Эссе Түркі халықтарының рухани және материалдық мәдениетінің ерекшеліктері



Дата19.05.2020
өлшемі19,4 Kb.
#69557
Байланысты:
Түркі халықтарының рухани және материалдық мәдениетінің ерекшеліктері


Эссе

Түркі халықтарының рухани және материалдық мәдениетінің ерекшеліктері



Түркі мәдениеті - ежелгі заманнан өмір сүріп келе жаткан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан мөдениеттің жалпы атауы. Бүгінгі күнге дейін жеткен түркі халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінің рөлі өте зор. Оның көмегімен біз ежелден бері келе жатқан мәдениетімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе аламыз. Түркі мәдениетінде рухани және материалдық ерекшеліктер ерекше орынға ие. Бұл жұмыста аталған ерекшеліктер туралы сөз қозғаймыз.

Материалдық мәдениеттің дамуы ең алдымен еңбек құралдарын дайындаудан көрініс тапты. VI-VIII ғасырларда еңбек құралдарының негізгі түрлері көбіне темірден дайындалды. Қазіргі кездің өзінде темір кенін өндірудің ежелгі орындары аса терең емес үңгірлер мен забойлар түрінде сақталған. Ежелгі металлургияның дамуы ұсталық өнердің - теміршіліктің өсуіне ықпал етті. Кәсіби ұғым “темірші” — ұста-шебер VI ғасырдан бастап белгілі бола бастады. ХІ-ХІІ ғасырларда қалаларда ұсталық өнер үлкен деңгейге жетті. Құрал-жабдықтар, металл саймандар және әсемдік бұйымдар жасау қолөнершілік сипатта болды. Бидайды, әсіресе тарыны ұнтақтау үшін ағаш “келі” қолданылды. XI ғасырда бидай тарту үшін тек қалақтары үлкен қол диірмендер ғана емес, су ағысымен қозғалатын үлкен диірмендер де кеңінен қолданылды. Егін шаруашылығы және құрылыс ісімен кетпен, кайла, күрек тәрізді құралдарды дайындау байланысты болды. Темірден қару-семсерлер, қылыштар, қанжарлар, сауыттар, сүңгілер, жиналмалы садақтар мен жебе ұштары дайындалды.

Материалдың мәдениеттің дамуы тұрғын үй мен үй жиһаздарында да орын алды. VI-XII ғасырларда жазғы үйдің екі түрі болды: киізбен жабылған киіз үй және дөңгелектер үстіне орнатылған үй. Олардың құрылысы жөнінен бір-бірінен айырмашылығы болды. Киіз үй дөңгелек формалы, керегелер мен уықтардан, шаңырақтан тұрса, дөңгелектер үстіне орнатылған жылжымалы үйдің жабындылары аса көркемділігімен, байлығымен ерекшеленді. Оның үстін оюлы киізбен, түрлі-түсті жібекпен жабатын болған. Жылжымалы үйлер байлардың меншігі еді. Қысқы үйлер саздан, шымнан, орманды жерлерде кесілген ағаштан дайындалды. Қысқы үйдің едені қамыспен, шимен жабылып, оның үстіне киіз тәселді.

Ежелгі Қазақстан халықтарының тұрмыстық үй жиһаздары болып ағаш кереует (төсағаш), бағалы заттар мен киім сақтайтын сандықтар, сырмақ көрпелер, үлкен дөңгелек үстел, бесік саналды. Сонымен қатар, ет тағамдары көп пайдаланғандықтан металл қазан кең қолданылды. Х-ХІ ғасырларда қазанды шойыннан дайындайтын болған. Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында тоқымашылық өнері жақсы дамыды. Феодалдық қатынастардың дамуы ауылдың жерлердегі табиғи шаруашылықтың әлсіреуіне әкеліп соқты. Бірте-бірте құмырашылардың, өйнек үрлеушілердің, зергерлердің, қару-жарақ шеберлерінің, ұсталардың, ағаштан және тастан ою оюшылардың тауарларына сұраныс өсе бастады. Ортағасырлың керамикалық ыдыс-аяқтар, кеселер, табақтар, құмыра пештерінде күйдірілді. Мұндай пештер Отырар, Ақтөбе, Тараз, Сарайшық қалаларының орнын қазу кезінде табылды.

Зергерлік өнер үлкен жетістіктерге жетті. Қала орындарын қазу кезінде әдемі әйнектердің, жартылай бағалы тастардың бай жиыны, алқалар, қоладан, күмістен, алтыннан дайындалған бұйымдар табылды. Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Ақтөбе қаласының орнын қазу кезінде табылған бұйымдардың үлкен тарихи маңызы бар. 

Рухани мәдениет ерекшеліктеріне келетін болсақ, VI-VIII ғасырларда түрік тайпалары арасында ауыз әдебиеті - фольклор кең тараған. Ауыз әдебиеті халықтың мұң-мұқтажын, туған өлкеге, бостандыққа махаббатын, жауға өшпенділігін бейнелеген.

Ортағасырлық ойшылдардың бірі Қоркыт болды. VIII ғасырда Сырдария өңірін мекендеген оғыз-қыпшақ тайпалары арасында оның есімі кең тараған. Ол жаужүрек батыр, атақты ақын, қобызда шебер ойнаған күйші, көптеген аңыздар мен әпсаналардың кейіпкері ретінде халық санасында берік сақталды.  Жер бетінде “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды” өмір бақи іздеумен қатар, өлімді мойындамаған осынау ғұлама, ізгі арманы орындалмағасын, өз бақытын қобыз сарынынан іздеп, көптеген күйлер шығарған. Қорқыт баба күйлері біздің заманымызга дейін жеткені өз алдына, оларды музыкалық оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізіп, жастарға білім және тәрбие беруге кеңінен қолданып келеді. Қорқыт өз артына музыкалық шығармалармен қатар, “Китаби дедем Коркуд” (“Қорқыт ата кітабы”) атты кітабын қалдырды. Бұл кітапта ІХ-Х ғасырлардағы Оғыз мемлекеті халқының өмірі, дәстүрлері, салттары, түркі халықтарының тарихы әңгіме болады. Бұл ортағасырлық тарихи-этникалық шығарма болып табылады. Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан түркітілдес ғалымдардың, әдебиетшілердің және ақындардың үлкен бір шоқжұлдызы өз еңбектерін халықаралың ғылыми тіл болған араб тілінде жазған еді.

Қазақстаннан шығып, мұсылман шығысында “Екінші мұғалім” атанған энциклопедист ғалым, философ Әбу Насыр Ибн Мухаммед әл-Фарабидің ғылыми шығармашылық еңбегі X ғасырға тұспа-тұс келеді. Философия саласында Әл-Фараби идеалистік көзқараста бола тұрып, бір-қатар материалистік идеяларды ұсынды, жоғары әлемнің бар екенін, оны түйсік арқылы сезіну мүмкіндігін мойындады. Фараби ақыл-ой туралы ілімге, ғылымның әдіснамалық проблемаларына, жаратылыстық-математикалық зерттеулерге, музыканың физикалық-математикалық теориясына, сондай-ақ геодезия мен архитек-тураның математикалық негіздеріне ерекше мән берді.

Фарабидің адам қоғамының пайда болуы, мемлекеттік құрылыс туралы, қоғамдағы адамгершілік факторлардың маңызы жайлы идеялары күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоң.

Ұлы ғалымның еңбектері ғасырлар бойы зиялы қауымдар арасында кеңінен мәлім болған. Шығыс пен Батыстың көп оқымыстылары оның мұраларынан үйреніп, тәлім-тәрбие алып, ғибрат, өнеге көрген, өздерінің ғылыми жұмыстарына тірек тұтқан. Оның энциклопедиясы XV-XVI ғасырларға дейін білімпаздар мен шәкірттердің қолынан түспес кітап болды.



Қорытындылай келе, түркі халқы рухани, материалдық мәдениетке толы ерекше халық болып табылады. Жоғарыда аталып кеткен материалдық және рухани дәстүрлер қазірге дейін жетуде. Олардың көмегімен түркі халықтары, соның ішіндегі біз – қазақтар да өз салтымызды сақтап, көне дәуірден бері келе жатқан мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыра аламыз. Сонда біздің мәдениетіміз, салтымыз жақсы сақталып, әлемдік аренада түркі халқы, қазақ халқы деген үлкен атаққа ие болып, ұрпаққа өшпес өнеге қалдыра аламыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет