Есентай Ерботин
Туған жер
Төскейден жел еседі,
Төбемнен бұлт көшеді.
Туған жерім мен үшін
Көк майсасын төседі.
Ертіс
Ырыс боп алабы,
Ертісім ағады.
Қақ жарып даланы,
Каналы барады.
Қақ жарып даланы,
Каналы ағады.
Құт болып ,қарық қып
Ауылды ,қаланы .
Ертістің толқыны-
Ерліктің төркіні.
Айнала сезілер
Еңбектің серпіні.
Баян
Ғажайып көркі оның –
Мақтаны өлкенің.
Тау-тасы – таусылмас
Аңыз бен ертегің .
Көрсең де аралап ,
Етпейсің қанағат .
Байқасаң –
Табиғи
Бұл көрме ғаламат .
Бір көрмей, құмарың
Тарқамай тұрады .
Баянтау өзіне
Еріксіз бұрады.
Жасыбай
Жасыбай жағасы-
Орман, тау қарашы.
Табиғат әдейі
Жасаған, шамасы.
Шомылып суына,
Аунап бір құмына ,
Өрмелеп өріне ,
Шығып көр шыңына .
Шипалы ауасы –
Кең тыныс аласың .
Ай емес ,аптада
Тыңайып қаласың .
Пенал
« Кәне , бәрің демал !» -
Деген шақта Пенал
Қарындаштар түгел
Құшағына кірер .
«Тағы , тағы не бар ?» -
Дейді қамқор Пенал .
« Сен де , Өшіргіш ,тұрма,
Кел тезірек мұнда .
Ескі досым , Қалам ,
Саған да орын табам».
Менің досым
Досың алды бесеуін.
Сен аласың қалғанын-
Есептеші, нешеуін ?
-Есебіңе мынадай
Ешкім ,сірә , нанбайды .
Досым менің сұрамай
Ештемені алмайды .
Екібастұз
Екібастұз бүгінгі-
Кеншілердің мекені.
–Еңбегінің дүбірі
Алыстарға жетеді.
Кен орны әйгілі,
Елімізге аты аңыз.
Ашқан дейді байлығын
Малшы Қасым атамыз.
Сол байлығы–көмірі
Жылу болып , жарық боп ,
Жатыр түгел қарық боп
Жаманбалинов Мүбәрак
(1924 – 2010)
Ертіс ауданы
Ақынның балалық та, жастық та шағы қазақ елінің басына не бір нәубет төнген жылдарға тұспа-тұс келген. 1924 жылы 7 қарашада Павлодар облысы, Железинка ауданының Тәттімбет ауылында дүниеге келген, балалық және жастық шағы аштықтың зардабынан босып көшкен ата-анасымен бірге 1931 жылы Новосібір облысына көшіп кетеді. «1934-1937 жылдар аралығында Қазақстанға көшіп келіп, қайтадан Сібірге қоныс аударды. Қазақ мектебінде екі-ақ жыл оқиды. Әкем - Кәрім икемді жан еді. «Маған тақпақтарды көп жаттататын, өлең жазудың құпиясын да үйреткен. Көбінесе арнайы тақырып беріп, өлең жаздырып, тыңдауды ұнататын», - деп жазады ақын Мүбәрак Жаманбалинов. Ауданда 8 класты бітіріп, 1939 - 1941 жылдары орта ауылшаруашылық Ординск мектебінде оқиды. Машина трактор стансасында учаскелік агроном болып жұмыс істейді.
Елуінші жылдары Новосібір облысы, Чаны ауданының Забылғы ауылында бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет істеген. Мүбәрак Кәрімұлы өлеңдерін жүрек қалауымен табиғи қалпында жазған екен. Бір сыныпта жетіден он бір жасқа дейінгі аралықтағы балаларды топтап оқытқан ұстаз кітаптың жетіспеушілігінен әр жастағы балаларды өзінше сөйлеуге талпынтып, әрбір топқа жекелей жырлап топтамасын жазған. Бала кезінен әкесінің талабымен өлең-ертегілерді жаттап өскендіктен өзі де өлең құрастыруға қара жаяу емес жас мұғалім еңбек жолын шабытпен бастапты.
1958 - 1990 жылдары ақын Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің Ертіс, Краснокутск, Железинка ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Газеттің беттерінде облыстың өркендеуі, ана тіліміздің өзекті мәселелері, тіл туралы ой-түйіндер, мектеп проблемаларын, халықты толғандыратын мәселелерді көтеріп, шешімін таппай жатқан проблемаларды жазады.
1950 - 1980 жылдар аралығындағы қазақ балалар поэзиясы әңгіме болған сәтте Мүбәрак Жаманбалинов есімі айрықша құрметпен аталуға тиісті.
Ақынның таңдамалы өлеңдерінің бір томдығы алғаш рет 1974 жылы «Балғын гүлдей балақан» деген атпен балаларға арналған өлеңдерінің таңдамалары жарыққа шықты. Бұл кітапта тұңғыш өлеңдер жинақтары енгізілген. Мысалы: «Айна бұлақ» (1956 ж), «Сәлем» (1962 ж), «Ертіс лебі» (1963 ж), «Кішкене достарға» (1965 ж), «Менің інім» (1970 ж), «Батыр ұстаз» (1972 ж). Жазушы М. Жаманбалиновтың өлеңдері табиғатқа, жыл мезгілдеріне, анасына, ұстазына, оқуға байланысты болып жазылған. Ақынның өлеңдері қырғыз, түркімен, өзбек, латыш тілдеріне аударылған.
Мүбәрак Жаманбалиновтың «Жауқазын» атты таңдамалы жинағына өлеңдер, поэмалар, ертегі-аңыздар, мысалдар, жұмбақтар, жаңылпаштар енгізілді.
«Батыр ұстаз» поэмасы Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновке арналған. Поэмада Серікбай мұғалімнің Отан соғысы кезіндегі жан қиярлық ерлігі, елге деген сүйіспеншілігі шабытпен жырланады. Бала жанын тербетіп, батырлық пен бауырлыққа шақырады. Бұл поэма әкелер қаһармандығын ардақтай жалғастыруға шақырар шығарма.
Қарапайым, сабырлы, ақкөңіл, жеке басының кісілігімен, жүрек жылуымен төңірегін нұрға бөлеген ардақты азамат - ақын Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновтің еңбегі лайықты бағаланған. 1958 жылы КСРО Журналистер одағының, 1970 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 1987 жылы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағына ие болды.
Әдебиеттер:
Жаманбалинов М. Ақшам. – Павлодар: ЭКО, 2000. - 204 б.
Жаманбалинов М. Ауысқан сөздердің орнын тап!: өлең // Жарты ғасырдың алтын қоры. - Алматы, 2007. - 135 б.
Жаманбалинов М. Аштық азабы. – Павлодар НПФ «ЭКО», 2004. - 204 б.
Жаманбалинов М. Ашық күн: өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар. - Алматы: Жалын, 1984. - 239 б.
Жаманбалинов М. Әйгілі аудан - Ертісім / ред. Ғ. Жұматов. - Павлодар: ЭКО, 1998. - 396 б.
Жаманбалинов М. Әйгілі аудан - Ертісім. 2 т; / ред. А. Бәделхан. - Павлодар: ЭКО, 2003. - 256 б.
Жаманбалинов М. Балғын гүлдей балақан: өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер, мысалдар, дастандар. - Алматы: Жазушы, 1974. - 181 б.
Жаманбалинов М. Ертіс лебі: өлеңдер жинағы. - Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1963. - 88 б.
Жаманбалинов М. Жайнаған өңір, қайнаған өмір (Железинка ауд.). - Павлодар: ЭКО. - 2004. - 226 б.
Жаманбалинов М. Жауқазын: таңдамалы өлеңдер. - Павлодар, 2001. - 208 б.
Жаманбалинов М. Көсем мүсіні; Қоян да көріп сүйінді; Жомарттығы-ай даламның; Батыр; Жоқ, жоқ, апа...; Мықтылардың мықтысы: өлеңдер; Жаңылтпаштар // Қазақ балалар поэмасының антологиясы. - Алматы, 1997. - 173-179 б.
Жаманбалинов М. Мықтылардың мықтысы. - Алматы: Жазушы, 2003. - 159 б.
Жаманбалинов М. Толқын: өлеңдер. - Алматы, Жалын. - 1979. - 95 б.
Жаманбалинов М. Торғайлар қуанышы; Шофер; Тырна; Сурет; Шопан; Итмұрын тергенде; Аңғырт аю; Терек; Борсық; Дәрігер аю мен қорқау қасқыр. // Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясы. - Алматы, 1992. - 98-116 б.
Жаманбалинов М. Түгел батыр және оның ұрпақтары(тарихи аңыздар, шешендік толғаулар, шежіре - деректер / А. Бәделхан. - толықт., 2-ші бас. - Павлодар: ЭКО, 2006. - 130 б.
***
Жұматов Ғ. Мәшһүр тағлымы: елге танылған есімдер. - Павлодар: ЭКО, 2008. - 293 б.
Советтік Қазақстан жазушылары: био-библиографиялық анықтамалық. құраст.: С. Ахметов, Д. Еркішев. - Алматы: Жазушы, 1987. - 736 б.
Шынашақ: Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясы / құраст.: М. Әлімбаев, Қ. Баянбаев. - Алматы: Балауса, 1992. - 544 б.
Қазақ балалар поэмасының антологиясы // құраст. Г. К. Қажыбаева - Алматы: Арда, 2005. - 456 б.
«Балалар бағының бағбандары»: анықтамалық. - Алматы: / құраст. Ш. Күмісбайұлы «Балалар әдебиеті» баспасы, 2008. - 300 б.
Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. - Алматы: Балауса, 1986
Мүбәрак
Жаманбалинов
Көрші атам
Күнде біздің ауылдан,
Көрші атамды көремін.
Жүгіріп кеп мен оған,
Ылғи сәлем беремін.
Сәлемімді ол
Күліп кеп,
Иіліп тұрып алады.
Кейде:
- Міне, жігіт! – деп,
- Арқамнан да қағады.
Жаңбыр
Айбарлы бұлт түйілді,
Жерде ойнатты құйынды.
Аспан отпен қол қойып,
Бұлтқа ақырып бұйырды:
-Суар егін,
бақшаны,
Көшедегі бас шаңды!
Бұлт бұйрықтан аспанды –
Жаңбыр жауа бастады.
Бокс
Күні- түні жаттығып,
Сарт та сұрт боп шекістік.
Шегініп кеп,
Атылып,
Шекіскенде
Шеке істі.
Кейде тіпті оқыс бір,
Соққанымда от ұшты.
Дайындалып жатқандай,
Сайысына бокстың.
Құлыншақ
Құлын - құлын
Құлыншақ,
Желкілдейді тұлымшақ.
Маңдайында жұлдызы,
Құырығында құндызы.
Бозторғай
Бозторғай,
Бозторғай,
Жыршы құс жезтаңдай.
Неге ән шырқарда,
Самғайсың шырқауға?
- Асқақ үн, әсем үн,
Әлемге сүйікті.
Сүйікті ән қашан да
Жаңғыртсын биікті.
- Өзің де өмірдің,
Нұрысың,
Гүлісің.
Жырлайсың кім жайлы,
Жырлайсың кім үшін?
-Жырлаймын көрікті,
Жерді әсем,-
Көлді әсем!
Жырлаймын ерлікті,
Өрлікті ересен.
Алтын мұрт бидайлар,
Қолдарын бұлғайды.
Алтын қол диқандар,
Сүйсіне тыңдайды.
Мамасы да сүймейді
Дөң үстінде аунайды,
Көң үстінде аунайды.
Күнде көйлек тоздырып,
«Жаңа әпер» - деп даулайды.
Таңертеңгі кигені,
Түске жетпей кірлейді.
Шаң-шаң болған білегін,
Өзі жуа білмейді.
Ауыстырып жаңаны-
«Ки» -десең де кимейді.
Ондай лас баланы,
Мамасы да сүймейді.
Жаңа жыл
Той,
Мереке,
Салтанат.
Думанды шар тарап.
Келіп қалды Жаңа жыл,
Тартуларын арқалап.
Қалаларға салады,
Зәулім- зәулім үйлерді.
Бау бақшаға тағады,
Жасыл желек гүлдерді
Ұлан -байтақ далаға,
Жайқалтады бидайды,
Жақсы оқыған балаға,
Бестіктерін сыйлайды.
Аңқау аю
Ұйықтап жатқан кірпіні,
Түлкі әкеліп бір күні
Сатты аюға «Шөтке» , деп,
Аю үстін шөткелеп,
Жолдасына мақтанды:
- Осыны арзан-аққа алдым.
Енді айналып қараса,
Сырғанаған шанаша,
«Шөтке» жылжып барады,
Аю үрке қарады.
Дауысы орманды жаңғыртты:
- Шөткеме, ойбай, жан бітті.
Көктем қайдан алады?
Папам менің ойланып,
Боямақ боп қақпаны,
Ақтарды да қойманы,
Бір құты сыр таппады.
Жап -жасыл ғып қояды,
Бүкіл орман, даланы:
Соншама мол бояуды,
Көктем қайдан алады?!
Менің әжем
Алдағы күзде
Үлкен той бізде:
Әжем менің
Толады жүзге.
Әжемнің біл, сен,
Осынша жасын.
Жүз деген білсең-
Тура бір ғасыр.
Жүзге кеп қайың,
Морт сынар қурап.
Ал әжем жайын
Біле тұр сұрап.
Күші ме?
Күш жоқ,
Жүр таяқ сүйеп.
Тісі ме?
Тіс жоқ,
Құр қызыл иек.
Көзі ме?
Көзі
Көрмейді түк,түк!
Сөзі ме?
Сөзі
Қызық-ақ тіпті.
Ол айтса бітті ,
Тыңдайды мамам.
Папам да тіпті
Қорқады одан.
Өзіме төніп,
Ұрысса олар:
Әжем ғой менің
Араша болар.
Деймін де:
-Қалай,
Солай ма екен?
Әжеме қарай
Жантая кетем.
Құшақтап ол да,
Дейді: «Әкем,көкем!»
Мен мүлде сонда
Еркелеп кетем.
Қолы оның қандай,
Сипаса аз-ақ:
Ұйқыға балдай
Шомамын ғажап!
Қоңырау кетті үзіп
Мұғалім Маратты
Тақтаға шақырды:
-Айт!-деді, - сабақты
Берілген ақырғы.
Ұстазға бір қарап,
Достарға бір қарап,
Бәрінің алдында
Қызарап тұр қарап.
Әуелі тамағын
Кенеді, жөтелді.
Түйді де қабаған,
Иығын көтерді.
Бір сөзді айта қап,
«Түу» , - деді,
«Ой», - деді.
Қақалып, шашалып,
Тағы да сөйледі.
Көбейді сөзіне,
«Әлгісі» , «сосыны»,
Жыпықтап көзі де,
Желкесін қасыды.
Қалсайшы сыбырлап,
Бір досы мұндайда!
Құйқасы шымырлап,
Тершіді маңдай да .
Кім білсін,
тағы да
Көрер ме ек көп қызық,
Әттен-ай...
Соғылған
Қоңырау кетті үзіп.
Айнадан көріп
Шар айнадан бір күні
Өзін көріп кіпің:
-Мынау
Дәу кірпі ғой,-депті,-
Үсті үрпі-түрпі ғой,-депті.
Түлкі де барып айнаға,
Салыпты байбалам:
- Бұл кірпі де емес,
Үсті үрпі-түрпі де емес,
Кәдімгі сылаңдаған,
Құйрығы бұлаңдаған,
Түлкі ғой,-депті.
«Кірпі»деуің күлкі ғой,- депті.
Қоян да барып айнаға,
Жай ғана:
- Жоқ, бұл кірпі де емес,
Түлкі де емес,
Жоны имек шанақтай,
Қос құлағы қалақтай,
Бір дөй аң, - депті.
- Бәлкім, бұл қоян, - депті.
Үшеуі де таласа,
Айнаға кеп қараса,
Қоян да тұр,
Кірпі де тұр,
Түлкі де тұр,
Үшеуі тұр , аң-таң қалып:
Сабақ
Біздің Нұрбек:
-Оқытам , жүр, - деп,
Ойыншықтарын-
Аң-құстын
Еденге шашып қалды,
Желкесін қасып та алды.
Кейбір аң бері қарап,
Кейбіреуі кері қарап,
Енді бірі сұлап жатыр
Нұрбек оларды
Түзеп қойып, сұрап жатыр:
- Ой, мынау бақа ма?
Класта жалпиып жата ма?
Кел, отыр!
Отыр ғой өзіңдей жапалақ.
Арыстан,
Тұр сен де!
Барыс па!
Бетіңді бұр сен де!
Құрметте
Бұл – мектеп,
Бұл – оқу білсеңдер!
Ай,
Піл – ай, Піл!
Мұны тентектік деп біл.
Таудай боп,
Отырсың алдыңғы партада.
Өзгелер қарай ма арқаңа?
Бар, әне су сиыр досыңа,
Отыр қасына!
Қоян,
Сен бері кел,
Артыңа бұқпай.
Ең алдына қоям,
Бойың тым құрттай.
Әй,Керік,
Кеудеңді керіп,
Көзіңді алайтып,
Мойныңды сорайтып,
Әркімнің дәптеріне қарайсың,
Бөлек отыруға қалайсың?
Түйе,
Сен түйме қабақты!
Міне, енді жарапты...
Тынышталыңдар!
Бастаймыз енді сабақты.
Жылдың аттары
Кейбір жылдың білесің,
Қойдан қоңыр мінезін.
Жоқ аязы,бораны,
Қойдай жуасболады.
Кейбір жылдың білесің,
Қысқы қатал мінезін.
Жылқы болып жұлқынып,
Сиыр болып сүзеді.
Байқап тұрсаң
Арқаның,
Әр жылының бар мәні.
Білесің жылдың аттарын,
Түсінесің гәп- мәнін.
Жылдың басы тышқан-ды,
Қаймықпайтын қыстан бір.
Екінші жыл -сиыр-ды,
Сүтті , майлы, бүйірлі.
Үшінші жыл барыс-ты,
Қайратты да намысты.
Төртінші жыл - қоян-ды,
Қыста аппақ боп боянды.
Бесінші жыл -ұлу-ды,
Сүйреп жүрген бір үйді.
Алтыншы жыл –жылан –ды,
Одан шипа у алды.
Жетінші жыл – жылқы –ды,
Ол шапса жер сілкінді.
Сегізінші –қой жылы,
Қойдай құтты той жылы.
Тоғызыншы -мешін-ді,
Мінезі жоқ кесірлі.
Оныншы жыл -тауық-ты,
Сүйеді ойын-сауықты.
Он бірінші-ит дейді,
Одан сақ аң өтпейді.
Он екінші –доңызың,
Мал-малдың ең семізі.
Жылда осындай аттар бар,
Ретімен жаттап ал.
Қырықтың басы қызық екен
Қырықтық басы қызық екен,
Жұмыс тіпті қызу екен.
Шаштараздан аумайды екен,
Он қой бір- ақ аунайды екен.
Он машинка тыңдасаңыз,
Бір әуенмен үн қосады.
Қарап тұрсаң қызық екен,
Жұмыс тіпті қызу екен.
Білек түрген апайлардың,
Көздерінде от ойнайды.
Салқындасын десіп жатыр,
Қойдың тонын шешіп жатыр.
Құттықтаймыз бәріміз!
Міне, тағы тұр келіп,
Жаңа бір жыл, балалар.
Басталмаған күнделік,
Алынбаған бағалар.
Оқылмаған сабақтар,
Қойылмаған сұрақтар.
Берілмеген жауаптар,
Жайнаған жас құрақтар.
Ұшыратын сол әлі,
Батырларын ғарыштың.
Жаңа жылдар болады,
Бастамасы бар істің.
Терімізге ол орныққан,
Бақытымыз, сәніміз.
Жаңа жылды сондықтан,
Құттықтайық бәріміз!
Қарлығаш
Қанаты үп-үшкір
Ұшындай қияқтың,
Қайшымен тегіс бір
Қиылған сияқты.
Төсінде жайнаған
Алқызыл шуақ тұр.
Әсемдеп байлаған
Галстук сияқты.
Жұмбақтар
Алдында-айыр,
Артында-сойыл
(сиыр)
Бірде орақ,
Бірде доп,
Бірде бар,
Бірде жоқ
(ай)
Ағайыңды он,
Кигені екі тон
(он саусақ, қолғап)
Жап-жасыл бас,
Жесең-ас
(қауын,қарбыз)
Тұмсығымен жүгірген,
Ізіне жұрт үңілген
(қалам,қарындаш)
Үш көзі бар қаз-қатар,
Кезек-кезек ашады.
Үшеуінен маздата,
Үш түрлі нұр шашады.
(бағдаршам)
Көрсетеді,
Сөйлейді,
Өзі ешкімді көрмейді.
(теледидар)
Өзі үйде
Сырты ине
(кірпі)
Әлімбаев Мұзафар
Шарбақты ауданы
Әлімбаев Мұзафар 1923 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды аулында дүниеге келген. Қазақ ақыны, публицист, әдебиет зерттеушісі, аудармашы. 1978 жылы Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984). Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-58 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, 1958-86 жылдары «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы өлеңдерін 1939 жылдары жазды. Майдан газеттеріне араласты.
«Ана сәлемі», «Бір күн кейін білдім мен…», «Хаттарым қайда, хаттарым», «Ел мен ер» т.б. өлеңдерінде майдангерлер ерлігін жырлап, патриотизмге үндеді.
Бірінші кітабы - «Қарағанды жырлары» 1952 жылы жарық көрді. «Құрбыма» (1954), «Лирика», «Жолдар-жырлар» (1964), «Өлеңдер мен поэмалар» (1952, 1958) т.б. жинақтары сол кездегі өмір салтын, еңбекті, «Менің Қазақстаным», «Құрыш қазақ», «Мен де Ильичтің баласы» атты лирикалық поэмаларында Отанға, туған елге деген сүйіспеншілікті жырлайды.
«Ту тіккен» атты дастаны Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тіккендердің бірі Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналды. «Естай-Қорлан» атты лиро-эпикалық дастанына белгілі ақын, әнші, композитор Естай өмірі мен сол кездегі оқиға арқау болған. Ол 140 ән текстерін жазды. Олар 19 тілге аударылған.
Әлімбаев балалар әдебиетіне ерекше еңбек сіңіріп келеді. Оның «Бал дәурен, шіркін балалық», «Ақсерек пен Көксерек» т.б. сондай кітаптары оқырмандар қауымына кеңінен танымал. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін ҚазКСР Мемлекеттің сыйлығы берілді.
Әлімбаев дүние жүзіндегі 70 елдің мақал-мәтелін жинап, оларды ана тілімізге аударды. Жазушы шығыстың классикалық поэзиясындағы рубаят үлгісімен де жазған ақын. Ол А.Пушкин, М.Лермонтов, М.Исаковский, Н.Тихонов, Тоқтағұл, Я.Райнис, Фирдауси, Сағди, Ш.Петефи, Г.Апполинер, Ю.Фучек, Н.Хикмет, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. М.Әлімбаев қырғыздың әйгілі «Манас» эпосын қазақ тіліне аударушылардың бірі.
Қазақстан Республикасының Әнұраны авторының бірі.
Ақын шығармалары бірқатар КСРО халықтары және шетел тілдеріне аударылған. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
Әдебиеттер:
Әлімбаев М. Атадан қалған асыл сөз. - Алматы: Балауса, 2003. - 22 б.
Әлімбаев М. Аулақ бол жаман әдеттен / суретші Б. Ералиева. - Алматы: Балауса, 2002. - 32 б.
Әлімбаев М. Көңіл күнделігі: эсселер. - Алматы: Жалын, 1996. - 288 б.
Әлімбаев М. Көргендерім көңілде: деректі эссе-очерктер. - Алматы, 1992. - 33 б.
Әлімбаев М. Өмір. Өнер. Өнерпаз: эссе, естеліктер, ой-толғамдар. -Алматы, 1990. - 459 б.
Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады. - Алматы, 1992. - 248 б.
Әлімбаев М. Халық-ғажап тәлімгер. - Алматы, 1994. - 144 б.
Әлімбаев М. Шығармалар жинағы. 2 т. - Алматы, 1997.
1т. - 1997. - 622 б.
2т. - 1997. - 709 б.
Әлімбаев М. Халық-ғажап тәлімгер: қазақ халқының мақал- телдеріндегі, қара өлеңдеріндегі халықтық педагогика және Абай поэзиясындағы азаматтық тағылым хақында. - Алматы: Рауан, 1994. - 144 б.
Әлімбаев М. Хат: өлеңдер. - Алматы: Санат, 2005. - 232 б.
***
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы, 2005. - 89 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ әдебиеті: энциклопедия. Алматы, 1999. - 121 - 122 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр. Анықтамалық. - Алматы, 2004. - 53 б.
Әлімбаев Мұзафар // ҚСЭ. - 12т. - Алматы, 1973. - 2 т. - 37 б.
Әлімбаев Мұзафар // Қазақ ССР: қысқаша энциклопедия. - 4 томдық. - Алматы, 1989. - 4 т. - 148-149 б.
Әлімбаев Мұзафар // «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. - 6 томдық. - Алматы, 1998. - 1 т. - 674-675 б.
Достарыңызбен бөлісу: |