Әож 94 (574) ахмет бірімжанов – алаш интеллигенциясының КӨрнекті өкілі түйін Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»



Дата31.12.2019
өлшемі141.5 Kb.
А. ИБРАЕВА1

1 М. Қозыбаев атындағы СҚМУ

Петропавл, Қазақстан



ӘОЖ 94 (574) АХМЕТ БІРІМЖАНОВ АЛАШ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

Түйін

Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарыққа шығумен елімізде қыруар істер тындырылуда. Осы мақаланың лайықты жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» туындының дүниеге келуі, ұлы тұлғаларды ұлықтауға арқау болды. Елінің тәуелсіздігі мен халқының мүддесі үшін күрескен біртуар тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов. Оқырмандар назарына ұсынылып отырған бұл мақалада Ахмет Бірімжановтың өмірбаяны, саяси қызметі туралы айтылады. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов (7 желтоқсан 1871 – 5 қаңтар 1927) – қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, I-II Мемлекеттік Дума мүшесі, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясы мен жаңа Заңдарының дайындалуына және қабылдануына зор үлес қосқан заңгер.

Түйін сөздер: «Рухани жаңғыру», тұлға, зерттеу, Дума депутаты, буржуазиялық-демократиялық, дерек, заңгер.

Кіріспе. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуал патшалы Ресейде болған оқиғалармен байланысты өрбіді. 1905 жылы бүкіл Ресейді қамтыған орыс революциясы мен император Николай ІІ-нің осы жылдың тамызында қол қойған Манифестіндегі «Сөз, жеке тұлғаның бостандығы, жиындар мен қоғамдық ұйымдардың бостандығы» туралы Қазақ даласына үлкен өзерістер әкелді. Дәл осы кезеңде ел қамын жеп патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көзқарасы қалыптаса бастаған қазақ зиялылары елдің басын қосып, империяның озбырлығына бірігіп күресуді бастаған еді. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаевтармен бірге А. Бірімжановтың да есімі таныла бастаған еді. Орынбор гимназиясын, Қазан университетінің Заң факультетін алтын медальмен бітірген А. Бірімжанов сот саласында қызмет жасаған болатын.
1


Дереккөзі мен әдістері. Бүгінгі күнге дейін тарихи әдебиеттерде Ахмет Бірімжановтың қоғамдық-саяси қызметін толық ашатын еңбек жоқтың қасы. Бірімжановтырдың отбасы жайында алғашқы мәліметтер ХІХ ғасырдың екінші жартысында Торғай даласында қызмет еткен қоғам қайраткерлері А. Добромыслов, А. Васильев, А. Алекторовтардың шығармаларында кездеседі [1]. А. Бірімжановтың ата-бабалары ел аузында белгілі адамдар болғандықтан орыс әкімшілігі олармен қарым-қатынас жасап тұрған. Келесі топқа А. Бірімжанов өміріндегі Думалық кезең жайында жазылған еңбектер жатады.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Алаш мәселесі жабық тақырыпқа айналды. Сондықтан тек «Алаш» қайраткерлерінің революциялық бағыттағы рөлі жайында жарық көрген еңбектерден қайраткер туралы мәліметтер алуға болады. Еліміз тәуелсіздігін алғанннан кейін бұл мәселе ашылуы керек өзекті мәселеге айналды. Осыған орай, біраз ғалымдардың зылыми зерттеу нысанынан айналып, қазіргі таңда Алаш қозғалысы және оның төңірегінде болған қайраткерлер жөнінде өте құнды еңбектер жарық көрді. Бұрын беймәлім болған мұрағат деректеріне сүйене жазылған ғылыми зерттеулер жарыққа шыға бастады.

Мәселенің теоретикалық-әдіснамалық негізі өркениеттік-формациялық бағытқа негізделіп, қоғам және мемлекет қайраткері А. Бірімжановтың саяси қызметі мен ғұмырнамасының тарихи бейнесін ашуға арқау болды. Әдіснамалық тұсынан келетін болсақ, жалпылама, жеке және арнайы әдістерге жүгіне отырып, ғылыми мақаланың жан-жақты зерделенуіне арқау болатын логикалық, тарихи, жүйелілік, салыстырмалық әдістер қолданылды. Тарихи-салыстырмалық және тарихи-жүйелелілік әдістері А. Бірімжановтың өмір сүрген кезеңіндегі қоғамдық-саяси ахуалды, әлеуеметтік-экономикалық жағдайды саралай отырып, мәселенің терең ашылуына негіз болғанын айта кету керек.

Талдамалар. Осы күнге дейін жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілген зерттеулердің нәтижесінде Алаш қайраткері А. Бірімжановтың өмір мен саяси қызметі талданды. Талдау барысында қайраткердің туып-өскен, білім алған ортасы, саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен жағдайлар ғылыми түрде зерделенді. Қазақстанның патшалы Ресейдің қоластындағы жағдайы және ХХ ғасырдың басындағы саяси ахуал мен әлеуеметтік-экономикалық үдерістірдің қоғамның дамуына әсері жан-жақты қарастырылды.

Нәтижелер. Ғылыми айналымға енгізілген деректерді және ғылыми еңбектерді пайдалана отырып қайраткердің ғұмырнамасын жан-жақты қарастырудан бастадық. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың өмірбаянына келетін болсақ, 1871 жылы 7 желтоқсанда Торғай уезі Тосын болысының №1 ауылында (қазіргі Жангелді ауданы) дүниеге келген. Ахметтің ата-бабалары қазақ шежіресі бойынша Айнакөз анадан тараған Тәнбісұлы ұрпақтары Шақшақ пен Сарыжетім – «Кіші арғыннан» тараған [2]. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова Ахметтің шежіресін былайша көрсеткен: Шақшақ – Көшей – Қошқар – Жәнібек – Дәуітбай – Мұса – Шеген – Бірімжан – Қорғанбек – Ахмет. Өз әкесі – Қорғанбек. Шешесі – Қыпшақ Наурызбай бидің қызы Ханша. Ал арғы атасы – Шеген бидің қызы, Айман Ыбырай Алтынсариннің шешесі. Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек – батыр, қазақ-қырғыз халқының бірінші Тарханы. Тархан деген атақ Ресейдің бұратана ұлттарынан шыққан Ресей үкіметіне еңбегі сіңген адамдарға берілетін болған.

Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпақтары Торғай өңірінің ертеден жайлаған, ел-жұртқа кеңінен танымал, атақ-даңқы жан-жаққа тегіс тараған, алыс-жақын ағайындар арасында құрмет – беделге ие болған. Ахметтің атасы Бірімжан арғы тегінен Торғай өңірін қоныстанып, үрім – бұтағын кеңінен жайған әулет болатын. Ахметтің атасы Бірімжанның әкесі Шеген Орта жүздегі арғын руының жоғары шектілерінің басқарушысы болған. Мұсаұлы Шегеннің жаз жайлауы – Тобыл және Торғай өзендерінің арасы, ал қыстауы Торғай өзенінің бойында болған [3].

Ахмет Бірімжановтың арғы ата-бабасының ішінде халық арасындағы абыройымен өте сыйлы болған азамат – Шеген Мусин болып табылады. Шеген Мұсаұлы 1785 жылы дүниеге келген. Ол Арғын руының жоғары шекті бөлімінің ру басшысы болған. Шеген би туралы халық арасында оның аталы сөздері мен қазір мақал-мәтелдерге айналып кеткен, ел ішінде кеңінен тараған сөздері қазірге дейін сақталып келеді.

Ахметтің әкесі Қорғанбек Бірімжанов отбасындағы екінші ұл бала. Қорғанбек 1852 жылы дүниеге келген. Қорғанбек атақты Жәнібек тарханның ұрпағы ретінде – ақ патша үкіметінің ел арасында өз саясатын жүргізу мақсатын жүзеге асыру ісінде үлкен сүйеніш тұлғаға айналды. Шешесі – Қыпшақ Наурызбай бидің қызы Ханша. Ал арғы атасы – Шеген бидің қызы Айман, Ыбырай Алтынсариннің шешесі. Қорғанбектің бәйбішесінен Ахмет пен Әбдікәрім және бір қыз туған. Екінші әйелі Гүлімайдан (Сейдалы төренің қызы) туған балалары: Ғазымбек, Ғазима, Батырхан, Шәкен, Мұхтар, Кәрім, Нұрхан, Жұмахан [4]. Інісі Ғазымбек (1896-1938) – қоғам қайраткері, алашшыл азамат. Əйелі Гүлжауһар – Əбілқайыр ханның шөбересі. Гүлжауһардың əкесі Əлмұхамед Сейдалин – білімі бойынша заңгер, Ырғыз уезінің басшы-сұлтаны жəне Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының мүшесі. Ұлы Батырбек (1911-1985) – химик, аспирант. Қазақ Ұлттық Университетінің химия факультетінің деканы. Қызы Іңкəр (1915-2002) – мұғалім, ғылым докторы, АММИ-ның қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі.

Ахмет Бірімжанов отбасындағы тұңғыш ұл болған соң, ата-анасының одан күткен үміті мол еді. Ол жастайынан өзінің текті әулеттен шыққанын естіп, көріп, біліп өсті. Ел ағалары – ақсақалдардың, билер мен батырлардың (өз әулетінің негізін салған) әңгімелерін құлағына құйып, санасына сіңіріп ер жеткен. Әкесі Қорғанбек отбасымен сенімді достық қарым-қатынас орнатқан Әлмұхамед Сейдалиннің Қорғанбек отбасының мүшелеріне, оның ішінде бала Ахметке үлкен ықпалы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өркенитті отбасында тәрбиеленген Ахмет Қорғанбекұлы жастайынан-ақ зерек, алғырлығымен көзге түскен.

1878-1893 жылдар арасында Торғай облысында жаңадан 60 оқу орны ашылды. 1892 жылы Торғай облысында 2 мектеп испекциясы құрылып, оның біріншісіне Торғай және Қостанай уездерінің мектептері қарады [5].

Ахмет Бірімжановтің әкесі Қорғанбек балаларының заман талабына сай білім алуының қажеттілігін ерте түсініп, Ахметті Торғайдағы 2 кластық орыс қазақ мектебіне берген. Сөйтіп Ахмет Қорғанбекұлы білімін Торғайдағы түземдіктер үшін ашылған 2-кластық орыс-қазақ мектебінен бастаған. Ахмет зерек, алғыр шәкірт болып, ата-анасының және ұстаздарының үмітін ақтаған. Торғайдағы 2 кластық мектепте білім негіздерінен алғаш ұғым қалыптастыратын барлық пәндерді толық меңгерді және қысқа аралықта өзіне бейтаныс орыс тілін жетік біліп, орысша еркін сөйлеп, жазатын дәрежеге жеткен.

Сөйтіп, Ахмет Бірімжанов Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебін тәмәмдағаннан кейін, 1883 жылы Орынборда ер балаларға арналған гимназияда оқуын жалғастырған. Осы гимназияда Ахмет 7 жыл абыройлы оқып, қазақтар арасында өте беделді деп есептелген оқу орнын 1891 жылы күміс медальмен үздік бітірді. Гимназияда оқушылар арасында ерекше қабілетімен көзге түскен. Орынбор гимназиясының 1891 жылғы педагогикалық кеңестің хаттамасында Ахмет Бірімжановқа: «Табиғатынан талантты және ақыл-ойы өте дамыған бала» деген мінездеме берілген.

Орынбор ерлер гимназиясын күміс медальмен бітіргенде Ахмет саяси – әлеуметтік көзқарасы толық қалыптаспағанмен, қоғамдық саяси-экономикалық өзгерістерге ден қойып, заман ыңғайын аңғара білетін деңгейге жеткен. Өз таңдауын Санкт-Петербург университетінің заң факультетімен байланыстырған. Гимназияның үздік түлегі ретінде жоғары білім алу үшін мемлекеттік стипендия алу мүмкіндігі болды. Бірақ Орынбор гимназиясын бітірген қазақ балалары үшін Қазан университетіне бөлінген стипендияны Санкт-Петербург университетінің қорына аударуға болмағандықтан, Ахмет Бірімжанов құжаттарын Қазан университетіне тапсыруға мәжбүр болған. Сөйтіп, 1891 жылы 20 тамызда Император атындағы Қазан университетінің студенті атанған. Аталған университетті 1895 жылы алтын медальмен бітірген. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов XIX ғасырда Ресей мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алған қазақ зиялыларының алғашқы өкілдерінің бірі болып есептелген.

Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетінде В. Ульяновпен (Ленин) бірге оқыған. Бірақ кіші Ульянов соңғы курста ағасының террористік ұйымға қатысып, сотталғаны себепті, университеттен шығарғандықтан, ол дипломды экстренно экзамен тапсырып алған. Ал, Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін Алтын медальмен бітірген. Ахмет Бірімжанов гимназияда оқып жүрген кезінде ақ Орынбор жандармериясының бақылау тізіміне енген. Оның екі себебі бар еді А. Бірімжанов гимназияда оқып жүргенде халықшыл сөздер айтып, орыс отаршыларының қазақтардың жері тартып алып жатқан әрекеттеріне наразылық пікірлерін айтқан. Бұл біріншіден, екіншіден, А.Бірімжанов атақты тархан Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы еді. Шақшақ Жәнібек батыр Тархан атағын Ахметтің атасы Дәуітбайға мұра етіп қалдырған. Дәуітбайдан Мұса, Мұсадан Шеген, Шегеннен Бірімжан, Бірімжаннан Қорғанбек, Қорғанбектен Ахмет, Ғазымбек және т.б. 1868-жылы Tорғай уезі құрылғаннан бері Шегеннен бастап, оның ұрпақтары Дәуренбек, Жақып, Қорғанбек Ресей патшалығы құлағанға дейін Тосын болысын басқарды. Солай десек те, ел арасында өте беделді Шеген ұрпақтарының бәрін уездік жандармерия үнемі бақылауда ұстап, айтқан сөздерін, істеген істерін тіркеп отырған. Ахмет Бірімжановтың да жандармерия бақылуында болуының да осындай себептері бар еді.

1895 жылы Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін бітірген соң туған жері Торғайға оралған. Түрлі жағдайлармен Ахмет өз мамандығы бойынша жұмысқа бірден орналыса алмаған. Сонымен 1898 жылы Ахмет Бірімжанов Торғай облыстық басқармасына (правление) қызметке орналасып, бір жарым жылдан кейін, 1900 жылы Орынбор округтік сот қарамағында сот қызметіне кіші кандидаттық жұмысқа ауысқан. Келесі, яғни 1901 жылы білімді, сауатты және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, өзін білікті маман ретінде көрсеткен Ахмет Қорғанбекұлы сот қызметінде аға кандидат дәрежесіне дейін көтерілген.

Дегенмен, осыдан кейінгі жылдары Ахмет Бірімжанов жоғары білімі бар диплом иесі бола тұра, округтік сот аппаратында қазақ халқының өкілі ретінде басшы қызметке қойылмады, оның қызметтік баспалдақтармен өрлеуі өте баяу жүрді. Бұл патша өкіметінің жергілікті халық өкіліне байланысты саясаты болатын.



Еңбегі. Орынбор округтік сотындағы қызметінен кейін Ахмет Бірімжанов Ақтөбе уезіне мәмлегерлік сот қызметіне ауысқан [6]. Осы қызметте жүре 1906-1907 жылдары Ресейдің 1-2 мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланды. Ресейдің мемлекеттік Думасы күшпен таратылған соң Ахмет Бірімжанов, елге оралып, Орынбор округтік сотының сот тергеушісі қызметіне орналасқан.

1908 жылы Ахмет Қорғанбекұлы зиялы қауымның өкілі Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалиннің қызы Гүлжауһар Әлмұхамедқызымен отбасы құрған. Бұл кезде Ахмет Бірімжанов мемлекеттік қызметкер ретінде жаңа қызметке ауыстырылып, зайыбы Гүлжауһармен бірге Қазақстаннан тыс, Торғай даласынан тысқары, Бұзылық қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды. Орынбор округтік соты, Торғай облыстық басқармасында, Ақтөбе уездік сот жүйелерінде біршама қызмет атқарған Ахмет Қорғанбекұлы Бұзылық қаласындағы қызметінде өзін білікті маман екендігін көрсете алды.

1917 жылы Ресейдегі ақпан революциясын Ахмет Бірімжанов Бұзылық қаласындағы қызметі барысында қарсы алған. Ресей мемлекеттік ішкі-сыртқы саяси-экономикалық жағдайынан толық хабардар, осы кезде құрылып, өздерінің бағдарламаларымен халыққа танымал бола бастаған демократиялық ұстанымдағы барлық партиялардың іс-әрекетімен таныс Ахмет Қорғанбекұлы ақпан революциясынан (1917 ж.) әр елдің, әр халықтың өзін-өзі билеп, ұлттық мемлекет құру мүмкіндігіне жол ашылды деп үміттенген. Ресейде уақытша үкімет орнап, кейін Қазақстанда үкімет билігін большевиктер партиясы толығымен өз қолына алған дейінгі мерзімде Қостанай уезінде уақытша үкімет комиссары болып қызмет атқарған.

Ресей мемлекетінің жергілікті басқару органдарында қызмет істей жүріп Ахмет Бірімжанов қазақ даласында елді басқару және сот жүйелерінің дұрыс жолға қойылмағандығын түсінген. Қазақ даласында басқару және сот жүйелерін қайта құру-реформалау керектігін қажет деп есептеді.

1901 жылы Ақтөбе уезінде сот жүйесінде істегеніне қарамастан Ахмет Бірімжанов бірінші Мемлекеттік Думасына Торғай облысының Торғай уезінің Тосын болысынан кандидаттыққа тіркеліп, сайлауға түскен. Ақтөбе қаласында 1906 жылы 28 мамырда Ресей Мемлекеттік бірінші Думасына сайлаудың соңғы туры өткізіліп, Ахмет Бірімжанов 95 пайыз дауыс жинап, депутаттыққа Торғай облысынан сайланған. Ресейдің мемлекеттік Думасы 1907 жылы 20 ақпанда өз жұмысын бастап, 1907 жылы 3 маусымда аяқтаған.

Бірінші мемлекеттік Думаға қазақ елінің атынан үш депутат қатысқан. Олар: Орал облысынан – Алпысбай Қалменов, Торғай облысынан – Ахмет Бірімжанов және Семей облысынан – Әлихан Бөкейханов сайланған. Бірінші мемлекеттік Думаның тарағаны жөніндегі жарлық шыққанда, Жетісу облысында сайлау науқаны енді басталған. Сондықтан бірінші мемлекеттік Дума таратылған кезде Жетісу және Сырдария облыстарында депутат анықталмаған күйінде қалды.

Қазақ депутаттары А.Қалменов пен А.Бірімжанов Петербургке Дума ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң, яғни 10-17 маусым аралығында келіп, Дума жұмысына қатынаса бастағанда аграрлық, азаматтық теңдік туралы және басқа мәселелер алғашқы талқылаудан өтіп, олар бойынша тиесілі комиссиялар құрылып қойған еді. Ал Ә.Бөкейханов болса, қазіргі анықталған деректердің көрсетуіне қарағанда, Дума жабылуға 1-2 күн қалғанда жеткен. Міне, осыған қарағанда, қазақ депутаттарына Дума жұмысына араласуға берілген уақыт тым өлшеулі болған сияқты.

Думаның 2-ші шілде күні Дума отырысында Ахмет Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелер бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына Қазақ депутаттарының өкілін енгізуді ұсынды. Бірінші мемлекеттік Дума жұмысына Қазақ депутаттары Мұсылман депутаттары фракциясының қатарында ат салысқан. Сол фракция аграрлық мәселеге байланысты бас құжат болып табылатын заң жобасын жасауға күш салысты. Олар мұсылмандар партиясының бағдарламасына сүйене отырып аграрлық тұжырымдама жасады. Ең алғашқыда жерді облыстық меншікке айналдырып, сол арқылы қарауындағы аумақты байырғы тұрғын халық арасында үлес мөлшерінің көлемін бөлу, отырықшы егіншілер ғана емес, сондай-ақ, көшпелі шаруашылық қалыптағы малшылар үшін де жер үлесі мөлшерінің, қатар өсуін күн тәртібіне қойды. Сонымен қатар сырттан қоныс аудару біржолата тоқталуын һәм иелік еткен жеке мүшелерінің арасында тиісті еншісін алу құқы ауылдық қауым меншігіне берілуін талап етті. Думаның комиссиясына берілген осы құжатпен қатар Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменұлы басқа депутаттармен бірге жоғарғы үкімет органдарына қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының қазақ даласында жасап жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде сұрау салды.

Өз жұмысын 1907 жылдың 20-шы ақпанда бастаған екінші мемлекеттік Думаға қазақтар арасынан депутат сайлау қорытындысы былайша анықталды: Ақмола облысынан – Ш. Қосшығұлұлы, Торғай облысынан – сот қызметкері Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан – Т. Нұрекенов, Жетісу облысынан – көпес Т. Аллабергенұлы, Б. Құлманов, А. Бірімжанов және Б. Қаратаев мұсылман депутаттар бөлімін, ал М. Тынышбайұлы кадет фракциясын қолдады [7]. Ахмет Бірімжанов 2-ші Думада әскери дала соттарын жою туралы заң жобасын жасау комиссиясының құрамына енеді. Бұдан басқа өзге де 53 депутатпен бірлесіп, Министрлер Кеңесіне 1906 жылы 4 маусымда қазақ даласында қоныс аударушылар учаскелері мен ормандағы саяжайлардың орналасу заңсыздығы жөнінде сұрау салады. Қазақ даласына ішкі Ресейден қоныстанушылардың жаппай шұбыруына байланысты жер, қоныс мәселесі қатты ушығып, қазақ халқының тағдырына тікелей әсер еткендіктен, қазақ зиялыларын қатты толғандырып, оны Дума мінбері арқылы жеңілдетіп шешуге әрекеттенген іс-қимылдары еді. Алайда Дума таратылып, бұл іс-әрекеттер нәтижесіз болып, Дума мүшесі ретінде А. Бірімжанов қазақ өлкесінде қызмет істеуіне рұқсат етілмей, 1917 жылға шейін Бұзылық қаласында сот тергеушісі болған.

I-ші және II-ші Дума мүшелерінің қатарында эсер, меньшевиктердің, социалистік халық партиясының да өкілдері болды. Осы партиялар мен Дума депутаты Ахмет Бірімжанов пен мұсылмандар фракциясы ұсынған заңдардың көбісі Премьер министр Столыпинге жақпады. Өйткені, жоғарыда аты аталған партиялардың талабы бойынша ішкі әлеуметтік жағдайды көтеруге империяның экономикалық мүмкіндігі де жоқ еді. Сондай ақ,Орта Азияда отаршылдық бағыттағы саясатын кері өзгертуге патшалық Ресейдің ойы да болмаған тын. Яғни, бұл кезеңде Ресейдің көптеген шаруалары, қара шекпенділері Орта Азияға, оның ішінде Қазақ жерінің ең шұрайлы жерлеріне жаппай орналастырыла бастаған кез еді. 1906-1907-жылдардағы екі бірдей Думаның қызмет мерзімінің өте қысқа болуы орыс социалистік партиясының және Мұсылмандар фракциясының ұсынған Заңдары премьер министр Столыпинге жақпай қалуынан болды. Сосын патша Николай II- өз жарлығымен Думаның қызметін тоқтатты.

Жазушы Ғалым Ахмедов өзінің «Руссия Думасындағы казақ депутаттары» деген мақаласында Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы туралы мынадай деректер келтіреді: «Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы Торғай облысынан (ол кезде Торғай облысына қазіргі Ақтөбе және Қостанай облыстары кіреді). Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген, бітімші сот болып қызмет істеген. Думаның аграр комиссиясының мүшесі болған, мұсылман фракциясының жұмысына қатынасқан. Аса жұмсақ мінезді, білімді депутат».

Қазақ даласында орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтатып, оның қателігіне үкіметтің назарын аудару мақсатында Дума депутаттары: М. Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Т. Нұрекенов егіншілік және жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы Васильчиковке барып, осы мәселелерді алға тартқан. Орыс отаршылдығының толық сипатын Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайлаған алаш қайраткері Бақытжан Қаратаев Думаның 1907 жылғы мамыр айындағы өткен пленарлық мәжілісінде қатаң сынға алған. 1906 жылы Торғай облысынан И.Ф. Голованов деген большевик Ресей Думасына депутат болып сайланған. 1907 жылы 25 ақпанда Ақтөбе қаласында еңбекшілердің жиналысы болып, онда депутатпен байланыс орнату жөніндегі арнайы комитет құрылды. Қала басшылығының бұл ісіне теріс пиғыл білдіруіне байланысты, жиналыс билік тарапынан бұл комитеттің жұмысына ресми түре рұқсат берілмесе, онда комитет халықтың берген санкциясы негізінде жұмыс атқарады деген шешім қабылданған [8]. Осы жылы 11 наурызда қала халқының жиналысында екінші Дума қызметі және И.Ф. Головановтың өз сайлаушыларына жазған хаттары туралы мәселелер қарастырылған.

Ал, III-ші Думаға Орта Азия өкілдеріне депутат болуға шек қойылды. Осы III-ші Дума ең ұзақ «өмір сүрген» Дума болды. III-ші Думада қазақ депутаттарының болмауы Алаш қайраткерлерін алаңдатты. Сосын келесі IV-ші Думаға қазақ Орынбордан депутат өткізу мақсатымен Ахмет Байтұрсынов 1912-жылы «Қазақ, һәм, Дума» атты мақаласын жазған. А.Байтұрсынов одан бұрын да «Айқап»журналы арқылы Түркістан жұртынан, башқұрт, ноғай, татар жұрттарынан IV-ші Думаға қазақтан депутаттыққа бір өкіл өткізуге көмек сұраған екен. Ахаңды Түркістан, ноғай, татар жұртының өкілдері қолдап, қол ұштарын беруге келіскенімен Ресей билігі IV-ші Думаға да қазақ депутаттарын өткізбей қойған. Сөйтіп жүргенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Ресей ішінде аласапыран оқиғалар болып жатты.

Ахмет Қорғанбекұлы Дума депутаты болған соң өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде айналысқан. Осыған байланысты тілі басқа, салт-дәстүрі мүлдем басқаша ортада бала тәрбиесін қазақы қалыпта бірқалыпты ұстау қиынға айналған кезде, Ахмет Бірімжаным әйелін Гүлжауһарды екі баласы Батырбек пен Іңкәрді алып, Бұзылықтан Торғай өңіріне көшіреді. Осы жерде Ахметтің тұңғышы Батырбек ауыл мектебінің табалдырығын аттаған.

Кейінгі ақпан, қазан революциялары мен азамат соғысының зардабынан елдің жағдайы нашарлап, жұт пен аштық ауыл адамдары үшін қатты соққыға айналды. Сондықтан да Гүлжауөар балаларымен уезд орталығы Торғай қаласына қоныс аударған.

Қазақ халқының тарихында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің маңызы өте зор болған. Торғай облысының қазақтары Ресей патшасының «25 маусым жарлығына» жаппай қарсылық көрсетіп, Торғай облысының Торғай уезі көтерілістің негізгі орталығына айналды. Ахмет Бірімжанов Алаш көсемдерімен бірге елдің «шошынбай, желікпей шаруаға қайтып, егін-пішенін, басқа тіршілік жабдығын үлгертіп алуын» жақтаған. Дегенмен шошынған халық көтеріліске шығып, адам мен мал шығынға ұшырап, 1916 жылғы мәлімет бойынша тек Торғай облысының өзінен 10175 адам еріксіз түрде майданның қара жұмысына алынған [9].

Майдан даласында қорғаныс жұмыстарында болған қазақтарға басшылық жасап, қамқорлық көрсеткен қазақ интеллигенциясының арасында Ахмет Бірімжановтың бауыры Әзімбек Бірімжанов та белсене қызмет көрсетті.

1916 жылы көктемде Күнбатыс майданында қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерге басы көз болған, қамқорлық көрсетуге келген оқыған азаматтардың қатарында А. Кенжин, Б. Сүлеев, Ы. Ғалымжанов, Е. Омаров, Р. Мақатаев, Х. Болғанбаев, Т. Шахулеев, С. Жиенбаев, Б. Жанқадамов, Сәндібеков, Боранқұловтар мен бірге Әзімбек Бірімжанов та болды [10].

1916 жылы Әбдіғапар мен Оспан хандар бастап, сардарлары Амангелді мен Қасымхан қостаған Торғай облысының үштен бір бөлігін қамтыған көтеріліс Ресей патшасының сол тұстағы бодан халыққа жасаған қатаң тәртібіне сай бұрқ еткені мәлім. Осыған орай ақ патша Николай II-нің 1916 жылдың 21 желтоқсанында арнайы жарлығы шықты. Онда Торғай, Ырғыз және Қостанай уездерінде әскери тәртіпке көшу атап көрсетіледі.

Ақ патша жарлығына орай Қостанай уездік полициясы тәртіп сақтау саласындағы сындарлы жолдан бас тартып жазалаушы жолға түседі. Сөйтіп,олар өзінің халық арасындағы беделін жоғалтады. Патша жарлығына дейін орыс әскері бас штабының 1916 жылғы 4 желтоқсанында 359-ші баяндау хаты жарияланды.Онда подполковник Кисленко бастаған Қостанай жазалаушы отряды мына құрамда бекітілді: Олар 5-ші Орынбор казактар жүздігі, 109-ші жая полкі, 9-ші пулемет және 2-ші қару-жарақ полкі. Мақсаттары Қостанай, Торғай аймағының жан-жағын жіті бақылау, қатаң қадағалауға алу. Бұған генерал Сандецкий, генерал-лейтенант, уақытша штаб бастығы Добрынин қол қояды.

Бұл уақытта жазалаушы тобының бастығы подполковник Кисленко өзінің алған бағытынан таймай қарапайым халықты ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларды қолдайды деп зорлық-зомбылықтың шектен шыққан әдістерін қолға алды. Бұған қарсы болған қазақ ұлты көсемдерінің көшбасшысы Ресей Думасының депутаты Әлихан Бөкейханов өз наразылығын білдірді. Көп ұзамай Ә.Бөкейханов Торғай облысы Уақытша үкіметінің комиссары болып тағайындалды. Бұл 1917 жылдың наурыз айы болатын. Яғни, Қостанай уезіндегі подполковник Кисленкомен тіл табысып,халықты жазаламау бағытын ұстаған талабының арқасында,осы сәуір айында облыстық комиссар Әлихан Бөкейханов барлық күш-жүгерін табандылықпен ұштастыра отырып, Қостанай уездік милиция комиссарлығына бұған дейін Ресейдің Самара әділет сотының Бүгірслан уезінде қызмет атқарған Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановты тағайындайды.

1917 жылдың сәуір айында Торғай облысының комиссары Ә. Бөкейханов Ресейдің Самара сотының Бүгірслан уезінде қызмет атқарып жүрген А. Бірімжановты Қостанай уездік полиция комиссарлығына тағайындау үшін Уақытша өкіметтің әділет министрі Керенскийге жедел хат жолдайды. Онда былай деп жазылған: «Ресей Мемлекеттік Думасының 1-ші және 2-ші шақырылымының бұрынғы депутаты, Самара сотының Бүгірслан уезі 2-ші учаскесі қызметкері А. Бірімжановты Қостанай уездік милиция комиссары қызметіне шақырылуына байланысты, оның менің қарамағыма жіберуіңізді сұраймын» [11].

Осы жеделхаттың негізінде Торғай облысының комиссары А. Бөкейхановтың қолымен 1917 жылы 28 сәуірде шығ. № 5453 сан ретімен А.Қ. Бірімжановқа уездік комиссар болып тағайындалды деп Уақытша үкіметтің Ішкі істер министрі Шелкин мырзаның өкіміне сәйкес қызметтік куәлік берілген [12].

Сөйтіп, 1917 жылдың сәуір айында Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов Қостанай уезінде Қостанай уездік милициясын құрып, Ресей уақытша үкіметінің Қостанай уезіндегі милициясы 1918 жылдың қаңтар айына дейін жұмыс істейді.

1917 жылдың 17 сәуіріндегі милиция құрылымы 1918 жылдың 26 тамызында жаңаша жолға түсіп,бұрынғы лауазым иелерін қызметтен қуды. Осы кезеңде Қостанай уездік милиция комиссарының да уақыты зая кеткен жоқ. Өйткені, ақтардың қарапайым халыққа жасап отырған қиянатына қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да көмектесуді мақсат еткен А.Бірімжанов милиция органын қайыра құрды. Бұл туралы Қостанай уездік «Новый путь» газетінің 1918 жылдың 5 қыркүйегіндегі 34 санында нақты дәлелдер келтірілген. Газеттегі хабарландыруда бұлай деп жазылған: «Қостанай уездік милиция бастығы А.Бірімжанов кәсіби заңгер ретінде учакелік милиция бастығына, олардың көмекшілігіне және қатардағы милиция қызметіне, сондай-ақ уездік милиция басқармасына жеке машинкаға қағаз баса алатын адамдарды қызметке шақырады» - деген хабарлама жариялайды.

Бұл хабарламадан мынаны аңғаруға болады. Бұл уақытта үкіметтің құрылымындағы милицияда ақтарды қолдайтын учаскелік қызметкерлер жеткілікті болатын.Сондықтан да Алаш идеясын қолдайтын қажетті адамдарды учаскелерге тарту қажеттілігі туындаған еді. Сол кездің өзінде-ақ, кәсіби заңгер Ахмет Бірімжановтың ұйымдастыруымен тергеу және іздестіру бөлімдері құрылды.Оларға тиісінше қылмыстық бағытта баяндалған арыз- шағымдар, ұрлық пен тонау, қылмыскерлерді анықтау сияқты күрделі міндеттер жүктелді.

Осы ретте Қостанай уезіндегі Қостанай қалалық думасының 90-ші журналындағы фактілер 1917 жылдың 19 тамызында жазылған құжат болып шығады. Ал, осы құжаттың жазылу себебі: Қостанай қаласында М. Қаратаев деген азаматтың мас күйінде көшедегі жүргіншілерді жәбірлеп, тіл тигізіп, ұрып-соғу фактісі негіз болған. Ал, М. Қаратаев ешқандай кәсіппен айналыспаған, бірнеше рет бұзақылығы үшін түрмеге отырған адам. Бұл жөнінде М. Қаратаевты ұстап түрмеге қамауға алған қатардағы милиционер Батуриннің Қостанай уездік сотының судьясы Милькога түсірген арнайы арыз-шағымында айқын көрсетілген.

Бірақ судья Милько болса М. Қаратаевқа 5 рубль айыппұлмен шектелген. Бұл шешімге Батурин наразылығын білдірген. Сот шешімі күшіне енген соң М. Қаратаев қамаудан босатылады. Бұл туралы Қостанай уездік милиция комиссары Ахмет Бірімжанов: «Сот шешіміне ешқандай қысым көрсетілмеуі керек. Егер наразы болсаңдар-одан жоғары тұрған облыстық сотқа шағымданыңыздар» деп арнайы шыққан сол уақытта қолданыстағы заңды қатардағы милиционер Батуринге оқиды. Бұл заңды Ресей Уақытша үкіметінің төрағасы А.Ф. Керенский өмірге әкелген еді. Бұдан соң Қостанай уезінде Кеңес үкіметі жарияланған соң,уақытша милиция құрылымы таратылады. Бұған депутаттардың атқарушы комитеті келісім береді. Арада көп уақыт өтпей ақгвардияшылар үстемдік алған соң-ақ, 1918 жылдың маусымының 28 жұлдызында Қостанайда атқару комитетінің депутаттары мен большевиктері бірінен соң бірі түрмеге жабылды. Қаладағы жаңа әкімшілік большевиктер өмірге әкелген барлық құрылымды түбірінен өзгертіп, уездік басқару жүйесін қайта құрды. Олардың мақсаты монархиялық қозғалысты қалыптастыру еді.

Осы тұста Торғай облысының барлық үкімет құрылымы КЖКМ-ға (кеңейтілген мәжілістің комитет мүшелері) берілді. Мұның ішінде уақытша үкіметтің ерекше назар аударғаны 1917 жылдың 17 сәуіріндегі милиция құрылымы 1918 жылдың 26 тамызында жаңаша жолға түсіп,бұрынғы лауазым иелерін қызметтен қуды.

Осы кезеңде Қостанай уездік милиция комиссарының да уақыты зая кеткен жоқ. Өйткені, ақтардың қарапайым халыққа жасап отырған қиянатына қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да көмектесуді мақсат еткен Ахмет Бірімжанов милиция органын қайыра құрды. Бұл туралы Қостанай уездік «Новый путь» газетінің 1918 жылдың 5 құркүйегіндегі 34 санында нақты дәлелдер келтірілген.

Газеттегі хабарландыруда бұлай деп жазылған: «Қостанай уездік милиция бастығы Ахмет Бірімжанов кәсіби заңгер ретінде учакелік милиция бастығына, олардың көмекшілігіне және қатардағы милиция қызметіне, сондай-ақ уездік милиция басқармасына жеке машинкаға қағаз баса алатын адамдарды қызметке шақырады» – деген хабарлама жариялайды.

Бұл хабарламадан мынаны аңғаруға болады. Бұл уақытта үкіметтің құрылымындағы милицияда ақтарды қолдайтын учаскелік қызметкерлер жеткілікті болатын. Сондықтан да Алаш идеясын қолдайтын қажетті адамдарды учаскелерге тарту қажеттілігі туындаған еді. Сол кездің өзінде-ақ, кәсіби заңгер Ахмет Бірімжановтың ұйымдастыруымен тергеу және іздестіру бөлімдері құрылды. Оларға тиісінше қылмыстық бағытта баяндалған арыз-шағымдар, ұрлық пен тонау, қылмыскерлерді анықтау сияқты күрделі міндеттер жүктелді.

Уақытша үкімет құрған Қостанай уездік милициясы ақтар тұсында өмірге келсе де, ол тарихтың бастауы еді. Сондықтан да Қостанай уездік милициясының негізін қалаған бірінші уездік милиция комиссары Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов 1917 жылдың сәуір айынан бастауын алғандығы ақиқат.

Бұдан шығатын тұжырым мынандай- Алаш-Орда қозғалысы кеңестік билікке қарсы күресінде Уақытша үкіметтің жағында болғаны белгілі. Осы одақтастық олардың қорғаныс механизмі үшін болған дипломатиялық жүрістері екенін тарихтың өзі дәлелдеп берді.

Алаш-Орда қозғалысына белсене қатысқан екі Ахмет болғаны тарихтан белгілі.Олардың біріншісі- ағартушы Ахмет Байтұрсынов, екіншісі- заңгер Ахмет Бірімжанов.

Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату процесі жүріп жатқан кезде, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21-қарашадағы 251 – санында Алаш партиясының бағдарламасы жарияланған. Бұл бағдарламаны Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Е. Ғұмаров, Е. Тұрмұханбетов, Ғ. Жүндібаев, А. Бірімжанов дайындаған [13]. Бұл бағдарламада қазақ халқы үшін өзекті болған мына мәселелер қарастырылған: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін, билік пен сот, ел қорғауға салық, жұмысшылар, ғылым білім үйрету, жер мәселесі.

1917 жылғы Ақпан революциясының жеңгені, патшаның тақтан түскені туралы хабар қазақ даласына наурыздың басында келіп жетті. 1917 жылғы ақпан революциясынан соң Қазақстанда уақытша үкіметтің жергілікті органдары кұрылған болатын. Ахмет Бірімжанов ақпан революциясынан кейін Торғай облыстық комиссары Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау ісімен айналысты.
Әдебиеттер

1 Добромыслов А. Тургайская область. Исторический очерк. – Оренбург,: типография Ф. Сачкова, 1901. – 304 с.; Васильев А. Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние. – Оренбург: издание Тургайского областного статистического комитета, 1896. – 226 с.; Алекторов А. Очерк народного образования в Тургайской области. Летопись 1744-1898. – Оренбург, 1900.

2 Қазақ шежіресі. Алматы, 1994. – 35 б.

3 ҚР ОМА. 4 – қор, 1 тізім, 2303 іс, 10-32 п.п.

4 Жұлдыз. 2003, №3, 124-125 бб.

5 ҚР ОМА. 25 – қор, 1 тізім, 3804 іс, 221 п.п.

6 Жұлдыз. 2003, №3. – 125 б.

7 Озғанбай Ө. Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан. Алматы, 2006. – 147 б.

8 У истоков Компартии Казахстана. Часть 1. – 218 с.

9 Ковалев П.А. Тыловые рабочие Туркестана в годы первой мировой войны. Ташкент, 1957. – 118 с.

10 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995. – 204 б.

11 Қостанай обл. Мемл.мұрағаты ф. 1010. Оп. 1. Д. 17. Л.-20

12 Қостанай обл. Мемл.мұрағаты ф. 1010. Оп. 1. Д. 17. Л.-27

13 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995. – 135 б.



References

1 Dobromyslov A. Turgai region. Historical background. - Orenburg: printing house of F. Sachkov, 1901. - 304 p .; Vasiliev A. Historical outline of Russian education in the Turgai region and its current state. - Orenburg: publication of the Turgai Regional Statistical Committee, 1896. - 226 p .; Alektorov A. Essay on public education in the Turgai region. Chronicle 1744-1898. - Orenburg, 1900.

2 Chronicle of the Kazakhs. Almaty, 1994 .- 35 p.

3 KR CSA. 4 - fund, 1 list, 2303 cases, 10-32 percentage points

4 Zhuldyz. 2003, No. 3, 125 p.

5 KR CSA. 25 - fund, 1 list, 3804 cases, 221 percentage points

6 Zhuldyz. 2003, No. 3. - 125 p.

7 Ozganbay O. Russian State Duma and Kazakhstan. Almaty, 2006 .-147 p.

8 At the origins of the Communist Party of Kazakhstan. Part 1. - 218 p.

9 Kovalev P.A. The rear workers of Turkestan during the First World War. Tashkent, 1957. - 118 p.

10 Koigeldiev M. Alash movement. Almaty, 1995. - 204 p.

11 Kostanay region State Archive f. 1010. Opt. 1. D. 17. L.-20

12 Kostanay region State Archive f. 1010. Opt. 1. D. 17. L-27

13 Nurpeisov K. Alash and Alashhorda. Almaty, 1995. - 135 p.


А. ИБРАЕВА1

1 СКГУ им. М. Козыбаева

Петропавловск, Казахстан


АХМЕТ БИРИМЖАНОВ – ВЫДАЮЩИЙСЯ ПРЕДСТАВИТЕЛЬ АЛАШСКОЙ ИНТЕЛЛИГЕНЦИИ
Резюме
Со дня опубликования программной статьи Лидера Нации Н.А. Назарбаева «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» в стране проводится большая работа. Ее логическим продолжением стала статья Главы Государства «Семь граней Великой степи», которая дала возможность возвышать имена великих личностей Великой степи. Одним из ярких представителей движения «Алаш», который боролся в интересах страны и народа является Биримжанов Ахмет Корганбекович. В данной статье читателям рассказывается о биографии и политической деятельности Ахмета Биримжанова. Ахмет Корганбекович Беримжанов (7 декабря 1871-5 января 1927) - общественный деятель, член правительства Алаш Орды, член I-II Государственной Думы, юрист, внесший большой вклад в разработку и принятие новых законов и Конституции Казахской Автономной Советской Социалистической Республики.

Түйін сөздер: «Рухани жаңғыру», личность, исследование, депутат Думы, буржуазно-демократический, источник, юрист.



A. Ibraeva

M. Kozybaev NKSU

Petropavlovsk, Kazakhstan
AHMET BIRIMZHANOV – OUTSTANDING REPRESENTATIVE

OF ALASH INTELLIGENCE
Summary
From the day of publication of the programming line of N.A. Nazarbayev the Leader of the Nation “Orientation for the future: Spiritual rebirth” a lot of work is being done in the country. Its logical continuation was the article by the Head of State “Seven faces of the Great Steppe”, which made it possible to exalt the names of great personalities of the Great Steppe. One of the prominent representatives of the Alash movement, which fought in the interests of the country and the people is Birimzhanov Akhmet Korganbekovich. This article tells readers about the biography and political activities of Akhmet Birimzhanov. Akhmet Korganbekovich Berimzhanov (December 7, 1871 - January 5, 1927) - public figure, member of the government of Alash Orda, member of the I-II State Duma, a lawyer who made a great contribution to the development and of new laws adoption and the Constitution of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic.

Key words: Spiritual rebirth (“Rukhani zhangyru”), personality, research, Duma deputy, bourgeois-democratic, source, lawyer.




1* Мақала «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы үшін өзектендіру, ғылыми тұрғыдан талдау және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша талдамалы зерттеу жасау» жобасы аясында даярланды.

Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2186 -> 2019
2019 -> Әож 94 (574) жаһанша досмұхамедов – алаш қОЗҒалысының Өршіл қайраткері түйін Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»
2019 -> Уалтаева А. С., т.ғ. к. Отар Ә. Н., 2-курс магистранты Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ӘӨЖ: 94(574)(092)
2019 -> Садықов Тілеген Садықұлы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультетінің профессоры, т.ғ. д
2019 -> Б. С. Боранбаева
2019 -> Қали айнұр1, СӘкенұлы қайрат2, айдаралиева әсел
2019 -> Маулит. Б. 1, Шәріпқазы Н. 2 1
2019 -> Омарова Г.Ә., ғылыми қызметкер, Алматы қ., Қазақстан. ӘОж 4(574). 084. Алжир қасіреті: азап шеккен аналар естелігінде
2019 -> Г. Р. Мухтарова1 1Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбысжазба архиві Алматы, Қазақстан
2019 -> Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
2019 -> Г. Е. Сабденова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, доцент, т.ғ. к., Қазақстан, Алматы А. Н. Усерова


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет