ОАО «АВТОВАЗ» президенті О. Лобановтың көрсетуінше: «Только за последние два года продажи LADA в Казахстане выросли пятикратно. Четыре из пяти самых продаваемых моделей казахстанского рынка - это LADA. Войдя в Альянс Renault-Nissan, АВТОВАЗ стал мультибрендовым производителем, и уже сегодня на три наших бренда приходится 42 % казахстанского рынка». Бұған енді ГАЗ, УАЗ, КамАЗ сияқты таза ресейлік маркалар мен орыс жерінде құрастырылатын шетелдік маркаларды қоссақ, Қазақстандағы сатылатын ресейлік автоөнеркәсіп өнімдерінің біздің ішкі нарығымызда алатын үлесі төмендегі деректен де асып жығылады. Нақты айтсақ, жағдай төмендегідей (дерек - http://auto.mail.ru/article.html?id=44524):
Ресейлік техниканың сапасы сын көтермесе де, бағасы тым жоғары. Бұған қоса, импортталатын көліктерге «утилизация жасаудың» қосымша салығын ендіріп, ресейліктер бәсекелестікке төтеп берудің жасанды жолын таңдап отыр. Осыдан келіп, Кедендік одақтың ауқымында кедендік салықтардың жоғары болуынан, импортталатын шетелдік көліктердің бағасы мүлдем қымбат. Қазақстандықтар амал жоқтан ресейлік көліктерді алуға мәжбүр, одан қалды, заңға қайшы болса да, Қырғызстаннан рөлі оң жақта орналасқан жапондық көліктерді сатып алып, сенімхат арқылы жүргізуде. Оның зардаптары қандай болып жатқанын көріп жүрміз, түптеп келгенде, бұдан мемлекет те, жеке азаматтар да зиян шегуде. Кеден Одағына кірсек, арзан тауарларға қарық боламыз деген қараша халықтың үміті де ақталған жоқ. Керісінше, қымбатшылық күн өткен сайын қалтаны қағып, алқымнан қысып барады.
Кеден одағының аумағында жүк тасымалдаудың қиын екенін логистикалық тасымалмен айналысушылар да әуел бастан айтып келеді. Жүк тасымалымен айналысушылар кедендік рәсімдеуде әкімшілік қағазбастылық көбейіп кетуінен шекараларды кесіп өтудің қиындағанын, кедендік бюрократиядан көп уақыт жоғалтып отырғандарын айтып наразылық білдіруде. Мұның барлығы тасымалдау шығындарын арттырып, тауарлардың бұзылуына ықпал етуде, түптеп келгенде, тасымалданатын тауардың бағасы шарықтап қымбаттауда.
Кеден одағындағы Ресейдің жасап отырған озбырлығына Беларуссия да наразылық білдіріп отыр. Бұл туралы биылғы қарашаның соңында Беларусь Республикасының Бірінші вице-премьері Владимир Семашко мәлімдеді. Оның айтуынша, Кеден Одағының заңнамасындағы шикіліктерден белорустық өнеркәсіп зиян шегуде. Әсіресе, белорустардың ауыл шаруашылық техникаларының Ресей нарығына енуіне тосқауылдар қойылуда. Оған қоса, Ресейдің ойлап тапқан импортталатын автотехникаларға салынатын «утилизациялық салығы» беларустың МАЗ авто техникасының құнына 18% пайыздық үстеме қосуына алып келіп, бәсекелестікке төтеп беруін төмендетуде. В. Семашконың айтуынша, мұның барлығы беларустардың шаш етектен шығынға батуына ықпал етіп отыр (дерек: http://www.fruitnews.ru/logistika/tamozhnya/37076-proizvoditeli-selkhoztekhniki-v-belorussii-nedovolny-vstupleniem-strany-v-tamozhennyj-soyuz.html).
Минск саммитінде Кеден Одағына Армения кіреді, одан кейін Қырғызстан, сосын Украина кіруге ынталы, тіптен, Үндістан мен Түркия да кірмекші-мыс деген әңгімелер айтылғаны есімізде. Бірақ, іс жүзінде бұл аталған мемлекеттердің халқы Кеден Одағына кіруге қарсы екенін әлемдік қауымдастық кейінірек біле бастады. Қазір Украинада «Евромайдан» деген атпен белгілі халық толқуы басылмай тұр, украиндықтардың талабы – Украина Евро Одаққа кіруі тиіс, ал, Кеден Одағына кіруіне ол елдің халқы үзілді-кесілді қарсы. Украина билігі әскер мен полицияны барынша пайдаланып, қарсылық акциясын басуға ниеттенгенімен, қарулы қақтығыста жүздеген адам жарақаттанса да, түрлі-түсті «майданға» үйренген украиндықтарды алған бетінен қайтару қиын болып тұр. Тіптен, күні кеше ереуілшілер Киев қаласының әкімшілігін, түрлі мемлекеттік ғимараттарды басып алып, президент әкімшілігіне шабуыл жасады. Евроинтеграцияны қолдаушылар Украинаның Кеден одағына қосылуына қарсылық ретінде мезгілі шектелмеген қарсылық көрсететінін жариялады. Олар Кеден Одағына кіруді – Ресейдің боданына айналумен тең деп түсінеді.
Армения билігінің Кеден Одағына қосыламыз деген мәлімдемесі де ол елдің ішінде қатты наразылық туындатып отыр. Бұл шешімге қарсылық ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіру мақсатында Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам қатысқан үлкен митинг өтті. Митнингті ұйымдастырушы – Армения президенттігіне үміткер кандидат болған Паруйр Айрикян армяндар евроинтеграцияны қолдайтынын айтты. Оның бастамасы қоғамдық қолдауға ие болып, «Абыройлы отан» азаматтық бастама ұйымы, «Мұра» оппозициялық партиясы, Армен Мартиросян және Давид Санасарян сияқты қоғам қайраткерлері бастаған мыңдаған еревандықтардың қарсылық шеруіне ұласты.
Кеден Одағына кірмекші болып отырған Қырғызстан 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағанда оның толық мүшесіне айналады екен. Бұлай деп сәуегейлікпен айтқан – Ресей президентінің кеңесшісі - Сергей Глазьев. Дегенмен, мұндай маңызды саяси шешімді қабылдау Қырғызстанға оңай болып отырған жоқ. Бір жағынан қырғыздар 1998 жылғы 20 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп алған. Яғни, қырғыз ағайындар 15 жыл бойы ДСҰ қызығын көріп, нанын жеді, артықшылығы мен пайдасын көрді. Осы жерде: «Олай болса, Қырғызстан Кеден Одағына несіне кірмек?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Оның сыры мынада болса керек. Қырғыз экономикасы негізінен Қытайдың тауарларын рээкспорттаумен (импортты үшінші елдерге қайта экспорттау, қазақша айтсақ, алып-сату) пайда табатыны баршамызға мәлім (Қазақстанға – «Дордой» көтерме базары, Өзбекстан мен Тәжікстанға – «Қарасу» көтерме базары арқылы). Кеден Одағы құрылғалы қырғыз шекарасына «құлып» салынды. Оштағы қырғыз-өзбек арасындағы қантөгіспен аяқталған жанжалдан соң Өзбекстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы да нашар. Осындай қиын жағдайдан рээкспорттық сауда дағдарысқа ұшырып, Қырғыз экономикасы абдырап қалды. Енді олар орын алған қиындықтан шығудың жолдарын қарастыруда. Сондай жолдың бірі – Кеден Одағына кіріп, «үлкен ағалардың» қамқорлығын көру. Биылғы 19 қарашада Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесінде Қырқызстанның Кеден Одағына кіруінің «жол картасы» мақұлданды. Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтің айтуынша, «жол картасы» бұл ел үшін маңызды бес мәселені қамтиды: республика кәсіпкерлерін қолдайтын арнайы қор құру, еңбекті көп қажет ететін өндірістерді дамытуға тәжірибелік көмек беру, «Дордой» және «Қарасу» көтерме базарларына қолдау көрсету, еңбек мигранттарын қорғау туралы жеке келісім жасау, Қырғызстанның сыртқы шекараларын жарақтандыруға көмек көрсетілуі. Ең бастысы – Қырғыздар Кеден Одағына кіргені үшін оның мүшелерінен $1,2-1,6 млрд. қайтарымсыз көмек алады екен (толығырақ қарасаңыз: http://www.interfax.by/news/belarus/142070). Алайда, билік қолдағанымен, Қырғызстанның ішіндегі бірқатар саяси күштер Кеден Одағына кіруге қарсылықтарын білдіріп, саяси шерулер өткізіп те үлгерді.
Сонымен қатар, биыл Қытай Халық Республикасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин Бішкекке сапарында «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртатынын айтып, бұл жобадан Қырғызстанның құр алақан қалмайтынын аңғартты. Кеден Одағына кірсе, Қытаймен қарым-қатынастары қалай болары беймәлім. Кірмеске амалы тағы жоқ. Осылайша, Қырғызстанның не істерін білмей дал болып отырғаны байқалады.
Қорытып айтар болсақ, «Бақсам, бақа екен» демекші, Кеден Одағына кіру - пайдаға кенелу емес екен. Одақтың ішінде де өзара бәсекелестік пен ұлттық мүдде үшін күрес қызып тұр. Осындайда «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген аталарымыздың айтқаны тағы да ойыңа келеді екен. Бәлкім, Минскіде айтқан Елбасымыздың сынынан кейін Ресей өзінің амбициялық айылын жиып, Кеден Одағының жұмысы жақсарып кетер деген үмітпен ой толғауымызды тәмамдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |