Әож 398 (574) Ә 25 ежелгі дәуір әдебиетіндегі батырлық, ҚАҺармандық жырлар туралы



Дата26.06.2018
өлшемі92 Kb.
#44230
ӘОЖ 398 (574)

Ә 25
ЕЖЕЛГІ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ БАТЫРЛЫҚ, ҚАҺАРМАНДЫҚ ЖЫРЛАР ТУРАЛЫ
Әбдімомынов Е.Б.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Әлем халықтарының басқа халықтар секiлдi өздерiнiң жазу тарихы пайда болмай тұрып, олардың ежелгi тұрмыс-тiршiлiгi жөнiнде нақты деректермен бiрге ойдан шығарылған оқиға-хиқаяттар, мифологиялық шығармалар көптеп кездеседi. Солардың iшiндегi қаһарман батырлары жөнiнде өзiндiк ой –түсiнiктерi ауыз әдебиетi мұраларындағы ең негiзгi де және жиi назарға iлiгетiн тақырыптардың бiрi. Мәселен, қолбасы немесе ел-жұртты басқарған адамдардың өз тұсында жасаған игiлiктi iстерi, азаматтық ерлiктерi үшiн халық оларды қаһарман, батыр дәрежесiнде көредi. Ал ата-бабаларына келгенде, оларды құдайлар өздерiнiң таңдауына iлiккен деген түсiнiк қалыптасқан, кейде, тiптi құдайлардың өздерiмен туыс-ағайын болып та кетедi. Халықтың түсiнiгiнде, мұндай қаһармандар құдайлардың қарапайым жер басып жүрген адамдармен некелесiп, содан пайда болған балалары деп те қабылдайды.

Грек пен римнiң атақты да мансапты отбасылары өздерiнiң шығу тегiн құдайлардан бастау алатындығын, ал қаһармандар солардан пайда болған деген ойды алға тартады. Қаһармандар мен олардың кейiнгi ұрпақтары халық пен құдай арасын байланыстыратын дәнекер, солардың жаратқан пендесi болып есептеледi.

Жазба әдебиетке дейiнгi кезеңде қаһармандардың ерлiгi мен өрлiгi, таңғажайып сапарлары жөнiндегi хикаялар грек халқының тарихында ауызша тараған.

Өздерiнiң құдайға жақын туыстығына орай қаһармандар қайратты, күш иелерi бола тұра, сымбаттылық пен даналықтан құр алақан емес. Тек құдайлармен салыстырғанда адамдардың ғұмыры секiлдi ажалды күнi өмiрден баз кешедi. Ал кейбiр (Геракл, Кастор, Полидевк т.б.) құдiреттi күшке ие болғандар Олимпке немесе пейiшке (Элисей алаңы) түсiп, әрi қарай өмiр сүре бередi [1.6].

Көне замандарда қаһармандардың о дүниелiк өмiрi қарапайым адамдардың «арғы дүниелiк» өмiрiнен еш айырмашылығы болмаған. Тек құдайлардың сүйкiмдiлерi мен серкелерi ғана пейiшке түсiп, рахат өмiр сүрген. Кейiнгi кезеңдегi аңыздарда қаһармандар Кроностың иелiгiндегi «алтын ғасырында» өмiр кешетiндiгi, ал олардың рухтары жер басып жүрген адамдарды қайғы-қасiреттен сақтап, желеп-жебеп жүредi екен деген сенiмге ежелгi гректер құлай сенген. Осы түсiнiк қаһармандардың культiн күшейте түстi. Сол себептен, оларға құрбандық шалу, ғибадатхана салу, культ есебiнде бейiттерi мен ескерткiштерiн тұрғызу белең алды.

Қаһармандардың iшiнде крит-микен дәуiрiндегi құдайларды (Агамемнон, Елена т.б.) Олимпiлiк дiннiң аластатқаны тарихи факт.

Қаһармандардың тарихын, адамзаттың мифологиялық шығу тегiнен, ең алғаш пайда болу кезеңiнен бастаған жөн.

Қазақтың мифтік аңыздарында, римдік Ромул мен Рем секілді, Көк бөрі көк түріктердің анасы іспеттес. «Өмірдегі жақсылықтың бәрі Тәңірінің нұрынан таралады, нұр – тіршіліктің бастауы» деп ұғынған түркі халықтары үшін адалдық пен әділеттілік, шынайлық пен қайсарлық секілді жақсы қасиеттердің белгісі де Көк бөрі болып табылған»- дейді, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері Дархан Құдайбергенов, өзінің «Көк бөрі еді ұраным!..» атты мақаласында. «Түркі халықтарының танымында көк түс – Тәңірінің шапағаты мен ерекше мейірімнің белгісі іспетті. Осы тұста, әсіресе, көк түсті түркілердің ерекше қадірлегенін байқауға болады. Сондықтан да түркі халықтарының, өздерін «көк түрік» деп атап, арғы ата-бабаларын Көк бөрі деп тануы тегін емес…

«…Әрине, түркілердің жауынгер халық болғаны әлемге белгілі. Олар жорыққа аттанар алдында бөрілі байрағын көтеріп, киелі аңды, яғни Көк бөріні ұран санап, әрдайым жеңіске жетіп отырған. Бұл арғы тегін ұмытпаудың белгісі.

Б.з.д. 754-753 жылдары салынған Рим (Рома) қаласының атауы да түріктің Ұрым ұғымымен байланысты, тек олардың сабақтастығы соңғы үш мың жылдағы тарихи уақытта емес, одан кейінгі гиперборейлік уақыттарда жатыр. Қаланы салушылар – этрускілер. Ал этрускілер тегі ежелгі троялықтармен (илиондықтармен), троялықтардың тегі, өз кезегінде Кавказдық гиперборейлермен байланысты» [2.36].

Үрім сөзі қазаққа көне дәуірден таныс болса, ата-бабаларымыздың Үрімде болғаны, тіпті, қыз беріп қыз алысқан жәйтер этимологиялық сөздерде ара-тұра кездеседі. Мәселен, Әлкей Мағұлан бұл турасында былай дейді: «Осындай жермен қарым-қатынас болғанның елесі халық санасында әдемі сақталған. Қазақтың екі адамы жанжалдасса, бірін-бірі сөгіп: «Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін» дейді. Бұл ер балалардың жауынгер болып, Румға (Византия) дейін барғанын, қыз балалардың Қырым, Мысырға ұзатылғанын көрсетеді» [3].

Енді сол аты әлемге жайылған, «мәңгілік қала» Римнің құлауына басты себепкер болған, қазақ халқының арғы ата-бабалары ғұндар мен оның патшасы Аттиланың европалық әдебиеттерде жазылған деректерге мойын бұрсақ.

Біріншіден, Аттила қазақтың Еділ батыры. Оның есімі тек европа ғана емес қазақтың көне жырларында үлкен орын алған. Оның есімінің айналасында тарихи деректермен бірге, көптеген аңыздар да бар.

«Ел аузындағы аңызда Еділ Рим империясын бағындырған соң: «Маған, яғни бүкіл түрік жұртына енді қарсы тұрар ешкім жоқ, сондықтан мен соғыспаймын»,-деп астындағы Алтынжал атты тұлпарын босатып қоя береді. Алтынжал қалықтап аспанға ұшып кетеді. Иесіне керек уақытында келіп тұрған. Әрине, халық ұғымында батырдың тұлпардан айырылуы не босатып қоя беруі жақсы ырым емес…

Сол себепті Еділ батыр қаза болған соң өзі құрған империяның ыдырауы халық ырымын растайды. Аспанда жүрген Алтынжал анда – санда көрініп кететін болған. Әсіресе Еділ ұрпақтарын жоғарыда жүріп бақылаған. Еділ секілді батыр туғандай жағдай болса, қайтып келмекші болған. Әрине, тарихи шындыққа қарасақ, Еділ ұрпақтары Европа жерінде үш жүз жылдай үстемдік еткені рас. Еділ ұрпақтарының тасы өрге домалаған кезі Баян хан заманында еді. Алайда Еділдің тұлпары Алтынжалды халық «құйрықты жұлдызға» теңеп жырлаған. Сондықтан «құйрықты жұлдыз түссе, ақырзаман болады» деген ел ұғымы осы Алтынжал аңызымен байланысты екенін көреміз»-дейді [4], Аттиланы зерттеуші – ғалым, Самат Өтенияз.

Аттила ғұндардың көсемі, император, әрі ұлы қолбасшы. Оның өмір сүрген уақыты 400-453 жылдар. 448 жылы ғұндардың арасында болған грек жазушысы Приск, латын тілінде жазған гот жазушысы Иордан, француз және ағылшын зерттеушілері Еділдің түр-тұлғасына былай деп бейнелейді: «Оның бет-әлпетін көргендер нағыз азиат екенін айтпай-ақ біледі. Басы үлкен, өзі орта бойлы, мығым денелі. Көздері қысық, бірақ қараған жерін ойып түсердей өткір, жүрісі өте ширақ, сөйлегенде дауысы күмістей сыңғырлап өте жағымды естіледі…». Оның сиынған діні Тәңір, яғни күнге табынатын болған. Сол Аттила дәуірінде көптеген халықтар оны «Құдай тоқпақ» деп атаған. Оның бір есімінің өзі айналаға ерекше үрей-қорқыныш туғызған. Сондықтан болар оны ағылшын тілінде - Cod skourde, яғни «Құдай тоқпақ», «Тәңір құты» десе, француз тілінде - Fleu du Dieu, «Құдай тоқпақ», «Тәңір құты», испан тілінде - Asote de Dios, «Құдай тоқпақ», «Тәңір құты», неміс тілінде Die Gottgeibel, «Құдай тоқпақ», «Тәңір құты», орыс тілінде - Бичь божий, «Тәңір құты», түркия тілінде «Тәңірінің қыржабы», қазақ тілінде – «Құдай тоқпақ», яғни «Тәңірінің қамшысы» болмақ.

Ал оның есімі әр елде әртүрлі айтылады. Мәселен, испан тілінде - Атила, скандинавия халықтарының тілінде – Атли, ескі немістің батырлар жырында - Эціл (Etsel), қытай тілінде - Әтил, латын және көптеген Европа халықтарының тілінде – Аттила, Швеция, Дания және Фарер аралдарындағы халық балладаларында хун патшасы Артала деген есіммен белгілі болса, қазақ тілінде - Еділ батыр атымен халық арасына тараған.

Атының осыншама елдің ішіне тарағанда оның есімінің қаншама атау мен эпитетке толы болса, ол өзінің «дарынды қолбасшы, көреген көсем, әділ патша ретінде танытады. Ол Қыпшақ даласынан келген ата-бабаларының ұстанған жолына әділ болып, жаулап алған елдердегі қалалар мен мәдени ескерткіштерді қиратуға жол бермейді. Жергілікті халықтың талап-тілегімен санасады. Ғұндардың байырғы әдет-ғұрпы мен салт-санасын сақтауды қадағалап отырады. Аттила билік жүргізген кезде ғұндар империясының шекарасы Еділден бастап, қазіргі Франция жеріне жетті. Ла Манш бұғазында Аттиланың шекара күзетшілері тұрды. Ғұндар тағына Аттила отырған жылдары тарихшылар «ғұн империясының алтын дәуірі» деп атайды. Сөйтіп, бұл кезде Ғұн империясы өз дамуының шарықтау шегіне жетіп, ең жоғары сатысына көтерілген еді. Ғұндар империясы бүкіл Еуропаны Рим үстемдігінен азат еткені мәлім. Соның нәтижесінде ғұндар бүкіл адамзат тарихында құл иеленушіліктің біржола жойылуына тікелей ықпал жасады»- дейді [5.12], профессор Немат Келімбетов.

Аттиланың шығу тегіне келсек, ғұндардың ІV ғасырда Қыпшақ даласынан Батысқа қарай әскери жорық жасаған мезгілінен бастаймыз. Алғашында ғұндар 450-480 жылдар ішінде Арал теңізі мен Днепр (Борисфен) өзені аралығын толық өзіне қаратқан соң, Мөде қағанның он бесінші атадан кейінгі ұрпағы Баламер Еділ бойында өз ордасын орнатты. Б.з. 347 жылдары гот тайпаларын жеңген соң, Европаға қарай бет алған ғұндар талай елді өзіне қаратып, алға қарай жылжыды. Баламер қайтыс болғаннан кейін, ғұндардың патша тағына Үлті (латынша Ульдис) патша отырды. Үлтінің тұсында ғұндар біршама әлсіреп, император Феодосияның әскерінен жеңіліп қалады. Үлтіден кейін Хун империясын Донат қолына алады. Кейін ол өлген соң патша тағы оның ұлы Чаратоға өтеді. Ал Руғиланың келуі Хун империясы едеуір күшейіп, V ғасырда өзінің тегеурінді күшінен бүкіл Европа елі қаймығады. Осыны пайдаланған Руғила тез арада қол жинап, өзінің елшісін Константинопольге елші жіберіп әскерден қашқан қашқындарын өзіне қайтарып беруін өтінеді, бірақ Шығыс Рим императоры оның сөзін мақұл алмайды. Руғиланың ендігі мақсаты Рим империясына шабуыл жасауды ұйғарады. Дунай өзенінен өтіп, Римнің талай жерін өзіне қаратады. Паннония провинциясы оның сыйлығы ретінде келсе, кейін бұл ел латын тілінде Хунгрия (Hungria), түбірі – хун, ғұндардың елінің негізі болып қаланады. Ал ол орыс тілінде Венгрия болып аталады.

Осы Хунгрия жерінде әскери қуаты күшейіп, оны көрген Рим империясы еріксіз келісімге келеді. Бірақ олар көп келісілген міндеттерді орындауға құлықсыз болып, жасырын, құпия түрде өз әскерінің де қуатын күшейте түседі. Кейін 433 жылы Руғила қайтыс болған соң, европалық ғұндар империясын Аттила мен Бледа басқарады. Себебі – Руғиланың екі інісі болса, бірі – Мундзук, оның баласы Аттила болса; екінші інісі – Оқтар, ал Оқтардың баласы Бледа болатын. Бледа 445 жылы қайтыс болған соң, бүкіл билік Аттилаға көшеді.

Аттила тұсында ғұндар империясы күшейіп, римдіктер Хун ордасымен келісімге келіп, достық қарым-қатынасты орнатуға күш салады. «430-жылдан бастап гұндарге жыл сайын алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болды және оның мөлшері барған сайын өсе берді. V-ғасырдың 30-жылдарында Батыс Рим империясы гұндардың қоныстануы үшін Панонио провинциясын берді, оның үстіне, жергілікті тұрғындарға да солар билік етті. Гүн державасы әсіресе, V ғасырдың ортасында қатты күшейді. 447-жылы олардың көсемі Аттила Византияға шабуыл жасады. Балкан түбегімен жермен-жексен етті және астанаға қатер төндірді. Келер жылғы келісімнің арқасында теңіз жағалауындағы Дакия түгелімен гұндердің иелігіне көшті. Бұдан кейін Аттила батысқа жорық жасауға дайындалды» делінген «Ежелгі дүние тарихында».

Жымысқы, жасырын саясат жүргізген римдіктердің жоспарын сезген Аттила түбі Батыс Римге шабуыл жасауға мәжбүр болады. Бірақ алдынан Рим папасы Леон бірінші өзі бастаған бір топ діндар адамдар шығып, Рим сенатының шешімін әкеліп тапсырады, онда былай делінген еді: «Аттилаға түгел бағынамыз, айтқанын істейміз, қазынаның бар байлығын береміз, тек ол қасиетті қала Римді өртемесін, бұзбасын» деген мағынада болатын. Бұл өтінішті қабыл алған Аттила қақапалары ашық тұрған қалаға кірмей, сапарын әрі қарай жалғайды.

Кей зерттеудегі Аттиланың Рим қаласын құлатып, оны тонағаны шындыққа жақын келмейді. Шын мәнінде, ғұндардан римнің таусылмас байлығын қызғанған герман корольдары 410 жылы Аларих бастаған әскер қалаға кіргеннен кейін, Рим империясы құлаған еді.

Бүкіл Европаны тітіреткен Аттила 453 жылы қайтыс болғаннан кейін, ол туралы рим әдебиетінде, тарихында оның өмірі мен қайталанбас образы жан-жақты жазылып, кейінгі ұрпаққа жетті. Ол турасында Самат Өтенияздың «Аттила» деген еңбегінде мынадай деректі ұшыратамыз: «1777 жылы неміс тарихшылары Бавиера архивін ақтарғанда латын тілінде жазылған бір қолжазбаны тауып алады. Бұл Аттиланың Галлияға жасаған бірінші жорығы» атты үлкен поэма болып шығады. Неміс тарихшылары бұд поэма VІ ғасырда жазылған деген тұжырымға келеді. Бірақ авторы белгісіз екен. Оны ХІІІ ғасырда бір кісі көшіріп жазыпты. Сол себепті бұл қолжазба жақсы сақталыпты.

Алғашқы рет оның жартысы (13 бөлігі), кейінірек қалғаны табылған. Бұл үлкен поэманың авторы тарихи оқиғаны дәл жеткізуге тырысқан. Көптеген деректер мен болған оқиғалардың бәрін жазып, сол заманның тарихын жазушылардың еңбектеріне негіз болған.

1780 жылы М.Фишер бұл поэманы Мюнхен қаласында көп тиражбен басып шығарады, Батыс Европа тарихшыларына бұл поэма Аттила мен Хун ордасы туралы көп мәліметтер береді.

Поэмада Аттила жорығы мен Хун ордасы туралы сол заманда көптеген ескерткіштердің болғанын дәлелдейді. Бірақ олардың көбі біздің заманға жетпей қалған. Сол сияқты поэмада Аттила мен хун тілінің көптеген сөздері берілген.

Поэманың кейбір жерлеріне Вергилий сөздерін кіргізген. Автор оны өзінің бір туысқанына арнап жазыпты, соған қарағанда, сірә, ол монах болуға тиісті.

Бавиера архивінен латын тілінде Аттила мен Хун ордасы тарихы туралы бұл поэманың табылуы неміс ғалымдары мен әдебиетшілерін керемет қуантқан үлкен олжалы оқиға болды” [6.38].

Скандинавия халықтарының әдебиетіндегі батырлар жырында Аттиланың образы біріншіден, әлемге танымал әдеби мұра «Эдда» жырында үлкен орын алады. Бұл жыр исланд халқының эпикалық жыр-толғауындағы жинақта «Эдда» жыры деген атпен белгілі. Оның негізгі мазмұны екі бөлімен тұрады. Бірінші бөлімінде мифтік және дидактикалық сарыннан тұратын жырлар. Екінші бөлімінде батырлық жырлар. Зерттеушілердің пікірінше, бұл қолжазаба ХІІІ ғасырда жазылған. Сол қолжазба Данияның Копенгагендегі Корольдік кітапханасында сақтаулы тұр. Ондағы жырда негізі кейіпкерлер Сигурд пен Брюнхилда, Атли (Аттила) және Нибелунгілердің ажалы жөнінде оқиға жырланады. Сонымен бірге «Эдда» жырында «Сигурд туралы жыр» үшеу де, ал «Атли туралы жыр» екеу саналады. Аталған жырдың біреуі Исландия нұсқасы да, екіші жыр Гренландия нұсқасы деген атпен белгілі.

Екінші, ХІІІ ғасырдың ортасында жазылған көлемді жыр «Волсунга туралы сага» деп аталатын туынды «Эдда» жырының қара сөзбен баяндалатын мазмұннан тұрады.

Үшінші, «Эдда» жырын көркем прозамен жазған адам Снорри Стурлусон (1178-1241) исландиялық тарихшы, ақын, белгілі саяси қайраткер. Ол осы еңбегінде Нибелунга байлығының («Рейн алтыны») қысқаша тарихын айтып өткен.

Төртінші, жыр бұл ХІІІ ғасырдың орта шенінде жазылған «Тидрек туралы сага» деп аталады. Мұнда Берндік Дитрихтің толық өмірбаяны туралы аңыздардың жиынтығынан тұрады.

Бесінші, 1330 жылы жазылған «Норнагест туралы хикаялар» деп аталатын ертедегі аңыздар жиынтығы. Норнагесттің әскери ерліктері жырланады. Жырдың кейбір бөліктері «Эдда» жырынан алынған.

Алтыншы, Скандинавия халықтарының балладалары. Мұнда Дания, Швеция және Фарер аралдарындағы халық балладалары, негізінен Нибелунга жөніндегі аңыздарға арналған. «Тидрек туралы сага», «Эдда» және басқа жырлардың үзінділері, әр түрлі нұсқалары орын алған.

Жетіншісі, ХVІ ғасырдың ақырында 1603 жылы жазылған «Хвен хроникасы» латын тілінен дат тіліне аударылып жазылған. Даниядағы Отланд архипелагында орналасқан Хвен деген арал бар. Бұл сол Хвенның тарихын айта отыра, оның ішінде «Нибелунгілер жырлары» мен «Тидрек туралы саганың» көптеген оқиғалары орын алған.

Осы аталған жырларда Аттиланың образы үлкен орын алады. Сол жырладың ішінде Аттиланы суреттеген тұстарда оның жазықсыз жандарға мейірімді, дұшпанына қатал, досына адал қолбасшы ретінде суреттеледі.

«Ертедегі Германия мен Скандинавия халықтарының поэзиясы басқа халықтардікі сияқты өлең түрінде болды, ауызша айтылып атадан балаға асыл мұра болып қалып отырады. Олардың қандай да бір әдеби мұрасы, я батырлық жырлары – бәрі де әскери мінезбен, яғни батырлық пен ерлікті жырлайды… Ертедегі эпикалық жырлары негізінен ХІІ ғасыр соңында хатқа түсірілген. Солардың ішіндегі көрнектісі «Нибелунга туралы жыр» 1220 жылы толық жазылып біткен. Ал Скандинавия халықтарының «Эдда» жыры ІХ ғасырда хатқа түсіріліп үлгерген.

Скандинавия халықтарының поэзиясындғы Исландия халқының асыл мұрасы «Эдда» жыры - өте көлемді әдеби мұралардың бірі. Жалпы сол дәуірдегі Скандинавия мен неміс халықтарының жырларының басты тақырыбы – адамзат тарихында терең із қалдырған «Халықтардың қоныс аударуы» тарихи процесіне байланысты болып келеді.

Хун королі Аттила бейнесі (бұл жырда Атли деген атпен беріледі) аса жағымды кейіпкер ретінде берілген осынау батырлық эпостың қысқаша мазмұны төмендегідей:

Эрманарик басқарған остготтар патшалығы Қара теңіз жағалауында хундар шабуылы соңынан талқандалған болатын. «Эдда» жырында осы Эрманарик пен Сванхилда туралы баяндалады.

Эрманарик (Иормунрик) өз баласы Рандверді қалыңдығы Сванхилдаға ұрын жібереді. Рандердің жанындағы жалақор зұлым кеңесшісі Бикки жас ханым мен Рандверді Эрманарикке жамандайды. «Олар сол тайпаға, яғни Сванхилданың төркіндеріне сатылып кеткелі жүр» деп әке мен бала арасына нақақтан от тастайды. Бұған сенген аңғал патша Эрманарик өз ұлы мен жас келінді өлтіруге бұйрық береді, жазықсыз жандарды ат тұяғына таптатады. Бұл қанды оқиғадан соң Сванхилданың бауырлары қарындасы үшін мықтап кектенеді. Олар Эрманариктің нөкеріне шабуыл жасайды, Эрманариктің өзін өлімші етіп жаралайды. Алайда осынау ержүрек жігіттер өздері де қаза табады. Жалғыз жауыз Биккидің қырсығынан осылайша қаншама қыршын жас қаза болады…

Эрманарик - өз туыстарына өте қатал болған патша. Сондықтан оның көп туыстары, даңқты төрелер хун королі Еділге (Атлиге) барып паналаған. Ал Атли зорлық көріп, жәбірленген жазықсыз жандарға барлық уақытта пана болған. Әділ қолбасшы, хун королі Еділ (Атли) бейбіт жағдайда дүниеден өткен…

Бұл жөнінде академик Әлкей Марғұлан:

«Манастың» «Үлкен Эддамен» аса үндес шығатын жері – ондағы Еділді (Атли) улап өлтіру хикаясы Манасқа өте ұқсас…»- деп жазған еді. Өлер алдында бұл екі батырдың екеуі де жаман түс көріп шошынады. Еділге өткен өмір қолынан ұшқан ақсұңқар болып, бақшадағы еккен ағаштардың бәрі түп-тамырымен қопарылған болып көрінеді. Бұл жырдың аялғысы «Ақсақ құлан әңгімесіндегі «Терек түптеп жығылды, кім тұрғызар, уа, ханым» дейтін сарынмен өте ұқсас…

«Үлкен Эддамен» үндес болумен қатар «Манас» жырында кейде тарихта жазылған ежелгі хундардың ерлік өмірінің елесі де кездеседі. «Үлкен Эдда» бойынша Еділ соғысқа отыз шорасын ертіп, «Қорқыт» жырында Қамбөрі мен оның баласы Бамсы қырық жігітпен шығады, Манас қырық шорасымен жүреді…

Ежелгі тайпалар өміріндегі әскерді тәртіпке түсіру әдісі қытай тарихында өте айқын жазылған. Тарихтың барлауынша, хундар соғыста бірыңғай боз не баран ат пайдаланған. Жауға ылғи ай жарық күндері боз атпен ай астынан тиіп, күндіз күн жағынан тиетін болған деп, «Эдда жыры» мен түркі халықтары жырларының арасындағы байланыстарды жіктеген болатын» [7.25-28 ].

Жоғарыда аталған жырлардың жазылуы туралы пікір білдірген зерттеуші – ғалымдардың (Н.Келіметов, М.Аджи) пікірінше, «Нибелунга туралы жыр» мен «Алып қолды Вальтария»(«Вальтарий могучая рука»)-(«Waltarius vanu fortis») деп аталатын поэмалардың авторлары қыпшақ болуы керек деп жорамалданады. Өйткені, жыр жолдарында қыпшақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы айқын аңғарылады.

«Бұл поэмаларды оқи отырып, екеуін де қыпшақтар жазғанына шүбә келтірмейсіз. Өйткен мұнда авторлар қыпшақтардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, ішкі жан дүниесін, психологиясын егжей-тегжейлі біліп жазған. Бұл туралы ғұлама-қаламгер Мурат Аджи: «Авторы «Песни о Нибелунгах», и «Вальтария», вне всякого сомнения, по крови были кипчаками, они еще помнили степные адаты, это чувствуется по многим, очень точным деталям. Вот почему их герой Этцель (Аттила) сохранял благородства даже, казалось бы, в непозволительной, с точки зрения европейца, ситуации» деп жазады [8. 135-136].

«Сонымен бірге, Аттила жөнінде жазылған басқа да шығармалар бар екенінін ескергеніміз жөн. Бұлар – «Атли туралы жырлар» және «Атли сөзі» деп аталады. Бұл жырлардың жөні бөлек. Өйткені оларды қыпшақтар жазбағаны бесенеден белгілі болып тұр. Жоғарыда аталған екі жырды да солтүстік герман жерінен шыққан қаламгерлер жазғаны күдік тудырмайды. Мұнда Аттила шектен шыққан қатігез қолбасшы ретінде бейнеленген. Бұл екі жырда да Аттила Еуропалық психологияға тән жан түршігерлік зұлымдықпен өз жауларын өлтіріп отырады. Ол бірде өз дұшпанының кеудесін жарып жүрегін кесіп алса, екіншісінде – жылан толы шұңқырға тастайды. Қатігездік – дала адамдарының әдетіне енбеген құбылыс. Ғұндар дұшпанын бірден-ақ өлтіріп тастайды. Бұл үшін оған қылыш пен қанжардың өзі-ақ жетіп жатыр” [9, 46 ].

«Нибелунгтер туралы жыр» шамамен 1200-жылы жазылған. Бұл поэманың тарихи өзегі етіп автор Бургунд патшалығының күйреуін алған. Ғұндар 437-жылы осы патшалықты құлатқаны тарихта мәлім. Аталмыш поэманың бір емес, екі желісі бар деуге болады. Поэмада «Нибелунгтер ғұндарға бара жатқаны туралы» (Авентюра ХХV) деп аталатын бөлім бар. Онда:

Сөйтіп, корольмен бірге жорыққа аттандық,

Қызметші нибелунгтер – жүз-жүзден (санағанда) оншақты еді.

Олардың бәрін туыстарынан алыс жерде, ғұндар күтіп тұрды,

Зигфридтің қаны ұдайы Кримхильданың жүрегін өртеп жатты».
Балгер айтты: «Сөзіме иланыңдар,

Сеніңіздер. Жат өлкеде сендерге ешбір жамандық болмайды.

Қорықпай сапарға аттана беріңіздер,

Этцель (Аттила) сіздерге бұрын-соңды ешкім көрмеген зор құрмет

көрсетеді».
Ғұндардың берекесі қашты, ал Этцел дайын тұрды

Келгендердің өтінішін орындамақ

Бірақ Кримхильда оған келісе алмады

Қызметшілерін дайындап, ағаларынан зұлымдық күтіп

тұр еді .
Ғұндар! Менің достық кеңесімді тыңдаңыздар:

Сендер бургундықтар сияқты қулық –сұмдықты білмейсіңдер.

Келімсектерді залдан далаға шығармаңдар,

Әйтпесе тағы да талай туыстарыңнан айырыласыңдар.


Ол ғұндар әміршісінің әйелін (қылышпен) қақ бөліп тастады,

Маңдайына өлім жазылған адам – ажалдан құтыла аламайды.

Этцель мен Дитрих қайғыдан қан жұтты,

Олар туыстарынан, достарынан айырылды .


Бұдан кейін не болғанын сіздерге айта алмаймын,

Бар білгенім – ханымдар мен нөкерлер қайғырып ұзақ жылады.

Көпке дейін көздерінен жас кетпеді

Нибелунгтер өлімімен хиқаямды тәмамдаймын.


Міне, осы қайғылы оқиғадан кейін бойын ыза-кек кернеген Аттила қалың қол бастап, жауға қарсы аттанады. Поэмадан Аттиланың теңдесі жоқ жорықтары жыр болад». Аттила дастанының желісіне құрылып, ІХ ғасырда өмірге қайта келген, күні-бүгінге дейін неміс халқының ерлік эпосы ретінде бағаланатын ежелгі жәдігерліктердің тағы бірі – «Алып қолды Вальтария» («Вальтарий могучая рука»)-(«Waltarius vanu fortis») немесе қысқаша «Вальтария» деп қана аталады. Бұл поэма ежелгі герман тайпалары мен Еуропалық ғұндардың арасындағы сан-қырлы қарым-қатынастарды бейнелейді. Герман жұрты Аттиланы өздерінің ұлттық қаһарманы етіп көрсетуге барынша әрекет жасаған. Бұл жайтты Мурад Аджи жан-жақты талдай келіп, төмендегідей пікір айтады: «Первыми, кто заявил на него свои права были германцы, сделавшие историческое лицо – царя кипчаков Аттилу – национальным героем, персонажем своих эпических произведении. Его именем даже названы горы – Этцельские Альпы.

Это уже серьезно! Подумать только: даже потомки кельтов, тех самых кельтов, которых нещадно громил Аттила, назвали его своим национальным героем.

Атли, Этцель – такие имена получил кипчакский полководец в германо-скандинавских былинах и сагах» [10, 34-35].

«Вальтария» поэмасы ғұндар елін және Аттиланы оқырманға таныстырудан басталады:

Бауырларым, жердің үштен бірі Еуропа деп аталады,

Онда аты мен заты, салты мен санасы сан түрлі көп тайпалар тұрады.

Олардың тілі де, діні де әртүрлі болып келеді,

Солардың ішінде Паннония уалиятын мекен

Еткен бір халық бар,

Біз оларды әдетте «ғұндар» деп атаймыз.

Бұл халық майдандағы ерлігі мен даңқы шыққан

Олар жақын тұрған көрші жұртқа ғана емес,

Жоқ, олар тіпті Мұхитқа дейінгі елдің бәріне билік

жүргізеді.

Көп (халықтармен) бейбіт одақ жасайды,

Бағынбағанды жазалайды,

Олар осылайша мың жылдан астам билік жүргізіп келеді,

Қадым замандарда оларды король Аттила басқарыпты.

Ол жеңіс даңқын арттыра беруге құштар».
«Аттила дастанының сюжеттік желісін қайта жыр еткен «Вальтария» поэмасы оқырманын ерлікке, бірлікке, ізгілікке шақырумен аяқталады».

Көне дәуірдегі әдеби мұраларды барынша терең зерттеген Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Тұрсын Жұртбай, Немат Келімбетов, Ақселеу Сейдімбек, Олжас Сүлейменов, Самат Өтенияз, Серікбол Қондыбай және тағы басқа да ғалымдарымыздың ғылыми еңбектеріндегі Аттиланың образын тани отыра, сонау Европадағы ғұндардың қазіргі өркениетті елдердегі тарихы мен әдебиетінде үлкен орын алғандығының күәсі боламыз. Өкініштісі, Аттиланың есімін қазақ қазақ болғалы кең көлемде танып-білемегендігі. Әйтпесе, Аттиланы басқа жұрт өзіне иемденіп, меншіктегісі келсе, қазақтың бейғам жатқандығы жараспас әдет [11.56]. Дегенімен, осы уақытқа дейін біраз жұмыс істелінсе, бұл еңбек пен ізгі ниет еліміздің рухын, елдігін көтеретіні талассыз.

Қазіргі уақытта қазақ елінің тәуелсіздік алған тұста, көне дәуірдегі ата-бабаларымыздың Европа еліндегі Аттила секілді алыптармызды насихаттау, оның шынайы болмысын ғылыми тұрғыда көрсете білу басты мақсат екенін баса айтқан жөн.

Қорыта келгенде, көне дәуір әдебиеті және оның ғылым мен білім саласындағы қол жеткен табыстарын бүкіл әлем мойындап, оны оқытып, дәріптеп жатқанда жаңа тұрпаттағы тәуелсіз елдің кейінгі ұрпағы одан шеттелуі жараспас.Көне дәуір әдебиеті мен мәдениетін танып-білу бұл – жаңаның көнемен, көненің жаңамен байланысы. Осы байланысқа көңіл қою арқылы жас ұрпақ өзіндік бағыт, өзіндік концепция қалыптастыратыны анық.



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ежелгi дүние тарихы. Жалпы редакциясын Ю.С. Крушкол басқарған.- Алматы: Мектеп, 1978.  460 б.

2. Кун Н.А. Ежелгi Греция мифтерi мен аңыздары.  Алматы: Мектеп, 1979.  504 б.

3.Сейдімбеков А. Геродот. Тарих // Қазақ әдебиеті.  1992. -6 наурыз. - 16 б.

4. Жанайдаров О.Ежелгі Қазақстан мифтері.  Алматы: Аруна Ltd, 2006.  252 б.

5. Құнанбаев А.Қалың елім қазағым. Шығармалары.  Алматы: Жалын, 1995.  224 б.

8. Геродот. История: Перевод Г.А.Стратановского.  Ленинград: Наука,- 1972. 322 с.

9. Маданов Х. Қазақ мәдениетiнiң тарихы.  Алматы: Қаржы- қаражат, 1998.  336 б.

10. Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары.  Алматы: Аруна Ltd, 2005.  316 б.



11.Бертельс Е.Э. «Роман об Александре и его главные версии на Востоке»



Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет