Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі


ТАРАУ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ



бет3/4
Дата04.11.2016
өлшемі1,04 Mb.
#226
1   2   3   4

2 ТАРАУ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ.
2.1 Қазақ хандығының құрылуы.
Ал енді баяғы өткен бағзы заманның ұзын ырғасына көз жібере отырып, XV ғасырдың ІІ-жартысында тарих сахнасына жаңа бір саяси құрылым – Қазақ хандығын, алғашқы Қазақ мемлекетін алып келген маңызды оқиғалар тізбегін саралап көрейік.

Тарихи әдебиеттерде «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп аталатын Әбілхайыр Хандығы (1428-1470ж.ж.) XV ғасырдың 30-40-шы жылдары өз дамуының жоғары шегіне жетеді. 16-17 жолынан билікке араласқан шайбанилық Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың ру – тайпа көсемдері мен билердің қолдауына сүйене отырып, XV ғасырдың 30-шы жылдары сондағы хандар мен сұлтандардың қарсылықтарын басады. Сөйтіп Дешті Қыпшақта көшпелі тайпалар негіз болған біртұтас мемлекет құруға ұмытылады. 1446 жылы ол Сырдария өзеннің Орта ағысы бойындағы Түркістан аймағын өзіне қаратып, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің астанасын Батыс Сібірден Түркістан аймағына Сығанақ қаласына көшіреді. [21,158] Сондай-ақ Әбілхайыр хан 1449-1451 жылдары Мәуреннахрда қалыптасқан саяси дағдарысты өз пайдасына шешпек болып, таққа таласушы Ақсақ Темір ұрпақтарының бірі Әбу Сайд мырзаны қолдайды да, тікелей әскери көмектің жәрдемімен оны Самарқан тағына отырғызады.

Әбілхайыр ханның XV ғасырдың 40-50 жылдарында хандықтың батысында жүргізген сыртқы саясаты да нәтижелі болады. Оған себепші болған жағдайлар мыналар еді. Алтын Орданың Кіші Мұхаммед хан тұсында Қазан, Қырым және Астрахан хандықтарына бөлініп, солардың өзара күрестері, Ноғай Ордасындағы Мансұр би өлгеннен кейін, едіге ұрпақтары арасында болған тақ үшін алауыздықтар мен күрестер. Хандықтың батысындағы көрші елде болған жағдайды Әбілхайыр хан тиімді пайдалана біліп, онда да өзіне қолайлы адамды билікке отырғызады. Ол адамы Едігенің көп ұлдарының бірі Қазы би еді. Қадырғали би Қасымұлы Жалаиыри «Ол ұлыста, яғни Ноғай Ордасында Мансұр бидің орнына Қазы би болды» – десе, Әбілғазы Ноғай Ордасында билердің өкімет басына қалай келгендігін Дешті Қыпшақ тайпалары арасында кең тараған мынадай сөзбен түсіндіреді: «Әбілқайыр хан болды. Қазы би болды, Иадгар хан, Масы би болды». [14,125]

Сөйтіп, Әбілхайыр хан өз хандығының оңтүстігі мен батысындағы мемлекеттердің басына өзіне қолайлы адамдарды қоя отырып, өз мемлекетінің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және өзі отырғызған билеушілермен тиімді қатынас орнатады. Жалпы алғанда XV ғасырдың 40-50 жылдары «көшпелі өзбектер» мемлекетінің сыртқы саясаты оңтүстікте және батыста белсенді, нәтижелі түрде жүргізіледі.

«Көшпелі өзбектер» мемлекеттің ішкі саяси жағдайы XV ғасыр ортасында сырттай тұрақты болып көрінгенімен, ол тұрақтылық объективті заңдылықтар нәтижесінде емес, керісінше, күшпен орнатылған саяси тұрақтылық болатын. Ондағы ұлыстарда бір-бірімен тығыз экономикалық байланыстардың болмауы және ортақ нарыққа қажетті алғышарттардың жоқтығы саяси өмірде бөлінушілік ағымдарды туғызады. Оған Махмуд, Ахмед және Мұстафа хандардың қарсылығын дәлел етіп айтуға болады. Қухистани былай деп жазады: «Жошы ұрпағынан тараған Махмуд хан мен Ахмед хан Әбілхайыр ханға бағынбай және оны тыңдамай, оған қарсы бүлік жасады», 1457 жылы Сығанақ қаласы түбегінде Әбіхайыр ханның қалмақтардың көсемі Үз-Темір тайшыдан жеңілуі және осы жеңістен кейін Керей мен Жәнібек Сұлтандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанға кетуі, сондай-ақ 1468-69 жылдары Әбілхайыр хан өлгеннен кейін оның ұрпақтары арасында тақ үшін болған таластар хандықтың ішкі саяси тұрақсыздығын көрсетеді. Тіпті Әбілхайыр ханға әрі туыс, әрі бағынышты болып, әскер басы қызметін атқарған шайбанилық Буреке сұлтан Әбілхайырдың орнына келген Шайх Хайдар ханның Ордасын ойрандаушылардың қатарында болады. Ол жөнінде Әбілғазы: «Ол уақытта «Атаң жұртын жау шапса, айналдыра бірге шап» деген көне сөз бар еді. Бұл сөзді орындағандай Буреке сұлтан бір жақтан қол созды», - деп баяндайды. [14,126]

Жалпы алғанда, Әбілхайыр хандығының ішкі саяси әлсіздігі, әсіресе 1457 жылы қалмақтардың жеңілуі оның мемлекетінің ыдырау процесін тездетеді. Ал ол өз кезегінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан бөлініп, Моғалстанда жеке хандық құруына қолайлы жағдайлар жасайды.

Қазақ хандығының құрылу тарихында Моғолстан мемлекеті және оның XV ғасырдың 40-50 жылдардағы ішкі, сыртқы саяси жағдайлары, мемлекеттің осы мезгілде Мауреннахрмен, Әбілхайыр Хандығымен, сонымен бірге қалмақтармен қарым-қатынасы ерекше рөл атқарады.

XV ғасырдың 40-50 жылдарында Моғолстанның ішкі саяси жағдайы дәл осы мезгілдегі Әбілхайыр Хандығымен салыстырғанда анағұрлым нашар еді. Егер де Әбілхайыр хандығында тайпа көсемдері мен ұлыс билеушілердің бағыныштылығы қатаң сақталса, Моғолстанда әрбір тайпа көсемдері өздерін әмір деп жариялап, ханға бағынбаған. Хан билігі мемлекет ішіндегі өзіне бағынышты тайпа мен оның территориясына ғана жүреді. XVІ ғасырда Моғолстан мемлекетінің тарихын жазған Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Моғалстанның XV ғасырдың 30-50 жылдарындағы ішкі саяси өмірі туралы былай дейді. "Жүніс хан Мауреннаһрға кеткен кезде моғол ұлысы түгелдей Есенбұға ханға бағынды. Бірнеше жыл осылай өтті. Хан жастығы мен кәмелетке толмауы себепті әмірлерге әдепсіздік көрсетті. Тұрфаннан ұйғыр тайпасынан шыққан Темір атты біреуді өзінің орынбасары етіп сайлап, оған деген қамқорлығы шектен асып кетті. Сондықтан өзге әмірлер оның мәртебесінің өсуін, әрі өздерінің Темірді қолға түсіріп, паршалап, көзді ашып жұмғанша жан-жаққа бытырап кетті. Хан қатты үрейленіп, өзі де қашып шықты.

Бұл хабар Қашқардағы әмір Сайид Әлінің құлағына да жетті. Әмір Саййид Әлі Моғолстанға барып, Ақ-Құйашта ханның мүшкіл халінің үстінен түсіп, оны бірнеше адамымен алып келіп, Ақсуды ханға тапсырды. Қалайда моғол әмірлерінің әрқайсысы бір қызметке ие болды. Әмір Мұхаммед шаһ Атбасыға қоныстанды. Сол уақытта хат жазыса отырып әмір Сайид Әлі өз жиенін араға дәнекер етіп, Ақсудағы хан жанына барды. Содан өмірінің ақырғы күніне дейін сонда өмір сүрді.

Сол уақытта тағы бір әмір Кәрімберді – ол да дулат руынан еді, Моғолстан шекарасында Әндіжан мен Ферғана бағытында Алабұға деген жердегі бір төбенің үстіне қорған салды. Күні бүгінге дейін оның орны көрініп жатыр. Әмір Кәрімберді Әндіжанға және мұсылмандарға шабуыл жасап тұрған.

Әмір Хақберді бекжак Ыстық көлдің Қой су деген жерінде қорған салған. Ыстық көлдің аралына бала-шағасы мен әйелін қалмақтардың шабуылынан сақтау үшін орналастырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті.

Шорас (Чурас) пен барин тайпаларының әмірлері Исан Тайшының баласы Амансанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ калучи (қалушы), бұлғашы (булгачи) және басқа да бірнеше тайпалар Өзбекстанға Әбілқайырдың қол астына кеткен еді.

Құнжы әмірлері, тағы басқалары Моғолстан даласын сергелдеңге түсіріп, берекетсіздікке ұшыратты". [4,109]

Моғолстанның сол кездегі ханы Есен-бұға тайпа әмірлерінің мұндай іс-әрекетіне қарсы шебер тоқтау салмайды, тоқтау салатындай онда күш те жоқ болатын. XV ғасырдың 50 жылдарының соңына таман, Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған адамдардың Моғолстанға келу қарсаңында Моғолстанның ішкі жағдайы міне, осындай еді.

XV ғасырдың 40-50 жылдары Моғолстанның сыртқы саяси жағдайы да, көрші елдермен қарым-қатынасы да мәз емес еді. XV ғасырдың басынан бергі оның шығыстағы көршісі қалмақ тайпаларымен қарым-қатынасы көп жағдайда соғыстар, өзара жорықтарымен шектелген. Моғол-қалмақ қатынастарында қалмақтар жетекшілік орынға ие болады. Олар үнемі Моғолстанға тонаушылық сипатта жорықтар жасап, елді күйзеліске ұшыратады, ал Моғол хандары тарапынан ешқандай тегеурінді қарсылықтар жасалмайды. Қалмақ тайпаларының Моғолстанға жасаған жорықтары Есен-Бұға ханға дейін де, оның билік құрған кезінде де жалғаса береді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Есенбұға ханның әкесі Уәйіс ханның (1425-1428ж.ж. Моғол Моғолстан ханы) Қалмақ тайпаларымен 61 рет соғысқанын, оның ішінде 2 рет оларға қолға түскендігін, 60 рет жеңіліске ұшарағандығын айтады. [4,99] Моғол-қалмақ тайпалары арасындағы жорықтардың санына қарап, әскери қарым-қатынастың қандай дәрежеде, сипатта болғандығын анықтау қиын емес. Уәйіс хан бар болғаны 3-4 жылдай ғана хан болады. Сонда Уәйіс ханның тұсында Моғолдар шығыстағы көршілермен жыл сайын 15-20 рет, ал ай сайын 1-2реттен соғысып, жорық жасасып отырғандығын байқаймыз. Мұндай жағдай XV ғасырдың 40-50 жылдары Есенбұға хан тұсында да жиі қайталанып тұрады. Тіпті 1457 жылы Үз Темір тайшы бастаған қалмақтардың Әбілхайыр хан әскерімен ұрысы кезінде қалмақ көсемі өз тылын Моғолстан территориясындағы Шу өзенінің бойына емін-еркін қалдырып кетеді.

Моғолстанның XV ғасырдың 40-50 жылдарындағы қалмақтармен саяси қарым-қатынасы моғолдар үшін өте ауыр жағдайда болады. Сондықтанда Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне Есен-Бұға хан ешқандай қарсылық білдірмейді, қайта олардың келгеніне қатты қуанады.

1451-1457 жылдардағы Моғолстан мен Мауреннахр арасындағы саяси қарым-қатынаста Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне қолайлы жағдайлар жасайды. Қазақ хандығының Моғолстанның батыс бөлігінде пайда болуымен, 1451 жылы Мауреннахрға билеуші болып келген Әбу Сайд мырзаның Моғолстанның жүргізген саясаты тікелей себепші болды.

Ақсақ Темір ұрпақтары билеген Орта Азияда 1449-1450 жылдары Әмір – Абдалатиф мырза өлтірілгеннен кейін, Шахрухтың Ибрахим деген ұлының баласы Абдаллах мырза мен Ақсақ Темірдің Мираншах деген ұлының немересі Әбу Сайд арасында билік үшін күрес басталады. [22,225] Жеңіліске ұшыраған Әбу Сайд Мауреннахрдан қашып, Түркістан жаққа, сонан соң «көшпелі өзбектер» мемлекетіне келіп паналады, 1451 жылы Әбілхайыр ханның тікелей әскери көмегімен Әбу Сайд Абдаллахты жеңіп, Самарқан тағына отырады. Көрсеткені жәрдемі үшін Ұлықбек мырзаның қыздарының бірі Рабиға бегім Әбілхайырға ұзатылады.

1449-1451 жылдары Мауреннахрдағы саяси дағдарысты пайдаланып, Моғолстан ханы Есен-Бұға Моғолстанмен көршілес Мауреннахрдың Ташкент, Түркістан аймақтарына тонаушылық сипаттағы жорықтар жасайды. 1451 жылы Әбу Сайд мырза билікке келгеннен кейін де мұндай жорықтар қайталанады.

XV ғасыр ортасында Мауреннахрға шығыстан Есен-Бұға хан қауіп төндірсе, оңтүстік – батыстан одан да зор жау пайда болады. Ол XV ғасырда Әзірбайжан мен Ираннан солтүстігі мен батысындағы болған Қара-Қоюнлу әулетінің өкілі Жахан шах еді. [22,226] Жахан шах та Есен-Бұға хан секілді Мауреннахрда саяси дағдарысты пайдаланып, Ақсақ Темір ұрпақтарынан Хорасан аймағын қайтарып алуды ойластырады. 1458 жылы Жахан шах үлкен ұлы Пір Бұтақ сұлтанмен бірге Хорасанға еніп, Герат қаласын басып алады.

Мауреннахр үшін бұл өте қысыл - таяң шақ еді. Шығыстан Есен-Бұға хан, солтүстік батыстан Жахан шах қатер төндіргенде Әбу Сайд мырзаға екі майданда соғысу қауіпі туады. Бірақ Әбу Сайд мырза бұл қатерден оңай құтылады.

Мауреннахр билеушісінің қиын жағлайдан құтылуына бірден-бір себепкер болған Есен-Бұға ханның туған ағасы Жүніс сұлтанның Хорасанда болу еді. Қазақ хандығының Моғолстанның батысында пайда болуына тікелей себептер болған Жүніс ханның тұлғасына қысқаша тоқталып өтелік.

Жүніс ханның өміріне байланысты мәліметтер орта ғасырлық деректерде баршылық, солардың ішінде көбі Захир Ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» шығармасында кездеседі.Оның себебі Жүніс хан Бабырдың туған нағашы атасы. Бабыр Жүніс хан туралы былай деп жазады «Жүніс хан,Есен-Бұға Уәйіс ханның ұлдары, Жүніс ханның шешесі Темірдің рахымы түскен Түркістанның қыпшақ бегі Шейх Нұр ад-диннің иә қызы, иә немересі. Уәйісхан өлгеннен кейін, Моғол ұлысы екіге жарылды: бір бөлігі – Жүніс ханға, екінші бөлігі Есен-Бұға ханға қарады. Бұған дейін Ұлықбек мырза Жүніс ханның әпкесін Әбді ал-Азиз мырзаға айттырған. Осындай туыстың, жекжаттыққа байланысты барша туман бектерінің бірі Иразан, Чарас туманының бегі Мирек Түркмен екеуі қасында 3-4 мың түтін моғолмен қоса Жүніс ханды Ұлықбек мырзаға алып келді. Мұндағы мақсаты Ұлықбектің жәрдемімен Моғолстанды түгел жаулап алу еді. Ұлықбек мырза бұлардың бұл қылығына өң қарамады: келген моғолдардың біразын тұтқынға алып, қалғандарын әр аймаққа таратып жібереді. Иразанның салған бұл лаңы моғол ұлысында естен кетпейтін оқиға болды.

Ханды Иран жаққа жөнелтті. Тебрезде жылдан астам тұрып қайтты. Ол кезде Тебрезді Жахан шах Барани Қарақойлық билейтін Хан сол жақтан Ширазға келеді, Ширазда Шахрух мырзаның екінші ұлы Ибраһим сұлтан мырза тұратын. Бес-алты айдан кейін Ибраһим Сұлтан мырза дүние салып, оның хан тағы мұрагер баласы Абдолла мырзаға көшеді. Сөйтіп, хан Абдолла мырзаның нөкері болды. Ширазы бар, басқасы бар, әйтеуір, сол аймақта хан 17-18 жыл өмір кешеді. [3,29-70] Міне, осы Жүніс ханды Әбу Сайд мырза Есен-Бұға ханға қарсы қолданады.

Әбу Сайд Мырза Мәуреннахрға төнген екі қауіптің орнымен күресуді таңдайды. Мауреннахрға төнген зор қауіп-Жахан шахтың Харасанға еніп, Гератты алуы еді. Хорасан Мауренахрдың аса бай әрі ірі сауда жолдары өтетін, қалалары көп, егіншілігі дамыған аймағы болатын. Есен-Бұғаның тонаушылық сипаттағы жорықтарымен салыстырғанда Хорасаннан айырылу, шынында да Мауреннахр үшін аса зор шығын еді.

Жағдайды тез түсінген Әбу сайд мырзаға бар күшін Гератты қайтарып, Хорасаннан Жахан шахты қууға жұмсайды. Сөйтіп ол Гератты алып, Хорасаннан Жахан шахты кетіруге мәжбүр етеді. Өкінішке орай, Қазақ хандығының қай жылы құрылғандығын анықтауға мүмкіндік беретін осы жыл, яғни Әбу Сайд мырзаның Гератты алған жылы зерттеушілер еңбектерінде анық емес. В.В.Бартольд, [23,170] Т.И.Сұлтанов [11,113] 1459 жыл деп санаса, К.А.Пищулина «1457 жылы болған деп есептейді. Б.Г.Гафуров 1458 жылы Жахан шах Хорасанды алуға ұмтылды. Гератты басып алды, бірақ толығымен жеңіске жете алмай, тоқтауға мәжбүр болды. 1459 жылы оны мен Әбу Сайд мырза арасында келісім жасалып, Хорасани Әбу Сайд мырзаға қарады» - дейді. [6,№4] Әбу Сайд мырзаның Хорасандағы оқиғаларын «Тарихи Рашиди» авторы былай деп баяндайды: Мырза Сұлтан Әбу Сайд Хорасанды жаулап алды, енді Иракты да бағындыруды мақсат етті. Бірақ Есенбұға ханның Ферғана, Шаш және Түркістанға қауіп туғызуына байланысты Иракқа (жорық) жасау кейінге қалды. Сонда Мырза Сұлтан Әбу Сайд адам жіберіп, ханды Шираздан алдырды да жоғарыда айтылғандай келісім шарттармен оны моғолстанға жібереді. [21,196] Ханның жасы ол кезде 41-ге келген-ді, ол 860 (1455-1456) жыл болатын. Жүніс ханның Мауреннахрға келуін Бабыр былайша баяндайды: «Сұлтан Әбу сайд мырза». Есен-Бұғаның Ферғанаға жасаған тоқтату үшін Әбді ал-Азиз мырзаның әйелі, ханның әпкесі Ханымға үйленуіне байланысты жезделігін бетке ұстап, Ирак пен Хорасан жақта жүрген Жүніс ханды шақыртты. Оның келу құрметіне ұлан-ғайыр той жасап, екеуі қосылып дос болды [3,30]. Әбу Сайд мырза Жүніс ханға «қолдау көрсетіп және көмек беріп, інісіне қарай жұмсады. Осы себепті Есен-Бұға ханның билігінде жарықшақ пайда болды», - деп жазады Махмуд ибн Уәли .

Әбу Сайд мырзаның Жүніс ханға сыйға берген жері – Ферғананың шығысындағы Жетікент (Иатыкент) өңірі. Бұл өңір Моғолстанға шекаралас болғандықтан, Жүніс ханға ыңғайлы келіп, орайы туғанда Есен-Бұға ханнан билікті тартып алуға мүмкіндік мол еді. Әбу Сайд мырза Жүніс ханды Мауреннахрға тосқауыл ретінде пайдаланса, Жүніс хан оны орындай отырып, Моғолстанға енуге дайындық жүргізе бастайды. Есен-Бұғаға қарсы әмірлер енді Жүніс хан төңірегіне жиналады.

Кезінде Мауреннахрға төнген қиынтаяң шақ, Жүніс ханның Моғолстанға іргелес орнығуына байланысты енді Моғолстанға төнеді. Оқиғалардың ұла дамуын күтпеген Есен-Бұға хан әбден сасады. Ол үшін ең басты қауіп қалмақтардан емес, әміршілердің бағынбаушылығынан емес, туған ағасы Жүніс ханнан төнеді. Дәл мұндай жағдай Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне өте қолайлы болады. Біз бұл арада екі сұлтанның Есен-Бұға ханға келуі алдын ала ойластырылған шара ма, әлде кездейсоқ болған іс пе, дәл айта алмаймыз. Ол жөнінде ешбір деректі мәлімет жоқ.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуінен Есен-Бұға хан да, екі сұлтан да ұтылмайды. Есен-Бұға хан өзінің хандық билігін 1462 жылға дейін, яғни қайтыс болғанша дейін созады, ал екі сұлтан болса жаңа мемлекеттің – Қазақ Хандығының негізін қалайды.

Жоғарыда айтылған ойды түйіндей келе, Моғолстан мемлекеті мен Әбу Сайд мырза мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар Әбілхайыр Хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары, олардың даму барысы, бәрі XV ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ Хандығының құрылуына саяси алғы шарттар әзірлейді. Сондықтан да біз, Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ емес, саяси дамудың заңды қорытындысы деп батыл айтуға болады.

Біз бұған дейін Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Әбілхайыр хандығы Моғолстан және Мауреннахрдағы, сондай-ақ оған көрші Ирандағы саяси жағдайлар мен саяси қарым-қатынастарды қарастырдық, жаңа хандықтың құрылуының саяси аяғы шарттарын ашуға тырыстық.

1864 жылы Петербургте белгілі шығыстанушы ғалым В.В.Вельяминов – Зерновтың «Қасымов патшалары мен ханзадалары туралы зерттеуінің» екінші бөлімі жарыққа шықты. Ол 1851-1856 жылдары Орынбор қаласында қызметте болып, басшыларының тапсыруымен және философиялық, этнографиялық зерттеулер мақсатымен қазақ ауылдарын жиі аралайды 1856 жылы Петербургте келіп, ғылыммен, Қасымов хандығының тарихын зерттеумен айналыса бастайды. 1861 жылы ол өзінің әрі замандасы, әрі ұстазы, белгілі шығыстанушы В.В.Григорьевке былай деп хат жазады: «Осы уақытқа дейін қолым бос емес. Қасымов тарихымен айналысудамын. Бұл да ештеңе емес. Бұрынғы Қасымов ханы, әрі қырғыз сұлтаны Ораз – Мұхаммедтің арқасында, қырғыздардың тарихына да кірісіп кеттім. Оны талдағым келеді. ....100 парақ жаздым, әлі де аяқтамадым. Бірақ іс аяқталып келеді. Ең қиыны орындалды: Қырғыздардың тарихында кейбір жаңалықтар аштым. [24,142-143] В.В.Вельяминов – Зерновтың қазақ тарихындағы бұл «жаңалығы» - Қазақ хандығының құрылуы мен оның XV – XVІ ғасырлардағы тарихы еді.

Осылайша, В.В.Вельяминов – Зерновтың аталған еңбегінен бастап, Қазақ Хандығының құрылуы мен оның одан кейінгі тарихы ХІХ ғасырдығ ІІ жартысындағы орыс тарихнамаларының күн тәртібіне ілініп, зерттеле бастайды. Қазақ хандығының құрылуы туралы В.В.Вельяминов – Зернов ұсынған тұжырым күні бүгінге дейін қызмет етуде. Зерттеуші Хандықтың құрылуын Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанға келуімен байланыстырды. Хандықтың құрылған жылын «Тарихи Рашиди» мәліметі бойынша 1465-1466 жылдары деп көрсетеді. В.В.Вельяминов – Зерновтың өмір сүрген уақытынан бері тарих ғылымы оның ішінде деректану ғылымы қаншама есе алға өсіп кетті.

Соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі және қазіргі кездегі тарихнамада Қазақ Хандығының құрылу процесіне тікелей және жанама түрде қатысы бар көптеген ортағасырлық деректер мен олардың мәліметтері ғылыми айналымға енгізіледі. Солардың нәтижесінде Қазақ Хандығының құрылуына негізделген тұжырым дамытылды, кеңейтілді. Бұл тұжырымның кейбір мәселесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалға, Керей мен Жәнібек хандарының Моғолстанға көшіп келген уақыты В.В.Вельяменов – Зернов бойынша, бірден-бір дұрыс уақыт деп есептелмей отырып, зерттеушілер әр түрлі жылдарды айтуда. Бірақ тұжырымның схемасы зерттеуші өзгерте қойған жоқ, олай болса бәрі оны мақұлдауда деп түсінеміз.

Жоғарыда айтылған тұжырымды қолдай отыр, оған толықтырулар енгізу арқылы Қазақ Хандығының құрылу процесін ашып көрсетуге тырыстық.

Керей мен Жәнібек хандығының Моғолстанға көшіп келуін баяндайтын мәліметтер ортағасырлық екі шығармада ғана бар. Біріншісі – Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегі. Еңбек 1542-1546 жылдары Кашмирде жазылған [4,110]. бұл кезде Қазақ Хандығының құрылғанына бір ғасырдай уақыт өткен болатын.

Мұхаммед Хайдардың еңбегіне дейін Қазақ Хандығының құрылуы жөніндегі мәліметтер ешбір жазба деректе кездеспейді. Автор еңбегін жазу барысында жергілікті халық арасында кең тараған тарихи әңгімелерді, аңыздарды, ауыз әдебиеттің басқа да түрлерін кеңірек қолданған. Керей мен Жәнібек хандардың моғолстанға келуі туралы мәліметті Мұхаммед Хайдар шежірені жақсы білетін адамдардан алса керек. «Тарихи Рашидидің» бір бөлігін орыс тіліне аударып, оған кіріспе сөз жазған К.А.Пищулина «Тарихи Рашидидің жазылуына ең біріншіден моғол тайпалары арасында айтылып жүрген тарихи аңыз әңгімелер негіз болды» – деп жазады.

«Тарихи Рашиди» еңбегі XIV-XVI ғасырлардағы Қазақстанның оңтүстік шығысында, Шығыс Түркістанда және Қырғызстан территориясында болған Моғолстан мемлекетінің тарихын баяндау үшін жазылған. Еңбек екі дәптерден тұрады. Алдымен 1542 жылы екінші дәптер, ал 1546 жылы бірінші дәптер жазылған. Қазақ Хандығының құрылуы туралы мәліметтер еңбектің ішінде екі жерде айтылып өтеді. Бірінші мәлімет екінші дәптердің «Қазақстардың, олардың хандарының жағдайының ерекшеліктері, бұл атаумен олардың аталу және құлдырау себептері туралы баяндау» деген тарауында кездеседі. Бұл тараудың «Тарихи Рашиди» еңбегіне ену себебі мынада: Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстанның XVI ғасыр басындағы саяси тарихын баяндай келе, Моғолстанның соңғы ханы Сұлтан Сайд ханның Сүйіншік ханмен соғыста жеңіліп, Қасым ханнан көмек сұрағанын, Қасым хан Ордасына Сұлтан Сайд ханның келгенін жазады. Одан әрі Мұхаммед Хайдар: «Әңгіме Қасым хан туралы болғандықтан, ол туралы қысқаша түсініктеме бермесек, онда біздің баяндауымыз түсініксіз болады» – деп онда жоғарыда атаған тараудың («Сұлтан Сайд ханның Сүйіншік ханнан жеңілгеннен кейінгі бастан өткергені туралы баяндау», «Сүйіншік ханмен болған соғыстан кейінгі оқиғалар тарихи және Сұлтан Сайд ханның қазақтарға, Қасым ханға баруы туралы баяндау») ортасына енгізеді.

Автордың бұл тараудағы негізгі ойы – Қасым хан және оның кезіндегі Қазақ Хандығының жағдайын айту болатын. Бұған дейін ел жерде Қазақ Хандығының пайда болуы айтылмағандықтан, тараудың басында ол туралы төрт сөйлем жазып, одан әрі алғашқы хандардан бастап ХVІ ғасыр басындағы оқиғаларға дейінгі жағдайларды қысқаша түрде баяндап өтеді.

«Тарихи Рашидидегі» Қазақ Хандығының пайда болуы туралы екінші мәлімет 1546 жылы жазылған бірінші дәптерде де бар. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі Есен-Бұға хан тұсында болғандықтан «Есен-Бұға ханға әмірлердің қарсылығы және сол кезде болған оқиғалар туралы баяндау» деген бірінші дәптер тарауында бұған арнайы тоқталып өтеді. «Тарихи Рашидидегі» екінші мәліметте Қазақ Хандығының Шу мен Қазыбасы аймағында құрылғандығы, сондағы қазақтардың саны 200 мыңға дейін жеткендігі және қазақ хандығының билік құра бастаған жылы туралы бірінші мәліметте кездеспейтін фактілер бар. Сондай-ақ Қазақтар және Қазақ Хандығы туралы мәліметтер 1537-1538 жылға дейін, яғни Бұйдаш ханға дейін келтіріледі. ал екінші дәптердегі мәлімет 1513 жылға дейін, яғни Сұлтан Сайд ханның Қасым хан ордасына баруымен шектелген болатын [4,110].

Сөйтіп, біз бір шығармадағы бір мәселе туралы айтылған екі мәліметті салыстыра отырып, соңынан жазылған мәліметті автор арнайы жазған дейміз және Қазақ Хандығының құрылуы туралы ең құнды, ең басты мәлімет деп санауға болады.

Қазақ хандығының құрылуы туралы келесі мәлімет Махмуд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манасиб ал-ахйар» еңбегінде бар. Еңбек ХVІІ ғасыр ортасында 1641 жылы жазылған. «Бахр ал-асрар...» - Махмуд ибн Уәлидің даңқын шығарған негізгі еңбегі. Автор туындысын жазу үшін, зерттеушілердің пікірі бойынша, бізге дейін жеткен және жетпей жоғалып кеткен жиырмадан астам ортағасырлық деректердің мәліметтерін қолданған. Оның ішінде «Тарихи Рашиди» мәліметі де бар.

Махмуд ибн Уәли ортағасырлық деректермен мейлінше кең таныса отырып, Қазақ Хандығының құрылу жағдайын Мұхаммед Хайдар мырза Дулатиға қарағанда, салыстырмалы түрде, толық жазған. Махмуд ибн Уәлидің мәліметінде Әбу Сайд мырзаның Есен-Бұға ханға қарсы Жүніс ханды қолдануы, не себепті Қазақ Хандығының Моғолстанның батыс бөлігінде пайда болғандығы, алғашқы қазақ ханы кім болғандығы және «қазақ» атауы не үшін Керей мен Жәнібектің соңынан ерген адамдарға қолданғандығы туралы фактілер көп кездеседі [25,352].

Керей мен Жәнібектің «көшпелі өзбектер» мемлекетінен көшуін білу үшін, алдымен олардың сол мемлекеттің қай ұлысында тұрғандығының анықтаудың маңызы зор. Біз сол арқылы көшіп кетудің себептерін, Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібек сұлтандарға жасаған «қысымшылығының» астарында не жатқанын байқаймыз.

Керей мен Жәнібектің атақты Орыс ханның ұрпақтары екендігі баршаға мәлім. «Тауарихи гузидаи нуфат наме» бойынша «Орыс ханда 7 ұл және 5 қыз болған. Ұлдардың есімдері – Тохтақия, Құтлұқ – Бұқа, Тұғлық – Болат, Құйыршық,Тоқта – Болат, Сайид – Ахмет, Сайид - Әлі».

... Тоқтақияда 3 ұл, 3 қыз болды. Ұлдарының есімдері Тәңірберді, Иагуджек – анеке, Болат ... Боллаттың ұлы Керей хан. Оның үш ұлы болды, олар Бұрындық хан, Қожа – мұхаммед, Сұлтан - Әлі.

Құйыршықтың ұлы – Барақ хан. Барақ ханның үш ұлы болды. Олардың есімдері – Мир – сайид, Мир – Қасым, Әбу – Саид (Жәнібек хан деп те атайды). Жәнібек ханның ұлдары, «Иренджі, Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қашбар, Тыныш, Ұснақ, Жадық» - деп келтіреді [6,№5]. Әбілғазы да Керей мен Жәнібектің Орыс ханнан тарағандығын осылайша көрсетіп, «... Әбусагит – лақабы Жәнібек хан...» [14,119] деп көрсетсе, Қадырғали Жалайыри да осылайша айта келе, Барақ ханның ұлын «Кіші Жәнібек хан деп атайды» [13,291] - деп жазады.

«Орыс хан әкесі қайтыс болғанна кейін хан тағына отырады. 9 жыл хандық құрғаннан кейін ауырып қайтыс болған», - дейді Муин ад – дин Натанзи. Муид ад – дин Натанзи, Орыс ханның әкесі Сасы – Бұқа екендігін, олар Ақ – орда ұлысының билеушілері болғандығын жазады. Ақ Орданының хандары Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ерженнен тарайды. Алғашында Орда ерженнің Ордасы Алакөл маңында болған. Оны XIII ғасырдың 40 – шы жылдары осы жердін Қарақорымға қарай өткен П.Карпини сөзі дәлелдейді. Ол: «Бұл өңірде Батудың үлкен ағасы Орда тұрады: ол татар княздарының ішіндегі ең үлкені» деп жазады.

Ақ Орданың орталығы XIII ғасырдың II-жартысында Сырдарияның орта ағысы бойына ауысады. Себебі осы кезден бастап Түркістан аймағының халықарлық сауда рөлі артып, Түркістан қалалары арқылы Ұлы Жібек жолының тармақтары өтеді. Елдің төменгі бойындағы Алтын Орда астаналары: Бату Сарайы, Береке Сарайы қалалары ірі саяси орталыққа айналады да, Батыс Еуропа, Византия және тағы басқа елдердің саудагерлері Алтын орда территориясы арқылы Қытайға сапар ең қысқа, ең тура және ең қауіпсіз жол – Еділ бойы – Арал маңы – Сырдария бойымен жүреді. Сөйтіп, бұл жол Алтынорда ыдырағанға дейін халықаралық сауда жолында күре тамырдың бірі ретінде қызмет етеді.

Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалардың экономикалық және сауда орталық ретіндегі маңызы және осы аймақтары ретіндегі маңызы және осы аймақтың Дешті –Қыпшақтың көшпелі тайпалары үшін қыстау және қысқы жайылым ретіндегі маңызы, біздіңше, Ақ орда билеушілерін осы аймаққа қоныс тебуге қызықтырған. Түркістан аймағының экономикалық сауда орталықтары болумен қатар, XIII ғасырдың II –жартысында саяси орталыққа айналуы, түгел алағанда, аймақтың рөлін өсіріп, атағын арттырды. Отыз жыл Ақ орданы билеген Сасы – бұқа 1320 ж – 21 жылдары қайтыс болған, және сауран қаласында жерленеді. Ерзен хан (Сасы Бұқаның ұлы) «Отырар, Сауран, жент және Баршынкенттегі медреселердің көпшілігін салдыртады. Өзінің әділеттілігі мен қамқорлығы арқасында ол бүкіл Түркістан аймағын ұжмаққа айналдырады», - деп жазады Муин ад – дин Натанзи.

Орыс хан да атасы ерзен секілді хандықтың астанасы Сығанақ қаласында ғимараттар салдырады. Ақсақ Темір тұсында Ақ орданың орталығы – Түркістан аймағы Мәуренахрға тәуелді болады. XV ғасырдың I – жартысында Орыс ханның немересі Барақ хан Сырдарияның орта ағысы бойын Ақсақ Темір ұрпақтарынан қайтару үшін күрес жүргізеді. XV ғасырдағың 20 – шы жылдарының ортасында Барақ хан түркістан аймағын сұрап Ұлықбекке елші жібереді: «сіздің көмегіңізбен мен өз ұлысымды қалпына келтірдім, сізбенен көрші бола отырып, мейірімді болатыныңызға сенемін» - деп, хатқа жазады [6,№5]. Хаттың мәнін басқаша айтсақ: мен ата-бабадан қалған елімді басқарып отырмын, яғни Ақ Орданың ХІІІ-XIV ғасырлардағы жері өзіме тиді. Енді Мәуреннахрмен көршімін, соны есте ұстағайсың дегенді түсінеміз. Барақ пен Ұлықбектің қандай жауап беретінін алдын-ала біліп, Ұлықбектің Түркістан аймағындағы әкімі Әмір Арслан – қожа тарханға: «Сығанақ жері заң бойынша және әдет – ғұрып бойынша маған тиесілі, өйткені менің атам Орыс хан Сығанақта ғимараттар салдырған» - деп атады. Сөйтіп ол Түркістан аймағына жеке билік жүргізе бастайды. Ұлықбектің Түркістандағы әкімімен Мәуреннахрға Барақ ханның әрекеті туралы: «Барақ ханның нөкерлері бұл шақты тонап, өздерін шексіз билікке қатты қол сұғуда деген хабарлар жіберіледі. Түркістан үшін екі жақты талас 1427 жылдың көктем – жаз айларында Барақ ханның пайдасына шешіледі. Сөйтіп, 50-жылдай Мәуреннахрдың құрамында болған ақ орданың орталығы қайтадан Ақ Орда хандарының мұрагерлеріне тиеді. Бірақ 1428 жылы Барақ хан қаза тауып, аймақ оның ұлы Жәнібек ханға көшеді. Фазлаллах ибн Рузбекхан Исфахани мұрагерлік жолымен сұлтандардың жер иеленуі жөнінде «Әрбір белгілі ұлыста Шыңғыс хан ұрпағынан тараған толық билеуші сұлтан отырады, ол өз жұртымен белгілі бір жерде мекен етеді. Сұлтандар ол жерлерде Жошы мен Шибан хан замандарынан бері отырып, жайылымдарды пайдаланады. Дәл осылайша, олар Шыңғыс ханның Ясасы бойынша орындарға ие болады», - деп көрсетеді.

Жоғарыда келтірілген дәлелдеулерді қорыта келе, Түркістан аймағы Ақ Орда билеушілерінің заңды жері екендігіне көз жеткізуге болады. Олай болса, Ақ Орда хандарының тікелей ұрпағы Жәнібек ханның иелігі Түркістан аймағында және оған іргелес жерлерде болған деп санауға болады. Және ол туысы Керей ханмен бірге осы аймақтан Моғолстанға көшкен.

Осы арада мынадай заңды сұрақ туады: не себепті Барақ хан қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагері Жәнібек хан болып сайланбаған? Бұған жауапты Жошы ұлысы мен Ақ Орданың ХV ғасырдағы І-жартысындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-этникалық жағдайынан табуға болады. ХІІІ-ХІV ғасырларда Жошы ұлысындағы біртұтас саяси-экономикалық кеңістік шаруашылық процестің дамуына жол ашты. Шыңғыстың идеологияға негізделген хандық билік біртіндеп Шыңғыс хан ұрпақтарының қолымен Мұқала бастайды. Саяси өмірде бірте-бірте жергілікті этнос өкілдері, оған сіңісіп кеткен бұрынғы монғол тайпаларының өкілдері, өз іс-әрекетімен көріне бастайды.

Монғол билігінің алғашқы кезеңінде хандар әскердің күшіне сүйене отырып, ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды істерді жеке өзі шешіп отырса, ХV ғасырдың І жартысында хандар ру-тайпа көсемдерінің, билердің, әмірлердің қатынасуынсыз, солардың қолдауына сүйенбей шешімдерге бармайды. Тіпті көптеген жағдайда жаңа ханды жергілікті күштер өздері сайлап отырады. Тек кейбір жағдайда ғана Шыңғыс хан ұрпақтарының кейбір өкілдері өздерінің жеке басындағы қабілетіне, дарындылығына, ерік пен жігерінің күштілігіне, табандылығы мен ақылдылығына және т.б. көптеген белгілеріне қарай күрес арқылы хандық билікке жетіп отырады. Бірақ та олардың билігінің ұзақтығы жергілікті халықтан шыққан көсемдермен қарым-қатынастың орнатылғандығына тікелей тәуелді болады. Егер де ханның саясаты көсемдердің экономикалық мүддесіне сай келсе, оған төменнен күшті әлеуметтік тірек табылғанда, ал керісінше болған жағдайда хандар жиі-жиі ауысып отырған. Кейбір аймақтарда жоғары билікке ХІV-ХV ғасырларда шыңғыстың емес жергілікті этнос өкілдері келеді. Ақсақ Темір, қият мамай, Едіге шыңғыстық идеологияны алғаш бұзылушылар болған. Кейбір жерлерде ру-тайпа көсемдері, билері, әмірлері хан билігін мойындамай, жеке өздері билік жүргізеді бастайды. Оған ХV ғасырдың І жартысындағы Моғолстанды айтсақ та жеткілікті. Ал кейбір жерлерде көсемдер, билер, әмірлер-ірі феодалдар тобы, алдын-ала өздерінің мүдделеріне сай келетін, негізінен, айтқандарын жүргізіп отыратын адамдарды хандық билікке әкеле бастайды. Сөз дәлелді болуы үшін мынадай мәлімет келтіруге болады. ХV ғасырдың соңында Ноғай ордасындағы билер хандыққа Әбілхайыр ханның немересі, 20-ға әлі толмаған Мұхаммед Шайбани ханды сайласақ болады. Маңғыт әмірлерінің талабы мынадай болады: «Ежелден қазіргі күнге дейін маңғыт әмірлері сайлаған әрбір хан, мемлекетке әрбір ерік беріп отырған. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің көне әдетімізге көнсе, бізде оны хан көтереміз, ал егер көнбесе онда, жақсы, онсыз да күн көреміз» [6,№5]. Жеке билік етуге үміттенген Мұхаммед Шайбани хан мұндай талапқа көне алмайды. Ірі феодалдар 14-16 жастардағы хан тұқымдарын да хандыққа отырғызып, сол арқылы талаптарын орындатып отырған.

ХV ғасырдың бірінші ширегінен кейін Алтын Орда тағынан Мансұр би Темір ханның жас баласы Кіші Мұхаммедті отырғызады. Біршама уақыт өткеннен кейін ол биге ұнамай, хандыққа Барақ ханды отырғызуды ойластырады. Сонда оған Жантемір деген қария: «Мұхаммед хан жас, әлі де өз бетінше арбаны алып, жерде жүре алмайды, онымен сенің өмірің тыныштықта болды, ал Барақ-күшті бура, ол арбаңды сүйреп, керек кезінде сені аударып, таптап тастайды», - деп кеңес береді. Ақырында қарияның айтқаны расқа шығады [12,209]. қырымда жап-жас Қажы Керейді жергілікті ірі феодалдар тобы хан етіп отырғызады [13,253]. Мұндай фактілер өте көп.

ХV ғасыр басында Ұлықбекті жеңіп, Ақ Орданы қалпына келтірген атақты Барақ хан жергілікті ірі феодалдар мүддесін тежеп, жеке билік жүргізеді. 1428 жылы ол қаза тапқанда Дешті Қыпшақ тайпаларының көсемдері Барақ ханның баласы Жәнібекті хан сайламай, жас Шыңғыс ұрпағын іздестіреді. Ондай адам-шайбанилық 16-17 жасар Әбілқайыр сұлтан еді. Оған маңғыт, қият, шынбай, итжан, дурман, табгут, қосшы, отаршы, найман, тубай, таймас, шат, қытай,барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, мың ру тайпаларының көсемдері мен ірі дін басылары 1428 жылы хан етіп сайлайды. [8,63] Бұл кезде Керей мен Жәнібек хандар 10 жасқа толмаған немесе 30-дарға келіп қалған болуы керек. Барақ ханнан кейін Дешті Қыпшақтың ірі феодалдық топтары өз мүдделері тежелмейтіндей жас адамды іздеп тауып, Барақ ханның мұрагерлерінен хандық билікті Әбілхайырға береді. 40 жыл хандық құрған Әбілқайыр хан өлгеннен кейін ғана Барақ ханның мұрагерлеріне хандық билік қайта келеді.

Керей мен Жәнібек хандардың «көшпелі өзбектер» мемлекетінен көшуінің себептері 1446 жылдан кейін басталады. Осы жылы Әбілқайыр хан Түркістан аймағын иеленіп, сондағы Сығанақ қаласын астана етеді. Сөйтіп, мемлекеттің саяси орталығы Керей мен Жәнібек хандардың ұлысы жеріне ауысады. Әбілхайыр хан Сырдың орта ағысы бойын иелену арқылы Дешті Қыпшақтың Орта Азиямен сауда қатынастарына өз бақылауын орнатады. Сол сияқты Сыр бойындағы қысқы жайылымдар шайбанилық сұлтандар иелігіне көшеді. Әбілхайыр ханның мұндай іс-әрекеті осы аймақты иеленіп келе жатқан Орыс хан ұрпақтарының мүдделеріне қайшылық келтіреді. Көшудің алғашқы себептері осында жатыр. Ортағасырлық деректе Әбілхайырдың бұл іс-әрекеттері: «Әбілқайыр хан Жошыдан тараған сұлтандарға көп қысымшылық жасады», - деп жазылады [4,110], яғни Керей мен Жәнібек бұрынғыдай аймаққа толық билік жүргізе алмайды, олардың билігі тек өз ұлыстарымен ғана шектеледі.

Әбілхайыр ханның Түркістан аймағын иеленуі Керей мен Жәнібектің

Моғолстанға көшуіне себеп болса, ал қозғау салған нәрсе - Әбілхайыр ханның қалмақтармен соғыста жеңілуі және одан туындайтын жағдайлар еді.

Қалмақтар- ХV ғасырда Моғолстанның шығысын мекендеген көшпелі тайпалар болатын. Олар бұған дейін тонаушылық жорықтарымен талай рет келген еді. ХV ғасырдың ортасында қалмақ тайпалараның көсемі Үз-Темір тайшы болып, ол Әбілқайыр ханның байлығын естігенде «кеудесінде қызғаныш оты жанады» [26,21,168]. Ол өзінің әмірлерін, батырлары мен әскер басшыларын жиып: «Әбілхайыр хан көп байлықты иемденіп отыр... қазір өзінің жайлауында екен. Тез арада әскер жинастырып, жорық жасау керек» – деп ұсыныс айтады. Үз – Темір тайшының бұл жоспарын жиынға қатысушылардың бәрі мақұлдайды.

Қалмақтардың осы әдеттегідей тонаушылық сипаттағы жорығы Түркістан аймағына бағытталмағандығын жоғарыда келтірген мәліметтен көруге болады. Әбілқайыр хан жаз айларында өзінің әкімшілік орталығын даруғаларына қалдырып, шайбанилық сұлтандардың ежелден бері иеленіп келе жатқан жазғы жайылымдарына, Тобылдың жоғары және орта ағысы бойындағы жайлауында жатады. Түркістан аймағында ханның жоқтығын пайдаланып қалмақтар көп олжа түсіруді ойластырады.

Жиын өткен соң көп ұзамай-ақ қалмақтап қару-жарақтарын сақадай сайлап, жарлық бойынша әйелдері мен қызметшілерін ертіп жорыққа аттанады. Олар Шу өзенінің бойына жеткенде тылын, әйелдері мен қызметшілерін сол маңда қалдырып, өздері Сығанаққа қарай бет алады.

«Көшпелі өзбектер» мемлекетінің ыдырауына және Қазақ Хандығының құрылуына себебін тигізген Үз-Темір тайшының бұл жорығы 1457 жылдың жаз айларында болған. Мұны ешбір зерттеуші жоққа шығарған жоқ. Жарықтың осы жылы болғандығын дәлелдейтін мынадай жанама мәлімет бар. «Тауарихи гузида-и нусрат намада»: «Бұл Махмұд баһадұр сұлтан (Мұхаммед Шайбани ханның туған інісі, Әбілқайыр ханның немересі) үш жасында Үз-Темір тайшы қалмақтың қолына түсті. Ол сонда жеті жыл болды..., - деп жазылған. Махмұд-баһадүр сұлтан 1454 жылы дүниеге келгенін ескерсек, 1457 жылы ол үш жаста болады.

Үз-Темір тайшының 1457 жылғы жорығына байланысты мынадай мәселеге көңіл аудара кетейік. Қалмақтардың «көшпелі өзбектер» мемлекетіне жасаған жорығы және олардың Әбілқайыр хан әскерлерімен ұрысы «Тарихи Абулхайрхани» еңбегінде жеке тарау түрінде арнайы баяндалады. Жорыққа байланысты көптеген жағдайлар Кухистанидың назарынан тыс қалмайды. Ол: «Олар, яғни қалмақтар Шу өзеннің бойына жеткенде әйелдері мен қызметшілерін, тылын сонда қалдырып, өздері одан әрі кетті», - дейді.

Жорықтан кейін еліне қайтқан қалмақтар «Сайрам арқылы Шу өзені жаққа қарай бет олады. Онда олардың әйелдері, қызметшілері және тылы бар еді. Сол жерден алар Қалмақ жеріне кетеді» - деп жазады Масуд ибн Осман Кухистани.

Егер де Қазақ Хандығы Моғолстанның батысында, Шу өзені алабында 1457 жылға дейін құрылса, қалмақтар әйелдері мен қызметшілерін, тылын бұл жерде қалдырмаған болар еді, олай болса, Қазақ Хандығы 1457 жылдан кейін құрылған. Сондай-ақ осы жылғы оқиғаның Қазақ Хандығының құрылуына тигізер себебі де бар.

Енді жорық барысына қайта оралайық. Әбілқайыр хан «көшпелі өзбектер» еліне Үз-Темір тайшының келе жатқанына көзін анық жеткізіп, Бахтияр сұлтан, Ахмед Сұлтан және басқа да сұлтандарды басшы етіп, қарсы аттандырады. Түркістан аймағындағы Көк Кесене түбіне жеткенде жау әскерлерімен кездесіп, екі жақ ұрысқа әзірленеді. Ұрыс басталар алдында әскерінің көптігіне сенген Үз-Темір тайшы Әбілхайыр ханға шарт қояды. Деректерде шарттың қандай мөлшерде қойылғандығы айтылмайды, бірақ қалмақтардың тонау, пайда табу, олжаға иелену мақсатымен келгенін ескеріп, олардың не талап еткенін түсіну қиын емес. Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтан шартқа көнуді намыс санап, Үз-Темір тайшының талаптарын қабылдамайды. Өздері ұрысты бастап кетеді.

Екі сұлтан қаншама жанқиярлықпен соғысып, ерлік көрсеткенімен жау қоршауына түседі және қаза табады. Қолбасшы екі сұлтанның қаза тапқанын естіген Әбілқайыр хан, ұрыстан бас тартып, Сығанақ қаласына қарай шегініп кетеді. Әбілқайыр ханның шегінгенін көрген қалмақ әскерлері сол аймақтағы елді мекендерді тонауға, талан-таражға салуға кіріседі. Хан Сығанаққа келіп, оның бекіністерін күшейтіп жатқанда қалмақтардан тағы да елшілік келеді. Жүргізілген келіссөздер бойынша, екі жақ шарттасып, қалмақтар кейін қайтады. «Бірақ та бейбітшілік орнап, келісімдер жасалғанға дейін қалмақ әскерлері Түркістан, Шахрухйа төңіректерін тонады. Ташкенттің іргесіндегі тұрғындарды, тайпаларды талан-таражға ұшыратты» - деп жазады Кухистани [26,21,170].

Шайбанилық хандар мен сұлтандардың билік құрған кездерінде жазылған туындыларда Әбіқайыр хан мен Үз-Темір тайшының арасындағы екінші келісім жағдайлары айтылмайды, «бірақ та, басқа деректердің мәліметтеріне қарағанда ол шайбанилықтар үшін масқара болды» [12,223].

Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілуі, немересі Сұлтан Махмұд сұлтанның жау қолында кетуі, сондай-ақ қарамағындағы елдің емін-еркін жауға тоналуы және сол жаумен келісімге келуі оның Дешті Қыпшақ тайпалары арасында беделінің түсе бастағанын көрсетеді. «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің ХV ғасырдың ортасындағы, яғни 1457 жылғы қалмақтармен соғысы қарсаңындағы әлсіз екендігін мынадай мәліметтен көруге болады. Егер де 1428 жылы Әбілхайырды хан сайлаған Дешпі Қыпшақ тайпаларының көсемдері мен дін басшыларының жалпы саны 71 болса, 1457 жылы қалмақтарға қарсы аттанған оның әскерінің құрамында Дешті Қыпшақ тайпаларының 17 ғана көсемі болған.

Өзі басқарып отырған елде ірі феодалдар тобының 75-80% Әбілхайырды қолдамауы, «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің санаулы ғана уақыты қалғанын білдірсе керек.

Мұны сезе білген көптеген сұлтандар оған қарсы бас көтере бастайды. Бірақ та жекелеген сұлтандардың қарсылығын басуға Әбілқайыр ханда күш жеткілікті еді. Сондықтан да Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ханға қарсы күрестің басқаша түрін, одан бөлініп көшіп кетуді қолданады.

Енді екі Жошылық сұлтанның көшу себептері мен көшуге түрткі болған жағдайды қарастыралық. Біз мұның алдында Керей мен Жәнібектің, басқа да Орыс хан ұрпақтарының иелігі, ұлысы Сырдарияның орта ағысы бойында, Түркістанда және оған іргелес өңірде болғандығын дәлелдеп көрсеттік. Міне, осы аймақтың және халқының талан-таражға ұшыратылуы Орыс хан ұрпақтарының Әбілқайырдан бөлініп кетуінің басты себептерінің бірі болған. Ал көшіп кетуге түрткі болған жағдайға Әбілқайыр ханның қалмақтарға қарсы жасаған іс-әрекеті жатты деп білеміз. Өйткені кез-келген мемлекет басшысы өз елінде оған қарсы тұрған топты жеңбей, талқандамай тыныш отырмайды. Әбілқайыр хан қалмақтардан жеңілудің себебін өзін қолдамаған сұлтандарға аударып, оларды жазалауға даярланған, негіз салған болуы керек. Қалмақтарға қарсы соғысқа қатыспаған Керей мен Жәнібек сұлтандар да осындай жазалаудың боларын алдын-ала сезіп, көшіп кетуге мәжбүр болады. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати 1542 жылы жазылған екінші дәптерінде: "...Кейбір жошылық сұлтандар Әбілхайыр хан тарапынан төніп келе жатқан қатерді алдын-ала сезіп, оны болдырмауға тырысты. Сол мақсатпен олар Керей хан, Жәнібек сұлтан және сол сияқтылар азғантай адамдары мен Әбілхайыр ханнан қашып, моңғолстанға келді", - деп жазады[4,305]. Ал, 1546 жылы жазылған бірінші дәптерінде: «Әбілхайыр хан жошылық сұлтандарға көп мазасыздық жасады. Жәнібек хан Керей хан одан Моғолстанға қашты», - дейді [4,110]. Махмұд ибн Уәли: «...Тұқай Темірден тарайтын кейбір сұлтандар, Керей хан мен Жәнібек хан секілділер, Әбілқайыр ханға бағынудан шығып, отанын тастап кетуді жөн көрді. Аталарынан мұраға қалған елді тастап, бөгде жерге, Моғолстанға кетуді қалады», - деп жазды [25,21,352]. Бұл мәліметтердің Әбілқайыр ханның 40 жыл ел билеген дәуірінің алғашқы кезеңі жөнінде айтылмағанын айдан анық. «Төніп келе жатқан қатерді алдын-ала сезу», «Әбілхайыр ханға қағынбау» және «Моғолстанға көшіп кету» тек қана 1457 жылдан кейін болған. Бұл арада «Әбілқайыр ханға бағынбау» дегенге, оның әскерінің құрамына қосылмау деп, «төніп келе жатқан қатерді алдын-ала сезу» дегенді, қалмақтардан жеңілгеннен кейін Әбілқайырдың жазалайтынын көре білген деп түсіну керек. Сонда ғана, біз, Керей мен Жәнібек хандардың көшіп кетуіне түрткі болған жағдайларды білеміз.

Сондай-ақ көшіп кетуге түрткі болған жағдайға Дешті Қыпшақ тайпалары арасында жиі кездесетін талас тартыс, дау-дамайдың бірінің әсері болуы да әбден мүмкін. Бұл жерде аңыз дерегі бойынша, Қыпшақ Қобыланды арғын Ақжол би араларындағы жанжалдың өсе келе, Әбілқайыр ханмен Керей, Жәнібек хандар арасындағы қатынасқа әсерін тигізген.

Ойды түйіндей келе, Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп кетуі Әбілқайыр хандығындағы ішкі саяси дамудың шеңберінде жүзеге асқан, өзінің алғы шарттары мен себептері және түрткі болған жағдайлары бар тарихи дамудың заңды қорытындысы деп санаймыз.

Дерек мәліметтеріндегі Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан көшіп, бөлініп кетуі, сырттай қарағанда, одан қашу сияқты болып көрінгенімен, әсте қашу емес. Керісінше, оның билігіне қарсы өз тараптарынан қарсылық көрсету болған. Ортағасырларда мұндай көшулердің, билеушіге қарсы іс-әрекеттер жасаудың әртүрлі әдістері болған. Негізінен алғанда, мұндай әрекеттердің кең тараған екі түрі белгілі. Біріншісі, билік үшін күресте толығымен жеңіліп, билікке қайтып оралуға қор мүмкіндігінен айырылған ру-тайпа немесе ұлыс, ел билеушісі көрші елге көшіп кетеді. Сол барған мемлекетінде қызмет етеді, не сонда билікке келеді де, жергілдікті халықпен сіңісіп кетеді. Бұған мысал ретінде, Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың Мәуреннахрдағы билік үшін, үздіксіз күресте Мұхаммед Шайбани ханнан жеңіліп, Үнді жеріне кетуін [3,100] Алтын Ордада Ұлығ Мұхаммед ханның ұлы Қасым ханның билік үшін күресте бауырынан жеңіліп, Мәскеу княздығына баруы, сонда Мәскеуге тәуелді Қасым хандығын билеуін, т.с.с. айтуға болады.

Ал енді көшудің екінші түріне - өз еліндегі билікке қайтып оралу үмітін үзбей, көрші мемлекеттен көмек сұрап беру, сол мемлекетте уақытша тұра тұрып, өз еліндегі қарсыласының жағдайын бақылап отыру жатады. Басқаша айтсақ, көшудің екінші түрінде, көшкендердің түпкі мақсаты өз елінде билікке қайта келуі үшін немесе билік жолында қайта күресу үшін болады. Мәселен, Орыс ханнан қашқан Тоқтамыс Темірге келіп паналайды [27,175] немесе Алтын Ордадағы билігін қайта қалпына келтіру үшін Тоқтамыс қан Литва княздығын паналайды, тіпті ХVІІІ ғасырда жоңғариядағы билік үшін күресте жеңілген Әмірсана, билікке қайта келуі үшін уақытша Абылай ханды пана тұтады. [28,40-50] Керей мен Жәнібек хандардың көшуін екінші түрінде жатқызамыз. «Ата-бабасынан мұра боп келе жатқан елге» билік ету үшін, олар уақытша Моғолстан жаққа кетеді.

Осы кездердегі Моғолстанның жағдайын біз жоғарыда айтып өттік. Моғолстанның іргесіне орын тепкен Жүніс ханға Есен-Бұға ханның қарсы қояр ешқандай күші жоқ еді. Сондықтан да хан екі сұлтанның келуін «ізгілік пен қайырымдылықтың қайнар көзі» деп біледі. «Екі ханзаданы аса құрметпен күтіп алған ол екі ханзадаға моғолстанның батыс өлкесін береді. Ол жер – Есен-Бұға ханның иелігімен Жүніс хан иелігінің ортасы болатын. Ол жердің аты Шу бойы және Қозы басы деп аталады» - деп баяндайды Махмұд ибн Уәли. Осылайша Есен-Бұға хан иелігін өзінің Моғолстандағы билігін Керей мен Жәнібек хандар арқасында қауіпсіз етеді. Махмұд ибн Уәли жаңадан пайда болған иелікте «хан болып Керей ханның сайланғанын» айтады. «Ал иелігіндегі халыққа «қазақ» деген атау таңылды» [4,306], - деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати. Міне, осындай күрделі саяси дамудың нәтижесінде Моғолстанның батысында Керей хан билеген жаңа мемлекет – Қазақ хандығы дүниеге келді.

Дерек мәліметінде «екі ханның көрсеткен көмегі мен жәрдемі арқасында Есен-Бұға хан тірі болды және Жүніс хан оның иелігіне аяғын да аттап баспады», - делінеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан (хижра бойынша) басталады. Аллаға бәрі мәлім» [4,110], - деп айтады.

Хижраның 870 жылы – григорян жыл санауы бойынша 1465-66 жыл. Мұнымен келіспейтін жеріміз бар. Егер Керей мен Жәнібек хандардың моғолстанның батысындағы иелікте иеленуін Қазақ хандығының құрылуы деп санасақ және ол Есен-Бұға хан тұсында қалса, онда көшіп келу 1462 жылға дейін болған. Өйткені Есен-Бұға ханның осы жылы қайтыс болғандығы баршаға мәлім жағдай. Олай болса, 1465-66 жыл Мұхаммед Хайдар Дулатидың жіберген қатесі, не түп нұсқаны көшіруде көшірмелерден жіберілген қате. Біздің пікірімізше, Қазақ Хандығының құрылған жылы 1462 жылға дейін, яғни Есен-Бұға ханның тірі кезінде болған оқиға [6,№5], - деп Б.Кәрібаев жазды.

Өкінішке орай, Қазақ Хандығының құрылуы мәселесіне қалам тартқан зерттеушілер арасында әлі күнге дейін нақты бір пікір жоқ. Олар 1450-1465/1466 жылдар аралығында бірнеше мерзімде көрсетеді. К.И. Петров 1450, [29,103] У.Г. Ховорст 1451, [11,113] Б.А. Ахметов [30,12] пен А.П. Чулошников – 1455/1456, В.П.Юдин 1465-66, М. Қани 1465 [9,233] Т.И.Сұлтанов 2002 жылы шыққан "Қазақ хандығының тарихы" деген еңбегінде 1470-71 жылдар деп көрсетеді. [7,46]

Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауға жәрдемі бар XV ғасырдағы оқиғалар тізбегіне 1457 жылы Әбілхайырдың қалмақтардан жеңілісі, 1450 жылдың ІІ жартысында Әбу Сайд мырзаның Хорсанды қайтаруы, Жүніс ханды Шираздан алдырып, Мәуреннахрдың шығысында жер беруі жатады. Бірақ соңғы екі оқиғаның қай жылы болғандығын анық көрсететін факт жоқ. Тек қана оны 1456/59 жылдар аралығында болған деген болжамдар анықтауға тигізер жәрдемі бар және жатқан дерегін пайдалануды жөн көріп отырмыз. Ол - Әбілғазының Мәуреннахрдағы Әбу Сайд мырзамен, оның туысы, Ұлықбектің немересі, Әбд Әл Латифтың ұлы Мұхаммед Жөкінің билік үшін күресі жайындағы мәліметі. Бұл күрес Масуд ибн – Осман Кухистани еңбегінде де баяндалған. Әбілғазы еңбегінің бір алтықшылығы – онда Мәуренахрдағы жағдайы реттеу үшін Әбу Сайд мырза Харасандағы соғыстарын тоқтата тұрып кейін оралатынын, ең бастасы Әбу – Сайд мырзаның Мәуренахрға харосанан келген жылын берген. Түсінікті болу үшін Мұхаммед Жөкіге байланысты дерек мәлеметтерін бере кетейік.

1449 – 1450 жылы Мәуренахрда өлтірілген Әбд - әл – латиф мырзаның Мұхаммед Жөкі деген ұлы Әбу Сайд мырзаға Бағынбай, ХV ғасырдың 50-жылдарының ортасында Әбілхайыр ханды келіп паналайды. Әбілхайырдың әйелдерінің бірі Рабиға – сұлтан бегім мен Мұхаммед Жөкінің әкесі Әбд-әл-латиф Ұлықбек мырзаның балалары болатын. Туыстығын арқа тұтып, Мұхаммед Жөкі Әбілхайыр хан Ордасында біраз уақыт тұрады. Бір күні Мәуреннахрдан бір кісі келіп: «Сұлтан Әбу Сайд мырза Самарқандтан аттанып, Хорасанға кетті, одан әрі Мазандеранға бармақшы»,- деп хабар айтады. Бұл сөзді есіткен Мұхаммед Жөкі мырза ханнан көмек сұрайды. Әбілхайыр хан Мұхаммед Жөкінің өтінішін қабыл алып, Бүреке сұлтанды бас қылып Мәуреннахрға 30 мыңдық әскер жібереді. Әбілхайыр ханның мұндай әскери көмегі 1457 жылға дейін, яғни қалмақтармен соғысқа дейін болған еді. 30 мыңдық әскермен Мұхаммед Жөкі Ташкент пен Шахрухияны басып алып, Самарқанға таяйды. Қала әкімі Мазид арғын олармен ұрысқа түсіп жеңіледі де, қаланың ішіне тығылады және Хорасандағы Әбу Сайд мырзаға хабар жібереді. Хабарды алысымен Әбу Сайд мырза Хорасаннан мол әскер жиып Мәуреннахрға беттейді. Мұхаммед Жөкі, Бүреке сұлтан және басқалары ақылдаса келе Әбу Сайд мырзамен Ташкент түбінде соғысуға бел буады. Әбу Сайд мырзаның Әмудариядан бері өтіп, Ташкентке қарай келе жатқанын естіген ірі феодалдар тобы Мұхаммед Жөкіні тастап, Әбу Сайд мырза жағына шыға бастайды. Ашуланған Бүреке сұлтан әскеріне елді тонаңдар деп бұйырып, өзі Дешті Қыпшаққа қайтып кетеді. Ал Мұхаммед Жөкі қолға түсіп, Хорасанның Ыхтияралдин деген қамалына тұтқын етіп жіберіледі. Бұл оқиға хижраның сегіз жүз алпысыншы жылы болып еді [14,123]. Біздің жыл санауымызша, бұл 1456 жыл. Олай болса, Әбу Сайд мырзаның Харасанды Жахан шахтан алуы және Шираздан жүніс ханды алдыртуы 1456 жыл деп санауымыз керек.

Мұхаммед Хайдар Дулати да “Есен – Бұға ханның Ферғанаға, ташкентке жорығы Әбу сайд мырзаның Харасандағы істерін кейін қалдыртуға Шираздан Жүніс ханды алдыртуға мәжбүр етті, бұл хижраның 860 жылы болған еді” – деп, толықтыра түседі.[4,413]

Шираздан Жүніс ханның келуі, оның Әбу Сайд мырзамен жүргізген келіссөздер екеуінің достасып, Әбу Сайдтың той жасауы, сондай-ақ оны Исан – Дулат бегімге үйлендіруі, сондай-ақ Жүністі моғол әдеті бойынша барлық дәстүрді сақтай отырып, Хан көтеруі – 2 – 3 – айда болатын шаруа емес. Осылардың бәрін ескере келе Жүніс ханның, Есен – Бұға ханның иелігімен ергелес жерді иемденуі 1457 жылы болған дейміз.

Дәл осы жылы жаз және күз айларында Әбілқайыр ханның қалмақтармен ұрысы болады. Әбілқайыр ханнан бөлініп көшкен Керей мен Жәнібек хандардың жанында 10 – 20 адам болса, онда олар жылдың кез келген мезгілінде орын ауыстырып жүре берер еді. Екеуінің жанында біршама халық болуы себепті, олар шаруа күйін есептей келе, көктемде не күзде Моғолстан жаққа көшкен. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келген Жүніс ханның иелігі бар болатын, ендеше олар Жүніс ханнан кейін көп ұзамай келген. Сондықтан да біз Керей мен Жәнібектің моғолстанға келуі немесе Қазақ хандығының құрылуы 1458 жылы, шамамен ерте көктемде болған дейміз. Жаңадан пайда болған хандық іс – жүзінде толыққанды қазақ халқының немесе Дешті қыпшақ тайпаларының мемлекеті емес еді. Оның мәртебесі “мемлекет ішіндегі мемлекет”, “эмиграциядағы үкімет” секілді болды. Нағыз мемлекет – сол мемлекеттің әлеуметтік негізін, этносын құрайтын тайпалардың жерінде болып, сондағы қоғамдық қатынастарды реттеуші рөлді толық өз міндетіне алғанда ғана бола алады. Басқаша айтсақ, біздің санамызға сіңген Қазақ хандығы деген ұғым – Дешті Қыпшақтағы ру – тайпалардың мемлекеті. Содықтанда біз, Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанның батысында құрған хандығын Қазақ Хандығының құрылуының басы, бастамасы деп түсінеміз. Ал Қазақ Хандығының толық құрылып болған кезін 1469/1470 жылмен көрсетеміз. өйткені осы жылдары Жәнібек хан Дешті Қыпшақтағы “көшпелі өзбектер” мемлекетінің ыдырауына байланысты аталарынан мұра болып қалған елге қайтып оралады. Ал жергілікті ру – тайпа көсемдері оның билігін мойындайды. Сөйтіп Моғолстанның батысында, кішкене иелікте пайда болған мемлекет, енді бүкіл Дешті Қыпшақтағы қоғамдық қатынастарды реттейтін аппаратқа, нағыз мемлекетке – Қазақ Хандығына айналады. Біз бұны Қазақ Хандығының құрылу процесінің аяқталғаны деп білеміз. Одан әрі енді сол хандықтың күшеюі, өрлеу дәуірлері басталады. Қазақ Хандығының құрылу процесіне, яғни, 1458-1469\70 жылдар тарихына арнап жазылған тарихнамада ешбір еңбек жоқ. Сондықтан да, алғаш рет осы жылдардағы Қазақ хандығының қатысуымен болған оқиғаларды баяндап, оның хандыққа тигізген ықпалдарын ашып көрсетуге тырыстық.

Қазақ Хандығы алғашқы құрылған кезінен бастап өзінің өміршеңдігін көрсетеді және алғашқы тарих сындарына төтеп бере бастайды. Бұған Жүніс ханның Әбу Сайд мырзаның қолдауына сүйене қимылдағанымен Есен-Бұға ханды алмауы дәлел болады. Есен-Бұға ханды жеңе алмауы дәлел болады. Есен-Бұға хан өмірінің соңына, яғни 1462 жылға дейін тыныш өмір сүреді. «Екі ханның көмегіне сүйеніп, қолдауын көргенімен Есен-Бұға хан тірі тұрғанда Жүнісхан оған ештеңе істей алмады» - деп жазды Махмұд ибн Уәли.

Сондай-ақ Есен-Бұға ханның шығыстағы қарсыласы қалмақтарға да қазақтар бірнеше жорықтар жасайды. Моғолдардың тұрақты қарсыласы қырғыз тайпаларына да қазақтар тарапынан тосқауыл қойылады. Сөйтіп, Моғолстан территориясында Қазақ Хандығының құрылуы себепті Моғолстан мемлекеті өзінің бастыстағы және шығыстағы жауларын тынышсыздандырып, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Алғашқы құрылған күннен бастап Қазақ Хандығы біртіндеп күш жинай бастайды. Ал Керей мен Жәнібек хандар бастап берген «көшпелі өзбектер» мемлекетіндегі ыдырау процесі олардан кейін тереңдей түседі. Әбілхайыр ханға жай адамдардан бастап, ұлыс билеушілеріне дейінгі Дешті Қыпшақ тұрғындары қарсы шыға бастайды. Махмұд ибн Уәли: «Әбілхайыр ханнан қашқандардың бәрі олардан, яғни Керей мен Жәнібек хандардан пана тапты», - дейді. Осы мәліметтің астарына үңілсек, Керей менЖәнібектен кейін Дешті Қыпшақта Әбілхайыр ханға қарсылық білдірушілер болғанын байқаймыз. Ол туралы Кухистани: «Үз-Темір тайшы кеткеннен соң Әбілхайыр хан Сығанақты тастап, ұлысы мен өзіне бағыныштылардың ісімен айланысты», - деп жазады. Әбілхайыр ханға қарсы әрекет жасаушылар есебінен күннен күнге күшейіп келе жатқан Қазақ Хандығы оған ең басты қарсыласқа айналады. Әзірге Қазақ хандығын талқандамай, Әбілхайыр хан Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларын толық бағындырудың мүмкін еместігін, өз билігінің өте қауіпті жағдайда екендігін түсінеді. Сол себепті де ол 1469 жылдың жазында Қазақ Хандығына қарсы жорық жасауға шешім қабылдап, әскер жинауға жарлық береді.

Әбілхайыр ханның осы соңғы жорығының бағыты ортағасырлық деректерде де, соған сүйенген зерттеулерде де қате түсіндіріліп жүр. Дерек мәліметіне жүгінсек, Әбілхайыр хан Еділ бойынан аттанып Алатау (деректе-Ала Таг) маңынан өтеді де, Қызыл Нәдір жайлауының жолымен жүре отырып, Жетіқұдық деген жерге келіп тоқтайды. Қызыл Нәдір жайлауы Талас өзенінің төменгі ағысы бойында болған, қазіргі әкімшілік жүйе бойынша, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының шекарасы түйіскен жерде. Аталған географиялық атаулар бойынша Әбілхайыр ханның жорық бағыты: Еділ бойы, Алатау маңы, Қызыл Нәдір, Жетіқұдық арқылы жүрген. Сонда Әбілхайыр хан мол әскерімен сонау Еділден Алатау маңына келеді, одан Қызыл Нәдірге қарай оралады. Содан соң қайтадан Жетісуға қарай жүріп, Жетіқұдық деген жерге жетеді. Әрине, талай жорықты бастан өткеріп, Дешті-Қыпшақты жақсы білетін Әбілқайыр хан соншама қалың қолмен бұлай жүрмеген. Осы Жорықты баяндайтын деректерде географиялық атаулар қате жазылуы мүмкін. Берекет Кәрібаев жорықтың дәл бағытын анықтағанда, онда Әбілхайыр ханның соңғы жорығы кімге қарсы бағытталғандығын көреді.

Жорық бағыты іс жүзінде қалай жүрген, соны қарастырады. Ортағасырлық деректер кезінде талай рет бір-бірінен көшіріліп отырған. Кейде түпнұсқадан көшірілген дерек, келесі бір дерекке негіз болады. Осындай көшірулерде адам, жер-су аттары қате жазылуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайлардың болатынын деректану ғылымы мойындайды. Және де араб әліппесімен жазылғанда «б», «т», «и» және тағы басқа әріптердің үстіндегі не астындағы нүктелердің біреуінің кем не артық болуы, ұғымның мағынасын толығымен өзгеріске ұшыратады. Осыған орай, біз сүйеніп отырған Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асырап фи манакиб әл-ахлар» атты кітабын көшіру барысында көшірмешілер тарапынан, жоғарыдағыдай қателер кеткен болуы керек. Сондықтан Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жасаған жорығы басқаша бағытта жүрген деп есептейді. [6,№5]

Деректанушы ғылым ортағасырлардағы шығыс деректерін жетік меңгерген зерттеуші К.А.Пищулина Әбілқайыр ханның әскер жиған жері Еділ бойы емес, басқа бір өзен маңында болған деп санайды. Ал деректегі Еділ өзені деген сөздің кездесуін көшірмесінің қателігі деп түсіндіреді.

Әбілқайыр ханның Еділ бойында әскер жиюына Ноғай Ордасының билері рұқсат бермеген болар еді, өйткені осы жылдары Еділ, жайық алқаптары солардың иелігі болатын.

Сонда Әбілқайыр хан қай өзен бойында әскер жиған. Бізше ол өзен Дешті Қыпшақ жерінде болған, сондай-ақ айтылуында не болмаса жазылуында Еділ сөзіне ұқсастығы болған. Сонымен қатар ол өзен жергілікті жердегі кішкене өзен емес, Дешті Қыпшақ пен Мәуреннахрға танымал Сырдария, Ертіс, Сарысу, Еділ, Жайық секілді өзендердің бірі болған.

Біздің пікірімізше, Әбілқайыр хан әскерлерінің бас қосып, жиналған жері – Тобыл өзенінің жоғары және орта ағысы бойы болған. Бұған бірнеше дәлел бар. Біріншіден, Тобыл өңірі ежелден Шибан әулетінің иелігіндегі жер және осы маңда Әбілқайыр хан 1428 жылы хан болып сайланады.

Екіншіден, жорыққа дайындық жаз айында болған, олай болса хан Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі жайлаулардың бірінде тұрып жарлық берген Жайлаулар негізінен өзен маңында болатындығын ескерсек, онда сондай өзенінің бірі – Тобыл болған.

Тобыл бойынан Моғолстанға қарай барар жолдағы екінші географиялық атау – Ала –Таг – Алатау емес, Орталық Қазақстандағы Ұлытау. Араб әліппесіндегі дауысты а, ә, ұ, ү, дыбыстары бір ғана белгі І-әлифпен берілгендіктен «ала» сөзі «ұлы» деп оқимыз. Сондай-ақ «таг» сөзі ежелгі түрік тілінде «тау» деген мағынаны берген. Сонда дерек мәліметіндегі: «Ала-Таг» сөзі Ұлытау болып шығады. Шынында да Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Қызыл Нәдір жайлауының қайда екенін айттық.

Белгілі үш географиялық нүкте арқылы: Тобыл-Ұлытау-Қызыл Нәдір бағытымен түзу сызық жүргізсек, Әбілқайырдың жорығы Моғолстанға емес, оның батысындағы Қазақ Хандығына қарсы бағытталғандығын байқаймыз, - дейді. [6,№5]

Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін, әскердің жиылуы олар ды тексеру және соншама мол әскермен Ұлытау-Қызыл Нәдір арқылы жүруі бірталай уақытқа созылады. Хан әскері Қызыл Нәдірден Моғолстанға қарай бірнеше асу жер жүріп Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суытып, қыс түседі. Махмұд ибн Уәли: «...Осы мезгілде қалың қар түсіп, құйындата жаңбыр жауды және күшті жел басталып, суық ең жоғары белгіге жетті». Одан әрі, ол биылғы қыстың басқа жылдармен салыстырғанда өте суық және қар аралас жаңбырлы болғандығын айтады.

Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастыра береді. Ақ Қышлақ деген жерге жеткенде, суықтың күшейгені соншалық Әбілқайыр хан әскерін тоқтатуға мәжбүр болады. Онда әрі өзі кенеттен ауыра бастап, көп ұзамай қайтыс болады. Хан өлімінен кейін амалсыздан жорық тоқтатылады.

Тағдырдың өзі 1469 жылы Қазақ хандығына төнген қатерді өз жауының ортасына аударады. Әбілқайыр ханның өлер алдындағы ұрпақтарына қалдырған «достық пен ынтымақта болыңдар» деген өсиетіне қарамастан «көшпелі өзбектер» мемлекетінде Әбілқайыр хан өлгеннен кейін жағдай қиындап кетеді.

Әбілқайыр ханның өлімі және одан кейінгі «көшпелі өзбектер» еліндегі қалыптасқан жағдайлар Қазақ хандығының Дешті Қыпшаққа оралуына қолайлы жағдайлар туғызады. Ондағы бүліншілікке шыдамаған көптеген ру-тайпалар Қазақ хандығына келіп қосылады. Дешті Қыпшақтың ішінде оған деген іш бұрушылар саны артады. Жаңадан келіп қосылушылар мен Қазақ хандығында 1470 жылдың өзінде «200 мың адам болады». [4,110]

Әбілқайырдан кейін «көшпелі өзбектер» елінде таққа оның екінші ұлы Шайх Хайдар хан келеді. Шайх-Хайдар ханның жүргізген басты шарасы-ыдырап бара жатқан ұлыстардың басын қайта біріктіру еді. Бірақ ол дербестене бастаған ру-тайпа көсемдерінің, ұлыс-билеушілердің қарсылығына тап болады.

«Адамдар бұрынғыдай болғысы келмеді» сол себепті де мемлекетті басқару ісінде қиындықтар көбейеді. Шайх-Хайдар ханның жеке басында мемлекет басқарардай үлкен қабілеттілік көріне қоймайды.

Кешегі Әбілқайыр ханның қарсыластары енді ашық түрде қимылдай бастайды. Олардың ішінде Қазақ Хандығы да болған. Шайбанилық дерек мәліметтері «Шайх-Хайдар ханға қарсы жаулары бірнеше рет соғысты, бірақ әр кезде олар жеңіліс тауып, кейін қайтып отырды», - дейді. Осы мәлімет шындыққа сай келеді. Қазақ хандығы жағынан «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауға Жәнібек Ханмен бірге Бұрындық та қатынасады. Шайх-Хайдар ханның жағдайының әлсіздігін біліп: «Жәнібектің ұрпақтарының бірі Бұрындық хан елін жиып Әбілқайыр ханның ұлдарына шабуыл жасады. Олардың қарсыласуға күштері жетпей, жан-жаққа тарап кетті. Олар кетісімен Әбілқайыр хан ұлдары қайта бас қосты», - деп жазады Хожамқұлұлы бек Балхи. Бұл мәліметтің ерекшелігі сонда, мұнда тұңғыш рет Бұрындық хан көзге түседі. Бірақ та ол жаңсақтықпен Жәнібектің ұлы деп көрсетіледі. Бұл мәлімет бойынша, біз Қазақ Хандығы тарапынан Дешті Қыпшақтағы саяси билікті иелену үшін болған күрестердің бірін көреміз.

1470 жылдан бастап Дешті Қыпшақтағы билікті иелену жолындағы күресте тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Соған қарағанда Керей хан Қазақ Хандығы құрылғаннан кейін бірнеше жылдан соң қайтыс болса керек. «Шайбанинама» мен «Бахр-әласрап фи манакиб-әл-ахиар» деректерінде жалғыз Жәнібек хан басқа сұлтандар қатарында айтылады. «Шайбанинамада»: «Шайх-Хайдар ханның ұлысын иеленуге келгендер: Хожа-мұхаммед ханның ұлы Сейтек-Айтбақ хан, Барақ ханның ұлы Жәнібек хан, Керей-Араб ұлы Береке сұлтан және маңғыт әмірлері Айбас бек, Мұса мен Жаңбыршы билер» - десе, Махмұд ибн Уәли: «...Хожа – Мұхаммедтің ұлы Сейтек сұлтан, Сейіт Махмұдектің ұлы Абақ хан – бұлар шайбанилар, Барақ сұлтанның ұлы Жәнібек хан Тұқай Темірлік сұлтан» және қалғандарын «Шайбанинамадағыдай» нақтырақ келтіреді. [6,№6]

Билік үшін күрестің бірінде Алтын Орда ханы Ахметтің әскери көмегімен Айбақ хан тұтқиылдан жорық жасап, қаннен-қаперсіз отырған Шайх-Хайдар ханды өлтіреді. Әбілқайыр ханның басқа ұлдары жан-жаққа тарыдай шашырап кетеді. Шайх-Хайдар ханның өлімінен соң Дешті Қыпшақта 40 жылдан астам өмір сүрген «көшпелі өзбектер» мемлекеті өмір сүруін тоқтатады. Бұл оқиға 1470 не 1471 жылдары болған еді.

Осы жылдардан бастап Моғолстанда құрылған Қазақ Хандығы өз есімін және өз билігін Дешті Қыпшақ тайпалары арасында тарата бастайды. Бұл кез Қазақ хандығының құрылуының аяқталған тұсы. Осы мезгілден бастап Қазақ Хандығы Дешті Қыпшақтың саяси өмірдегі ең негізгі күшке айнала бастайды. Мұхаммед Хайдар Дулати бойынша айтсақ, Қазақ Хандығы «Өзбекстанның (көшпелі өзбектер елінде) басым бөлігінде хижраның 940 жылы (1533-34) билік жүргізе бастайды». [4,110] Дешті Қыпшақтың ру-тайпа көсемдері Қазақ Хандығының билігін еріктерімен қабылдағанға ұқсайды. Өйткені Қазақ Хандығының ханы – Жәнібек хан оларға бөтен емес, 1428 жылы қайтыс болған Барақ ханның ұлы екендігі белгілі. Жәнібек хан бұрынғы Ақ Орда хандарының әулетін қайта орнатушы ретінде болып отыр. Бір өзгешелігі Жәнібек хан Дешті Қыпшақ тайпаларының «көшпелі өзбектер» деген атауына әкеледі.

Жоғарыда айтылған барлық ой-тұжырымдарымызды қорытындылай келе, Қазақ Хандығы ХІІІ-XVғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-этникалық дамудың заңды қорытындылары нәтижесінде пайда болады деп санаймыз және Қазақ Хандығының құрылуы бір сәтте болған іс емес, басталуы және аяқталуы бар тарихи процесс. 1458 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуімен Қазақ Хандығының құрылу процесі басталса, 1470-1471 жылы Жәнібек хан Дешті қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ Хандығының құрылу процесі аяқталады. Қазақ хандығының құрылуының Түркістан аймағы зор ықпал етеді. [18,18] Одан әрі Қазақ Хандығының күшею дәуірі басталады.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет