ӘӨЖ. 813 67.332.1
ӘДЕБИ ТІЛДІҢ НОРМАЛАРЫН ИГЕРТУ
Кошекеева Г.Р. - Қазақ тілі әдебиеті мамандығының магистранты
Ғылыми жетекшісі: Жапбаров А. – п.ғ.д.,профессор
«Сырдария» университеті, Жетісай қаласы
Резюме
Обмен исследований учеными предносылок уровня развития нормы казахского литературного языка. Повышение культуроного уровня языка молодого поколения.
Summary
A manifestation a prerequisite for the level of development of the Kazakh literature language norm of sciences in researches. The younger generation to increase of the language culture.
Тілдік нормалар - тарихи құбылыс. Нормалану үдерісі үздіксіз жүріп отырады. Бірақ ол үдерісті жеделдететін кез – әдеби тілдің еркін, жан-жақты даму жолына түскен кезі. Әдеби тіл пайда болғанда, халық тілінде бар дөрекілікке тыйым салына басталады да, таңдау, талғау күшейеді. Соның нәтижесінде әдеби тіл белгілі жүйеге түскен тіл болып табылады.
Сөйлеу мәдениеті мен ондағы әдеби тілдік нормалардың түрлері, оларды қалыптастыру ғалымдар арасында пікірталас тудыруда. М.Н. Әбдіхалықов, Б.С. Күнтуарова, Л.А. Парфеновалардың авторлығымен шыққан «Сөздік қатынас негіздері» кітабында әдеби тілдің нормаларының төмендегідей ерекшеліктерді ұсынады:
салыстырмалы тұрақтылығы;
тарлымы;
жалпылама қолданылуы;
жалпыға бірдей міндеттілігі [1].
Сонымен қатар, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайреткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Маулен Балақаев қазақтың әдеби тілін нормалаудың үш түрлі жолын көрсетеді:
1. Тілдің ілгері даму процесінде оның ішкі заңдарына негізделген жүйелілік пайда болады. Оларды қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық қағидаларынан анық көруге болады. Мысалы, әдеби тіл болмай тұрғанда, қазақ тілінің дыбыстар жүйесінде "үндестік заң" тиянақты орын алатын, морфологияда септеулер жүйесі негізінен бір ізге түскен болатын. Мұндайлар тілдің "табиғи" даму процесінің жемісі деп есептеледі.
2. Сондай тілдік дәстүрлерді әдеби тіл бекемдей түсті де, сөйлеу тілінде бар шашыраңқылықты, алауыздықты жою, тілдік нормаларды орнату процесі жүріп жатты. Ол үшін әдеби тілді пайдаланушылар арасында тілді нормалауға бейімделген жалпы бағыт, дұрыс бағдар болды.
3. Халық тілдері мен ұлт тілдерін ілгері дамыту туралы партия мен үкіметтің дұрыс саясаты негізінде әдеби тілді нормалауға бағытталған көптеген жұмыстар жүргізілді: графика, орфография, пунктуация, терминология мәселелері шешілді; түрлі-түрлі сөздіктер жасалды, практикалық және ғылыми грамматикалар жазылды; баспа орындарында редакторлар жұмысы жақсарды. Бұлардың бәрі — тілді ресми түрде, әдейілеп нормалауға бағытталған жұмыстар.
Сөйтіп, сөздің айтылуын, жазылуын, жұмсалуын, тілдің грамматикалық құрылысын мүмкін болғанынша бір қалыпқа түсірудің, тұрақты етудің мәні зор: сонда тілде дәлділік, айқындылық күшті болады, тілдің икемділік қасиеті артады [2].
Қазақ әдеби тілінің сөз байлығы жалпы халықтық қасиеті бар байырғы және өзге тілдерден ауысқан сөздерден, ғылымның, өнер-білімнің, техниканың, саясаттың, мәдениеттің... әр алуан терминдерінен құралады.
Сөйлеу тілі мен әдеби тіл тығыз байланыста болатындықтан, екеуіне де ортақ сөздер көп. Бірақ сөйлеу тілінде олар ауытқығыш, құбылмалы болады.
Тіл нормалары ғалымдар ойдан шығарған мәселе емес. Олар тілде өтіп жатқан заңды процестер мен құбылыстарды бейнелейді жөне сөйлеу тәжірибесінде қолдау табады. Тілдік нормалардың негізгі көздері - олар классик және ңазіргі заманғы жазушылардың шығармалары, көпшілік ақпарат құралдары, тілші-ғалымдардың ғылыми-зерттеулері.
Бұл нормалар әдеби тілге өзінің тұтастығы мен жалпыға түсініктілігін сақтап қалуға көмектеседі, әдеби тілді түрлі диалектілер мен жаргондардың тасқынынан қорғайды.
Тілдік нормалар - тарихи құбылыс. Олар қоғамда болып жатқан құбылыстардың әсерінен өзгеріске ұшырап отырады. Өткен ғасырда, тіпті осыдан 15-20 жыл норма болған нәрсе, қазір одан ауытқушылық деп қабылданылуы мүмкін. Кейбір сөздердің қолданылу нормалары да өзгерді.
Әдеби тілді өзгерту көздері:
- күнделікті ңарым-қатынас тілі;
- жергілікті говорлар;
- қарапайым тіл;
- кәсіби жаргондар;
- басқа тілдер.
Норма нұсқалары қазіргі заманғы түрлі бағыттағы әдеби тіл сөздіктерінде көрініс табады.
Нормалаудың үш дәрежесі бар:
дәрежедегі норма - қатал, нұсқаларды мойындамайды.
2 дәрежедегі норма - бейтарап, тең мағыналы нұсқаларды қолдануға болады.
3 дәрежелі норма - жылжымалы, қарапайым және ескірген нұсқаларды да пайдалануға рұқсат етеді.
Әдеби тілдің нормаларының тарихи ауысулары - заңды, ешкімнің еркіне, көңіліне байланыссыз, объективтік құбылыс. Қоғамның дамуы, өмірдің әлеуметтік қалпының өзгеруі, жаңа дәстүрлердің пайда болуы, адамдар арасындағы байланыстардың дамып-жетілуі, әдебиет пен көркем өнердің әсері - міне, мұның барлығы әдеби тіл мен оның қалыптарының жаңаруына
әкеліп соғады.
Әдеби тілдің нормаларын қандай да болмасын бұзушылықты тыңдаушылар тез байқайды және оған қарсы шығады. Мәселен, жұмыс барысында қолданылатын құптау сөздердің бопты, мақұл түрлері қолданылуы мүмкін. Бұл өздеріңіз тыңдап отырғандай тілдік норманың дамуына өрескел қарсыласу.
Сөйлегенде төрт түрлі норманы сақтау қажет.
грамматикада (грамматикалық нормаларды);
сөз қолдануда (лексикалық, сөздік);
- айтылуда (орфоэпиялық);
- екпінде (акцентологиялық).
Грамматикалық нормалар бұл әр түрлі сөз таптары мен синтаксистік құрылымдарды пайдалану ережелері.
Грамматикалық бұрмалаушылықтары бар сөйлемдерге қарағанда грамматикалық жағынан тура сөйлемдердің мағыналарын түсінудің жеңіл екендігі тәжірибе жүзінде дәлелденген.
Грамматикалық норманы бұзу көбінесе септік жалғауларды дұрыс қолданбауға, тәуелдік және жіктік жалғауларды дұрыс қоспауға байланысты болып келеді. Кейде зат есімнің көпшілік жалғаулары мен сан есімді дұрыс байланыстырмайды. Сонымен қатар, мағыналық стильдік қызметі бар ерекшеліктерді пайдалану нормадан жөнімен ауытқу болады. Мысалы:
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша отырман болсқа зарлап!. (Абай).
Лексикалық нормалар сөйлеу барысында, жазуда сөздердің дұрыс пайдаланылу ережелерін тағайындайды. Сөз адам санасына дәл, өз мағынасына сәйкес, басқа сөздермен үйлесімді түрде қолданғанда ғана әсер етеді. Сөздерді қолдану нормаларының болмашы ғана бұрмалануының өзі де адамға жағымсыз әсер етеді. Сөздерді орынды қолдану үшін де алдымен адамның сөздік қоры бай болуы қажет. Ол сіздің ең алдымен сауатты, мәдениетті, жоғары санатты адам екеніңіздің көрінісі болмақ.
Осы тұрғыда негізге алынатын мәселелер, сөйлеу кезінде жаргон, дөрекі, былапыт сөздерді қолданбау және шет тілден енген термин сөздерді дұрыс қолдану. Әсіресе, терминдік мәні бар сөздердің орысша-қазақша нұсқауларын араластыра қолдану әдеті.
Орфографиялық, орфоэпиялық нормалар. Сөз адам санасына айту, яғни дыбыстау арқылы жетеді. Айтылған сөз орфоэпиялық нормалардан тыс қалса, онда тыңдаушыға кері әсер етеді. Нәтижесінде айтылған сөз түсініксіз, не болмаса мағынасы толық ашылмай қалады. Себебі, бұл нормаға бағынбаған сөздер жартылай, әріптері толық айтылмау, бір сөз бен екінші сөзді біріктіріп айту арқылы сөйлем мағынасын жоғалтады. Ал, орфографиялық норма - жазу барысында сөйлемдердің тілдік заңдылықтарға сүйене отырып орындалуы. Кез келген құжат немесе хат жазу кезінде оқырманға түсінікті болу үшін, сөйлемдер нақты, қалыпты деңгейде орындалуы тиіс.
Біздің жазу мәдениетімізді төмендетіп, нормаға түсе алмай жүрген сөз-
дердің бір тобы – біріккен сөздер. Мұның басты себептері: бірі – баспа қызметкерлерідұрыс, сауатты жазуды құнттамайды, екіншісі – тіл мамандарының бұл туралы ережелері тайғанақ, тұрақты емес.
Жазуымыз тұрақты, жұрттың жазу мәдениеті жоғары болу үшін баспа орындарына сауатты жазу талабын күшейтумен қатар, ресми орфографиялық сөздіктерде бірізділікті дәріптейтін болу керек.
Қазіргі таңда, тіл мәдениетінің өзекті мәселелерін зерттеуде М. Балақаев еңбегі елеулі. Академик ғалым сөйлеу мәдениетіндегі келелі мәселелер мен ондағы тілдік нормалардың атқаратын қызметтерін қарастыра келе, теориялық мәліметтермен қамтиды, педагогика ғылымдарының профессоры, доктор, әдістемеші ғалым А. Жапбаров мектептің базалық сыныптарында оқушыларға әдеби тілдің нормаларын игерте отырып тіл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін дамыту әдістемесі тұрғысынан зерттеулер жүргізіп, түрлі әдіс-тәсілдерді ұсынуда.
Әдеби тілдің біртұтастығын тілдегі бірсарындық деп түсінбеу керек. Оның қоғамдық қызметінің әр алуандығы, жұмсалу орталығы, құралдық қызметі шоғырлана келіп мынадай стильдік тармақтар паайда болып отыр. 1. Көркем әдебиет стилі; 2. Публицистикалық стиль; 3. Ғылыми-техникалық әдебиеттің стилі; 4. Ресми іс қағаздар тілінің стилі; 5 оқу-ағарту және педагоигкалық әдебиеттің стилі [2, 266 б.].
Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктеріне лайық тілдік қорлары бола тұра, бәрінің де өзара қарым-қатынасына қарай өзгерістер де болады. Сондай орайда дамыған әдеби тілдің стильдік тармақтары неғұрлым сараланған, жетілген болса, әдеби тілдің де дәрежесі соғұрлым биік болмақ.
Әдеби тілдің басты сипатының бірі – оның қоғамдық қызметінің әр алуандығы. Әдеби тіл – қоғамдық құбылыс. Әр қоғам оны өзінің мақсат-мүддесінің құралы етіп жұмсауға тырысады. Қазақ әдеби тілі әдебиеттің, мәдениеттің, оқу-ағарту істерінің, ғылыми-саяси әлеуметтік жұмыстардың құралы болуымен қатар солардың дамуына ықпалын тигізеді. Әдеби тілдің осылай қоғамдық қызметі артып, оның халық тілімен, халықтың бұрын-соңғы әдеби мұраларымен байланысы күшейіп, даму нәтижесінде оның екі түрі қалыптасты: бірі – баспасөз тілі – жазба әдеби тіл де, екіншісі – ауызекі сөйлеу тілінің әдеби формалары.
Бұл екі форма қазақ тілінің мәдениетіне ерекше әсерін тигізеді. Оның маңыздылығын арттыру үшін, алдымен кәсіби мамандардың құзыреттілігін арттыру қажет. Білімді де, білікті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында алғышарты үздік мамандар. Әлеуметтік желілермен бұқаралық ақпарат қызметтердің дамыған заманында тіл кемістігінен азат болу, қазақ әдеби тілінің нормаларын сақтап қалу, оны ары қарай қырландыра дамыту педагог мамандардың қолында [3].
Бұл тұрғыда, арнайы мамандар даярлап отырған жоғарғы оқу орындарына жүктелген «Қазақстан – 2050» даму стратегиясына сәйкес жаңашыл мамандар даярлау саясаты зор ықпал етпек. Қоғамда қызмет атқарып жатқан жетекші мамандар, өзінің кәсіби шеберлігі, заманауи дағдыларын қолдана отырып мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақты тілі мен діні нық азамат пен азаматша етіп тәрбиелеуіне негіз болмақ.
Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздықова соңғы жылдары ХІХ ғасырдан бұрынғы қазақ өлең-жыларын, олардың тілін зерттеуге көп күш салып келді. Олар авторлары белгілі жырларды көркем поэзия деп бағалапн, олардың стильдік ерекшеліктерін, кейбір көркемдік сапаларын, ауыз әдебиетіне ұқсастық-айырмашылықтарын, тіл тазалығы мен ала-құлалығын, өзара ауыс-түйісін сөз етеді. Өлең жолдарында кездесетін кейбір тіл орамдарына тамсанып, таңдай қағады. Солардың бәрі орынды, авторлардың зерттеулері мардымды, олар өз дәрежесінде ескі әдеби мұралар тілін зерттеуге қосылған елеулі табыстар екені даусыз. Ол еңбектердің дау туғызатын жері – о баста хатқа түспеген өлең жырлар тілін «әдеби тіл» деп тануы. Мақсат оларды айырып тану болмай, әйтеуір әдеби тілдің тарихын әріден бастап, оның желісін сіңірдей созып, ХV ғасырға қарай тарту керек болған тәрізді. Соған сәйкес, Қ. Өмірәлиев «әдеби тіл дегеніміз – әдебиеттің тілі» деп таныса, Р. Сыздықова ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі әдебиеттер тілін «ауызша әдеби тіл» деп таниды [4].
«Кен байлығы – жерде, сөз байлығы - елде» екенін жақсы білетін ақын-жазушылар және басқа қалам қайраткерлері сол байлықтарды әдебиетке емін-еркін ендіріп келеді. Енді әдебиеттің, ең алдымен көркем әдебиеттің, көп табысының бірі – халық тілі байлықтарына кенелгендігі дей аламыз.
Өз өмірінің аса қымбат «дәулеті» - ана тілінің байлықтарын талғап, дестелеп, пайдалану үшін адам алдымен сол тілді қастерлеуі керек. Сол сезім ақын Ә. Тәжібаевтың аузына мынандай сөз салыпты:
Туған тілім-тірлігімнің айғағы,
Тілім барды айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілі, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Тілсіз хайуан – бишара
Бишараға не шара?...
Ана тілін тірлігінің тірегі етемін деген ақын-жазушылар үшін ол – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, - сонымен қатар көрікті, көркем нақышқа толы туындыларының да бірден-бір құралы. Сол көркем туындылар арқылы біз тілге тиеп етіп отырған әдеби тіл мен тіл мәдениетінің дамуына тигізер шарапаты үлкен болмақ.
Әдебиеттер
М.Н. Әбдіхалықова, Б.С. Күнтуарова, Л.А. Парфенова. Сөздік қатынас негіздері. –Астана: «Фолиант» баспасы, 2007 ж. -369 б.
М. Балақаев. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: «Арыс» баспасы, 2008 ж. 574 б.
А. Жапбаров. Оқушылардың сөздік қорын байыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. –Алматы: «Арыс», 2007 ж. -249 б.
Р. Сыздық. Қазақ әдеби тілінің тарихы. –Павлодар. С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеті, 2010. -400 б.
Достарыңызбен бөлісу: |