Жұмыстың 4.1. 2 тармақшасында Газет мәтінін қабылдаудағы тақырыпаттың (заголовок) қызметі жан-жақты қарастырылып, қазақ басылымдарынан жиналған тілдік материалдар негізінде дәйектелді. Тақырыпат медиа-мәтіннің ажырамас маңызды бір бөлігі бола отырып, атауыштық, ақпараттық және прагматикалық қызметтер атқарады. Осындағы атауыштық қызметі мәтін атауының ондағы ақпараттан хабардар етуінен және онда сипатталатын оқиғаға баға беруінен көрінеді. Тақырыпаттың ақпараттық қызметі мәтіннің негізгі мазмұнын ықшамдалған, сығымдалған түрде жеткізу арқылы жүзеге асырылады. Мұны коммуникативтік қызмет деуге де болады. Өйткені ақпараттық қызметті атқара отырып, материал тақырыбы оқырманның қызығушылығын оятып, ойлау жүйесіне әсер етеді. Материалдағы көлемді ақпаратты барынша аз тілдік құралдар арқылы жеткізе отырып тақырыпат мәтіннің концептуалдық-тақырыптық желісін интерпретациялауға қатысады. Прагматикалық қызмет бірнеше қосалқы қызметтерді біріктіре отырып, реципиенттің мәтінді қабылдауына тікелей әсер етеді. Ол қосалқы қызметтергеграфикалық айшықтау, бағалауыштық, жарнамалық және интегративтік функциялар жатқызылады. Осындағы негізгі қызметтер кез келген газет мәтініне қатысты сөзсіз атқаралатын тұрақты сипатта болса, қосалқы қызметтер әр материалда түрліше деңгейде көрініс табады. Прагматикалық қызметтің өз деңгейінде атқарылуы автордың тілдік компетенттілігі мен кәсіби шеберлігін талап ете отырып газеттің бұқаралық санаға тигізетін ықпалын барынша күшейтетін маңызды фактор деп санағанымыз жөн.