Эссе: «Менің мамандығым!»
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы.
Ғафу Қайырбеков
Небір саладағы көптеген мамандықтардың алдыңғы көшін бастап тұрған, жан-жақты білімділікті, шеберлікті, жаңашылдық пен ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Ұстаздықты, тіпті мамандықтардың атасы деп те айтуға болады. Мұғалім - еңбегі ең алдымен, адамзат қоғамында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, одан кейінгісі, әрқашан оқушымен ашық қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген шәкірт арманын жүзеге асыруға, ертеңгі күні қоғамда өз орнын таба білетін тұлғаны қалыптастыруды мойнына алған жауапты маман. Жаңа форматты мұғалім алдында «оқушыны ғылым негіздерімен ақпараттандырып қана қоймай, оны дүниежүзілік білім кеңістігіне шығуына, яғни, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу» сынды үлкен міндет тұр. Әрине, бұндай міндет өз мамандығын сүйе білген, құрметтей білген нағыз мұғалімнің ғана қолынан келеді. «Ұстаз» деген қадірлі ұғымға ие болу, оны қадір тұту, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Мұғалімдік – жауапкершілігі мол, қызықты да, қиын да мамандықтың бірі.
Мен де осы мамандықты дәріптейтін, өз мамандығын қадір тұтатын жандардың бірімін. Иә, мен өзімнің мамандығымды мақтан етемін! «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демеуші ме еді. Менің бала кездегі арманым – қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі болу еді. Қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі емес, бастауыш сынып мұғалімі атандым. Жылдар өтіп, мектепте жұмыс жасағаныма көп жылдың жүзі болыпты. Көз алдымда мектеп, сынып іші, алдымда білімге құштар, жазылмаған тап-таза парақ іспеттес оқушылар, үнемі тәжірибесімен бөлісе білетін, қиналғанда қол ұшын беретін досқа бергісіз – әріптестер, «Менің алғашқы ұстазым» деп суретімді қабырға газетіне ілетін мектеп бітіруші түлектер. Қазіргі кезде сол баяғы бала кездегі арманымның орындалғаны көңіліме қуаныш сезімін ұялатады.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» деген керемет нақыл сөз жаныма жақын. Алдымнан өткен әр бүлдіршінге алдымен өзіне деген сенімділікті ұялатып, «Сеніңде қолыңнан келеді» деп ішкі уәжін оятуға тырысамын . Барлық оқушы мұғалім алдында бірдей екенін, мұғалім үшін әрқайсысының бір- біріне ұқсамайтын өзіне тән ерекше қабілеттері бар екеніне көз жеткізуге тырысамын. Әр күн сайын оқушыларыма білім әлемінің жаңа сырларын ашу үшін ізденемін және оларды да ұсынылған ақпараттар бойынша ізденуге тәрбиелеймін..
«Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ» демекші сабаққа тыңғылықты дайындалуға бар күш - жігерімді саламын. Қазіргі кезде республикамыздағы білім әлеміндегі үлкен өзгерістердің бірегейі - жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мен де жұмыстанудамын. Әр сабақ барысында оқушылардың жасерекшелігіне қарай әдіс-тәсілдерді пайдаланып, түрлі жұмыс формаларын ұйымдастырамын. Сабақтың тиімді өтуіне, сабақтың оқу мақсаттарынан ауытқымауға және сол мақсаттарға бағытталған бағалау критерийлерін, бағалау критерийлеріне сүйеніп оқушылар қызығып орындайтын тапсырмалар дайындап, тапсырмалардың дескрипторларын қадам-қадамымен орындайтындай етіп жоспарлаймын.
Өз сыныбымның тәртібі мен тәрбиесіне де көп көңіл бөлемін. Сыныптағы ұлдар мен қыздар арасындағы, жалпы сынып ішіндегі оқушылардың арасындағы бір-бірімен келіспеушіліктің алдын алып, достастырып, әркезде сынып ішінде татулық пен бірлікке тәрбиелеймін.
Атақты педагог Жан – Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жадымда. Өзімнің саялы білім бағымнан әр баланың білімді, тәрбиелі тұлға болып қалыптасқанын қалаймын, әрі өзімнің балғын оқушыларым үшін уақытымды да аяған емеспін.
Өмірдің заңы – өсу, өрлеу, даму, жаңару, жаһандану және озу. Өзінен озатын шәкірт тәрбиелейтін, өз ісіне берілген, жаңалықты жасқанбай қабылдайтын, оқушының тұла бойына ар-ұяттың пен ұлттық сана сезімнің нәрін себетін мамандықты таңдағанымды мақтан етемін!
Бастауыш сынып мұғалімі: Кайыргалиева Нургул Социализмовна
Достарыңызбен бөлісу: |