Әсемдік категориясының әдеби мәні. Көркем шығармадағы образдылық



Дата05.10.2022
өлшемі15,69 Kb.
#151812
Байланысты:
Әсемдіктің қызметі


Әсемдік категориясының
әдеби мәні. Көркем шығармадағы образдылық

Әдебиеттің басты мұраттарының бірі – адам баласының рухани әлеміндегі жарасымдылықты қалыптастыру, өмірде адамзатқа ортақ ізгіліктердің негізгі ұстанымдарын дәріптеу және бүкіл адам баласын адамгершілік жолындағы іс-әрекетке үндеу. Бұл мақсатқа жету үшін қаламгер адам болмысына үңіл деді. Себебі, өнер атаулының, оның ішінде әдебиеттің де нысаны – адам. Мақсаты адам игілігіне қызмет ету. Өмір шындығын, оқиғалар мен құбылыстарды, баршаға ортақ ой-сезімдерді жекелеген адамдар мен оқиғалар арқылы жинақтап, бейнелі түрде көрсету – өнерге тән қасиет. Демек, әдебиеттегі өмір қаламгердің ой сүзгісінен екшелеп шыққан көркемдік әлемі болады да, соған орай әдебиеттегі адам көркем бейне болып шығады.
Қалай болғанда да, әдебиеттің ең басты өлшемі күні бүгінге дейін көркемдік болып келгенді де, алдағы күндерде де солай болып қала берері анық.
Көркемдік – шығармашылық еңбек нәтижелерінің өнер саласына тән екендігін анықтайтын шарттардың үйлесімділігі. Көркемдік шындықкөркем образ арқылы жасалады. Ендеше, «көркем образ» дегеніміздің өзі не? Ол қалай жасалады?
Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ – өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһарманды, «образ» деп атаймыз. Мысалы, «Абай жолындағы» заман бейнесі, дала бейнесі, халық бейнесі Абай бейнесі, т.с.с.
Көркем образ – өте күрделі ұғым. Күрделі дейтін себебіміз – образ ұғымында 1) обьективті-танымдық және 2) субьективті-шығармашылық сипаттардың бірдей ұштасып келуіне байланысты.
Негізінде образдың ерекшелігін екі мәселеге, яғни нақты шындық пен ойлау үрдісіне қатысты қарастыру дәстүрі қалыптасқан. Соған сәйкес, образдың обьективті –танымдық сипаттары 2 түрлі жағдайға байланысты анықталады.
а) Образ көркемдік шындыққа тін болғанмен, өмірлік шындық негізінде жасалатындықтан, ақиқат өмірдегі кеңістік, уақыт, қоғам, заттар мен құбылыстардан алшақ кете алмайды.
ә) Образ – образ шығармашылық ой жемісі. Сондықтан ойлау үрдісіне тән сипаттарға (елестету, қиялдау, болжау т.с.с. ) образ да ие болады.
Образдың көркемдік қасиеті өмір шындығын өзінше танып, ойда қорытып, бейнеелп берумен шектелмейді. Сонымен бірге образ көркемдігі ойдан шығарылған жаңа дүние болуымен де айқындалады. Образға жүктелетін жаңалық, соның қасиеті оның шығармашылық табиғатынан туындайды. Образдың танымдық сипаты сияқты, бұл мәселені де екі түрлі жағдаймен сабақтастыра қарастыруға болады.
Көркем образ – адам баласының шексіз рухани сұранысы мен тілек талабына орай дүниені жаңғыртуға, жасампаз жаңа идеалға құштарлығынан туындайтын ой-қиял жемісі. Сондықтан образ бойында ақиқат өмірдегі обьективті бейнелермен қоса, қаламгердің субъективті сезімінен өрбитін құбылыстар да қамтылуы ықтимал. Соған сәйкес көркем образда өмір шындығынан алынған. Таза қиялдан туған психикалық бейнелерден көркем образдың айырмашылығы бар. Бұл айырмашылық оның түпкі негізінде жатыр. Демек, образды жасайтын материалдар өмірден алынады да, басқа пішін иеленіп, сол өмірге қайта оралады. Осыдан келіп образға тән ішкі қозғалыс үлгісін бейнелеуге болады.
Өмірлік шынлық – сезімдік қабылдау – саналы түрде жинақтап, қорыту – ойдан шығарылған көркемдік шындық – көркемдік шындықты өзгелердің қабылдауы.
Көркем шығармадағы образдылық шығармашылық жұмыстың алғашқы сатысында автор-суреткердің адами субьективті көзқарасы мен көркемдік шындыққа негіздей отырып, өзі жаңадан жасаған обьективті болмысты жүргізуге құштарлығы арасында қайшылық пайда болады. Яғни суреткер өзінің субьективті сезімін ірке отырып, оқырманға өзі бейнелеп отырған құбылысты мейілінше әсерлі жеткізуге ұмтылды.
Көркемдік үшін туындының оқырманға, көрерменге тыңдарманға әсер етукепілі болып табылатын шығармашылық ниеттің толық аяқталуы мен тепе-теңдігі де маңызды рөл атқарады.
Көркем образ болмысына тән ерекшеліктердің бірі ретінде оның шындық өмірдегі мағыналары мүлде қабыспайтын әрқилы кереғар құбылыстардың өздерін бір-бірімен байланыстырып, сол арқылы оларға жаңа қасиет дарыта алатын сипатын көрсетуге болады. Обаздылықта бір зат басқа бір зат арқылы айқындалады, яғни бір зат немесе құбылысқа тән қасиетті иемденеді. Оның мақсаты – затқа жаңа сипат дарыту, нақты бір заттық ұғымды жаңа бір ұғымға айналдыру. Қалай болғанда да, образдың мақсаты сөздің ең жоғары қуатын игеру, өмірдің алуан көріністерінің өзара ұқсастығын, тұтастығын, байланыстылығын ашып көрсету болып табылады.


Пайдаланған әдебиет: Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Оқу құралы. – Қарағанды: «Арко», 2004. – 332 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет