Байланысты: Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат
Эссе Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат Адамзат өзінің тарихи эволюциялық даму барысында мәжбүрлеудің тек екі балама жүйесін қалыптастырды. Біріншісі — адам еркіне әкімшілік ықпал ету және екіншісі — өндірушінің құқықтық еркіндігіне кепілдік бере отырып экономикалық мәжбүрлеу жүйесі. Олардың қатар өмір сүруі іс жүзінде мүмкін емес, өйткені әкімшілік жүйе мәжбүрлеудің экономикалық мүддесінің әсерін әлсіретіп шектейді, және керісінше оған экономикалық құралдарды енгізу әкімшілік жүйені билігіне нұқсан келтіреді.
«Әскери коммунизм үшін» саясаты өзінің меншік қатынастары құрылымдарын мемлекет қарауына орталықтандыру және экономиканы іс жүзінде, тіпті, милитарланған директивалық басқару сияқты негізгі принииптері арқылы мәжбүрлеулін басты үлгісін ұстанғанын білдірді. Мұны мемлекеттің бүкіл саясатының арқауына айналдыру халықшаруашылығының босансуы мен тоқырауына әкеп соқтырды.
Дағдарысты жағдайда большевиктер революциялық рухтағы романтиканың утопиялық догмаларынан амалсыз бас тартты. Ленин, партия басшыларының едәуір бөлігінің қарсы тұруына қарамастан, тарихи келісімге барды. Оның астарында меншіктін әр түрлі нысандарына қатысты барынша шыдамды саясат және тауар-ақша, нарықтыққатынастар факторлары мен басқа да экономикалық стимулдарды одан әрі мойындамаудын мүмкін еместігін сезіну бар еді. Қазақстандағы орын алған жағдай бүкіл елді қамтыған экономикалық және саяси дағдарыстың сыңайын танытты. Барлық жердегі сияқты Қазақстанда да халық шаруашылығын жүргізу саясатының мүлдем жаңа принципіне көшу қажеттігі айқын байқалды. Оның негізгі арқауы — «тауарсыздық» утопиясынан — нарықтық-экономикалық, тауарлық-ақшалай қатынасқа көшу идеясы еді.
Нарықтық қатынастарды босатудың аса маңызды тұсы сауда еркіндігіне жол беру болды. Алайда мемлекет алғашқыда идеологиялық сарынмен айырбас саласына өз бақылауын орнатуға тырысты. Ол бірнеше ай бойы қала мен ауыл арасында жергілікті тауар айырбасын ұйымдастыруға әрекет жасады. Сөйтіп айырбас операцияларының арасындағы делдалдық қызметті Кеңес өкіметінің басшылығы, бақылауымен және тікелей тапсырмасымен жұмыс істеген кооперация атқарды. Мемлекет арнаулы декретпен (1921 жылғы 7 сәуір) оған «азық-түлік органдарының фабрика-зауыт және қолөнер кәсіпшілігі бұйымдарын дайындау мен ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастау салаларындағы міндетті тапсырмаларын орындауды» жүктеді, «барлық азық-түлік өнімдерін (мәтінде осылай. — авт.), мемлекет дайындаған және национализацияланған фабрикалар мен зауыттардан алынған... сонымен қатар шет елден әкелінген көпшілік қолды тауарларды бөлу» тек солар арқылы жүзеге асырылды. Декретте «РКФСР-дің барлық азаматтары тұтыну қоғамына бірігеді», ал «әрбір азамат тұтыну қоғамы пункттерінің біріне жазылады» деп атап көрсетілді.[1].
Кооперация туралы айтқанда мемлекет айтарлықтай қулыққа барды, бұл шын мәнінде еркіндік принципі немесе кооперациялаудың кез келген нысанының императивті жағдайы толықтай ескерілмеген, қайсыбір мемлекет иелігіне алынған құрылымдар болды.
Жалған кооперация осылайша жеке меншік нарық айналымы стихиясын мемлекеттік реттеу мен тежеу құралына айналады деп есептелінді. Бұлай болуы әбден мүмкін еді, оған Ленин күдік келтірген жоқ. Партияның X съезінде ол былай деді: «Біз пролетариаттың саяси өкіметін әлсіретпей, қайта нығайта отырып, жергілікті еркін тауар айналымына едәуір дәрежеде жол бере аламыз. Мұны қалай істеу керек — бұл практикаға байланысты іс. Менің міндетім — теория жағынан мұның жүзеге асыруға болатын нәрсе екенін сіздерге дәлелдеп беру».[2].
Алайда бұл идеяның мүлдем жарамсыз екенін практиканың өзі көрсетті. Қазақстанда 15 млн сом алтын ақша және 1921 жылғы ақшаның 14 млрд сомасында тауар айналым қоры (мануфактура, бақалшық, металл бұйымдары, ауыл шаруашылық құрал-жабдықтары, тұрмыстық заттар, махорка, керосин, сіріңке және т.б.) құрылды.[3]. Алайда белгіленген көлемдегі астық өнімдерінің тек 37%-ын және ет өнімдерінің 26%-ын ғана дайындауға қол жетті.[2].Сөз жоқ, бұған тауар айналым қорының жеткіліксіздігі және жұтандығы, бөлу желілерінің дамымағаны, ауыл шаруашылығында астықтың аз шығуы мен күйзеліс әсер етті.