ЕскермесЖа қ сымбет ұ л ы Алтын ине



бет1/2
Дата17.06.2018
өлшемі202,82 Kb.
#43233
  1   2
Е с к е р м е с Ж а қ с ы м б е т ұ л ы

Алтын ине

(Өлеңдер мен деректі поэма)


Алматы қаласы



2011 жыл


Бұл еңбегімді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инемен емдеу және Халықаралық шығармашылық Академияларының Академигі, Вена Халықаралық Университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Алтын жүрек» сыйлығы мен «Сократ» орденінің, «Алтын медальдың» иегері, « Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау ісінің үздігі», «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының бас директоры Жасан Зекейұлына арнаймын).



Алғы сөз

Ақын Ескермес Жақсымбетұлы 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қарақұр ауылында туған. «Қаратаудан ескен жел», «Бала ғашық» жыр жинақтарының, «Теріскейге түскен жол», «Бұлар Созақтан еді», «Қыран қаза» атты повестер мен әңгімелер жинағының иегері.

Бұл кітаптің алғашқы «Бала ғашық» бөлімі ерекше сезіммен оқылары хақ. Кез келген адамның бастан кешіретін балалық-пәктік,бейкүнә жүректі жарып шығар «алғашқы махаббат» деп аталатын ұлы сезім толғынысы өлеңмен көркемделеді. Сондай-ақ «Шәмші-дария», «Біз Созақтанбыз» секілді ірі жыр-дастандар жазып машықтанған қаламгер «Алтын ине» поэмасында ХХІ ғасыр тынысы, ақын туған Оңтүстік уран өндіретін аймаққа айналып, елдің көшуі, туған жерін қимай жұртта қалған кейіпкер тағдырын алға тартады. Уланған ауа мен су, ақыры дертке шалдыққан ақынды алтын ине ұстаған дәрігердің ажалдан аман алып қалуы суреттеледі.Шығарма тілі көркем, жеңіл оқылады.

БІРІНШІ БӨЛІМ
Жұлдызбен араласып,

Қырдан ай барады асып.

Үйіңнің сыртында жүр,

Бала ғашық,

Далаға шық!


БАЛА СЕЗІМ, БАЛҒЫН ОЙ
Откуда я?

Я-из моего детства.

(Антуан деСент-Экзюпери)

Дала да өзгертті алағат түсін,

Жүрегімнің сезсең ғаламат күшін.

Оятқан алғаш ақ махаббатты,

Бірге өскен құрбым, саламатпысың?
Жанымды тербеп үміт, арманым,

Білсең бір дерттің мұны шалғанын.

Қаншама жылдар өтсе де арада,

Мен сені сәулем, ұмыта алмадым.


Тағдырдың көндім ісіне құрбым,

Түнде де тағы түсіме кірдің.

Өртеніп жүрек, от болып жанар,

Сезімнің сырын түсіне білгін.


Сырымды сезсең отта қаларсың,

(Бәлкім, мені іздеп баққа барарсың).

Өзіңе арнап өртене жазған,

Өлеңдерімді жаттап аларсың.

***

Әлі есімде қаңтарға ұласқан күз,



Сыр шертуші ек серуендей қыр асқан біз.

Топ баланың ішінде тым ерке еді,

Ортамызда жүретін класком қыз.
Сол бір шақты ойлаудан шаршамаспын,

Кетіпті өтіп базары тарқамас күн.

Жағамыздан сүйрелеп тәртіптейін,

Класком қыз менімен парталастын.


Көңілімде бір сезім бүршік атып,

Жүруші еді жанымды сырқыратып.

Класком қыз қағынып бір күндері,

Әтір сеуіп келіпті бұрқыратып.


Көп болатын бұрыстан дұрыстары,

Табылды-ау деп ойлап ек «жұмыс» тағы.

Қылт еткенді көзінен таса етпейтін,

Апай бірақ сол қызға ұыспады.


Бойға сақтап ұяңдық-ізгілігін,

Қол айна ұстап, түзеді қыз бұрымын.

Жасыра алмай оянған бір сезімді,

Парталасы даланың үзді гүлін.


Алаңдатпай қасқа тай, қасқа дөнен,

Көңілімді тербеді асқақ өлең.

Күні-түні тілеймін қыз жанына,

Жоламаса екен деп басқа менен.


Таң мен таңдар ұйқысыз ұласқанда,

Қиялдарым шарықтап қыр асқанда.

Не арманы бар екен, айтыңдаршы,

Ғашық болған баланың класкомға.




БАЛА ҒАШЫҚ

(Әуені бар)


Балалық сезімменен,

Бірге өстім өзіңменен.

Оянды ақ махаббат,

Ешкімге сезілмеген.


Қайырмасы
Жұлдызбен араласып,

Қырдан ай барады асып.

Үйіңнің сыртында жүр,

Бала ғашық,

Далаға шық!
Өзің боп асқақ әнім,

Айтуға жасқанамын.

Өтемін төмен қарап,

Таусылып басқа амалым.


Қылығы-ай қыз баланың,

Түскендей мұзға жалын.

Бәрінен жігіттердің,

Өзіңді қызғанамын.


Қош, енді балалығым,

Жанымда қалады үнің.

Сыйлауға саған еркем,

Жинадым дала гүлін.

***

Көңіл пәктік тұнықта,



Жүрек сырын біліп көр.

Сақырлайды сыныпта,

Он төрт жасар жігіттер.
Төмендетер кім өзін,

Көңілімді мұң шалды.

Класкомдық мінезің,

Күрт өзгеріп, жұмсарады.


Сол бір арман, сол үміт,

Уақыт жатты зымырап.

Тәтті ойларға шомылып,

Отырасың тым ұзақ.


Жұлдыз бағып, қырды асып,

Кеуде тостым жасынға.

Сезбейсің сен бір ғашық,

Отырғанын қасыңда.

***

Тағы кімге ұнарсың,



Кім қарайды үмітпен.

Сөйлесуге құмарсың,

Меннен үлкен жігітпен.
Дерт қосылып дертіме,

Мұндай күйіп, тоңбап ем.

Қызғаныштың өртіне,

Оранамын сонда мен.


Үзбей тағы үмітті,

От түндерді өткердім.

Түк күнәсіз жігітті,

Бір сен үшін жек көрдім.


Сойқан дауыл жас қанда,

Жалын жаным бірді ызғар.

Нені сезіп аспанда,

Жымыңдайды жұлдыздар...

***

Ғашық боп қалдым бір қызға,



Сорым ба, әлде бағым ба?

Көктегі ай ма, жұлдыз ба,

Ораған бейне жалынға.
Тәтті армандарға бөлендім,

Арылмай тағы күдіктен.

Мен ше, мен бүгін өлеңмін,

Толықсып туған үміттен.


Өзгеріп барам, бөтенмін,

Соқ боран, жаңбыр жауа бер.

Күл болып кетер ме екенмін,

Жаратқан өзің дауа бер!

***

Көктем шықты гүлдерін шашып дала,



Жапты есігін мал қора - асықхана.

Ей, қара қыз, көзіңді ашып қара,

Қасыңда жүр өзіңе ғашық бала.
Көкірегіме бір сезім жалын жайды,

Алаулайды, жанады, бағынбайды.

Көкбұлақтан суыңды әкеп берер,

Мендей бала күні ертең табылмайды.


Бойжеттім деп қара қыз аспандама,

Ғашық жандар болады бастан дана,

Қасыңдағы елеусіз ұяң ақын,

Өзің жайлы бастады дастан жаңа.

***

Жақауратып түс айттым жорымадың,


Қыз сүймеген ғашықтың соры қалың.
Әкеңе де көрінбей, шешеңе де,
Сенің үйің күн бойы торығаным.

Періштесі, басында бағы бардың,

Бағы барға өзіңдей табылар кім.

Тай-құлынын әкеңнің ұстап беріп,

Лақ-қозысын анаңның танып алдым.
Күмілжітіп көңілдің көп сұрағы,
Қиялымның қонатын жоқ тұрағы.
Су әкелген жеңгеңнің шелегін ап,
Жарып бергім отынын кеп тұрады.

Қылық шығар бұл бәлкім кісі күлер,


Дұрыс маған қарасын түсініп ел.
Мені өзіне тартады жеңгең сенің,
Бұл сырымды жасырын іші білер...

***


Жүрегімнен жыр тыңда,

Жұлдыз жанған мөлдір түн.

Шарбағыңның сыртында,

Сені күтіп мен жүрмін.


Кірпігіңе толып шық,

Түсің ойға батырсын.

Сары майдай толықсып,

Қай бөлмеде жатырсың.


Терезеңнен шашылып,

Аймалайды Ай қөркем.

Қалған шығар ашылып,

Апаң жапқан шәй-көрпең.


Ай да толып жаңадан,

Бойда жылу шым-шым-ақ.

Қара төбет қабаған,

Мұңаяды қыңсылап.


Бір сырым бар жасырған,

Дүниеге қалай сиярмын,

Таң атты деп шақырған,

Қоразыңнан ұялдым.

***

Қызыл қанат томпиған оймақ ерін,


Шырыныңа шекердей тоймақ едім.
Шыныменен қалыппын ғашық болып,
Алғашқыда әшейін ойнап едім.
Ұнайтындар осылай ұнайды анық,
Мені аямас деп ем-ау Құдай неғып.
Ессіз отқа ұмтылған көбелектей,
Шыға алмаймын қасыңнан шыр айналып.

***


Жалғыздығым - жанымның жабыққаны,
Өзің жайлы сырымды жан ұқпады.
Көз тоқтата алмайтын алма жүзің,
Екі ұшынан тұрады тамып қаны.
Болармын ба, осынша ынжық, ұяң,
Мың суынып күніне мың жылынам.
Шырт ұйқыдан оянам талма түнде,
Сылаңдатқан сырғаңның сыңғырынан.
Сол баяғы сырыңды бүкпелемей,
Жайтаң қағып сен жүрсің түкті елемей.
Тәтті сезім, тәтті арман балалықтың,
Әңгімесін болмайды нүктелемей.

***


Мен сені шын сүйемін, илана бер,

Рұқсат ап апаңнан киноға кел.

Сені күткен түбінде қара талдың,

Жапырағын желпіді қинала жел.


Осы шақтың жанымда күйі қалмақ,

Қара жолды жанарым жиі барлап.

Жақындатпай қоятын екеуімізді,

Сіңіліңді тастап кет, үйіңе алдап.


Сілкіп тастап барлығын мұң-құсаның,

Қыдырайық қақ жарып түн құшағын.

Балбыраған өзіңді бауырыма алып,

Сонда менің айтылар тұңғыш әнім.

***

Ақ бантигі жарасқан сылаң қара,



Жүрегімде сыздайды бір ән жаңа.

Қыдыр түнге жеткізер шыдам ғана,

Сабырыңды сақтай біл, шұнаңдама.
Сымбаттысың, ұнайсың ұнамасқа,

Есігіңді өзгеге сірә да ашпа.

Үй артына ұяла шығып тұрып,

«Апам көріп қойды» деп тұра қашпа!


Тас қабақта таласып көкпен шынар,

Көл көсір қып көлдерді көктем шығар.

Көктемменен құлпырған гүл-гүл дәурен,

Апаңныңда басынан өткен шығар.


Келер, келер ол күнде жалықпасаң,

Тілірілтіп ал су сеуіп талып қасам.

Аққуым боп айдында қалықтасаң,

Он сегізге толған соң алып қашам.

***

Бір Тәңірге белгілі ақ қарамыз,



Жалындаймыз, жанамыз, от боламыз.

Бізге әзірше рұқсат жоқ, қара қыз,

Он сегізге толмасақ сотталамыз.
Ақ таяғын аспанға шаншып алып,

Әкең сенің келеді мал шығары.

-Туығыма келді бір ұры бала,

Қудым,-дейді,-тұрдым дағы қамшыны алып.


-Қара қамшы қоя ма, құрық ана,

Белгісіздеу бірақта сыры ғана.

Үйді айналып әйтеуір торуылдап,

Ай батқанда кетеді ұры бала.


-Қасқыр алар қайда әлгі Арыстаның?

-Білмеймін неге жағы қарысқанын.

Әкең сенің бір уаққа шуылдатты-ай,

Көрші-қолаң, жолайғы таныстарын.


Солай, бәрін көріпті көзіменен,
Сонда да болды сенген сөзіне кем.
Сезбеді әкең бірақ сол "ұрының",
Мал шығарған жүргенін өзіменен.

***


Кетті ұйқыға айнала,
Түнгі ай жарық,

Төбемізге жұлдыздар жүрді айналып.


Сен де үнсіз қалпыңда, мен де үнсіз,
Қалғандай-ақ бір сәтке тіл байланып.
Сүйем деуге секілді ем хақылы жан,
Ақының да адасты ақылынан.
Кетер ме екем өртеніп жақындасам,
Бойыңдағы бір оттың лапылынан.
Көңілімдей толқыған асып-тасып,
Айра-жайра түнгі аспан ашық-шашық.
- Жеңгем іздеп қалар,деп кете бардың,
Тіл қатуға жарамай жасық ғашық.
Жүрегімді жұбатып қиял-сағым,
Айдай аппақ жүзіңді жиі аңсадым.
Қолыңды бер, қысылма, ұялшағым,
Сезіміңнен серпілсін ұяң шағың.
***

Жаным менің белгісіз жалында бір,


Сен көрінсең, тулайды жанымда жыр.
Майбұлақтың майысты маңында гүл,
Шомылдырып алайын сағымға, жүр!

Бір сәт қана үңілші жан күйіме,

Шешіледі бар жұмбақ сан түйіле.

Майбұлақтың маңында майысты гүл,

Қызғалдағын тағайын бантигіңе.
Өзен бойлап, сейілдеп бау жағалай,

Одан әрі беттейік тауға қарай.

Қызыл гүлдің қыр-беттен қаумалауы-ай,

Төгіліп тұр аспаннан саулап арай.


Өз отыңа өртеніп күйме, күнім,

Тұсындағы жүректің түймеге ілін.

Мен ұсынған құшақтап жиде гүлін,

Құшағымда содан соң, биле бүгін.


***

Қиялымды қондырған ғарыш-таққа,

Таныс шарбақ,

Таныс жол,

Таныс қақпа.

Таныс аула ауасын талай жұтқан,

Е, Құдайым, мені енді алыстатпа!
Дүлей сезім қанымда барады ұлып,

Ұмытпапты итің де қарады үріп.

Әкең сенің сақ екен тірлігіне,

Қақпаңдағы түспепті қара құлып.


Мына түннің қарашы ысынғанын,

Гүлдесте еді тек қана ұсынбағым.

Тәтті-тәтті түс көріп, күлімсіреп,

Сен ұйқыда,

Мен сенің тұсыңдамын.
Айдың нұры алаулай құлап қырға,

Сыңғырлаған бұлбұл-ақ бұлақ сырға.

Терезеңе телмірген аяп мені,

Қарақұрдың жұлдызы жылап тұр ма?


Оянады деуменен,

Оятамын,


Ұзақ тұрдым түбінде сая талдың.

Алып келген гүлімді терезеңнің,

Жақтауына сонан соң қоя салдым.
***

Көктем көңіл күзілді,


Шыдап бағам, амал жоқ.
Қызыл күлше жүзіңді,
Аймаласам самал боп.
Сыбдырдан сыр тыңдаймын,
Түсім тәтті көз ілсем.
Сәулесі боп түнгі айдың,
Терезеңнен төгілсем.

Көңіл үміт пісірген,


Жапырағын жая алсам.
Шықпай қалып түсіңнен,
Бірге өзіңмен оянсам...

***
Қуантамын мен сені немен ғана,



Өзің жайлы жазамын өлең жаңа.

Қиын болар алғашқы жүздесер сәт,

Тік қарауға жасқансаң, төмен қара!
Жүрегіңнің сырын аш, ұялма, айым,

Армандайын, аңсайын, қиялдайын.

Құшағыма жатсынбай ене берші,

Жалыныңнан есімді жия алмайын.


Қуантамын мен сені немен ғана,

Өзің жайлы жазамын өлең жаңа...

***

Бала сезім несімен асқақ екен,


Бүгінгі күн бәрінен басқа, бөтен.
Сен келесің уәделі жеріңе айым,
Әңгімені мен неден бастар екем.
Осы бір сәт сені де қинады ма,
Асау шағым, бір алау құй жаныма.
Кеш таянып келеді,
Жақында түн,

Қарай берем жалтаңдап үй жағыңа.


Жеңгең жүрді етегі өрік толған,
Бәлкім, бәлкім өрікке жерік болған.
Бір күдікпен қарады апаң маған,
Үй сыртынан бейуақта көріп қалған.
Байқамайтын шулаған бала-шаға,
Міне, екеуміз кездестік оңашада.
Басталып бозбала шақ, жігіттік шақ,
Тамашалар ұласар тамашаға.
- Сүйем, - дедім бірден-ақ ұялмадым,
Дүниеге мына кең сия алмадым...
Осы сәтке мен қашан жетер екем,
Арманым ғой,
Бұл менің қиялдарым.

***
Тап басатын табиғат берген дарасын,

Апам айтқандай «туа бір салған баласың».

Сезімге бөлеп көк пенен жердің арасын,

Көкбұлақ жақтан су алып қайтып барасың.
Сездірді нені біздің үй жаққа қарасың,

Шымшылап өтті жанымның ескі жарасын.

Құмырсқа белің үзіліп кетіп барады,

Үзіліп барып, түзіліп тұрды жарасым.


Жылыған жүзі, жадырап аспан жаз алды,
Күн келе жатыр шуағын төгіп азанғы.
Тірсегіңді соғып, арқаңа батқан қос бұрым,
Келеді алып мазаңды.
Туғандай болып ай менен күнім оңымнан,
Құстай ұшып, тосып алдым сені жолыңнан,
Манаурап тұрған жасқанып алау жүзіңнен,
Шелегіңді алдым қолыңнан.
Денемде діріл,

Жүрегім дүрсіл, ду бетім,

Тік қарай алмай жанарым сүзді су бетін.

Қарлығаш қанат кекілің түсіп көзіңе,

Шелектегі суда толқындап тұрды суретің.
Көк көйлегіңнің етегін самал жұлқылап,
Аймалай берген өзіңнен бейне сыр сұрап.
Толықсып барып үйіңе кіріп кеттің сен,
Көшеде қалды қыз иіс жұпар бұрқырап.
***

Тентек ойлар қай жаққа сүйреледің,


Төсіңдегі көз тартты түймелерің.
Ей, бозбала, сен неге кимеледің,
Томпаң-томпаң түймеме тиме менің.
Арғы жағы...
Атармын қалай атын,
Қыз кеудені керетін, молаятын.
Қос анар ғой, түскен көз қараятын,
Жырлай, жырлай таусылған тапай ақын.
Сол ғой, сол ғой қиялым, ертегім де,
Ертегімде жүретін, ертеңімде.
Сүйе алмаған желің де, желкенің де,
Ағытылса түймелер, өртедім де...
Түйме, тиме!

Білесің соңы дауын,

Өзімдікі болса ашам омырауым.

Содан кейін қағылып қоңырауым,

Мүмкін, мүмкін дүниені танымауым.

***


Бәйшешек билеп ержеткен,

Ақ жаңбыр жауды селдеткен.

Жанымды жырмен тербеткен,

Көркем ең қалқам, сен неткен.


Көктемнің күні желдеткен,

Тілдесіп тұр-ау жер көкпен.

Қызғалдақ теріп қырлардан,

Асығып саған мен жеткен.


Көріп пе ең мұндай көрмеп пе ең,

Құшағым ашық кел, көктем.

Жырымды бөлеп жөргекпен,

Жар салып келем сен деп мен.


Аспан да көктем, көл көктем,

Сағынып бұлай шөлдеп пе ең?

Ән салып келем сен деп мен,

Қалқам-ау, сен де мен деп пе ең?


***


Шимайлап қалды біз жүрген қырды із,

Қыдыра желіп көктем жүр.

Екеуміз үнсіз көз алмай тұрмыз,

Шөптегі шықты-ай...

Мөп-мөлдір!
Қатқан қардың да көбесі сөгіліп,

Қауызын жарды ық гүлі.

Сүйеніп тұрған сен ойға шомылып,

Теректің бойы жып-жылы!


Иірген тұрмай асығым алшысы,

Осылай біздер бітістік.

Бетімді жуған жаңбырдың тамшысы,

Ып-ыстық!


***

Көңілге бір шуақты ақ таң егіп,

Мектептен бірге келе жатқан едік.

Кенеттен жел соқты да даладан бір,

Шелектеп құйып берді қара жаңбыр.
Жақындау паналадық талдың түбін,

Оңаша меніменен қалдың, күнім.

Осы сәт сен тығылдың құшағыма,

Елжірей берді көңіл «құса» мына.


Діріл алып өн бойын денелердің,

Қойыныма шым-шымдап ене бердің.

Қос жүректің дүрсілі құлаққа кеп,

Қарай алмай көз салдың ұзаққа көп.


Еркеледің күлімдей өзімсініп,

Жібермеді көзіңді көзім сүзіп.

Қара қыз-ай, мұншама керім бе едің,

Тиіп кете жаздады-ау ерінге ерін.


Ыстық демің балқытты, балбырадым,

Тілім келмес айтуға арғы жағын...

Қара бұлттар қаумала таудан бүгін,

Өткінші бола көрме, жау жаңбырым.


***


Арманым да, аңсарым өзің ғана,

Саған деген махаббат сезім дана.

Ұя салған үйдегі қарлығаштың,

Мені аяп, мұңайған көзін қара!


Ешкімге де бұл сырым білінбеген,

Талма түнде кірпігім ілінбеген.

Көз алдымнан кетпейді елес болып,

Қара торы күн жүзің күлімдеген.


Сені ойлаудан есімді жия алмадым,

Тәтті-тәтті ғажайып қиялдарым.

Сөз айтуға өзіңе ұялсам да,

Қиялдауға әйтеуір ұялмадым.


***

Соңғы қоңырау,

Соңғы сәт, соңғы вальс,

Көкіректе күліп тұр көктеміміз.

Кетеміз бе шынымен мәңгіге алыс,

Қоштасып тұр бізбенен мектебіміз.


Есейіппіз жаңартып ақыл өңін,

Осылайша ғашық жан күй кешеді,

Не деген мен, не деген батыл едім,

Алғаш рет шақырдым биге сені.


Осы вальс болса екен ұзақ ойын,

Кеудеме кеп бір жалын түсті құлай,

Бара жатыр өртеніп тұла бойым,

Алақаныңның аппақ ыстығын-ай.


Шалқыған-ай көңілдің,

Көк тіредім,

Орындалып осы сәт көп тілегім.

Балбыратып жанымды өтті лебің,

Қара қыз-ай, осынша отты ма едің?
***

Сіміріп сыңғыр күлкіңді,

Жаһанға жұлдыз тарады.

Келіншек таудың бір түні,

Тып-тыныш жылжып барады,
Жел есті таудан үлпілдек,

Қиялым көкке самғады.

Ұйқыға кеткен біртіндеп,

Таукенттің өшті шамдары.


Мүлгиді мұңсыз талма түн,

Төбеден төніп енжар құз.

Жұлдыздар сүйген қар басын,

Мыңжылқы жалғыз, мен жалғыз.


Көзімді жұмсам ой бағам,.

Кеніншектаудың түсі аппақ.

Періштем, тауды жайлаған,

Тұр екем сені құшақтап.


Басында тұрып биіктің,

Ерніңнен ыстық сүйіппін...

Аппақ таң болып ағарды,

Ұйқысыз өткен күйік түн.



***

Жасыл желек жайқалған бал құрақ қыр,

Туған жердің аспаны жарқырап тұр.

Алматыда сен жүрсің студент боп,

Ауылда сары бала, сар трактор.
Алатауға асылған талма түнді,

Мен қашан көрер екем Алматыңды.

Сары «ДТ» ішінде қайталаймын,

Достықпенен жазылған әр хатыңды.


Сенен сұлу болмас деп таңдағанға,

Ескен желмен жарысам паң даламда.

Өзің күтіп тұрғандай асығамын,

Сары «ДТ» ауылға самғағанда.


Күн күлімдеп, ай толып, жайнасын көк,

Ғашықтықтан жанымды жайласын от.

Туған жерің менімен ән салады,

«Бәрінен де сен сұлу » , «Қайдасың?» деп.


Күлімдесе көктемдер гүл өңің боп,

Көңіліме тәтті ойлар түйемін көп.

Тұрмыс құра бастады құрбы-құрдас,

Мен қашан айтар екем «сүйемін» деп.



***

Гүлдерін шашып далам жатады,

Жаз шыққан шығар қалаңда тағы.

Мен жазған жетпей саған хат әлі,

Көңлімді күдік апаңдатады.
Асығып барады ұшақтар қайда,

Сағынып қауышар құшақтар қайда?

Кеудемді керген сұрақтар селін,

Жүдетіп жүрмін тұсап бар ойға.


Жүректің өзің тұңғыш арманы,

Жайылған құшақ күн құша алмады.

Шақырады мені белгісіз жаққа,

Қаланың сөнбей түнгі шамдары.


Күткен пойыз да қырды асып барады,

Қырды асса көңілім бір жасып қалады.

Қарайламайды, бөтендер неғылсын,

Сағыныш сарғайтқан бір ғашық баланы.


***
Хатың болды сиың да, құрметің де,

Бір жалынның бұл құрбың жүрді өтінде.

Пошташы қыз жымыңдай алып келген,

Жетті-ау бір күн сағынған суретің де.


Алматының жайнап тұр жасыл бағы,

Иығыңа ол несі асылғаны?

Ішім оттай өртеніп бара жатыр,

Аяулым-ау, жігіт кім қасыңдағы?


... Сары ДТ аулада қаңтарылып,

Жеңгем аяп қарайды аңтарылып.

Алай-дүлей дүние кеше бердім,

Жатқандай-ақ ішімде қаңтар ұлып.


Сені бәрі білемін ұнатарын,

Көз алдымда бал жүзің бұла сағым...

"Өзіменен оқитын жігіт қой", — деп,

Өзімді өзім амалсыз жұбатамын.


Сағат сайын құбылып үміт өңі,

Мұз қатқандай көңлімді жібітеді.

Досың болмай, болса егер ұнатқаның,

Қандай, қандай бақытты жігіт еді.



***

Бойжеткендер бұралып бойын керді,

Бұрынғының барлығы ойын болды.

Сөз айтам деп жүргенде келер жылы,

Алматыда дүркіреп тойың болды.
Жүрегімді жырлатқан бала арманым,

Шақырып ең тойыңа бара алмадым.

Бақытың боп жаныңда қала алмадым,

Содан сен де ауылға оралмадың.


Көктемдер кеп, жинайды дала күзін,

Сені іздеген жолдарда қалады ізім.

Бақыт тілеп мен саған қала бердім,

Жүрегімнен мәңгі өшпес, қара қызым.


***

Бүгін бөлек бір әлем туын жайды,

Елесімде класым шуылдайды.

Сені еске алсам сабайтын сөмкеменен,

Әлі күнге жон арқам дуылдайды.
Апай қайда, кешегі ағай қайда?..

Қара қыз-ай, салдың-ау талайды ойға.

Бала дәурен бел асып кеткен білем,

Енді бізге ол бір шақ қарайлай ма?


Сағыныштың бүгін кім білер емін,

Бір өзіңді аңсайды жыр, өлеңің.

Қайта оралса, сол бір кез шаршамастан,

Күнде арқалап сөмкеңді жүрер едім.



***

Балалық шағым, қош енді,

Шапқылай кездім көшеңді.

Сазы мол сырлы күндерге,

Жібердім бе екен есемді.
Асық ойнайтын ақ тақыр,

Ғашық қызыма ашпа сыр.

Көсіліп жатқан қасқа қыр,

Армандарыма баста, тұр!


Дүрілдеп өткен көктемдер,

Қарақұр өзен өткел бер!

Көкторғын қанат кептерлер,

Үйімнен үркіп кетпеңдер.


Қиялдың созған қанатын,

Енерсің түске тал атым.

Қарайлай берме, Қарасай,

Шиеңді тере баратын.


Сипаған самал тұлымын,

Тимеген қара құрығым.

Шапқылап шығар қырқаға,

Қош енді, қасқа құлыным.


Қоңырқай қырдың төсінде,

Ауылдың думан кешінде.

Класком қыз боп бала шақ,

Жүресің мәңгі есімде.




ЕКІНШІ БӨЛІМ

Толғанып,тебіренем,

Жаныма сенім егем.

Жүрегім жыр әлемі,

Өрілген өмір-өлең.
Алтын ине

(Деректі поэма)

Бұл еңбегімді медицина ғылымдарының докторы,

профессор, Халықаралық инемен емдеу және Халықаралық шығармашылық Академияларының Академигі, Вена Халықаралық Университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Алтын жүрек» сыйлығы мен «Сократ» орденінің, «Алтын медальдың» иегері, «Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау ісінің үздігі», «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығының бас директоры Жасан Зекейұлына арнаймын.


Әлхисса
Тіршіліктің ағысы сан арналы,

Орындалса адамның бар арманы.

Ауру-дерт қалмай бірге келеді екен,

Дүниеге адамзат жаралғалы.


Суық ойлар санада салады асыр,

Үміт гүлің бүршігін жарады ақыр.

Адамзат арпалысып сырқатпенен,

Толассыз күрес жүріп келе жатыр.


Күшің жетсе ғылымды дамыт, таны,

Ізденуден емшілер жалықпады.

Жарыса зымыраған уақытпенен,

Жетілген медицина шарықтады.


Дүние осылайша дөңгеленді,

Емшілік қасиетке не тең келеді.

Шығыс халқы меңгерген шерберлікпен,

Денеге ине шаншып емдегенді.


Түзетіп орын алған кемшілігін,

Болашақ күндей нұрлы, сенші бүгін!

Тәуелсіз Қазақстанға алып келді,

Жас қазақ Шығыс-тибет емшілігін.


Келді шақ ортақ іске бірігетін,

Ғылымға кедергі жоқ кідіретін.

Естіген әлем елі мойындауда,

Ғажайып алтын ине құдыреті


Толы Толағайы

Көгілдір көк, астасқан аспан – әлем,

Тыныстайсың болмаса басқа немен?

Биіктіктер телміріп шексіздікке,

Таулар, таулар қарайды тас төбеден.
Гималай, Алтайы мен Памирі бар,

Жалғасқан бір-біріне тамыры бар.

Жазықтар, жаңбыр болып төгілетін,

Алтайдың ақша бұлтын жамылып ал!


Шың басы қарт Алтайдың мұнартады,

Көрген жан көзін алмай құмартады.

Сан өзен сайларынан сарқыраған,

Тастарын жарып шыққан шынар сәні.


Алтайдың Тарбағатай бір сілемі,

Қарлы шың Боғда басы сілкінеді.

Төсінен жамыраған сан бұлақтың,

Қосылып сыңғырлаған күлкілері.


Басынан ақша бұлттар тарқамады,

Сәлем деп Көкше, Ақтау, Қарқаралы.

Етегін көзді тартып көмкереді,

Қарағай, қайың, шырша, аршалары.


Қойнында көк өзендер күркіреген,

Жаңбыры дамыл таппай сіркіреген.

Көктемде жеткізбейді тауға өрмелеп,

Қырмызы қызғалдағы дүркіреген.


Тарбағатай биік боп көрінеді,

Қыз бұрымы секілді өріледі.

Осында екі елдің шекарасы,

Қытай мен қазақ болып бөлінеді.


Жердің де жері болар, адамы да,

Елі жоқ сұрқы кетер даланың да.

Тарбағатай тауларын паналаған,

Босқан ел шапқыншылық заманында.


Мақсатқа жетер түбі жетем деген,

Адамның парызы көп өтелмеген.

Тұрсынбек Тарбағатай өңірінде,

Толының Өшетісін мекендеген.


Молдабай, Ордабайы ересек-тін,

Озады ортаменен теңесек кім?

Тұрсынбек Нұбәтішпен алаңдайтын,

Қарайлап ұлдарына келешектің.


Орнаған сағыныш боп жүрегінде,

Еш пенде тең келмеген бұл өңірде.

Мың тоғыз жүз қырық үштің көктемінде,

Келді бір Зекей атты ұл өмірге.


Ешкімге бала жастан тең емес-ті,

Жалған сөз сөйлегенмен ерегесті.

«Батырлар жырын» көпке оқып беріп,

Жасынан Зекей бала зерек өсті.


Молдабай, Ордабай мен ересектің,

Озады ортаменен теңесек кім?

Тұрсынбек Нұрбәтішпен алаңбайтын,

Қарайлап ұлдарына келешектің.


Өткені уақыттың білінді ме,

Жол ашық әрқашанда білімдіге.

Қызмет істеп, бітірді техникум

Шыңжаңның орталығы Үрімжіде.


Меңгерді Қытай тілін өзі оқып,

Онсыз күн жоқтығына көзі жетіп.

Қытайға аудармашы болды жүйрік,

Ауданға, облысқа сөзі өтіп.


Ісіне Зекейдің жұрт тамсанатын,

Жұмыстан кейде оралып шаршағасын...

Сүлеймен аудармашы досы екеуі,

Қосылып мандалинмен ән салатын.


Адамның өнер деген мәңгі бағы,

Өнерпаз ұл-қыз аулын таң қылады.

Серік гитар, Жасаны окордеонда,

Сержан мен Ержан тартып домбыраны.


Сайрасы көркем сурет салатұғын,

Алаулап жүзі бал-бұл жанатұғын.

Қызықтан ұл-қызының ортасында,

Жайланып жаны рахат табатұғын.


Тіршілік бөлек еді бүгіндегі,

Алдынан болашағы күлімдеді.

Жарқын шақ, қызығы мол жастық дәурен,

Жылдардың өткені де білінбеді.


Ештеңе жоқ Шарипа көңілінде,

Болды оқиға көрмеген өмірінде.

Жирмасыншы ғасырдың сиыр жылы,

Толының Еренқабырға өңірінде.


Бұлдырап Тарбағатай тұрды алыстан,

Буылдыр тартып сағым нұрлы ағыстан.

Кенеттен опат болды келе жатып,

Астана Бейжіңдегі жиналыстан.


Машина ішінде олар ояу болған,

Көз жұмды осылайша аяулы арман.

Күйтүн – Толы мемлекеттік жолында,

Кезінде Үрімжіге таяу қалған.


Жасынан Зекей жігіт асқақ еді,

Атқарып талай істі тастап еді.

Есіл ер дүниеден ерте кетті,

Бар-жоғы қырық екі жаста еді.


Азамат қайғысына кім шыдады,

Жасанның жан жүрегі шымшылады.

Алтай мен Тарбағатай, Боғда жылап,

Естіліп тұрғандай-ақ сыңсығаны.


Өзгеріп өмір солай сала берді,

Енді бекем буынды бала белді.

Төрт ұл, бір қыз артында жетім қалып,

Шарипа ана аңырап қала берді.


Мұң жайлап ана менен бала жанын,

Жаза алмай көңілдегі жараларын.

«Даңқты құрбандардың отбасы» боп,

Мемлекет қамдауға алды балаларын.


Қызығын ұлдарының шеше көрді,

Өзгерді, танымайсың кешегі елді.

Күн кешіп, қоңыр тірлік көңірсітіп,

Осылай жетім бала өсе берді.


Ұмытып еркелейтін балалығын,

Есейтіп бірте-бірте барады күн.

Жатса-тұрса қолынан тастамады,

«Асан қайғы», «Абайдың даналығын».


Жас қалып, қайғы дәмін татқаны анық,

Ол күндер бірте-бірте артта қалып.

Жас Жасан оқып жүрді көпшілікке

Мағжанның өлеңдерін жаттап алып.


Ағайын жақсы көрді ақылды ұлын,

Білген соң өлең-жырға жақындығын.

Құмартып «Батыр Баян» дастанына,

Жаттады «Райымбек батыр» жырын.


Кезі еді ақ- қараны анықтайтын,

Қиялмен әлем көгін шарықтайтын.

«Әсет пен Рысжанның айтысынан»

Тыңдаушы таң атқанша жалықпайтын.


Уақыт зулап, өткен күн білінбеген,

Толысты жас жігіттер елім деген.

«Зекейдің зерек туған ұлдарына»

Қарады дүйім жұрты сенімменен.


Жол бермей өмірдегі кемшілікке,

Көңілін салды Жасан кеңшілікке.

Түсті кеп институтқа Шыңжаңдағы,

Жасынан икемді еді емшілікке.


Кей кезде еріксізден тарылады,

Кей кезде көңілі таза арылады.

Бір күш кернеп өн бойын, ұлы атасы

Қонғандай «Бек тәуіптің» әруағы.


Қайырымды, кішіпейіл болыпты адам,

Емдеуден қара халқын жалықпаған.

Бек емші жетсе ауруға дер кезінде,

Ажалдың ауызынан қалыпты аман.


Бек тәуіп болған екен жайдары жан,

Ғажайып істер туған ойларынан.

Дәм, Өшеті, Орқашар, Жайыр барып,

Қайтатын «Қоржын түбек» аймағынан.


Көңілге түйіп жақсы ойды бекем,

Кім қалай баға беріп қойды екен.


«Орныңды кім басады» – дегендерге

«Қонады шөбереме»,– дейді екен.


Насыбайынан қалдырып бір атымын,

Елгезек жан алмайтын сірә, тыным.

Қысылып кейбір кезде тарыққанда,

Рухымен дем беріп тұратұғын.


Құрметтеп қатарынан асқан ұлды,

Қол ұшын беретін де дос табылды.

Бітіріп үздік қызыл дипломмен,

Шақырды Астанаға жас ғалымды.


Келешек жақсы күндер күліп алдан,

Толғаған ақындардың жыры болған.

Күйтүн қала Қытайда ең сәулетті,

«Жүз шолпан қаланың» бірі болған.


Жасанның келбетіне нұр ойнады,

Туындап қиялдағы ұлы ойлары.

Күйтүнге қарасты еді алыс жатқан

Алтай мен Тарбағатай, Іле аймағы.


Бұл қала қазақтардың бас қаласы,

Гүлденген мәңгілікке жас қаласы.

Қытайда орналасқан Іле қазақ

Автономиясының астанасы.


Жаңбырдай жауды жұрттың ақ батасы,

Білгенге осы болар бақ бағасы,

Үйленіп Гүлия атты бір сұлуға,

Бақытын аңсап күткен тапты оташы.


Алдынан атар таңдар күле берді,

Жағдайын сұрастырып біле келді.

Атанып «Бек тәуіптің» шөбересі,

Жанданып жұмыстары жүре берді.


Күдер үзіп, таусылып біткенде үміт,

Сенімнің таң атқандай күткен күліп.

Ажалдан алып қалды әйел басын,

Жиырма үш ине сабақ жіппен тігіп.


Бұл өзі ен жайлауда болған еді,

Ат теуіп, әйел дымсыз қалған еді.

Инемен қара жіпті қолға ап Жасан,

-Е, аруақ, желеп – жебеп,қолда! – деді.


Төкпеші Алла зілді қаһарыңды,

Жүректі жылататын аса мұңды.

Қытайлық Жаң деген азаматқа,

Он жеті сағат ота жасалынды.


Ажалдың айтып келмес дерт дегені,

Емшіге жеткені бар, жетпегені.

Қолына ота пышақ ұстай жүріп,

Болады алтын ине зерттегені.


Кешікпей алтын ине қолға алады,

Жасанның қайта үміті жалғанады.

Айықпас ауру жайлап алған денең,

Инемен арпалысып қозғалады.


Біліп ап, ғұламаның тыңдап бәрін,

Сезінді бір әлемнің тіл қатқанын.

Біртіндеп Жасан ашты сырқат емдеп,

Құпия Шығыс – Тибет жұмбақтары



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет