Әож 811. 512. 122 3: 82. 091 Қолжазба құқығында тапанова сәуле есембекқызы қазақ романдарындағы ғашықтық сарын


Ақын, сал-серілер өміріне арналған шығармалардағы махаббат



бет3/4
Дата16.12.2016
өлшемі0,91 Mb.
#4015
түріДиссертация
1   2   3   4

3 Ақын, сал-серілер өміріне арналған шығармалардағы махаббат.

3.1 С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» романындағы ғашықтық характердің берілуі. Қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейін, жазушы салған жаңа дәстүр негізінде әдебиетіміз өнер адамдарының ғұмырын, олар өмір сүрген дәуір шындығын бейнелейтін шығармалармен толықты. Олар: С.Мұқановтың «Балуан Шолақ», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ә.Әбішевтің «Найзағай», С.Жүнісовтің «Ақан сері» романдары.

Жұмыстың бұл тараушасында жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романындағы Балуан Шолақ пен Ғалия арасындағы ғашықтық сезім, махаббат мәселелері талданады.

«Балуан Шолақ» - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында күреске толы ғұмыр кешкен өнерпаз тағдырынан өмір шындығына негізделіп жазылған шығарма. Жазушы Балуан Шолақ ән-өлеңдерінің шығармашылық сырын тереңнен ашады. Туындыдағы ұлттық психология – халық жанының пәктігін, өнерге деген құрметін, сал-серілік, әншілік өнердің асқақтығын танытады.

Балуан Шолақтың болмыс-бітімі, көкірек көзі, сана-сезімі, ой-толғамы көп адамнан артық бола тұра, сол әлеуметтік келеңсіздік пен кемсітушіліктің тұтқынына айналады. Бойында қайрат пен күш бар, ақыл мен пайым бар, бірақ оны әлеуметтік теңсіздік буып тастаған. Сол ғаламат күш оны сүйгені Ғалиямен де еркін тұруына мүмкіншілік бермей, соңында адам қолынан қаза табады. Бірін-бірі сүйген екі жас қауіпті қыспақта қалған.

Шығармадағы Ғалия бейнесі, өмір жолы тарихи деректен алшақ кетпейді. Ізеттілік, ұлттық салт-дәстүрді бойына жинақтаған, жан дүниесі бай, тартымды етіп суреттейді.

«Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағанбетке күн сәулесінен өткір қадалып, оның өмірде жаннан жасқанбаған көзін тайдырып жібереді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген қорғасындай еріп кеткен сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап қарай берді» [38,44-б.].

Ғалияның портретіне назар аударғанда, автор өз кейіпкерінің хал-күйін, оның түрлі іс-әрекеттерін ашып көрсету мақсатында психологиялық талдаудың эпикалық тәсіліне көбірек сүйенген. Жазушы бірде іс-әрекетті бейнелеп отырып, кейіпкердің сезім әлемі, жан дүниесіне ойысу сияқты көркемдік тәсілдерді шебер пайдаланған. Ғалия портреті кейіпкердің ішкі жан сипаты, суреті есепті.

Балуан Шолақтың келе жатқанын естiген Ғалия оны iштей тосып-ақ жүрген болатын. Тағдырдың табыстыруымен араға бiраз уақыт салып, қайтадан кездескен Балуан Шолақ пен Ғалия бiрiн-бiрi асыға күткен ғашықтардай iштей арпалысуда:

“Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түстi. қазiр алғашқы екпiнмен жұтқан жарты аяқ қымыздың өзi әрi өтпей, өңешiнде тұрып қалған сияқтанды. Өлең айт деп қолқалаған кезде де домбыраға қолы жүрмей, аузына сөз түспей, жүрегiнде бiр ән толқып, ол ән кеңiрдегiне сыймай кептелiп, тығылып тұрғандай болды” [38,84-б.].

Осыдан кейiн жазушы екеуiнiң арасындағы көзқарасты, ерекше бiр сезiмдi, қатты толқуды қалай жасырамыз дегенмен де іште сақтай алмай, сыртқа шығарып алғандарын маңайында отырған жiгiттердiң байқап қалғанын мына диалог арқылы бередi:

- “Дауылпаз деген бiр құс бар, дауысы жер жарады, қасына келсе жұдырықтай” дегендей,- дедi бiреуi - Балуан, Балуан”, -деп жұрттың дәсердей қылып жүргенi осы ма?! Қаңқайған денесi болмаса мынауыңда береке шамалы екен!..”

- Бiлмей айтып отырсың,- дедi қасындағысы, – еркектiң сиқыры әйел емес пе? Әйелге елтiмеген, әйел арбап, қуатын да қайратын да мұрындықтаған түйедей жетегiне алғанын абайламай отырмысың?..” [38,84-б.].

Балуан Шолақтың көңiлi барлығын Ғалия ана жылы да көзқарасынан аңғарған, бұл жолы да аңғарды: “Балуанға қараған сайын, жүрегiнде бұрын бықсып жанған құмарлық оты қызына түстi…” [38,89-б.].

Жазушы екеуiнiң арасындағы сүйiспеншiлiктi сөзбен суреттемей, көбiне iшкi сезiмге жеңдiредi, iс-әрекет үстiндегi ым-ишара, қимыл-қозғалыс, салт-дәстүр түрiндегi қарым-қатынастар үстiнде көрiнiс берiп жатады.

С.Мұқанов адамның iшкi әрекетi өз алдына дербес құбылыс емес, ол сыртқы практикалық әрекетпен, материалдық өмiр шындықтарымен тығыз бiрлiкте ашылады дей отырып, кейiпкердiң iшкi әрекетiнен оның сыртқы әрекетiне немесе, керiсiнше, тысқы әрекеттен iшкi әрекетке ойысып отырады.

Ұнату, жақсы көру сезiмiн бiлдiрудiң бiр жолы көзбен түсiнiсу, ымды ұғыну, жүрiс-тұрысымен, қимыл-қозғалысын iзеттiлiкпен жеткiзу сияқты да жолдары бар. Осындай әдемi де астарлы, қылықты да қызықты түсiнiсу жолдарын жазушы шығармада жиi қолданады.

-Менiң бүгiн оралып келетiнiмдi қайдан бiлдiң? –дедi Балуан қуланған боп.

-Еркектiң әйелге деген бар сыры көзiнде тұрмай ма, Балуан - дедi Ғалия күлiп, – көзқарасыңызбен айтып аттанбадыңыз ба маған, “кешке оралам” деген сөздi?..

–Ә, солай ма едi? -деп Балуан мойындай қалды [38,92-б.].

Осы жолғы кездесулерi бұлардың тағдырын мүлдем өзгертедi. Бiрiн-бiрi көптен берi бiлетiн адамдай тез түсiнiстiк тапты. Бiрiн-бiрi көруге деген құштарлық туа бастады. Тосу, iздеп алаңдау, асыға күту сияқты жүрекке тынышсыздық кiре бастайды.

Әсем Ақбозбен ел аралап, думан-сауықпен күн кешiрген Шолақ, тағдырдың айдауымен бiр күнi бiр ауылда қыз ұзатылатын тойға кез келiп, кешкi ойын-сауығында болады. Ел арасына танымал болып қалған басы сыйлы өнерлi Шолақты ұзатылатын қыздың қасына отырғызады. Бұл кезде Шолақтың жасы жиырма үштерге келген кезi болатын.

Қасында отырған қызға қараса: «аршыған жұмыртқадай аппақ жүздi, мөлдiр көздi, мiнезi ойнақы бiреу екен» [38,86-б.].

Жазушы қыздың сыртқы келбетiн жiгiт қызығатындай етiп суреттей отырып, мiнез-құлқындағы жеңiлтектiктi де ескертiп өтедi. Балуанның бала жасынан бойына бiткен бiр мiнезi - аяғыштық болатын. Балқаштың өз күйеуiн менсiнбейтiндiгiн айтып, «өмiрлiк панаңа ал!» деген өтiнiшiне қарсылық бiлдiре алмай, өзiн ұнатып, өмiрлiк жар болуға бел буған қызды сүймеген адамынан құтқаруға серт байласады. «Батыр аңғал келедi» дегендей, сол сәтте көңiл жықпай бiрден шешiм жасауы өнерлi жiгiтке тән қасиет екенi бұрыннан белгiлi.

Шығармада аз да болса Балуан Шолақтың өміріне қатысы бар өзіндік бір ерекшелігімен есте қалған қыз – Татьяна.

Балуан Шолақ ояздың қара күшiне қарсы қара күш жасау ретiнде оның қызы Татьянаны «ояз адамшылыққа келсе, мен де адамшылыққа келем» деген ниетпен ұрлап алып қашып, тауға апарып паналайды. Жолда жолыққан Ақылбай:

- Құсың құтты болсын!

- Менде өзiм сүйген бiр ғана құс бар, -дедi Балуан күрсiнiп,- одан басқа бұлбұлдың да, тотының да керегi жоқ.


  • Кiм ол?

  • Ғалия.

  • “Сексен сұлу сылаңдап тұрсадағы Ғалияның алмаймын кiрпiгiне! -деп шығарған әнiмдi естiп пе ең ?

  • Естiгем.

  • Сол сөзiм-сөз» [38,130-б.].

Осы бiр диалогтан да Ғалия Балуан үшiн тек аз уақыттағы ғана көңiл көтерер адамы емес, оның шын сүйген ғашығы екендiгiн көрсетедi. Тау басында Татьянамен бiрге болғанда ән айтылады. Айтылған әннiң әуенi жүрекке өте жылы тиедi де, әнде үлкен бiр сыр жатқанын сезген қыз:

- Қандай ән?

- Ғашығыма шығарған…

- Жаңылмасам, естуiмше, ғашығыңыздың аты Ғалия болу керек?»-дедi Татьяна Балуанның бетiне күлiмсiрей қарап [38,136-б.]. Осы әннiң әуенiне елтiген екеуi де бiраз уақыттың қалай өткенiн де байқамады. Қыз тағы да ән айтқанын қалап едi…

- Әр нәрсе дәмiмен, Тәнәйжан! – дедi Балуан, (“Татьяна” деген сөздiң орнына “Тәнәйжан” деген сөз аузына қалай түскенiн Балуан байқамай да қалды. Татьяна ол сөзге түсiнбегендiктен мән бермедi) [38,136-б.]. Ғалиясын еске түсiрiп, сағынышын өлеңмен басқан Балуан көпке дейiн iшкi жан дүниесi астан-кестен болып, сезiмнiң шеңберiнен шығып кете алмай, жаудың қызы деп әкелген Татьянаға үлкен бiр iлтипатпен, сезiммен қарады. Балуанның бойындағы үлкен адамгершiлiктi, кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтiн шыдамдылықтың Балуан бойынан табылуы, көрсеқызар, жеңiл ойлылықтан тазалығы бiр көрген нәсiлi бөлек Татьянаны да бейжай қалдырмайды. Осы кездесудiң соңы Татьяна Балуанды шын ұнатып қалады. Оны қоштасар алдында мойындап:

- Дүниеде екi сүю бар ма, аға?

- Жоқ!..

- Ендеше, мен сiздi ғана сүйем!..-дедi де, қыз өксiп жылап жiбердi.

- Рахмет сiзге!.. Мен ендi дүниеде адам барына да, достық барына да, махаббат барына да сенем!..

Қызды бауырына басқан Балуан, не сөз айтарын бiлмей қалды.



  • Ал, хош, сүйiктi Тәнәйжан! -дедi Балуан, аз уақыт үнсiз тұрғаннан кейiн.

  • Хош! –дедi Татьяна әлсiз дауыспен, одан әрi сөйлесудiң қажетi жоғын ұғып. Балуанның Ғалияға деген сертi бұзылмастай берiк екендiгiне оның көзi әбден жетiп болған [38,139-б.].

