Зерттеудің деректік негіздері. Зерттеу жұмысының деректік негіздерін әр кезеңдердегі санақтар мен статистикалық жылнамалар, материалдар, мемлекет қаулылары мен көші-қон агенттігі, далалық материалдар мен архив құжаттары құрайды.
Деректік материалдардың бір тобын әр жылдардағы санақтар мен статистикалық мәліметтер құрайды. Оған: «Материалы для статистики Туркестанского края», «Статистический ежегодник 1917–1923 гг.», «Хозяйственный план Туркреспублики на 1923–1924 гг.», 1917, 1920 жж. Бүкілресейлік халық санақтары, 1926, 1936, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 жж. Бүкілодақтық халық санақтары, ҚР статистикалық агенттігі. 1999 ж. халық санағының қорытындысы, ҚР, Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары статистикалық агенттігіктерінен, т.б.алынған материалдар енеді.
Зерттеудегі деректік материалдардың екінші бір тобын 1992 ж., 2002 жж. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы материалдары, Қазақ диаспорасы көші-қон жөніндегі мемлекет қаулылары мен көші-қон агенттігінің статистикалық материалдары құрайды.
Деректердің үшінші бір бөлігін 1990–1993 жж. Ташкент, Жызақ, Сырдария, Науай облыстарынан, 1999–2003, 2004–2005 жж. автордың Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстандағы қазақтар арасына барып, 150-ден аса информаторлардан жинаған материалдары құрайды. Алынған материалдар қазақ диаспорасының этнографиясы жергілікті халықтардың дәстүрлі мәдениетімен салыстырыла отырып, жинақталған.
Жұмыстың ең бір өзекті жағын ашуда және қазақтардың қалыптасуы мен қоныстану тарихын айқындайтын, нақты мағлұматтарды Өзбекстанның Орталық Мемлекеттік архиві, Қырғызстанның Орталық Мемлекеттік архивінен, т.б. және аталған елдердегі Ұлттық кітапхана сирек қоры материалдары құрайды. Мәселен, Орта Азия республикаларының шекарасын нақтылау жөніндегі деректерді ӨРОМА Р-1 қор, 707-істе, шекаралас жерлердегі даулы территорияларды реттеу мен Ташкент уезінің Ниазбек, Зеңгіата, Болат болыстығына қатысты шекара мәселесі осы қордың 704 ісінде, қарастырылса, р-39, 2-тізбе, 454- істегі (құпия құжат) құжатта этникалық шекаралардың Қауыншы станциясының қалай бөлінгендігі жөнінде деректер беріледі. ӨРОМА 17-қор, 1-тізбе, 335–істе және 860-істе Мырзашөл уезі қазақтарының жерін Грузияға жалға беруі қаралса, 1-қор, 4- тізбе, 1380-істе Ташкент және Наманган уездерінің шекарасында жайылым жерлерге байланысты деректерден юз этникалық тобы жөнінде мәліметтер білеміз.
Орта Азиядағы қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы егіншілік, мал шаруашылығындағы олардың үлес салмағы арақатынасын көрсететін деректер ӨРОМА алынған 25-қор, 1-тізбе, 1717-істе, ӨРОМА 20-қор, 1- тізбе, 5-істе, осы қордың 6-ісінде, Красноводскідегі адай қазақтары мен түрікмен иомудтардың мал шаруашылығындағы айырмашылықтарды көрсетеді. ӨРОМА 86-қор, 1-тізбе, 2150-іспен ӨРОМА 12-қор, 1-тізбе, 9-істе қазақтармен түркімендердің көші-қоны, жайылым жерлерге байланысты екі халықтың арасындағы қақтығыс жөніндегі мәліметтер мен қоса мал саны жөніндегі мәліметтерді сараласақ, р-29, 3-тізбе, 1612-істе Түркреспубликасының егіншілігі мен мал шаруашылығы жөніндегі деректерді де кездестіруге болады. Қазақтардың кәсіпкершілігі тұз өндіру, балық аулау жөнінде ӨРОМА Р – 1 қор, 1-тізбе, 721 – іс және ӨРОМА 34 – қор, 1 – тізбе, 421-істе отырықшы қазақтар мен Бұхара республикасы халықтарының ұлттық құрамы жөнінде мағлұматтар аламыз. ӨРОМА 90-қор, 9-тізбе, 248-істегі деректе 1947 ж. Ташкент қаласы және Ташкент облысындағы өнеркәсіп орындарына Қазақстаннан жалға берілген жерлердің тізімін Өзбекстанға бекіту жөніндегі материалдар берілген.
ҚырРОМА 847 – қор, 1 – тізбе, 27 – іс қазақтардың Жетісу облысынан Қытайға көшіп, елге оралу барысында Қырғызстан жеріне қоныстануы жөніндегі деректерді; ҚырРОМА 20 – қор, 1 – тізбе, 187 – істе Қырғызстан халықтарының саны округтер, болыстықтар бойынша берілген, біз қазақтардың осы аталған округтердегі үлес салмағын білсек, осы қордың 6 – ісінде Қазақстанмен Қырғызстан арасындағы шекарадағы жайлауларға байланысты деректер, 116 ісінде шекара мәселесі қарастырылады. ҚырРОМА 105 – қор, 33 – тізбе, 4066 – істе де халықтың саны жөнінде мағлұматтар және т.б. көптеген архивтік деректермен құпия құжаттарды жұмысымызда арқау еттік.
Достарыңызбен бөлісу: |