Сыни тұрғысынан ойлау Адам қашан терең ойлана бастайды? Бірінші мезетте оның алдында дайын жауабы жоқ қандай да бір мәселе (проблема) немесе әлі де үйреншікті бола қоймаған жаңа ақпарат пайда болғанда. Екіншіден, адам бұл проблеманың жауабын табуға ұмтылыс жасағанда немесе жаңа нәрсені түсініп, оның байыбына жетуге тырысқанда. Ойланудың қандай да болмасын қиындық, ыңғайсыздық, күмән туғанда пайда болатындығы туралы философ Джон Дьюи былай деп жазған: «Ойлау тығырыққа тіреліп, таңдау жасау керек кезде басталады
Рефлексия жасағанда адам көптеген шешімдерді сараптап, оларды ой елегінен өткізіп, өз құндылықтары мен түсініктерінің, түйсігі мен қажеттіліктерінің таразысына салып, салғастырады, проблеманың байыбына жетуге тырысады. Осыдан соң адам өзі таңдап алып, көңілі қалаған шешімді тура сол қалпында қабылдамай, оны жан-жақты қарастырады, оның оң мен солын ажыратады, кемшіліктерін келтірумен қатар оны қуаттау үшін дәлелдер іздейді. Бұл тұжырымдауға қанағаттанбай, өз шешіміне балама іздестіреді, жаңа ұсыныстар мен болжамдар жасайды. Ылғи да өзіне еш бүкпесіз шындық тұрғысынан сұрақ қойып, оған жауап іздейді, жауап тапса, қайтадан сұрақ қойып, енді соның жауабын іздестіреді, оған да қанағаттанбай, әрі қарай «қаза береді», «қаза береді». Сұрақтар, сұрақтар, сұрақтар. Жауап іздеу, жауап іздеу, жауап іздеу. Үздіксіз іздену мен зерттеу... Ойлаудың осындай толассыз түрі сыни ойлау деп аталады. Мұнда ойлау тізбекті (сызықты) түрде бір нүктеден екінші нүктеге бір бағытпен жылжымай, біресе алға, біресе артқа ойысады. Проблеманың шешімін табу мұнда ең аяққы нүкте деп саналмайды: оны дәлелдеп беру керек, оның тиімділігі мен ықтимал қолайсыздықтарын айқындау қажет, оған балама келтіру керек. Сонымен: дұрыс жауап беру жеткіліксіз, оны дәлелдеп беру керек.
Сыни ойлау проблема шешуге бағытталумен қатар өзінділікпен (дербестік) ерекшеленеді: қандай да болмасын мәселе/ақпарат бойынша өзіндік түсінік қалыптастырып, оған тәуелсіз тұрғыдан баға беру, дербес шешім қабылдау. Сыни ойлауды дәріптеушілердің бірі Ричард Поль мына аумалы-төкпелі, күнделікті өзгеріп отырған заманда адам «өз инстинктеріне бостан босқа сенбеуі керек» деп есептейді. Мұның себебі мынада: адам өз түсініктерін, ұстанымдарын, құндылықтар мен нанымдарын бірден қалыптастырмай (мысалы, сезімдер жетегімен немесе басқа біреудің айтқаны бойынша), олар туралы терең ойланып, оның бәрін күмәнмен қабылдап, «тұла бойынан» өткізуі қажет. Ричард Польдің пайымдауы бойынша, адамдар «өздерінің басына түскенді дәл сол қалпында қабылдамауы керек. Олар ақиқат деп ұсынылған нәрсенің бәрін де ақиқат деп түсінбеуі қажет. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесін жалған деп ойламауы керек». Демек, олар өмірдің барлық жәйттері мен көріністерін ой елегінен өткізіп, олардың өміршеңдігі, құндылығы мен қажеттілігі туралы өзіндік пікір қалыптастыруы керек. Сол себепті сыни ойлауды көп жағдайда