Сарбаздың қорғаныстағы, қарсылас ядролық қару қолданған кездегі және атыс дайындығы басталғандағы іс-қимылы. Қарсыластың ядролық қару қолдануының ықтимал қатері туралы сақтандыру белгісін алғаннан кейін, сарбаз қойылған міндеттерді орындауын жалғастырады және қорғаныш құралдарын дайындап қояды.
Қарсылас ядролық соққы берген жағдайда, сарбаз ядролық жарылыс жарқылы бойынша қорғаныш шараларын жасайды: ұрыс машинасында болғанда люктерді, есіктерді, атыс саңылауларын, терезелерді жабады да, ПАЗ жүйесін іске қосады: бөлімше бекінісінде болған жағдайда жақын маңда бар тасаға тез жетіп паналайды немесе ордың (оқпаналтың) түбіне басын жарылысқа қарсы жаққа қаратып жатады. Соққы толқыны өткеннен кейін, сарбаз жүктелген міндетті атқаруын жалғастырады немесе қарсыластың шабуылын тойтаруға дайындалады. Егер жағдай келіп, уақыт болса, оқпаналы құлаған топырақтан тазалап, бүркенішті қалпына келтіреді [24]. Қарсыластың шабуылының атыс дайындығы басталғанда сарбаз, егер ол бақылаушы болып тағайындалмаған болса, бөлімше командирінің пәрмені (сигналы) бойынша саңылауда, блиндажда не ЖҰМ-да (БТР-де) тасаланады. Бұл орайда, шабуылды топтастыру үшін, бекіністе өз орнына тез баруға үнемі дайын болып тұруға тиіс. Қарсылас шабуылға шыққан бойда командирдің пәрмені (сигналы) бойынша сарбаз дереу ұрысқа әзірленеді.
Радиоактивтік, химиялық, биологиялық зақымдау туралы хабарлау кезінде бөлімшенің бекінісінде қимыл жасаушы сарбаз қойылған міндеттерді орындауын тоқтатпай, дереу жеке қорғаныш құралдарын киеді. БТР-де болғанда газтұмылдырықты ғана киеді, ал ПАЗ атомнан қорғаныс жүйесімен жабдықталған ЖҰМ-да люктерді, есіктерді, атыс саңылауларын, терезелерді жабады да, осы жүйені іске қосады. Панада болған сарбаз пәрмен бойынша ұжымдық қорғаныш жүйесін іске қосады. “Радиациялық қауіп”, “Химиялық дабыл” белгісі бойынша сарбаз газтұмылдырықты киеді [25]. “Әуе” белгісі бойынша сарбаз қарсыластың ұшақтары мен тікұшақтарына қарсы атыс жүргізуге дайындалады. Әуе нысаналарын атқылау, әдетте командирдің пәрмені бойынша басталады.