1.1. Кәсіпкерлік ойлау жүйесі және эволюциясы Кәсіпкерлік – адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. Бұған кезінде атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозеф Алиоз Шумпетер (1883-1950 жж.) мән берді. Оның айтқан мынандай сөзін эпиграф етіп алуға болады: «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу». Екінші жағынан кәсіпкерлер – алдымен кәсіпкерлік жұмысты ұйымдастырушылар. Ол туралы француз экономисі Жан Батис Сэй (1767-1832жж.) былай деген: «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік шеңбер ауқымында ұйымдастыратын адам».
«Кәсіпкерлік терминін алғашқы рет ағылшын экономисі Ричард Кантильон (1650-1734жж.) ендірді. Бұл ұғымға ол нарықтық тәуекелділік жағдайында табыс алу мақсатымен өндірісті ұйымдастырудағы адам белсенділігін жатқызады.
Кәсіпкерлер экономикалық қатынастардың қатысушылары ретінде осы процесте жетекші рөл атқарады. Қазақстанды және қазақстандық тауарларды халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ету; әділдік пен прагматизм негізінде серіктестермен және тұтынушылармен қарым-қатынас жасау; ұлттық бірегейлікті жоғалтпай, бизнесті жүргізудің үздік инновациялық тәсілдері мен тетіктерін таңдау; бизнес-процестерге жаңа білім мен технологияларды әкелу кәсіпкерлердің қолынан келетін іс; олар елдің эволюциялық және ашық дамуына көмектеседі.
Кәсіпкерлердің басқа адамдардан басты айырмашылығы — олар ойлаудың ерекше үш қасиетіне ие-олар белсенді, жауапты және нәтижені мақсат тұтады.
XX ғасырдағы менеджменттің ең ықпалды теоретиктерінің бірі Питер Друкерайтқандай, ойлау типі осындай адамдар әрқашан өзгерістер іздейді, оларға жауап береді және оларды мүмкіндік ретінде пайдаланады. Олар әлемді өзгертуге ұмтылады және осы себеппен, Evernote бас директоры Фил Либин пайымдауынша, компанияларды ашады. Американдық инвестор Джеймс Алтачердің пікірінше, олар сәтсіздікке төзе алады, идеяларды генерациялай алады, осы идеяларды сата алады, осы идеяларды жүзеге асыра алады және өз қателіктеріне қарамастан, алға қарай келесі әрекеттерге ұмтылады. "Ашока:қоғам үшін инновациялар" коммерциялық емес қорының негізін қалаушы және төрағасы, әлеуметтік кәсіпкер Билл Дрейтон оладың қиындықты көре білетінін және оған жауап іздейтінін растайды. Garage Technology Ventures компаниясының басқарушы директоры, Apple Computer компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі Гай Кавасаки олар үшін бизнес – жұмыс емес, болашақты өзгертетін ақыл-ойдың күйі екеніне сенеді.
Қарапайым адам пассионарлық тәсіл принциптерін ұстамайды (мақсатқа ұмтылу және көптеген адам үшін құрбандыққа шалуға дайындықты білдіреді), ол өте сақ болады, тәуекелге ұшыраудан қорқады және ешқашан өз еркімен ешқандай жұмысты мойнына алмайды, қиындықтардың алдында ол басын ала қашады және кім келіп, оған не істеу керек екенін айтар екен деп күтеді. Тығырықтан шығудың амалы ретінде ол кәсіпкерлік ойлау қабілеті бар адамдарға үміт артады.