ӘОЖ 821.512.122: 82-94
МЫРЗА ХАЙДАР ДУЛАТИДІҢ «ТАРИХ-И РАШИДИ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ ДЕРЕКТЕР
Сентаева Р.Т.
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз
Дулат Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар - ХVІ ғасыр перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ Герадоты атанған әйгілі тарихшы, ғұлама ақын, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаһан наме» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы.
Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Анасы Хуб-Нигар ханым – Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Заһиреддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Сұлтан Саид өлгеннен кейін таққа отырған Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қуғындай бастайды. Мұхаммед Хайдардың немере ағасы – Саид Мұхаммедті өлтіреді. Осыдан кейін өз басына қауіп бұлты үйіріліп келе жатқанын сезген Мұхаммед Хайдар Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскербасы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысады. Жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. [1].
Ол осында өзінің атақты еңбегі «Тарихи Рашидиді» жазуға кіріседі.
Күншығыс әдебиетінің іргелі салаларын ақтарып отырсаңыз, Мұхаммед-Хайдардың кім болғаны, оның адамшылық тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, бұл кісіде сол кездегі Мір Әлішер Науаи, Бабыр сияқты Орта Азия көлемінен шыққан атақты данышпан, ғалым жазушылардың бірі екенін көресіз. Бұл кісінің сәулетті даңқын дүние жүзіне әлпештеп таратқан, әсіресе, оның парсы тілінде жазылған “Тарихи Рашиди” деген кітабы болды. Бұл кітап бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүние жүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр.
Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегі шамамен 1346-1546 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды қамтиды. Бұл аралықта Орталық Азияға қатысты көптеген саяси ағымдардың түрлі жағдайдағы қатынастары сөз болады. Автордың бірінші көздегені Шыңғыс хан ұрпағының тағдыры болса,соған қоса Әмір Темір (1336-1405) мен оның әулеттері тарихтың сол бір дүрбелең кезеңінде Орталық Азияда ықпалды саяси күшке айналып, 1370 жылы Шағатай әулеттерінің билігін Мауароннәһрде жойып, қалған моғолдарды Шығыс Түркістанға ығыстырды. Сол дәуірде Мұхаммед Шейбани тарих сахнасына шығып, Тұран өлкесінде 135 жыл билік құрған Әмір Темір әулеттерінің саяси өміріне соңғы нүктені қойды. Әмір Темірдің тағы бір тұлғалы ұрпағы Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530) өз империясының іргетасын Кабулдан Үндістанға жеткізіп, әулеттерінің сонда 1862 жылға дейін билік етуге негіз қалады. Иран жерінде үлкен саяси күш ретінде сахнаға шыққан түркітектес Шейх Сәфи әулеттерінің (1501-1732) бір перзенті Шаһ Исмаил Сәфәви Мұхаммед Шейбани (Шаһибек) ханды 1510 жылы Мәрф маңында болған шайқаста ойсырата жеңіліске ұшыратып өзін мерт етті. Орталық Азияның осындай қарбалас дәуірінде қазақ хандығы 1466 жылы Талас жазығында саяси тарихтан өз орнын алады. Шағатай әулеттерінің саяси сахнада өмір кешуіне оңды ықпал жасап отырған Дұғлат әмірлерінің де орны ерекше болды. [2].
Тарихшылар мен зерттеуші ғалымдар арасында кеңінен танымал XVI ғасырдың бірінші жартысының туындысы «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы өз заманында ел ішінде Мырза Хайдар атымен мәшһүр болған. Ол кітабында өзінің толық аты-жөнін Мұхаммед Хайдар Ибн Мұхаммед Хұсейін гурген деп жазған.
«Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» «Қырғызстан мен қырғыздар тарихы бойынша дерек көзі» деген мақаласын 1973ж «Түркі халықтары жайлы араб-парсы деректері» атты кітапта жариялаған. Бұл ретте ол Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиіне» көп жүгінген. Өйткені онда қырғыздар жайлы деректер мол. Әйтсе де ол «Тарих-и Рашидиді» толық зерттеу мақсатын қойған жоқ, тек еңбектегі қырғыз тайпалары туралы деректерді пайдалануды мұрат етті. XV- XVI ғасырлардағы қырғыз тарихын толық көрсету үшін «Тарих-и Рашиди» түп нұсқасымен жұмыс істей отырып, В.В Бартольдтың қырғыздар тарихына арнаған зерттеулерін, Хафизи Абрудың «Зубд ат-тауарихын», Б.Я. Владимирцовтың «Моғолдардың қоғамдық құрылысын» және Петрушевскийдің «ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Ирандағы егін шаруашылығы және аграрлық қатынастарын» пайдаланған.
«Тарих-и Рашидиді»: «Бұл шығарма – түркі халықтарының тарихын зерттеуде аса бағалы дерек. Басқа деректердің арасынан оның ерекше орын алатынының себебі мынада. Біріншіден, Мұхаммед Хайдардың еңбегі – тек Моғолстан тарихына бағышталған бүгінгі күні бізге мәлім шығармалардың жалғызы ғана. Моғолстан XV- XVI ғасырларда Шығыс Түркістан аймағына кірген. Екіншіден, «Тарих-и Рашидиде» қырғыздар жайлы және олардың қоныс тепкен жерлері туралы басқалар бұрынырақ айтпаған деректер келтіріледі. Үшіншіден, көлемі және деректерінің ауқымдылығымен ортағасырлық шығармалардың ешқайсысы да «Тарих-и Рашидимен» теңесе алмайды».
Мырза Хайдар туралы: «Мұхаммед Хайдар беделді және бай адамдар қатарына жататын, ол өзін әрдайым жоғарғы тап өкілі санайтын. Ал бұл Мұхаммед Хайдардың қоғамдық баспалдақта өзінен төмен деңгейдегі адамдарға жек көрушілігінен байқалады. Дәл осындай тәкаппарлық және жергілікті халыққа деген қатыгездік оның өз өліміне алып келді». Мырза еш уақытта да кеудемсоқ, тәкаппар болмаған.
Санкт-Петербор университетінің профессоры, шығу тегі бойынша қазақстандық Т.И. Сұлтанов Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиін» зерттеп, оған қысқаша тарихнамалық талдау жасаған. Жыл сайын шығатын «Шығыстың жазба ескерткіштері» атты тарихи-филологиялық зерттеулер жинағында ол «Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» (Ескерткіштің әдеби тарихы)» атты ауқымды мақала жариялаған. Онда «Тарих-и Рашидидің» Әлламиден, яғни XVI ғасырдың екінші жартысынан зерттеле бастауы және кейінгі жүз жылдықтарда оның Орта Азия, Иран, Үндістан, Еуропа, Кеңес Одағы ғалымдарының еңбектеріне жасаған ықпалына тоқталған.
Т.И.Сұлтанов мақаласында: «XVI ғасырдың парсы тілді тарихи әдебиеті қатарында Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашидиі» мазмұнының шынайылығы және әдеби тарихына орай едәуір қызықты еңбек болып табылады.«Тарих-и Рашидидің» мәдени-тарихи және деректанымдық мағынасы еуропалық және үнділік шығыстанушылардың шығармаларында дүркін-дүркін айтылып келген. Әйтсе де бұл күнге дейін тақырыбы осы әдеби тарихи ескерткішке бағышталған басылым жоқ», -деп жазады, яғни мұндай классикалық еңбектің филологтар тарапынан аз зерттелгеніне өкініш білдіреді. [3].
Мырза Хайдардың қырғыздар жайлы мәліметтері «Қырғызстан тарихы» атты еңбекке де кірген. Ондағы «Тянь- Шаньдағы XIV ғасырдың екінші жартысы және XVI ғасыр басындағы феодалдық бытыраңқылық» атты тарау түгелімен «Тарих-и Рашидиге» негізделе жазылған. «Қырғыздар және олардың этногенетикалық және тарихи-мәдени байланыстары» деген дүниесін жазғанда «Тарих-и Рашидиге» сүйенген.
Профессор, тарих ғылымдарының кандидаты О.Ф.Акимушкин Шах Махмұд Мырза Фазл Шорастың 1676-1677 жылдары жазылған «Жылнама» атты еңбегін орыс тіліне аударып, оған кіріспе, түсініктемелер жаза зерттеген. Фазл Шорастың туындысы Мырза Хайдар еңбегінің жалғасы екенін жоғарыда айтқанбыз. О.Ф.Акимушкин «Кіріспесінде»: «Бұл басылым 1087/1676-77 жылдары жазылған және Моғол мемлекеті хандарының өмірін сөз ететін Шах Махмұд мырза Фазл Шорастың «Жылнама» атты еңбегінің жарияланымы. Шығарманың бұл бөлігі Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінің» логикалық жалғасы. Ол 952 жылдың 30 зулхиджа айында (1546 жылдың 3 наурызында) толық аякталып, Моғолстан мен Шығыс Түркістан және сол жерде билік еткен Шағатай ұрпақтарының тарихына арналған» дейді. Сонымен қатар аталмыш еңбегінде О.Ф.Акимушкин «Жылнаманы» оның жалғыз дерегі «Тарих-и Рашидимен» салыстырған. [4].
«Өзбекстан халықтарының тарихын» құрастырушылар да Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиінен» аттап өте алмаған.
Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидиде» 1512 жылы Құли Мәлік атты жерде өткен шайқасқа түркімендердің де қатысқанын сөз еткен. Оның бұл деректерін Ашхабадта шыққан «Түркімендер және Түркістан тарихы туралы мәліметтер» атты кітаптан табуға болады.
КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институты Санкт-Петербордағы филиалының қолжазбалар бөлімінде Шығыс Түркістаннан (Шыңжаннан) түскен түркі тілді қолжазбалардың басым бөлігі сақталған.
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» жазылған кезінен бастап, күні бүгінге дейін әлем ғалымдарының назарын аударумен келеді. Бұл оның қашан да өміршең екендігін көрсетеді. Мұхаммед Хайдар – XV ғасырдың алғашқы жартысында жасаған Бабыр сияқты Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан білгіш, майталман кісінің бірі. Ол бөтен нәрсеге көңіл бөлмей, бір ғана кітап оқып, өлең шығарып, сурет салу ісімен айналысады, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Шеберлік ісінде ол бармағынан бал тамған ісмер, сұлулық дүниесін жанымен сүйетін хас шебердің өзі болады. Онымен бірге Хайдар өзінің ойға жүйрік, майталман, сөзге шебер, ерекеше саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болады. Өзінің айтуынша: “халықпен кішіпейіл болып марқаласуды (кеңесуді), олардың алдыңғы әдепті, мәйін болуды, соғыс үстінде қырағы болуды, атқыш мергендікті, тағы басқа өнер түрлерін үйренуде мен нағашым Сейіт ханның Шәкірті ғана едім” деп, өзінің қойдан қоңыр, кішіпейіл мінезін тағы да сипаттайды. Мұхаммед Хайдардың адамшылық қасиеті туралы бабыр былай дейді: “Хайдардың әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол менің қарамағыма келіп, үш-төрт жыл тұрды. Кейін рұқсат сұрап, Қашқардағы Сейіт ханға кетті. Не нәрсе болса да, өзінің шыққан тегіне (асылына) тартатын әдеті ғой, мәселен, сап алтын да, күмісте, қорғасын да тегіне тартпай ма! Жұрттың айтуынша ол бұрынғыдан көп есейіп, жақсы жолға түскен. Өзінің қолы әр нәрсеге шебер, оның қолынан келмейтін іс жоқ: ол әрі жазушы, әрі суретші, онымен бірге садаққа оқ жасап, оның жебелерін өзі істейді. [6].
Күншығыс халқын зерттеуші ғалымдардың айтуынша Мұхаммед-Хайдардың атын жоғары көтеріп, оны жұртқа танытқан, әсіресе, оның “Тарихи-Рашиди” атты кітабы болды. Бұл шығарманың Күншығыс жазушыларына берген әсері сонша еді, олар Мұхаммед Хайдардың тарихи жазуларына ерекше баға беріп, оның кейбір жерлерін өздерінің жазған кітаптарында пайдаланып отырады.
XVI – XVII ғасырлардағы Үнді мен Орта Азия тарихшыларынан Мұхаммед – Хайдардың “Тарихи-Рашиди” кітабын пайдаланбағандары кем де кем-ақ. Оның ішінде Үндістанның Европа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед-Қасым Ферште Бадахшан, Қашмир уәләяты туралы жазғанында, оның мағлұматын бір ғана “Тарихи-Рашиди” кітабынан алады, Мұхаммед-Қасымның айтуынша “Тарихи-Рашиди” – Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішінде ең мағыналысы және мағлұматтың ең дұрысы, ең толығы болды.
Мұхаммед Хайдарды оқыған күншығыс ғалымдарының ол туралы жылы сөз айтпай қалған бірде бірі жоқ. Үндістанның атақты ғалымының бірі – Ағзам. Ол Мұхаммед-Хайдардың Қашмир өлкесі туралы жазғанына зор қуаныш көрсетіп, өзінің “кашмир тарихы” деген кітабында Мұхаммед-Хайдардың әдебиеттегі орнына ерекше баға береді. “Мұхаммед-Хайдар күншығыс ғылымның терең білген данышпан еді оның үстіе ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды.
Ол сол кездегі саяси оқиғалар мен оған қатысқан қайраткерлерді, сондай-ақ Моғолстан мемлекетінің, Қазақ хандығының өткен тарихын жақсы білген. Оның тікелей өзі куә болған жайлары да көп еді. Содан да болар ол орта ғасырдағы қазақтарға, әсіресе дулат тайпасының тарихына қатысты өте құнды материалдар береді. Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы, одан кейінгі кезеңдері, олардың қырғыздармен, өзбектермен қарым-қатынасы, көрші елдермен жайында кеңінен сөз болады. Әсіресе ғалымның өз заманы, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуы, бұл Орданың қалыптасуы кезеңіндегі Орта Азиядағы саяси оқиғалар туралы егжейлі-тегжейлі мәліметтер берген деректері аса құнды болып отыр. Оның тарих саласындағы құнды еңбектері арқылы біз Ұлы ғалымды қазіргі Қазақ тарихы ғылымының бастау көздерінің бірі және ұлттық тарихтың негізін салушы ретінде танимыз. [7].
Әдебиет
Дербісалив Ә М.Х. Дулати «Өмірбаяндық – библиографиялық анықтамалық» жайында. Алматы; - 1999.
Полякова В.Т. М.Х. Дулати – сын великого турана. – Тараз; 2003.
Қазақстан тарихы - Алматы; 2010. Том 2.
Қазақ тарихы /ғылыми – әдістемелік журнал Баспасөз 2009.
Ислам Жеменей, Асқар Абдуалы «Тарих –и Рашиди » еңбегінің тарихи әлемі.-Алматы; 2009.
Достарыңызбен бөлісу: |