Дарынды және талантты оқушыларды айқындау және дамытуды ұйымдастыру жолдары.
«Қазақстан ұлы державада болу үшін бізге күш-қуат, қажыр қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек»,–деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің өркендеуіне ерекше сүбелі үлес қосатын дарынды жастар екенін айрықша атап көрсетті. Сондықтан қазіргі заман мұғалімінен дарынды оқушыларды тәрбиелеу үшін тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, шығармашыл болуды, яғни тарихи танымдық, саяси экономикалық білімділік, педагогикалық-психологиялық және ақпараттық сауаттылықты талап етеді.
Шығармашыл мұғалімдер білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн балаларға қолайлы орта жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты міндеттер–білім саласында ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететiн едәуір күрделі мәселе. Әртүрлi теориялар мен стратегиялар балаларды оқытудың мазмұнын анықтау үшін тиісті бағдарлама шеңберiнде қолданылады. Тәжiрибеге жасалған талдау оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруда мектеп бүкіл оқушылар үшін мектеп стандартын күрделендіре отырып, бастауыш буын деңгейінде «жалпы мектептік саясатты» және орта буын деңгейінде «кеңейтілген» мектеп тәсілін құрған жағдайда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсетеді.
Қабілетті, дарынды балалар көбінесе шапшаң, тез және сыни ойланатын, көп көлемде білімді меңгеретін, оны ұзақ уақыт бойына ұмытпайтын болып келеді. Түсінігі өте жоғары, сезімтал, жоспарлаған ойын, алдына қойған мақсатын қалайда орындауға тырысатын, түйсігі ерте дамып, моральдық қасиеттерге бай, қиялы ұшқыр, батыл әрекеті басым болып келеді.
Дарынды балаларды анықтау - баланың дамуын таңдаумен байланысты ұзақ процесс. Осы айтылғандарды ескере отырып, дарынды балаларды анықтаудың мынадай ұстанымдары тұжырымдалды: баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясында баланың іс - әрекетіне талдау жүргізу, дамытушылық ықпал ете отырып, баланың психологиялық кедергілерін жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану, баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес, сондай - ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырып бағалау, жұмыс нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелеу, мұғалімдер мен ата - аналардың сипаттамалық бағалары, түрлі ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез - құлқы мен іс - әрекетін жан - жақты бағалаудың кешенді сипаты.
Оқушылардың қабілеті мен дарындылығын дер кезінде айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылады.
Дарындылыққа педагогикалық энциклопедияда төмендегідей анықтама берілген: «Дарындылық-белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі».
Дарынды балаларды оқытуда Выготскийдің еңбектерін атап өту аса маңызды деп ойлаймын. Бастапқы негізді білу кез-келген баланы дамытуға қолайлы орта ұйымдастыру үшін айқындалуы тиіс. Яғни оқушының негізгі мотивациясының деңгейін, оның қабілеттерінің деңгейін, логикалық ой-өрісі деңгейін бағамдау қажет. Бұл туралы Эйр де айтып кеткен болатын. Выготский бойынша «Жақын арадағы даму аймағы» теориясы негізінде балалардың өзекті қабілеттерінің деңгейлерін бағалаудың тиімді екендігін баса айтады. Эйр тым күрделі жұмыс балаларға қиын орындалатын және олардың ынтасын жоятын жұмыс болып көрінетіндігін дәлелдеген (2001). Шынымен де мұндай тапсырмалар оқушылардың өздеріне деген сенімсіздігін арттырып, пәнге қызығушылығын төмендетеді. Сол себептен, әр оқушының жеке қабілеттерін зерттей отырып, олардың білім алуына қолайлы жағдайлар туғызғанда ғана жүйелі нәтижеге қол жеткізуге болады.
Мұғалiм оқушының талантты немесе дарынды екенін анықтау мәселесінің шеңберінде жұмыс жүргізгенде бұл ұғымның мазмұндық жағына көңіл бөлуі қажет. Балалар бiр ғана пәннен емес бірнеше академиялық пәндерден жоғары деңгей көрсетуі мүмкін: мәселен, әртістік, спорттық, музыкалық және басқа таланттарымен танылуы ықтимал. Сонымен қатар олар бiр салада дарынды болса, басқа салада қиындыққа тап болуы ғажап емес. Дамудың бiр кезеңінде өте қабiлеттi болса, келесі кезеңдерде қабiлеттерiн танытпауы да мүмкін. Бұл дарындылық пен қабiлеттiлiктерді мұғалiмдер, ата-аналар, топтың басқа мүшелерi немесе балалардың өздері айқындай алады. Балалардың қабiлеттiлiктерiн, біліктілігін, әлеуетті мүмкіндіктерін көрсету үшiн оларға жағдай туғызу қажет және де бұл олардың ерте жасында олар үшін өте қиынға соғуы мүмкін.
«Дарынды» және «талантты» деген ұғымдар «дарынды және талантты» деп біріктірілді. Дегенмен кейбір зерттеушілер олардың әртүрлі екенін алға тартып, оларды саралау қажет деп санайды. Санаттарды саралаған жағдайда дарындылық, бұл зияттың немесе қабілеттің жоғары деңгейімен, ал талант – музыка, өнер, түрлі қолөнер, би немесе спорт және т.б. салалардағы жоғарғы деңгеймен байланыстырады. Кейбір зерттеушілер өз бетімен қараудың маңыздылығын екі санатпен қарастырады: дарындылық қанша дегенмен олардың пікірінше қабілеттілікке (зияткерлікке, шығармашылыққа, әлеуметтік, аффективтік және т.б.) жатады, ал талант түрлі саладағы айтулы жетістіктер (ғылыми, техникалық, көркем, жеке тұлғалық, спорттық және т.с.с.) болып саналады дейді.
Дарынды және талантты балалармен жұмыс жүргізу ұзақ әрі күрделі процесс. Осы орайда мен оқу ісінің меңгерушісі ретінде жұмысымның бір бағытын осы салаға арнап, жұмыс жасап келемін.
Достарыңызбен бөлісу: |