ӘӨЖ 94(575+574) : 39 Қолжазба құқығында


КІРІСПЕ Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы



бет3/37
Дата12.12.2021
өлшемі494,5 Kb.
#99805
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
avtoref kalshabayeva

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертация жұмысы Орта Азиядағы қазақтардың қоныстану тарихының кезеңдері мен бөгде ортада қалыптастырған этникалық және этномәдени үдерісіндегі дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен этнографиялық ерекшеліктеріндегі өзекті мәселелерге арналған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы ұлттық идеяны қалыптастыру мақсатында шет елдердегі қандастарымыздың этникалық тарихын, дәстүрлі мәдениетінің сақталуын, өзгерісін, бөгде ортадағы этникалық және этномәдени үдерістерін ғылыми талдауды маңызды міндет етіп қояды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында жасаған баяндамасында: «Дүниеде қазақ деген ұлт біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы – барша қазаққа тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да – бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлық. Сондықтан сырттағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері деген қолдан жасалатын шек-шекара болмауға тиіс. Тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа»,- деп көрсетті 1, 8-б. Өзімізді танып білу, жоғымызды іздеу тек еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана мүмкін болғандығы белгілі. Бүгіндегі әлемдік өркениет жағдайында болып жатқан түбегейлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістер Орта Азия аймағындағы елдерге де тікелей қатысты. Себебі, сырттағы қазақтардың тарихи даму эволюциясы да, этникалық және этномәдени үдерістері де қазақ этносының дамуының тұтас бір бөлігі. Олай болса, зерттеу аумағындағы жергілікті халықтар ықпалындағы қазақтардың қалыптастырған дәстүрлі мәдениетіндегі ерекшеліктерді, ұқсастықтарды сараптау этнология ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып саналады.

Әлемдегі диаспораның үлкен бір қауымын қазақтар құрайтындығы белгілі. Өз республикасынан тыс, шет жерлер мен шет елдерге таралу жағынан да қазақтар алдыңғы орындарда тұр. Халқымыздың 5,5 миллионға жуығы төл ортадан жырақта өмір сүруде. Соның ішінде саяси-экономикалық құрылымы әртүрлі елдерде өз қандастарынан бөлек ортада өмір сүріп отырған қазақтардың үлкен бір қауымын Орта Азиядағы қазақтар құрайды. Мәселен, 2000 ж. қарсаңында Өзбекстанда 990022, Түркіменстанда 98000, Қырғызстанда 42657, Тәжікстанда 2 мың қазақ болғандығын көрсетеді 2. Қандастарымыздың шет жерлерге таралу тарихы да баршамызға аян. ҚР президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ халқының басынан өткізген қиын да ауыр тағдыры жөнінде былай дейді: «...өз жерімізде өзіміз қуғынға түстік. Мыңдаған жандар қырылып, мыңдаған жандар ата жұртын тастап кетуге мәжбүр болды. 1932-1933 жылдарда қазақ даласында болған адам айтса нанғысыз ашаршылық, 6 миллиондай халықтың 2,2 миллионы айдың күні аманында опат болғаны, сталиндік репрессия жылдарында аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны-большевизмнің бетіне басылар қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытпайтын қасіретіміз»,- деп көрсетті 3, 8-б. Тақырыптың өзектілігі міне, осы сырттағы қазақтардың төл Отанынан жырақта жүру себептерін және бөгде ортадағы дәстүрлі мәдениетінің сақталуы, жалғастылығы мен өзгерісін талдаумен сипатталады.



Бөлек этникалық ортада өмір сүріп отырған барлық диаспораның атамекенінде мемлекеті бар, ол сол халықтың дамуының этникалық кеңістігі болып саналады. Сондықтан да шет жерлерде төл ортадан бөлек өмір сүріп жатқан қандастарымыздың этникалық, мәдени-рухани дамуына мемлекетіміз бар мүмкіндігінше қамқорлық жасауда. Қазақстан Республикасы шетелдердегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, оларды мүмкіндігіне қарай елге қайтару не ұлттық сана сұранысына қарай жағдай жасауда. Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы да шетелдердегі қазақтармен байланыс жасауда маңызды іс-шаралар мен қызметтер етуде. Осыған байланысты шет жерлерде тұрып жатқан қандастарымыздың да тұрмысын зерттеп, әлеуметтік-экономикалық және мәдени рухани тыныс тіршілігіндегі мәселелерді де талдап ұлт бірлігін нығайту тарихшы-этнографтардың бірден- бір міндеті. Сондықтанда шет жерлерде мекен етіп отырған қандастарымызды тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу ұлт бірлігін нығайтып, ұлтымыздың дамуына, жандануына ғана әкеліп қоймай басқа елдердің аз санды халыққа деген қатынас тәжірибесін анықтап, зерттеуге де мүмкіншілік береді. Шет елдердегі қазақтардардың этно-әлеуметтік мәселелері және этнографиялық болмысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Себебі, шетте жүрген қандастарымыз қазақ этносының бір бөлігі, қазақ халқының тұтастығын, көздейтін болсақ, олардың дәстүрлі мәдениетімен қазіргі жағдайдағы этномәдени үдерістеріндегі мәдени мұраларының сақталуы мен жалғастылығын зерделеу қажет. Сондай ақ шет жерлердегі қандастарымызды тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу олардың мәдени қажеттілік сұраныстарын қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұраларын жоғалтпай, қайта тірілтуге, жандандыруға, мәдениетіміздің озық үлгілерін насихаттауға мүмкіндік береді. Орта Азиядағы қазақтардың этникалық тарихын, этнографиялық ерекшелігін зерттеу халқымыздың тұтастығы мен этникалық бірлігін сақтауда өзекті тақырыптардың қатарына жатады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет