыш сынып математикасын оқытудың ғылыми дәрежесі анағұрлым жоғары болуын, ғылым негіздерінің бәрі игерілуін, тәрбие жұмысының жақсартылуын қамтамасыз ету бағытында әр алуан шаруалар жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Ендігі басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтық әлеуметтік, жағынан кемелденуі болып табылады. Мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық өсіп өркендеуінің түпқазығы – білім мен ғылым екені даусыз. Еліміздің болашақтағы дамуы, өсіп өркендеуі, әлеуметтік кеңістіктегі орны білімнің бағыт-бағдарына, оның тиімділігіне байланысты болмақ. Сондықтан қазіргі мектеп мұғалімдері алдында тұрған аса маңызды міндет талабы таудай – жеке тұлғаны өсіріп шығару.

Ендеше саналы, сауатты, ұғымды, халқымыздың барлық дәстүріне де, әлем мәдениетіне де қанық, ел тізгінін берік ұстай білетін ұрпақ тәрбиелеу бізге сеніп тапсырылып отыр.

Әрине, бұл білім беру жүйесінің барлық буындарына, соның ішінде бастауыш буынға, зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, бастауыш білім-үздіксіз білім берудің алғашқы бастамасы, бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды қайталанбайтын кезеңі. Яғни, бастауыш сынып оқушыларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану, оқу үрдісінде үздіксіз дамытып отыру және сабақ барысында алатын білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін шамаларды оқыту маңызды, өйткені шамалар математиканың ең бір маңызды ұғымы болып табылады. Әр бір оқып үйренетін шама – бұл бізді қоршаған дүниедегі реал объектілердің белгілі бір жалпыланған қасиеті. Демек, өлшеулерге берілген жаттығулар кеңестік түсініктерді дамытады, оқушыларды өмірде кең қолданылатын маңызды практикалық дағдылармен қаруландырады. Яғни бұл оқытудың өмірмен байланыс құралдарының бірі.

Ертеден қазақ халқы дәстүр бойынша баласын бес-алты жасында аузы дуалы шешендердің ел бастаған көсемдердің, даналардың, мергендердің, батырлардың соңынан ерте білген.

Онысы – балам халық дәстүрін, жол – жоралғысын көңілге тоқып өссін дегені болуы керек. Сондықтан да мектепте балаларға білім беруде ұлттық тәрбие дәстүрлерін басшылыққа алу – басты талап.

"Шамаларды оқыту әдістемесі" тақырыбын қарастырғанда, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесінің ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз, өнделіп, жаңарып жетуі нәтижесінде өлшеудің өзіндік халықтық жүйесі қалыптасқанын, ол бұқара халық үшін тиімді болғанын айтуға болады.

Мәселен, сыйымдылықты, массаны, уақытты, көлемді, ауданды өлшеу жүйесінде ұлттық өлшемдерді пайдалану балалардың білім, білік және дағдысын қалыптастыруға игі әсерін тигізеді.

Математика сабағында ұзындық өлшеуіштерін өткенде қазақша ұзындық өлшемдерді байланыстыра өтуге болады.

Биіктікті, тереңдікті өлшеу үшін адамның дене мүшелерін қолда бар заттардың ұзындығы айдаланылған, яғни солардың бойымен өлшенген:

- Оқ бойы = 1,0 – 1,5 м жебе ұзындығы;

- Найза бойы = 3 – 5 м

- Арқан бойы = 10 – 12 м т.б.

Өте алыс деген мағынада айтылатын қашықтық өлшемдері:

- Айшылық жер- айлап жүретін жер.

- Ит өлген жер- өте алыс, ұзақ жер.

- Қырық күншілік жер- қырық күн жүретін жер.

Жақын деген мағынада айтылатын қашықтық өлшемдері:

- Ат жетер жер- атпен бір қалыпты жүргендегі 1күндік жер.

- Ат шаптырым жер- атпен тез, шапшаң баратын жер.

- Аяқ жетер жер.

- Әудем жер- адамның дауысы жетер жер.

- Қозы көш жер.

- Құнан шаптырым жер.

- Тай шаптырым жер.

- Сәскелік жер- түске дейін жүретін жер.

Халқымыз құдықтың, судың тереңдігін адам бойымен, ал үлкен арақашықтықтарды күндік жер, қоналқамен өлшенген. Мәселен, бір қоналқа жер, яғни бір тәулік жүріп баратын жер.

Адамның айқайлаған даусы естілсе, қашықты "шақырым" деп берілген, 1 шақырым = 1 км.

Математика сабағында сыйымдылық өлшемдері тақырыбын өткенде қазақтың ұлттық өлшемдерін шаманы оқытуда байланыстыра өтуге болатынын көрсетуге болады.

Қос уыс-қос қолдың саусақтарын бірге жымдастыра бүккендегі өлшем. Кейде бұл өлшемдерді азық-түлікке қатысты төмендегідей атайды.

- Бір асым (ет).

- Бір елі (қазы)-екі қолды екі жаққа жайғанда шығатын өлшем.

- Бір жапырақ (ет, нан)-алақанымыздай ғана кесілген бөлшек.

- Бір тұтам (қазы).

-Бір уыс (бидай)-қол саусақтарын жымдастыра бүккенде шұң-қырайған алақан аясының іші, алақанға сиярлық мөлшер.

- Бір үгім (тұз)-бір шымшым, үш саусақтың ұшымен алынған.

- Бір үзім (нан)-өте жұқа, жарты бөлшек.

- Бір шөкім (тұз)-үш саусақтың ұшымен өлшенген.

- Бір шымшым (тұз)-үш саусақтың ұшымен өлшенген.

- Жұдырық басындай (ет)-саусақты бүгiп жұмғандағы қолдың жұмылған басының көлеміндей ет.

- Бір қайнатым (шай)-шымшып аларлық өлшем, яғни 5 грамм.

- Бір салым( шай )-бұйыpған нәpсе, ыpзық, несiбе, яғни екі рет шымшымдай.

- Турам (ет)-кішірек бір кесім, бір асам.

Көлем өлшемдеріне байланысты ұлттық өлшемдер:

1.Титімдей- өте аз деген мағынаны білдіреді.

2.Бас бармақтай-орташа деген мағынаны білдіреді.

3.Жұдырықтай-орташа деген мағынаны білдіреді.

4.Кесектей-орташа деген мағынаны білдіреді.

5.Қазандай-орташа деген мағынаны білдіреді.

Шөп-пішенге байланысты ұлттық көлем өлшемдер:

1.Бау-шамамен алғанда қотыққа сыятын пішеннің көлемі.

2.Буда-қос қодап жиналғандағы көлем мөлшері.

3.Қап-бір қап мөлшердегі көлем өлшемі.

4.Құшақ-екі қолды қапсыра құшақтагандағы өлшемі.

5.Мая-бірнеше шөмеледен тұратын көлем өлшемі.

6.Тай-шөмеледен кіші көлем өлшемі.

7.Шөмеле-бірнеше тайдан тұратаын көлем өлшемі.

Шамалар және олардың өлшем бірліктері туралы білімді қалыптастыруда мақал-мәтелдер ерекше мәнге ие болатындары да бар. Уақыт өлшеуіштерін былай жұмбақтайды. Олар:

Арықтап өлді бір түйе жетіп ажал,

Алты батпан пұлы бар. Безбенге сал.

Алты батпан көтерген алып малдың,

Санасаң әр батпаны жеті пұттан

Жілігі жиырма төрт, топайы бас,

Шамалап өлшеп байқа ерте мен кеш.

Халқымызда астың пісуіне байланысты уақыт өлшемдері:

Ас пісірім – 2-3 сағаттық мезгілді білдіретін өлшем.

Ет пісірім – асқан ет пісетіндей уақыт.

Ет асым – 2-3 сағат шамасындағы мезгіл.

Ет қайнатым – қазанға салған ет қайнайтындай мерзім.

Қайнам: қазан қайнам – қазанның қайнау уақытының өлшемі. Сондай-ақ өте қысқа мерзімді білдіретін «сүтпісірім» өлшемі де бар.

1)Қатты денелердің көлемін көз мөлшерімен, тұрмыста жиі кездесетін заттардың көлемімен («жұдырықтай», «үйдей», «ат басындай») салыстыру арқылы анықтаған. Ал «текше» деген сөз халық ұғымында сандық пішініне келтіріп бүктелген кілем, көрпе т.б. үй жабдықтарының көлемін білдірген.

2)Сұйық дене (қымыз, сүт, су) көлемін ыдыстың сыйымдылығымен өлшеген. Кеңінен тараған негізгі өлшем бірліктері мыналар:

а)қасық  50 г;

ә)ожау  0,5 л;

б)тостаған  0,5 л;

в)аяқ  1 л;

г)шара  1,5 – 2 л;

д)тегене  8-10л;

е)торсық  8-10 л (ешкі терісінен тігілген ыдыс);

ж)көнек  15 – 16л (бие сауғанда пайдаланылатын былғарыдан тігілген ыдыс);

з)саба  180 – 220 л (жылқы терісінен тігілген ыдыс);

3)Сусымалы денелерді өлшеу бірліктері:

а)уыс;

ә)қалта;


б)қоржын  40 кг;

в)қап  4 пұт  54 – 65 кг;

г)дағар  6 – 8 пұт  100 – 130 кг;

д)батпан  3 дағар  300 – 450 кг.

4)Салмақ өлшемдері:

а)1 пұт  16 кг; жарты пұт  8 кг;

ә)қадақ  400 г; ширек қадақ  100 г;

Ұсақ заттардығы асыл тастарды өлшеуде «мысқал» өлшемі қолданылған:

1 мысқал  100 арпа дәні салмағы;

12 түгерек  1 қадақ  96 мысқал.

Уақыт өлшеуіштерін оқыту әдістемесін қарастырған кезде, қазақша жыл санау дәстүрі (12 жылдың хайуанаттар атауымен белгілі бір ретке ие болуы, «мүшел» т.б.) қазақ халқының күнтізбесі, аспан денелерімен уақытты, жыл мезгілдерін анықтаудағы халықтық тәжірибе туралы мағлұмат беріледі. Қазақтарда хайуанат атауы бойынша адамның туған жылы белгілі болғанда жасын табуға және жасы белгілі болғанда, туған жылын анықтауға арналған есептер бар екені мәлім.

Мысалы, Қ. деген азаматша тышқан жылы туылып, 2 мүшел өмір сүрген. Қазір ұлу жылы болса, оның жасы нешеде? Деген есепті шығару үшін жыл атауларын рет-ретімен (тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит. доңыз) және адам жасының мүшелге бөліну шкаласын (1 мүшел 13 жас, 2 мүшел 25 жас, 3 мүшел 37 жас т.с.с.) білу талап етіледі. Сонда екі мүшел жасаса 25 жас болады, тышқан мен ұлу жылының аралығы 3 жас, ендеше Қ. деген азаматшаның жасы 28-де.

Математика сабағында ұлттық өлшемдерді пайдалану, өлшеумен тығыз байланысты. Ұлттық өлшемдерді пайдалану жөніндегі білім әр алуан практикалық мақсаттарда кеңінен қолданылатын маңызды практикалық дағдылармен қаруландырады. Қазақ халқының ұлттық өлшемдерді пайдалану өлшеу жүйесін тарихи-математикалық мағлұмат ретінде пайдалану оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, пәнге қызығушылықты арттырады. Математика сабағында ұлттық өлшемдерді оқытуда ұлттық бірліктерімен таныстыру, түрлендіру оқушыларды іскерлік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Жолдауы. 2014.

2. Д.Рақымбек., Ж.Бейсенов., Т.Шарипов Математиканы оқыту әдістемесі.-Шымкент, 2006.

3. А.Е.Абілқасымова. Математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі.-Алматы: Білім, 2008.



4. Т.Қ.Оспанов, О.В.Кочеткова, Ж.Қ.Астамбаева Жаңа буын оқулықтары бойынша бастауыш сыныптарда математиканы оқыту әдістемесі: Алматы, 2005.

5.0.К.Шалғынбаева.,А.Төлешова. Шама ұғымын оқытуда ұлттық өлшемдерді пайдалану. //Бастауыш мектеп, №4 – 2009, 18-20 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет