Есенова қалбике өмірбайқызы қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы


Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикалық ерекшеліктері жұмыстың



бет23/39
Дата06.02.2022
өлшемі0,86 Mb.
#32408
түріДиссертация
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикалық ерекшеліктері жұмыстың үшінші тарауында жан-жақты қарастырылды. Оның бірінші тармағында қазіргі қазақ баспасөзіндегі жанр түрлері жеке-жеке сипатталып, олардың прагматикалық әлеуеті Маттуш формуласы [16] бойынша анықталды:
і = N – n
N
Мұндағы N – мәтіндегі сөздердің жалпы саны, n – көмекші сөздер саны, і – мәтіннің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті. Бұл формула бойынша мәтінде қолданылған көмекші сөздер санының оны құрайтын жалпы сөздер санына қатынасын анықтау арқылы мәтін көлемінде қамтылған ақпараттың мөлшерін білуге болады. Ол ғылыми әдебиетте мәтіннің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті терминімен беріледі. Осы көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мәтіннің ақпараттық құндылығы да соғұрлым арта түседі.
Мәтіннің прагматикалық көрсеткіштерінің бірі – экспрессивтілігіне автор эмоционалдық бояуы қанық сөздер мен тіркестерді қолдану арқылы қол жеткізеді. Яғни экспрессия мен прагматиканың арасында тікелей байланыс бар. Автор оқиға өрбуін бақылап тұрғанда басынан кешкен алуан түрлі сезімдері мен күйлерін сол қалпында еске сақтап, оқырманға жеткізуге тырысады. Ол үшін алдымен көз алдында болып өткен реалды құбылысты (оқиғаны) барынша дәл бейнелеуге қажетті тілдік құралдар таңдалып алынады. Таңдау, бірінші кезекте эмоционалды лексикаға түседі. Мұның себебі прагматиканың мәнінен туындайды, яки «адам – таңба» арақатынасына негізделеді. Жанрлық мәтіндерді жіктеу үшін ең тиімді тәсіл – математикалық шамаларға жүгіну екенін зерттеушілер мойындаған [17]. Оны есептеп шығару үшін Бойль-Мариоттың жабық ыдыстағы газ қысымы туралы физикалық заңы басшылыққа алынған. Біз де осы әдіске жүгіндік. Ол бойынша бейнелі түрде мәтін «ыдысқа» ұқсастырылады, яғни оның көлемі мәтін құрамына енетін лексиканың жалпы шамасына (санына) тең болуы тиіс. Ал мұндай «ыдыста» «қысым» автор таңдаған эмоционалдық бояуы күшті экспрессивтік лексика есебінен жасалады. Мәтін көлемі оны құрайтын сөздердің жалпы санымен анықталатындықтан, экспрессивті лексика құрамы да экспрессивті сөздердің мөлшеріне тең деуге негіз бар. Сөйтіп мәтіннің экспрессивтілігі коэффициентін мына формуламен есептеп шығаруға болады:
Кэ = V+ ∑ V1
N
Мұндағы: Кэ – экспрессивтілік коэффициенті;
V – экспрессивті бояуы бар лексика
∑ V1 – эмоционалдық бояуы бар тіркестер құрамына кіретін сөздердің жиын саны;
N – Мәтіндегі сөздердің жалпы саны.
Жұмысымызда қазіргі қазақ баспасөзінде кездесетін ақпараттық және талдамалық жанрларда жазылған мәтіндердің ақпараттық сыйымдылығы коэффициенті мен экспрессивтілік коэффициентін біз осы екі формуланы қолдана отырып, жеке-жеке анықтадық. Нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар жасалды.
Қазіргі қазақ газеттерінде ақпараттық жанрда жазылған мәтіндердің ақпараттық сыйымдылық коэффициенті біршама жоғары болса (0,7 – 0,9-дың арасы), экспрессивтілік коэффициенті едәуір төмен (0,1 – 0,3) деуге болады. Біздіңше, мұның бір себебі қазіргі уақыт ағымының өзгеше қарқынмен өтіп келе жатқандығында болса керек, яғни қазіргі заманғы журналист негізінен қажетті деректер қамтылған таза ақпаратты қаз-қалпында ұсынуға тырысады. Ал оған қандай да бір баға беру оқырман еншісінде қалдырылатын сияқты. Ал талдамалық жанрдағы мәтіндерде экспрессивтілік коэффициенті біршама жоғары (0,3 – 0,4) болатынына көз жеткізілді. Яғни мұндай мәтіндердің авторы өзі көтеріп отырған проблемаға байланысты пайымдауларын ашық ұсынып, оқырманды да сол пікірге қосылуға үндейтіні аңғарылады.
Келесі тармақ 3.2 Газет мәтініндегі прагматикалық интенсификаторларға арналады. Қазіргі заманауи газет мәтінінің прагматикалық әлеуетін сипаттайтын тәсілдердің бірі – қарқындылық болып табылады. Қарқындылық – адресатқа айрықша күшті әсер ету мақсатында қолданылатын семантикалық категория. Ол адресанттың өз сөзінің (интенсификациялау) қарқындылығын арттыру үшін мақсатымен пайдаланатын экспрессивті құралдарды таңдап, іріктеп алуымен тығыз байланысты мәселе.
Қарқындылық категориясының негізінде сан-мөлшер градациясы (басқыштаушылық, үдемелілік) ұғымы жатады. Қарқындылық дегеніміз – сапаны бағалаудың сандық өлшемі, экспликативтілік (анықтық) өлшемі; экспрессивтілік пен эмоционалдылықтың, бағалауыштықтың өлшемі. Мұның бәрі оның басқыштану, сатылану сипатын аңғартады [18,7].
Қазіргі қазақ газеттеріндегі мәтіндер қанық бояулы, қарқындылыққа толы прагматикалық бағдары анық материалдар болып келеді. Әсіресе ондағы экспрессивті қарқындандырғыштар қолданысына назар аударудың маңызы зор. Ондай элементтер бір затты онымен тектес өзге заттар қатарынан бөліп шығарып, оған адресат назарын баса аударту арқылы айрықша прагматикалық қызмет атқарады. Зерттеуші Е.В.Покровская газет мәтіндерінде қарқындылық категориясының мынадай үш тәсіл арқылы жүзеге асырылатынын анықтаған:
1. Контраст принципі (қарама-қайшылық);
2. Тілдік қайталаулар;
3. Сөз ойнату [19,152].
Қазіргі қазақ газеттерінде бұл тәсілдердің қатар қолданылуы да, бірінің айрықша басым болуы да кездесетініне көз жеткізілді. Аталған тәсілдер бірге қолданылғанда медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуеті артып, аудиторияға тигізетін әсері айрықша күшейе түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет