“Инь” мен “Ян” екеуінің дуализмі мен өзара әсері бүкіл әлемдік құбылыстардың мәнін айқындайды. Мұндай қызметті олар адамның өмірі мен парасатты іс-әрәкетіне де, таным процесіне де байланысты атқарады. Инь және ян бүкіл әлемдік хаосты реттеуші бастау болып табылады. Инь, ян ілімін Ұлы жалпы заң деп атайды. Ауысу, өзгеру және толықтыру құбылыстары инь мен янның өзара қатынасқа түсуі нәтижесінде жүзеге асып жатады. Инь, ян ұғымдары жаhандағының бәрі екі қарама-қарсы жақтардан құралғанын бейнелейді, шексіз екі қарама-қарсы жақтар бар. Дүние шексіз, инь, ян бір-бірінсіз өмір сүрмейді.
Инь мен янның өзара байланыстарын, қатынастарын, мызғылмас бірлігін тайцзы (ұлы шек) ұғымы көрсетеді. Ол графикалық түрде монема арқылы көрініс табады. Аталмыш монеманың мағынасын былай сипаттауға болады:
Шеңбер шексіз әлемнің символы болып табылады.
Қара (инь) мен ақ (ян) әлемнің екі қарама-қарсы жақтарын білдіреді.
Инь мен ян мызғымас бірлікті құрайды: әр янда аз мөлшерде инь болады, әр иньде аз мөлшерде ян болады.
Ян өз шегіне жетіп иньға өтеді, ал инь өз шегіне жетіп янға өтеді.
Сонымен, ежелгі қытай философиясындағы инь мен ян туралы ілім
әлемнің бірлігін, дуализмін және ұдайы өзгерістерде болатындығын бейнелейді.
Б. з. б. 8–5 ғасырларда ежелгі қытай философиясының “Инь”, ”Ян” теориясы “ци” (энергия, тіршілік қуаты) ұғымымен, ал б. з. б. 5–3 ғ.ғ. “У-син” (өмір мен өлімнің өзара күрделі байланысын сипаттайтын бес алғашқы элемент, бес қозғаушы күш) концепциясымен толықтырылды. Ежелгі Қытайдағы алғашқы философиялық құрылымдар үшін ең маңызды мәселе осы ұғымдар мен адам өмірінің, әлеуметтік құбылыстардың арасындағы кері байланысты мойындау болатын. Мұндай космогониялық идеялар ежелгі қытайлықтардың діни - философиялық дүниетанымдарының негізіне енгенімен, гуманитарлық ойдың жеке саласына айналып келе жатқан (б.з.б.8-6 ғ.ғ.) философия үшін олар басты орында болмады.
Ал енді у-син (5 стихия) іліміне келетін болсақ, оның қалыптасуы Цзоу Янь (б.д.д. ІІІ ғ.) есімімен байланысты. Бұл ілім заттар мен құбылыстардың негізгі даму кезеңдерін бақылау нәтижесінде қалыптасқан. Атап айтқанда, кез келген зат немесе құбылыс мынадай даму кезеңдерін өтеді:
- жаралу, пайда болу; ________________ символы – ағаш;
- ең жоғарғы белсенділік; _____________ символы – от;
- торығу; ___________________________ символы – металл;
- ең төменгі белсенділік, енжарлық;_____ символы – су.
Осы 4 стихияға (элементтерге) сондай-ақ жер де қосылады, өйткені жоғарыда көрсетілген құбылыстар, процестер жер үстінде жүреді.
У-син ілімі инь-янды зерттеу барысында пайда болғандықтан 5 стихиялар (элементтер) арасындағы байланыстар қарама-қарсы түрде болады:
Су ағашты өсіреді. Ағаш жанған кезде отты жаратады. Оттан жер пайда болады. Жер қойнауында металл пайда болады. Металл балқыған кезде су тәрізді түрге айналады.
Су отты өшіріп жояды. От металлды балқытып, оның күшін жояды. Металл (ара, балта) ағашты жояды. Ағаш тамырларымен жерді бұзады. Жер суды сіңіріп жояды.
Ежелгі Қытай философиясында су, ағаш, от, жер металл элементтеріне, олардың екі түрлі өзара байланыстарына әмбебап сипат беріледі. Яғни, әлемнің әр затын немесе құбылысын осы 5 элементтермен байланыстыруға болады. Мәселен, адамды алатын болсақ, онда оның ішкі органдарын мынадай түрде жіктеуге негіз бар: бүйрек су элементіне жатады, бауыр - ағашқа, жүрек - отқа, өт (селезенка) - жерге, өкпе- металлға. Бір қызығы, қазіргі заманғы медициналық зерттеулерге жүгінсек, айтып кеткен ішкі органдардың арасындағы оң және теріс байланыстарының дәлелденгендігіне көз жеткіземіз.
Ежелгі Қытай философиясы басымды түрде көркем - әдеби формада дамып отырады. Философиялық ойлар, қағидалар, тұжырымдар көбінесе қысқа әңгімелер, афористік сентенциялар, нақыл сөздер, притчалар арқылы көрініс тапты деуге толық негіз бар.
Ежелгі Қытай философиясы практикалық өмірмен тығыз байланысты болды. Сол кездегі ойшылдардың қалыптастырған ақыл-кеңестері, ережелері, ұсыныстары, тегеуірінді талаптары (императивтері) адамдарды дұрыс өмір сүруге бағыттады.. Мысал ретінде Конфуцийдің “алтын ережесін” келтіруге болады: “Өзіңе тілемейтін нәрсені, басқаға жасама”.
Ежелгі Қытай философиясы өткен шаққа, дәстүрлерге бағытталды деуге болады. Конфуцийдің пікірінше, қоғамда орын алған зұлымдықтардың негізінде дәстүрлерді құрметтемеу, олардан бас тарту жатады.
Ежелгі Қытай философиясының даму барысында алуан түрлі философиялық мектептер өмір сүріп, өздерінің идеяларын қоғамға ұсынып отырды. “Алтын ғасыр” (б.д.д. 6-3 ғ.ғ.) кезеңінде 100-ден астам философиялық мектептердің ішінде тек қана алтауы маңызды болып табылады: 1) даосизм; 2) конфуцийшілдік; 3) инь-ян мектебі; 4) моизм; 5) легизм; 6) есімдер мектебі. Олардың арасында қытай халқының рухани мәдениетінде даосизм мен конфуцийшілдік бастапқы орын алады.
Даосизм философиясы.
Даосизм ежелгі Қытайдың рухани өміріндегі ерекше орын алатын феномен. Оның негізін қалаушысы болып Ли Эр (Лао Дань) есімді ойшыл есептеледі. Философия тарихында ол Лао-цзы (Кәрі философ немесе Кәрі бала) атымен танымал. Шамамен алғанда б.д.д. 6 ғасырда өмір сүріп, Лао-цзы Конфуцийдің аға замандасы болып табылады. Бірақ, екі ұлы ойшылдардың көзқарастарының бағыттары екі түрлі болып табылады. Конфуций этикалық және саяси-әлеуметтік мәселелерді қарастырса, Лао-цзы философиясының ортасында табиғат, космос және адам мәселелері тұрды.
Даосизмнің негізгі қайнар көзіне “Дао дэ цзин” (“Жол мен Игілік туралы кітап”) жатады. Сонан соң “Чжуан-цзы”, “Ле-цзы”, “Хуайнань цзы” трактаттарын тілге тиек етуге болады. Қосынды түрде алғанда даосизм әдебиеті (“Дао цзан”) 4,5 мыңнан астам томдарды қамтиды.
Даосизм философиясының өзекті ұғымдарына дао, дэ және у-вэй жатады. Философиялық тұрғыдан алғанда “дао” ұғымы екі негізгі мағына білдіреді. Біріншідан, дао әлемнің түпнегізі, субстанциясы ретінде танылады. “Дао дэ цзин” кітабындада оған мынадай сипаттама берілген: дао заттардың күретамыры, ол - жаратушы, ол- өзгертуші күш болып табылады. Бұл мағынада даосизм данышпандары даоны көбінесе бос кеңістік ретінде қарастырған: ол- барлық нәрсені (вмещая) көріктендіретін ” әлем анасының” жатыры тәріздес. Барлық заттар Даодан бастама алып, ең соңында оған қайта оралады.
Екіншіден, “дао” сөзі тікелей “жол” деп аударылады. Аталмыш мағынада дао жаратылыс заңы ретінде қолданылады.
«Ұлы дэнің (асыл қасиет) мазмұны тек даоға ғана бағынады. Дао денесіз. Дао тұманды және анық емес. Бірақ оның тұмандылығы мен анық еместігінде бейнелер бар. Ол тұманды және анық емес. Бірақ оның тұмандылығы мен анық еместігінде заттар жасырынылған. Ол терең және қараңғы. Бірақ оның тереңділігі мен қараңғылығында нәзік бөлшектер жасырынылған. Бұл нәзік бөлшектер жоғары шындыққа және нақтылыққа ие»(Лао-Цзы «Дао дэ цзин» §21).
Даосизм ілімінде «У-вей» принципі дәріптеледі. Бұл ілім бойынша табиғи күйге араласпаған жөн, табиғилық заңымен үндестікті сақтау құпталады. «Ең жақсы ел билеуші – халық оның бар екенін ғана білетін билеуші. Халықтан өзін сүюді және асқақтатуды талап ететін билеушілер нашарлау. Халық олардан қорқатын билеушілер одан да нашар, ең жаман билеушілер – оларды халық жек көретін билеушілер. Сондықтан да сенімге лайық еместерге адамдар сенбейді. Кім терең ойлы және сөздерінде ұстамды, істерін табысты жүзеге асырады – халық оны табиғилықтың ізімен жүреді дейді»(Лао-Цзы «Дао дэ цзин» §17).
Қорыта айтқанда, даосизм философиясы адамның табиғи негізін айқындап, оның әлемде алатын орнын белгілейді. Ал адамның әлеуметтік қасиеттерін конфуцийшілдік философиясы қарастырады.
Даостардың этикалық идеалы – Шэнжень, яғни“аса данышпан”. “Шэнжень” – жоғарғы дэ мен Дао адамы. Даосизм ойшылдары адамды сырқы дүние анықтай алмайтынына сенімді. Адам - өзінің ішкі дүниесінің арқасында ғана - адам. Конфуций, керісінше, адамға сыртқы, қоршаған ортадағы, қоғамдағы моральдық ережелерді ұсынады. Сондықтан бұл екі мектеп қайшылықтарға тап болды. Дегенімен олар бірін-бірі толықтырды да.
Конфуций философиясы.
Қытай елінің тарихында конфуцийшілдік ерекше орын алды. Себебі, 1912 жылға дейін Конфуцийдің ілімі Қытайда ресми идеология ретінде өмір сүрді, даосизммен қатар адамдардың рухани дүниесінің бір өзегі болып келді.
Конфуцийшілдіктің негіздерін Кун-Фу-цзы (қошеметті ұстаз Кун) қалаған. Ол 72 жыл өмір сүріп (б.д.д.551-479 ж.ж.), 50 жасында өзінің мектебін қалыптастырады, көптеген шәкірттерді тәрбиелеген. Ежелгі грек философы Сократ сияқты Конфуций де ештеңе жазбаған, оның ойлары, айтқан нақыл сөздері, пікірлері шәкірттерінің арқасында “Лунь юй” (“Кеңес пен толғам”) кітабында жинақталған.
Конфуций ежелгі қытайлық дүниетанымның негізгі қағидаларын қолдайды. Оның пікірінше, әлемдегі жоғарғы, құдіретті күш болып Аспан табылады. Ал Аспан астындағы өтпелі, өзгермелі әлемде Конфуций тұрақтылықты орнатуға қызмет істеді.
Жэньді ұстанатын адам әлемді тепе-теңдікке келтіруге мәжбүр болады, өзін-өзі жеңіп, жол-жораға оралады. Мәрт азамат әрқашанда моральдың “алтын ережесін” орындайды:
“И” – борыш, әділеттік, тазалық, адамның өзіне-өзі жүктейтін моральдық міндеті. Бұл қасиет әке мен бала, үлкен мен кіші, патша мен оның шенеуніктері араларындағы қатынастар қалыптарын айқындайды.
“Ли” - әдеп, этика, жол-жора, рәсім. Ли – мінез-құлық нормалары ретінде сыпайылық, әдептілік, ұстамдылық деген мағына білдіреді.
Сяо - ұлдың қошеметтеушілігі. Осы қасиеттің мәні мына қағидалар арқылы айқындалады:
а) ата-анаға ли ережелері бойынша қызмет ету;
б) ата-ананы ли ережелері бойынша жерлеу;
в) ата-анаға ли ережелері бойынша құрбан шалу.
Сяоның қатаң заңы – ата-ананың еркіне толық бағынышты болу.
Чжи – ақыл-білім, даналық, зият. Мәрт азаматтың, игі адамның (“благородный муж”) ерекшелігіне білімді игілікпен ұштастыра білу қабілеті жатады.
Конфуций мынадай ұғымдарға көбірек көңіл бөледі: “тең орта”, “адамгершілік” және “өзара сүйіспеншілік”. Осы үш ұғым бірігіп, “дао” (“дұрыс жол”) құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
“Тең орта”-адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Өмірде мұндай “ортаны” ұстап, іс-әрекет жасау оңай емес, себебі, адамдардың көпшілігі сабырсыздық көрсетсе, бір тобы тым сақ келеді.
Ал адамгершіліктің негізі-“жэнь”-“ата анасын құрметтеу және үлкен ағаларын сыйлау”, жалпы алғанда, үлкендерді сыйлау. Кімде кім шын жүректен адамгершілікке ұмтылса, ол еш уақытта жамандық жасамайды. Ал “өзара сүйіспеншілік” арқылы қарым-қатынас, кофуцийшылдық әдептілік туралы ілімнің негізгі өзекті ұғымы. Бұл әдептілік қағидасы, бір сөзбен айтқанда “Өзің қаламайтын нәрсені басқа біреуге жасама”,- дегенге сайып келеді. Аталған әдептілік қағидаларын “текті адамдар”(“цзюнь-цзы”) ғана басшылыққа алып, іс-әрекет жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |