ӘОЖ 82:72
Б-45 АБАЙДЫҢ ӘН ӘЛЕМІ
Бердишева А.О.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Өз заманынан озық туған Абай Құнанбаев- қазақ жазба мәдениеті мен музыка өнерін биік сатыға көтеріп, не бір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған, шын мәніндегі көркем поэзия мен ән жанрына жаңашылдық сипат, өміршең рух берген, сөйтіп тек қазақ даласына ғана емес, бүкіл Шығыс халықтарына танымал болған ұлы тұлға.
Абайдың Ақан, Біржан, Мұхит, Жаяу Мұса, Ықылас, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тоқа т.б. өнерпаз замандастары тәрізді артына қалдырған мол музыкалық мұрасы арқылы қазақтың ән- күй жанрына қоскан үлесі зор.
Қазақ халқының ғұлама ақыны,ойшылы, ағартушысы және композиторы Абай Құнанбаев бала кезінен өлеңге, ән- күйге әуес болып,ертегі- аңыздарды әжесі Зереден тыңдап өсті.
Абай алғаш сауатын ауыл молдасынан ашса,кейін әкесі Құнанбай Семей медресесіне оқуға жіберді. Медреседе астрономия, математика сияқты ғылым салаларымен танысумен қатар, араб- иран әдебиетін тереңдетіп оқиды. Орыс тілін өздігімен оқып үйренеді. Орыс тілін білу, орыстың классикалық әдебиетін меңгеруге жол ашады. Орыс аудармасы арқылы Батыс Европаның әдебиетімен және философиясымен танысады.
Абай ән- күйдің адамның сана сезімі мен жан дүниесіне әсерін:
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оранған мәні оятар»,- немесе:
«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» -деп өнерді сүюге үндеді.
Абай ән- күйді сүюмен қатар, оның әділ сыншысы, әрі жанашыры да бола білді.Бұл жайлы ол:
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын тесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар», - немесе:
«Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен» -деп, ән- күйді шығарушыға да, тыңдаушыға да үлкен талғампаздық жүктейді.
Абай өзінің ұлағатты ой пікірін халқына жеткізудің бірден- бір жолы ән өнері екенін жақсы сезінді. Абай поэзияның тілі жетпеген жерде өлеңге ән қосты, өйткені музыканың поэзиямен қосылғанда күші арта түсетінін білді. Осылайша, Абай халқымен өлең тілімен қатар, музыка арқылы да тілдесті.
Академик А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде былай дейді: «Өз заманындағы ән- күй шығарған халық композиторлары сияқты Абай да нота сауатын аша алмады. Ол өлең, қара сөздерін қағазға түсіріп қалдырса, музыка жөнінде мұндай мүмкіндігі болмады. Өйткені, Абай өмір сүрген кезеңде қазақтың музыкалық жазба мәдениеті жоқ еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа ән- күйлері сияқты ауыздан- ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті».
Зерттеушілердің деректері бойынша, Абайдың шамамен вариант нұсқаларымен қырыққа жуық әндері бар. Олардың кейбірін атар балсақ: «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Сен мені не етесің», «Қор болды жаным», Біреу- міреу артылса», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Ата анаға көз қуаныш», «Сүйсіне алмадым,сүйіндім», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сұрғылт тұман», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Татьянаның әні», «Татьянаның хаты», «Амал жоқ қайттым білдірмей», «Онегиннің хаты», «Онегиннің өлердегі әні», «Көңіл құсы құйқылжыр», «Ішім өлген, сыртым сау», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Желсіз түнде жарық ай», «Қарашада өмір тұр» т.б. әндері бар. Бұл әндердің әрқайсысының бірнеше варианттары бар.
Абай әндерінің мелодиялық дамуы біркелкі кең, созылып айтылса, кейбіреулері қысқа речитативті болып, ал кейбіреуллері ариоза характерінде қалыптасқан. Әндердің ырғақтық және өлеңіне үндестік, интонациялық құбылысы да мәнерлі, түсінікті.
. Бұл насихаттаушылар Абайдың әндерін халық арасына таратқанда әр жерде әртүрлі орындалғандықтан, соның нәтижесінде Абай әндерінің көптеген нұсқалары пайда болғаны белгілі.
1920 жылдары Абай әндерін, алғаш фольклоршы-этнограф А.Бимбоэс, кейінгі жылдары А.Затаевич халық аузынан жазып алды.
Абайдың әндерімен қатар, «Торжорға» және «Май түні» атты күйлері де бар. «Торжорға» күйін Ғ.Сармурзин деген күйші 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын аулында жылқышы, әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Абдрахман Верный қаласындағы ауруханада жатқан кезінде, оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абайдың баласы екенін білген соң, Дәт Абайға дұғай- дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады.
«Торжорға» күйі туралы М.Әуезовтың «Абай жолында» да айтылған. Абай күйлерінде қазақ әндерінің сарыны бар. Абайдың кейінгі уақытта табылған «Майда қоңыр» атты күйі иірімі жағынан Абайдың басқа күйлерінен күрделірек болып келеді.
М.Әуезов Абайдың ұлы ақын, ойшыл, әрі композитор ретінде қалыптасуына "Үш ұлы бастау" әсер еткен деп атап көрсеткен:
Үш ұлы бастау
1. Қазақ халқының жазба және ауыз әдебиеті, халық музыкасы
2. Шығыс елдерінің классикалық музыкасы
3. Орыс мәдениеті(Батыс мәдениеті )
Осы тұжырымдардың Абайдың музыкалық шығармашылығының қалыптасуына да тікелей қатысы бар.Әрқайсысына жеке тоқталсақ:
1. Абайдың ғұмыр кешкен кезеңі XIX ғасыр – классикалық, халықтық музыканың қалыптасып, халық музыканттарының өнері шарықтаған, қазақ музыкасының "Алтын ғасыры" атанған кезеңі болатын. Абай заманында Құрманғазы, Тәттімбет,Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса т.б. әнші- күйшілер өмір сүрді.
Абай халықтың ән -күйлерін және аспапты музыкасын жетік білген. Оған дәлел, Абай аулында әрқашан ән -күй үзілмеген. Абай көптеген ақындармен, әнші-күйшілермен кездесіп, оларды ұйып тыңдап, өнерлерін жоғары бағалаған. Тіпті, атақты Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет сынды өнерпаздар Абай ауылының қонағы болып, өнерлерін көрсетумен қатар, Абайдың да әндерін тыңдап,бір- біріне баға беріп отырған. Осындай кездесудің нәтижесінде Біржан сал Абайдың "Мен көрдім" өлеңіне ән шығарып кеткен.
Халық музыкасынан терең тамырланған ортада тәрбиеленгендіктен, Абайдың алғашқы әндерінің кейбірі құрылымдық жағынан халықтық негізде жазылған. Мәселен, "Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа" деген әнінде Арқаның ән дәстүрі байқалады. "Мен көрдім ұзын қайың құлағанын" әнінде де халықтық сарын басым.
2. Абай араб,парсы, түрік тілдерін жетік білгендіктен Омар Хаям, Хафиз, Рудаки, Низами т.б. шығармаларын түпнұсқасында оқиды. Шығыс әуендерінің лирикалық сарыны Абайдың әндеріне де өз ықпалын тигізді.
3. Абайдың ақындығына және музыкалық шығармашылығына үлкен қозғау салған орыстың демократиялық ойы мен әдебиеті және орыс музыкасы болды. Қазақ жеріне жер аударылған революционерлер Михаэлиспен, Леонтьевпен достасқан Абай орыс достарының көмегімен орыстың атақты А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А. Крылов сияқты ақындарының шығармаларымен кеңінен танысты. Кей шығармалардан үзіндіні қазақшаға аударып, оларға ән шығарды. Абай аударған Пушкин, Лермонтовтың өлеңдері қазақ халқына Абайдың әндері арқылы танылды. Орыс ақындарының шығармалары Абай аудармаларында әуенімен бірге ерекше бір көркем және ұлттық сипатқа ие болды.
М.Ю.Лермонтовтың неміс ақыны Гетеден орыс тіліне аударған өлеңнің сөзі Абай жүрегін билегені соншалық, ақын ол өлеңді қазақ тіліне аударып, өзінің "Қараңғы түнде тау қалғып" әнін шығарады. Мұнан басқа А.С.Пушкиннің "Евгений Онегин" поэмасынан "Татьянаның хаты", Дельвиг пен Глинканың "Сұрғылт тұманын" аударып, оларға ән жазды.
«Татьянаның әні», «Татьянаның хаты», «Амал жоқ қайттім білдірмей» нұсқаларымен қазақ даласына кең тарап, қазақтың төлтума әніндей боп кеткен «Тәтіштің әнінен» Татьянаның Онегинге деген шынайы сезімін байқаймыз. Бұл ән арқылы Абай қазақ әйелінің бейнесін, әйел теңдігі, оның қоғамдағы, отбасындағы ролі мәселелерін көрсетеді.
Абай орыс композиторлары Глинка, Гурилев, Алябьев, Рубинштейннің романс, ария, әндерін зор ықыласпен тыңдайтын. Абай әндерінен орыстың қалалық романсының сарыны байқалады. Мысалы, «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай» әндерінен орыс романстарының интонациясын байқаймыз. Бұл әндер қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндеріндей дауысты аса көтермей орындалады.
Музыка зерттеушісі Борис Ерзакович Абайдың орыс романсының интонациясына еліктей отырып, үлкен шеберлікпен, қазақтың музыкалық лирикасының жаңа үлгісін жасап берген жаңашылдығын атап көрсетті.
Абай әндерінің, вокалдық шығармашылығының тақырыбы сан қилы. Зерттеушілер Абай әндерін азаматтық, философиялық, сатиралық, нақылдық деген тақырыптарға топтастыра келе, сезімдік, психологиялық толғаныстары басым махаббат лирикасын ерекше атайды. Абай лирикасының ғажап үлгісіне «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Тәтіштің әнімен» бірге, нәзік сырға толы кең де, әуезді «Желсіз түнде жарық ай» әндері мысал бола алады.
Абайдың өсиетке, ақыл парасатқа бай, ғибратқа толы мәні зор «Ата- анаға көз қуаныш», «Сұрғылт тұман», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» әндерінің мазмұнында да баға жетпес тағылым бар. Абай әндері терең ойға, философиялық толғаныстарға толы.
«Өмірдің алды ыстық, арты суық,
Алды ойын, арт жағы мұңға жуық»- деп жырлаған Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қарашада өмір тұр» деген әндері философиялық ойға жетелейді.
Абай өзі өмір сүрген кезеңдегі кей адамдардың бойындағы өсек, өтірік айту, мақтаншақтық, даңғойлық, еріншектік, тойымсыздық сияқты жағымсыз қылықтарды қатты сынады, оған қынжылды. Өйткені, Абай өз халқының көзі ашылып, мәдениетті елдер қатарына қосылуын армандады. Осындай жағымсыз қылықтарды сынап, әжуалайтын Абайдың «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ» сияқты сатиралық әндері бар.
Абай әндерінің сипаттық ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, композитор А.Қ.Жұбанов зерттеулерінде Абай әндерінің мелодия, өлшем- ырғақ, құрылымдық жағынан Абайға дейінгі халық әндеріне ұқсамайтын даралығын ашып көрсетті. Абайдың әндерінің өлшем- ырғағы өлеңдеріндегі буын сандарына қарай өзгеріп отырады. Абайға дейінгі дәстүрлі халық әндерінде 11 буындық өлең құрастыру дамыған. Мысалы, «Ахау керім», немесе «Дедім -ай- ау» халық әндерінің өлең жолдары 11 буыннан тұрады. Буын сандары бірдей бұл әндердің өлең жолдарын бір -біріне ауыстырып айтуға келе береді. Мысалы:
Ай-на-ла-йын, қа-ра-ғым, ал-ты-ным- ай,
Ақ жү-зің-ді көр-ген-де бал-қы-дым- ай - деп орындалатын 11 буынды «Ахау керім» әнінің өлең жолдарын «Дедім- ай- ау» әніне салып айтуға келеді екен. Сөздерін ұмытқан кезде кей әнщілер бір әннің сөзін екіншісіне салып айтатын кездері жиі кездеседі. (Әрине, кәсіби сауатты әншілер мұндайға жол бермейтіні анық)
Ал Абай әндерінде мұндай бостандық жоқ. Өйткені Абай әндеріндегі өлең жолдары 4,5,6,7 т.с.с. түрлі буынды боп келеді. Мәселен, «Бойы бұлғаң» әніндегі төрт буынды өлең жолдарын, «Айттым сәлем, қаламқас» әніндегі жеті буынды өлең жолдарына салып айту мүмкін емес.
Абай әндерінің басты сипаттарының бірі- әні мен сөзінің біте қайнасып, үйлесім табуында жатыр. Өйткені, Абай музыкаға поэзиядан, текстен келді. Біз мұны Абай әндерінің поэтикалық мазмұнының сазбен, саздың сөзбен сай болып, ажырамастай біртұтастықта сомдалуынан байқаймыз. Мәселен, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнінің әуені мен сөзі біртұтас көркемдік жасап, әдемі көріністі- желсіз түндегі ай сәулесінің судағы дірілін, таудан аққан өзеннің гүрілін, үздіккен ғашықтардың тәтті сыбырын еріксіз көз алдыңызға әкеледі.
Адам сезімінің табиғатты жырлауымен соншалықты образды ұштастыры білген лирикалық әндерінде Абай сөзге көбірек мән беру арқылы, қазақтың музыкалық тілін байытты, жаңашылдығымен дараланды.
Абай әндерінің келесі бір сипаты - Абай әндерінде қайырма жоқ. Әннің екінші бөлігі қайырма ретінде қайталанады.
Абай әндерінің мелодиялық дамуы біркелкі кең, созылып айтылса, кейбіреулері қысқа речитативті болып келеді.
Абай әндерінің құрылысы көбіне 2 кезең, (период) төрт сөйлем, 8 фразадан тұрады. Кей әндері(көбінесе) төменнен басталып, кульминацияға біртіндеп жетеді. Мысалы, «Айттым сәлем, қаламқас» әні біртіндеп шарықтау шегіне жетеді. Ал, кей әндері ә дегеннен кульминациядан басталып барып, төмен түседі. Мәседен, «Сегіз аяқ» әні жоғары тоникалық дыбыстан басталады да, әуен жоғарыдан төмен сырғып, октава төмен тоникалық дыбысқа аяқталады. Ән сегіз фразадан тұрады. Алғашқы жеті музыкалық фразаның ешқайсысы тоникаға бітпей II, III,Y сатыларға аяқталады. «Сегіз аяқтың» қазақ музыкасындағы жаңалығы бірінші және екінші фраза- тең, ал үшінші фраза- ұзақтау. «Сегіз аяқта» ең жоғарғы дыбыс тек басында ғана тұр, одан жоғары дыбыс жоқ. Бұл әнді орындағанда кульминацияны осы бірінші дыбысқа салып, оны созбай айту керек.Өйткені, адам нағыз ашу мен ыза үстінде сезімін тез айтумен жеткізеді емес пе. Әннің аяқ жағы бәсеңдеу келеді. Бұл өкініш пен қапыда қалуды білдіреді.
Абай әндерінің ерекшелігі сонда, оның әндері қалай болса солай айта салуға келмейді және кез- келген жерде айта беруге де келмейді. Оған себеп, Абай әндерінің өз тыңдаушылары бар.
Абай әндерін орындаушылар әннің өз стилін сақтап, өзгертпей айту үшін, әннің өзіндік мазмұнын терең түсінулері қажет. Абай әндерінің ерекшелігі де сонда, тіпті бір бөлек нота қосылып кетсе, үлкен жамаудай боп көрінеді.
Абайдың әндері көзі тірісінде- ақ қазақ даласына кең тараған. Абай ән өнерінде жалғыз болмады, оның қасында ән- күйдің майын тамызған бір топ өнерпаз жастар болған. Олар Абайдың әндерін орындаушы, әрі насихаттаушы- балалары Әбіш пен Ақылбай, әнші Алмағамбет, скрипкашы Мұқа, әрі әнші, әрі ақынның сүйікті жары Әйгерімдер болған. Бұл насихаттаушылар Абайдың әндерін халық арасына таратқанда әр жерде әртүрлі орындалғандықтан, соның нәтижесінде Абай әндерінің көптеген нұсқалары пайда болғаны белгілі.
Абайдың музыкалық мұрасы тек кеңес өкіметінің тұсында ғана жиналып, нотаға түсіріле бастады. 1925 жылдары қазақ музыкасын зертеуші А.Затаевич Абайдың бірнеше әндерін халық аузынан жазып алды. 30-жылдары композиторлар Б.Ерзакович пен Л.Хамиди Абайдың 20-дан астам әндерін нотаға түсірді. 1939 жылы Абайдың музыкалық мұрасын сақтау мақсатында, А.Жұбанов Алматыға Абайдың немересі Мәкен Мұқаметжанованы шақыртып , одан Абайдың 15 әнін жазып алып, нотаға түсіреді. Мұнымен қатар, А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде Абайдың музыкалық мұрасы жайлы зерттеу жазды.
Абай әндері профессионалдық қазақ музыкасының калыптасуына әсер етті. Абай тақырыбына опера, симфониялық, аспаптық шығармалар мен Абайдың сөзіне ән, хор, романстар жазылды. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында Абай әндері орынды пайдаланылды. Ғ.Жұбанова оркестрге, хорға, жеке дауысқа арнап «Татьянаның әні» атты оратория жазды.
Абай өлендеріне композиторлар Т.Базарбаев,Ә.Еспаев,С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев, Н.Тілендиевтер ән жазды. Мәселен, композитор С.Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген Абай өлеңіне жазған ән- романсын ерекше атауға болады .
Абай әндері бұл күндері жеке дауыста, дәстүрлі домбырамен де, фортепианоға қосылып та , хордың , ансамбль , оркестрлердің сүйемелдеуімен де орындалып жүр.Абай музыкасының өміршеңдігі, тереңдігі оның синтездігінде деп айтуға болады.
Абай тақырыбына жазылған опералық, симфониялық, аспаптық музыкаларын, ақынның сөзіне жазылған ән, хор, романстарын халық арасында насихаттауда- Қазақтың мемелекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Қазақтың мемлелекеттік хор капелласы. Жамбыл атындағы филармония мен Қазақконцерттің артистерінің еңбегі зор. Абай әндері қазақтың күрделі профессионалдық музыка мен ән және көп дауысты хор өнеріне, музыкалық мәдениетіне қосылған құнды мұра деп білу керек.
Кейінгі жылдары ұлттық мәдени мұраларымызды сақтауға көп көңіл бөлінуде. Қазақ халқының рухани мәдениетінің көрінісіндей Абайдың да әндерін насихаттау , сақтау , келешекке таза қалпында жеткізу бәрімізге ортақ міндет. Өйткені, жаңашылдығымен, ұлттық музыка өнерін байытқан Абай әндері өзінің табиғатымен, рухымен нағыз ұлттық ән үлгісі боп қала бермек.
Пайдаланған әдебиеттер:
Жұбанов А.Қ. «Замана бұлбұлдары» Алматы, 1975
Дернова В. «Музыкальное наследие Абая» в книге сб. Статьей. Алматы,Казгосиздат,1955
Момынұлы П. «Музыкалық эстетикалық тәрбие» Алматы, 2000
Дүйсенбінова Р. «Қазақтың әншілік өнері» Алматы, 1988
Б.Ғизатов «Ақын, әрі композитор» Алматы, 2000
Жұбанов А.Қ. «Ән-күй сапары» Алматы, 1980
Аннотация
Мақалада Абайдың музыкаға келу жолы, ән -күйдің жанашыры ретінде оған берген әділ бағасы, Абай әндерінің тақырыбы, сипаты, құрылымдық ерекшеліктері, музыкалық шығармашылығына ықпал еткен «Ұлы бастаулар» мен Абайдың музыкалық мұрасын зерттеу жұмыстары туралы сөз болады.
Достарыңызбен бөлісу: |