Есенова қалбике өмірбайқызы қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы



бет17/39
Дата06.02.2022
өлшемі0,86 Mb.
#32408
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   39
Ақпаратты алушы яғни хабарлама жеткізілетін объекті де жеке адам немесе бір ұжым болуы мүмкін [13, 106].
Мәтін лингвистикасында мәтінде қамтылатын семантикалық ақпарат бірінші орынға шығады. Публицистикалық мәтін семантикасының кодталуы мағынаның имплицитті (жасырын) және эксплицитті (айқын) компоненттерін көрсетуді көздейді. Осымен байланысты ғалымдардың бір тобы сөйленімнің имплицитті формасы эксплицитті түрде беріле алмайтын ойларды жеткізу үшін қолданылады деп тұжырымдайды. Яғни мәтіндегі астарлы ойды ашу (подтекст) арқылы автордың интенциясын болжап, түсінуге болады. Әрине олар міндетті түрде имплицитті формада беріледі де, оны түсініп талдау реципиенттің өз еншісіне қалады. Астарламада (импликатура) сөйлеу мақсатымен байланысты ой саналы түрде жасырын беріледі. Пресуппозициядан айырмашылығы ол сөйлесімнің тұтас мазмұнынан шығады. Сөйтіп, пресуппозиция сөйлесім мазмұнын анықтап жарыққа шығарса, астарлама жасырын мәнді тұспалдайды. Астарламаға объективтілік тән. Ол адамның жеке білім қорына тәуелді емес.<…>. Жасырын мәннің берілуі мен қалыптасу механизмі пресуппозицияға, логикалық байланысқа тәуелді [14, 33].
Сонымен кез келген публицистикалық мәтін автор мен реципиент арасындағы өзара әрекеттестікке қатысты қабылданады. Ол – ой әрекеті мен тіл әрекетінен тұратын күрделі процесс. Автор ойын оқырманның дұрыс түсінуі мәтінде көтерілген мәселенің айқын немесе астарлы мәнде берілуіне тікелей байланысты болады. Бір ғана тақырыпқа құрылған, автор мақсаты ашық баяндалған шағын хабарламаларды қабылдау оқырман үшін қиындық туғызбайды. Ал автордың түпкі ойы әр түрлі лексикалық бірліктердің айшықтала қолданылуы арқылы, түрлі синтаксистік композицияларда безендірілген, бірнеше тақырыпты қамтитын күрделі мәтіннің қабылдануы оқырман тарапынан тілдік біліктілікті, саяси сауаттылықты, проблемадан хабардарлықты, бір сөзбен айтқанда энциклопедиялық білім қорының болуын қажет етеді.
Енді «Егемен Қазақстанда» (26.06.04) «Жанайқай» айдарымен жарық көрген «Қазақ жетіміне қажеті америкалық бесік пе?» атты көлемді, проблемалық мақаланың интерпретациялануына тоқталайық. Ең алдымен көзге түсетіні – көлемді мақаланың ортасына ойылып қойылған сұрғылт фонда қалың қара бояумен берілген тақырыпат. Бұл – мәтінді интерпретациялаудың I сатысы – зейін қоюдың еріксіз назар аудартатын түрі. Мақала тақырыпатының формалық жағынан ірілендіріліп, қою қара бояумен берілуі еріксіз назар аударту тәсілі ретінде танылады.
Интерпретацияның II сатысы – түсінілім – жүзеге асуы үшін мақаламен толық танысқан адресат онда берілген мәліметтердің растығына (негізділік) көз жеткізіп, фактілерге назар аударады. Бұл мақалада көтерілген проблеманы дұрыс түсіну үшін адресат ондағы сөздердің ауыспалы мағыналарын терең түсініп, қазақ менталитетіне тән сөздердің семантикалық аясына қатысты кодты мүмкіндігінше ашуға тырысады. 6 лексикалық бірліктен тұратын тақырыпаттағы екі сөз ұлттық-мәдени елтанымдық бірліктер, яғни лингвокультуремалар: жетім және бесік. Бұл сөздердің тек тура мағынасын білетін жас, тәжірибесіз оқырмандар (балалар) оның қолданылу себебіне мән бермейді, ондағы астарлы ойды да түсінбейді. Олардың түсінігінде жетім – ата-анасы жоқ бала, ал бесік – сәби ұйықтайтын кереует есебінде. Яғни ойды жеткізуге қажетті сөздердің дәл таңдалып алынуы (анықтық) келтіріліп отырған фактінің шынайылығы, растығы (негізділік) айқын болғанымен өзге екі белгінің (тереңдік, толық ұғыну) өз деңгейінде танылмауы мәтіннің түсінілуіне кедергі болады. Соған сәйкес журналист көздеген мақсатына қол жеткізе алмауы да мүмкін, яғни мәтінді үстірт түсінген оқырман «қамқоршысынан айырылған шарасыз сәбиді бауырына басып, басқа ата-аналар отбасына алғанда тұрған не бар?» деген ой туындайды да, автордың прагматикалық ұстанымы жүзеге аспай қалады. Яғни адресанттың «жанайқайы» адресаттың «құлағына тигенімен, жүрегіне жетпейді». Демек, мұнда автордың мәтінді салған коды толық ашылмайды. Аталмыш лексикалық бірліктердің аса кең семантикалық аясын, потенциалын жақсы білетін қазақ менталитетіне сай ойлайтын, өмір көрген, тәжірибелі адресат бұл мәтінді түсінуге қатысты төрт белгіні (тереңдік, негізділік, анықтық, толық ұғыну) дөп басып, дәл анықтайды, соның нәтижесінде мәтіндегі негізгі идеяны және автордың түпкі ойын адекватты түрде түсінеді. Осындағы тереңдік пен толық ұғынуға негіз болатын, яғни мәтіннің толық түсінілуі арқылы интерпретациялануына жол ашатын оқырмандардың бәрінде бірдей бола бермейтін аса маңызды фактор – аялық білім. Осы аялық білімнің оқырман санасында әр алуан көлемде болуы мәтіннің де терең немесе үстірт, толық немесе шала түсінілуіне негіз болады. Біз нысанаға алған материалды еріксіз оқып шыққан тәжірибелі адресаттың мәтіндегі автор позициясын ұғынуы үшін негізділік, анықтық сияқты белгілер аса маңызды болмайды, яғни қанша агенттіктің қанша жыл ішінде қанша баланы шегара асырып жібергені туралы деректер ол үшін екінші орында болады. Қазақ танымында «күлшашар» деп еркелетілетін, «атбайлар» деп өмір жалғастығы ретінде танылатын аса қасиетті перзенттің тумай жатып туған жерінен аласталып кетуі – жантүршігерлік оқиға. Оқырманның когнитивтік санасындағы перзент концептісіне қатысты бүкіл ақпаратты қозғап, іске қосқан – балалардың шетелдіктерге сатылу фактісі. Аталмыш факті реципиенттің когнитивтік санасындағы «ана» концептісіне қатысты мәліметтерге де біршама өзгерістер енгізеді.
Жетімін жат жұртқа тентіретпеу үшін әмеңгерлікті ойлап шығарған ата-бабаларымыздан келе жатқан салттың бұзылуы, ұрпақтың азғындауы, теріс жүріске салынған әйелдердің өз нәрестесін керексіз затты қоқысқа лақтырғандай етіп, тастап кетуі т.б. көптеген ой-тұжырымдар «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін ғазиз ана бейнесін (образын) кейінге ысырып, бойында безбүйректік, тасбауырлық, мейірімсіздік сияқты адамшылықтан алыс, жаман қасиеттерге толы «көкек ана» ұғымының қалыптасуына негіз болады.
Бұлжымас, өзгермес, фундаментальді, тек жақсы қасиеттерді қамтитын ана ұғымының семантикалық аясына онымен сыйыспайтын, тіркеспейтін (жаман) теріс мағыналы сөздер еніп, бірте-бірте онымен қатар қолданылады. Мұны ұлт танымында, тілдік ұжым санасында қалыптасып, мықтап орныққан құндылықтың бұзылуы деп бағалауға болады.
Яғни оқиға – ситуацияларға орай жоғары, биік, асқақ сезімдермен байланыста ассоциацияланатын рухани құндылықтар жүйесі әлсіреп, нашарлап, жақсы қасиет-белгілерінен біртіндеп айырыла бастайды. Бұл жалпы халықтық кризиске әкеліп соғуы мүмкін аса қауіпті проблеманы «Ұрпақтың азғындауы» деген терминмен таңбалауға болады. Бұл жерде психология ғылымындағы «жеке тұлғаның деградациялануы» деген ұғымды еске түсірген жөн. Адамның когнитивтік санасындағы осындай процестердің нәтижесі тілдік санаға әсер етіп, белгілі бір лексикалық бірліктер семантикасында орын алып, жаңа сөз қолданыстар түрінде тілдік айналымға түседі. Осылайша талдаған «Ана» концептісінен «Көкек ана» деген жағымсыз ұғым бөлініп шығады.
Медиа-мәтіндегі «Ана» және «Көкек ана» ұғымдарының семантикалық аясының вербалдануына қатысты жинақталған тілдік материалдар негізінде тарихи емес, кейінгі дәуір «жемісі» болып табылатын «Көкек ана» концептісінің құрылымын былайша көрсетуге болады. Яғни «Ана» макроконцептісінен «дүниеге ұрпақ әкелу» семасын ғана еншілеген гибрид концепт («Көкек ана») қазақ танымындағы дәстүрлі атау «көкек» сөзінің семантикасынан «безбүйрек», «тасбауырлық», «қатігездік» т.б. сияқты бірнеше жағымсыз мәндегі семаны иемденген. Нәтижесінде тұтастай жағымсыз эмоционалды мәнді «Көкек ана» концептісі қалыптасады. Оған негіз болған бастапқы (безбүйрек, тасбауыр) семалар қазіргі қазақ медиа-мәтінінде әртүрлі жағымсыз реңкті сөз қолданыстарға негіз болады.
Осылайша қазіргі қазақ медиа-мәтіні ұлттық ғалам бейнесінде болып жатқан әлеуметтік процестердің ғаламның индивидуалды (авторлық) тілдік бейнесіндегі көрінісін концептілік деңгейде сипаттайтын маңызды конгитивтік құрал деп тануға негіз бар.
Жоғарыда аталған «ұрпақтың азғындауы» факторы қазақтың когнитивтік санасында бұрын-соңды болмаған бала тастау фактісінің орын алуы тілдік санаға да біршама өзгерістер енгізіп, нәтижесінде ұлттық менталитетімізге жат жаңа қолданыс – «Америкалық бесік» тіркесі пайда болды. Осы қолданыс автордың қойып отырған проблемасының оқырманға қажетті деңгейде әсер етуіне себеп болады. Осылайша, концепті деңгейінде толық қабылданған мәтінді толықтай интерпретацияланады деуге болады.
Сонымен газет мәтінін интерпретациялау процесінде адресаттың аялық білім қоры маңызды рөл атқарады. Ол өз кезегінде пресуппозиция, зейін, түсінілім, қабылдау, ақпаратты кодтау және оны ашу сияқты психолингвистикалық ұғымдармен сабақтастықта қарастыруды қажет етеді. Осыдан келіп прагмалингвистикадағы адресаттың мәтінді қабылдауы проблемасының психолингвистикалық қыры ашылып, 2.5. тармақта газет мәтініндегі прагматикалық пресуппозиция арнайы қарастырылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет