Есенова қалбике өмірбайқызы қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы



бет9/39
Дата06.02.2022
өлшемі0,86 Mb.
#32408
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   39
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, төрт тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


Негізгі бөлім

Диссертацияның І тарауы «Прагмалингвистика – тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі» деп аталады. Оның бірінші тармағында Адам факторын түпқазық етіп алған когнитивті лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, социолингвистика сияқты салалармен тығыз байланысты дамып келе жатқан прагмалингвистиканың пайда болып, қалыптасуына шолу жасалып, ұғымдық шеңбері анықталды. Қоғамдағы субъектілер арасында болатын тілдік қарым-қатынас адресант-адресат қостағаны аясында қарастырылды. Біздің зерттеу нысанамыз – жазбаша формадағы газет мәтіні біріншіден, осындағы адресанттың прагматикалық ұстанымын жеткізуші көп қырлы, терең мәнді, имплицитті түрде жеткізілетін астарлы ойға құрылған күрделі прагматикалық бірлік ретінде алынса, екіншіден, социум мүшесі болып табылатын адресатқа психика-эмоционалды тұрғыдан әсер ететін, сөйтіп белгілі бір дәрежеде оның әлеуметтік мінез-құлқын реттеуге қатысатын маңызды прагматикалық құрал ретінде қарастырылды. Өйткені кез келген мәтіннің прагматикалық аспектісі айрықша маңызға ие. Сөйлеу актісінде бұл тіл ұстанушының тілдік бірліктерді өз түпкі ниетіне сай етіп іріктей білуі, қай сөзге баса мән беретіндігі, өз сөзінің тыңдаушыға қандай дәрежеде әсер етуін көздейтіндігі, соның нәтижесінде адресаттың қандай да бір әрекеттерге баруына түрткі болатындығы, сондай-ақ айналадағы адамдарға өз сөзі арқылы өзін белгілі бір қырынан таныстыруға, көрсетуге тырысатындығы т.б. барлығы жинала келе оның түпкі ойының аудиторияға дұрыс, дәл, нақты күйінде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ғылыми тілмен айтқанда, мұны мәтінде алуан түрлі тәсілдермен кодталған ақпараттың адресат тарапынан дұрыс ашылып, адекватты түрде қабылдануы деуге болады.


Алғаш Ч.Моррис еңбегінде сөз болған прагматика мәселелеріне Ю.С.Степанов, Р.Карнап, А ван Дейк, Д.Ф.Алиференко, Г.Г.Матвеева, О.С.Москальская сынды ғалымдар үлкенді-кішілі зерттеу жұмыстарын арнап, прагматика теориясын дамытуға өзінше үлес қосты. Сонымен қатар А.Г.Баранов, Г.Г.Почепцов, С.А.Сухих, М.М.Молчанова, Т.М.Прохорова т.б. ғалымдар мәтінді прагматикалық тұрғыда зерттеді. Олар автордың объективті болмыс пен оның мазмұндық материалына қатысын қарастырып, прагмалингвистикалық бағытты біршама дамытты. Соңғы сипаттағы зерттеулер функционалдық стиль түрлеріне арналып, көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді.
Соңғы жылдары тіл ғылымының дербес саласына айналған прагмалингвистиканың алғышарттары қазақ зерттеушілерінің еңбектерінде бастау алғаны белгілі. Атап айтқанда, М.Оразов сөз семантикасының прагматикалық аспектісін қарастырса, А.Алдашева публицистикалық терминдердің прагматикалық ерекшеліктерін, Б.Момынова газеттік лексиканың прагматикалық аспектісін, З.Ерназарова сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісін, Д.Әлкебаева қазақ тілі стилистикасының прагматикасын, С.Аташев бұқаралық ақпарат құралдарының прагматикасын, Б.Хасанов сөздің лексикалық мағынасы мен прагматикасын, Б.Райымбекова қазақ және орыс тілдеріндегі газет мәтінінің прагматикалық аспектісін, Ф.Жақсыбаева газет мәтінінің прагматикалық функциясын қарастырса, Г.К.Ихсанғалиева тақырыпаттарға прагматикалық талдау жасаған. Т.Ш.Мырзахметова тыныс белгілердің, оның ішінде көп нүктенің қолданысын прагматикалық тұрғыдан зерттеген. Ал Р.А.Омарова неміс тіліндегі газеттер материалы бойынша баспасөз дискурсына прагмалингвистикалық талдау жүргізсе, С.Қ.Ережепова орыс және қазақ тілдеріндегі ресми-іскерлік стильдің прагмалингвистикалық аспектісін салыстыра зерттеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары газет мәтінінің жекелеген жанрларына арналған зерттеулер де пайда болды. Мысалы, М.С.Абишева ақпараттық жазбаның (информационная заметка) құрылымы, семантикасы және прагматикасын диссертациялық деңгейде арнайы қарастырған.
Ал біздің мақсатымыз – қазіргі қазақ газетінің тілін прагмалингвистика тұрғысынан кең ауқымда қарастыру. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттерінің даму бағыттарын анықтау, қазіргі қазақ авторларының публицистикалық шығармашылығындағы ізденістік жаңалықтарды айқындап, аксиологиялық тұрғыдан баға беру. Газет арқылы тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы бет-бедерін, қолданыстық ахуалын көрсету. Өйткені адам өмірінің саяси, экономикалық, мәдени, тұрмыстық т.б. салаларын түгелдей қамтитындықтан газетте алуан түрлі тақырыптар қозғалады. Соған сәйкес газет материалдары да бірнеше жанрда жазылады.
Газет мәтіні – семантикалық құрылысы жағынан, функциясы тұрғысынан, мәтінді қабылдап-түсіну жағынан ерекшеленетін публицистикалық стильдің бір түрі. Ол бұқаралық аудиторияға ақпарат таратып, жеткізудің ерекше құралы ретінде танылып, автордың саяси-прагматикалық позициясын көрсетеді. Зерттеу нысанамыз – жалпы газет мәтіні болғанымен, біз ресми басылымдарда айрықша орын алатын саяси мәтіндерге көбірек көңіл бөлдік. Себебі қоғамдағы бүкіл әлеуметтік қатынастардың өзі саясатқа негізделгендіктен ол тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Осымен байланысты қай мәтінді алсақ та онда ашық немесе жасырын түрде көрініс беретін саяси дискурсқа прагматика тұрғысынан баға беріп отырдық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет