Әож 94. 574(1986) желтоқсан көтерілісі және тәуелсіз қазақстан



Дата27.02.2020
өлшемі49 Kb.
#58716
ӘОЖ 94.574(1986)
ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН
Серікбаев Е.Қ.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.
Халқымыз ғасырлар бойы тәуелсіздік жолында күресіп келді. Патшалы Ресей тұсында да, Орталық биліктің өктем саясаты кезінде де қазақ халқы тәуелсіз ел болуды армандады және сол биік мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін сарқудан аянбады. Бұл туралы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ халқының бүкіл тарихы – ұлтымыздың азаттығы үшін күрес тарихы»,-деп атап көрсеткен болатын [1]. Ұлттық тарихымыздың бір белесі ретіндегі Желтоқсан көтерілісі сол тарихи кезеңдегі қазақ жастарының саяси санасының оянуымен қатар, егемендікке бастаған бірден-бір жол болып табылады. Желтоқсан көтерілісі Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстың басы еді. Жастар қоғамға үлкен ой тастады және оның мәнін жоққа шығару ешкімнің қолынан келмейді. Бұл көтеріліс кейіннен КСРО құрамындағы Балтық бойы елдерінің тәуелсіздік жолындағы күресіне қозғау салды және Тбилиси, Баку қалаларындағы жасалған бас көтерулерге бастау болды.

1986 жылғы желтоқсан айының 17-18 жұлдыздары аралығында қазақ жастары Алматы қалысындағы «Брежнев» атындағы Орталық алаңда сол кездегі ресми билікке қарсы өз наразылықтарын білдірді. Оған сылтау болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев орнына осыған дейін Грузия Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Г.В. Колбиннің тағайындалуы еді. Ал, бұл көтерілістің себебі өте тереңде жатқан болатын. Атап айтқанда:

1. Ұлттардың жойылатындығы және біртұтас Кеңес ұлты мен кеңес тілі қалыптасатындығы туралы жоғары мінбелерден айтылып жүрген болатын.

Бұл сол тарихи кезеңде «Ұлы халық» және оның кіші інілері идеясының астарындағы орыс ұлты мен орыс тілінің үстемдігі еді.

2. Солақай саясат нәтижесінде ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қазақ жерінің біртұтастығы бұзылып, Оңтүстік Қазақстан облысының мақталы аймағы саналатын алты аудан, атап айтқанда Жетісай, Киров, Мақтарал, Достық Мырзашөл және Бостандық аудандары Өзбекстан КСР-іне берілді. Тек Д.А. Қонаевтың атсалысуымен алғашқы үш аудан КСР-іне қайтарылды.

3. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарына сырттан 640 мыңнан механизаторлар әкелініп, жергілікті ұлттың үлес салмағы 30 пайызға азайды. Нәтижесінде, 700-ден астам қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің дамуы мен қазақ этносының әлеуметтік-мәдени институттарына қауіп төнді.

4. Қазақ жерін бөлшектеуге ұмтылыс жасаған «Ұйғыр автономиясы» және «Неміс автономиясы» идеяларын алға тартқан қоғамдық қозғалыстар пайда болды. Тіпті, КСРО Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н. С. Хрущевтің өзі «Тың өлкесі», яғни «Целинный край» деген атпен жоғарыда айтылған солтүстік және шығыс облыстарды Қазақстаннан бөліп алғысы келді. 1960 жылы Т. Соколовтың басшылығымен арнайы түрде «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің республиканың солтүстік облыстары бойынша бюросы» құрылып, оған Қазақстанның алты облысы бағындырылды. Бюроның құрылу мақсаты Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу болатын. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т. Соколов облыс, аудан басшыларын жинап, Ақмола қаласының атын Хрущевград деп өзгерткісі келді. «Тың өлкесін» Қазақстаннан бөліп алып, оны Кеңестер Одағы құрамындағы өлке ету туралы ұсыныс айтады. Бірақ, Д.А. Қонаевтың араласуымен Т. Соколовтың тың өлкесін орталыққа бағындыру идеясы жүзеге аспай, Ақмола – Целиноград қаласы болып, ал Батыс Қазақстан облысы Орал облысы деп өзгертілді.

Ал, ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Қазақстан даласында тың көтеру желеуімен іс жүзінде ұлтты орыстандыру жүзеге асырылды. Ұлттық ерекшеліктерге қарағанда, кеңестік дәстүрлер көп жарияланып, мақтап-марапатталды. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде еуроцентристік бағыт басым болды, ол іс жүзінде қазақ халқының ұлттық өкіметке, мемлекеттік тәуелсіздік пен территорияның біртұтастығына құқығын жоққа шығарды.

Міне, осы айтылған себептерді алға тарта отырып, қазақ жастары 1986 жылғы 16 желтоқсан күні кешке жоғары оқу орындары мен жұмысшы жастар жатақханаларында жиналыстар өткізіп, ертесіне жасалатын наразылық шеруіне байланысты мәселелерді талқылаған. Нәтижесінде Орталық алаңға бейбіт шеруге шығу туралы шешім қабалданған.

1986 жылғы желтоқсан айының 17 жұлдызында жастар Алматы қаласында Орталық алаңға шықты. Алаңға жиналған жастар саны 10 мыңнан асты. Олардың қолында «Ленин идеялары жасасын», «Әр халыққа-өз көсемі», «Ешбір халыққа және ешқандай тілге артықшылық берілмесін», «Біз халықтардың күштеп емес, өз еркімен жақындасуын қалаймыз» деген ұрандар жазылған транспоранттар бар болатын. Жастар талаптары мен ұсыныстарына еш жауап берілмеді. Тек олардың алаңды тастап шығуы туралы ғана хабарланды. Жастар алаңға Д.А. Қонаевтың шығып, оларға мәселенің мән-жайын түсіндіруін сұрады. Бірақ, билікті өз қолына алған КОКП ОК мүшелері ол кісінің жастар алдына шығуына рұқсат бермеді. Алдымен алаңды тазартуға өрт сөндіру машиналарының су атқыш құрылғылары пайдаланылды. Оған төтеп берген жастарға Челябинск, Сведловск, Новосибирск, Уфа, Тбилиси қалаларынан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінген арнайы машықтанған әскерлер «Құйын» операциясын ұйымдастырып, алаңды тазартты. Алдан ала тергеу орындарының ғимараттары жастарға толған соң, алаңнан әкетілген жастар қаланың сыртына, атап айтқанда Талғар, Медеу мұз айдыны бағыттарына шығарылып, сырт киімі шешіліп алынып, сонда қалдырылды. Алаңды тазартуға 50 мың Ресей және жергілікті ішкі істер әскері мен 20 мың милиция қызметкерлері тартылған. Тазартылған Орталық алаң әскер және милиция бөлімдері қызметкерлерімен қоршалды.

18 қаңтар күні Орталық алаңдағы жастар көтерілісі туралы хабарды кеш естіген шалғай жақта орналасқан жоғары оқу орындарының студенттері алаңға енуге әрекет жасап, арматурамен қаруланған орыс халқының өкілдерінен құрылған жасақтар мен милиция қызметкерлерінің соққысына ұшырап, нәтижесінде қамауға алынды. Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. Қалаға ешқандай адам кіргізілмеді.

Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Г.В. Колбин кейіннен Желтоқсан көтерілісі туралы өз пікірін былай білдірді: «Алматыдағы тәртіпсіздіктердің орын алуы экстремистік бағыттағы ұлттық элементтердің әлеуметтік жағынан пісіп жетілмеген және әртүрлі арандатуға қарсы иммунитеті қалыптаспаған студент жастарды еліктіріп, заңсыз әрекетке және бейбастық жасауға итермеледі» [2]. Ал, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы С.М. Мұқашев: «Республикамызға интернационалдық халық өкілдерінің көптеп келуі заңды құбылыс. Себебі, біз тың және тыңайған жерді, химия өнеркәсібін өз күшімізбен игере алмаймыз», - деп демографиялық өзгерістерді қолдады. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М. Мирошник, Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы З.К. Камалиденов тағы басқалар қазақ жастарының көтерілісін «маскүнемдер мен нашақорлардың әрекеті» деп көрсетіп, тұтас қазақ халқында «ұлтшылдық көрінісі» байқалды деп айыптады.

Алматы қаласындағы жастар көтерілісінен хабардар болған өзге Қазақстан қалаларының жастары да бас көтеруге әрекет жасаған. Бірақ, жергілікті партия және кеңес қызметкерлерінің, милиция бөлімдерінің күшімен таратылған.

«Желтоқсан көтерілісінің» әділ саяси бағасы тек М. Шахановтың 1989 жылғы Халық депутаттарының съезінде сөз алып, арнайы тексеру комиссиясын құру туралы ұсынысынан кейін беріле бастады. «Желтоқсан көтерілісін» тексеру комиссиясының мәліметтеріне қарағанда жалпы екі күн ішінде 2401 адам қамауға алынған. Көтеріліс барысында 2 адам қаза тапқан. Ал, құқық қорғау орындарының ұрып-соғуы, зорлауы және өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүрлеуі жайындағы мәліметтер әлі де тексеруді қажет етеді. Медициналық бөлімдерге түскен 369 адамның 363-і қазақ, екеуі орыс және түркімен, шешен, армян, башқұрт болған. Олардың 243-і басынан жарақат алып, қалғанының аяқ-қолы сынған.

Көтеріліске қатысқан 55 адам компартия қатарынан, 758 адам комсомол қатарынан шығарылған. 210 коммунистке партия тарапынан, 1164 адамға комсомол тарапынан шаралар қолданылған. Сонымен бірге, 707 адам әкімшілік жазаға тартылып, 1400 адамға құқық қорғау орындары тарапынан қатаң шаралар қолданылған. 99 адам жауапқа тартылып, 631 адам тіркеуге қойылған, ал екі адамға ату жазасы кесілген. Оның біреуі Алматы сәулет-құрылыс институтының 1 курс студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. 1988 жылы 23 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қайрат Рысқұлбековке кесілген өлім жазасы 20 жыл жаза өтелумен алмастырылды. Сол жылдың 21 мамырында Қайрат Рысқұлбеков Семей түрмесінің №21 камерасында белгісіз жағдайда өлтірілді.

М. Шаханов Желтоқсан көтерілісі туралы сөзінде: «Біздің міндетіміз-Желтоқсан туралы әділдікті айту болатын. Ол кезде бұл әшейін қазақ жастарының басбұзарлық әрекеттері деген ұғым қалыптасты. Тіпті. КОКП ОК өз қаулысымен оған «ұлтшылдық көрінісі» деп баға берді. ... Бірақ, кейбір жасырын күштер Желтоқсанды басқа арнаға бұрып жіберу пиғылында болды, соған жанын салды. Д.А. Қонаевтың айналасындағы азғантай топ оның қолшоқпары болған деген ұғымды аңғартты. Біз ол пікірдің әділетсіз екендігін дәлелдедік. ... Дегенмен, біздің ұлттық рухымыз сынға түскен уақытта жігіттеріміз бен қыздарымыздың азаматтық мінездері алға шықты. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды», - деп атап көрсетті [3]. М. Шаханов «Желтоқсан көтерілісін» зерттеген тексеру комисиясының қорытындысында қазақ жастарынан «нашақор мен маскүнем» деген айдар және қазақ халқының «ұлтшылдық көрінісі» деген айыпты алып тастауды, қазақ халқынан ресми түрде кешірім сұрауды КОКП Орталық комитетінен талап етті. Орталық комитет қазақ жастары мен қазақ халқына шығарған шешімінің күшін жойды, бірақ қазақ халқынан кешірім сұрамады.



«Желтоқсан көтерілісі» - қазақ жастарының тоталитарлық жүйеге қарсы Кеңестер Одағында алғаш рет болған көтеріліс. Жастар сол кездегі қоғамдағы демократия, жариялылық деген сөздерге сеніп, бейбіт демонстрацияға шықты. Ал, тоталитарлық жүйедегі сөз бен істің арасындағы айырмашылықты олар кеш түсінді. Орталықтың өктем саясатына мойын ұсынбай, қарсылық көрсеткен қазақ жастары жазаланды, бірақ бұл жазалау шаралары олардың жігерін жасыта алмады. 1987-1988 жылдары «қазақ тілінің» жағдайына байланысты Қазақстан КП ОК хатшыларымен кездесулерде жастар «Желтоқсан көтерілісінің» мән-жайына байланысты бірқатар сұрақтар қойып, компартия қайраткерлерінен жауап беруін талап еткенде, олар залдан үнсіз шығып кетуге мәжбүр болған кездер де аз болған жоқ. «Желтоқсан көтерілісі» Балтық бойы мемлекеттеріндегі, Грузиядағы, Азербайжандағы көтерілістерге бастау болумен қатар, КСРО-ның ыдырауына және Қазақстанның тәуелсіз ел болуына үлкен септігін тигізді.
Әдебиет


  1. Назарбаев Н.А. Тарих толқынында. – Алматы, 2001.

  2. Колбин Г.В. Беспорядки в Алма-Ате // Казахстанская правда (15 марта). – 1987.

  3. Шаханов М. Тарих қойнауына кіргізуге асықпайық // Егемен Қазақстан (18 желтоқсан). – 2001.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет