13.6 Кәсіпкерлікті дамыту сатылары. Тарих белестерінде бизнестің бірнеше даму сатыларынан өткені белгілі. Алғашқы төрт сатыны айтпай-ақ, бизнестің соңғы бірнеше ғасыр бойы қалай дамығанына назар аударайық.
Бәсекелес немесе қызғылт сары саты. Қызғылт сары ұйымдар Қайта өрлеу дәуірінде пайда болып, екі ғасыр бұрын күш жинады. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс әлемінде басымдыққа ие болды. «Қызғылт сары» көзқарас бойынша әрбір адамның кез келген мақсатқа қол жеткізуге құқығы бар: жинап тазалаушы – бас директор, қайыршы – миллионер бола алады. Ең бастысы – қызметкерлердің арасындағы ішкі күрес болсын, сыртқы күрес болсын, бәсекелес күресте жеңімпаз болу. Компанияның мақсаты – табыс табу. Құрылымында нақты иерархия қалыптасқан. Жоспарлардың орындалуы мен жүзеге асырылуы бөлінген: жоғарыда – жоспарланады, төменде – орындалады. Басшы шешім қабылдайды, ол төмен қарай басқа деңгейге беріледі және нәтижесінде тапсырма төменгі буынның орындаушысына дейін жетеді. Компанияда ішкі ережелер жиынтығы бар. Осы сатыда құрылым қатаң болғанымен, жаңашылдық қабылданады, жеке жауапкершілік пен қызметтік баспалдақпен өсу мақұлданады. Табыстың өлшемі – материалдық әл-ауқат. Көптеген ірі халықаралық компаниялар осы уақытқа дейін қызғылт сары қағидат бойынша құрылған.
Плюралистік немесе жасыл саты. Жасыл ұйымдар XIX және XX ғасырлардың тоғысында пайда болды. Сол уақытта адамдар Өнеркәсіптік төңкерістен кейін туындаған теңсіздікпен күресуге тырысты, ал 1960 жылдары коммуналарды құрды. Жасыл ұйымдарда жұрт бір-біріне құрметпен қарайды, қамқорлық жасайды. Адамдар әділдікке, теңдікке, үйлесімге, татулыққа және ымыраға келуге ұмтылады. Жасыл ұйымдар үшін топтың ішіндегі жеке қарым-қатынастар нәтижеден бағалы, ал жеке басының пайдасынан ғаламшар мен адамзат үшін пайдасы маңыздырақ. Жасыл компаниялар болашақ компаниялардың орнына үміттенді. Дегенмен ойлары іске аспай қалды – бұл ұйымдар таза күйінде қызмет ете алмайды. Бәсекелестерді жеңу сияқты компанияның мақсаттарынан ұжым ішіндегі жеке қарым-қатынастар жоғары тұрды. Осылайша алғашқы көгілдір ақық (зүбәржат) ұйымдар пайда болды.
Көгілдір ақық (Зүбәржат) ұйымдар қызғылт сары мен жасыл компаниялардың ең үздік қызметтерін алды. Қызғылт сарылардан сыртқы компаниялармен бәсекелестікке түсу деген ниеттерін, ал жасылдардан – команда болуға ұмтылысын алды. Болашақ ұйымның ең басты белгісі – өзін-өзі басқару, дегенмен бұл қызметкерлер ойына келгенін істейді деген сөз емес. Бұл – бақылауда болатын өзін-өзі басқару. Өзін-өзі басқаратын командаларда басшы – үстіңізден қарап тұратын сақшы емес, ол – тәлімгер. Ол жұмысты бақыламайды, ол оқытады және ұсыныстар береді. Жоспарлау мен бюджеттеудің орнына көгілдір ақық (зүбәржат) командалар ішкі кеңестерге құлақ түреді, бұл кеңес беруге бүкіл команда қатысады.
Сіз болашақта жеке кәсіпкер болған кезіңізде қандай компания ұйымдастыратыныңызды өзіңіз таңдайсыз. Ең бастысы, бизнесте серіктестерінің, клиенттерінің, қызметкерлерінің, мемлекет пен қоғамның алдындағы өзінің міндеттемелеріне неғұрлым жауапкершілікпен қараса, ол соғұрлым табысты болады. Болашақтағы компаниялар ынтымақтастық пен эмпатия принциптеріне ( өзгелере үшін алаңдау) негізделген. Нәтижесінде бизнестің пайдалы болуына (өйткені процеске қатысушылардың барлығына жұмысты адалдық пен теңдік қағидаларына негізделіп жүргізу ұнайды), қоғамның одан әрі дамуына алып келеді.