БАЙЗАҚ АУДАНЫ ЖӘНЕ ШУ ӨҢІРІНІҢ КИЕЛІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АҢЫЗДАРЫ
1995 жылдың 20 желтоқсанында Президент Н.Ә.Назарбаевтың №2696 Жарлығымен Свердлов ауданының атауы Байзақ болып өзгертілді. Ал Свердлов ауданы 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің №89 Қаулысымен құрылған болатын.
Аудандағы жер-су атаулары да небір аңыздармен байланыстырылады. Ертеректе, Талас өңірінің қазіргідей егіншілік кәсібі кеңірек дами қоймаған дәуірде, суға деген сұраныс аз болған. Өзен кемерінен асып, кез келген жерді кемерлеп, кеміріп жататын. Әcipece “Қызғалдақ тасу”, “Қарақұйрық тасу” дейтін Таластың тасулары малға да, жанға да өте қауіпті болатын. Сондай шақта су деңгейі күрт көтеріліп, секундына мөлшері 100-150 текше метрге жететін. Мұнша көп тасқын судың дүлей күші өзен жағасын опыра кемерлеп, биік-биік жарқабақты әп-сәтте “жасай” салатын. Сол жарқабақтар сонау бip замандардан бepi тасқын судың күшімен біріне-бірі ұласып, Сарыкемердің шығыс жағын тұтас бip кемерге айналдырып алған, яғни, Сарыкемер деген атау сол сары топырақты кемерге байланысты делінеді.
Шапаваловка атауы туралы Түймекент ауылының тұрғыны Валентина Игорьевна Шаповалова (осы ауылда алғаш қоныстанған Шапаваловтар әулетінің ұрпағы) айтып берген болатын.
« - Жастайынан осы ауылда туып өстім. Туысқандырымының бәрі осында.
Қазір алпыс алты жастамын.
Сурет 11. Қазіргі Түймекент ауылының алғашқы қоныстанушылары - Шаповаловтар әулеті.
Ата-анамның айтуы бойынша Воронеж губерниясынан осы жерге дейін өгізбен 3 ай жүріп, 1872 жылы атам үш бауырыммен, мал-мүлкін (жылқылары, сиырлары, қойлары және үй құстарын) ала келген. Ол кезде бұл жер батпақты қамыс басқан жер екен. Осы төңірекке тоқтағанда қар жауған. Ешкімді білмейді, танымайды. Осында тұрақтап тұруға келген. 2-3 күн өткен соң атты адамдар келген. Бәрі бір-бірінен қорыққан қарақшылар ма деп, кейін бір-бірімен тіл табысып, түсініскен. Сөйтіп оларға жайланып тұруға бір нәрсе тұрғызу керек қой деп, қазақтардың кеңесімен шым ойып, шымнан 30-40 метр үй салады. Қазақтар қайта келіп жыңғылмен төбесін жабуды үйретеді. Әрі қарай не істейді, біздіңкілер қамыс дегенді көрмеген. Орақты олар білмейді, шалғыны біледі. Сөйтіп ортақ тілге келіп, бір-біріне үйренеді. Баспана салып болған соң, қарапайым бастырма (сарай) салады. Содан қыс бойы бір-бірін көрмеген.
Ерте көктемде қар еріген соң біздіңкілер кері қайтпақшы болды. Сол кезде көмек беруге жер бөлімінен адамдар келеді. Осы көшеден атама жер бөліп береді. Жұмыс жасайды. Қазақтармен достығымыз бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр. Қазақтың салт-дәстүрін, мейрамдарын білеміз. Қазақша түсінемін, өзім ғана қазақша білмеймін. Басқалары немерелерім, келіндерім бәрі қазақша сөйлейді.
1875 жылғы мұрағат бойынша Шаповаловка ауылында 45 үй болған. Кейінірек ауылға қоныстанушылар көбейді. Мен отырған үйдің орнында сол Түймекент ауылының 1876 жылы ең бірінші салынған үйі болған».
Байзақ ауданында тарихи орындармен қатар ел ішінде киелі деп танылып жүрген орындар және ол туралы аңыздар да аз емес.
Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі (1789-1864 жж.). 1789 жылы Тараз маңында Абылайханның көрнекті серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құндасұлы батырдың отбасында дүниеге келген. Жас кезінен бастап ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен ізгілікті қасиеттерін көрсете отырып, руластары тарапынан ғана емес, берген қоқанд үкіметі тарапынан да құрметке ие болып, қоқандықтар оған жеке басының артықшылығы мен салық төлеуден босатуға құқық беретін құрметті «датқа» атағын береді. Көшпелі малшылар арасында отырықшылық пен суармалы егіншілікті игеру үдерістерін жүзеге асыруды ұйымдастырушы ретінде де белгілі. 1845 жылы Байзақ датқа патша мен Қоқандтың әскери-саяси экспанцияларына қарсы халық-азаттық қозғалысына қатысты және Кенесары Қасымұлы сұлтанның жақындарының қатарында болды. Оның Шу – Талас өзендері арасындағы азат ету қозғалыстарына белсенді қатысуы Оңтүстік Қазақстанның халық ауыз шығармашылығында айқын көрініс тапты. 1847 жылдың көктеміне қарай Шу өзенінің Кекілі-Сыңғыр жеріндегі қырғыз манаптарымен шайқаста Байзақ, Кенесарының тұтқындалуына үш күн қалғанда, сұлтан Саржанұлы Ержанмен бірге тұтқынға түседі. Тұтқыннан кейін Әулиеата маңындағы өзінің руластарына қайтып оралды. 1860 жылы Байзақ датқа Қоқанд әскерлерімен бірге генерал Г.А. Колпаковскийдің орыс әскерлерімен болған Ұзынағаш ұрысына қатысты, содан кейін туған жеріне оралып, қоқандтарға қызмет етті. 1864 жылы жазда қоқанд үкіметінің аймақтық көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол, Әулиеата маңына орналасқан
орыс әскерлеріне баласы Ақмолданы қоқандтарға қарсы күресте бірігу ұсынысымен жібереді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқандтың билеушісі Молда Әлімқұл Байзақты ұстап алып, Ташкентке алып келуін бұйырды. 1864 жылы тамызда Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқа жазаның ауыр түрі: тірідей зеңбіректің аузына байлап, оқпен оның денесін пәршектеді. Халық арасында аты шыққан қарт әрі батырға жасаған ауыр жаза, Ұлы жүздің руларының қоқандықтарға қарсы шығуына әкеліп соқтырды, сондай- ақ олардың көпшілігінің орыстар жағына өтуіне себепші болды. Әкесінің өлімі үшін қоқандтардан кек алуды көксеген Ақмолда 1000 жігітімен М.Г. Черняевтің отрядына келіп қосылды, әрі оларды басқара отырып, орыс әскерлерімен Шымкент үшін болған күресіне қатысты. Оның есімі халық әндерімен аңыздарында, әр түрлі тарихи жазба деректерде ғасырдан-ғасырға жетуде. Ол ирригациялық құрылыстар салумен де белгілі. Қазіргі Тараз қаласы маңында ол қазған 20-дан астам арналар орны сақталған. (Баһадүр Байзақ батыр. Жыланның басын шайнаған батыр // Қарахан, №2 (9), 2015).
Байзақ батырдың ержүректілігі, болаттай беріктілігі өз заманында-ақ аңызға айналған. Бір көңілді мәжілістің үстінде үзеңгелес замандастары ол кісіге қолқа салып,: Ерлік істеріңіз жайлы әңгіме шерте отырыңыз, батыр, - депті. Батыр неден бастарын білмей үнсіз отырып қалыпты.
Пәлендей бір таңданарлық ерлігім жоқ сияқты, - депті әлден уақытта.
Сізден болмаса ерлік кімде болады! Әр күніңіз ұлы жорық. Айтыңыз, жасырмаңыз, - деп отырғандар кеу-кеулеп жалбарына түседі.
Қап, тіпті қоймадыңдар ғой. Нені айтсам екен? – деп батыр ойға шомылыпты. Бір кезде әңгімесін жалғапты.
Қоқанға қарсы алғаш жаппай көтірлген жылы көп күндер бойы бел шешпей жорықта жүрдік қой. Алыс сапардан күн-түн қайтып жортуылдап келдім де, бір сәт мызғып алайын деп отау үйдің төріне шалқамнан түсіп жата кеттім. Көзім енді іліне бергенде бірдеңенің ысылдағынан естідім. Көзімді жайлап сығырайтып қарасам, екі аяғымның басында қара шұбар жылан басын қақшитып шығып тұр екен., неде болса да байқайын, - деп, ұйықтаған адамның кейпінде көзімді сығырайтып,жата бердім. Жылан жоғары қарай жылжыды. Өрлеп кеудеме келді де, басын тағы қақшитып көтеріп алды, тілі инедей сумаңдайды.
«Қайтер екен?» - деп аузымды ашып едім, бәтшағар басын сұғып жіргені ғой. Сол-сол екен, жыланның басын қарс-қарс шайнап түкіріп тастадым, - деген екен. Экспедиция жұмысы барысында ардагер теміржолшы Әбдуәлі Даневтің
«Дербіс болыс» атты материалы алынды. Бұл материал мәтіні мына төмендегідей: «Әулиеата қаласының күншығыс бетінде «Әкім бауы» аталатын бақ болған. Ол әлі де бар. Сол мәуесі төгілген бақтың нақ ортасындағы «Дворян саябағы» аталып кеткен әсем жиһаздармен өрнектелген көрікті алаңқайда қала мен бүкіл губернияның мәртебелі оязы Фон Кауфман өзінің жалғыз қызының ұзату тойын өткізгені бізге тарихтан белгілі. Тойға өз әулетінен немістер, кілең сен тұр, мен атайын орыс зиялылары қатысқан болатын.
Сыйлы кісілер, тізіліп төрдегі бастырманың ығына жайғасыпты. Қатар- қатар бабымен қойылған үстел үстіндегі дастарханда ішімдіктің түр-түрі, тағам,
жеміс-жидек самсып тұр. Айнала думан, у да шу. Оркестрдің әсем әуезі де жанға жайлы естіледі. Баудың дәл іргесімен жәйімен ағатын Талас өзені де еркелеп сылдыр қағады. Тойға шақырылғандардың ыстық ықыласы айрықша.
Қуанышқа жиналғандар мәре-сәре. Бөтен жамағат жоқтың қасы. Төрде немістер мен орыстар. Әлгілердің ортасында екі-үш қазақ болыстарының қарасы көрінеді. Алдына алжапқыш байлаған даяшы татар сұлуы зыр қағып осы кісілерге қызмет көрсетуде.
Фан Кауфман ояз Жаңабай руынан болыс Дербісті әңгімелеспек болып өзінің қасына шақырды. Той егесі бірдеңе десе Дербіс бас шұлғиды. Шолақ орысшасымен былдырлап жауап қатады. Күрделі мәселелерге келгенде онысын түсінбеген соң ояз даяшы татар қызы Мекадисаны шақырады. Бір емес, екі рет шақырды. Тілмәш етті.
-Маша, иди сюда, переведи нас,-деп тағы дауыстады. Соңғы рет сыбырлап қана «пригласи киргиза танцевать. Киргиз пусть научится» деп қалды.
Енді асаба бүкіл бақты басына көтеріп: «Вальс. Амурские волны» деді.
Елдің барлығы елең етіп ықыласымен қол соқты.
Вальстің сазды әуезі өрбіп шарықтай жөнелді. Жұрт үдере түрегелді. Ояздың өзі де әйелімен базданып биге шықты. Бұл жолы да екі қазақ түбіртек томардай орнынан қозғалған жоқ. Тек сезімтал Дербістің ақсары жүзіне көлеңке түсті. Тұрып кетудің де жөнін таппай қозғалақтайды. Мойыны салбыратып таққан болыстың алақандай жез медальдің салмағын ауырсынғандай сыңай танытты. Әлгідегі оязбен отырысы, көтеріңкі көңіл-күйі су сепкендей басылған.
Татар қызы Мекадиса өз қызметін мінсіз атқарып, бір қатардан екінші қатарға жеңіл жүгіреді. Мыналарға жақындаса орысша емес, қазақша тіл қатады.
«Жеп ишиңиз, жеп ишиңиз» деп жылы лебіз білдіріп өтеді. Киім киісі түгілі отырысының өзі өзгеше мына екеуіне қазақы ықылас білдіруде. Ары-бері өткенде де күлімсіреп бұрылады. Рас ол бұлардың даңқын естіген, ал өздерін көруі осы.
Ел түгел биде, төрде омырауында болыстың жездерін жарқыратып екеуі-ақ отыр. Әлі тұрып кетер емес.
Кілең неміс, орыстар би билеп өздерінше мәз, мыналарға күле қарайтын секілді. «Нелері кем? Неге бұлар состиып жеке қалды?» деген Мекадисаға ой келді. Әлгіндегі той егесінің сыбырлағанын еске алды. Ұлағатты жандар неге төменшіктеуі тиіс.
Татар қызы алжапқышын шеше сала, әріптестеріне ұстатты да Дербістің алдына келді.
Сизди биге шақырамын,-деп рәсіммен тізе бүгіп, тағзым етті. Шырағым би билеген адам емеспін.
Шоқынғандардан қаламыз ба?-деді қыз.
«Шоқынды». Осы сөзден Дербістің ақсары шекесіне лып етіп суық тер шықты. Көздері от шашты. Әдемілеп күзеген бурыл сақалын сол қолымен ары- бері сипап өтті. Бойжеткеннің өткірлігіне таң қалды. «Бұлармен тіл табысуымыз жөн-ақ. Өздерімен тең түсуге ұмтылмасақ құл боламыз». Сұлудың биге шақырған ыстық ықыласы, еңкейіп, иіліп ишара жасауы ұнаған. Бұл Дербіске
ерекше көрінді. Дербіс қабыл алып орнынан тұрып, Мекадисаның белін орап, ебедейсіздеу ұстады.
Бойжеткен өзінен аласалау екен, әрі жіңішке, ал бұл өмірдің тауқыметін бастан кешкен ет жеңді ер азамат. Бір емес екі әйелі бар. Балалы-шағалы. Немере сүйген ата. Елге де сыйлы. Тек осы вальсті ғана түсінбейді.
Саябақтың айналасы әдемі әуезге бөленді. Билеп жүргендер неміс, орыс қауымының сылқым серілері. Кілең мәдениетті жандар. Бұл іштей толқуда.
Мекадиса еркектің толқуын оның аяқ алысынан сезді. Ебедейсіз арбиған қолдары жауырынына тақалды. Аяқтары тағасыз аттай кібіртіктейді. Икемсіз жүріс. Аяғын басып та кетеді, жаншып та қалады. Қарынды, еңгезердей кісі сұлуды игеріп жүре алмады. Енді бойжеткен өзі икемдеді.
Дербіс ырыққа көнді. Жуан белден айқара құшақтаған қыз музыка ырғағына бейімдеп қимылдайды.
«Амур толқындары» вальстің падишасы ғой, әлі толастар емес. Бақ ішіндегі алма, өріктер сабағынан үзіліп жатқандай. Тіпті сазды әуен жұп-жұп болып жүргендердің делебесін қоздырғандай.
Дербіс бойжеткен ырқымен қимылдап, әжептеуір икемделгендей болды. Ал көпшілік вальстің әуезіне икемді, күзгі бидай алқабындай жапырылып толқиды. Ортада оқшау жүрген әлгі екеу ғана.
Өмірі мұндай күй кешпеген болыс жасарғандай боп көңілі өсті. «Неліктен осы бала мінезденіп барамын. Сап-сап көңілім» деді өзіне өзі. Сірә іштегі толқуы асып төгілердей. Кенеттен жыр жолдары тіл ұшына оралды.
Көркіңе көзім тойды, Қозғадың талай ойды.
Әттең дүние 20 жыл бұрын көрсем, Ханзадасы болар ең осы тойдың!
Өзі бойжеткеннің құшағында оның ыстық лебін сезді. Жас жүректің соғысын естігендей. Бойда шабыт қозып, ептеп Мекадисаны қысып-қысып қалды. Шүйкедей қыздың сүйрелеуіне көніп, өзін көтеріп-ақ әкетпеймін бе, деген ойға да келді. Жаңағы өлең жолдарының жалғасы ойға ілікті:
Бойың бар тал шыбықтай, Биің бар қозы-лақтай,
Жауқазындай өзіңе қолқа салсам, Келер ме ең алам десем өмірлікке.
Бойжеткен Дербістің ойын сезсе де мән берген жоқ. Басқа билеушелерден қалыспауға тырысып жорға жүріске салды... Нәтижесінде, Дербіс болыс татар қызына үйленді.
Дербіс болыстың еңбегі ұшан теңіз. Көшпелі қазақтар үшін Қостөбе ауылы түстігінде су диірмен орнатқан. Ел онда астығын тартып, ұнын дайындаған. Бүгінде ауылдың бір қысқа көшесі Дербіс атында.
Қазағым деп ішкен асын жерге қойған асыл азамат өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында кәмпескеге ілікті, сонан соң жаңа өкімет соттады. Сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Өмірінің соңы бәтуәсіз болып, шырғалаңға ілікті. Бірақ есімін елі ұмытқан жоқ»,- естелік әңгіме аяқталады.
Қоңырбайтөбе қаласы (VI-XIII ғғ.). Жетібай ауылы, Қаратөрткүлтөбе қаласынан солтүстікке қарай 3,5 шақырым.
Таластың жоғарғы ағысы бойындағы төбе. Қоңырбай төбенің басында Әулие ата Караханның туысқандары жерленген делінеді. Олардың бәрі де тірісінде Әулие ата Қараханның жолын ұстанған. Сондықган бұл төбені ел әулиелі төбе деп есептеген. Бұдан жүздеген жылдар бұрын Талас бойының белгілі кісілерінің бірі Хан-Құлан Төре қайтыс болып, ел-жұрты оның басына күмбез тұрғызады. Сонда ұсталар Қоңырбай төбедегі қорымның кірпіштерін алып, Хан-Құлан-Төренің күмбезін тұрғызуға жұмсамақшы болады. Қоңырбай төбенің қорымындағы кірпіштерді алып жатқан ұста кенеттен шұқырға кұлап, мерт болады. Содан былай ел Қоңырбай төбенің басына келіп түнеп, шырақ жағып, әулиелерден тілек тілейтін болыпты.
Шөлтөбе бекінісі (IX-XI ғғ.). Жетібай ауылынан оңтүстікке қарай 0,5 шақырым. Аққия ауылының тұрғыны Өмірәлиев Темірхан Өмірәліұлының айтуынша: «Шөлтөбеде бала кезімізде мал бағып таң азанмен келгенде су шығатын тесіктің айналасында моншақтар шашылып жататын, және әр күн сайын осындай жағдай орын алатын. Кейінгі жылдары бұл тесіктен су шықпай қалды. Су тоқтаған соң ішіне тас тастасаң дауысы ұзақ естіліп тұратын, бұл тесіктің тереңдігін білдірсе керек. Тесіктің үлкендігі ат тұяғы сиятындай еді». Жауыннан кейін небір моншақтар шығатын. Бала күнімізде алақандай тас тауып алғанбыз. Тастың бір жағында арабша жазылған жазуы бар еді. Мұғаліміміз Еген деген ағайға бердік. Кейін сұрастырғанымда музейге өткіздім деді.
Сурет 12. Шөлтөбе бекінісі.
Колхоз кезінде қызылшаға тыңайтқыш етіп төгеміз деген желеумен төбенің топырағын қазып алып бастаған кезде экскаваторлар сынып, тасыйтын ауыр машиналар алысқа бармай бұзылып, көлік жүргізушілері топырақты тасымай қойғанын көргенбіз, - деді Темірхан қария.
Бұл сөді растай отыра Аққия ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Тұрар Сыдықұлы, Шөлтөбенің топырағының құрамының өзінде ерекше бір сыр бар екенін, кезінде осы топырақты күйдіру арқылы оқ жасағанын айтады.
Ортағасырлық Түймекент қаласы. Бірінші аңыз. Талас өзенінің бойында біздің заманымызға дейін болған қала құландысы, Тараздан солтүстік шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта. Қалада ханның қызы Түйме салтанат құрған. Қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген. Оның сырты терең ормен қоршалып, ор сумен толтырылған. Қамал-қаланың қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, іргесі таспен өрілген. Түйме қыздың қаласының қорғаныс мұнараларымен жалғасқан әр қабырғасы жеті соғыс мұнарасы арқылы бекітілген. Түйме сұлуға көзі түскен жаудың батыры қыз әкесіне құдалыққа елші жібереді. Қыз әкесі бұған келіспейді. Қыз да көнбейді. Жау Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жетпейді. Түйме қыз қаласымен бірге мерт болады.
Екінші аңыз. Түймекент ауылының тұрғыны Мамырбаев Серік Түймекент атауы туралы былай дейді: Түймекент қаласы кезінде ерте кезде үлкен қала болған деседі. Осы жерде түйме сататын базар болған. Келген адамдар қона жатады екен. Ол уақытта жалтырауық түймелер көздің жауын алған. Шапандарын тиекпен бекітеді екен. Бұл жерді таусылмайтын керемет түймебазар деп аталған деседі. Түйменің таусылмайтын жері түйме қала, түйменің кенті дегенен шыққан.
Ал енді белгілі ғалым Жанғара Дәдебаев өзінің «Талас аңыздары» атты еңбегінде Түймекент қалашығы туралы бірнеше аңызды көрсетеді. Аталған еңбекте осы аңыздарды ғалым «Ақыртас» деген атаумен көрсетеді.
АҚЫРТАС. Әкелі-балалы екі батыр тастан сарай тұрғызып жатады. Баласы таудан тас тасып, әкесі оны қалап тұрыпты. Әкесі баласынан жұмыс үстінде жан-жағына қарап алаңдамауды талап етеді. Бірде баланың көзі күндей жарқыраған хан қызы Түйме сұлуға түседі. Содан соң-ақ ол бар жұмысын тастап, Түйме сұлудың соңынан еріп кете береді.
Түйме сұлу қасына ерген алты қызымен қашады. Соңдарынан қалмаған жігітті жетеуі жеті кесекпен атқылайды. Жеті қыздың лақтырған кесегі түскен жерден жеті төбе пайда болады. Бірақ қуғыншы батырдың бетін бұл төбелер де қайтара алмайды. Әбден шаршап-шалдыққан Түйме сұлу Талас өзенінің оңтүстік шығыс жағалауындағы бір биіктің баурайында жығылып, жан тапсырады. Қыздың әкесі сол жерден қорған тұрғызады. Қорған кейін Түймекент деп аталып кетеді.
АҚЫРТАС. Ақыртас қорғанын Манас батыр мен оның баласы Семетей (Симей) тұрғызады. Баласы таудың басынан тас лақтырып тұрады, әкесі ол тастарды қағып алып, қашап, қалай береді. Қамалды тұрғызып, Манас пен баласы сол жерде тұрақтап қалады. Әкесі өлген соң, бала Ақыртасты тастап, Манас мазарға кетеді. Сол жерде көшпенділер оны өлтіреді. Батырдың аяқ сүйектерінен жұрт Талас өзенінің үстінен көпір салады.
АҚЫРТАС. Түймекент деп аталатын жерде баяғы заманда Көкшехан деген бір хан тұрған екен. Оның Түйме сұлу деген қызы болыпты. Көкшеханның қоластында Алаңғасар алып деген қызметші бар екен, сол Түйме сұлуға ғашық болып қалады. Алаңғасар алып Көкшеханнан Түйме сұлуды өзіне әйелдікке беруді сұрайды. Көкшехан оған қызын беруге келіседі. Алаңғасар алып Көкшеханға бірнеше жыл адал қызмет етеді, бірақ хан қызын беретінге
ұқсамайды. Өзінің алданғанын білген Алаңғасар алып баласы Арыстан екеуі Таластың басындағы Қызыл қайнар деген жерге келіп, тастан қамал тұрғыза бастайды. Әкелі-балалы екеуі тастан қамал тұрғызып Талас өзенін басқа арнаға салып, Көкшеханның елін сусыз қалдыруға бекінеді. Алаңғасар алып Көкшеханды өзіне осылайша кіріптар етіп, Түйме сұлуды алмақшы болады. Баласын тауға шығарып, өзіне тас лақтырып тұруға жұмсайды, жұмыс үстінде оған жан-жағына, әсіресе Талас өзеніне қарамауды қатты тапсырады.
Арыстан алып таудың басына шығып, төмендегі әкесіне тас лақтыра бастайды. Алаңғасар алып баласы тау басынан лақтырған тастарды қағып алып, қамал қабырғасын қалай береді. Қамал құрылысы бітуге жақын қалғанда, Алаңғасар алып Көкшеханға қамалды тұрғызып бітуге жақын қалғанын, аздан соң Таласты бөгеп, оны басқа арнамен ағызатынын айтып хабар береді. Бұл хабардың шын өтірігіне көз жеткізгісі келген Түйме сұлу кер маралдай керіліп далаға шығады. Осы сәтте тау басынан әкесіне тас лақтырып тұрған Арыстан алыптың көзі Талас жағасына келіп тұрған Түйме сұлуға түседі. Түйме сұлудың сұлулығын көріп, Арыстан алыптың жүрегіне ғашықтық оты түсіп, буын-буыны босайды, лақтырған тастары әкесіне жетпей, орта жолда қалып жатады. Бұған ашуланған Алаңғасар алып баласына айқайлап, оған не болғанын сұрайды. Баласы әкесіне Талас жағасынан бір сұлу қызды көріп, оның сұлулығына таң болғанын, сөйтіп, тасты бұрынғыша лақтыра алмай қалғанын айтады. Алаңғасар алып өзінің айтқан сөзіне баласының құлақ қоймағанына, айтқанын орындамағанына қатты ашуланып, оны жазаламақшы болады. Баласы әкесінің қатты ашуланғанын көріп, одан қашады.
Арыстан алып туғаннан қыңыр мінезді екен. Түйме сұлуға ғашықтығынан дертті болып, күннен күнге әлсірей береді. Жүргенде теңселіп, шайқалып, әзер қозғалатын күйге түседі. Бір күні ол қала мен өзеннің аралығында теңселіп тұрады. Арыстан алып қалаға қарай құласа, онда оның сүйегі бірнеше үйді қиратып кететінін көрген қала тұрғындары өзара кеңеседі. Алыптың қыңырлығын білетін қала тұрғындары өзара: «Арыстан алып өзенге құламайды, қалаға құлайды»,-деседі алыпқа естіріп. Мұны естіген алып: «сендердің дегендерің болмайды, менің дегенім болады»,-деп, қалаға емес, өзенге құлайды. Алыптың сүйегі өзен үстіне көпір болып қалады.
АҚЫРТАС. Адам атаның Анық атты бір қызы болған екен. Сол қыздан Әжі алып туыпты.Әжінің бойы өте биік болса керек. Дүниені топан су басқанда, Нұх пайғамбардың кемесін осы Әжі алып сүйреген көрінеді. Сонда топан су оның тізесінен де аспапты, ол аспандағы ақша бұлт оның беліне оралып жүріпті. Әжі алыптың тұсында Талас өзені бойындағы Түймекент деген қалада
Көгершін атты хан тұрыпты. Ханның Түйме атты бір теңдессіз сұлу қызы болыпты. Қызды көрген таң болып, естен танып құлай береді екен. Қыздың сұлулығы туралы естіген Әжі алып Көгершін ханға құда жіберіп Түйме сұлуды әйелдікке сұрайды. Қызына құда түсе келген Әжінің адамдарына хан құрмет көрсетіп, қызын беретінін, бірақ ол үшін Әжі алыптан қалың мал алмай, тастан қамал салып беруді, Талас өзенін сол қамалдың ортасынан ағызуды сұрайтынын айтады. Әжі алып Көгершін ханның шартын қабыл алып, тастан қамал тұрғызуға кірісіп кетеді. Күндердің күнінде Әжі алыптың көзі Талас өзенін жағалап, қамал тұрғызылып жатқан тұстан өтіп бара жатқан Түйме сұлудың салтанатына түседі. Қыздың сұлулығына табынып, есі кеткен Әжі алып жұмыс істеуден қалады, өне бойын діріл билеп, қуаты қашып, естен танып құлап қалады. Есін жиған алып
болған іске қатты өкінеді. Түйме сұлуды жар етіп алмақ түгіл, оның бетіне бір қарауға күші жетпегеніне ұялып, басқа жерге қашып кетеді. Тас қамал құрылысы аяқталмай қалады.
АҚЫРТАС. Ерте заманда Ақыртас қаласының тұрғындарының бастарына зор қауіп төнеді. Елге жау шауып, халық қатты қиналыпты. Есірген жау елдің сұлу қыздарын – күң, бозұландарын құл етуге бет алыпты. Сонда Ақыртастың үлкен-кішісі түгел жиылып, құдайға құлшылық етіп: «Е, жаратқан, мына кәпірлерге пенде еткенше, бізді өзің ал, жаудың оғы өтпейтін, қылышы кеспейтін тасқа айналдыр!»-деп жалбарыныпты. Құдай халықтың тілегін қабыл етіпті. Үй, мал-мүлік, дүние, жүрген-тұрған барша жан тасқа айналыпты.
ТҮЙМЕКЕНТ. Талас өзенінің бойында біздің заманымызға дейін болған қала құландысы, Тараздан солтүстік шығысқа қарай 45 шақырым қашықтықта. Қалада ханның қызы Түйме салтанат құрған. Қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген. Оның сырты терең ормен қоршалып, ор сумен толтырылған. Қамал-қаланың қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, іргесі таспен өрілген. Түйме қыздың қаласының қорғаныс мұнараларымен жалғасқан әр қабырғасы жеті соғыс мұнарасы арқылы бекітілген. Түйме сұлуға көзі түскен жаудың батыры қыз әкесіне құдалыққа елші жібереді. Қыз әкесі бұған келіспейді. Қыз да көнбейді. Жау Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жетпейді. Түйме қыз қаласымен бірге мерт болады.
Сурет 13. Түймекент қалашығы
Қызылқайнартөбе қонысы (I-IV ғғ). Жібек жолы ауылының оңтүстік-батыс шеті, Қызыл Қайнар тау сайының оң жағалауы. Жобасында крест түрінде болып келген, ол төрт жапырақша тәрізді. «Жапыракшалардың» соңғы нүктесінен есептегендегі ара қашыктық – 18 м-ге жуық. Құрылыстың ортасында параллелді екі дәліз іспетті бөлме бар. Олардың да жаппасы иіліп қаланған. Батыс жақтағы
бөлмеде 3 м тереңдіктен бір адам жерленген қабір тазаланды. Мүрде құрылыс тасталынып кеткеннен кейін қойылған. Адам басымен солтүстік-шығысқа қаратылып, арқасымен жатқызылып созылған кейіпте жерленген. Антрополог О.И. Исмағұловтың анықтауы бойынша, қаңқа – араласқан нәсіл типтес (монғолоидтық қоспасы бар еуропоид) 50-55 жастағы ер адам. Қабірден семсер сабының сүйектен жасалған қаптамасы табылды. Жерленген адамның мойнында өрілген алтын алқа бар. Жамбас сүйектің маңайынан темір тілі бар қоладан жасалған белдік басы табылды. Белдіктің өзі банттар түріндегі жұқа қола пластиналармен безендірілген. Сондай-ақ бір жүзді темір қанжар, 8 темір жебе ұшы табылды. Жебе ұштары – үш қанатты, біз құйрықты, ұзындығы – 6,5-7 см. Белдіктен төмен, оң аяғының сүйектеріне параллел темір семсер бар. Сабын есептемегендегі ұзындығы – 74 см. Санының деңгейінен күрделі садақтың сүйек қаптамалары аршылып алынды. Басынан бидай дәніне ұқсас жапсырмалармен әшекейленген диск түріндегі алтын табылды. Қабір 4-5 ғғ. мерзімделінеді. Құрылыстыңөзі шамасы храм болуы мүмкін, 1-4 ғғ. мерзімделінеді. Осыған ұқсас құрылыстар Орта Азиядан, атап айтсақ: Бұқара оазисінің солтүстік- батысында және Ферғанада қазылды. Зерттеушілердің пікірінше, олар еске алу культі ескерткіштеріне және онымен байланысы бар от пен күн культіне біріктірілген ескерткіш. Қызылқайнартөбе қонысынан табылған заттар ҚР FA Ә.Х. Марғұлан атындағы АИ-ның мұражайында сақтаулы.
Кіші Бурыл мұнарасы, 9 – 12 ғғ. Құмжота ауылынан 1,5 км батыста, Кіші Бурыл тауының ең биік жерінде орналасқан.
Бурыл аңызы. Қобыланды батырдың екі тұлпары болыпты. Оның бірі Кіші Бурыл тауының басында, екіншісі Үлкен Бурыл тауының басында бапталған екен. Екі таудың да Бурыл аталуы осыған байланысты. Ілгеріде бұл таулар Кіші Бурылдың тауы және Үлкен Бурылдың тауы деп аталатын болған. Кейін олар Кіші Бурыл тауы және Үлкен Бурыл тауы деп аталып кеткен. Тау басында батырдың тұлпарының жем жеген тас ақырларының қалдықтары бар. Тау тасында батырдың тұлпарының тұяқтарының іздері де сақталған.
Үлкен Бурыл, Кіші Бурыл аңызы. Есім хан қалмақтарға қарсы соғысып, оларды жеңеді. Қайтар жолында қырғыз еліне соғады. Көкім би бастаған қырғыздар Есім ханға үлкен құрмет көрсетеді. Қырғыздардың сыйын көріп көңілі толып жатқан Есім хан елін Ташкентте хан болып тұрған бауыры Тұрсынхан шауып алды деген хабарды естиді. Елін жау алғаны туралы хабар жетісімен, Есім хан жолға шығады. Қырғыздар Есім ханға үш жорық тұлпарын сыйға тартады, қасына қол қосып береді. Сыйға тартылған үш тұлпардың бірі торы айғыр, қалған екеуі бурыл екен. Бурылдардың бірі үлкен екен де, бірі кіші болыпты. Суыт жолға шыққан Есім хан әскерінің жорық жүрісін місе тұтпай, өзі үш тұлпармен алға озып, күні-түні шабады. Есім ханның шабысына шыдай алмаған Торы айғыр қырғыз елінен шыға бере зорығып құлайды. Ол жер кейін Торы айғыр деп аталады. Әулие-атадан өте бергенде, қалған екі бурыл да шалдығады, екі тұлпар екі таудың бауырында қалады. Үлкен бурыл тұлпар құлаған тау Үлкен Бурыл тауы деп, ал кіші бурыл тұлпар қалған тау Кіші Бурыл тауы деп аталып кетеді. (Ж. Дәдебаев. Талас аңыздары. -Алматы, 2000).
Шу ауданы аңыздары. Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Шу ауданы 1931 жылы құрылған. Мойынқұм, Қордай, Меркі, Жамбыл аудандарымен және Қырғызстан Республикасымен шекараласады.
Ғылыми деректерге сүйенсек, біздің жыл санауымыздан бұрын Шу өңірінде Сақ аталған елдің бір бұтағы өмір сүрген. Бесінші ғасырдың орта тұсында Шу өңірі Түрік қағанатының құрамына кіреді. Осы кезде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Ел мал шаруашылығымен бірге, отырықшылдық кәсіпті де игереді. Шу қырғыз және қазақ жеріндегі ана өзендердің бірі. Ұзындығы – 1186 км (Қазақстан аумағында 800 км) Қырғыз Алатауынан бастау алып, Бетпақ шөліне дейін созылып ағатын өзеннің екі жақ бетіндегі кеңістік Шу өңірі аталады.
«Шу өңірінің атауы өзгермеген мекен, бұл жерде кезінде жолбарыс, басқа да түрлі аң-құстар мекен еткен» - дейді ауыл тұрғыны, шежіреші Мұрат Сәлімбаев. Қарияның бұл сөзін төмендегі «Жолбарыс батыр» туралы аңыз растағандай болады.
Жолбарыс батыр. Қарабек мүйізді Өтегеннің он жеті жолдастарының бірі. Бір сапарда Қарабек батыр қалмақтың Ботабек деген ханын өлтіріп үйінен екі қоржынның басы толған жамбы, тай-тұяқ, түрлі асыл заттар алып шығады. Уәде бойынша елдің бәрі, мейлі кім болса ол болсын, тапқан олжаларын көптің ортасына салу керек екен. Алайда, Қарабек батыр ешнәрсе демей, зәрін ішіне тартып жүріп кетіпті. Көпшілік батырдың бұл ісіне риза болмай қалыпты, бірақ ешкім оған батып айта алмапты.
Сонан талай жылдар өтеді. Өзінің қатарлары «өніп-өсіп», көбейіп кеткенде, Қарабекте бала болмайды. Бір күні үлкен бір ас болады. Қарабектің ағайындары Асан, Төле, Қараменде бұлардың барлығы да кедей екен. Іштеріндегі әл-ауқатты, тұрмыстысы тек Қарабек екен. Ас тойда інілері Қарабектен ат мінеді деседі. Қарабекте жылқы көп, бірақ, мінетін баласы жоқ. Әсіресе, жылқы ішіндегі қара қасқа айғырды көріп, інісінің балалары:
Батыр ата-ау, анау қара қасқаны мінейікші, - депті.
Қой, оған жоламаңдар, басқа ат сендерге жетпей ме? – депті Қарабек.
Ата-ау, біз мінбегенде оны қай балаңыз мінеді? – депті біреуі. Сонда Қарабек, қатты қамығып, асқа бармай жатып қалады. Бұл қалай Қарабек асқа келмеді ғой деп, ел-жұрт оны іздейді.
Ас өткен соң қатарлары Айтқұл, Малдыбай, Өтеген, тағы да басқа бір топ адамдар оны іздеп келеді. Келсе, Қарабек төсекте жатыр екен. Қатарлары үйге кіріп аман-саулық сұраса, теріс қарап тұрмапты. Сонда құрбылары:
Ау, Қарабек, көтер басыңды, бата бергелі келдік, - дейді. Құрбылары болған оқығаға қанық болып келсе керек, бір боз қасқаны атап «Аумин» деп қолдарын көтергенде, Бабаның баласы Айтқұл деген кісі бата қылады:
Иә, құдай, Бабаның баласы қылып жаратқаның рас болса, - деп жейдесінің бауын шешіп, - осы Қарабекке қол бастайтын бір ұл бер, той бастайтын бір ұл бер, ар жағы не болса ол болсын. Ботабектен алған олжаны біз де кештік, сен де кеш, - деп қасқаның етін жеп тарасыпты.
Ел аузындағы «Бабаның батасынан» деген осыдан қалыпты. Жыл уағы болмай Қарабектің кіші әйелі жүкті болады. Қуанып «құрсақ той» жасайды. Әйелі жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Қарабек батыр Шудың қалың қамысынан жолбарыс іздеп шығады. Тұла бойын арқанмен шандып тастайды. Қолына найза, шоқпарларын алып жүрмек болғанда әйелі мен де барамын деп қалмай қойыпты.
Қарабек жолбарыстың жүретін жерін, жататын мекенін біледі екен. Өзенді жағалап бір қалың қамысқа жақындағанда, жолбарыс та оны көріп қашпай, қарсы жатып алады. Қарабек батыр әйеліне:
Биыл жолбарыстың туған жылы екен, мынау ұрғашысы күшігін бауырына басып жатыр. Шіркін, арланы қайда болды екен, а? Ол ашулы болады. Сен аулақ жүр, шошып қаларсың, - дейді.
Балалы болса обал болады, - деп әйел батырды жібермейді. Сөйтіп тұрғанда жолбарыстың арланы бір жақтан дәу тананы желкесіне салып келе жатады. Жымына қарай өлген тананы лақтырып тастады да, ырылдап Қарабекке қарайды. Батыр тәуекел деп қарсы жүргенде, әйелі артынан қалмапты.
Сен аулақ жүр, шошынасың! – деп айтса, да әйелі:
Сенен жаным ардақты мА, сонша, - деп ілесе береді.
Ендеше, мына шоқпарды ұста қолыңа, - дейді де, шоқпарды әйеліне беріп, өзі айбалтасын алып қарсы жүреді. Арлан мысықша жүресінен жатып, құйрығын қайшылап, екі көзі оттай жанып шабуға ыңғайланып жатады. Қарабек те көз алмай қадамдай басып жақындай түседі. Артына қараса болды, жолбарыс оны қағып алмақ. Ол бұрылмай қарсы жүре береді. Жақын қалғанда «ар-р-р» деп жолбарыс та атылады. Батыр да ақырады. Екеуі алысып жатыр, алысып жатыр. Жолбарыс Қарабектің денесіндегі шандып тастаған арқанды қарш-қарш шайнап жатқанда, әйелі де шоқпармен шонайдан бар күшімен соғып қалады. Батыр да дәл жүректің тұсынан пышақты ырғап салады. Жолбарыс құлайды. «Бисмиллә» деп батыр арланның ішін жарғанда әйелі қолын салып жіберіп, жүрегін суырып алып, шикідей жеп жіберіпті.
Ай күні жетіп Қарабектің әйелі ұл туады. Атын Жолбарыс қояды. Жолбарыс өсе келе қолбастаған атақты батыр болады. Қазақ тарихында ерекше орын алғанЖоңғар шапқыншылығы мен Қоқан хандығына қарсы соғыста көзге түскен батыр Жолбарыс осылай дүниеге келген. Жолбарыстың соңынан тағы бір ұл келеді. Оның атын Қарабек Кененбай қояды. Ол той бастар атақты ақын, әнші екен. Одан кейінгілері момын шаруалар болады. Жолбарыс батырдың есімі Ораз еліне ұран болған. (Ж.Дәдебаев. Атыңнан айналайын. Тараз тарихы туралы толғаныстар. Алматы, 2002ж.)
Ақтөбе (Баласағұн) қаласы. Баласағұн Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған ортағасырлық қала атауы. Жазба деректерде 10 ғасырдан бастап белгілі. әл-Мақдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз- Орда деген басқа аттары болғанын хабарлайды. Зерттеушілердің пікірінше: 1) Баласағұн алғашқыда (8 ғасыр) түрікше Беклік (Бекелік – бекініс), соғдыша Семекне деп аталған. Баласағұн тұрғындары түркі және соғды тілінде сөйлеген.
Қала 1210 жылы Мұхаммед Хорезмшаһты жеңген қарақытайлықтардың қол астына қарайды. 1218 жылыШыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз беріліп, Ғабалық («Жақсы қала») деп аталады.
Сурет 14. Ақтөбе (Баласағұн) қаласы
Баласағұн қаласының билеушісі жаугершілік заманында қазынасын, бүкіл алтынын 40 есекке артып белгісіз бағытта қаладан шығарып жібергені туралы аңыз, қаланың бай, қуатты болғанын білдрсе керек.
Шу ауданының тұрғыны, шежіреші Мұрат Сәлімбаев өңір туралы ұмыт болып бара жатқан аңыз-әңгімелерді айтып берген болатын:
Итеке батыр туралы. Байзақ датқаны өлтіргеннен 3-4 жылдан кейін, алым- салық төлемей отырған Көкірек руына Қоқан билеушісі 1000 әскерін жіберіп (кейбір деректерде 500 әскер) «Шу өңіріндегі Көкірек руын шауып, тұтқындап, мал-мүлкін тәркілеп әкеліңдер. Бізге қарсы шыққандарын көрейік» - деп бұйырады. Сонда Көкіректің Итеке деген батыры ел ішінен қол жинайды. Қоқандықтардың құмның ішімен келетін жолындағы құдықтарды бекітіп дайындық жүргізеді. Құмды қоян сүйек, саксауылдың сары жігерінен қада қадап, тұзақ құрады. Сөйтіп қоқандықтардың алдынан шығып, жол көрсету үшін хабаршы жібереді. Ол хабаршы қоқандықтардың сеніміне кіріп, әскерді 3 күндей алдап шаршатып құмның ішінде адастырады. Әбден шаршаған қоқандықтарды Итеке бастаған топ қамшымен ұрып өлтіреді.
Байжан батыр. 1855-1860 жылдары Төле би ауылының шығыс беткейінде 2 шақырым жерде Қорғаншы бекінісіне (бұрынғы атауы Старый крепость) жергілікті халықтан зекет жинап қоқандықтардың 150 әскері келеді. Жергілікті халықтан салық жинап, әбден титығына тиген қоқандықтарға қарсы Байжан батыр қол жинап Шу өңірінен қуып шығады.
Садыр би туралы. Сарыүйсіннің Мамбет руынан шыққан Садыр би бір кездері елге өкпелеп Алматы қарай көшіп кетеді. 3-4 жыл өткен соң елге оралып, қазіргі Төле би ауылынан 10 шақырым жерге қоныстанады. Садыр би мешіт соғып, Алматыдан Қарғабай деген молданы алдыртып бала оқыта бастайды. 1870 жылдары Аша болысы құрылып, болыстың биі Садыр би болған деседі.
Қылышбай ақын туралы. Қылышбай шешен адам болған. Бірде, Қылышбай ақын атқосшысымен Әтей деген байдың үйіне қонады. Байдың бойжеткен қызына ақынның атқосшысының көзі түседі. Оны байқаған қыздың шешесі түнде қызды шалының қасына жатқызып, өзі қызының орнына жатады. Түннің бір уақытында әлгі жігіт қызға қырындай бастайды. Қыз орнында жатқан кемпір жігіттің қолын қағып жібереді. Сонымен таң да атып, қайтатын уакыт болып, барлығы қымыз ішіп отырады. Қылышбай ақынға келіп ауылдастар амандасып,
«Қылшеке мынау қасыңдағы баланы танымадық, қай ауылдың баласы» дейді. Сонда Қылышбай ақын былай деп жауап қайтарады: «Тал екен деп тоғайдан жиде кескен бұл жігіт, қыз екен деп кемпірмен жүйделескен бұл жігіт». Өз қылығына ұялған жігіт қызара түседі.
Сауытбек ақын туралы. Сауытбек ақын 1929 жылы (1930ж.) С.Сейфуллинге өлең жазады. Бұл жылдары Сауытбек ақынды кеңес үкіметін қолдамады деп ауылдастары айыптай бастайды.
Қойыпты атымызды алтыбек деп Алтауында алты тай жоқ мінген ерттеп Бағады екі кіші елдің малын
Сонымен күн көреміз ептеп-септеп. Мал бақтырған байлардың атын мініп, Ұялып көпшіліктен жүрміз шеттеп.
Бір анадан туылған алты бек те тіріміз, Үшеуі үлкен менімен, үшеуі кіші ініміз. Мақұл дейді бесеуі ішінде айтса біріміз Аласалау дембелше доғалақ қоңыр түріміз.
Пысықтауы мен едім, желділеу болды тіліміз. Бір құдайға бар шығар айтып кетем ініміз,
61 келгенде, ел ішінде қуғын жеп Осылай болды күніміз.
Үшеуі үлкен болғанда, үшеуі үлкен ағамыз, Екеуі егін айдайды, сонымен азық табамыз. Екі үлкен ауыл бағады, ынтымақты арамыз, Ибасы бар бір жылқы той жйынға барамыз. 117 уақ мал, біріктіріп бағамыз
Қонақ келсе төрт-бес үй
корпе жинап бір үйге мейманға әкеп жабамыз. Қуғын жедім сол үшін, қайтып елге жағамыз
Тартып алды бар малды, шулады қатын-баламыз. Асыра сілтеу мына тұр,
Қырылып қалса аштықтан, адамды қайдан табамыз.
Бар байлығым өлеңім, алдыңа барсын өнерім Бар болса кешір жазамыз.
Үкіметтің заңы ғой,
Бұйырылсақ та атуға, жоғары жаққа шағамыз. Бір атадан он жеті үй,
Естілсе егер жиын-той, домбыра ала шабамыз. Ойын-сауық тамаша,
Ән мен күй қызыққа басынан құмар баламыз.
Сауытбек ақын бұл өлеңді өзінің жиені Смайыл Халифановтан беріп жібереді. Алматыға жеткен С.Халифанов С.Сейфуллиннің қабылдауына кіре алмайды. Амалы таусылған Смайыл хатшы қызға өлеңі жазылған қағазды С.Сейфуллинге беруін өтініп кетіп қалады.
С.Халифановтың С.Сейфуллинге жазған хаты: О Секе әдейі іздеп келдім Шудан,
Адамбыз малды бағып дүние қуған, Әкелдім аманат сөз арнап сізге Болған соң негізіміз бірге туыған Әкелдім нағашымның тапсырмасын Тоқтаттым сізге келіп аттың басын Өлеңді өлеңменен сізге өткіздім
Құрғырды жақтырмасын, жақтырарын. Бұл күнде загатскот қызметім Атқарып үкіметтің бір міндетін
Бір жауап тілдесуге сізге келдім Уақытым жоқ ұзақ мерзім кідіретін.
Хатты оқыған С.Сейфуллин хатшы қызына бұл кісіні шақырып келуін бұйырады. С.Халифанов осылай С.Сейфуллиннің қабылдауында болады. Арада бір жыл өткен соң Сауытбек ақын елмен бірге қырғыз жеріне ауып бара жатқанда Тоқташ деген жерде қайтыс болады.
Сауытбек ақын Ақбөпе деген қызға ғашық болады. Екеуі де ақын, бір- бірімен айтысып, 3 жыл ғашық болып қолы жетпейді. Себебі Ақбөпені айттырып Қордайға алып кетеді. Бірақ кейін екеуі үйенеді.
Шудың төменгі жағында таманың Жүнісбай деген байы 60 жасында ұлды болып той жасайды. Сауытбек ақын сол тойда жүргенде Ақбөпені айттырып алып кетеді. Сауытбек оларды Ұлан жотасында аялдаған жерінде қуып жетеді. Сауытбек пен Ақбөпе қашып кетеді. Бірақ Сауытбекті қасындағы жігіттер райынан қайтарады. Сөйтіп Шу мен Қордайдың шекарасынан кері қайтады. Келе жатып қазіргі Белбасар колхозы маңында ақша елінде бір тойдың үстінен түседі. Тойға келген белді кісілер Сауытбекті танып өнер көрсетуін сұрайды. Сонда Ақбөпеден айрыламын деп әрең отырған Сауытбек былай дейді:
Маған айтқан Ақбөпе сырың қані Айтып жүрген Саукеңнің жыры қані Тұмсығында Ұланның қуып жетіп
Сауытбектің ит болып ұлығаней
Ақбөпеу-оу-оу
Аралтөбе түбінде бес үй отыр Айырылып Ақбөпеден несін отыр Малым болса бір шатақ етер едім Қолымды кедейшілік кесіп отыр. Қалғанымба Ұланның жотасында
Кемшілік боп кедейлік соққаның ба, Жарамадым Бөпенің қолқасына
Қаңғып қалдым далада, қолым жетпей Ашадағы жақсыға сөзім өтпей
Малым жоқ, ақшам да жок, биге берер Ішім күйіп барады-ау жанған өрттей. Ақбөпеу-оу-оу
Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада Күлкі мазақ болдым да, бозбалаға
Кезендің кердең заман кедей үшін Қолда жоқ қайрат-қуат, жол болама Құрттыңба шаруаның қысқалығы Жаз айында киемін қыстағыны Өткен күзде бір қырға шығармақ ем Боп кетті болысымның іштарлығы Болысыма беретін атым да жоқ Биекеме өтетін парқым да жоқ
Бір атаның баласы-ей бәрі кедей
Асаулы сары ауқатты жақын да жоқ Ақбөпеу-еу-еу
Ақбөпе бөрі жеген болдың лақ Айыра алмай Ұланда қайттым жылап Елу қара берді де бай әкетті
Бес қара да таба алмадым басын құрап Ақбөпе торғай болдың жылан сорған Айыра алмай Ұланда қайттым жолдан Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ Не келеді жылағанмен енді қолдан.
Ақбөпеу оу оу
Бір жолықсам Ақбөпе шырағыма Осы даусым жете ме құлағыңа
Шыныменен кеттің бе ақтотым ай Қара құстың түйреліп тырнағына. Шырылдатып қара құс кеттің алып Шеңгелдіңде барасың естен танып Зарымызды зарлаған екеуміздің
Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып Өміріміз жылаумен өтерме екен
Бармағымыз тістеулі кетерме екен Адамзаттың түспеді-ау рахымы Арызымыз Аллаға жетерме екен Ақбөпеу еу еу
Ақбөпеу көремін бе көрмеймін бе
Қайта айналып келемінбе келмеймінбе Бар болса Бөпе сенен немді аяйын
Қырық тұрмақ елуді бермеймін бе Тыңдайтұғын бар болса әділ заман Басты тігіп жолыңда өлмеймінбе
Қош бол Бөпе, Ақбөпе, Алтын Бөпе Жақсы туған жайдары жарқын Бөпе Қыздарын қалың алып малға сатқан Қайтерсің бұл қазақтың салтын Бөпе Үш жыл жүрдім соңында үміт етіп Таппадым еш нәрсенің шартын Бөпе Ақбөпеу еу еу
деп, Ақбөпеден айрылып, осы мұңлы өлең дүниеге келеді.
Асайын кәлпенің ұрпағы Сатыбалды туралы. Сатыбалды кәлпені «Тентек кәлпе» деп те атайтын. ҰОС жылдары Жайпақ деген жерде 20 шақты гектар бидай өртеніп кетеді. «Елдің бәрі аш қалатын болды-ау, соғыс жүріп жатыр» деп ел шулағанда, Сатыбалды кәлпе «Аруақ» деп егістің ортасымен жүріп өтеді. Сонда өрт тоқтапты деген аңыз бар.
Күнти руында Майқанажы деген кісі болған. Оның қабірі қазіргі Жиембет ауылындағы мешіттің түбіндегі темір қорған.
Бір күні қатты науқас болған адамды емдеп беру үшін Майқанажыға Бестерек елінен кісілер келеді. Қос атпен Майқанажыны науқасқа баруын сұрайды. Сонда ол: «Менің шамам келмейді, ол жазылады, бірақ мен өлемін» - депті. Науқасты емдеп қайтып келе жатып ауылына жетпей Майқанажы қайтыс болады. Бұл әңгіменің барлығы М.Сәлімбаевтың айтуы бойынша жазылды.
Шу өңірі туралы ел аузында неше түрлі аңыз бар. Зұлқарнайынмен шайқас туралы аңыз. Ақша батыр Жайсаң жайлауын ішкерілеп ағып жатқан Үңгірлі өзені бойында дүниеге келіпті. Ол – қалың қабақты, қапсағай бойлы, ірі денелі адам болған деседі. Батыр қайыңның безінен қайырып жасалған садағын шірене тартқанда мінген атының бауыры жер сызған. Ал ақ сауытының кіреукесін садақ жебесі сөге алмаған, хорасан болатынан өрілген екен. Батырдың ақ сауыты туралы да аңыз көп. Кейбір деректерде, Ақша ақ сауытты Хорасан жерінен келетін керуеннің саудагерлеріне үйірлі жылқы беріп сатып алған деседі. Ақ сауыттың беріктігі туралы сыбыс қалмақ қонтайшысына жетіп, сауытты қолына түсіру үшін небір айла-шарғыға барған. Қалмақпен болған ұрыстардың бірінде Ақша батырдың інісі Тілеуімбет жау қолына түсіп, зынданға қамалған. Қалмақ қонтайшысы Ақша батырға кісі салып, Тілеуімбетті ақ сауытқа айырбастауға әзір екенін білдіреді. Бұл кезде Ақша батыр қалың қол жинап, бүкіл жасақты төрт қақпаға бірдей салмай, қамалдың сыртындағы негізгі бекініске салған. Батырдың
өзі бастаған жарақты қол қалмақтың қақпасын ойрандап, ішке ентелеп кіріп, жау сарбаздарын қойдай қырады. Жаудың көбі Шу өзеніне батқан деседі. Қалған бөлігі тал қармап, өзеннің арғы бетіне әзер өтіп құтылған. Сөйтіп, батырдың інісі де, аңызға айналған ақ сауыты да өз қолында қалыпты.
Сурет 15. Жайсан – 14 ғұрыптық кешені
Ақша батырдың шетінен батыр атанған алты баласы болған. Алдияр, Шанхан, Күдияр, Жәдігер, Ибалда және Жиенбай. Олардың ішінде жастайынан көзге түскені Жәдігер батыр екен. Жаугершілік заманда қалмақтың жаушылары қазақтарға хабар жіберіп, жақын күнде соғысатындарын айтады. Суық хабар жете салысымен ел ішінде дүрбелең басталып, қарашаның мазасы қашады. Сол кезде 17 жасар Жәдігер жас та болса жағдайды жіті түсініп, «қалмақ батырымен жекпе-жекке шығайын» деп ағаларына қолқа салады. Ағалары қарсылық танытқанымен қиылып болмаған әзер дегенде көнеді. Сонда Жәдігер қыл араластырып, 40 құлаш арқан естіртіп, кіндіктен қолтыққа дейін бес қабат оратып, қолына қысқа сапты найза алып ортада тұрған қалмақтың атақты батыры Ноянды жекпе-жекке шақырғанда, Ноян Жәдігерді жассынып: «Ол менің теңім емес, «Жалақ» деп дыбыс көтеріпті. Бала кезінен ат үстінде ойнаған жас батыр, мығым да иықты болған екен. Атышулы Ноян батырды сауытының ашық жерінен үш рет түйреп лақтырғанда найзаның сабы сынып, ұшы денеге кіріп кеткендіктен қалмақ батыры ат үстінен ауып түсіпті. Осылайша, жаудың жалауы жығылып, 17 жасар Жәдігер батыр атанған. Ел билерінен ерлігі үшін 300 қой, 2 үйір жылқы алып, елге оралыпты. Одан кейін де қалмақтар мен барымташы қырғыздарға қарсы небір ұрыстарда батырлығымен көзге түскен деседі.
Алашаханның жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті. Қатты қапаланған әрі мейлінше ашуланған хан, құлан біткенді қыруға бұйырады. Кімде-кім оларды қырып бітірсе соған ғажайып көп сыйлық пен ең сұлу кіші қызын бермекші болады. Домбылақ деген батыр ханның тілегін орындаймын деп уәде береді. Өзінің Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да қоймай бейшараларды қырады. Ақырында бес-ақ құлан қалады. Олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Осы құландардың Шудан өткен жерін Бесқұлан деп атайды. Құмға қуып шыққан батырдың аттарының жете алмай зорығып өлген жерлерін Иней, Қабан деп атапты. Ханның қызын алам деп құмның арасында қаңғып өлген Домбылақ батырдың моласы деп қазақтар Шудың теріскей жағындағы моланы көрсетеді... Расында да бұл мола тым көне... Оған сенуге болады...
Шу өзеніндегі өткелдер мен төбелердің атауларының шығу тарихы мен қазақ жеріндегі құландардың қырылуы жайлы осындай да аңыз бар...
Төле би Әлібекұлы ескерткіші. Төле би ескерткіші 1993 жылы Шу ауданының Төле би ауылында орнатылды. Төле би Әлібекұлы (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты би, мемлекет қайраткері. Ол Қазыбек және Әйтеке билермен бірлесе отырып, Ұлы Даланың қатал заңын бір жүйеге келтіріп, оны жаңа жағдайдағы тіршілікке сәйкес бай мазмұн мен түр беріп қайта түзді. «Жеті жарғы» атанған түзілген құжатта ертеден келе жатқан дала демократиясы ескеріліп, жаңаша көзқараста жер мен жесір дауы, құн мәселесі, т.б. әділ шешімін тапты.
Баймырзаұлы Балуан Шолақ (1864-1916) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны.
Балуан Шолақ Шу өңірінде болған сапарында көтерген салмағы 1050 кг. тартатын тас бүгінде аудандық тарихи өлкетану мұражайының алдына қойылған. Сондай-ақ, Далақайнар өңіріндегі өзі аршыған тұнба әлі күнге дейін «Балуан Шолақ бұлағы» аталып келеді.
1879 жылы Баймырза Үйсін ауылының тұрғындарымен бірге жыл сайын жазда Шортан өзенінің жағасында өтетін жәрмеңкеге дайындалады. Тері, жүн тиелген арба аулада дайын тұрады. Бірақ жолға шығатын күні Баймырза сырқаттанып қалады. Ол базарға ересек ұлы Төлеубайды жібермек болады, бірақ ол ауылына оралып үлгермейді де, сөйтіп қалаға жас Нұрмағамбет баратын болады.
Бойы орташа, бірақ кең иықты он бес жасар бозбала сырт киімі болмағандықтан әкесінің тонын киеді. Ол базарға туысы Мұқашпен бірге жіберіледі және оның қолына үйге қажетті тұрмыстық заттар алу үшін біррубль ұстатылады.
Таудың етегінде өтіп жатқан қанды базар Нұрмағамбетті таң қалдырады. Барлық жерде қызған сауда, айқайлаған делдалдар. Кенеттен Нұрмағамбеттің назарын айнала тұрған бір топ адам аударады. Қызық көргісі келген ол сол топқа жақындайды. Сөйтсе, онда бір пысық адам адамдарды шақырып, өзі ертіп келген балуанмен күресуге шақырып жатыр екен. Бәске бір рубль тігілуі керек, ол
ақшаны жеңген адам алатын болады. Әрине, оңай табысқа батқысы келгендер жеткілікті, бірақ балуанды жеңген ешкім болмайды.
Нұрмағамбет өз күшін сынап көрмек болады. Әлгі орыс балуан алғашында оны баласынып назар да салмайды. Бірақ тым белсенді бозбаланы бір қорқытып алғысы келген әлгі балуанның «келсең, кел» деген сөзінен кейін ол алға ұмтылады. Бірақ үстіне киген тонның етегіне аяғы шалынып, балуанның тура алдына барып құлайды. Туысы Мұқаш әлгі үйдегілер берген рублдіорыс балуанның қолына ұстатқаннан басқа амалы қалмайды, және Нұрмағамбетті бір сыбап алады.
Түнде Нұрмағамбет дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Ол орыс балуанын жеңе алатынын дәлелдегісі келеді. Таңертең тұра салып, Нұрмағамбет алаңға, әлгі балуанға тартады. Бозбаланы мұқатқысы келген балуан бәске бір теңге емес, сегіз теңге тігуді ұсынады. Ол кезде мұндай ақшаға сегіз қой алуға болатын. Мұқаштың айқайына құлақ аспаған Нұрмағамбет шапанын шешеді, күресуге бел буады. Бұл жолы балуандың алдына жүгіріп барады да, белінен ұстап, жерге алып ұрады. Мұндай қызықты көрген көрермендер шапанның үстіне ақша тастай бастайды. Теңгелерді жинап алған соң ол, кешегі ұтылған бір теңгені Мұқашқа қайтарады, сегіз теңгені санап алып, туыстарына сыйлықтар сатып алады. Ал қалған ақшаны ол кедей-кепшіктерге үлестіріп береді. Сол жылы базарға келген халықтың арқасында Балуан Шолақтың ерлігі алысқа тарайды.
Он төрт жасында күреске түскен Балуан Шолақ бірақ күреспен кәсіби айналыспайды. Ол салдық құрып, төңірегіне өнерлі жастарды жинаған. Көкшетау қаласында өткен бір үлкен жиында 51 пұт (830 кг тарта) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 жылы 35 жасында орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған.
Мойынқұм ауданының тарихи аңыздары. Мойынқұм ауданы бұрынғы Көктерек ауданының аумағында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысына сәйкес 1964 жылы 31-ші желтоқсанда құрылды. Ол кезде аудан орталығы Фурмановка ауылы деп аталды.
Мойынқұм ауданы облыс территориясының 42 пайызын алып жатыр,яғни жер көлемі бойынша облыста бірінші орында,ал халқының саны жағынан сегізінші орында. Аудан территориясының көлемі Батыс Европадағы Голландия, Бельгия, Люксембург және Манако сияқты майда мемлекеттердің жерімен тең деуге болады.
Осынау үлкен территорияны алып жатқан өлкенің тарихы да бай екені сөзсіз. Әулиеатаның Шу аңғары мен Мойынқұм аймағын байланыстырып жатқан Қозыбасы деген жер бар. Тарихи деректер бойынша, мұнда Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген. Керей мен Жәнібек хандарға қоныс болған құтты мекен. Ал ел аузындағы аңыз бойынша, бұл жердің Қозыбасы аталуының тарихы былай екен. Ерте заманда хандар таққа отырғанда хан қарауындағы қалың жұрт жабыла қозы сойып, топтанып отырып етін жейтін болыпты. Сөйтіп қозының басы үйілген жер Қозыбасы аталып кетіпті дейді. Ал екінші бір аңыздарда аталған шоқы қозының басына ұқсағандықтан Қозыбасы аталып кеткен деген деректер бар. Жалпы, тарихи зерттеулер бойынша Жетісу өңірінде
бірнеше Қозыбасы бар. Алайда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған жері ретінде Шу бойындағы Қозыбасы жері айтылады. Яғни бұл жер кезінде Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір болған. Сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаев «Сұраншы батыр» дастанында Қордай асуында, Мойынқұм ауданындағы Хантау іргесінде және Іле Алатауының солтүстік-батысында Қозыбасы деген шоқының бар екенін жырға қосады. Ал Махмуд ибн Уәли, Шах Махмуд Шорақ Бабырдың де- ректерінше, Шу бойы мен Қозыбасы аралығындағы жерлер Моғолстанның батыстағы қақпасы рөлінде болған деседі. Бұл қақпаның солтүстігінде Балқаш көлі болған да, оңтүстігінде таулар орналасқан. Тарих бойынша, ХV ғасырдағы қалыптасқан саяси жағдайда Есен-Бұға хан солтүстік-батысында Әбілқайыр ханмен, оңтүстік-батысында Әбу Сайдпен қарсылас болды. Сондықтан Дешті Қыпшақтан және Мауреннахрдан Моғолстанға жасалатын жорықтар тек осы қақпа арқылы өтетінін тарихшылар жазады. Ал Дулати еңбегінде Есен-Бұға хан осы өңірге Керей мен Жәнібекті орналастыру арқылы өзін батыстан қорғағаны айтылады. Қазақтың қасиет тұнған қай қиыры да қастерлі. Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген аймақ, бүгінгі егемен еліміздің негізі қаланған өңір – ұлт тарихындағы өшпес белгі. Кезінде ұлт тағдыры сынға түскен кезеңде де қазақты қасіреттен қорғап, қайғыдан арашалаған елдің қасиеті мен жердің киесі.
Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан мекендегенін тарих растайды. Бұл өңір ол кездері құландардың мекені болған деседі. Бірде Жошы ханның еріккен баласы қасында адамдары бар аңға шығады. Аңшылар сай-саймен бөлініп кеткенде хан баласы бір топ құланның үстінен түседі. Топтың ішіндегі құланның жасамысы баланың жасаған айбарына қарамай (құландардың күйлеп жүрген кезі болса керек, қызғаныш туғызыпты) ат үстінен баланы шайнап, жұлып алып таптап, тепкілеп өлтіреді. Хан қаһарына мініп құлан біткенді қырамын деп ор қазып құландарды қамаған жер, құланды қырған ор
«Ханның оры» атанады. Олардың сілемдері әлі жатыр. Аңыз әңгімелерде осы оқиғаға байланысты «Ақсақ құлан» күйін ХІІІ ғасырда өткен, атақты күйші Ершедегей деген адам шығарған екен. Қырылған құландардың сүйегі тау-тау болып үйілген жерді кейін Ақсүйек деп атайды.
Ақбақай туралы аңыз. Ат қою жағынан қазекең ешкімнен, ешқандай жұрттан ақыл сұрай қоймаған. Бауыр ет баласы түгіл, астындағы атымен қолындағы құсына, жетегіндегі итіне дейін айтуға жеңіл, құлаққа жағымды естілетін ойнақы сөзбен атайды. Қыстауы мен жайлауына, тау-төбе мен сай- саласына қойған аты сол жердің бет-бедеріне дөп келеді, түр-түсін, ауасының ау- жайын айтпай-ақ әйгілеп тұрады. Жаңа туған нәрестеге халқымыз көп ретте батыр бағландардың, елі үшін еңіреген ерлердің, атақты адамдардың есімін берген. Сол арқылы ұланымыздың өркені өсіп, өресі биік, өрісі кең болуына ұлы әруақтың шапағаты тисін деген ізгі тілегін білдірген. Ал жер-суға көбіне ұрпаққа ұран, ерлік пен елдікке ұйытқы болған ардақты адамдардың аттарын берген. Жер аттары кейде ел басынан өткерген тарихи оқиғаларға да орайластырып қойылады. «Хан тағы», «Аңырақай» деген тәрізді жер аттары соның айғағы. Демек,ат қоя білу үлкен өнер. Атына қарап жердің затын сыр-сияпатын
бағамдауға болады. Содан болар сырт адам жер-судың, ауыл-аймақтың өзге тірлігінен бұрын, әуелі аты-жөнін сұрайды. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, құлаққа сүйкімді естілетін шуақты да шұрайлы сөзбен аталатын адам есімін, жердің атын естігендер ілкіде елең ете қалады. Дүбек кен табылған жердің ежелгі атын қаламады. Алтыны арқылы атағы алысқа кеткелі тұрған аймақтағы жер-су аттарын өз құрсағынан шыққан қазыналы атыраптың бойына шақ көрмеді. Содан ел тарихымен бірге жасап келе жатқан атауларға бет бұрды. Ұлтымыздың рухани-мәдени мұрасының кең жайлауын кезіп жүріп Дүбек «Ақбақай» дейтін
«Тұлпарға» шалма тастады. Шынында тұлпарбекті жылқының аты халқымызбен бірге жасап келе жатқан ең озық әннің бірі «Ақбақай». Мұндағы жалындаған жастың сері көңілі мен ақылына ажары сай аруға іңкәр сезімі тыңдаушыны еркінен тыс бір тылсым күшпен селт еткізеді. Еріксіз ойға батырып, адамды парасат пен кісілік қасиетке ұйытып, ар мен ұяттың алдында тізе бүгуге мәжбүр етеді. Сонымен бірге бұл әнмен Ақбақай дейтін тұлпар текті жануардың жүрісінің өзі көңілге әдемі әуенінің иірімді ырғағын үйіріп тұрғандай сезінесің. Сондай-ақ «Ақбақай» деп аталатын осы асқақ ән.
Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған, Қайраты қаһарланса құрыштаған.
Үш жүздің бар батырын ұйыстырып,
Маңына қас дұшпанын жуытпағаған! - деп сипатталатын халқымыздың біртуар қаһарманын Абылай ханның «Дарабозын» еріксіз еске түсіреді. Өйткені Қабанбай жарықтықтың кезінде Ақбақай дейтін аты болғанын ел күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Демек, Ақбақай Ақан серінің Құлагері секілді тарихи әрі әруақты адамның тұлпары болуға тиіс. Ендеше аталмыш әндегі ат еліміздің іргелі тарихынан хабардар етеді, ал алтын бақ пен дәулеттің киесіндей болып көрінеді. Дүбек Шошақтың шөлінен өзі тапқан кен орнына әйгілі әнге ұқсап ел жүрегінен өшпестей орын алсын дегендей таза тілек, ұлы үмітпен Ақбақай деп ат қойды. Бұл 1970 жылдың қоңыр күзі болатын.
Аңырақай шайқасы туралы. Тарихтағы атақты Аңырақай шайқасы Мойынқұм жерінде өткен. Аңырақай шайқасы 1729 жылы жаз айында басталып 44 күнге созылған. 1776 жылы жазылған «Қазақ тарихы» Аңырақай шайқасы басталардан Аңырақтың елшісі келеді. Сол кезде қалмақтардың 25 мың қолы Хан тауында бекініп дайындалып жатқан. Қазақтардың 29 мың қолы Шу бойында жатты дейді. Сонымен 29 мың қолмен Хан тауындағы қалмақтардың 25 мың қолына аттанған. Келесі күні Хан тауында соғыс басталды. Ортаға «жекпе- жек» деп Аңырақ батырдың өзі шықты. Қазақтар жағынан Сатай бидің баласы Бөлек батыр шығады. Бөлек батыр біраз айқастан кейін Аңырақтың сол жағынан шоқпармен желкесінен ұрып құлатады. Кейін Хан тауындағы Аңырақай өлген жер деп жүріп Аңырақай атанып кеткен дейді.
Андасай жайындағы аңыз. Ол - Бетпақдала бесігі, Сарыарқаның есігі. Бетпақдала мен Мойынқұмның қиылысар тұсында Андасай атты қорғалым (заказник) бар. Бұл табиғаты әсем, қолат-қолат сайлары аң-құсқа бай тарихи жер. Осыдан екі жарым ғасыр бұрынғы Ақтабан шұбырынды тұсында мұнда Андас атты сері де пері саятшы жігіт өмір сүрген екен. Жамбыл тауының етегіндегі дүбірлі бір жиында баған басындағы жамбыны атып түсіріп ел аузына іліккен
сол нар қасқа азамат жонғар шапқыншылығында ерлікпен қаза табады да, ол оққа ұшқан жер оның есімімен байланыстырыла Андасай деп аталған.
Андасай қорғалымы туралы аңыз . Ертеде Андас Арғын ішіндегі Кәрсон руынан шыққан атақты бай әулие болған. Андас қайтыс болғанда Жамбыл тауының батыс жағындағы бір сағаға жерленеді. Андас әулиенің басына өрнектелген жақсы күмбез тұрғызылады. Кейін бұл сай Андас сайы деп аталып кетеді. Ол кезде бұл өңірде уақытша қырғыздар тұрған. Қырғыз манабы Орман хан сол күмбезді талқандап бұзып ешқандай белгі қалдырмай жермен жексен етеді. Ондағы ойы қазақтың халі нашарлап тұрғанда Шудың сол жақ бетіндегі жерлерін басып алуды көздейді. 1968 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысымен 1 млн. гектардан астам жерімен бұл өңір қорық болып жарияланды. Қорықтың аты Андас әулиенің атымен «Андасай қорығы» деп аталды.
Қозыбасы тауы туралы аңыз. Ертеде хандар таққа отырғанда оның қарауындағы қалың жұрт кезекпен жабыла қозы сойып, топтанып тамаша үстінде етін жейді екен. Сөйтіп қозының бас сүйегі, басы үйіліп қалады екен. Содан бастап бұл жеке тау Қозыбасы аталған екен.
Желтау туралы аңыз. Мойынқұм ауданы Ақбақай Бетпақдаланың Мойынқұммен қойындасып, Арқамен жанасатын тұсында жатыр. Балқаштың Алматыдан, Тараздан бірдей қашықтықта 500 шақырымдай жерде тұр. Демек Ақбақай арқа, Жетісу, Бетпақ үшеуінің кіндігі. Осынау үш өлкенің бойындағы барша қасиеттер кіндігіне келіп қиысып, Ақбақайда тоғысып тұрғандай көрінеді. Сондықтанда Ақбақайдың ауасы басқа жердікінен бөлекшелеу болып келеді. Арқаның ақырған аязын, құмның аптап ыстығын, оңтүстіктен құтырған желін осы жерден табасың. Сондықтан Ақбақайдың аспанында ұшқан құстың қанаты күйеді, жерінде жортқан аңның тұяғы тозады. Шөлінде жортуылдаған жолаушы қақырығы түтеп қалады. Өйткені ұлан-ғайыр даланы қалай шарласаң да тамақ жібітер су таппайсың. Жаздың шіліңгір ыстығында жер өз-өзінен түтіндеп тұрады. Тау-төбе, қырқа қыраттарда өрт шалғандай қара қошқылданып, тұнжырай түнеріп тұрады. Тау-тастан шашырай лапылдаған ыстық леп бет шарпиды. Ал дауыл дегенің Ақбақайдың үйреншікті «ауруына» айналған. Құдайдың құтты күні ызыңдайды да тұрады. Сондықтан осы атырапты бұрынғы бабаларымыз «Желтау» деп атапты.
Қызылжартас аталуы туралы аңыз. Ақбақай кентінен он бес шақырымдай жердегі өзекшенің бойында жатыр. Өзекшенің бер жағы жалпақ жазыққа ұласып, арғы жағалауы қызыл-қоңыр жартаспен көмкерілген. Жартас қынамен боялғандай, қызыл шырайымен сонадайдан көз суыра қылаңдап, кейде сағым орана сылаң қағып тұрады. Содан болар, жартас сонау Ақбақайдың қоңыр қырат- қырқалы биігінен бері құлаған заматта құдды қолдан қалаған қабырға кейпінде қылаң беріп қалады. Ал өзекшенің жартаспен жапсарласқан тұсынан шымырлап ағатын бастау суы жартастың түбіне келіп қайырлайды. Тауды тіліп, тасты жарып шыққан тұнба суы тұнық та мөлдір қалыбын бір бұзбайды, ақырған аязы да қатпайды, аптап ыстықта суалмайды. Қашан көрсең де бұл жердің суы өзекшенің табанын қуалай жылжып келіп, жартастың жылға-жықпылына сынаптай жылтырай сіңіп жатады. Сол судың арқасында өзекшенің өн бойы көк қияғы түбінде тусырылған аппақ шидің шоғырымен өріліп тұрады. Бұл жердің Қызылжартас аталу себебін өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінің қанды оқиғаларынан да іздеуге болады.
Ақбақайдың арғы бетіндегі Көшкінбай сайындағы жарғабақтың түбінде де бір тұма бар. Бірақ жердің қалың қыртысынан қайнап шығып жататын судың көзі көп ретте өз-өзінен жоғалып кетеді. Соның салдарынан бұл сайдың «құйқасы» жұқалтыңдау болып келеді. Қоры мардымсыз болғандықтан ол жердің тұщы да тұма суы көп жұрттың қаперіне кіре де бермейді. Шөл-шөлейттің кепкен тандырын жібіте алмаса да, бұл тұма суы жүргіншінің кеберсіген ерніне жағуға жетіп жатыр. Содан болар, осы тұманы құдайым Бетпақтың безбүйрек тірлігіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы болса да шарапатын тигізбек болып жаратқандай сезініп те қаласың. Ал осы екі тұманың, Қызылжартас пен Көшкінбай сайындағы судың Ақбақайдың екі жағында шығыс пен батысында әрі ауылдан бірдей қашықтықта жатуы еріксіз ойға қалдырады. Кеңгір - көне сөз, біздің қазіргі тілдің қалыбына салсақ – «арналы», «өте кең» деген ұғымды білдіреді. Ал Ақбақайдан он бес шақырымдай қашықтықтағы Кеңгір деген жайдақ жазық пен өзектің қиысқан тұсындағы тар қолтыққа сұғына еніп жатыр. Демек, бұл жердің аты затына кереғар қойылғандай болып тұрады. Сондай-ақ осы атыраптағы Тараңғыл деген сайдың аты да жердің бет-бедеріне мүлдем кереғар келіп тұр. Өйткені Тараңғыл деген тал-теректің бір тегіне жатады. Алайда Ақбақайдан он шақырымдай жердегі Тараңғыл сайынан тал түгіл, тіс шұқырлық ши де таппайсың.Тұлпарсаз деген жер - Хантау, Жамбыл, Байғара тауларына дейін созылып жатқан көгалды жазық дала. Кезінде мұнда ат бауырынан келетін шалғын болған екен.
Хантауы бөктерінде Сұңқар шыңының етегінде орналасқан Биназар кесенесі орналасқан.
Сурет 16. Биназар батыр кесенесі.
Биназар батыр әрі би болған, ол осы жерге қазіргі ОҚО Түлкібас жерінен қоныс аударған Көкірек руын отырықшылыққа үйретіп су арнасын қаздырған. Сол су арнасы әлі күнге дейін қолданыста дейді.
Кесене батыр көз жұмған жерде, бейітінің үстіне тұрғызылған. Аңыз бойынша Биназар батыр жер дауын шешу кезінде у беріп өлтірілген. Батыр әрі би болған Биназар тамаққа у қосылғанын біле тұра оны қабылдаған. Сондағы көздеген мақсаты жер дауына нүкте қою. Қайтар жолда Биназар батырдың халі нашарлап (у ішкеннен) қайтыс болады. Батыр бақилық болар алдында қай жерде аттан түсіп жан тапсырар болсам сол жер екі ру арасындағы шекара болсын деп ниет білдіреді. Міне осы оқиғадан кейін жер дауы шешіліп бейбіт өмір орнаған деседі.
Ел арасында Биназардың батырлығы, шешендігі туралы түрлі аңыздар бар. Биназар батыр туралы аңыз. Бірде Биназар мен Бөлтірік жолға шығады. ойлары ел тыныштығын байқау екен. Содан бір бұлақтың басына келіп ат шалдырады. Алаңсыз жатқан екеуін түнде аңдаусызда жеті адам байлап- матап алады. олар сәлден соң: «ал, енді, өлең айтыңдар!» деп мазақ етеді. Сонда Бөлтірік шешен: «Сендер жетеусіңдер, біз екеуміз, екі шалды байлап қойып өлең айт дегендеріңе жол болсын. Несіне қорқасыңдар, қолды босатыңдар, өлеңді содан кейін айтайық»,—дейді. Шынында неден қорқамыз дегендей әлгілер
бұлардың қолын босатады. Сол кезде Биназар батыр:
— Астымдағы мінгенім Айторы еді, Екеу ара өлеңді айтар едік.
осылардың төртеуін мен ұстасам,
Ер Бөлтірік үшеуін қайтер еді? — деп төртеуін қапсыра бас салғанда, Бөлтірік батыр қалған үш жігітті тырп еткізбепті. Екі батыр енді әлгілердің өздерін байлап тастайды. Бірақ, артынан өздерінің аты-жөнін айтпастан босатып жібереді. олар Ағыбай батырдың ауылынан екен. Болған жайды естіген Ақжолтай Ағыбай батыр: «Е, сендердің айтып тұрғандарың Биназар мен Бөлтірік болды ғой, мұндай ерлік екеуінен басқа ешкімнің қолынан келе қоймайды»,— деген екен.
Биназар би туралы аңыз. Қазақ жерінің оңтүстік бөлігінде Қоқан хандығының билігі жүріп тұрған кезі ғой. Бірде қоқандықтардың кезекті шабуылына Сыпатай батыр Дулаттың Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр ұлдары ұрпақтарының басын қосып, қарсы тұрады. Сол кездегі ұрыс салты бойынша екі жақтың батырлары жекпе-жекке шығып, күш сынасатын болған. Қоқандық дүлей күштің иесіне қазақтан бірінен соң бірі шыққан екі-үш батыры төтеп бере алмай, ат жалын құша құлайды. Сонда қаны қарайған, мұндай сынның неше атасын көрген Сыпатай батыр қоқанның батырымен жекпе-жекке өзі шықпаққа оқталғанда ақылгөй қариялар жағы қарсы болып: «Сыпатай, қолбасшы тек қолбасшымен ғана жекпе-жекке шығуы тиіс» деп тоқтатады. Осы кезде ұрысқа бірінші кіргелі тұрған, манадан бері жау батырының қимылын жіті бақылап, екі көзі шоқтай жайнаған бір жас жігіт атына қамшыны басып-басып жіберіп, топ ішінен ытырыла суырылып шығыпты. Келе Сыпатайға «Батыр аға, батаңызды беріңіз» деп саңқ етеді. Жас жігіттің жүректілігіне тәнті болған батыр «Әруақ қолдасын, жауға дес берме» деп бетін сипайды. Сол сол-ақ екен, жігіт «Биназар, Биназар!» деп ұрандай жауға қарсы шаба жөнеледі. Ер қасына ілулі найзасын алып, жаудың жүрек тұсына тақай кезеп, оны әп-сәтте ат үстінен аударып
түсіреді. Оның осы жекпе-жекте қоқанның бір емес, үш батырын найза ұшына байлауы дем беріп, қалың дулаттар қолы шабуылға бастаған Сыпатай даусы естілісімен, алға қарай лап қойған екен.
Шайқас жеңіспен аяқталғаннан соң Сыпатай жас батырды алдына шақыртып «Өзіңді бұрын-соңды көрмеген едім, қай баласың?» деп сұрайды.
– Шымырдың Шынболат баласынан тарайтын көкірек руынанмын, аға. Әкемнің азан шақырып қойған аты Биназар, – дейді жігіт іркілмей.-Жасың нешеде?-Он жетідемін, батыр аға.-Шымырдың көкірегі болсаң еліңнің жастүлек қыраны, руыңның ұраны бол!-, деп жігітке батыр ақ батасын береді. Биназардың Сыпатай батыр туралы сырттай естігені болмаса, бұрын бетпе-бет кездеспеген еді. Осы шайқастан кейін Биназардың есімі ел арасында тарап кетеді.
Биназар батыр туралы әңгіме. Шу бойына қоқандықтардың билігі таралған- ды. Бірде осы өңірді басқаруға жіберілген Дуашы деген әмірші қарамағындағыларға «Биназарды алдыма келтіріңдер» деп бұйырады. Ұзамай сол шақырту бойынша жеткен Биназар кіріп келгенде, жайбарақат отырған Дуашы орнынан қалай тұрып кеткенін байқамай қалады. Онысы аз болғандай, батырға қалбалақтай қызмет көрсетіп:-Батыр, біздің тарапымыздан біраз білместік кетті, айып көрмеңіз, – деп бәйек бола кетеді. Батыр аз-кем әңгімелесіп
«Қоқан-лоққыларың көбейіп кеткені рас. Бірақ, шыли басына берме!» деп сес көрсете шығып жүре береді. Ол кетісімен қасында отырғандар «Әмірші мырза, Биназар үйге кіріп келгенде орныңыздан атып тұра келгеніңіз не, не болды сонша?» деп сұрағанда Дуашы «Соны өзім де білмей қалдым, екі иығында екі арыстаны бар екен, соны көрдім. Тек батыр емес, әруақты кісі көрінеді. Оны өзім де іштей сезетінмін. Сендердің сөздеріңе ілесіп нем бар, бір ажалдан қалдым» депті. Иә, бұл да батырдың бойында бар ерекше қасиеттердің бірі ғана еді.
Биназар би туралы әңгіме. Бұл оқиға шілде айының орта шенінде болған секілді. Өйткені, жұрт Сұңқар тауының етегіндегі кең өзекте шөп шауып жатыпты. Биназар батыр мен Жайлыбек болыс осы маңда жүр екен. Байболат болыс шөпшілерінің шабындығы да жақын жерде болса керек. Бірде оның шабарманы келіп: «Сіздерді болыс ағам ерулікке шақырып жатыр», – дейді.
«Батыр аңғал» деген осы емес пе, «Жарайды, барсақ барайық», – депті Биназар сөзге келместен. Көршілерінің ойда жоқта меймандостық танытуынан секемденген Жайлыбек: «Батыр аға, осымыз қалай болар екен», – деп қалады. Бірақ, батыр «Бармағаны несі, астан үлкен дәм жоқ, өткендегі өкпе-ренішті ұмытқанымызға біраз болды ғой», – деп көнбейді. «Әй, қайдам, ішім бір нәрсені сезетіндей», –деп сөзінің соңын жұтып қалған Жайлыбек ағасының соңынан үнсіз ереді.
Болыс меймандарын үйден шығып қарсы алып, айрықша ілтипат танытып, екеуін бірден төрге оздырады. Дастарханға ас келгенде бас пен жамбасты Жайлыбектің алдына қоя берген жігітке «Жайлыбек қанша жерден болыс болғанмен, ата салтты бұзуға болмайды. Бас пен жамбасты батырдың алдына, ал мына сүбе салған табақты Жайлыбектің алдына тарт», – деп Байболат жекіріп тастайды. Даяшы болыстың айтқанын екі етпейді. Дәл осы жерде манадан бері үнсіз отырған Биназар әлденеден секем алып, өңі бір бозарып, бір қызарыпты. Мұны Байболаттың әйелі Ұмсынай сезіп, қипақтап кетеді. Биназар өз алдындағы табақты Жайлыбекке ұсынып: «Жайлыбек жас та болса ел ағасы ғой. Бас пен
жамбасты саған ұсынайын», – деп оған тартылған табақты өз алдына қойып, пышақпен еттен бір-екі кесіп кертіп жейді. Тамақ желініп болған соң бата жасалады. Сонда орнынан тұра берген Биназар Жайлыбекке: «Ауылға тез жетейікші» депті. Сұңқардағы ауылға жеткенше біраз жер. Көпке дейін сыр бермеген батыр ауылға жақындағанда қатты қинала бастайды. Маңдайынан аққан тер бетін жуып кетеді. Одан арыға шыдай алмайтынын сезінген ол Жайлыбекке ымдап «Аттан түсір» дегендей белгі береді.
– Шырағым, Жайлыбек, алдыңа қойған асты өз алдыма алған себебім, ол табақтың тегін тартылмағанын сезіндім. «Жақсыдан –шарапат, жаманнан – кесапат» деген ата сөзі бар. Байболат пасықтығын әлі қоймаған екен. Бірақ, ол үшін екі ел бүлінбесін, айтыс-тартыс болмасын. «Имансыздықтың арты даулы», менің кегімді қуып жүрме, тағдырдың жазуы солай шығар. Сүйегімді Сұңқардың сайына қоярсыңдар, жатқан жерім екі елдің шекарасы болсын. Ал енді, еліңе ие бол, қайыр қош, – деп көзін жұмыпты есіл ер.
Оңғарбай би туралы аңыз. Алыпбайұлы Мұқатайдың айтуынша Оңғарбай би болған, оның әкесі Айтбай Жуалы жерінде Қоқандықтарға қарсы соғыстарда жүзбасы болған. Қоқандықтардан қысым көрген Оңғарбайдың елі Мойынқұм жеріне қоныс аударады. Оңғарбай би Кенесарының соңғы жорығына қатысып, қырғыздарға тұтқынға түсінеді. Тұтқынға түскен Алыбай деген байдың ауылында Бұхара медресесінде білім алған Оңғарбай бала оқытып, алғырлық танытып байға ұнай бастайды. Алыбай Оңғарбайға бала болуын ұсынады. Бірақ ол ауылына қайту ниеті бар екенін айтып келісімін бермейді.
Сурет 17. Оңғарбай би мазары
Бай қулыққа көшіп Оңғарбайға өзінің қызына үйленіп, бар байлыққа ие болуды ұсынады. Оңғарбай оған да қарсы болады. Амалы таусылған бай Оңғарбайға ат мінгізіп ауылына аттандырады. Елге оралған ол молдалық жасап бала оқытып, елді отырықшылыққа үйретіп, тоған қаздырады. Оңғарбай Қылышбай ақынға ұстаздық етіп, оның Бұхарада оқуына ықпал жасайды.
Бұл әңгімені Оңғарбайдың тікелей ұрпағы Алыпбайұлы Мұқатай баяндап берді.
Экспедиция жұмысы барысында Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мұханбетқұл Сабыровтың «Жұман болыс туралы не білеміз?» атты материалы қолымызға түсті. Онда мына төмендегідей әңгіме баяндалған:
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан өткен небір қасірет- қиындықтарға кәрі тарихымыз куә. Айта берсе, әңгімемізге арқау болар оқиғалар жетерлік. Ұзаққа созылған жоңғарлармен соғыс, одан кейінгі Қоқан хандығының қорлығы мен зорлығы, орыс отаршылдарының озбырлығы, кеңестік кезеңдегі саяси дүрбелеңдер, қолдан жасалған ашаршылық, зорлап ұжымдастыру, қуғын- сүргін, қазақтың қаймағы саналған ұлт зиялыларын, бай-бағландарымызды қудалау, жер аудару, ату-асу, Ұлы Отан соғысы сияқты зобалаңдардың барлығы халқымыздың қалыпты өсіп-өркендеуіне кедергі болды. Міне, бүгінде тереземіз тең, керегеміз кең болып, Тәуелсіздігіміздің арқасында әлемге танымал ел болып отырмыз. Бүгінгі ұрпаққа осының барлығы бірден келе салған сияқты. Біз аға буын өкілдері көргендеріміз бен естігендерімізді, көңілге түйгендерімізді айтуымыз керек, ұрпақ бойына сіңіруге тиістіміз.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңына қарай қазақ даласында байлар мен болыстардың мыңғырған малы тәркіленіп, жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз қудалауға түсті, айдалды, жер аударылды, түрмеге тоғытылды, ақыр соңында атылды.
Жаман адам ел басқарып, болыс болмайды, жалқау, босбелбеу былжыр адам бай бола алмайды. Байлық та, барлық та табанақы, маңдай термен, ақыл- парасатпен келеді.
Шу бойын жайлаған Жалайыр елінің болысы болған Жұман Бөлекбаев туралы бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Ол өз заманының атақты адамы болған. Өзінің ақыл-парасатымен бір басына жетерлік байлық та жинаған, абыройға да кенелген. Жұман болыс елін әділ басқарған, барға қанағат еткен, жоққа шүкіршілік жасаған. Көпті төңірегіне топтастырған, байлығын қарақан басына ғана жұмсамай, елімен бөліскен. Мінезге бай, елдің тілін табатын, істің көзін табатын адам болған. Сондықтан да Жалайыр елі қоқандықтардың езгісінен арылып, орыс патшалығының қарауына кіргеннен кейін Жұманды өздерінің болысы етіп сайлаған. Отаршылдар бодандығында болған елдің күйі белгілі. Алып империяның бағыныштылығында болғанан соң, сол елдің сөзін сөйлейді, сол елдің заңымен өмір сүреді. Сол замандағы өмір сүріп, патшалық Ресейге қызмет еткен азаматтардың көбі қожайындарына жұмыс жасай жүріп, өз халқының мұң-мұқтажын ұмытпаған. Сондай көреген жандардың бірі, көнекөздердің айтуынша Жұман болыс болған.
Романовтар әулетінің Ресейді билегеніне 300 жыл толу мерекесінің дүрілдеп өткенін біз тарихтан жақсы білеміз. Сол тойға Петерборға қазақ елінен барған санаулы адамдардың қатарында біздің өңірден Жалайырдың болысы Жұман Бөлекбаев және Жаңабай елінің болысы Бұралқы Сұлтанбекұлы болды. Ресей патшасы Николай екінші сонау түкпірдегі Шу өңірінен барған екі қазаққа
Ресей армиясының полковнигі шенін тағып, шекпен кигізіп, құрметпен төрге оздырса керек. Мұндай құрмет сол кезде екінің біріне көрсетілмегені және анық.
Кейінірек жарлы-жақыбайлардың сөзін сөйлейтін Кеңес өкіметі билік басына келді. Жаңа билік бай-манаптарға қырғидай тиді. Олар малды адалынан жинады ма, арамынан жинады ма, анық-қанығына жетпей, тегістей жазалауға кірісті. Шыны керек, көбісі жазықсыз жазаға ұшырады. Олардан қалған әлденеше ұрпақ аталарының байлық жинағаны үшін зардап шекті, қорлық көрді. Сол жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз тірі болғанда, олардан тараған ондаған, мыңдаған, жүз мыңдаған тәуір ұрпақ, текті ұрпақ бүгінде тәуелсіз елімізге қызмет етіп жүрер еді. Бұл енді бөлек әңгіме.
Мұрағаттық деректерге сүйенсек, Жалайыр болысы Жұман Бөлекбаевтың үші әйелі болған екен. Үш жарынан 4 ұл, 3 қызы болған. Ұлдары жөнінде сөз қозғар болсақ, үлкені Жұмаділдә 1903 жылы, екіншісі Ибадула 1904 жылы, одан кейінгі Зияділдәсі 1912 жылы туылыпты. Ал, ең кішісі Уәйділдә шамаман 1920 жылы туылған. Шамамен деп отырғанымыз Жұман болыс балаларымен қоса тұтқындалғанда кішісі Уәйділда 6-7 жастағы бала екен. Әулиеата түрмесіндегі Жұманға туыстары артынан іздеп келіп, тергеушілерге Уәйділдәнің әлі сәби жаста екендігін, кінәсінің жоқ екендігін алға тартып түрмеден босатып алады. Жұманның төртінші баласы Уәйділдәдан Рауан және Қалкен атты қыздар қалады. Уәйділдәнің өзі болса 1950 жылдың жазында қайтыс болған.
Ал, болыстың басқа балаларына келетін болсақ, мұрағаттық деректерде Жұмаділдәдан 4 бала, Ибаділдәдан 3 бала, Зияділдәден 1 бала қалған деп көрсетілген. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған болыс ұрпағының қасіретін мына деректер айқындай түседі.
Жұмаділдәнің 4 баласы және Зиялділдәнің 1 баласы туралы ешқандай дерек қалмаған. Бәлкім, олар бар болар, біз хабарсыз шығармыз. Осы балалар туралы дерек шығып жатса, білетіндер табылып жатса, бізбенен хабарласуын немесе
«Ғұмыр-Дария» арқылы хабар беруін өте-мөте сұраймыз.
Атап айтарлық тағы бір мәселе Жұман болыстың Ибакүл, Раушангүл, Ділдәгүл атты 3 қызынан ұрпақтар өсіп-өрбуде. Өзімен бірге қоса қамалған ұлдары Жұмәділдә, Ибаділдә, Зияділдә 1931 жылы, өкінішке орай, атылған.
Атақты болыстың екінші ұлы Ибәділдәнің үлкен қызы Қамзакүлден Мамедалы, Сейдалы, Оразхан Омаровтар, екінші қызы Заһардан осы жолдардың авторы мен Мұханбетқұл Сабыров, Аманқұл және Жұмахан Ахметовтер бармыз. Алматыда тұратын Жұмаханнан басқамыз бүгінде Мойынқұмдамыз.
Жұман болыстың әруағын әспеттеп, рухын тірілтуге, есімін елге дәріптеуде менімен бірге іздеуші болып жүрген Уәйділданың қызы Қалкен. Ол қазір Астанада тұрады.
Болыс бабамыздың ұрпағы туралы түртпектеп, ізденіп жүріп біраз мәліметтер таптық. 1998 жылы "Зерде" баспасынан жарық көрген «Азалы кітап» жинағында болыстың баласы Ибаділдә туралы деректі кезіктірдік. Сол кітаптың 98-бетінде Ибаділдә Жұмановтың 1904 жылы туылғандығы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша УНКВД «үштігінің» үкімімен 1931 жылы 8 ақпанда сотталғандығы, 1959 жылы 20 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен
ақталғандығы жазылған. Үлкен ізденістің арқасында Жұманұлы Уәйділдәнің қызы Қалкен жақында Шымкент қаласы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұрағатынан Жұман болыс және оның балалары туралы деректерді тапты. Онда 1880 жылы туған Жұман Бөлекбаевтың 1931 жылы 11 қаңтарда тұтқындалып, 1931 жылдың ақпанында «үштіктің» шешімімен 3 баласымен бірге атылғандығы туралы дерек табылды. Бұдан артық қандай қасірет болады. Бұл бір ғана Жұман болыстың отбасының басында болған жағдай емес еді. Күллі қазақ ұлтының басына үйірілген нәубет болатын. Жұман болыс та, оның балалары Жұмәділдә, Ибәділдә, Зияділдә да 1959 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.
Тәуелсіздігімізге тәуба етуіміз керек. Тарихымызды түгендеп жатырмыз, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатыр. Солақай саясаттың құрбаны болып, бар болғаны еңбегімен мал жиып, еліне қамқорлық жасап, халқына басшылық еткен Жұман болыстың есімін еліне қайтару жөнінде алда біраз жұмыстар күтіп тұр. Бұл бағытта біздер – Жұман болыстың ұрпақтары ізденісімізді одан әрі жалғастыра беретін боламыз».
Аймахан шоқысы туралы аңыз. Мойынқұм ауылының тұрғыны Сабыров Мұхамбетқұл Жамбыл тауының ең биік Аймахан шоқысы туралы аңыз айтып берді. Аңызға сүйенсек жаугершілік заманда қалмақтар қазақтың қызын тұтқынға алып кетеді. Қыз қалмақ жеріне барған соң аяғы ауыр екенін біледі. Қазақ қызы ұл туып, ол қалмақ жерінде ер жетеді. Жігітке анасы оның қазақ екенін айтып, еліне оралу керектігін айтады. Жігіт сүйікті қызын алып еліне қайтып кетеді. Қайтар жолда жоғарыда аталған шоқыға жетіп аялдайды. Осы жерде демалып жатқан жігітті жылан шағып өлтіреді. Жігіттің сүйіктісі оны осы жерге жерлейді. Аяғы ауыр қыз жігіттің еліне оралып бар жағдайды баяндайды. Міне, осы шоқыны жігіттің атымен Аймахан шоқысы деп атап кеткен.
Экспедиция жұмысы барысында жоғарыда аталған аудандардың танылмаған киелі жерлері туралы тарихи аңыздар, елді мекендердегі ескерусіз келе жатқан киелі орындар, олар туралы тарихи деректер зерделенді, сонымен қатар киелі жердің қыр-сырын білетін көнекөз қариялардың шежірелері мен әңгімелері, ел ауызында сақталған жырлары жазып алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |