Жанар-жағар май материалдарын және басқа да тауарлар мен материалдарды сатып алуға байланысты субсидиялар төлеу:
1) дәнді дақылдар (күріш пен дәндік жүгеріден басқа) бойынша: eгic науқанының нәтижесіне сай, субсидияның базалық нормасы бойынша 1 гектарына – 100 %.
Осы дақылдар ғылыми негізделген аймақтық агротехнологияларды сақтай отырып, өсірілген жағдайда көбейтілген субсидия нормасымен төленеді;
2) қант қызылшасы, майлы дақылдар, күріш, дәндік жүгері, сүрлемдік жүгері, сүрлемдік күнбағыс, мақта, көкөніс-бақша (қорғалған топырақ жағдайында өсірілетін көкөніс дақылдарын қоспағанда), жемшөптік, жеміс-жидек дақылдары, жүзім және картоп бойынша: егіс науқанының нәтижесіне сай, субсидияның базалық нормасы бойынша 1 гектарына - 100%. Бұл ретте егу алаңы 50 гектардан кем мақта, 200 гектардан кем күріш алқабы бар мақта мен күріш өсірумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (бұдан әрі – АШТӨ) базалық норманың 50 % мөлшерінде бюджеттік субсидия төленеді;
3) қорғалған топырақ жағдайында өсірілетін көкөніс дақылдары бойынша: әрбір дақылға субсидияның тиесілі сомасының 50 %-ы.
Субсидия алу үшін АШТӨ субсидия алушылардың тізіміне қосуға арналған өтінімді мынадай құжаттарды қоса отырып ұсынады:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмелерін (жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың және жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелерін);
2) жер учаскесінің сәйкестендіру және (немесе) құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін;
3) тауар өндіруші ауылдық тұтыну кооперативінің немесе су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативінің анықтамасын;
4) банктік шоттың бар екендігі туралы (нөмірі көрсетілген) банктік анықтама.