Лексикалық қайталамалар көп жағдайда сөзжұмсамдық клишелердің трансформациялануы негізінде жасалады. Ол сөйлемнің бөліктерін байланыстырушы қызметін атқара отырып іс-әрекеттің қарқындылығын немесе басқыштана сатылануын, өрбуін көрсетеді. Оның өзі іштей ұқсастығы және ұқсас еместігі белгісі бойынша жіктеледі. Жұмыста аталған қайталама түрінің газет мәтіндерінде қолданылуына қатысты қазақ баспасөзінен жиналған мысалдар көптеп қамтылды.
Ұқсас қайталама деп бір сөздің өзгеріссіз (бастапқы күйінде) бірнеше рет жұмсалуын айтамыз. Мысалы: Қару-жарақ көбейген сайын өлім де көбейеді (Жас Алаш, 09.06.05). Егер ішкі өнім ішкі қажеттілікті толық өтеп отырған болса, сыртқы жағдайдың бізге әсері болмас еді (Жас Алаш, 09.06.05). Ұқсас емес лексикалық қайталаманың стилистикалық мүмкіндіктері молырақ болады. Ол көбінесе комикалық әсер тудыру тәсілі ретінде қолданылады. Мысалы: Кейбір мектептерде асхананың не екенін білмейтін ұрпақ білім алып жатыр (Айқын, 11.10.06). «Қазақмыс» елдің мысын бразилиялықтармен баспақшы (Айқын, 11.10.06). Ұқсас емес лексикалық қайталама әсіресе көп мағыналы сөздердің мәндік реңктерінің аса бай екендігін көрсетеді.
Газет мәтініндегі лексикалық қайталамалар – семантикалық және құрылымдық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда сөздердің тура және ауыспалы мағыналарда түрлене қолданылуы оқырман назарын аударту құралы болып табылады. Олар газет материалына артылатын мағыналық жүкті күшейте отырып, мәтін мәнерлілігін арттырады. Осының нәтижесінде газет мәтінінің прагматикалық әсері де салмақтанып, күшейе түседі.
Қазіргі баспасөзде кеңінен қолданылатын қайталаманың түрі – синтаксистік конвергенция – қызметтері өзара ұқсас келетін, басыңқы сөйлемге немесе негізгі сөзге синтаксистік қатынасы жөнінен бірден бағынышты, тәуелді болатын элементтер тобы. Бұған мысал ретінде сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді атауға болады.
Қазақ газетінде мәтін қарқындылығын арттыру үшін синонимдер жиынтығы, бірыңғай мүшелердің қабаттаса жұмсалуы, параллель конструкциялардың қолданысы сияқты тәсілдер пайдаланылатыны анықталды. Мұндай мәтіндерде метафора, теңеу, гипербола амалдары жиі кездеседі. Мысалы: Өмірге жалғыз келіп, жалғыз кеттім (Садықбек Адамбековтың сөзі) (Егемен Қазақстан, 30.06.04). Көңіл көңілден су ішеді. Адалдықты арына серік ете ғұмыр кешіп келе жатқан қарт майдангер, ауыл мұғалімі туралы сыр. (Егемен Қазақстан, 25.06.05). Әр кезеңнің пісіп жетілген, тіптен де болмай қалмайтын тарихи толғақтыкезеңі болады. Тарих толғатады. Ал қатты толғақ жаңа бір өзгеріс тудырмай тұра алмайды. Оның осынау үрдісіне ешкім де тосқауыл қойып, тоқтата алмақ емес. Өйткені тарихи құбылыс қай-қайсымыздың да еркімізден тысқары дамып, ілгерілей беретін үрдіс. Ендеше Уәли әлсіздігі мен саясатындағы селкеулікті тарихи аспектіде қарастыра бағалаған жөн болмақ /.../. Жалғаулықтардың, параллель конструкцияларының қайталана қолданылуын айрықша стильдік тәсіл ретінде журналистер мәтіннің прагматикалық құндылығын арттыру мақсатымен жиі қолданады. Өйткені адресантқа жүктелген маңызды прагматикалық міндет – адресаттың көңіліне әсер ете отырып, оны белгілі бір эмоционалдық күйге түсіру – осындай жолдармен орындалады. Осы мақсатқа қол жеткізілуі үшін өзге де прагматикалық интенсификаторлармен бірге тілдік қайталамаларды пайдаланудың маңызы зор.