Автор Балуанды бiраз сынға салып, бәрiнен де сүрiндiрмей алып шығады. Яғни Балуан тек күш иесi ғана емес, махаббатқа берiк, сүйгенi Ғалияға деген адал көңiлi осы тұста тағы да көрiнедi.

Жалпы Балуан сұлулыққа селсоқ қарамайды. Өнерлi сал-серiлердiң бойындағы қыз құмарлық, жақсыға құштарлық Балуан бойынан да көрiнiп жатады. Балуанның көңiл аудара қарауы Татьянаны да ойсыз қалдырмады. Тағдырдың жазуымен жазықсыз қыздың аз күнгi Балуанмен бiрге болуы, қыз жүрегiне өмiрлiк естен кетпейтiн жылылық ұялатады. Таза бiр әдемi сыйласудың махаббатқа ұштасуын көремiз.

Елсiз-күнсiз биiк таудың басында, ќараңғы түнде, баспанасыз жерде оңаша екеуден-екеу қалып, панасыз қызды шекпенiне бөлей, құшағына алған Балуан қыз құшып жатырмын деген бөгде ойдан аулақ болды. Ойында тек сүйгенi Ғалия ғана болады. Ғалияға деген берiк және адал жүрек сертiнен жаңылмады. Жазушы “сексен сұлу сылаңдап тұрса дағы, Ғалияның алмаймын кiрпiгiне” деген антынан Балуанды айнытқан емес. Сүйгенiнiң сенiмдi серiгi болып, өз бақытына шамасы келгенше күресе алған, бар өмiрiн ғашығы Ғалияға арнаған Балуанның бейнесi шығармада сәттi шыққан.

3.2 С.Жүнісовтің «Ақан сері» роман-дилогиясындағы ғашықтық сарынның әлеуметтік маңызы.

С.Жүнісов Ақан өміріне қатысты барлық оқиғаларды сол қалпында суреттеп қана беруден бойын аулақ салған. Яғни тиісті көл-көсір материалдарды пайдалана отырып талдау, жинақтау жасауды көздейді. Ақан өміріне байланысты негізгі мен өткінші шындықтардың ара салмағын ажырата отырып көркем шындыққа айналдырған.

Ел арасында Ақан сері мен Ақтоқты туралы айтылып келген біраз аңыз әңгімелерді оқи отырып, «Ақан, Ақтоқты, Жалмұқан хикаясының шындығы» [39-б.] деген көлемді бір мақалаға тоқталып өтейік. Онда біршама деректер келтіріліп,айтылған мәселелер нақты фактілермен дәлелденген. Ақтоқтыны алып қашқан Ақан құтылмайтынын білген соң, Ақтоқтыны аттан лақтырып жібергендігін, оның жараланғандығын жазады. Шынтуайтында оқиға басқаша өрбіген. Ақан сері қызды алып қашқанда жаужүрек Жалмұқан мен оның серіктері артынан қуып береді. Қуғыншылар: «Айырылып қалдық-ау, құтылып кетті-ау?» деген сәтте Ақан мен Ақтоқты Есіл өзеннің алдында жатқан кәдімгі сарымиға келіп тіреледі. Осы кезде қуғыншылар да жетеді. Ақан сері аттан секіріп түсіп «маған бұйырмаған Ақтоқты, Жалмұқан саған да жоқ»,-деп Ақтоқтының қабағының үстін қанжармен орып түсіреді. Қызыл қаны аспанға шапшыған Ақтоқты талып құлайды. Бар адам жапа-тармағай соған ұмтылғанда, Ақан атына мініп кетіп отырады. Бұл оқиғаның шын мәнісінде болғанын Ақан серінің:

«Басыңды сарымида кесіп тастап,

Құныңмен даулассам ед өлгенімше», - деген сөздері дәлелдейді. Мұнан шығатын қорытынды: Ақтоқты аттан құлағанда жараланбаған. Оның айдай аппақ ақ жүзіне қанжардың мәңгілік өшпес таңбасын Ақан өз қолымен салған.

Осындай тарихи шындығы мен жазушының фантазиясы қоса өрілген көркем туынды бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды мұра.

Ақтоқтыны Ақан алғаш осы шілдехананың үстінде көреді. Асыға күткен сәтіне ақын жетеді. Топ арасынан аққудың балапанындай болып, кіріп келген Ақтоқтыны жазушы былай суреттейді:

«Бір кезде жұрттың соңын ала Ақтоқтының маңдайы жарқ етті. Өзі де айтса айтқандай-ақ екен. Тоқсан түрлі шөптің ішіндегі раушандай жайнап, көздің жауын алғандай. Тостағандай қарақат көзі танадай жарқырап, бір-ақ уыс беліне қиылған жағасыз қамзол қыналып, аппақ ұзын мойынды, жасы он жетілерге келген қыз маңайындағы құрбыларынан ерекше көрінеді. Жүріс-тұрысында еркіндік бар, өз жұртының алдында бір келісті еркелігі бар, бойындағы мінсіз көркіне әдептілігі сай келіп, еріксіз Ақанды елең еткізген» [40,46-б.].

Жазушы шығарманың өн бойында Ақтоқтыны әр қырынан оқырманына жақындата түседі, тереңірек тануымызға мүмкіншілік жасайды.

Осындай үлбіреген Ақтоқтының жүрек түпкірінде ауыр бір мұң байқалады: «Ер бала боп жүре бергенге не жетсін, шіркін... – деп жеңіл күрсініп қалды...» [40,56-б.]. Ол мұң басының бос еместігі. Әкесі Бақтыбай Сүтемгеннен Ақтоқтының қырық жетісін де алып, өрісі малға толып, қуанышы қойнына сыймай, алған малының өсімін есептей алмай әуре болып жүрген тұсы.

Тартыс – шығарма үшін аса зәру емес, сонда ғана характер дараланады, характер адамды танытады. Жазушы бұндай шешімге бірден әкелген жоқ. Осыған дейінгі екеуінің араларындағы болған кездесулердегі ақтарылған сырлардың, үнсіз жүрек ұғысуларының, кертартпа заманның кедергілерінің тоғысып барып жеткен шегі осы байламға әкеліп тіреді. Бірақ барлық жағдайдан хабардар болып отырған Жалмұқан бастаған Сүтемген ауылының жігіттері жолды торауылдап, Ақтоқтыны сүйгенінен айырады.

Ақтоқтыны алып қашқан Ақанның соңынан қуып келген жігіттер бір кездегі Ақанның әнін айтып, жаттап өскен бозбалалар. Бұған кім кінәлі? Уақыт па, жоқ Адам ба?

«Ақан – бүкіл қарауыл атын, қала берді қазақ атын аспанға шығарар ардагер емес, әрқайсысының әкесін өлтірген қаныпезер сияқты. Төніп тұрған көп тобыр, қапысын тауып айдалада жалғыз Ақанды қанға боямақ» [40,186-б.].

Қоршауда қалған қос ғашық енді күресуге дәрменсіз. Жан-жақтан садақтың оғынша қадалған мейірімсіз, қанды ауыз қасқырдың көзіндей анталаған кісәпірлер төніп тұр. Ақтоқтының ойлағаны Ақанның жанының жәбір көрмеуі еді. Есіне ақыл қылып айтқан апасы Ақтотының «Ақанды шын сүйсең, басын сыйла, текке аяқ астында мерт болмасын, Ақан көптің Ақаны, елдің Ақаны» деген сөзі түсіп:

« - Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші»,-деді. Ақтоқтының бетін қайтарып көрмеген Ақан ештеме ойламастан қолына қалай ұстата салғанын да байқамады. Ақтоқты кездікті шапанының ішіне тықты.

« - Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен. Мен үшін жүдеп мынадай ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп, Ақан сері біреу ғана қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге өлу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойынсұнар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Ақтоқты емеспін, көгендегі басыбайлы қара тоқтымын,- деп соңғы сөзін әрең құрап жылап жіберген Ақтоқты Ақанның мойнына асылып, көкірегіне соңғы жасын төгіп-төгіп жібереді» [40,186-б.].

Ақан жеңіледі, қалтасы қалың, құрығы ұзын Жалмұқан жеңеді. Қалыңдығы Ақтоқтыны ата жолымен қолына қондырады. Жазушы сол кездегі теңсіздікті, әділетсіздікті әшкерелейді.

Қорыта келгенде, арқада ән салтанатын құрған атақты әнші, ақын, композитор Балуан Шолақ, Ақан сері сияқты өмірін өнермен өрнектеген С.Мұқановтың «Балуан Шолақ», С.Жүнісовтің «Ақан сері» дилогиясы – ұлттық, халықтық сипаттағы әдеби мұра. Мұндағы ғашықтық сарын өнерді кие тұтқан ортада бірде күйініш, бірде сүйініш әкеліп, алма-кезек ауысқан көңіл толқынысын терең беруімен бағалы.



4 Әлеуметтік-психологиялық туындылардағы махаббат тақырыбы.

4.1. Романдардағы махаббат мәселесі және психологиялық талдау. Жанрлық атаулардың шартты сипаты бар. Бұл мәселені арнайы зерттеуші Л.Гинзбург XYII ғасырда жазылған мадам де Лафеттің «Принцесса Колеквекая», Шодерло де Лаклоның «Манан Лескосьен» атты шығармаларын психологиялық роман санайды [41,289-б.]. Гете қаламынан туған «Жас Вертердің қасіреті» – психологиялық роман болса, М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың қаһармандары» – аналитикалық шығарма. Сол сияқты, Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза», «Ағайынды Карамазовтар», «Нақұрыс» шығармалары аталмыш роман жанр талаптарына толық жауап береді. Қазақ әдебиетіндегі психологиялық романның алғашқы үлгісі – Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі». Жазушы адам ойы мен сезімінің сан алуан шырғалаңы мен сан құбылған көңіл-күйін батыл да шынайы, қарама-қайшылықты жағдайда көрсетеді. Қазақ әдебиетіндегі әр кезеңдерде туған «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ақжайық», «Қан мен тер», «Ақан сері» – әлеуметтік-психологиялық роман міндетін көтерген туындылар.

Адам жанының әр қилы күй-сезімдерін көрсететін махаббат тақырыбы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», С.Мұқановтың «Адасқандар», С.Шаймерденовтың «Инеш», З.Шашкиннің «Доктор Дарханов», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ө.Қанахинның «Құдірет», І.Есенберлиннің «Ғашықтар», «Алтын құс», «Махаббат мейрамы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Б.Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр», Ә.Таразидің «Бұлтқа салған ұясын», Р.Тоқтаровтың «Бақыт», «Тұлпардың сыны», Р.Сейсенбаевтың «Шайтанның тағы», Ш.Құмарованың «Әйел шырағы», «Сезім патшалығы» т.б. романдарында көрініс тапқан.

Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлген жазушы, халық тілінің сөз байлығын еркін қолданумен қатар, еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, характерлерді даралау, сезім, ой толғауларын көрсету дәстүрлерін ұтымды пайдаланған. Жазушының шығармашылық даралығы, әсіресе, «Ақбілек» романында айқын көрінеді. Заман сырын жеке тағдырлар арқылы ашатын роман жанрының ерекшелігі туындыда толық берілген. Ақбілек қазақ қыздарына тән табиғатымен, мінез-болмысымен, парасатты әйел-ана ретіндегі қасиетімен көрінеді. Осы арқылы қаламгердің де ішкі рухани еркіндігі мен ой бостандығы байқалады. Бұл сипат сол кезең жазушыларының бірқатарына («М.Жұмабаев «Шолпанның күнәсі», М.Әуезовтің «Қаралы сұлу») ортақ болды.

Кейіпкердің ішкі жан дүниесін бейнелеу, оның психологиялық негізін ашу тек оны суреттеудің бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге, адамның іс-әрекетін түсіндірудің себептік қызметін (мотивировка) атқаруымен де маңызды. Осы мақсатта жазушы психологиялық талдаудың түрлерін – авторлық анықтама, баяндау, сол арқылы жасалатын автордың немесе кейіпкердің естеліктері, монолог түрлерін қисынды пайдаланады. Мәселен, Ақбілектің монологы оның психологиялық жай-күйін ашатын авторлық баяндаудан басталады. Бұл монологтың ерекшелігі – кейіпкердің жеке басының моральдық-психологиялық ерекшеліктерімен қатар, Ақбілек ұрынған жағдайдан да туындайды. Ақбілектің аянышты зарына ұласатын монологта адам тағдырына немқұрайды қараған табиғаттың безбүйректігі көрсетіледі: «Ей, тәңірім-ау! Осы келе жатқанда бір қазаға ұшырап кетсемші! Астымдағы ат омақасып, астында тіл қатпай қалсамшы!..» [42,202-б.].

Ж.Аймауытов реализміне ажар қосып, оқырман көңілінен шығуға ықпал жасайтын күш – психологиялық талдау ерекшелігі, яғни адам көңілі әуені мен мінез-құлқын, ішкі сырын нәзік әрі терең баяндауға бейімділік, зергерлік. Қаламгердің адамның жан дүниесіне терең бойлайтын ерекшілігі кейіпкер бітімін табиғи жасауда шынайы көрініс береді.

С.Мұқановтың «Адасқандар» романы 20-жылдары болып жатқан әлеуметтік жағдайды сәтті бейнелеген, Бүркіт пен Бәтестің махаббат трагедиясын шынайы суреттеген туынды. Романның формалық жаңалығы – күнделік-сыр түрінде жазылғаны. 30-жылдары қазақ әдебиетінде бұл форма әлі қалыптаса қоймаған. Шығармада суреттелетін Бәтес пен Бүркіттің алғашқы кездесуден-ақ, тіл табысуын Бәтестің күнделігінен көреміз. Екеуінің бала махаббаты есейе келе, ыстық сүйіспеншілікке айналады. Шығармадағы Бәтесс- үлкен махаббаттың иесі, тартысты тағдырдың тауқыметіне ұшырап, сезім сергелдеңіне түседі. Сүйгеніне қосылуына етектен тартқан ескілік мұрша бермей, араға киліккен Мүсәпірдің әрекеті сүйгенінен айырады. Тағдыр талауына түскен Бәтес адасып, сүймеген адамына қосылады. Бүркітті ұмытпаған Бәтес оны көруді армандайды. Әрі осы ойын Еркінге ашық айтады.

Жазушы шығармада Бәтес пен Бүркіттің көңіл-күйлерінің әр қилы сәтін табиғатпен астастыра береді: «Қайырлы болсын!» -деп, Шолпан көзін қысты. Сауысқандар әлденеге неге таңдайын қақты. «Сыбырласыңдар, армансыз сыбырласыңдар, мен тірі жанға айтпаймын!» дегендей, нақ сол арада жел тұрып, қамысты шулата бастады. «Біз сені жасырайық, қорықпа!» дегендей, шық қалыңдап, жер жүзі аппақ теңіз болып кетті» [43,53-б.] десе, ал енді алда болар жаманшылықтың хабарын да осы табиғат арқылы сездіреді: «Армансыз сүйісіңдер, енді жолығар, жолықпастарыңды кім біледі» дегендей, жұлдыздар көзін жұмып, бір жағын бұлт қоршалай, бірге жаралмаған дене бөлшектігін жасады. Жел үдей түсті. Құлағыма мұңды, ащы бір күй естілді» [43,283-б.].

«Адасқандар» романы - С.Мұқановтың проза жанрына түбегейлі бет бұруының ғана емес, қазақ әдебиетінде қара сөздің қасиетін биіктеткен айырықша туындысы.



4.2 Қазақ романдарындағы психологизмнің сүйіспеншілікті танытудағы қызметі. Қандай шығарма болмасын әсерден туады. Суреткер сезіміне сырттай түрткі болатын әсерді ой елегінен өткізгенде ғана, оқырман көңілінен шығатын шығарма туады. Сондай ой талқысынан туған шығармалардың бірі – махаббат пен жастық кездің қызығынан тұратын студенттік өмірді суреттеген С.Шаймерденовтің «Инеш» романы. Шығармада Мәулен мен Инештің арасындағы махаббат, олардың айналасындағы дос-құрбылары, Инеш тәрбиеленген орта көрінеді.

Инеш өз айналасындағы адамдардың бар қылығын Мәулен бейнесімен салыстырып отырады. Өз сүйіктісінің бойынан мін таппайтын ғашықтардың қасиеті оған да тән. Мәуленнің өзімен бірге өмірдің бар қызық-ауыртпалығын көтеріп, бірге болуын қалайды. Өзгелерге ақылшы, пана болып жүрген, өмірдің ащы-тұщысын көп татып, шираған, жатқа паң, жақынға бауырмал Гүлшат сияқты досының қасында Инеш тым нәзік те ерке.

Романда балапанын қорыған құстай Инешті аялаған анасы Мәдиненің, ақкөңіл, мейірімді Әсем әженің, жартыны жарып, бүтінді бөліп жеген құрбысы Гүлшаттың бейнелері нанымды жасалған. Оқуын бітірген Инеш еркелікті тастап, бірбеткей мінезіне басып, ешкімнен жәрдем күтіп, кішірейместен, ауылға, өз болашағын жасауға аттанады. Өзін шығарып салуға келген Гүлшатпен қимай қоштасады. Инеш өз қатесін кеш болса да, түсініп, өзін қоршаған, аялаған адамдардың жақсылығын енді түсінеді.

Әр түрлі сезімдерді бейнелеу үстінде кейіпкердің жан дүниесінде болып жатқан психологиялық құбылыстардың ішкі күресі ашылады. Романда Инеш сезіміндегі қарама-қайшылықтар бірте-бірте сейіліп, өз қалауының, жүрек соғысының үніне құлақ қоюы, өз-өзімен сырласуы – қаламгер шығармашылығына тән сыршылдықты аңғартады.

С.Ерубаев шығармаларының негізі – драма. Шығармадағы образды биікке көтеру, адам психологиясын ашу, әр кейіпкердің даму ерекшелігін суреттеу де қаламгердің «Менің құрдастарым» романына тән. Роман жөнінде ғалым Т.Кәкішев: «Саттар Ерубаев та нағыз жазушының ынта-тілегі, поэтикалық ерекшелігі бар еді. Сондықтан да ол нақтылы өмір материалдарына көркемдік кеңдік жасау арқылы бірден-бір дұрыс жолмен жүрді»,- деген пікірі мейілінше дәл айтылған [44-б.].

«Менің құрдастарым» романының құрылымы өмір материалдарына да, авторлық нысанаға да ортақ жасалған. Бірінен-бірі туындап отыратын оқиғаның өрісі нақты байқалмаса да, орталық қаһармандарға тиісті өмір сатылары тыс қалмайды. Мұндағы әрбір құбылыс кейіпкердің өсу, мінез қалыптастыру жолдарынан хабардар етеді. Шығармадағы әрбір эпизод, тараулардың көтеріп тұрған идеялық жүгі бар. Мәселен, Рақметтің Ленинград тау-кен институтында оқыған кезін әңгімелеу осындай ниеттен туған. Рақмет пен Лиза қарым-қатынастары арқылы екі жастың әлеуметтік алшақтықтары сонша аңғарылмайды да. Керісінше, жаңа дәуірдің адам санасына әкелген орасан өзгерісін, екі жастың бір-біріне іңкәрлігін көрсету үстінде ерекше мәнге ие болған.

Романда жастардың жігерлі ұмтылыстары, олардың адам, кәсіп иесі ретіндегі қалыптасулары кең қамтылған. Рақмет, Лиза, Мырзаш, Ұлболсын, Аркаша, Айша секілді жаңа дәуір адамдарының іс-әрекеті, көңіл-күйлері нақтылы елес береді. Ескінің өзімшіл көзқарасының көпке ортақ қоғамдық көзқарасқа ауысуы, сол негізде адам бойында жаңа моральдік сапалардың тууы, Рақмет, Дәмелі, Ықылас арасындағы қарым-қатынастардан анық көрінеді. Қиын күндерде өкпеге қиса да, өлімге қимаған Ықылас Рақметті шын ажалдан сақтайды. Оның қателіктеріне Лиза да кешіріммен қарайды. Мұның бәрі дос, сүйіскен жастардың ынтымағын жарасымды көрсетеді.

Адамзаттың мәңгілік тақырыбы – махаббатты арқау етіп, бір отбасы аясында өткен оқиғалар негізінде әлеуметтік мәселелерді қозғаған, белгілі жазушы Ө.Қанахиннің «Құдірет» романы 1979 жылы жарық көріп, жастар арасында әр түрлі пікірлер тудырған шығарма болды. Өз кезінде мораль тақырыбында адамдар арасындағы түрлі қайшылықтар төңірегінде оқушысын ойландырып, сол арқылы өзіне үңілуге жетелейтін туындылардың бірі – «Құдірет» романы. Мұндағы оқиға үш адамның төңірегінде өрбиді. Олар: Гүлнұр, Ернар, Профессор Бекмырза Оразымбетов.

Жазушы романдағы басты кейіпкерлердің бірі Гүлнұрды алғаш оқырманмен былай таныстырады: «Қызыл топырағы әлі дегдіп үлгірмеген сопақ төмпешік – жаңа қабір сыпаның аяқ жағында қос тізерлеп, бір жап-жас қыз отыр. Белі бүгіліңкі, шашы жайылып, иығы салбырап, еңсесі түсіп кеткен. Егіле жылайды. Көкешім-ау, көкешім!-деп іштей де, естірте де зар илейді қыз. –Кімге тастап кеттің бізді? Артыңда сүйеніш болар кімің бар еді сонша? [45,5-б].

Мектеп қабырғасынан жаңа ғана түлеп ұшқан өрімдей жас қыз Гүлнұр өзінен отыз екі жас үлкен адамға тұрмысқа шығады. Профессор Бекмырза Оразымбетовтің көмегімен өзінің қалаған мамандығы бойынша оқуға түседі. Өмірінің негізгі бір белесін студенттік қадамымен бірге аттайды. Махаббат па? Жоқ. Кәдімгі адамгершілік сыйластық. Байлыққа, мансапқа қызығу ма? Жоқ. Гүлнұр бірден саналы түрде ондай тоғышар есепке бара қоятындай күйкі пендешілік «мектебінен» өткен жоқ болатын. Жас қыз қамқорлығын көрген, адамгершілігі биік, ел аузындағы айтулы бір азаматқа өзіне деген жылы мейіріміне орай өз еркімен тұрмысқа шығады да, он шақты жылдай ерлі-зайыптылар бақытты тұрмыс құрады. Әдепкіде Гүлнұр молшылыққа кенелген, ештеңеден кенде емес әйел сияқты болып көрінеді. Кенеттен жас келіншектің өміріне өзгеріс енеді. Ол – жас аспирант Ернар болатын. Ернар алғаш Гүлнұрды көргенде «Не деген көрік! Не деген сымбат! Құдіреті күшті табиғаттың мұншама шеберлігіне, жомарттығына не бересің? Кәдімгі Моно Лизаның өзі!» деп таңырқайды.

Ернар мен Гүлнұрдың үнсіз ұғысқандарын көпті көрген профессор бірден-ақ байқайды. Өзінің Гүлнұрға үйленуі өмірінде жіберген ең бір үлкен қателігі екенін профессор түсінеді. Өзінің жас зайыбын бақытты ете алмағанын мойындайды.

Гүлнұр көз алдында кенеттен биіктеп кетеді. Күндердің бір күнінде ол шын сезімнің, шынайы махаббаттың не екенін бүкіл табиғатымен ұғады да, жүрек қалауының құлы болады. Өмірінде жасаған қателігін түйсініп, көңіліне жұбаныш етіп келген ұғым-түсініктен біржола босайды. Жазушы кейіпкерін тауып, тағдыр қисынын дәл тапқан. Осы тұрғыдан келгенде ол мейілінше шыншыл. Сүйгенінен опасыздық көрген Гүлнұр болмысын, қайшылықты тағдырын ашып, бақытсыз әйелдің Ернардан кек алып, өзін өлімге қиюмен шығармасын аяқтайды. Сөйтіп, махаббат жарасымының, үйлесімінің бұзылуын көрсетеді. Жалпы адамға қол көтеру, қастандық жасаудың себебін ашып, адамдар арасындағы адамгершілік, шынайы сүйіспеншілік мәселелерін дәріптеуімен бұл шығарма өз кезіндегі айырықша сипаттағы туындылардың бірі болды.

І.Есенберлин туындылары өмірдегі келелі проблемаларды қамтыған, қоғамның әр түрлі салаларында еңбек етіп жүрген адамдар арасындағы қарым-қатынастарды көрсететін шығармалар. Жазушының махаббат, сүйіспеншілік сезіміне арналған «Ғашықтар», «Алтын құс», «Махаббат мейрамы» сияқты романдары өз кезінде әдебиет сыншыларынан шын бағасын алған. Бұл шығармаларда жастар арасындағы сүйіспеншілік, достық қатынастар мен қуаныш-шаттығы, мұңы мен қайғысы араласқан өмір иірімдері суреттеледі. Автордың өзі «Соңғы жылдар жазбаларынан» (1976-1983) атты топтамасында ғашықтық мәселесі жөніндегі көзқарасын былайша білдіреді: «Меніңше, бұл өмірде махаббаттан асқан қазына жоқ. Дүниеде махаббат болмаса, табиғаты сараң кісі бұрынғысынан да сараң, ал жаратылысы қатты адам одан да қатулана түсер еді. Өйткені, адамның көңілін кеңітер, жанын жібітер махаббаттан асқан күш жоқ»[46].

Қаламгер «Ғашықтар» романында Жантастың айтуымен махаббат қуанышын мынадай төрт түрге бөледі: «Бірі – мезеттік қуаныш. Ол тек өткінші ләззат сезімінен туады. Екіншісі – аз уақыттың қуанышы. Бұл бірін-бірі сүймей қосылған ерлі-зайыпты адамдардың өмір кешкен алғашқы ойлары тәрізді. Үшіншісі – екі адамның жан сезімімен, мінез-құлқымен байланысты махаббат. Бірін-бірі бір кездері жақсы көрсе де, артынан суып тоңази қалатын махаббат. Ал, төртіншісі – шын махаббат. Бұл махаббат таза ұстай білсең, мәңгі өзгермейтін махаббат. Жасың ұлғайып қартайсаң да, сол жас қалпында қалатын қасиетті сезім» [47.303-304-бб.].

Романның басты проблемасы адамдар арасындағы сыйластық қатынастардан, сүйіспеншілік сезімдерден, яғни, Жантас пен Ұлболсын, Шерубай мен Ұлболсын, Жантас пен Аяужан арасындағы әр түрлі сезімдерден өріс алады. Шығармадағы Аяужан мен Жантас арасындағы Жарастықты махаббат жастарға үлгі боларлықтай сипатымен сүйсіндірсе, Шерубай мен Ұлболсын арасындағы жағдай қазақ қыздарының тәрбиесіндегі олқылықты байқатады. Сол арқылы жастарды ойланбай жүріп от басудан сақтандырады.

І.Есенберлиннің кейіпкерлері түрліше бейнеленеді: бірде нәзік жанның жан күйзелісі жаныңды жеп, тәніңді тілгілегендей күй кешсең, енді бірде ой тұңғиығына сүңгисің, тағы бірде демін ішіне тартып сұрланған беттің сұмдығынан сескенесің. Алайда, суреткердің негізгі мақсаты – кейіпкер бейнесі мен тебіренісін оқырманға терең ашып беру. Барлық шеберлік, бояу, штрих, келбет құбылысы – бәрі осы мақсат-мұратқа бағытталған. Шығарманың сюжеттік желісін шымыр тарата білетіндігі, адам мінездерінің логикасын табиғи таныта алатындығына, әлеуметтік жағдайлар мен кейіпкердің жеке бас аңсарларының тұтас бірлікте берілетіндігі І.Есенберлин романының өзгеге ұқсамайтын даралық келбетін танытады. Бұл ғашықтар жайлы жазылған романның оқиғасы, стильдік баяндалуы өзгеше әуезді болса, Ал «Алтын құс» романындағы Ақбаян мен Сабыр арасындағы махаббат талай уақыт тезінен өтсе де, тотықпаған, сарқылмаған күйде екі жастың жүрек түбінде тұмардай сақталған қалпында суреттеледі.

Ақбаян Сабыр үшін тек алғашқы махаббаттың белгісі болған сұлу әйел ғана емес, барша тіршілігінің мұраты, баяны секілді. Ақбаянға деген Сабырдың сезімі қайта-қайта көңіл толқынысын тудырып, жанын шымырлататын кәусар сезім. Алайда, адамның сырт кескіні мен ішкі жан дүниесінің үйлесімі үнемі жараса бермейді екен. Бүгінгі Ақбаян мүлдем басқа. Қолындағы барын қанағат тұтпай, көңіл алаңы басқа бақытты іздейді. Ол сырт тұлғасы мен қызмет бабы келіскен Әлжанды көрісімен, соған айналып жүре береді. Махаббат, сезім шынайылығы дегендерді тәрк ете отырып, Сабырға деген махаббатын тіршіліктің арзан алданышына оңай айырбастай салады. Жазушы шығармасында бір-біріне қарама-қайшы адам характерлерін жасауда (мәселен, Сабыр мен Әлжан, Ақбаян мен Татьяна, Ақбаян мен Бәтима) үлкен ұтымдылық танытқан. Романда Ақбаянмен қатар бейнеленетін кейіпкердің бірі - Әлжан. Соғыс кезінде ел қатарлы қызмет атқарған, білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы. Отбасында да Ақбаяндай сұлуды жар етіп, бағы жанған адам. Ал, ішкі жан дүниесі жағынан өзімшіл, жеке бас мүддесін ғана күйттейтін тоғышар жан. Әлжанның шын бейнесі байқала бастағанда, Сабыр осындай адамға тап болған Ақбаянға жаны ашып, қатты қиналады. Осы кезде Сабырдың жанына медеу болған сыйластықпен, түсіністікпен бірге өмір кешіп жатқан жары – Татьяна. Автор шығарма соңында барша адамның жақсылыққа жаны жақын болып, бір-бірін сыйлап өту керектігі туралы ой түйеді.

І.Есенберлиннің енді бір шығармасы –«Махаббат мейрамы» романында Еркебұлан мен Жұлдыздың шынайы бақытқа қол жеткізудегі бастарынан өткерген қиындықтарын көрсетеді. Шығармадағы негізгі кейіпкерлер – белгілі ақын Асығат, әйелі Қырмызы, жалғыз ұлдары Еркебұлан. Романда Еркебұлан мен Жұлдыздың алғаш танысқан кездегі қыздың портреті былайша беріледі:

«... қос бұрымы балтырына дейін жетіп бұраңдап бара жатқан қыпша бел, орта бойлы осы бір қыз баланың түрін көрмесе де, оның ақ құба, қыр мұрын, бота көз, оймақ ауыз екеніне шек келтірмеді. Жаудыраған, қарақаттай қап-қара үлкен бота көзімен мөлдіреп қарағанда Еркебұланның ішіне біреу шоқ тастап жібергендей болды» [47,81-б]. Сұлулық әрдайым адамның жүрегіне қуаныш ұялатады. Жұлдыздың сұлулығы Еркебұланның кеудесін орасан бір сезімге билетті. Ол сезім – махаббат, қуанышы, махаббат мейрамы еді.

Әр жазушы әдебиетке әр қырынан келіп, өзіндік өрнегін қалдырады. Жазушы Б.Нұржекеев қаламынан туған шығармалар әр түрлі тақырыптарды, негізінен, адам бойындағы бақыт пен сәтсіздік, өкініш пен үміт, қуаныш пен қайғы секілді мәселелерді қамтиды.

Б.Нұржекеев туындыларында әйел психологиясының қат-қабат иірімдеріне тереңдеп, махаббат сезімін дәріптейді. Жазушы шығармаларында әйел кейіпкерлердің әлемі, қоғам мен тұрмыстағы орны, мінез-сипаттары кестелі бейнеленеді. Қаламгердің «Күтумен кешкен ғұмыр» романының басты сюжеттік желісі суан елінің әнші-сазгер жігіті Әтікеннің жастық өмірі мен әншілік өнеріне байланысты оқиғаларға құрылған. Шығармада қилы заманның зардабынан өспей жатып өшкен өнерлі жігіт Әтікеннің өмір талқысына түсіп, одан кейінгі жағдайы беймәлім қалған тағдыры, өмірлерін үмітпен, күтумен өткізген ата-анасы мен жары Қайныкештің жағдайлары суреттеледі. Ата-анасы арманды күйде көз жұмса, Қайныкеш Әтікеннің әнмен арнап жазған хабарын естіп, сүйіктісін көре алмаса да, ғазиз жүрегі әнмен табысып жатып, тыным табады. Шығармаға арқау болған әйелдер - әр түрлі тағдыр иесі. Қайныкеш - Әтікеннің ғашық жары, Жамалхан - Әтіке мен Қайныкешті таныстырушы, табыстырушы, Қайныкештің сырлас жеңгесі. Әуес - әнші Әтікенің бір көргеннен құлай ұнатқан ашынасы, Қайныкештің рулас апасы. Бүбіш - Әтікенің жолдасы Сейітбатталдың ұнатқан қызы.

Осылардың бәріне ортақ бір қасиет бар. Ол - әрқайсысының бойынан табылатын, қазақ қыздарына тән парасаттылық, байыптылық, әсемдік пен пәктік. Осындай биік қасиеттерді қыздарының бойына сіңіріп, олардың жүрегіне ұялата білген – аналар. Қай халықтың да жас ұрпақты тәрбиелеу дәстүрі сол халықтың мінез-құлқына, сана-сезіміне, салт-ғұрпы мен дүниетанымына байланысты болған. Ең алғаш Әтіке мен Қайныкешті қарағай ішінде қыз-келіншектермен рауғаш теріп жүргенде таныстырып, тілекші болған Жамалхан – халқымыздың салтына лайық алынған жеңге бейнесі. Автор шығармасында қайын сіңіліге ат қою, атасының атын, руды атамау, қыз бен жігіт арасына дәнекер болу, саптауы терең, мағыналы сөз айта білу т.б. үрдістерді мол көрсеткен.

Романдағы Бүбіжан бейнесі арқылы әдептілікті, инабаттылықты насихаттайды. Бұған автордың адамгершілік мұраттарының бірі – әдептілікті баса суреттеуінен көз жеткіземіз.

Жалпы, қаламгер замана шындығын, кейіпкерлердің бітім-болмысын, ішкі жан дүниесін, әр қилы тағдырларын, жастар арасындағы сүйіспеншілік сезім иірімдерін терең суреттеп, ұлттық таным-тәрбиеге үлес қосқан деген түйін жасаймыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет