Әулиеата өңірі киелі мекендерінің тарихи аңыздары Алғы сөз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»


ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ, МЕРКІ, ҚОРДАЙ АУДАНДАРЫ БОЙЫНША ТАРИХИ АҢЫЗДАР



бет4/7
Дата07.02.2022
өлшемі1,81 Mb.
#84607
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
history-конвертирован

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ, МЕРКІ, ҚОРДАЙ АУДАНДАРЫ БОЙЫНША ТАРИХИ АҢЫЗДАР


ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 15-29 маусымы аралығында Тұрар Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандары бойынша


«Әулие ата - киелі мекен» атты профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерден құралған экспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияның мақсаты: «Туған жер» бағдарламасы аясында Әулиеата өңірінің киелі жерлерін және Жамбыл облысы этностарының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, археологиясын елге таныту және насихаттау болатын. Экспедиция барысында жиналған материалдар негізінде Жамбыл облысының киелі жерлерінің тарихи аңыздарын, тарихи-танымдық деректерін жинау мақсаты қойылды.
Экспедицияның үшінші бағыты өз жұмысын Топ-ағаш әулие тоғайынан бастады. Ол Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе елді мекенінен 10 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Топ-ағашта экспедиция мүшелерін шырақшы Ұзақбай Ғалымжан қарсы алды. Ол Топ-ағаш туралы бірнеше аңыздарды айтты.

Сурет 18. Киелі «Топағаш әулие» тоғайы.


Аңыз бойынша бұл жер Ұлы жүздегі Мақтым Ағзам Қожа немересі Нұрила- Домалақ ананың дүниеге келген жері екен. Әкесі Шахристан оған осы мекенде дүниеге келген қызына Алла аян бергеннен кейін «Нұр» және «Илла» деген сөз тіркестерінен біріктіріп Нұрила деп азан шақырып ат қойған екен. 7-8 жасында Нұрилаға Алла аян беріп, осы жерде қада қағып, 40 қызбен бірге өрнек тоқыған.


Тоқылған алашадан ел алғысына бөленген. Алланың құдіретімен әр қаққан қазық жапырақ жайып, 1378 жылы осы Топ-ағаш пайда болған. 13 жасында Нұрила қызға алла аян береді. Онда «Кім білегіңнен бірінші ұстаса, соған тұрмысқа шығасың» деп айтылған екен. 63 жастағы Бәйдібек баба нөкерімен осы жерге су ішуге тоқтағанда, су алып беремін деп Нұрила ана шылбырға шалынып құлап бара жатып, білегінен Бәйдібек баба ұстап қалыпты. «Сен менің олжам болдың ғой» деген баба сөзіне «Иә, алла маған аян берген» деп жауап беріп, тұрмысқа шығып, ұлы Жарықшақ осы елді мекенде дүниеге келген екен.

Сурет 19. Киелі «Топағаш әулие» тоғайының қақпасы.


Қазіргі таңда Нұрила, яғни «Домалақ ана» туралы аңыздар көптеп кездеседі. Біздің нұсқамызды жүзтомдық «Бабалар сөзі» атты жинақтың «Тарихи аңыздар» бөлімінде келтірілген дерекпен салыстыруды жөн көрдік. Онда келтірілген аңыздар нұсқаларында Нұрила анамыз туралы бірінші нұсқада былай деп баяндалады: «Алып та, дана да анадан туады» деп халық бекер айтпаған ғой. Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүрген көрінеді. оның екі әйелі болыпты. Тоқалының бойы аласа, өзі толық болғандықтан жұрт оны «Домалақ» деп атап кеткен, шын аты Бүбіжар екен. Бүбіжарды бертін келе ақылпарасатына қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» атандырған. Бәйбіше тұрғанда кіші әйелге күн бар ма? үлкен әйел күндестігін жасайды. Бәйбіше түнде Домалақтың үйіне түйе болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп, Домалақ ене жатқан жерінен тұрмай: - Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын!,-дейді екен.


Біздің жинақтаған деректерімізде «Домалақ ене» атты аңызға айналған анамыздың шын аты «Нүрила» екендігін ескерткіміз келеді. Ұлы жүздегі
Мақтым Ағзам Қожа немересін «Нұрила», яғни Алла аян берген «Нұр» және
«Илла» деген сөз тіркестерінен азан шақырып қойылған екен деп айтылады.
Жоғарыда айтылған еңбекте тағы бір дерек ретінде мынадай аңыз келтіріледі: «Бір күні ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек қонатын жұрт таңдауға кетеді. Сары бәйбіше Домалақты үйіме жұртқа тастайды. Біраз уақыт өткенде ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді. Жұртта жалғыз қалған Домалақтан әлгілер жөн сұрайды. Ол шапқыншыларға жөнін айтпаса да, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын айдап әкетеді. Қайтарда ескі жұрттың қасынан өтеді. Көңілі тасыған жаудың басшысы Домалаққа аяушылық білдіріп: - Мына олжа жылқыдан қалағаныңызды алыңыз,- деп ұсыныс жасайды. Сонда Домалақ ене: - Ендеше, ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені желіге байлап кетіңдер, басқасының керегі жоқ,-дейді. Шапқыншылар айтылған жылқыны қалдырып кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді. Домалақтан жөн сұрайды. -Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Өздері кешке қарай қайтып келеді, - дейді. Бұлар Домалақтың айтқанын тыңдамай, жаудың соңынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал, жылқылар жаудың айдауына көнбей, тым-тырақай қашып, сол күні кешке сары биеге келіп шұрқырай жиналады. Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері арқасында Домалақ халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый- құрметке ие болыпты».
Нұриланың, яғни Домала ененің тапқырлығы туралы аңыз-деректер көптеп кездеседі. Бірақ, оның желілері ауызша таратылғандықтан, кейде оның желілері бір-біріне ұқсас болып келеді. Мысалы, «Бабалар сөзі» атты жинақтың «Тарихи аңыздар» бөлімінде келтірілген «Домалақ ана» туралы екінші нұсқада: «Бәйдібек ауылда жоқта қырғыз Аққошқар бастаған жаулар оның жылқысын алып кетеді. Масаттанған жаулар Домалақ ананың қонысынан сусын ішкен соң, қайыр-садақа ретінде шапқан малдан бір жылқы қалауын өтінеді. Сонда Нұрила белбеуін ақжал сары айғырдың мойнына салыпты дейді. Жануар шешеміздің белбеуін салғанда тырп етпей тұрып қалыпты да, жетекке жүріпті. Біраз уақыт өткен соң Бәйдібектің Сарыбәйбішеден туған алты ұлы салып ұрып жетті дейді. олар Домалақ ананы көріп:
- Әй, тоқал, біздің жылқыны қуған жау қалай қарай кетті?-деседі ат үстінен.
-Шырақтарым, аттан түсіңдер. Жылқының түп қазығы бізде, өзі-ақ келеді. Соңынан қуып әуре болмай-ақ қойыңдар. Құр бекер мерт боласыңдар,-дейді Нұрила. Жігіттер: - ой, осының өзі дұшпан, айтып тұрған сөзін қарашы,-деп алты ұл алды-артына қарамай аттаныпты. Әудем уақыттан соң Бәйдібектің өзі келіпті салып ұрып: -Жау қайда кетті? Домалақ ана: -Байеке, жауды қуып әуре болмаңыз. Малыңыз бүгін таңнан қалмай өзі келеді. Алты ұлың менің тілімді алмай кетті. Бекерге мерт болатын болды. Анамыз айтқандай, таң ата бере жер сілкінгендей дүрсіл естіледі. Байлаулы тұрған ақ жал сары айғыр кісінеп жібереді. Қараса барлық жылқы түп-түгел қайтқан екен. Малдың қазығы ақ жал
сары айғыр тұрған жерге жылқы баласы қайтып оралған. Ал, Сарыбәйбішенің алты ұлы жер жастанған.
«Домалақ ана» туралы үшінші нұсқада: «Нұрила он жасында құдықтан су алуға барады. Бір кезде аңдаусызда қыздың қолы тиген қауға ілгектен сырғып шығып, шыңырау түбіне құлай зымырай жөнеледі. Жылқының қылынан ескен арқанды байқамай ұстаған Нұрила қауға екпіні мен төменге қарай құлайды. Белуарынан келетін суық құдық суында Нұрила дірдек қағып, зорға шыдап тұрады. Бір кезде Бәйдібек қасындағы бір топ жігіттерімен әлгі құдықтың басына келіп қалады да, Нұриланы құдықтан шығарып алады. Нұрила кейін өзіне құда түскендерге құдық басын дағы уақиғаны баяндайды. «Білегімді ұстаған кісі- Бәйдібек, менің болашақ ерім сол болмақ. өзге адамға күйеуге шықпаймын»,-деп көңілінде жүрген сырды айтып салады. Нұрила Бәйдібекті ұнатып, екеуі бірін- бірі көрмесе тұра алмайтын жағдайға жетіпті. Екі жастың ыстық ықыласын іштей сезіп, сырттай байқап жүрген Мақтым Ағзам атамыз Бәйдібек батырды шақыртып алып: «Балам, мен саған Нұриламды берейін, тұқымың қисапсыз мол болады. Жаркенттен Ташкентке дейін, Атыраудан Алтайға дейін сенің ұрпағың, тұқым-тұяғың қанат жаяды. Жалғыз айтар аталық тілегім—қызымды ренжіте көрме. Аялап, мәпелеп, аққудай әлпештеп ұста! Бұл қызымның бір бойында мың асыл қасиеті бар»,-депті. Сонымен, екі баласына егіліп-төгіліп отырып, ақ батасын берген екен», деп жазылған. Сол әулие-баба аян бергендей, келесі жылы Нұрила Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Той бірнеше күнге созылады.
Топ-ағаштың ағашы мен тасы да қасиетті. Топ-ағаштың әр ағашының қабығы шырша тәріздес, үш тірлі жапырақ бір түптен шығып тұр. Оны шырақшы Ұзақбай Ғалымжан «Үлкен жапырақ-Ұлы жүз, орташа жапырақ-Орта жүз, жіңішке жапырақ-Кіші жүз белгісі» деп аңыз бойынша сыр шертті.
Бұл жерде өсіп тұрған шартты түрдегі «Адам ата» және «Хауа ана» ағаштарына сыйынып келген кез-келген адам ниеті қабыл болып, алла тілегін орындап жатыр екен.

Сурет 20. «Алла» атты жазуы бар ала тас.


«Алла» деген жазуы бар ала тас. Экспедиция мүшелері одан әрі Құлан ауылына барып, түскі астан кейін аудандағы этно-мәдени орталықтар және этнос өкілдерімен кездесті. Аудандағы этнос өкілдерінің саны, олардың тұрмыс- тіршілік ахуалы туралы этномәдени орталық жетекшілері баяндап, ұсыныстар мен талап-тілектер жолдады (Сурет-21).
Экспедиция белгіленген маршрут бойынша «Бала Әулие Есепші» кесенесіне жол тартты. Кесене Көгершін ауылынан тауға қарай 10 шақырым жерде орналасқан.
«Әулие Бала Есепші» кесенесінің шырақшысы Сәміретбаева Шолпан Оңғарбайқызы апай жоғарыда аталған кісінің шөбере келіні. «Әулие Бала Есепші» шын аты Бұғыбайұлы Әлібек. Руы Жаңабай. (Шежіре бойынша алдыңғы аталары Жаңабай, Жантай, Құлмырза, Бұғыбай, Әлібек). Бала кезінен сәуегейлік айтқан, құстар мен жануарлар тілін білген, ауа райын болжаған. Ел арасында ол кісі туралы аңыздар көптеп тараған. Соның бірнешеуін келтіре кетейік. Алдымен не себепті «Әулие Бала Есепші» аталуы туралы аңыз. Бала кезінде Бұғыбайұлы Әлібек сәуегейлік айта бастаған кезінде ауылдың қуақылары мына бір қап тарының саны қанша деген сұрақ қойған екен. Әлібек бала қаптың ішіндегі тары санын айтыпты. Сұрақ қойғандар ерінбей тарыны алаша үстіне жайып, санаған екен. Әлібек бала айтқан есебі дұрыс шыққаннан кейін Бұғыбайұлы Әлібекті халық «Бала Есепші» деп атап кеткен. Жасы ұлғайғаннан кейін оны «Әулие Бала Есепші» деп атаған.

Сурет 21. «Әулие Бала Есепші» кесенесі.


Аңыз бойынша «Әулие Бала Есепшінің» жылқысын біреу ұрлап әкетіпті. Қатарлары өзің сәуегейсің, бірақ жылқыңды кім ұрлағанын білмейсің деп қайраған. «Әулие Бала Есепші» өзінің жылқысын ұрлаған үйге барыпты. Халық
«Әулие Бала Есепші» келді деп шуылдап кетіпті. Бірақ ол кісі бұл үйден еш жылқы дауламаған. Үй иесі оның неге келгенін түсініп, ат-тон айыбын берген
екен. Ел арасында «Қара құртқа бата берген» деген де аңыз тараған. Кейіннен шырақшы болған Нұрманалы ата 12 жасар кезінде Бала Есепшімен бірге қара құрт көп мекендейтін аймақта келе жатқан. Күн батуға таяп қалды ауылға қайтайық деген Нұрманалыға жолдан көрінген улы жәндік «қара құрт бата сұрап тұр» деп бата берсе, ол келесі келгенде алдынан балаларын шұбыртып ертіп шыққанын халық байқаған.
Халық таудан құмға көшер алдында Бала Есепші атаның алдына жапырақ ұшып келіп, сол жапыраққа қарап тұрып «биыл құмға көшпеңдер, ол жақта ауа райы шаруаға қолайсыз болады» деп болжаған. Тауда қалғандар шаруасы өрге басып, құмға көшкендер жұтқа ұшырап таяғын сүйретіп оралған дейді.
Есепші атаны жортқан аң, ұшқан құстың тілін білген деседі ауыл қариялары. Оның әу баста әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі – Әлібек екен. Бала кезінде құстардың жер бауырлай ұшқанына, суыр мен саршұнақтың іннен-інге тығылғанына қарап, ертеңгі ауа райын болжап отыратын болыпты. Сонысына қарай жұрт оны Балаесепші атап кеткен екен. Бертін келе Есепші атаныпты.
Ертеректе ауыл ақсақалдары Есепші атаның аң-құспен тілдескенін аңыз қып айтып отыратын. Ойынға көбірек аңсарым ауып тұратын балалықтың әсері шығар, соның бәрін зердеме тоқи алмадым. Кейбір әңгімелер ғана еміс-еміс есімде. Онда да үзік-үзік. Соның бірі былай басталатын…
«Есепші ата үнемі балаларына: «Мен өлсем, Көгершін тауының етегіндегі қырқаға қойыңдар. Сол тұстың табиғаты ерекше. Ауасы да таза», – деп айтып отырады екен. Ауыл аймағы атаның аманатын қалай аяқ асты етсін. Есепші ата қайтыс болғанда жақын жұрағат жиылып, жолға дайындалады.
Мезгіл қыс айы болса керек. Ауыл онда Үмбет құмда, қыстауда отырған кез. Жұрт жиылып, марқұмның жаназасын шығарып, жолға шыққанда аяқ астынан боран басталыпты. Қол созым жер көрінбейтіндей ақтүтек. Қарсы алдынан тұрған дауыл бет шыдатпайды, адым аштырмайды. Соған қарамастан сүйекшілер тау жақты бетке алып, алға қарай жылжи береді. Долы боран үш күнге созылады. Әбден титықтап шаршаған топ жолдан қиыс кетіп адасқандарын сезеді. Сонда ғана аттан түсіп дамылдап, кеңес құрады. Ақылдаса келе, мәйітті осы жерге қойып, жол ашылғанда тауға жеткізбек болып келіседі. Бәрі сол мәмілеге тоқтап, орындарынан тұрғанда жел де саябырсып, күн де ашылыпты. Айналаға қараса, тура Есепші ата айтқан қырқаның етегіне тоқтаған екен. Сөйтіп, Әлібек Бұғыбайұлына мәңгілік мекені өзі аманаттаған қырқадан бұйырыпты». Бүгінде Әлібек Бұғыбайұлы жатқан жерді ауыл жұрты киелі санайды. Есепші атаның жатқан жеріне Құран оқып қайтуға ниет еткендерге күндіз құстар, түнде даланың саршұнағы жол көрсетеді деседі.
Қазірдің өзінде «Әулие Бала Есепші» басына зиядат қылып бала көтере алмай жүрген келіншектер жиі келеді екен. Шырақшы Шолпан Оңғарбайқызының айтуынша Көгершін ауылының тұрғыны Құрманайдың қызы Алматы облысының Талғар қаласына бір жігітке тұрмысқа шыққанына 9 жыл өтсе де бала көтере алмапты. Сол келіншек «Әулие Бала Есепші» басына інісін ертіп келіпті. Себебі күйеуі мұндай әдет-ғұрып қасиетке сенбейді екен. Келіншекке өз енесі Райынбек атаның басына барып, құран оқыт деген кезде
Көгершін ауылынан танысы алдымен өз атаңның алдынан өт деген екен. Келіншек Талғарға қайтқанда Шолпан Оңғарбайқызына әруақтар аян беріп, келіншекке пышақ бергенін айтады. Ал, келіншекке түсінде әруақтар аян беріп,
«атаңа тағы барып қайт» деген екен. Келіншек екінші келгенде Шолпан апаға оның аталары мылтық бергенін айтады. Шырақшы Шолпан апа онда екі ұл табатынын ескертеді. Сол келіншек қазір екі ұлдың иесі екен. Кейіннен келіп атаның батасын алып, қайтыпты. Мұндай мысалдар өте көп екен. Көкдөнен ауылынан Әнуарбекқызы Жібек үш қыздан кейін 10 жылдай бала көтере алмай жүріп, осы «Әулие Бала Есепші» басына келіп құран оқытып, түнеген екен. 2-3 күн өткен соң Шырақшы Шолпан апаға әруақтар аян беріп, киіз үй сыйлағанын оның анасы Күлайшаға Көкдөнен ауылына барғанда айтады. Нәтижесінде, Жібек екі ұл дүниеге әкеліп, екінші ұлы сүндеттеліп жарыққа шыққан екен.
«Әулие ата-киелі мекен» атты экспедиция мүшелері келесі күні Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы маңында қазақ-жоңғар қатынасындағы шешуші кезең болып саналатын «Аңырақай шайқасы» болған деген аңыз ізімен
«Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына сапар шекті. Бұл жолы экспедиция екіге бөлінді. Бір тобы ортағасырлық Құлан, Қарақат Төрткүл қалаларына барса, екінші топ жоғарыда аталған «Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына аудан әкімшілігі босатқан «Нива» көлігімен жолға шықты.

Сурет 22. Ойранды шатқалындағы Сәмен батырдың тосқауыл тастары.


Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы маңында қазақ-жоңғар қатынасындағы шешуші кезең саналатын «Аңырақай шайқасы» болған деген аңыз ізімен «Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына экспедиция мүшелері жолға шықты. Белгілі өлкетанушы, ауданның құрметті азаматы Сейсен Қожакеев жол жөнекей жоғарыда айтылған шатқалдар туралы аңыздарға тоқталды. «Ойранды» шатқалында қазақтың қалың қолы жоңғарға жойқын соққы бергендігі, Сәмен батырдың садақшыларының ерлігі, «Тұтқынсай» шатқалындағы шайқас барысында жоңғарлардың қазақ жауынгерлерінің


жебелерінен қырғынға ұшырағаны туралы аңыздар айтылды. Сейсен Қожакеев бұл шатқалдарды жазушы Бақтияр Әбілда келіп көргендігін, өлкедегі жоңғар әскерімен қақтығыс Сарысу ауданындағы Ойрантөбеден басталғанын әңгімеледі.

Сурет 23. Сәмен батырдың ту тіккен тасы.




Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасыда бас қосқан қазақ жасақтары Әбілхайыр ханның басшылығымен осы өңірге келеді. Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылының тұсында Жасақ деген атпен қалған жерде Әбілхайыр хан үш жүздің қолын біріктіріп, алғашқы қақтығыс Сұмқайты (Жоғарыда айтылған Топ- ағаш) маңында болған екен.
Ойрантөбе маңында біз алдымен Әулиебұлаққа бұрылдық.

Сурет 24. Әулиебұлақ бастауы.


Әулиебұлақ суына шайынуға арналған құдық. Әулиебұлақ басында өлкетанушы Сейсен Қожакеев оның қасиетінен сыр шертті. Әулиебұлақтың жоғары жағында ертеден келе жатқан алма ағашы өсіп тұрған екен. Бұл алма ағашының жемісі Алматы аппортындай көлемді болған дейді. Кейіннен бір қоныс аударушы орыс Андрей оны кескен екен. Келесі күні жергілікті халық қоныс аударушы орыстың мәйітін бұлақ басындағы үйінен тауыпты. Ал, кесілген алма ағашының тамырынан қан ағып тұрыпты дейді Сейсен аға айтқан аңызда.
Әулиебұлақ суына шайынуға өңір тұрғындары келіп, әр түрлі тіл, көз тиюден арылуға ниет қылады. Судың өзі таза, шипа ем ретінде саналады.

Сурет 25. Әулиебұлақ бастауының шайынатын астауы.


Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасыда бас қосқан қазақ жасақтары Әбілхайыр ханның басшылығымен осы өңірге келген екен. Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылының тұсында Жасақ деген атпен қалған жерде Әбілхайыр хан үш жүздің қолын біріктірген.


Сурет 26. Жоңғарлар шабуылын тойтарған «Ойранды» шатқалы.


Сәмен батыр жоңғар әскеріне тойтарыс беру үшін үлкен қойтастардан үш деңгейлі тосқауылдар жасаған. Жүйткіп келген жоңғар әскерінің нөпірі осы қойтастардан жасалған тосқауылдарға соқтығысқанда Сәмен батыр садақшылары оларға оқты қарша боратқан.
Ойранды шатқалында екі дүркін жеңіліске ұшыраған қонтайжы әскері Тұтқынсайға қарай шегінеді. Шегінген жоңғар қолына қазақ жасақтары шабуылдайды. Тұтқынсай құзға апаратын тұйық сай болғандықтан жоңғар әскерінің көбі қырылады. Сол кезде жоңғар қонтажысының бәйбішесі қазақ жылқыларының ішіндегі бозбиені ұстауға бұйырады. «Бұл бозбиеден бірнеше жылқы тұқымы тараған, сондықтан оның құйрығына түйенің қомын байлап құзға қарай жіберіңдер» дейді. Бозбие шыңғыра отырып, құздан жалғызаяқ жол табады. Жоңғардың бірқатар әскері сол жолмен өтіп Қарақыстаққа шыққан. Әскердің басым көпшілігі сол шатқалдағы Молалы сайда қалған.
Тұтқынсайда жоңғардың қонтажысының оң қолын Қарасай батыр жаралаған. Жоңғарлар бұл шатқалда алты айға жуық қорғанған. Ал, алынған жарақаты асқынып, жоңғар қонтайжысы сол жерге жерленеді.
Бұл шатқалды бірқатар ғалымдар зерттеуге тырысқан. 1967 жылы Сәбит Мұқановтың баласы Арыстан Мұқанов тарихи-этнографиялық экспедицияны басқарып келіп, бір айдай шатқалды зерттеген. Сол жерден табылған жазуы бар балбал тастар қазіргі таңда Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мұражайында экспонат болып тұр екен.
1969 жылы Ленинградтан Фетисов деген археолог-ғалым осы шатқалдар мен Қарақыстақта қазба жұмыстарын жүргізеді. Бұл КСРО кезеңі болғандықтан қандай деректер мен материалдар табылғанын ешкім білмейді. Олар қазба кезінде ашылған заттарды өздерімен бірге алып кеткен.
Батыс Европа – Батыс Қытай автобаны соғылып жатқан кезде Сейсен Қожакеев академик Карл Байпақовпен осы шатқалдар туралы пікірлескен екен. Сонда Сейсен ағамыз атақты археолог-ғалымнан Тұтқынсайда жоңғардың қай хонтайжысы жатқанын сұраған. Бірақ археологтар оны қазба барысында айтамыз деп уәде берген. Сейсен Қожакеев жобалауы бойынша бұл хонтайжы Қалдан Серен болуы мүмкін.
Молалы сай қорғандарын қазған археологтар ондағы мүрделердің будда ғұрыпы бойынша жерленгенін, қазақ жауынгерлерінің моласына ұқсамайтындығын жергілікті қызығушы өлкетанушыларға айтқан екен.
«Әулие Ата - киелі мекен» тарихи-этнографиялық экспедициясы 2017 жылдың 29-маусым күні Меркі ауданына өтті. Меркі ауданында экспедиция мүшелерін аудан әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі қызметкерлері қарсы алды, азербайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Жамалов Гюлага Мамедович экспедицияға жолбасшы ретінде ауданның тарихи-мәдени ескерткіштерімен таныстырып, туризмді дамытуға болатын шұрайлы жерлерін көрсетті.
Шарпи жылы бұлағы (Меркі ауданы, Кеңес ауылы)-Алматы-Ташкент трассынан солтустікке карай 1,2 шакырым жерде орналаскан. Координаты 42°58′31.8″ с. е. 73°30′43.8″ ш. б. Бұл жылы судың ағып тұрғанына бірнеше жыл өткен. Жергілікті тұрғындар «Шарпи» жылы суы деп атайды. Судың жанынан
жаны ашитын ілкімді адамдар қамқорлығымен әйел және ер адамдарға арналған шомылу орындары (душ) жасалған. Халық емдік қасиеті бар су ретінде шайынады және суын ішеді. Тұрғындар айтуынша жылы су асқазан, бүйрек ауруларына ем көрінеді. Жылы су кез келген жыл мезгілінде температурасын өзгертпейді. Егер су құрамын зерттеп және бұл жерге пансионат салса халыққа өте пайдалы болар еді.

Сурет 27. Шарпи жылы бұлағы.


Мың тарамданған кішігірім өзендер Меркінің солтүстігінде жатқан құмға барып сіңеді, құрдымға кетеді. Меркі, Қорағаты өзендерінің ортасында жатқан бұл мекен ықылым заманнан–ақ елдің құтты жеріне айналған. Егіншілік пен мал шаруашылығын, сауда мен кәсіпкерлікті қатар жүргізуге табиғаттың өзі жағдай жасағандықтан болар мұнда кәсіп те, сауда да, өнер де, ғылым да дамыған. Сондықтан да бұл өңірге ерте заманнан-ақ көп қызыққан, туын тігуге ұмтылған. Осы жерде берік бекініс жасап, орта ғасырдың інжу-маржанына айналған Баласағұн мен Таразға шабуыл жасаудың тиімді сәттерін күткендер де болған. Осы мақсатта Меркіден 15-20 шақырым жерде Аспарадай берік әскери қамал тұрғызылған. Меркінің Ұлы Жібек жолының негізгі қақпаларының біріне айналуының басты себептерінің бірі осы болса керек.


Алатаудың көкмайсалы бауырында, Тараз қаласының шығысында 150 шақырым жерде орын тепкен Меркі аты ғасырлардан ғасырларға осы атаумен жеткен. Оның аты тарихшылар мен саяхатшылардың аузына жиырма ғасырдан аса тарихы бар Таразбен бірге алынады. Сондықтан да бұл өңірде сыртқы жаудан қорғану үшін жан-жағын өзен қорғаған қылтанақты жерде орналасқан ірі қорғандар мен биік дуалдары бар қалалар салынған. Бір ауданның аумағында атақ-даңқы әуелеген Меркі, Аспара сияқты қалалар орналасқан. Ал Меркі өзенінің жоғары жағында ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын тарихи, мәдени ескерткіштердің санатына енген Меркі түркі ғибадатханасының тарихымызда алатын орны ерекше.

Сурет 28. Ортағасырлық Меркі қалашығы.


Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де, солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес Түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша, 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық – Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабындағы деректер бойынша «Меркі хәллохтар ( қарлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар – бистан, хим және бериштер (мүмкін кіші жүздің беріш руы болуы)». Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді: «… Меркі мен Нуикста мұсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. … Меркіде… түріктер басым келеді». 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы, бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Яғни, Х ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары кездеседі. Осыдан-ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес.


Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды», – деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлуқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.
Өлкені түркілер мекендегенін дәлелдейтін ғажап тарихи ескерткіштер де осында. Теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте, Меркі өзенінің қайнарында, Әулие көлдің маңында, аңы мен құсы, табиғаты әлі бұзыла қоймаған көк шалғын жайлаудағы тарихи ескерткіштер «Меркі түрік ғибадатханасы» деген атаумен ғылымға енген. Көкпен тілдескен Тәңіртау – Алатаудың басына бұлт қонақтап, қар жауып жатса, ғибадатхана орын тепкен жер масатты кілемдей жайнайды. Мың бұрала аққан бұлақ, саф ауа, салқын самал бар болмысыңызды билеп алады. Ұлы бабаларымыз Жаратқанның ұлы күшін осында түсінгендей, мәңгілік өмірге осы жерден аттануды арман еткендей. Болмаса Алатаудың ұшар басына жақындап келіп, ұлыларын жерлемеген болар еді ғой…
Бұл ғибадатхананы алғаш рет 1895 жылы зерттеген орыс ғалымы И.В. Аничков өз еңбегінде балбалдарды тексергенін, оның бірнешесін Ташкентке жібергенін жазады. Бұл ескерткіштердің түркі жан-дүниесін тануда алар орны ерекше. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі – Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабында жан-жақты және дәлелді дәйектермен айтқан. Айман Досымбаеваның басшылығымен жүргізілген археологиялық жұмыстың нәтижесінде бірнеше мүсінді қорған құрылыстары аршылған. Табылған 64 мүсіннің 31-і әйелге қойылған балбал тасы болды. Ерлер мүсіні кескінделген балбалдың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстап тұрған да балбал бар. Әйел мүсінді балбал осында көп кездеседі. Рас, ғалымдардың сілтемесіне қарағанда, Күлтегін тасының маңынан әйелдің мүсіні де табылған. Әйел мүсінді балбал тас Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға орнатылған кесенеде тұрғанын өзіміз көзімізбен көрген жайымыз бар. Сонымен бірге Меркі өзенінің бойынан табылған тас мүсіндерден көне түркі жазбаларын да кездестіруге болады. Ойтал өзенінің жағалауынан табылған жазуды профессор А.Аманжолов «Менің өлімім-қайғы» деп оқыпты. Ғалымдар мұндай жазуы бар балбал тастар тек Оңтүстік Сібірден табылғанын айтады. Бұл нені меңзейді? Сол өңірде де біздің ата-бабаларымыз мекендеген дегенге жетелей ме? Мүмкін. Өйткені қазір сол өңірді мекен еткен жақұт, сақа жерінде бізге таныс әуен де, жер-су аттары да көп. Өздерін түркілерміз деп айтатындар да аз емес.
Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша, Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет бар. Бұл қорғанға айтарлықтай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алайда ішнара жүргізілген қазба жұмыстары бұл қамал ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғартады. Су ағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Бұл Қазақстан аумағында кездесетін ортағасырлық қалалардың бәрінен табылатын жәдігерлер.
Біздің эрамызға дейінгі бірінші ғасырда сақ, үйсін, қаңлы, ғұндар салған қалалалар Қытай шапқыншылығы кезінде қиратылды. «Одан кейін, – деп жазады белгілі ғалымдар М.Мырзахметұлы мен И.Жеменей, – яғни біздің эрамыздың VІ ғасырына дейін Сырдария мен Жетісу өлкесінде Тарбан, Тараз, Испиджаб, Суяб, т. б. көптеген қалалар өсіп жетілді. Ал VІІ-Х ғасырларда бұл өлкелерде
Барысхан, Талхир, Баласағұн, Меркі, Құлан, Шелже, Шаш, Сүткент, Отырар, Шарғар, Сауран, Сығанақ, Жент, Жаркент, тағы да басқа көптеген мәдени және сауда орталығы саналған ірі қалалар пайда болды. Әйгілі Жібек жолы осы қалалар үстінен өткен…». Бұдан да басқа айтылған пікірлерді саралай келгенде Меркі қаласы 700-ші жылдардан кейін айналаға таныла бастаған сияқты. Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша «751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең ықпал еткен Атлах-Талас шайқасы болды. Шайқаста араб-қарлұқ-түркеш құрама қолдары қытайдың таңдаулы әскерін тас-талқан етіп жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды». Міне, осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейінірек Таразды астана еткен бауырлары қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық. Себебі алғаш қарлұқ, түркеш мемлекеттері Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда, Меркі және Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлұқ мемлекеттерімен сабақтас. Ал бұл мемлекеттердің VIII ғасырдың ортасынан соңына дейін билік құрғаны белгілі. Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірлігі жүрген қарлұқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тіккендер көбейе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Жоқтан бар болмайды, тек бір күйден екінші күйге айналатынын еске алатын болсақ, Меркі сол заманда өңірге билік жасау үшін аса қажетті қақпа болған. 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армандаған еді. Тура осы кезде олар жерлеріне басып кірген қытайларға бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін олар қайтадан майдан алаңына шықты. Осындай аласапыран кезде билікке келген қарлұқтар арабтармен ұзақ жылдар бойы шайқасып, ақыры жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен олар өңірдің тез арада дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде «Һодуд-әл-алам» кітабындағы деректер бойынша, түрік билігіне енгізілген аймақта отызға жуық қалалар мен қамалдар бой көтерген. Олар – Құлан, Меркі, Атлақ, Тұзын, Балығ, Барсхан, Секел, Талғар, Тоңғы, Пенчул және тағы да басқалар. Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккендері археологиялық қазбалардан белгілі болып отыр. Құланнан, Меркіден, Аспарадан табылған жәдігерлерге үңілсек, бұл өлкеде тамақ өнеркәсібімен бірге қолөнер ерекше дамығанын байқауға болады. Соның сарқыншақтары әлі де сақталған. Меркі жүзімінен жасалған шарап кезінде өте бағалы әрі сапалы болғаны белгілі. Әсіресе сол кездері осы өңірде дамыған мата тоқу өнері кімді болса да қызықтырған. Сонымен бірге ағаштан, сүйектен жасалған бұйымдар көздің жауын алатындығы жөнінде Таразды жырлаған шығыстың шайырларының өлеңдерінен жиі кездестіруге болады. Ал Тараз бен Меркінің арасы бір күндік жер екенін еске алатын болсақ, бұл өңірде де өнер мен ғылым дамығаны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Қарлұқ мемлекеті өмір сүріп тұрған кезде Меркі ерекше дамып, оның атағы алысқа кеткен. Сондықтан да кейінірек Ақсақ Темір жаугершілігін алдымен осы Меркіден бастаған. Кейінірек атасының арманын жүзеге асыру
үшін Ұлықбек те Меркіні шапқан, Аспара қорғанын әскери бекініс ретінде нығайтқан.
Қанша дәуірлеп, дамығанымен ағайындардың ішкі алауыздығынан 940 жылы қарлұқтарды бауырлары, тілдестері қараханидтер тарих төрінен ысырды. Дәл осы кезде Меркі қиратылды. Алайда кейінірек Меркі қайтадан бой көтереді. Бірақ, моңғолдар Таразды жермен-жексен еткендей Меркіні де тағы қиратты. Меркі одан кейін де бой түзеді. 1716 жылы Ираннан шыққан «Қырғыз хандарының тарихы» кітабында мынандай жолдар бар: «Меркі ескі қала Тараздан шығатын жолдың бойында орналасқан. Аспара қамалынан 15-16 шақырымда. Қала кішігірім өзен бойында биік төбеге орналасқан. Мешіті, керуен сарайы, жақсы базары бар…». Яғни осыдан-ақ Меркінің қайта даму жолына түскенін, сол маңайда билік жүргізуде шешуші рөл атқарғанын аңғаруға болады. Ұлы Жібек жолымен жүрген керуен де, саяхатшы да Меркіні айналып кетпегенін аңғаруға болады.
Ал Меркі жеріндегі Аспара туралы ерекше айтқан жөн. Аспара қаласы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі Андас батыр ауылында орын тепкен. Алатаудан құлайтын өзен қаланы сыртқы жаудан қорғауға қызмет істегені де анық.

№ 29 сурет. Аспара қалашығы.


Аты Тараз, Меркі, Испиджаб (Сайрам) қалаларымен бірге орта ғасырдың қалаларының қатарында аталатын Аспара туралы аңыз да, жыр да көп. Солардың бірі қазіргі күні Түркияны мекен еткен хан Аспарухтың арғы тегі осы өлкеден шыққан деген сөз бар. Аспара өзенінің жағасында орналасқан ортағасырлық қаланың алып жатқан аумағы өзімен қатарластардың бәрінен үлкен.


Үйінділердің биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Қалаға археологиялық зерттеулер жүргізген ғалымдар көптеген құнды материалдар тапқан. Қала туралы мәліметтер ортағасырлық саяхатшылар мен араб, қытай тарихшыларының жазбаларында жиі кездеседі. Мәселен, тоғызыншы ғасырда арабтар Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен жер, су аттарының картасын жасаған. Олардың осы картасында Аспараның аты аталып, тұрған жері, оның Тараздан, Баласағұннан қанша қашықтықта орналасқаны туралы айтылған, жазылған.
Ал ХІV ғасырда Аспара үшін сұрапыл қантөгісті соғыстар басталды. Бұл Алтын Орданы қиратып, қан тамған қылышын шығысқа қарай сілтеп, Моғолстанға қарай сырғыған түркі халқын өзіне толық бағындыруды және Қытайды қырып, тағын күшейтпек болған Ақсақ Темірдің билік құруымен тікелей байланысты. Әмір Темір қанша қуаттымын дегенімен түркі халықтары өздерінің ата-баба жерлерін босату үшін оқтын-оқтын оның иелігіне өткен жерлерге ат тұяғын дүрсілдетіп, шабуыл жасаумен болды. Міне, осы кезде Шу мен Таластың ортасында сырғи аққан Аспараның жағасында, Алатаудың баурайында орын тепкен Аспараны нығайтып, биік қорғандар салып, осы жерді сауыт-сайманы түгел мыңдаған атты әскердің мекеніне айналдырады. Ақсақ Темірдің осы әрекетін оның шежірешісі Арабшаһ былай жазыпты: «…Олар сол жерлерге жеткен соң жазық далаға орнығып, бірнеше қамал салды. Қамалдың ең шеткісі әрі шалғай, жеке тұрғаны – Аспара. Олар Аспараны алынбас қамал, шабуылға шығуға әрқашанда ыңғайлы берік бекініс жасады…», «Аспарада 10 мыңға дейін атты әскер тұрды» деген мәліметті де солар айтады. Ал Әмір Темір өлгеннен кейін Аспараға ұмтылған моңғолдардан қаймыққан бекіністің әскер басшысы Алладад қамалды тастап, қотарыла көшіп, таулардан асып, өзендерді жалдап оңтүстік шығысқа қарай бет алады. Тарихта олардың қоныстанған жері туралы әртүрлі мәліметтер бар. Бірақ бұл өңірге көз тігу бір сәт те тоқтаған емес. 1425 жылдары Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбек Аспараны қайтарып алуға ұмтылған.
Тарихшы, археолог Карл Байпақовтың айтуынша, Меркі жерінде, оның ішінде Аспара үшін шайқас сол кездері бір толастамаған. Қазба жұмыстары көрсеткендей, бір-біріне жапсыра салған үйлердің қабырғалары өртенгенін көруге болады. Сонымен бірге жебе мен найза ұшын көптеп кездестіресіз. Ал Аспараның тұрғыны көп болғанын қамалдың орнындағы қауыздардан, құдықтардан байқауға болады. Аспарада қазба жұмыстарын жүргізген археологтар сиырдың жауырын сүйегіне жазылған түркі тіліндегі жазбаны тапқан. Жауырындағы жазба ХV ғасырда жазылған болып шықты. Онда мынандай сөздер бар: «… Қошқарлық Хасанды қайғырып жоқтаймыз. АҺ! … Құлуй Маулауи бекті қайғырып жоқтаймыз Аһ!… Ұзын Омар да қайтыс болды
… қайғырып жоқтаймыз. АҺ…» Араб харіпімен жазылған осындай жазулар жалғасып кете береді.
Археологтар Аспара қамалынан әбден өңделген қойдың омыртқаларын тапқанда ерекше таңғалды. Себебі омыртқа не үшін, неге өңделген? Бұл сауалға нақты жауап жоқ.
Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңірін құлазытқан, қиратқан әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ орда, одан соң Алтын орда тағына ұмтылды. Бұл шын мәнінде түрік тілдес, тектес халықтардың мемлекеттік құрылымының әлсіреуіне, жойылуына жақындатты. Сол кезде Шыңғысханның Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңіріне билігін жүргізетін Шағатай ұлысы өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді. Алайда олардың әрекеті көңілге қонбады. Өзінің басына төнген қауіптен құтылу үшін, бірлігі мен ынтымағы бұзылған ұлысты қайта біріктіру үшін өзге мемлекетке шабуыл жасады. Осыны пайдаланып Әмір Темір Ақ орданы да, Алтын орданы да, Моғолстанды да бөлшектеп, быт-шыт етті. Ақыры ХV ғасырдың басында Әмір Темір дегеніне жетті. Сөйтіп, кезінде атын айтудан қорқатын мемлекеттерді өз ұрпақтарына ұлыс ретінде билікке берді. Б.Бартольдтың жазуынша, Әмір Темір Сайран, Ианги (Тараз), Құлан, Аспараға иелік етуді ғалым немересі Ұлықбекке берді. Тарихшылардың айтуынша Ұлықбек бұл өңірде егіншілікті дамытуға баса назар аударып, қала мәдениетін жоя бастағандай. К.А. Пищулина «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ХІV ғасырдың ортасында ХVІ ғасырдың басында» атты кітабында осы екі ғасырдың тоғысында Оңтүстік шығыс Қазақстан ежелгі қалалық мәдениетінен түгел айырылды дегенді айтады. Рас, Ұлықбек өз ұлысының ең алыс соңғы мекені Аспараны әскери қамалға айналдыру үшін көп тер төккені белгілі. Бәрі өтпелі. Әмір Темір де, Ұлықбек те мәңгілік билік құра алмады. Түркі халықтары бірте-бірте шағын топтан ірі мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілгендей болды. Моғолстанға күш көрсететіндей деңгейге көтерілген Әбілхайыр хандығы шаңырақ көтерді. Алайда алауыздық тағы да оны ірітті, шірітті. Соның салдарынан олардың өмірі де ұзаққа бармады. Әбілхайырмен сыйыса алмаған кейбір ру басылары мен тайпа жетекшілері іргесін кейінге ысыра берді. Осы сәтте «біз қазақпыз» деген Жәнібек пен Керей сұлтан бастағандар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап, Шу бойына, Қозыбасыға келіп, өз хандықтарының туын тікті. Осылайша Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн, Жетісудің шетінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді.
Тарихшыларымыз қазақ мемлекеттілігінің Керей мен Жәнібек Шу мен Талас атырабында іргесін қалаған жаңа хандықтан басталатынын айтып жүр. Не десек те, ХV ғасырда Орталық Азия мен Қытай, Ресей «қазақ» деген елді таныды. Керейдің тұсында орда орнықса, Жәнібектің тұсында нығайды. Ал Қасымханның билік құрған кезінде хандықтың іргесі кеңіді. Сыр бойындағы қалалар қазақ хандығының иелігіне өтті. Түркістанда қазақ туы желбіреді. Міне, осы тұста Меркі мен Аспара қайта бой көтергендей болғанымен бұрынғы деңгейіне жете алмады. Ұлыстар мен рулар арасындағы алауыздық олардың даму жолын тежеді.
Аласапыран жылдар жалғаса берді. Бірақ қазақ аты да, жері де тарихтан өшпей ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Қазақ жерінің оңтүстік шығысы заман ағымымен бірде дәуірлеп, айы мен күні жарқырады, енді бірде аспанын қара бұлт торлады, жерін жауы бауырына басты.Талай жан беріп, жан алған шайқастар өтті. Қазақ жерін шаңдақ еткен талай жау жер жастанды. Тіпті жаугершілікті
ұран еткен халықтар жер бетінен жойылып, жұрнағы өзгелердің табанында тапталды. Енді бірі байырғы жерінен айырылып, өзге мекенді бауыр басты. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», билеріміздің көсемдігі халқымыздың бірігуіне бастады. Ашығын айтқанда, қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы. Сол үшін бауырын жатқа қиып, жатты бауырына басты.
Ел бірлігін, жер тұтастығын сақтап қалу үшін батырларымыз Атыраудан Алтайға, Қаратаудан Арқаға егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалды. Мұның көрінісін де Меркі жері көрді, халқы басынан өткізді. Соның елеулісі, жүректі сыздатып ауыртатыны – қоңсы жатқан қырғыз бауырлардың жоңғарлардан тазартылған жерге ентелей еніп, билік жүргізгені. Бұл туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов былай жазды: «Қазақтардың ендігі жауы Түркістанды, Созақты, Сайрамды, Шу мен Ташкенттің арасындағы және басқа да қалаларды қазақ сұлтандарынан тартып алып қойған қу қырғыздар еді… 1770 жылы Абылай қырғыздарға аттанды… Бұл жайында «Жайыл қырғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар». Қазақ ханының қырғыздарға аттанбасына амалы қалмаған еді. Алғаш жоңғардай алпауыттың түбіне жетіп, жайпаған қазақ ханы да, батырлары үшін де жаудан қанмен босатылған жерге қоңсы отырған, кейде ортақ жауына бірге аттанған қырғыздардың отарлауы, барымталап малын айдап, әйелін күң ете бастауы шын мәнінде ойламаған жағдай еді. Ағайынгершілікке шақырды. Бұл істе Іленің бойынан келіп, Меркі өңірін жайлай бастаған Дулаттың Ботпай баласының ру басылары тілдерінен шырын, бәтуалы сөздерін тамызып айтып бақты. Алайда қырғыздар сөзге тоқтамай, « Батыр болсаң, шайқасқа шық! Бос жатқан жеріңді бізден аясаңдар, қанға бөктірейік!» деп доқ көрсетумен болды. Бұл кезде жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қораластың жас жолбарысы Жауғашты ру көсемдері Арқада жатқан Абылай ханға дұғай сәлем айтып, көмек шақыруға жібереді.
Хан Абылай алғаш Жауғаштың айтқанына айтарлықтай мән бермейді. Бірақ жас жолбарыс хан ауылынан алыстамай, ел ағаларына мән-жайды түсіндіріп, ортаға соларды салады. Ақыры хан әскеріне атқа қонуға бұйрық береді. 1770 жылдың көктемінде Абылай ханның сарбаздары ат басын Тәшкенге тірейді. Меркіге дейінгі жол бойы қырғыздарды тықсырып, Қорағаты өзенінің жағасына келіп шатырын тігеді. Бұл кезде Құлан да, Меркі де қырғыздардың қол астында болатын. Бұл туралы Белек Солтанаевтың «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабының екінші томында былай деп жазған: «Көктемде Абылай Тәшкеннен келіп, Меркінің батыс жағында Қорағаты өзенінде Түйіскен деген жерде қолымен жетіп, тоқтаған соң «қырғыздың жауабын алып кел!» дейді. Ханнан бұйрық алған Жауғаш солты руының қырғыздары Жайыл мен Момақанға сөйлесіп, олармен келісе алмай, көңілі бұзылып қайтқан… Жауғаш қырғыздың келіспегенін айтқан соң Абылай Меркінің жанындағы Мөңкенің Ақшиіне туын тігіп, солтыға шабуыл жасаған. Бейқам жатқан солтылар жан аямай соғысса да жеңіліп, ұрыс кезінде Жайыл батыр, Теке және Итеке деген үш баласымен қазақтардың қолына түскен». «Бейқам жатқан солтылар» дегені жәй сөз. Бейқам жатса солтыларға көмекке қырғыздың қубілек, қолпаш руларының сарбаздары Меркіге қарай асықпаған болар еді. Оларды да және өзгелерін де жеңген қазақтар
ру басылары мен батырларын Үш Қайыңдыға жинаған. Бұл жеңіске Олжабай, Байғозы, Жарылғап, Жәнібек бастаған Арқа батырларымен бірге Қойкелді, Бердіқожа, Өтеген, Сәмен, Рысбек, Мәмбет, Жауғаш, тағы да басқа түстік батырлары ерекше ерліктерімен үлес қосты. Кейбір деректерге сенсек бұл шайқасқа Қабанбай, Бөгенбай, Саңырақ, Елшібек батырлар да қатысқан сияқты. Осылардың ерен ерліктерінің нәтижесінде қазақтарға әбден тізесі батқан Садыр хан бастаған қырғыз батырлары мен көсемдері де тұтқынға түскен болатын. Аңыз бойынша қазақ жерін жаулап алып, бас көтергендерінің басын шауып, құрыққа ілген Садыр алдымен дарға асылады.
Абылайдың осы жорығынан кейін ғана қырғыздар аяғын тартып, Алатаудан бері аспады. Бірақ жергілікті мәні бар шайқастар мен барымталар ұзақ жылдар бойы тоқтамады. Оған дәлел 1785 жылы шанышқылы Бердіқожа батыр қырғыздарды көп әскермен және қытайлардың көмегімен шапқаны жөнінде орыс тарихшылары жазып жүр. Дегенмен де бір нәрсенің басы аршық, ол – қазақ пен қырғыздың ынтымағын, достастығын нығайтуда Меркі өңірі де, оның азаматтары да шешуші рөл атқарды. Жоғарыда айтылған «Жайыл қырғыны» кезінде де Абылайдың қаһарынан қаймықпай Жайыл батырдың ұрпағын, қазақ пен қырғыздың достығын сақтап қалуға Жауғаш батыр үлкен үлес қосқаны тарихтан белгілі. Осы дәстүр Абылайдың немересі Кенесары кезінде де жалғасын тапты. Бұл жолы Сыпатай батыр ерекше жарқылдады. Бұл кезде заман да, заң да өзгеше еді. Тап осы жылдары қазақ орыс империясының бұғауына түскен, одан бұлқынып еркіндік таңына ұмтылған Кенесары сияқты тұлға тәуелсіздік туын тігу жолдарын іздеп бақты. Арқада аласұрып, орыс бекіністеріне шабуылдағанымен одан ешнәрсе өнбеді. Жаппай қолдау таппаған, қаруы мылтықтан аспаған қазақтардың Кенесары бастаған батыл шоғыры оңтүстікке қарай ойысқаны тарихтан белгілі. Ол кезде де бұл өңір өзгенің езгісінде болғанымен анау айтқандай отаршылдықтың ащы дәмін тата қоймаған болатын. Қоқаңдаған Қоқанға аздаған салым төлеп, өздерінше өмір сүріп жатқан.
Кенесары алғаш Іле бойын жағалағанымен өзінің бастапқы ішкі ойын жүзеге асыру үшін қырғыздарға жақындай түсті. Ол үшін Ұлы жүздің ең көп тараған Дулаттың ұрпақтарына шақырту жіберді. Олар көп күттірмей-ақ «Хан ием» деп бас иіп келіп сәлем берді. Ел арасындағы аңызға құлақ түрсек, бәленің басы осы сәлем беруден басталса керек. Хан ордасына кірген Байзақ, Құдайберген датқаларға, Сыпатай мен Андас батырларға хан жүзін бермей, сәлемдерін қолының ұшымен ғана алып, аса үлкен тәкаппарлық танытса керек. Сөз жараспаған соң іс оңсын ба?! Сонымен бірге шақырту алған қырғыздар
«тұрысатын жеріңді белгілей бер» дегендей үнсіз қала берді. Қаһарына мінген Кенесары қырғыздарды өзіне тәуелді етудің ұтымды жолдарын іздестірді. Осы орайда Әбіш Кекілбаев «Талайғы Тараз» кітабында былай дейді: «Хан алдына қол қусырып кіріп-шыққан ешкім болмады. Күдер үзген Кенесары Меркіні шауып, сол арадан асу асып, қырғыздар арасына дендеп кіріпті». Осыған қарағанда сол жылдары қырғыздың иелігінде болған сияқты. Алайда өлкетанушылар Әбіш Кекілбаевтың бұл пікірімен келісе бермейді. Олар қазақтар Қоқан хандығына тек салық қана төлеп тұратын дегенді алға тартады. Не десек
те Кенесары жеңіске жету үшін күш қолдану қажет деп шешкен. Сондықтан да алдымен ол күшпен қырғыздарды көгендей бастады. Олар оған да көнбеді. Жан аямай шайқас салып, Кенесарыға қыр көрсетіп, барымтаны күшейтті. Кенесары да қарап жатпады, қырғыздың беделді билерінің, батырларының ауылын қатыгездікпен шаба бастады. Осы кезде Сыпатай батыр хан алдына келіп, шектен тыс қатыгездік ойлаған ойын жүзеге асыруды қиындататынын айтып бақты. Сонымен бірге қоңсы отырған екі ел құда-құдандалы екенін, сондықтан да қарамағындағы батырлардың қырғыздармен шайқас алаңына шығатыны шамалы екенін ашық айтты. Хан бетін қайтара алмаған батыр ауылына аса қапаланып қайтты. Ханның ісі де оңбады. Жергілікті халықтан толық қолдау болмағанын түсінген ханның қапаланатын жөні бар еді. Бұл кезде астыртын жұмыс жүргізген орыстар да мысық табанданып, жақындап қалған еді.
1846 жыл Кенесары қолы мен артынан ерген жұрты үшін аса ауыр болды. Қырғыздар малын барымталап, ауылдарына шапқанды қоймаса, жергілікті халықтың батырлары мен ру басылары үнсіз жатып алды. Қатарлары сиреп, артынан ерген батырларының арасына алауыздық іріткі сала бастады. Осындай күндердің бірінде қазақ ханының ордасын ойламаған жерден шапқан қырғыздар дегеніне жетіп, Кенесары мен Наурызбайды, Ержан сұлтанды және басқаларды тұтқындады. Ағыбай бастаған аз ғана топ Арқаны бетке алды.
Меркі жері бұдан соң да тыныштық көрмеді. Қоқан хандығы Меркіні қайтадан әскери қамал ретінде нығайтуға күш салды. «Осы жерді мекен етеміз» деген Жауғаш батырдың бауырлары Меркіге толық билік құра алмады. Алайда бұл кезде Ресей қазақ, қырғыз жеріне сыналай кіру жоспарын жүзеге асыра бастаған болатын. Алматыны алған орыс әскерлері Ұзынағаштан өтіп, Тоқмақты құрықтады. Одан соң Меркіге ауыз сала бастады. Бұл кезде Аспара төмпешік болып, өткен күннің тарихын ішіне бүгіп жатқан болатын.
1860 жылы орыс полковнигі Циммерман бастаған отаршылдар қырғыз жеріне қанды жорығын бастады. Сол жылы тамыз айында Меркінің жанындағы Тоқмақты алған ол енді Бішкекке қарай жортты. Осы кезде подполковник Колпаковский бастаған орыс әскері Ұзынағашта қоқан сарбаздарына қатты тойтарыс берді. Ал полковник Черняев Қоқан хандығының қарамағында болған Созақты, Шолаққорған мен Шымкентті басып алып, Әулиеатаға туын тігуге ұмтылды. Черняев алдымен Құланды алып, Циммерман әскерімен Меркіде 1864 жылдың 24 мамырында түйісті. Орыс әскерінің арасында Шоқан Уәлиханов та бар еді. Ол Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен бірге ол төренің ұрпағы ретінде қырғыз-қазақ арасында жылдар бойы шешілмей келген дау-дамайды шешуде бас би болып, әділ шешім қабылдағанын М. Чернев жоғары жаққа жолдаған хатында тәпіштеп жазыпты. Сол кезде отаршылдар қатарында болған орыс әскері М.Знаменский Меркі бекінісінің суретін салса, ғолым-зоолог Н. Сверцев өз мамандығы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Соған қарағанда ХІХ ғасырда да Меркінің бағы таймағанын, шетелдіктерді таңғалдыратын көрінісі болса керек. Есесіне орта ғасырдың осы өңірдегі ең ірі қамал-қаласы болған Аспара туралы ауыз ашпайды.
Осыдан-ақ Аспара тарих аренасынан кеткенін, оның күні өткенін аңғаруға болады…

Сурет 28. Ортағасырлық Меркі қалашығы.


Меркі үңгірі. Археологтардың даталауы бойынша б.э.д. Ү-ІҮ ғасырларға сәйкес келеді. Бұл қолөнер туындысына теңдес үңгірді бабаларымыз темір рудасын пайдалану үшін қазған болуы мүмкін. Бұл үңгір қазіргі таңда көптеген туристерді қызықтыруда. Меркі санаториясына демалуға келген кез-келген азамат осы үңгірге кіріп қызықтайды. Сондықтан бұл үңгірдің шежіресі мен тарихын зерттеп, ғылыми айналымға енгізу керек.


Сыпатай батыр мавзолейі. ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. Сыпатай ауылының шығыс жақ шетінде,ескі байланыс даңғылының, қазіргі Алматы – Тараз –Бішкек автомагистралінің жағасында. Географиялық координаттары 43 T 363007 4745093.2011 жылы «Архео-логическая экспертиза» ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы (А.Досымбаева, М.Бондарев) зерттеп, координаттарын алған. Ескерткіш 1991 ж. Сыпатай батырдың(1781-1868) 210 жасқа толуының құрметіне орнатылды.Сыпатай батыр қазақ және қырғыз халықтарының арасы- на кеңінен танылған, халықтың 1840-60 жылдардағы саяси өмірінде өзіндік із қалдырған адам. Бұрыннан тұрған мазардың үстіне орнатылған. ҚР АО архқоры жаңартып-жетілдіру үшін жасалған 1990 ж. авторлар: архитекторлар Ю.Г.Литвиненко, В.Ким, құр. П.М.Кибиткин. 19 ғ.батырдың зиратының басына ықшамды күмбездері бар мазар орнатты. 9,0×9,5 м күйдірілген кірпіштен, іші балшық сылақпен сыланып, бояумен әшекейленген.
Күмбез көгілдір түсті жылтыраған тақталармен жапсырылған: портал терең емес шошақ қуыстар енсіз бұрыштама мұнаралармен екі жақтан қусырылған. 1980 жылдары құрылыстың тек қалдықтары ғана қалған еді. Қалыңдығы 0,9 м қабырғаның 1,5 м биіктігі ғана, кірер жері – 6,0 дейін сақталған. Хатқа түсірілген
мазардың жобасы ескерткіштің – бір бөлмелі, үстіңгі – күмбезді орталықтандырылған көлемінің композициясын қалпына келтіруге септігін тигізді. Қазіргі тұрған ескерткіш: бұрынғы шаршы тәрізді өлшемі сақталған (9,0×9,5 м) текше секілді, құрылыс күйдірілген кірпіштен цемент-құм қоспасымен қаланған.

№ 31 сурет. Сыпатай батыр мавзолейі.


Қасбетін тегіс қалау үшін құмды-әктасты қоспамен тігісті сөге отырып, кей жерлерде ескікірпіштер пайдаланылған. Биік пештак – портал негізгі көлемнен алға шығып тұр. Дулыға іспеттес күмбез биік цилиндр тәрізді барабанда (0,9 м)


«салпыншақ» кірпіш қатарымен өрілген. Күмбез мұнараларының ішкі көрінісі барабанның сегіздігіне бұрыштама желкен арқылы тіреліп түр. Әшекейі қарапайым, қабырғаларындағы терең емес шошақ қуыстар сыланып, әктелген. Едені шаршы тәрізді күйдірілген кірпіштен тізілген. Ескі қабірдің басына мәрмәрдан, сатылы жаңасы қойылған. Сыпатай Әлібекұлы қазіргі Мерке ауданында туылған. Жас кезінде ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. 1845 жылы Кенесары көтерілісіне қатысады. 1847 жылы Кенесарыны қырғыздармен айқаспауға көндіре алмаған соң, өзінің аулына қайтып келген. 1847 жылы Ресейдің азаматтығын кабылдады, сөйтіп Ресейдің шекара үкіметіне қоқандықтармен күресінде бірнеше рет көмек көрсетті. 1850 жылы Қоқан хандығының қол астына кірді. Сөйтіп Қоқанның Қудиярхан бастаған отыз мыңдық әскеріне қосылып Ұзынағаш шайкасына (1860) қатысып орыстың генерал- майор Г.А. Колпаковский бастаған әскери отрядымен шайқасты. Қоқандықтар жеңіліп қалған соң, олармен белсенді күреске шықты. 1864 ж. орыс отрядына Шу – Талас аудандарындағы Қоқан қамалдарын алып Жетісуга тереңдей енуіне көмектесті. Сыпатай батырдың Оңтүстік Қазақстанда Қоқан
хандығының үстемдігіне қарсы күресі казақ фольклорында кеңінен жырланды. Кейіннен ақын Жамбыл да жырларына қосқан.
Өтеген батыр Өтеғұлұлы. (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Осы ұрыстарда қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болды.

№ 32 сурет. Өтеген батыр кесенесі.


Батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсен, Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл, Тілеміс секілді ақындардың жыр-дастандарына арқау болды. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны. Өтеген батыр туралы дерек-аңыздарды әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Тұрғанбаев, Н.Смирнова, С.Бегалин зерттеді. Кейбір зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, батыр Бұқара, Самарқанд, Кабул, Исфахан, Тегеран, Ыстамбұл сияқты қалаларда болып, білім алған. Өтеген батырдың соңында атағы ғана емес, Қосағал, Қосдәулет, Асау, Ылау, Бердіс, Тарпақ, Базарбай, Аюса, Жақұлы, Төке, Тоқтарбай есімді балаларынан тараған үрім-бұтағы да қалды. Атақты Байсерке күйші, Тілеміс шешен Өтеген батырдың ұрпағы.Батыр әуелі Іле өзенінің бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының табаны) жерленген. Кейін оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерлеген. Жерленген жері Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы бірсыпыра жер батыр есімімен


аталады. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында ескерткіш орнатылды. Батыр туралы екі телефильм түсіріліп, екі кітап жарық көрді. Алматы қаласының бір көшесіне, Іле ауданының орталығы Энергетический кентіне Өтеген батыр есімі берілді.
Өтеғұлұлы Өтеген (1699-1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың:
«Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» - деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі - Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі - батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.
Әулиешоқы туралы аңыз. Қозыбасы, Қордай, Сұлутөр, Әулие шоқы сияқты көк тіреген таулары, Отар, Аңырақай жазиралары, әйгілі адуын асуы, Шу, Қарақоңыз, Майбұлақ, Қалғұты, Иірсу, Ырғайты, Ұзынсу, Ешкілідей өзен- сулары өрнектеген өлкені: Тасы да алтын Қордайдың тауы да алтын..., Басы да алтын Қордайдың бауыры да алтын , Егінге бай, малға жай, топырағы май,
Шөбі шүйгін көк торғын, желі салқын,— деп Кенен ақын тамсана жырға қосқан құйқалы өңірдің табиғаты да қырық қатпарлы мінезімен ерекше. Егер ерте көктемде күнгейінде көрпекөк көктеп, бау-бақтарда өрік гүлдей бастаса, Аңырақай даласында әлі қар көбесі сөгілместен сіресіп жатады. Ал, теңіз
деңгейінен 1200 метр биіктіктегі Қордай асуында қарлы боран ұйытқып жолдың жабылып қалар кездері де аз емес.
Аудан облыстың оңтүстік шығысында 9,0 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Жері негізінен, таулы-қыратты. Солтүстік және шығыс бөлігінде Шу-Іле тауларының сілемдері. Кіндіктас, Жетіжол тау жоталары ауданның орталық және оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Шу аңғары жазық келген.
Аудан жерімен Шу өзенінің оң саласы саналатын Ырғайты, Қалғұты, Қарақоңыз, Қақпатас өзендері, Кіндіктас пең Жетіжолдан бастау алатын кішігірім жылғалар ағады. Ауданның орталығында және оңтүстік-шығысынан Іле өзен алабына жататын, жазда құрғап қалатын Жаманты, Иірсу, Ұзынсу т.б. өзендер ағады. Қарақоңыз, Қақпатас өзендері алабында осы өзендердің атымен аталатын бөгендер салынған. Олардың жалпы су сыйымдылығы 18,7 млн. км. Онымен аудан шаруашылықтарының бес мың гектарға жуық жері суландырылады.

№ 33 сурет. Мұнарланған «Әулиешоқы».


Одан басқа аудан аймағында Алтыайғыр, Майбұлақ және Қалғұты тоғандары бар. Шу өзенінен бірнеше каналдар тартылады. Олардың ең ірісі - өткен ғасырдың сексенінші жылдарында салынған Георгиевка магистральдық каналы. Аудан жерінде қоңыр, шалғынды қоңыр, шалғынды сары, қызыл қоңыр, солтүстігінде (Қопа және Қараой жазығы) сұр, сортаңды сұр топырақ қалыптасқан. Онда жусан, бетеге, боз, сұлыбас, сораң шөптер, қамыс, шырғанақ, тал өседі. Жануарлар дүниесінен таутеке, елік, қасқыр, түлкі, борсық, қоян, құстардан тау күркетауығы, тырна, бұлдырық, қырғауыл т.б. мекендейді.


Бер жағы Соғанды мен Керудің, ар жағы Алмалының төбесіне төніп тұрған биік таудың сонау ұшар басындағы жартасты шоқыдан айнала түгел көрінеді. Мына табан астында әр үйің, қараң-құраң малың санап алғандай Керуді қойшы,
сонау Қаракемер, Сортөбе, Тоқпағың жатыр бір-бірімен жалғасып, ту-ту алыста Қант, Бішкек, оң қапталда Қарақоңыз су қоймасының көгілдір айдыны көлкиді. Мына жағында күнге шағылыса Шу өзені жалтырап, Еңбек, Қарасай ауылдары, одан әрі Быстровка, Орловка ап-анық көрініп тұр. Теріскей тұтас жайлаулар, жоғарылап Алматы облысының таулы қыраттарына ұласып жатыр. Қасқасудың өр биігінен Алматы мен Бішкекті телеэфирде жалғастырып тұрған ретранслятордың алып табағы күнге шағылысады.Төмендей келіп Қараба, Көктөбе, одан да ылдилап қалың нулы Қарақоңыз орман шаруашылығының жерлері.
Айналаға кезек-кезек дүрбі саламыз. Туған жердің бедерін тамашалап балалар да бір тоймады. Олжас пен Жолдасбек жартастың үстін тамашалап кезіп кетті. Мұрат қайталанғысыз табиғат көріністерін қылқаламмен бейнелеуге кірісті. Таңертеңгі ауа түнық кезде бұл жерден сонау Меркі түбіндегі алабажақ антенналар шоғыры да көрінеді деуші еді. Осыдан -ақ біле беріңіз, біздің бұл таудың қаншалықты биіктігін.
Әулие шоқының үстінде пайғамбардың намаз оқығанда тізесі мен алақандарының ізі қалған тас бар, от жағып мосы асқан орны бар деген аңыздарды естіп өскенбіз. Әйтеуір, бұл таудың «әулие» аталуында біз білмейтін бір сыр бардай. Мекке маңында осы таудан айнымайтын сыңары бар екен деп те жүр. Кім білсін?
Жартастың биігіне ұзынша темір қазық терең қағып орнатылыпты.Оған бізден бұрынырақ әлдекімдер тастай қып орап байлап кеткен үлкен ақ мата адуын желдің өтінде тынбай желбіреп тұр. Таудың біз жүріп келген терістік беті жадағайлау. Оның біраз баурайына дейін атпен де келуге болады екен. Ал, күнгей беті құж-құж қорқынышты жартастар. Кей тұсы пышақпен кескендейтіп- тік құлама. Осы тастардың бірінің қуысында Ағыбай банды паналаған үңгір бар деседі. Болса болар, елден қашқан, жаннан безген біреу болмаса, адам баласы жүрегі дауалап пана іздегендей жер емес екен. Жартасында арқар секіріп, қуыс- қуысын жабайы аң мен құс паналаған тау емес пе бұл. Жазда болмаса қарлы қыста ұшар басына тірі жан шыға алмастай.
Ықылым замандардан бері осы өңірдің алып ұстынындай аспанға шаншылған бұл таудың бізге мәлім тарихының бірі - қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов өмірінің ақтық сағаттарына қатысты. Қазақ елінің азаттығы жолында он жылдан аса ат белінен түспей отаршылдармен ашық майдандасқан есіл ер, Көкшеде туған арыстан 1847 жылы көктемде осы Әулие шоқының баурайында мерт болмады ма. Әне, анау түстік батыстан бір-біріне иек артқан Майтөбе, Кекілікеңгір сол бір сұрапыл оқиғаға куә тарихи орындар.
Күн кештете төмен түсіп келеміз. Тауға шығу қандай қиын болса, қия беткейден түсу де оңай емес екен. Тік беттен абайсызда тайып кетсең домалап сонау етектен бірақ шығатынсың. Әбиір болғанда тамыз айында кісі бойынан аса қорыс болып кеткен қалың шөптен бір-бірлеп ұстап сырғып түсесің. Табан тірерің жайдақтала келе Керудің үстіндегі кезеңге іліккенде тынысың кеңіп сала береді. Ауыртпалықтың бәрі артта қалды. Бұрылып кейінге қарадық, Әулие шоқы сол баяғысынша маңғаздана қалыпты. Алыстаған сайын зорайып көрінетін тәрізді.
Бұл туған жердің -— кең көсілген Қордайдың тамаша табиғатының үзік-үзік көріністері ғана. Жасыл нуға малынған Шу бойының жасыл бақтары да, ат тұяғы күйіп, құс қанаты талардай Аңырақайдың аңызақ қара даласы да, шыбынсыз жаз тұрып түсті кілемдей құлпырар Қасқасу мен Ойсаз, Сұлутөр мен Жайсаңдай жайлаулары да, әйгілі асу белінің атан жығардай екпінді әйдік бораны да Қордай табиғатының қым-қуыт мінезін танытады. Айта берсең, киелі Қордай жерінің ойы мен қыры да, тауы мен суы да тұнған сурет.
Әулиешоқы туралы бірқатар аңыздар бар екен. Әулиешоқы арқылы халық ауа-райын болжаған. Егер Әулиешоқы басына бұлт үйірілсе, онда міндетті түрде көрші ауылдарға жауын жауатын болған.
Әулиешоқыға сыйынып құрсақ көтере алмай жүрген келіншектер де басына барып түнеп, құран оқытқызған.
Әулиешоқы биігінен қарағанда бер жағы Соғанды мен Керудің, ар жағы Алмалының төбесіне төніп тұрған биік таудың сонау ұшар басындағы жартасты шоқыдан айнала түгел көрінеді. Мына табан астында әр үйің, қараң-құраң малың санап алғандай Керуді қойшы, сонау Қаракемер, Сортөбе, Тоқпағың жатыр бір- бірімен жалғасып, ту-ту алыста Қант, Бішкек, оң қапталда Қарақоңыз су қоймасының көгілдір айдыны көлкиді. Мына жағында күнге шағылыса Шу өзені жалтырап, Еңбек, Қарасай ауылдары, одан әрі Быстровка, Орловка ап-анық көрініп тұр. Теріскей тұтас жайлаулар, жоғарылап Алматы облысының таулы қыраттарына ұласып жатыр. Қасқасудың өр биігінен Алматы мен Бішкекті телеэфирде жалғастырып тұрған ретранслятордың алып табағы күнге шағылысады. Төмендей келіп Қараба, Көктөбе, одан да ылдилап қалың нулы Қарақоңыз орман шаруашылығының жерлері орналасқан.
Әулие шоқының үстінде пайғамбардың намаз оқығанда тізесі мен алақандарының ізі қалған тас бар, от жағып мосы асқан орны бар деген аңыздарды естіп өскенбіз. Әйтеуір, бұл таудың «әулие» аталуында біз білмейтін бір сыр бардай. Мекке маңында осы таудан айнымайтын сыңары бар екен деп те жүр. Кім білсін?
Жартастың биігіне ұзынша темір қазық терең қағып орнатылыпты. Оған бізден бұрынырақ әлдекімдер тастай қып орап байлап кеткен үлкен ақ мата адуын желдің өтінде тынбай желбіреп тұр. Таудың біз жүріп келген терістік беті жадағайлау. Оның біраз баурайына дейін атпен де келуге болады екен. Ал, күнгей беті құз жартастар. Кей тұсы пышақпен кескендейтіп-тік құлама. Осы тастардың бірінің қуысында Ағыбай банды паналаған үңгір бар деседі. Болса болар, елден қашқан, жаннан безген біреу болмаса, адам баласы жүрегі дауалап пана іздегендей жер емес екен. Жартасында арқар секіріп, қуыс-қуысын жабайы аң мен құс паналаған тау емес пе бұл. Жазда болмаса қарлы қыста ұшар басына тірі жан шыға алмастай.
Алыстан мұнартып көрінген әйгілі Әулиешоқының құз-бедері жақындаған сайын айқындала түсті. Әйгілі шың менмұндалап анадайдан көз арбайды. Әйтеуір, кісіні қызықтырып, өзіне тартатын бір сиқыры бар секілді. Біздің де беталысымыз тура осы тұс. Нақтырақ айтсақ, хан Кененің ізі қалған Кекіліксеңгір тауы. Адыр-қырқаларды кесіп өтіп, тау бөктерлей салынған асфальт жолдың кей тұстары үзік-үзік, тастақты екен. Дегенмен, осының өзі жолаушыларға көп көмек болып тұрған көрінеді. Бұрын Қарасай ауылына
қырғыз елі арқылы қатынау қиындау соқса, қазір жол едәуір қысқарыпты. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ақырғы шайқасы Кекіліксеңгір тауының бөктерінде өткені тарихтан белгілі. Осы жерде азаттық үшін арпалысып, басын өлімге тіккен хан Кене көз жұмған. Оның өлімі мен жерленген жері туралы ел аузында неше түрлі аңыз бар. Тіпті, зерттеушілердің өзі әлі күнге ортақ бір тұжырым жасай алмай келеді. Біздің атқа қонғандағы мақсатымыз да осы, тарих «ақтаңдағын» ақтарып, шежіре-аңыздар мен деректерді салыстырып, саралап көру болатын. «Біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қарақоныс жазығының күн шығыс шеті Кекіліктау етегінде кездесіппіз. Кекіліктің Әулиешоқы аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған деп саналатын Майтөбе адырының басында біз… Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы, одан әрі Шу өзені… Олар биікте, біз төмен. Әулиешоқының басындағы Пішпектің құшбегі Әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын…».
Жүргенге жол жеткізбей қойсын ба, күн сәскеге таянғанда біз Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты кітабында осылай деп суреттелген Майтөбе адырына келіп тоқтадық. Құз-жартасы қарауытып, Әулиешоқы төбемізден төне түсіп тұр. Осы тұстан етектегі қырғыздардың айылдары алақандағыдай айқын көрінеді екен. Жолдың сол жағында кіші Майтөбе, оң жағында сыммен тартылған қырғыз шекарасы жатыр. Бұл төбеге хан Кене туын тіккен. Осы маңда қанды шайқас болып, қазақтан да, қырғыздан да көп жасақ қырылыпты…«Наурызбай шыға шабады. Кекіліктен зырқырап. Билері шапты қасқа атпен, Құйындай шаңы бұрқырап» – деп Нысанбай жырау жырлаған Кекіліктауы осы. Кешегі жан алысып, жан беріскен адырлар мен қырқалары бүгін моп-момақан күйге еніп, мүлгіп кеткендей. Азаттық үшін күрескен ата- бабаларымыздың қаны тамған мынау адыр 167-рет қайта түлеп, жайнаған жазды қарсы алып отыр. Тек, Майтөбенің үстіндегі ескі қорымдар, балбал тастар мен кейінгі жылдарда бой көтерген ескерткіш белгілер ғана осы жерде үлкен шайқастың болғанынан хабар беріп тұрғандай. Кіші Майтөбедегі ескерткіш белгілердің ішіндегі еңселісі Кенесары ханға арнап қойылған екен. Одан кейінгі үлкеніне Наурызбай Қасымұлының есімі жазылыпты. Жан-жағы тегіс қоршалған ескі қорым бүгінде өскелең ұрпақ бас иіп, тәу етер қасиетті орындардың біріне айналған.
Ықылым замандардан бері осы өңірдің алып ұстынындай аспанға шаншылған бұл таудың бізге мәлім тарихының бірі - қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов өмірінің ақтық сағаттарына да қатысты. Қазақ елінің азаттығы жолында он жылдан аса ат белінен түспей отаршылдармен ашық майдандасқан есіл ер, Көкшеде туған арыстан 1847 жылы көктемде осы Әулие шоқының баурайында мерт болады. Әне, анау түстік батыстан бір-біріне иек артқан Майтөбе, Кекілік-Сеңгір сол бір сұрапыл оқиғаға куә тарихи орындар.
Кенесары мен оның бауырларына қойылған ескерткіш. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысы 1837-1847 жылдар аралығында болды. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты. Сұлтан Кенесары 1802 жылы
дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел баласы, Абылай ханның туған немересі еді. Көтерілістің болашақ басшысы Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерік-жігері, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан батыллығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. XIX ғасырдың орта кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірі Л. Майер «Кенесарыға көзсіз ерлік тән еді» деп жазды. Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашаң жүзді, орта бойлы және жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін- өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамының пікіріне әрқашан мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиеті ерекше күшті еді. Әкесімен және ағаларымен бірге жүрген кездерінде олардан қолбасылық тәжірибесін едәуір үйреніп алған болатын.
Қасымұлы Наурызбайға қойылған ескерткіш. Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Винневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыны егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінід оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті.

№ 34 сурет. Кекілік сеңгір шатқалындағы Кенесары хан және оның бауырларына қойылған ескерткіш.


Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бірақ оның бұл әрекетін Қытай үкіметі қолдамады. Ресей империясымен қарым- қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Қазақтардың арасында беделі күшті әрі жауынгер ханды қабылдаудың ешқандай да қажеті жоқ деп ойлады. Оның үстіне, бұл кезде Қытайдың өзі де қазақтармен діні бір ұйғыр және дүңгендердің көтерілістерінен мазасы кетіп, қатты аландаулы болатын. Көтерілісшілердің Қырғызстан аумағындағы қимылдары
Көтерілісшілер қырғыз жеріне жақын келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстік қырғыз рулары білеуші манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Бұл талаптар патша үкіметімен және Қоқан хандығымен одан әрі күрес жүргізу үшін күш біріктіру қажеттігінен туған еді. Хан қырғыздарға арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Менің мұнда келгенімнің мақсаты, сендермен жауласу, қан төгісу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту, Қоқанның қол астынан бөліп алу, қоқандықтардың қысымынан құтқару болып табылады».
Қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрі қалыптаспаған еді. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтіп өздерінің тәуелсіздігінен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерінің ойына кіріп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе еді. Оның үстіне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкіметінің Сібір әкімшілігі тарапынан едәуір қолдау табатынын да сезді. Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға ашықтан-ашық айдап салды. Алатау қырғыздары Қоқан хандығының қолдауына сүйенді. Қырғыз манаптары ірі тайпа өкілдерін құрылтай жиналысына шақырды. Ықпалы күшті манап Орман барлық қырғыздардың билеушісі болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты. Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аттанған екі мың сарбазы жеңіліс тапты. Оның бір мыңы қырғынға ұшырады, екінші жартысы аш-жалаңаш, қару-жарақсыз, жаяу-жалпылап кері қайтты. Қазақ сарбаздарының бірқатары тұтқынға алынды. Мұның өзі қырғыздар тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген батылдық пен қатыгездік болып шықты. Қырғыздар жағы қолға түскен тұтқындар үшін орасан зор көлемде төлем талап етті. Кейінірек қырғыздар тарапынан келісім жасауға арнайы адамдар келді. Қазақтар мен қырғыздар арасында бейбіт келісім жасалды. Тұтқындар алмастырылды. Екі жақта бұдан былай бір-бірімен бейбіт көршілікте, тату-тәтті достықта тұруға серттесті. Бірақ қырғыздар көп ұзамай-ақ бұл келісімді бұзды, Кенесары ханның жақын серіктерінің бірі Саурық батырдың ауылына шабуыл жасады. Олардың бұл шабуылы қырғыз батыры Жаманқараның өлімі үшін кек алу мақсатымен ұйымдастырылған еді. Қырғыздар қазақтардың 700-ге жуық жылқысын айдап әкетті, Саурық батырды өлтіріп кетті. 1847 жылғы сәуірде Кенесары он мындай қолмен Қырғызстанның жеріне басып кірді. Қырғыздармен шайқас Ыстықкөл мен Шу өзенінің жоғарғы ағысы аралығында Кекілік сеңгір тауының қойнауында өтті.
1994 жылы Тоқмақ облысы, Шу ауданындағы ашық аспан астындағы археологиялық музейдің директоры Е. Төрехановтың «Кенесары ханның сүйегі Алмалы айылында жатыр» деген сөзі түрткі болып, академик Манаш Қозыбаев бастаған қазақ-қырғыз зерттеушілері Алмалыда қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Бірақ, бұл жұмыс нәтижесіз болып шықты. Жалпы, Алмалы немесе Алмалы сай атауы қырғыз тарихшысы Б. Солтоноевтың еңбегінде ұшырасады. Ол хан Кене мен Наурызбай батырдың тұтқындалуын былайша суреттейді:
«Тынай қырғызынан Дайырбек, Калча дегендер таң атарда Норузбайды кармаган. Жана тынай кыргызынан Кармыштын балдары Текиликтин тоосунда Кене ханды шашкеде кармаган. Кенесары мен Норузбай: «Башынарга ээ бола турган кыргыз болсоңор 12 киши экенсиңер, баарыңарга тойгондай дилде берейин, бизди элибизге алып баргыла», – дегенде болбостан алып келип, Токмоктун тоосу Алмалынын оозуна уч кун багып туруп анан соң Жантайга кабар берген». («Қызыл Қыргыз тарихы. 2 том). Б. Солтонаевтың туындысында келтірілген мәліметтердің басқа деректерге қайшы тұсы көп. К. Степняктың (Ә. Бөкейханов) «Смерть Кенесары» еңбегінде хан Кене Кекіліксеңгірде емес Алмалыда қолға түсті деп жазған. Х. Досмұхамбетовтің де тұжырымы осыған жақындау. «Кенесары мен Наурызбай да қашқан. Қырғыздар қуып, Шудың күн шығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шықырым жердегі Алмалы сай яки Су Алман деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған» деп көрсетілген Досмұхамбетовтің
«Кенесарының соңғы күндері» атты жазбасында.Тізе берсек, бір-біріне кереғар деректер өте көп. Соның бірі қырғыз жазушысы Ж. Токтоналиевтің «Хан Орман» атты кітабында Кенесарыны Мықанның қара сазында қолға түсті деп жазылса, ханды қолға түсірген Дайырбектің шөпшегі Амангелді бұл оқиға Қарабұлақта орын алған деп айтқан. Орыс саяхатшысы В.М. Винниковтің жазбаларында Кененің басы Шу өзенінің жағасындағы Қарақоныста алынғаны көрсетілген. Ал Асық ақсақалдың нұсқауы мүлде басқа тұс. Ол: «Он бір жылға – Майтөбеден анық көрініп тұрады» дейді.Негізі тарихи деректерде Он бір жылға жоқ емес, бар. Бірақ, бұл жердің атауы Кенесары ханның есімімен байланыстырылмаған. Қырғыздар Он бір жылғаның солтүстік шығысынан күн батысқа дейін ұзыннан- ұзақ созылып жатқан Беріктас жотасы Абылай ханның дәуірінде қазақ-қырғыз шекарасы болып бекітілген дейді. Беріктас дегендері Әулиешоқы болса керек-ті. Себебі, «Беріктастың басын бұлт шалса, жауын жауады» дейді олар да. Қай Майтөбені айтқаны белгісіз, белгілі тарихшы Е. Бекмаханов та Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасына сүйене отырып: «Хан Кененің қырғыздармен соңғы соғысы Кекіліксеңгір тауының етегіндегі Майтөбеде болды» деп жазады. Бір анығы – қос төбе де осы Кекіліктауының етегінде. Қай төбеде болса да, шайқастың осы маңда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары
30-дан астам сұлтанымен және аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».
Кенесары ханның қаза тапқан жеріне қойылған ескерткіш. Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871)
«Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды. Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады. Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.
Кенесары хан мен Сыпатай батыр арасындағы қарым-қатынастың кейбір белгісіз тұстарына Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, этнограф Жапар Сатылғанов мына төмендегідей түсінік береді:
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгеннен кейін барып өзіміздің шын тарихымызды түгелдей бастадық. Қазақ тарихындағы Кенесары ханның орны да, жөні де бөлек екендігінде дау жоқ. Ал, енді, Кенесары ханның қырғыз жеріндегі қасіретті өліміне Сыпатай батырдың қатысы жөнінде әртүрлі сыпсың әңгімелердің күні бүгінге дейін орын алып келгендігін жасыруға болмайды. Осы арада көзіміз көрген көнекөз қариялардан естіген әңгімелерді,
кейбір тарихи дәйектерді зерделей қарастыратын болсақ, хан Кененің қайғылы қазасына Сыпатай батырдың қатысы, тіптен, басқаша сипат алады.
Өзім естіген мына бір әңгімені қайта жаңғыртсам деймін. 1973 жылы Мәскеу маңында Кеңес әскері қатарында қызметте болдым. Әскери қызметте жүріп қысқа мерзімді демалыспен елге келдім. Анам Наушакүлдің ақылымен Мерке ауданының қырғыздармен шекаралас ауылында тұратын Әбіш Бартаев нағашыма сәлем бере бардым. Нағашым–аты ауданға белгілі, осы елдің игі жақсыларының бірі еді.
Сөз арасында нағашым:
-Әскерде бірге қызмет жасайтын қырғыз жігіттері бар ма?-деп сауал тастады.
Мен:
-Оншақты қырғыз жігітімен бірге қызмет жасаймыз,-деп жауап қайтардым.
-Олар Кенесары, Сыпатай батырлар жөнінде біле ме екен?-деді. Тарих дегенде құлағым түрік, түртпектеп ізденіп жүретін мен:
-Қырғыз жігіттері олар туралы ешнәрсе айта қойған жоқ. Жалпы ел арасында хан Кененің өліміне Сыпатай батырдың себепші болғанын айтады ғой,- дедім.
Нағашым еңгезердей ірі кісі еді, түрі сұрланып кетті.
-Тәйт!-деді ол түсін жиып алып. – Олай деп айтушы болма! Оттағандар оттай берсін! Дәлелің болып, көзің жетпеген нәрсеге түпкілікті жауап айтуға болмайды. Қазақтың елді аузына қаратқан хандары мен жауларына қарсы шапқан батырлары ешқашан бір-біріне сатқындық жасамаған. Бұл – орыс отаршылдарының елге әдейі таратқан құйтырқы әңгімелері. Заман келеді, әлі шындық айтылады.
Нағашым осыны айтты да, ашулы қалпымен сыртқа бет алды. Сол күнгі әңгімеміз осымен тәмәм болды.
Кейінірек, әскери қызметімді өтеп, елге оралғаннан кейін, Әбіш нағашыма барып, өткендегі әңгімеге қайта оралып, шындықты білгім келді. Нағашым сабырлы, ақылды кісі болатын. Дауыс көтермей, жаймен әңгімесін бастады.
... Кенесары хан қырғыз еліне әйгілі жорығында Талас өзенінің солтүстік батысындағы құмды өңірді жайлап отырған Сарыүйсін, Шымыр еліне қосын тігіп, бірнеше күн аялдаған екен. Ханның ізін бағып жүрген орыс отаршылдарының жансыздары жергілікті халықты Кенесарыға қарсы қоюға, қазақ пен қазақтың өзін және қазақ пен қырғызды жауластыруға әрекет жасап бағады. Ел арасындағы беделді, парасатты адамдардың ақыл-кеңесімен жергілікті ел-жұрт арандатуға бара қоймайды. Керісінше қалмақтармен соғыста батырлығымен танылған Жартыбай, Қойлас батырлар біраз жігіттерімен Кенесары қолына қосылады.
Хан Кене жолға аттанарда:
-Ниеттерің таудай екен, бізге әзірге көп әскердің қажеті бола қоймас. Жартыбай мен Қойлас батыр бізбен бірге жүрсін, сіздермен қайта қауышар күн тусын,-деген екен.
Содан Кенесары көші Шу өзенінің жағасындағы Майтөбе деген жерге тоқтайды. Дәл осы жерде Кене ханның шақыруымен хан ордасына Сыпатай батыр келеді. Екеуі оңаша ұзақ әңгімелеседі.
-Көп қолмен келмегенің дұрыс болған, орыс патшасынан көп күш алған мына қырғыз манаптарының пиғылы жаман, ойы арам. Байқауымша, орыстар жағы қырғыздарға «Енді қазақ деген халық болмайды, бәріңді қырғыз деп атайтын боламыз, мына кең далаға сендер егелік етесіңдер» деп уәде беріп, алдаусыратып отырғанға ұқсайды. Қазір бұларға біздің күшіміз жетпейді, сондықтан олармен соғыспаймыз, қырғыздардың біраз игі жақсыларымен келісіп қойдым, уәделері бар. Аз қолмен барып, әрі қарай Пәкістан өтеміз. Сен менің ханшатырымнан өкпелеген кейіп танытып аттан. Қолыңды Шудың арғы бетіне өткізіп із таста. Менен хабар күт,-деген екен қазақтың соңғы ханы.
Осындай жоспары бар Кенесары хан Арқадан бес мың қолмен келген Рүстем төренің сарбаздарын кері қайтарады.
Кенесарымен болған осы оңаша әңгімеден кейін шағын қолымен кері қайтқан Сыпатай батыр оларды тығылып күтіп жатқан қырғыздардың қалың әскерімен шайқасқа түседі. Әскері біраз шығынға ұшыраған Сыпатай аман құтылады.
Бұл жағдайдан бейхабар Кенесары аз ғана әскерімен, ағайын-туғандарымен алаңсыз келе жатқанда, орыстарға сатылған қырғыз манаптарының қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасап, ханның өзін және інісі Наурызбайды қолға түсіреді, олар осында қайғылы қазаға ұшырайды. Шындық осы... Осылай деп сөзін аяқтаған нағашым ұзақ үнсіз қалды.
Тағы бір әңгіме. Ыстықкөл аймағында Бозторғай деген ауыл бар. 1983 жылы осындағы Бейшебай Құтыманов деген қырғыздың әйгілі құсбегімен кездесудің сәті түсті. Әңгіме үстінде Кенесары хан туралы әңгіме қозғадым.
Бейшебай құсбегі көзі ашық, көкірегі ояу кісі екен.
-Айтатын несі бар, шоң қырғыз манаптары жүнсақал орыстардың азғыруына түсіп, ағайын арасын бұзды. "Қазақ-қырғыз біртуған" деп жатамыз. Қазақтың есіл ерлерінің қандарын мойындарына жүктеді,-деп өкініш білдірді қырғыз құсбегісі.
Кенесары ханмен бірге қырғыз-дардың қолына түскен Қойлас батырдан қалған мына бір әңгімеден аттап өтуге болмас. Қырғыз тұтқынынан босанып елге келген Қойлас батыр "Кенесары көші жайбарақат ертеңгі асты ішкеннен кейін, жолға қамданып, әзірленіп жатқанда керуенді қырғыз қолы қоршап алады. Кенесары әскерін қантөгіске жібермейді, өзім сөйлесемін, иттермен ит болмайық, деп тоқтау айтады. Қырғыз манаптарының атын атап әңгімеге шақырады. Жауап болмайды. "Сөйтіп қолға түстік. Байқауымызша, қырғыздар біздің басымызды алуға асыққан жоқ. Бір жақтан нұсқау күтіп отырғанға ұқсады. Осылайша біраз уақыт өтті. Алдында дәрежемізге қарай бөліп-бөліп қамаған ғой. Бір түнде Кенесары хан мен Науан батыр жоқ болды. Қайда кетті, кім өлтірді, қалай өлтірді, біз одан хабарсыз қалдық. Сонымен кейінірек бізді тұтқыннан босатты. Сірә, оларға керегі Кенесары болған болуы керек" деп еске алған екен.
Жалпы, Кенесары туралы да, Сыпатай батыр жайында да жазылған, айтылған деректер көп. Жоғарыда біз өз көзқарасымызды баян еттік. Бір нәрсе анық. Кенесары қырғыз елін жаулауға барған жоқ. Қырғыз манаптарымен келісіп, өз халқын қиындыққа душар етпеу үшін Пәкістан өтіп кетуге әрекет жасады. Орыс отаршылдары сатқын қырғыз манаптары арқылы ханның бұл ойын жүзеге асырмай тастады. Ал, енді, Сыпатай батырға келер болсақ, біздің ойымызша ол Кенесарыға сатқындық жасаған жоқ, оның жөні де жоқ еді. Сыпатай Кенесарымен кездесті, ақылдасты, елдің бүлінбеуі үшін, көрші халықпен жауласпау үшін құпия әрекеттерге барды. Міне, бар шындық осы құпия әңгіменің астарында болып тұр. Біздің ойымызша, Сыпатай мен Кенесары хан арасындағы сыпсың әңгімелер туралы жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Қазақтың өр тұлғаларының рухтарын жауластырмай, қайта олар-дың бір мақсаттағы - ұлт азаттығы, ел тәуелсіздігі жолындағы күрестегі ерліктерін ұрпаққа мадақ еткеніміз жөн.
Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді. Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар. Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.
Қосқұлақ батыр кесенесі (Сурет-34). Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ел басқарған хандарымыз, ту ұстаған батырларымыз, сөз бастаған шешендеріміз, ел бірлігі үшін тер төккен бабалары- мыздың барлығы да құрметтеуге лайық. Аллаға шүкір, құрметтеліп, Ас беріліп, рухтарына тағзым жасалуда. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қаншама бабалар аруағы қайта тірілді, ұлтымыздың мерейі асқақтады. Осындай жетісу- лық тұлғалардың бірі – Қосқұлақ Қалдауұлы бабамыз. Шамамен 1685-1785 жылдар аралығында ғұмыр кешіп, 104 жасқа келген десе-ді. Шыққан тегі Ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының Қожбанбет тармағынан тарайды. Қосқұлақ атануы да тегін емес екен. Нәресте туған кезде құлағының арт жағында қосымша құлақ тәрізді айнала түймелері болған, соған орай ырымдап балаға Қосқұлақ есімі беріліпті. Әкесі Қалдау кейін екінші баласы туғанда «Ұлдың атын ұйқас, қыздың атын қиғаш қой» дейтін аталы сөзді ескеріп, үлкені Қосқұлаққа ұйқастырып оның атын Бесбұлақ қойыпты. Біржағы бұл жайлаудағы бес бұлақ суының тоғысқан жерінде туған екен дегенді айтады. Осы екі кісіден өніп-өскен
Қосқұлақтың ұрпақтары киіз үйінің маңдайшасын, ал Бесбұлақтан өрбіген ұрпақтар, бабаларының бас киімін күні бүгінге дейін көздерінің қарашығындай сақтап отыр. Бесбұлақтың бала кезінде жасаған ерлігіне орай Батырша атанған, кейін би болған адам. Күллі Қосқұлақтың қарашаңырағы Қытай жеріндегі Іле- қазақ автономиялы облысы, Текес ауданына қарасты Ақши қыстағында тұратын Абиырұлы Шайықтың үйінде сақтаулы. Ал, Батыршаның бас киімі Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылындағы Рахымбайдың
шаңырағында.

№ 34 сурет. Қосқұлақ батыр кесенесі.


Бабамыздың туып-өскен жері Албан, Суан тайпалары көшіп қонып жүретін Жетісу өңіріндегі Алтынемел мен Қоңырөлең төңірегінде өмір сүрген. Қосқұлақ атаның кіндігінен 8 ұл өскен. Үлкен әйелі Сұқсыр бәйбішеден: Бәйімбет, Бұқар, Тұңғатар, Қаржау, Бөрте болса, кіші шешемізден: Алжан, Қалжан және Тілеу атты балалары өрбиді. Бәйімбеттен басқалалары өніп-өскен белді аталар шоғырын құрайды. Бұлардың ішінде өз дәуірінде асып туған айбынды Қаржау батыр да осы Қосқұлақ бабамыздың ұрпағы. Жоңғар соғысында Қанкелді, Сатай, Бөлек, Өтеген, Наурызбай, Райымбек, Сәмен т.б. батырлармен иық тіресіп Жетісу жерін жау қолынан тазартысқан белгілі баһадүр батырлардың бірі екен. Сондықтан заманында «Қаһарлы Қаржау» атаныпты.


Қосқұлақ бабамыз аса бай да, сіңірі шыққан кедей де болмапты. Орта дәулеті, өзіндік тірлігі бар әрі бес уақыт намазын қаза қылмаған, өте тақуа, таза адам екен. Сондықтан ел-жұртына қадірі мол, қазыналы қария атанады.
Енді бабамыздың өлімі жөнінде ел аузында әлденеше аңыз-әңгімелер баршылық. Осының аңызы қайсы, ақиқаты қайсысы дегенге біраз түсінік бере
кетейік. Қосқұлақ өлгеннен кейін, өз өсиеті бойынша қазіргі Алматы қаласын- дағы Әлмерек абыз, Райымбек батыр жатқан үлкен қорым зиратқа жерлемекші болады. Енді біреулердің айтуынша Түркістан кесенесіне апармақ болған дейді. Ұзақ жол болғандықтан мәйітті арулап орап, сыртын ақ киізбен қаптап тігеді де, сүйегін Ақнарға (кейде Ақатан деп те атайды) артып жолға шығады. Қасында бірталай адамдар бар. Бір жерге келгенде күн батып кеш кіреді. Жол соғып шаршаған сүйекшілер дамылдап ұйқыға кетеді, түйе де қастарына шөгіп бірге жатқан. Таңға жуық тұрса Ақнар жоқ, кездейсоқ жұмбақ күйде көз жазып қалған. Екі-үш күн іздейді. Ұшып көкте, түсіп жерде, не көрдік-білдік деген пенде жоқ.

Сурет 35. Қосқұлақ батыр кесенесінде.


Бар болғаны денесін ораған ақ киізді айдаладан тауып алады. Қасындағылар айтады, мүмкін үйренген жері ауылға кеткен болар деп, Іле өзенінің екі жағына бөлініп алып келген жолдарын қайта қарап, сүйекшілер елге оралады, бірақ та Ақнар ауылға келмеген. Жұрттың бәрі мұндай таңғажайыпқа таңғалады. Қандай киелі құдірет күш екенін кім білсін, осылай ойламаған жерден Қосқұлақ атаның сүйегін артқан түйе бір түнде көзден ғайып болады.


Ал шындығына келсек, біздің пайымдауымызша, бұдан әрі қарай оқиға желісі былай өрбіген сияқты. Ақнар адамдар қалың ұйқыға кеткен кезде жайылымға шығуы да, болмаса керуен жолының бойын торауылдаған қарақшылар қолына түсуі мүмкін. Олар түйеде көп қазына мүлік бар деп ақ киізді пышақпен тіліп қараса, байлық емес ақкебінге оралған ақсақалды адамның мәйіті шығады. Шошынған қарақшылар қайтадан түйеге артады да, бос жіберсе керек. Түйе батысқа бағыт алып жүре-жүре Қордайдың асуына жетіп, мүлде
шөгіп жатып алады. Арлы-берлі өткен жүргіншілер көріп, бұған қатты таңғалысқан. Жан-жағына хабаршылар жіберіп сұрау салады. Ақыры ақиесі табылмаған соң сондағы Жаныс, Ботбай (Дулат) елінің адамдары осында жерлеген екен. Қандай қасиетті кісі, аты-жөні кім, анық-қанығын ешкім білген емес.
Арада қанша уақыт өтті, оны білмейміз. Бірақ та, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» безіп кетіп, халық енді-енді еңсе көтеріп есін жия бастаған заман, яғни Жоңғар соғысы толық тоқтаған шақ еді. «Ел құлағы-елу» демекші, бірден-бірге естіліп, бұл хабар алыстағы Албандарға жетеді. Ұрпақтары сұрай- сұрай іздеп келсе, шынында Қордай асуындағы «Үкілі сай» дейтін тұйықтау жылға сайдың ішінде, қалың бір топ долана ағашының түбіндегі тепсең жерге түйенің жатқан орнына жерлеген екен. Келгендер жергілікті халыққа алғысын айтса, екіншіден, бір малын айтып сойып, құран бағыштап баба басына тағзым етіп қайтады. Үлкендердің айтуынша, содан бері жүз жылдай уақыт өтіп ұмыт болған десе-ді.
Енді екінші бір адамның шындыққа жақын нақты әңгімесін тыңдайық. Бұл Есікті қаласының 85 жастағы тұрғыны Құсайынұлы Жүніс ақсақал былай дейді:
«Қосқұлақ атамыз 104 жас жасаған екен, өмірден өткен кезінде біздің ауылдың қонысы Өсек өзенінің бойында болыпты. Бабамыздың жаназасын шығарар кезде алыс-жақыны бар көптеген ел-жұрт жиналып, құран-аят бағыштауға жүздей қары молда қатынасыпты. Сүйегін арулап ауылдан құрметпен шығарып салғаннан соң, сүйекшілер Ақнарды жетектеген бойда Құйған деген жерден әрең өткізіпті, – дейді. Бірақ діттеген жерге жеткізе алмай сүйегі белгісіз жағдайда ғайып болған екен. Көп жылдан кейін Қордай асуында жерленгені жөнінде дерек шығыпты. Бұл әңгіме үлкендерден қалған сөз, – деп аяқтады. Шежіреші Құсайын шалдың әңгімесіне қарағанда ислам дінінің дендеп орнығып келе жатқандығы және бұл кісінің өз заманның үлкен діндар адам болғандығын байқатса керек.
Ал енді Қосқұлақ атаның мәйітін Қордайға жерленгені жөнінде ең алғашқы жеткізуші Алға ауылының тұрғыны Қуандық деген кісі. Сол Қуандық қария 1970 жылдардың басында Қордай асуында колхоздың қошқарын бағыпты. Бұл кісі Қосқұлақ бабаның сүйегі ғайыптан қалай келгені, қай жерге және қасында кімдер жерленгеніне шейін Ақбұлақ сайында көрші отырған Ырғайты колхозының шопаны Сайлыбаев Майлыбайға (әкесінің аты – Шормақбай) түгел көрсетіп айтып береді. Майлыбай қария 2006 жылы 78 жасында өмірден озған. Ал Қуандықтан – Үсенәлі, Асанхан, Жұмахан атты үш ұл және Райкүл, Ұлбосын атты екі қызы бар. Кемпірінің жасы биыл 90-да, Жамбыл облысы, Қордай ауылында тірлік кешуде.
Осындай ел аузындағы бұрын-соңғы екі түрлі деректерді саралай келе, Қос- құлақ атамыздың алғаш жамбасы тиіп жайғасқан жері Жамбыл облысының аумағындағы осы Қордай асуы екен. Дәлірек айтсақ, Алматы-Бішкек күре жолының 184 шақырымында, оңтүстік сәл өкпе тұсында мүрдесі жатыр. Баба рухына тағзым жасаған ұрпақтары үлкен Кесене тұрғызған екен.
Экспедиция барысында «Туған жер» бағдарламасы аясында Қордай ауданы, Кенен ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Мергенбай Құттымбетовтың «Қордайдан шыққан тұңғыш кәсіби биші» туралы әңгімесі қолымызға түсті. Онда биші Алмас Бекбосыновтың өмір жолы баяндалады:
Қордайдың Кенен ауылынан шыққан қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі Алмас Бекбосынов туралы біз не білеміз? Аты аталмай жүрген ұлтымыздың небір
жампоздары бар ғой. Солардың бірі және бірегейі біздің жерлесіміз – Алмас Бекбосынов деп білеміз. Би өнерінің майталманы туралы өнер зерттеушісі Айдар Жорановтың айтуынша, ұлтымыздан ерлер арасынан шыққан тұңғыш кәсіби биші, балет өнерін алғаш меңгерген Алмас Бекбосынов көрінеді. Ал енді, Қазақстан Республикасының халық әртісі, қазақтың ұлттық балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі Болат Аюханов "Классикалық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген маман осы кісі болатын. Бекбосынов залды дүркіретіп тұрғанда мен балет өнерінде қаз-қаз басқан баладай едім. Біріншіден, Алмас ағай еркіндікті сүйетін, әрі тәртіпті, әрі орындаушылық қасиеті басым жан ретінде көз алдымда қалды. Оның классикалық би бойынша аздаған білімі бар еді, бірақ ол әрбір қойылымды нағыз кәсіби шебер маман ретінде ойнап шығатын..." деп жазады.
Алатаудың ақиығы атанған әнші-сазгер Кенен Әзірбаев та Алмастың өнерін кезінде жоғары бағалапты. Кенен Әзірбаев өзінің "Өзгерген өңір" деген мақаласында "Кировтықтардың (қазіргі Кенен ауылы.ред). мақтаныш тұтатын адамдары бар... Әйгілі балет өнерінің шебері Алмас Бекбосынов есімін жерлестері зор мақтаныш тұтады" деп жазады.
Сонда әйгілі биші Алмас Бекбосынов қайдан шыққан? Қордай ауданындағы Ешкілі Қордай тауын ежелден осындағы Мүлкіаман-Қонай руы қоныстанған. Сол таудың бір сайы Диқанбайдың атымен аталады. Диқанбай Алмас Бекбосыновтың атасы. Диқанбайдан Назарбек, Базарқұл, Бекбосын деген 3 ұл тарайды. Бекбосынның ұлы Алмас – біздің даңқты жерлесіміз болып табылады.
Бекбосын ағасы Базарқұл екеуі 1920 жылдары белгілі себептермен Алматы қаласына қоныс аударады. 1930 жылы соғыс қарсаңында Бекбосын ағамыз елге оралады. Ал ұлы Алмас болса оның туған қайнысы Қазақстанның халық әртісі Қамал Қармысовтың қолында қалып оқиды. Осында жүріп өнер жолын таңдайды. Ал енді атақты биші жерлесіміздің отбасына келетін болсақ, жұбайы Ахматова Рахима әйгілі әдебиетші, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің балдызы болған екен. Алмастың кіндігінен 1944 жылы ұлы Әнуарбек, 1945 жылы қызы Қарлығаш өмірге келеді. Жұбайы Рахима опера әншісі болыпты.
Алмас Бекбосынов 1924 жылы 24 ақпанда дүниеге келіпті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және қазақтың тұңғыш кәсіби балет бишісі ретінде елге танылған. 1940-1959 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында үздіксіз биші болған. Алмас Бекбосынов И.Надировтың "Көктем" балетінде Айдардың, В.Великановтың "Қамбар-Назым" балетінде Қамбар, Б.Асафьевтің
"Бақшасарай фонтаны" балетінде Гирейдің, А.Аданың "Жизель" балетінде Ганс бейнелерін әдемі сомдаған. Сондай-ақ, ол "Қыз-Жібек", "Жалбыр", "Абай", "Біржан-Сара" операларында би көріністерін нәшіне келтірген. 1959 жылы ол АҚШ-та болып, Американың талғамы биік өнер сүйер қауымына қазақ биінің құдіретін паш еткен. Оның Нью-Йорк қаласында қазақтың ұлттық "Көкпар" биін жоғары шеберлікпен орындағаны туралы сол кезде одақтың басылымдары тамсана жазған болатын.
Алмас Бекбосынов 1959 жылы зейнет демаласына шыққаннан кейін 1974 жылға дейін қазақ теледидарында би қойылымдары жөнінде режиссер болып қызмет атқарды. 1974 жылдың тамызында қазақтың тұңғыш кәсіби бишісінің жүрегі мәңгіге тоқтады.
Кенен ауылының тұрғындары, аудан жұртшылығы атақты жерлесіміз Алмас Бекбосыновтың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Кенен ауылындағы
№1 жасөспірімдер және жастар шығармашылығы орталығын сол жампоз жерлесіміздің атымен атау жөнінде ұсынысымызды тиісті құзырлы органдардың
құлағына салғымыз келеді. Ер есімі – ел есінде болуы керек. Бұл ұсынысымыз жерде қалмас деген сенімдеміз.

№ 36 сурет. Георгиевка қалашығындағы қазба жұмыстары.


Георгиевск қалашығындағы қазба жұмыстары. Қазіргі таңда Георгиевск қалашығын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізуде. Қазба жұмысына жетекшілік етуші т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов пен т.ғ.к., доцент Дөкей Талеев. Дөкей Талеев бұл қалашық туралы мына төмендегідей мәлімет берді: «Бұл қалашық Шу өңіріндегі қазіргі таңда ең тағдыры қиын ескерткіш болып тұр. 90 пайыз мәдени қабаты бұзылып кеткен. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау нормасы бойынша бұл апаттық жағдайдағы ескерткіш болып отыр. Жазба деректерде қандай қала болғаны белгісіз. Жібек жолының бір тармағы осы өңір арқылы өткен. Қазба барысында табылған керамика ыдыстар даталануы ҮІІ ғасырды көрсетіп тұр. Ал, қалашықтың іргетасының қашан қаланғанын әлі айта алмаймыз. Бұл қашықты т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов 1980 жылы алғаш қазған. Ол кезде қалашықтың 50 пайызы бар екен. 1930 жылы осы қалашық төңірегінде кірпіш зауыты болған дейді. Ол шикізатты, яғни сары топырақты осы қалашық орнынан алған. Бұл қалашық жазба деректерде де болуы мүмкін. Араб жиһанкезі Макдиси жазбаларында Испиджаб қаласынан бері қарай 50 қаланың аты аталған. Бірақ, баламаланған қалалар қатарына жатқызылмаған. Құрылысы жағынан ұзын қорғанды қалалар қатарына жатады. Қоршаған қамалдарының бір ғана жұрнағы қалған.»


Георгиевск қалашығының төңірегіне әлі де үйлер салынып, жер үлестірілуде. Ең алдымен соны тоқтатуымыз керек. Біздің басқару жүйесінің ең шешілмей келе жатқан мәселесі осы болып отыр. Ескерткіштердің қорғалу
аймағын жасау керек. Сол арқылы карта бойынша жер үлестіргенде осы мәселені ескеруіміз қажет.
Қордай батыр. Ежелгі заманда, бұдан екі мың жыл бұрын сақ пен ғұндары дәуірлеп тұрған шағында,І-ІІ ғасырда ғұмыр кешкен деседі. Шырақшы Тоқтұров Думан Тұрсынғалиұлы Қордай батыр туралы бірнеше аңыздар айтты.
Қордай батырдың екі қолы тоқпақтай,басы бақырдай, құлағы тебінгідей, көзі өткір, сесті, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы барлық адамнан биік болған екен. Өзі ақкөңіл, жомарт, күлгенде қарқылдап, сөйлегенде гүрілдеп, жанның бәрін жақынындай көреді. Қолы да,жолы да, ашық батыр бай болмайды. Ол тапқан таянғанын елге үлестіріп отырған. Қордайдың кезінде «Қоңыр желімді, Қордай батыр» деп жаулар да,ұрылар да оған жоламайды екен. Оны жұрт зор денелі, ерекше жаралған жан деседі.
Қордай-Ұлы жүздің Дулат руынан шыққан батыр. Атақты алашқа айналған белгілі- Қордай бабамыз Дулаттан, Қасқару, Жаныстан шыққан атақты қолбасшы болған. Ол арғы атасынан бері жалғыз атты кедей болып өсіпті. Елі мен жері үшін келешек ұрпағының болашағы үшін тер төгіп, кескілескен шайқаста басын тіккен батырларымыз қазақ халқында өте көп. Сол қасиетті батыр аталарымыздың бірі, артына өшпес із қалдырған, осы- Қордай батыр болған екен.

№ 37 сурет. Қордай батыр кесенесі.


Өтеген Өтеғұлұлының шешесі-Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен.Қордай қазақтың соңғы ханы,қаһарман перзенті,ұлт- азаттық көтерілісінің көсемі Кенесарының мерт болар алдында ат суарған, арманын әнге


қосқан.Қазіргі ғалымдардың нақты іздестіру жұмыстары Қордай батырдың Жетісу мен Қырғызстан территориясын үйсін тайпасы қоныстанып отырғакезде,өмір сүрген деседі.
Қордай батырдың бәйбішесі-Мақпуза ана болған. Екінші әйелі-Алтыншаш бибі ана болған. Одан 6-баласы болады. Ең үлкен ұлы –Атығай батыр. Олда әкесіне тартқан зор денелі, айбатты батыр болған деседі. Қордай батырдың елігі, қыран бүркіті болған екен. Тарихи деректерге сүйеніп, елікке де, қыран алып бүркітке, де ескерткіш тас мүсін қойылған екен.
Қазіргі Қордай асуында сүйегі жерленген екен. Сол маңда өзінің үйі болған деседі.Сол үйінің орнына шаңырақпен үйге ескерткіш жасаған. Қордайбатырдың басына тәж етіп келгендер құран оқып, отырып демаладыекен. Мына құбылаға қараған ем тасқа алланың нұры түскен деген қасиетті тас екен. Кімде-кім осы тасқа маңдайын тигізіп, құлшылық жасаса, тілеген тілегі қабыл болып орындалады деген сөз бар. Осы орында Қордай батырдың сақшы -қарауылы тұрған екен.
Қордай батырға жолыққысы келген адам иіліп сәлем беріп, қақпадан өтіп барған. Қордай батырдың бойының биіктігі осы қақпаның үстіндегі теміріне дейін жететін болған екен. Осы ескерткіштер салынып жатқан кезде, қақпадағы екі тасты жұмысшылар қимылдата алмаған екен. Қақпаның сол жағындағы дәу тасты жылжытқан екен, сол мезетте қара жылан қаптап кетіп,ысылдап жұмыс істеуге мұрша бермепті. Содан бір мал әкеп,құран оқып,әруақтарға бағыштап мал құдайы берген екен. Қақпаның оң жағындағы екі тасты жылжытпай-ақ қояйық деп шешкен екен деседі. Шырақшы Думан атаның айтуы бойынша, сол қақпаның алдындағы тастың үстінде бір қара жылан әрдайым тасқа шығып,қақиып отыратын көрінеді. Тастың өзінің қасиеті қандай десеңізші.
Қордай батыр туралы тарихи деректер. Бүгінгі Қордай аталатын жерден алғашқы рет тоған-тоспа соққан сол батыр болған екен. Арық қазып, жер жыртады. Ел жайлауға көшкенде жалғыз өзі қалып арпа, бидай егеді екен.Қауын қарбызын суғарып,сиыры мен жалғыз атын арқандап жата беретін болған екен. Бір жылы Қордай батырдың тоспасын тартып аламыз деп,Байжігіт ауылы оған зорлық жасап,төбелес шығарады.Қордай батыр барлығын ұрып жығады.Бірақ көпке топырақ шашып бола ма,тауға шығып алған көпшілік тас жаудырып,Қордайды жаралапты.Мұны көрген ағайындар арашаға түсіп, тоған- тоспасын алғызбай өзіне қайтарып бергізеді.
Қордай батыр тоспасын тығындап,шөп шауып, ағаштың көлеңкесінде ұйықтап жатса,жалаңаш төсінде бір қара шұбар жылан өрмелеп барады дейді.Мұздай болып сусап келе жатқан бұл пәленің жылан екенін сезіп,ол тырп етпей жата береді.Қозғалып кетсем жылан шағады,қозғалмай шыдап жата берсем, жылжып үстімнен өтіп кетер деп ойлайды.Батырдың ұйықтағанда аузын ашып жататын әдеті бар екен.Жылан үстінен өтіп бара жатқанда аузын да жауып үлгермепті.Ыстық күнде салқын іздеп келе жатқан әлгі жылан батырдың үңірейіп ашық аузын ін деп қала керек,қос тілін жалаңдатып,басын сұға бергенде,батыр оның басын тісімен қыршып алып,түкіріп тастап, атып тұра келеді. Басы кесілген жылан батырдың өн бойына қара шылбырдай оралып,
құйрығымен сабалап, денесін білем білем қылып жібереді.Жыланды ағаштың басына іліп қойып,ауылдастарына көрсетейін десе, олар анадайдан қашып жоламайды.Қордайдың батырлық, сабырлығына бәрі жағасын ұстап, таң қалады. Қордай батырдың алып болғаны соншалық, аяқтарының ідері де өте үлкен болған деседі. Биік шоқының үстіндегі тастың үстіне шығып,қараған кезде жауларының келе жатқанын көріп, өте қатты назданып, айқайлаған кезде тастың
үстіне аяғының іздері қалған деседі. Алдыңғы із-баласының іздері екен.
Қордай батырдың ерліктері. Қордай батыр ел-жұртын жаудан қорғауда орасан ерліктер көрсетіп, артына өшпес із қалдырған. Елімізде аса маңызды Ұлы Жібек жолындағы Қордай асуын шапқыншылықтан қорғаған. Қонысы Алатаудың баурайы болыпты. Жауға өз атын ұран етіп шапқанда, даусын естіп жау қашады екен. Ол кісінің найзасын мықты деген екі ер әрең көтереді екен. Ол 60 ердің қайраты бар, «қоңыр желімді Қордай батыр»- деп те атаған екен. Қордай батырдың сіңірген еңбегі ерен, жанқиярлық ерлігі, өлшеусіз де шексіз.
Еділ патша алыс жорыққа аттанарда Қордай батыр Шығыстан келетін жауды, Аспара батыр Батыстан келетін жауға қарсы шабуылға шығып отырған.

Сурет 38. Қордай батыр кесенесінде


Қордай Құттыбайдың батырлығын, балуандығын сырттан естіп, жолыққысы келеді. Шу бойына қалмақтар жайлай бастаған кезде, батырларға жаушы жіберіп, Құттыбайға барып жолығады. Екеуі ақылдасып, бірігіп,тізе қосып, қолды молырақ жинап, бір жерден ту көтеріп, жаудан бұрынырақ қимылдайды. Қордай ауылға келіп, өз қолын Шуға қарай қаптатады. Құттыбай болса, Қаратаудан бері қарай жылжып Шуға жетеді. Сөйтіп батырлар Шу


бойында бейқам жатқан қалмақтың самсаған қолын алды-артынанқыспаққа алып әлсіретеді. Жаудың бір дүрмегі Қаратаудың теріскей бетін жағалай батысқа қарай қашады.Жауды өкшелей қуған Қордай мен Құттыбай қолы Құмкент шаһары маңында қалмақтармен тағы да бетпе-бет қырғын соғыс ашады. Екі жағы да көп шығынға ұшырайды. Жекпе-жекте Қордайға ешбір жау төтеп бере алмайды.Жергілікті қазақтардың жау қолына олжаға түсіп кеткен малдарын айырып алып өздеріне қайтарып беріп отырған. Қордай батыр қалмақтарды Созақтан асыра қуып, жорықтарын жеңіспен аяқтап, ауылдарына аман-есен қайтады.
Аңыз бойынша бір күні Қордай батыр қайнаған қара көжені шарасымен алдына ала бергенде, сырттан аттандаған дауыс естіледі. Ол дереу дәу шарадағы көжені көтеріп іше салады да, атып далаға шығады. Белдеуде байлаулы тұрған қараала атқа жайдақ қарғып мінеді де, қолына шоқпар, найзасын ала ұмтылады. Ыстықтай ішкен қара көже ішек қарнын өртеп, қайта лоқсып жібергенде, қараала аттың жалы жидіп түсіп қапты дейді. Жаудың бетін қайтарып келгенде батыр атының жалғыз қалғанын сонда ғана барып біліпті. Содан былай қарай Қордайды
«қараала аттың жалы жоқ,бұдан басқа малы жоқ» деп атап кетіпті.
Бердібек, Берді деген екі ағайынды жігіт Қордай батырмен дос болыпты. Басқа байларға қарсы тұрады екен. Екеуі өздері батыр, өнерпаз, әрі күйші ақын сөзге шешен алдырмайтын тапқыр болады. Үш батыр түнде келе жатып,бейіттер арасынан бір қараңдаған дәуді көреді. Қордай батыр атынан түсе салып,қара дәумен алыса кетеді. Екі жігіт те шоқпармен ұра бастайды. Шақпақ жағып қараса, қара дәу деп алысқаны қара аю екен. Бейіттің басына сүйеп қойғаны – өлген әйелдің денесі екен. Жақында ғана қойылса керек. Топырағы әлі кебе қоймаған.
Аңыз бойынша Хантау тауларының бөктерін жаулар шабуылдап, шапқыншылық жасаған кезде, Шудың батыс жағалауынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, оңтайлы жоспар құрып амалдарын асырады. Жауға төтеп беріп,жасақтарымен қырып салады.
Сол кезде Хантау тауының бөктерінен, сай саласынан қаншама қырылған жаулардың қып-қызыл қаны аққан деседі. Сол себепті ол жер – Хантау болып аталған екен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет