Есенова қалбике өмірбайқызы қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы



бет24/39
Дата06.02.2022
өлшемі0,86 Mb.
#32408
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   39
3.2.1 тармақша «Контраст принципі» деп аталады.
Контраст – газет мәтініндегі негізгі прагматикалық құрамдас бөлік болып табылады. Бүгінгі қоғамымызда бұрын соңды басын біріктіруге келмейтін, бейнелі түрде айтсақ, өзеннің екі жағында тұрғандай құбылыстар мен пікірлерді тұтастыру, терең қарама-қайшылықтар типтік жағдай ретінде қабылданып жатыр. Осындай жайттар туралы газет мәтіндерінде баяндалғанда мәнді қарқындылық пайда болады, яғни қарқындылыққа басым орын беріледі.
Контраст – ә дегеннен, яғни мәтіннің басталған жері – тақырыпаттан көрініс табады. Әрі барлық контраст мәтін қабылдаушының есінде жақсы сақталады. Кеңес дәуірінде кеңінен таралған трафареттік, жаттанды тақырыпаттардан үлкен айырмашылығы бар бүгінгі тақырыпаттар прагматикалық бағдарлылығы анық, мағыналық жүгі күшті, барынша мәнерлі болып келеді. Тақырыпат ерекше пішінге ие болып, бағалауыштық, экспрессивтік, жарнамалық қызмет те атқарады. Ол бүкіл материалдың қалай қабылданатынын болжай отырып қойылатындықтан адресаттың ойлау жүйесін белгілі бір бағытқа бейімдейді. Басқаша айтқанда, бүгінгі газет мәтінінде тақырыпат айрықша ақпараттық және прагматикалық бағдарда жұмсалады. Қазіргі кезде тақырыпаттардың бағалауыштық сипаты оның эмотивтік қызметінен көрініс табады. Мұндай қызмет әсіресе, теріс баға берілген тақырыпаттарда анық байқалады (мұндай қолданыстарда иронияға, кейде тіпті сарказмға да жол беріледі): Мысалы, Біздікілер сыртқа тартады, ал олар бізді өзекке теуіп отыр (Жас Алаш, 27.07.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: оларбіз, сыртқа тарту, өзекке тебу). Таспаға түскен қазақ тілі қапастан да шығар (Айқын, 11.10.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: түсу, шығу, қапас). Каримовтың құдайы берді, Путиннің ешқандай амалы қалмады (Жас Алаш, 20.06.2006) (прагматикалық қарқындандырғыштар: құдайы беру, амалы қалмау). Бұлар – қазіргі газет мәтіні тақырыпаттарында бағалауыштықтың ерекше өткір сипат алып отырғанын көрсететін нақты мысалдар.
Сондай-ақ, бүгінгі тақырыпаттардың ақпараттық сипаты да айрықша басым болып отырғанын айтуымыз қажет. Бұған әсіресе тақырыпаттың негізгі бөлігіне қоса берілетін, әдетте кішірек қаріптермен жазылатын түсіндірме, қосалқы тақырыпаттардың көптеп кездесетіні дәлел бола алады. Ондай қосалқы тақырыпаттарда мақалада ұсынылып отырған ақпарат жайында болжам жасалып, қысқаша талдау беріледі. Бұл бәрімізге белгілі газет бетінде алдымен тақырыпаттардың көзге түсетініне, оқылатынына қатысты қолға алынған шара деуге болады. Яғни тақырыпаттардың қосалқы бөлігінде мәтіндегі негізгі мәселенің жай-күйі түйінделе ұсынылады, сол шағын түсіндірме арқылы оқырман тұтас мәтін мазмұнынан хабардар болады. Мысалы, Жанармай арзан, қаржы мол. Көктемгі егісті қысылмай өткізуге болады (Егемен Қазақстан, 26.03.04). (прагм.қарқ.: арзан-мол). Қашанғы өгей баланың кебін киеміз? «Қазақтелеком басшыларының назарына» (Егемен Қазақстан, 26.03.04) (прагм.қарқ.: өгей бала, кебін кию). Жуа сатқан жасөспірімдер қоғамның балаларға жасаған «қамқорлығының» бір ғана көрінісі (Жас Алаш, 13.06.06) (прагм.қарқ.: қоғамның қамқорлығы). Жұмыссыз жастар аз емес, ал өндіріс салалары маманға зәру (Жас Алаш, 03.08.06) (прагм.қарқ.: жұмыссыз, маман, аз емес, зәру, ал).
Контраст принципі тақырыпатта ғана емес, логоэпистемалар қолданысы арқылы газет мәтіндерінің өзінде де сақталады. Олар (логоэпистемалар, клишелер, мәтіндік реминисценциялар) оқырман назарын аудартып, зейінін ұстап тұру үшін қолданылады, яғни адресатпен байланыс орнату қызметін атқарады.
Оқырман қауымға бұрыннан таныс мәтіндерден алынып, өзгеріссіз немесе өзгертіліп (трансформацияланып) қолданылатын дәйексөздер мәтінде белгілі бір астарлы мән тудырып, онда баяндалатын оқиғаға қандай да бір баға береді. Әсіресе әдеби шығармалардан алынған логоэпистемалар қазіргі қазақ газеттерінде жиі қолданылады деуге болады. Мысалы, Бандыны қуған Хамиттер қайда? (Егемен Қазақстан, 26.03.04) (С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» повесінен). Қабдеш, «қайда барасың?» (Жас Алаш, 03.08.06, Б.Нұржекеұлының мақаласы). («Керей қайда барасың?» деген жырау толғауынан) т.б.
Келтірілген мысалдардан көрініп отырғандай, газет мәтіндеріндегі логоэпистемалар негізінен көркем әдебиеттен трансформацияланған. Оқырманға бұрыннан белгілі, үйреншікті нәрсенің өзгеріп кетуі, күтпеген, оқыс құбылыстар прагматикалық әсер туғызып, газет мәтінінің қабылдану қарқындылығын күшейте түседі.
Автор өзінің субъективті көзқарасын білдіру үшін қарама-қарсы ұғымдарды еркін пайдаланып, оларды біріктіруге де талаптанатыны жоғарыда айтылды. Оның бір көрінісін бүгінгі газет мәтіндері тақырыпаттарындағы мағыналық оппозициядан байқаймыз. Мысалы, Ресей тұр электрді өшіргелі, Қытай тұр газ бағасын өсіргелі (Айқын, 11.10.06) (өшіру/өсіру). Мұндағы өшіру мен өсіру қарама-қарсылық мәндегі қолданыстар ретінде мәтін қабылдануында прагматикалық интенсификатор рөлін атқарып тұр. Жері көп қазақ жерге зәру, ал бұған Астананың әкімі Шөкеев не дер екен? (көп / зәру). (Жас Алаш, 25.05.06).
Мәнерлілікті арттырудың кең таралған тәсілі ретінде антонимдер қолданысы еске түседі. Өмірдегі қарама-қайшылықтарды айқын көрсету үшін антонимдерді жұмсау – журналистер арасында бұрыннан бар амал. Газет мәтінінің прагматикалық әсерін күшейте түсу мақсатымен бүгінгі журналистер дәстүрлі лексикалық қарама-қарсылықтармен қатар, соны, тың, дәстүрге айнала қоймаған тосын қолданыстарды – контекстуалдық антонимдерді кеңінен пайдаланады. Контекстуалдық антоним немесе ситуативтік контрастқа бүгінгі газет мәтіндерінен мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Олар: Тағы да сөз көп, іс жоқ (Жас Алаш, 03.08.06). (Сөз – іс, көп – жоқ). Бала ойнайтын жерде ит те серуендейді (балаит, ойнау – серуендеу) (Жас Алаш, 03.08.06). Осыдан бес күн бұрын өзіміздің Байқоңырдан ұшырылған Ресейдің «Днепр» атты алып зымырантасығышы апатқа ұшырады. Алып зымыран тасығыштың ыңыранып-күңіреніп жерден көтеріліп ұшқаны да сол екен, 73 секундтан соң ыңыранып-күңіреніп жерге құлап түсіпті. (Жас Алаш, 03.08.06) (өзіміздің «Байқоңыр» - Ресейдің «Днепрі», жерден көтеріліп ұшу – жерге қайта құлап түсу). Көксарайды армандап жүргенде, Шардарадан айырылып қалар түріміз бар (Жас Алаш, 08.02.05), (армандау – айырылып қалу).
Газет мәтініндегі контраст оған ерекшелік, бейстандарттық, бағалауыштық, жарнамалық, қарқындылық сипат бере отырып, басылымның да прагматикалық бағдарлылығын анықтайды. Мұндағы адресат психологиясы мен эмоциясына әсер етуші маңызды фактор – тосындық болып табылады. Яғни мәтіннің әсер ету күшін неғұрлым қарқынды ете түсу мақсатымен таңдалынып алынған прагмемалар неғұрлым тосын, тың болса, хабарламаның прагматикалық күші де соғұрлым басым болады. Қазіргі қазақ баспасөзі бетіндегі негізгі контраст «Біз – олар» түріндегі оппозициялық күштердің жұбы төңірегінде шоғырланады.
Бүгінгі газет мәтінінің прагматикалық әсерін күшейту мақсатымен кеңінен қолданылып жүрген Тілдік қайталамалар да прагматикалық интенсификатор қатарына жатқызылып, 3.2.2 тармақшада арнайы қарастырылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет