Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі


Қазақ хандығының негізін қалаған хандар



бет4/4
Дата04.11.2016
өлшемі1,04 Mb.
1   2   3   4

2.2 Қазақ хандығының негізін қалаған хандар.
Керей хан (XIVғ. соңы-XVғ.) – қазақтың алғашқы ханы. ХV ғасырдың Алтын Орда мен Ақ Орда билеушісі Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібек сұлтан екеуі Дешті қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөлініп Моғолстанға келді.

1468 жылы негізгі қарсыласы Әбілхайыр хан өлген соң Керей мен Жәнібек өз ұлыстарымен атамекені Сыр бойына оралды. Осында Керей ханның басшылығымен алғашқы Қазақ ордасының іргесі бекіп, оның маңындағы ру, тайпаларға бөлінген халықтар осында өз жанында дала данышпаны Асан Қайғы отырды. Керей хан 10 жылдай билік құрып, Хантауда жерленген дейді тарихшы М.Елеуов.

Керейдің ата-тегі: Орыс хан, Тоқтақия Әнеке-Болат, Керей.

Керей ханның ұлдары көп болған деп жазған Мұхаммед Хайдар Дулати, бірақ олардың атын атамайды. Жошы әулетінің шежіресі бойынша Керейдің Бұрындық, Қожа Мұхаммед, Сұлтан Әли аталған үш ұлы, бірнеше қызы болған. Қазақ Ордасы мен кейінгі қазақ ұлттық мемлекетінің қалыптасып, оның алғашқы керегесін керіп, шаңырағын көтерген тұңғыш хан Керей есімін біздің халқымыз ешқашан ұмытпайды. [16,112]

Жәнібек хан Барақұлы – қазақ ордасының екінші ханы. Қазақ халқы елге айрықша сіңірген еңбегі мен кемеңгерлік істерін жоғары бағалап, оны әз Жәнібек деп құрметтеп атаған. Ол Қазақ Ордасының тұңғыш ханы Кереймен бірлесіп Қазақ мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі.

Әкесі Барақ ХV ғасыр басында Ақ Орда мен Алтын Орданы билеген. Жәнібектің ата-бабалары ал билеп, мемлекет билеушісі, хандық құрған ханы болды. Ал оның ұрпақтары Қасым, Ақназар, Тәуекел, Жәңгір, т.б. ХІХ ғасырдың бас кезіне дейін Қазақ хандығының тағында отырып, өздерінің қайраткерлік, ерлік істерімен айрықша көзге түскен адамдар болды. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығының беделі Дешті қыпшақта өсе түсті. Сөйтіп, бұл кезде дербес Қазақ хандығының күшеюіне тұтас келді. Бұған Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлі өте зор. Жәнібек хан Сарайшық қаласын мемлекет астанасы етті және сонда жерленген. Жәнібектің ата-тегі. Орыс хан, Құйыршақ, Барақ. Жәнібек жайында деректер аз. Барлық жазба деректерде ол Керей ханмен бірге есімі аталады. Оның шын аты Әбу Сайд, тоғыз ұлы, бірнеше қызы болды. Сөйтіп, Керей хан мен Жәнібек ханның нақ қашан өлгені де жерленген жері де белгісіз. Бірақ аттары қалды. Ұрпағы қалды. Олар құрған, ұзақ ғұмыр бұйырған хандық қалды. [17,113]

Қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектелуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары Жәнібек пен Керейдің үлесіне тиді. Олардың басқа Шыңғыс ұрпақтарымен (негізінен алғанда Шайбани ұрпақтарымен) бұрынғы Жошы ұлысының мұраға қалған жерлерінде билік жүргізу құқығы жолындағы тайталыстағы әулеттік мүдделері топтасқан халықтың дербес мемлекет құруға ұмтылсын объективті түрде бейнелеген еді. Қазақ хандары жалпы мемлекеттікке және ұзақ уақытқа созылған өзара байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу және Түркістан аумағын мекендеген этникалық топтардың этникалық-саяси, шаруашылық-мәдени дамуы арқылы бірігуіне дайындалып та қойған жерлерді топтастырғанын атап өткен жөн.

Әбілхайыр хандығы мен Моғолстанның әлсіреуі және ыдырауы жағдайында аталған кең-байтақ аймақтың рулары мен тайпаларының ең ықпалды көсемдері саяси тәуелсіздікке ұмтылды немесе әлдебір Шыңғыс ұрпағы арқылы қамқоршы іздестірді. Олардың көбісі алғашқы қазақ хандарының біртұтас мемлекет құру мен оны нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін қолдады.

Қазақ рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау 40-50 жылдардың өзінде Қазақстанның оңтүстігідегі жерлерде – Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегіне тортасқан еді. Әбілқайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынған басшыларының қарсылығын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аймақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды.

Қазақстанның оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір бөлігі бағынды, олардың төңірегіне көшпелі рулық-тайпалық шонжарлардың айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі таптасты. Шонжарлардың бұл топтары өздерінің Сыр өңіріннің отырықшы-егінші халқын қанауға, жергілікті қалалардың саудасы мен қолөнер кәсіпшілігінен пайда алуға дәмеленуін қамтамасыз ететін берік хан билігіне мүдделі болатын Әбілхайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы жиырма жылға жуық күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсылықтарын басумен айналысып жүргенде, Қазақстанның оңтүстігінде мұндай күшті билікті Ақ Орда хандарының мұрагерлері қамтамасыз ете алатын еді. оларға рулар мен тайпалардың Әбілқайырға парызы көптеген көсемдері өз бодандарымен бірге ағылып келіп жатты. Қаратау баурайлары мен Сырдариядағы қала орталықтары мен бекіністер. Созақ, Сығанақ, бәлкім Сауран мен басқа да онша ірі емес бекіністер, сірә Жәнібек пен Керейдің қолында болса керек.

Бұл жорамал әбден орынды, өйткені деректерде 1446 жылы бұл қалалары Әбілхайырдың кімнен тартып алғаны айтылмайды. Б.А.Ахметов 40-жылдары Керей мен Жәнібек Сырдария бойында болмаған, әйтпесе олар Ақ Ордаға қарайтын осы қалалардың бірінде болса, олар Мұстафа ханмен шайқаста күші әлсіреген Әбілқайырға қарсылық көрсетер еді деп санайды. [10,326-337]

50-жылдардың аяғында Әбілхайыр қалмақтардан (ойраттардан) жеңілгеннен кейін, ол ойрандалған ұлыстарда қатаң шаралар қолданып тәртіп тәртіп орнатуға кіріскен кезде, Керей мен Жәнібекке бағынған көшпелі рулар мен тайпалардың жағдайы бұрынғыдан да қысымшылыққа ұшырады. Әбілғазы Шыңғыс ұрпақтарының арасында "ханның қысына ұшырамаған не оның садағының оғы дарымаған бірде-бір адам қалмады" деп жазады.

50-жылдардың аяғында көшіп кетуді Жәнібек пен Керей басқарды. Шығыс Дешті Қыпшақ, Түркістан мен егіншілері өздерінің өндірістік еңбектернен еңбектерінен әлсін-әлсін қол үздіріп отырған толассыз тонаушы соғыстар мен өзара алауыздық қақтығыстар жағдайында қисапсыз ауыртпалықтар тартып, кіріптарлыққа түсті. Ортағасырлық далалық еркіндік жағдайында олардың қолдарынан келген бар қарсылықтары өздері бағынатын билеушілердің қол астынан көшіп кету ғана болды. XV ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап, 70-жылдардың басына дейін Әбілхайыр хан билігінің соңғы кезеңінде ерекше жиілеп кеткен Жошы әулетінің, көшпелі рулар мен тайпалар көсемдерінің қайта-қайта бұрқ етіп отырған бүліншілігі жағдайларында, бұл ханның қалмақтардан жеңіліске ұшыраған сәтінде Шығыс Дешті Қыпшақтан, Сырдария бойындағы алқаптар мен Қаратау бөктерлерінің Батыс Жетісуға екі жүз мыңға дейін адам, негізінен қыпшақ рулары мен тайпалары көшіп кеткен. [15,152-154]

Тұрғын халықтың жаппай көшуін Жәнібек пен Керей бастады. Олар өз төңіректеріне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелі қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458-1459 жылдары Әбілхайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті. Орта ғасыр авторларының ішінде бұл оқиғаны тіркеген – Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол көшіп барған қазақ топтарының нақты орналасқан аумағын да атайды: "Бұл уақытта Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы тегінен тараған сұлтандарға көп зардап шектірді. Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға барды. Есен-Бұға хан оларды жылы шыраймен қабылдап, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы округтерін берді". [19,144]

Жәнібек және Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, ең бастысы оның Жетісудың солтүстік бөлігінің иелерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жәнібек пен Керейге қарасты өлкенің бөлігін мекендейтін тұрғындарының этникалық жақындығы; ең соңында, феодалдық-бытыраңқы Моғолстанның әлсіздігі; оның билеушісінің Жетісудағы өкімет билігін өз қолында ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды.

2.3 Қозыбасы – Қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер.
Елімізде тарихи мәніне байланысты киелі танылған жерлер баршылық. Солардың бірі қазақ ұлттық мемлекеті дүниеге келіп, кесілген жер – Қозыбасы жайлауы. Бұл туралы айғақты ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) өзінің «Тарих-и Рашиди» атты тарихи-көркем шығармасында былайша әңгімелейді. «...Сол күндері Әбілхайыр хан Дешті-Қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарын шабуылдай берді – Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Есен-Бұға оларды жақсы қарсалып, Моғолстанның батыс жағынан Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін берді».

Қазақ хандығының туы алғаш желбірей тігілген Қозыбасының қай жерде орналасқанын анықтау өте маңызды мәселе. Бұл көптің көкейінде жүрген сауал. Оның жауабы тарихшылар мен зерттеулерді талайдан толғандырып келеді. Осы туралы әр түрлі ойлар мен пікірлер де айтылуда. Профессор Санжар Асфендияров 1935 жылы «Қозыбасы – Қордайдың Тарғапқа қарсы тұсындағы жайлау» деген. Кейінгі жылдары бұл сұраққа жауап ретінде ондай жердің жоқ екендігіне қарамай, деректерден алшақ болса да, Шудың Мойынқұм өңірін, Бетбақдала жағын, Жамбылтау мен Хантаудың да Қозыбасы болар деген ойлар айтылды. Сәбетқазы Ақатай мен Жағда Бабалық «Қозыбасы төбесі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауынан қашық емес» деп, дәл үстінен түсіп тұрса да, «бірақ оны Шу тарапына жатқызуға болмайды ғой» деген күдікті де келтірген.

Қозыбасының қай жерде екендігін анықтағанда қазақ хандығы құралған кездегі елдің, мемлекеттердің саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайын да ескеру керек. Қазақ хандығының дүниеге келуінің алғышарты болды деп Моғолстан, Мауереннахр және Дешті Қыпшақ мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуін айту керек. Осыған байланысты Әбілхайыр ханның қарамағындағы сұлтандарға қысымы арта түсті. Жәнібек пен Керей сұлтандар туындаған жағдайды пайдаланып ханнан арасын аша бастады. Қазақ сұлтандары Моғолстанға келіп паналайды. Есен-Бұға оларға Моғолстанның батыс жағын беріп, осы жерлерді қауіпсіз аймаққа айналдыруды көздегені де айқын.

Қозыбасы жайлауын мекендеу Жәнібек пен Керей Сұлтандарға тиімді еді. Бұл Әбілқайыр ханның қолы жетпейтін жер Шу өзенінің аңғарындағы Жүніс ханның әскерлерімен екі арадағы биік тау жоталары қалқан болардай. Таяу батысындағы Кіндіктас, қазіргі Қордай жоталары жауға ұрымтал жер болғандықтан, Жәнібек пен Керей бұл ауданды мекендеуге таңдай қоймасы түсінікті.

«Тарих-и Рашиди» аудармасындағы: «...Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін берді»дегенді оқығанда Қозыбасыны өзеннің жағалауында болар дегендей жансақ ой туады. Қолжазбаның дәлірек аудармасы «Шу атырабындағы Қозыбасы» болып шығады. Егер, Қоршағанда немесе Ташкентте отырып Моғолстанның жерлерін Шу, Іле, Балқаш сияқты белгілі нысандарға байланысты айтқанда Қозыбасы жайлауының Шу жақта екендігі көрініп тұр.

Қозыбасы Алматы облысының Жамбыл ауданында, Тарғап ауылынан оңтүстік-шығыс бағыты бойынша 8 шақырым жердегі Текшетау, Алматы қаласынан басқа қарай 95 шақырым жерде. Қозыбасы текшетауының солтүстігі жарқабаты, турасынан өлшегенде 5 шақырым қашықтықта Ұлы Жібек жолының сүрлеуі, қазіргі халықаралық автокөлік жолы өтеді. Текшетаудың ортасында дөңгеленіп Қозыбасы төбесі тұр. Хан кеңесін өткізуге төбе өте қолайлы, ал оның айналасы халық жиналып хан жарлығын тыңдауға, орда кеңесіне қатысуға әдейі жаратылғандай. Төңірегіндегі жазықпен сайлар мал жайылымына да қолайлы Оңтүстігінде қалқан болып тұрған таулардың оң биік Суықтөбе шақырым. Қозыбасы текшетауынан биік тауларға дейінгі аралықта малға да, жанға да жайлы кең шатқал да бар. Сол шатқалдарда қазір Дегерес, Көкқайнар, Шиен, Бесмойнақ, Қастек, т.б. ауылдар орналасқан. Жеті жол (дұрысы Жотажол болар) тауын басып өткенде Шу өзеннің аңғары мен Ыстық көл жатыр.

Сонымен, Қозыбасыны Қордай жотасында, Шу өзенінң бойында: Бетбақдала мен Хантау өңірінде деген болжамдар негізсіз. Себебі ол кезде батыста – Шу мен Талас өзендерінің аңғарын Әмір Темірдің ұрпақтары өз қолдарынан шығарған емес, ал Солтүстікте – Мойынқұммен Балқаш өңірлерінде Әбілқайыр билік етті. Аталған жағдайларды ескерсек, біз айтып отырған Қозыбасы Қазақ хандығының мәйегн шайқауға жайлы да тиімді жер екендігі айқын көрініп тұр. Жоғарыда аталған болжамалы жерлер Қазақ хандығының буыны қатайып, құлашын еркін сермей бастаған кейінгі жылдары ғана мемлекеттің құрамына кірген.

Қозыбасыда Қазақ хандығының көк байрағы қай күні тігіліп, алғаш желбіреген уақыты әзірше бей мәлім. Дегенмен, оның 1465 жылдан бұрын болғаны анық. Оның басты дәлелі, Қозыбасыны қазақтарға берген Моғолстан ханы Есен-Бұға 1462 жылы дүниеден қайтқан.

Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығы Қозыбасыда 1458 жылдың күзінде құрылған» деген тұжырым жасайды.

Қозыбасы Қазақ хандығы дүниеге келген жер болғандықтан халық есінде мәңгі сақталуы тиіс. Ол үшін киелі жерде мемориалдық кешен орнатып, туристік нысанға айналдыру керек.

Қозыбасының әсем табиғаты, оның халықаралық автокөлік жолында жақын тұрғандығы және жобадағы Ыстықкөлге асатын төте жолдың бойында болуы ескерткіш кешендерін көрнектеген соң халқымызға, болашақ ұрпаққа және шетелдерден келетін қонақтарға еліміздің тарихын паш ететін көріністердің біріне айналуы сөзсіз.


2.4 "Қазақ" термині туралы.
Бір ұлттың атының (этнонимінің) шығу тегі, мән-мағынасы мен сөз төркіні мәселе, қай қашанда тарихнамада талай пікір туғызып, айтыстар шығаратын және бірауызды шешімге келе қою қиын күрделі мәселе. "Қазақ" атауының шығуы , оның мән – мағынасы туралы мәселеде талай заманнан бері талқыланып, сан алуан жорамал-жорулар мен дәлел-деректер, келелі пікірлер айтылып келе жатқан кәделі мәселе. Бірақ бірақ әлі күнге дейін бұл мәселеге ғылымда дәл, тоқ етер жауап жоқ қолда бар мәліметтерді саралай келе "қазақ" атауы туралы басты-басты пікірлерге, деректерге тоқтала кетейік.

Тарихи әдебиеттерде "қазақ" сөзінің сан түрлі түсіндірмесі бар. Біріншілері: Қазақ халқының арасында таралған тарихи аңыздың жүлгісімен "қазақ" деген сөздің төркіні кәдімгі жыл құсы қаз-аққудың "қаз" деген ұғымнан шыққан, яки осыдан өзгерген немесе қазға терең арқылы пайда болған деп есептейді. Мысалы: жазушы Р.Тоқтаров: қазақ атауы қаз (құс) және ақ (аппақ) деген сөздерден шыққан деген, яғни "ақ қаз" деген болжам айтады. А.Абдрахманновтың пікірі бойынша: "Қазақ сөзінің төркіні қаз және оғ(оқ) деген екі компоненттен жасалған. "Оғ" көне түрік тілдерінде "ру, тайпа"... алғашқы шығу тегі жағынан қазақ этнонимі "қаз-оғ(оқ) яғни "қаз тайпалары" деген сөздермен байланысты болған" деп, тұжырым жасайды.

Біреулер оны түрік тіліндегі қаз, қазу (рыть) сөзіне немесе кез, кезу (скитаться), қаш, қашу (бежать, спасаться) сөзіне апарып телиді; екіншілері қаз (гусь), оқ (белый) сөздерінен шыққан деп бұл сөздің адам нанғысыз этимологиясын жасайды; «қазақ сөзін» монғолдың қасақ-тэргэн (арбаның бір түрі) сөзінен шығаруға болатын дейтін зерттеушілер бар. Тағы бірқатар авторлар «қазақ» сөзін көне Кавказ тайпасының немесе тайпалар одағының атауы «касогпен» байланыстырады; алайда бұл сияқты жорамал-болжамның бәрі, В. В. Бартольдтың пікірінше, «тарихшы үшін кәдеге жарай қоймайды». "Қазақ" деген сөздің көне түркі тіліндегі мағынасы яки қолданылу дағдысы "өз елінен бөлініп шығып, еркін жүрушілер", "еркін адамдар", ержүрек еріктілер" деген сөзді білдіреді. Демек "қазақ" атауының арғы тегі "еріктілер" дегеннен шықты дейді. Мысалы: Ш.Уәлиханов: "Қазақ сөзі әскери термин ретінде қолданылып "ержүрек, батыл" деген мәнді білдіргенін баяндайды. Атақты ғалым В.В.Радлов "қазақ" деген атауды: "Тәуелсіз, еркін, ерікті адам" деп мағыналаған, ал А.Н.Самойлович: қазақ сөзі әлеуметтік тұрғыда белгілі бір мәнге: "батыл, ержүрек, еркін адам" деген мағынаға ие деп жазады. Қазақ шежіресінің" авторы Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы жоғарыдағы пікірді жақтайды: "Қазақ" дегеннің мағынасы "өз алдына ел болып, еркін жүрген халық деген сөз деп түсіндіреді. [9,29]

Қысқасы, «қазақ» сөзінің сенімді этимологиялық түсінігі әзірге жоқ. Бірақ «қазақ» сөзінің шығу тегі қандай екендігіне қарамастан, оның әуел баста еркін, үйсіз-күйсіз, кезбе, аласталған, сонымен қатар ержүрек, ер адам деген мәндегі атау мағынасы болғаны дау тудырмасы анық.

Сөйтіп, ешқандай саяси болмаса этностық мағынасы жоқ «қазақ» сөзі әрбір өз жүртынан, өзінің заңды билеушісінің қол астынан бөліне көшкен, сөйтіп тәуекілшілеп өмір сүруге мәжбүр болған өз еркі өзіндегі адам дегенді білдіреді. Айта кететін жайт, түріктің осы сөзі орыс тілінде де сол мағынада қолданылады. Русьте казактар деп арнаулы бір кәсіппен айналыспайтын адамдарды, жалдамалы батырақтарды, қысқасы өз еркінше жүрген адамдарды айтқан. «Қазақ» сөзі XIV ғасырдың аяғында Русьтің терістік аумағында тіркелгенімен, тарихшылар орыс казачествосының отаны Қыпшақ даласымен шекаралас оңтүстік Русь жері болғанын мойындайды. Бұл аймақтағы тұрмыстың ыңғайы олардың әскери қауымдастық ретінде қалыптасуына ықпал етті.

Басқаша айтар болсақ, «қазақ» сөзінің түпкі мәні — әлеуметтік мән. Ол — дәл осы сәттегі жеке адамның, ұжымның өз билеушісіне, қоғамға, мемлекетке қатысты жағдайы, күйі, мәртебесі. Мәселен, айналасына сыймай ел кезіп, өзін-өзі қылыштың жүзімен асырап жүрген адам — қазақ, жора-жолдассыз жалғыз өзі қатерлі де шалғай жолға шыққан адам — қазақ, Бабырдың сөзімен айтсақ, «көзсіз ерлікпен жауының жылқысын айдап әкетпей тынбайтын» жаужүрек жігіт — бұл да қазақ.



Кейде өз еркімен не әлде бір жағдайға байланысты еріскіз қазақы өмір сүретін адам қашанда аз болмаған. Оған ол кездің күнделікті тірлігі де қолайлы еді, оның үстіне сол кездің түсінігі бойынша, «Тарихи Рашиди» авторы айтқандай, ер-азаматтың жас шағында елден жырақ, шөлді жерде, тау мен орман ішінде, ауылынан шалғайда өмір сүріп, жүгірген аң, ұшқан құс етімен тамақтанып, бас кетер қатерге бара жүріп ұстаған аң терісін үстіне іліп жүрудің өзі ерлікке парапар болған.

Кез келген адам, ол түрік пе, парсы ма, көшпелі малшы немесе жеті атасынан үзілмей келе жатқан ақсүйек төре ме, «қазақ» болып кете алатын еді. Біраз уақыт Тоқтамыс ханның түңғыш ұлы Жалад-Дин де, Шибан әулеті мемлекетін орнатқан Әбілхайыр да, оның немересі Мұхаммед Шибан да, Шағатай ұрпағы Уәйіс сұлтан мен Саид сұлтан да «қазақ» болып жүрген. Қылыштасудан алдына жан салмайтын Әмір Темір ұрпағы Сұлтан Хусейн де көп айлар «қазақ» болып жүрген. Өзінің әйгілі «Жазбаларында» Бабыр да «қазақ аталып», таулы аймақ Масчадан Сұлтан Махмуд ханға бармақ болғанын есіне алады.

Бұл жерде қазақ болған адамның өз бетінен қайтып, бұрынғы қалпына қайта келуіне, ежелгі өз ауылына қайта оралуына болатынын баса айту керек. Жоғарыда біз атап өткен ақсүйек тұқымдарының бәрі де сөйткенін көреміз. Сұлтан Хусейн мен Сұлтан Саид кейін әрқайсысы өз елінде патша болды. Мұхаммед Шейбани мен Захир ад-Дин Бабырлар өз алдына дербес мемлекеттерін құрды.

Сөйтіп, сонау бір ескі заманда қазақ болу әркімнің өз қолындағы нәрсе еді. Иран және түркі тілдес деректер түпнұсқаларында қазақтың тұрмыс-халін көрсету үшін қазақ болу, казачество, ел кезу, еркіндік дегенді білдіретін қазақлық зат есімі, сондай-ақ қазақламақ етістігі қабылданды.

Қазақтың тұрмыс-халі карабайыр екені белгілі. Содан барып «қазақына», яғни «қазақша», «қарапайым» ұғымдарын білдіретін сөз, түріктің "қазақ" деген сөзіне парсының "ына" қосымшасы жалғануынан барып туған сөз шыққан. Т.И.Сұлтанов "қазақ, әрине, өзінің «қазақлығын» жалғыз-жарым өткізе бермеген. Еркін қазақпен бірге оның болашағы беймәлім тірлігін теңдей бөліскісі келетін адам, оған қазақтас болған. Қазақтас сөзін (оның негізінде белгілі үлгі: йолдаш — серіктес, аркадаш — жолдас, ауылдас — жерлес, ватандаш — отандас жатыр) мен екі-ақ жерде — әл-Хаджа Абд әл-Ғаффар Киримидің «Умдат ат-тауарих» («Тарихтар негізі») шығармасында және XVII ғасырдағы осман авторы Эвли Челебидің Қырым хандығын суреттеген «Саяхаттар кітабынан» ғана кездестірдім", – деп жазды.



Біз сөз етіп отырған дәуірде «қазақ» сөзі жекелеген этностық, саяси және басқа топтарға, кейде тіпті жеке адамдар атына қосылып айтылған. Мәселен, моғол қазақтары, ноғай қазақтары, Дешті қазақтары, қызылбас қазақтары, сондай-ақ «Таңбала әмір қазақтары», «біздің қазақтар» (Бабыр), «шибан қазақтары» болған.

«Қазақ» сөзі сондай-ақ белгілі бір топтың, әр түрлі себептермен өз мемлекетінен ажырап қалған, қазір онымен соғысуға мәжбүр болып жүрген көшпенділердің бір бөлігіне де таңылып келді. Міне, сондай топтың, қазақтардың біріне Әбілхайыр хан мемлекетінің оған қарсы шығып, оның билігінен бөлініп кеткен Орыс хан үрпақтары Керей мен Жәнібектерге қосылып жат жерден бақыт іздеген көшпенділері де жатады.

Керей мен Жәнібектің ауа көшіп кетуінің қазақ халқының этногенезіндегі рөлі қандай? Керей мен Жәнібек маңындағы қазақтар бірлестігі саяси және этностық турғыдан қандай бірлестік еді? деген сұрақтар туады.

Керей мен Жәнібектің Жетісу жеріне көшіп кетуі, сөз жоқ қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ халықтың өзінің қалыптасуындағы емес, оның қазіргі атының біржола бекіп қалуындағы рөлін айтамыз. 1459—1460 жылдардағы ауа көшуден қазақ халқы пайда болған жоқ, ол халықтың бұған дейін де жүріп жатқан қалыптасу үрдісін одан әрі жеделдетті. [7,49-56]

Қысқасы, ол көш қазақ халқының ұлт болып қалыптасуының бастауы да, жетер межесі де болған жоқ. Бірақ ол сол әрқилы аспектіден тұратын үрдістің ең басты қозғау күшінің бірі болды: қалыптасып жатқан халықтың өзінің болашақ есімімен тарихи тоғысуы осылайша Жетісу даласында жүзеге асты. Осыдан былай Орыс хан әулетін жақтаған адамдардың тарихы мен «қазақ» сөзінің тарихы тұтасып біте қайнасып кетті. Ендеше Керей мен Жәнібектің көшуі «казақ» сөзінің де тарихи тағдырын біржола шешіп берді.

Шибан ұрпағы Әбілхайыр өлгеннен кейін Керей, Жәнібек және олардың қасына ергендер үшін туған елге қайтуға жол ашылды, қайтып оралған соң көп ұзамай олар жоғарғы билікті өз қолдарына алды. Сол оқиғалар төл қазақ мемлекеттілігінің бастау негізі болды.

Әбілхайыр мемлекетіндегі билік ұстаған әулетті Жошы әулетінің басқа бұтағынан тарағандар алмастырғанымен, елдің экономикалық һөм әлеуметтік құрылымында елеулі өзгеріс бола қойған жоқ. Бірақ осы оқиға түптің түбі мемлекет атының өзгеруі мен «қазақ» сөзінің этностық мазмұн алуына жеткізді.

Дала халықтарын өз қол астына біріктіру жолындағы қатал бәсеке күресте қазақтарды, одан соң мемлекетті де басқарған Орыс хан ұрпақтары жеңіп шықты. Шыңғыс ханның баласы Жошының Шибанынан тараған ұрпақ бұдан әрі жан-жаққа бытырап, біріктіруші болуға жарамсыз болып шықты.

Шығыс Дешті Қыпшақтағы «өзбек» жиынтық атауы біржола жойылды. Бұрын осы өңірді мекендеген тайпалар енді әрқайсысы өз атымен өзбектер (шибандықтар), қазақтар және маңғыттар (ноғайлар) деп атала бастады.

Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы сол кезгі этностық-саяси дайды 1510 жылы өлген Мухаммед Шайбан хан сарайының ең хабардар бір тарихшысы Ибн Рузбихан былайша сипаттайды.

«Шыңғыс хан иелігіндегі елдің сүт қаймағы саналған үш тайпаны өзбектер деп біледі. Бұл күнде олардың бірі — шибандықтар, ұлы мәртебелі Шибан хан бірқатар аталарынан кейін оларды билеп отыр. Екінші тайпа — қазақтар, бүкіл әлемге күшімен, жаужүректілігімен аты шыққан, үшінші тайпа — маңғыттар... Бұл үш тайпаның хандары үдайы бір-бірімен дүрдараз, біріне-бірі көз алартумен келеді», деп жазды Т.И.Сұлтанов. [7,49-56]

Дешті Қыпшақ көшпелі тайпаларының Темір әулеті мемлекетін жаулап алуы, Мәуереннахрда екі дербес өзбек хандығының — бас қаласы Самарқан, одан кейін Бұхара болған Бұхара хандығының және орталығы әуелде Үргеніште, ал кейін Хиуада болған Хиуа хандығының қүрылуы қазіргі өзбек және қазақ халықтарының этностық-саяси тарихындағы аса маңызды оқиға болады.



Осы арада екі жағдайды баса айтқым келеді. Біріншіден, Шибан әулетінің басты-басты екі бірдей тармағының Даладан кетуінің нәтижесінде Дешті Қыпшақ көшпелі тайпаларының біразы Мәуереннахр мен Хорезмнің бағындырылған өңірлеріне қарай жаппай жылжып, сол маңнан екінші отан тапты. Бұл мәселе бойынша деректерді зерттей келе, Даладан Мәуереннахр мен Хорезмге ауған Дешті Қыпшақ көшпенділерінің саны үш жүз алпыс — төрт жүз мың шамасында болғанын байқаймыз. Екіншіден, Шибан ұрпағының көптеген адамдарды ертіп, қазіргі Қазақ даласы аумағынан біржола кетуі Мәуереннахр өзбектері мен Шығыс Дешті Қыпшақ қазақтары арасындағы тұрмыс, салт-сана, дәстүр мәдениет түрғысында өзгешеліктер болуына әкеліп соқты.

Шибан ұрпағына ерген көшпелі тайпалардың бірсыпырасының Мәуереннахр мен Хорезмге қарай аууына байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ түрғындарының аумақтық-этностық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-тұрмыстық өзгешеліктерінің шығуы этностық жаңа қауымдастық — қазақ халқының біржола қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Шығыс Дешті Қыпшақ «өзбек» және «қазақ» деген терминдердің тарихи тоғысқан орны болудан арылды. «Өзбек» сөзі Шибан ұрпағымен бірге Мәуереннахр мен Хорезм аумағына өткен тайпалардың атына айналды. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу жерінде көшіп жүрген қалпында қалған Жошы әулеті Орыс хан үрпағының қол астына біріккен түркі тілдес тайпалар мен рулар «қазақ» атын түпкілікті иемденіп, олардың елі Қазақстан атала бастады.

Сол кезден бастап қазірге дейін осы бір еуразиялық ұлан-байтақ елдің түпкілікті тұрғындары өздерін тек қазақ деп қана атап келеді.

Сөйте тұра орыс тіліндегі әдебиет пен қүжаттарда XVIII ғасырдан XX ғасырдың 30-жылдарына дейін көптеген жылдар бойына Қазақстанның байырғы халқын атау үшін «қырғыз» (көршілес түркі тілдес халықтың атауы, олар орыс күжаттарында қарақ қырғыз, буруттар, жабайы тау қырғыздары деп аталып келген), немесе бірде қырғыз-қазақ, бірде қырғыз-қайсақ (бұл жерде «қайсақ» сөзі түріктің «қазақ» деген сөзінің бұрмалануы ғана) деген сөздер қолданылды. Қате атаудың қазақтарға таңылуының әрбір жағдайының өз түсіндірмесі бар, сондықтан арнайы қарастыруды талап етеді.

«Казах» сөзі — осы күнгі жер аумағы жағынан барлық түркі елдерінің алдында түрған көп миллион халқы бар ұлттың қазіргі ресми орысша аты — түркіше «қазақ» сөзінің орысша нүсқасы болып табылады. Г. Ф. Благованың анықтауынша, «казах» сөзінің орыс деректерінде алғаш қолданыла бастауы 1822 жыл екен де, сөздіктерде бүл сөз 1865 жылы пайда болыпты. "Қазақ" түркі сөзінің орысша казах нұсқасының ресми орнығуы 1936 жылы Қазақстанның әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан қайта құрылуымен байланысты.



Қорытынды
Жұмысты қорытындылай келе алға қойған мақсаттарды ашып, зерттедім. Қазақ мемлекетінің алғашқы тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің өміріне және шығармашылығына тоқталдым. Ол қазіргі біздің тарих ғылымы үшін аса құнды еңбек жазды. Қазақ тілінде "Тарихи Рашидидің" жарық көруі қазақ тіліндегі оқырман үшін қажетті дерек көзі болып табылады. Бұл шығарма Қазақ хандығының тарихы жайындағы ең алғашқы түпкі деректер ішінде ұлағатты орын алады. "Тарихи Рашиди" беттерінде сөз болатын қазақ беделділері жайлы мәлімдемелер, айналып келгенде, құрылуы алдындағы, құрылып жатқан кездегі Қазақ хандығы тарихи жөніндегі ортағасырлық мұсылман тарихы жылнамаларындағы бірден-бір басы бүтін шығарма болып табылады. [20,112] Сөйтіп, сайып келгенде, Мұхаммед Хайдар Дулатиды Алғашқы қазақ мемлекетінің толық хақылы алғашқы тарихшысы деп айтуға біздің де хақымыз бар.

Жоспар бойынша барлық алға қойған негізгі мәселелерді қарастырып, кішігірім зерттеу жүргіздім. Жоғарыда айтылған ойды қорытындылай келе, Қазақ хандығы XIII-XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық дамудың, саяси-этникалық дамудың заңды қорытындылары нәтижесінде пайда болды. Қазақ хандығының құрылуы бір сәтте болған іс емес, басталуы мен аяқталуы бар тарихи процесс. 1458 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуімен Қазақ хандығын құрылу процесі басталса, 1470-71 жылы Жәнібек хан Дешті қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ Хандығының құрылу процесі аяқталады. Яғни хандықтың құрылуы бір жылда ғана емес, бірнеше жылдар ішінде болады.



XV-XVII ғасырда Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде құрылған Қазақ хандығы тарихи оқиға болды. Құрылғаннан кейін Қазақ хандығы Еуразияның шығыс бөлігіндегі күшті мемлекеттердің біріне айналды. 1470-71 жылдардан бастап ХІХ ғасырда патша үкімет кең байтақ қазақ даласындағы хан билігін жойғанға шейін Орыс хан ұрпақтары үнемі бірін-бірі алмастырып келді, бірақ саяси үстемдік енді қайтып Шыңғыс әулетінің басқа тармағының өкілдеріне көшкен емес.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Ә.Дербісалиев. "Қазақ даласының жұлдыздары" А.,1995.

  2. Ә.Дербісәлиев. "М.Х.Дулати - Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық" А.,1999.

  3. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. "Бабырнама" А.,1993.

  4. М.Х.Дулати. "Тарихи Рашиди" А., 2003.

  5. К.Пищулина, Н.Ағытай. "Тарихи Рашидидің" тәржімесі туралы. //Қазақ тарихы, 2004.

  6. Б.Кәрібаев. Қазақ хандығының құрылуы.//Қазақ тарихы, 1995. №4,5,6.

  7. Т.И.Сұлтанов. Қазақ хандығының тарихы. А, 2003.

  8. Ч.Мусин. Ұлы дала тарихы. А., 1993.

  9. М.Қани. Қазақтың көне тарихы. А, 1993.

  10. Қазақстан тарихы. ІІ том.

  11. Т.И.Сұлтанов. Кочевые племена Приаралье в XV-XVIIв.в. М.,1982.

  12. Кляшторный С.Г., Т.И.Сұлтанов. Казахстан. Летопись трехтысячилетии. А,1992.

  13. Сыздықова Р. Қойгелдиев М. Қадірғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы А, 1991.

  14. Әбілғазы. Түрік шежіресі. А, 1992.

  15. Қазақстан тарихының очерктері. А, 1995.

  16. С.Кенжеахметұлы. Жеті қазына. Жиған-терген ІІ кітап. А, 2002.

  17. А.Асқаров. Ұлы Тұранның ұлдары. А, 1998.

  18. Б.Кәрібаев. Түркістан және Қазақ хандығы. А, 1999.

  19. Қ.Р.Аманжолов. Түркі халықтарының тарихы.

  20. С.Жолдасбайұлы. М.Х.Дулати және XV-XVIғ.ғ. Қазақ хандығы. А: Қазақ университеті 2000.

  21. Материалы по истории казахских ханов в XV-XVIIв. А, 1969.

  22. Гафуров Б.Г. Таджики. Древняя и средневиковая история. Душанбе, 1989.

  23. Бартольд В.В. Улугбек и его время. Соч., 2Т. М., 1964.

  24. Масанов Э.А. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. А, 1966.

  25. Махмұт Ибн Уәли. Бахр ал-асрар фи Маникаб ал-ахиар.

  26. О.Кухистани. Тарихи Абулхайыр хани.

  27. Гумилев Л.Н. От Руси к России. М., 1992.

  28. Сулейменов Р.Б. В.А.Моисеев. Из истории Казахстана XVIIIв. А.,1988.

  29. Петров К.И. Киргизско-Кипчакские отнешение. Известия А.Н.Кир ССР. 1961.

  30. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М., 1965.



Ф.7.15-07 қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі

Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет