Сопылық рухани ілімі
СӨЖО сұрақтарына жауап беру керек.
Шығыс перипатетизмі мен сопылық ілімін салыстырыңыз.
Сопыларды неліктен “О дүниеде де емес, бұл дүниеде де емес” деп сипаттаған?
Сопылық ілімі 8-9 ғасырларда қазіргі Ирак пен Сирия аумағында пайда болды, Месопатамия, Хорасан мен Магрибте таралды. Мұхаммед пайғамбардың ілімі тәрізді сопылық ілім де мұсылман қоғамының сан алуан жіктері өкілдерінің жүректерін жаулап алды. Суфизмнің ниеттестері салауатты өмірдің машақатынан кетуді уағыздады. Суфийлер нәпсі тиюшылығымен ерекшеленген. Суфийлер ілімі Құранға сүйенді және Құран дініне кереғарлық келтірмеді. Сопылық ілімін исламның ізбасар ілімі және ислам рухани әлемінен шықты деп есептеген дұрыс болар еді.
Сопылық ілімінің негізінде алдымен тәркі дүние, билік орындарымен байланыстан бас тарту, өзін құдайға тапсыру (тавакуф), ерікті кедейлік (факир), өз үлесіне қанағат (рида), сынақтардан табандылықпен өту (сабр) қабылданды.
Сопылықтың негізгі ұғымдарының арасында ең алдымен жол немесе әдіс деген ұғымды білдіретін “тарикат” (басқа терминдері – мазхаб, ри айа), әрі қарай баспалдақ немесе жол сатылары ұғымын беретін “макамат”, психологиялық тәжірибеге нұсқайтын “ахвал” (ахуал), құдай ақиқаты дегенді білдіретін “ханика” терминдерін атау қажет.
Бастапқы нәпсі тиюшылықтан (аскетизмнен) кейін суфизм мистицизмге келеді. Оның ең күшті тұсы құдайды сүюді суфилік жолдың мақсаты ретінде тұжырымдауы болды. Суфизм Мұхаммед ілімінің эзотериялық қана емес, іс жүзіндегі де рухани мәдениеттің тамаша үлгілерін жасауға алып келген күмәнсіз биіктерге жетеледі.
Сопылықтағы тәлімгерліктің маңызы ұстаз-шейхтардың шәкірттерге уағыздар беріп отыруында көрініс тапқан. Суфилер өсиет әңгіме үлгілері мен теориялық түсіндірмелерді пайдалана отырып, иррационалдық танымның нақты сипаттамалары мен кезеңдерін анықтай алды.
Сопылық ілімінің қалыптасуына, таралуына ықпал еткендер Әбу Хамид Әл-Ғазали (1058-1111), Суфи-Алаяр (1720-…) десек болады. 12 ғасырда суфизмнің түркілік тармағы дамыды.
Суфилік ілімнің тартымды сипаттарының бірі – діннің түрлі бағытындағы діни тәжірибенің бірлігі туралы ой екендігі даусыз. Бұл ойды түрлі діни сенімдерді бірегей дүниенің бөлшектері ретінде қарастырған араб мистигі Әл-Халладж терең де сенімді тұрғыдан қалыптастырды: “Мен барлық діндер туралы терең толғана келіп, олардың бір ғана түбірі бар ағаштың бірнеше бұтақтары екендігін таптым. Егер адамнан қандай бір белгілі сенімді ұстануын талап ететін болсақ, бұл жағдайда ол тек өзінің мықты түбірінен ажырайды. Ал түбірдің өзі адамды іздейді және оған бәрінің ұлылығы мен мәнін көрсетеді, тек сонда ғана адам оларды түйсіне алады ”.
Суфилердің ойынша, мәңгілік білімін алу үшін киелі жарық қажет. Ал мистикалық танымның әр басқышының ерекше жарығы бар. Мұсылман мистиктерінің мақсаты Құдіретті рухани ұғыну болды. Бұл ретте сыртқы жақ ішкі тәжірибеге, құдайды тікелей және интуитивті тануға орын берді. Мистикалық жол түсінігінің негізінде адамның өзін-өзі жетілдіруі мен қараңғылықты түбірімен жою жолындағы өз-өзімен күресі ретінде түсіндірілетін тәрбиелік джихад идеясы жатты. Құдаймен біртұтастыққа бірігу экстатикалық күй арқылы жүзеге асады, бұл құбылыс білімге теңгерілмейді.
Адам даналығы мен адамдардың барлық жиған-терген тәжірибесі олардың сезімдерімен және арман-тілектерімен тоғысатын құпия құмыранды іздеп табуды әл-Ғазали де мақсат етті. Құдіретті танудың баспалдақтарын көрсетіп беруде сопылық ілімінің маңызы аз болған жоқ. Ғазалиді ислам философиясын ғылым дәрежесіне көтерген ойшыл деп қарастырсақ, қате болмайды. Әл-Ғазали шығармалары арқылы жалпы ислам философиясын түсінуге мүмкіндік алуға болады. Оның мынадай шығармалары болды: “Философтар ниеті”, “Нұрдың орын алу тәртібі”, “Жұмыс өлшемі”, “Дін ғылымдарының қайта өрлеуі” т.б. Ғазали жүзге жуық еңбек жазыпты. Оның еңбектерінде түрлі ойлар тоғысып жатады. Өйткені Ғазали мұсылман дүниетанымының үш бағытында: дәстүрлік, рационалдық және мистицизм бағыттарында еңбек еткен. Ол мұсылман теологиясындағы суфистік мистицизмге Аристотель философиясын асқан шеберлікпен қолданған. Сөйтіп Аристотель жаңа түрге енген. Оның айтуынша, қандай болмасын философиялық мектеп, қандай болмасын діннің құпиясын ашып, олардың даңқы мен алға қойған ниеттерін тануға мүмкіндік аша алады”.
Ғазалидің ғылыми еңбектері өзінен кейінгі философтар мен дін қайраткерлерінің көбінің шығармаларына нәр берді.
Сопылық ағымының көрнекті өкілінің тағы бір алып тұлғасы Ахмет Йасауи (? – 1166ж.). “Қожа” деген атау мұсылман дінін, таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген. “Йасауи” ақынның қай жерден шыққанын көрсетеді. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – “Диуани хикмет” (“Хикмет жинақ”). Бұл шығарма 12 ғасырда жазылған, алғаш рет 1878 жылы кітап болып шығады. Қожа Ахмет Йасауи діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады.
Ислам философиясы тарихында болмыстың (Вахдат ул вужуд) бірлігі концепциясы Ибн Арабиден бұрын Йасауи ілімі арқылы қалыптасқан. Жанның негізгі мәнмен тұтастықты мақсат етуі, әлем, адам және тәңір арасындағы үйлесімділік тек қана рух арқылы мүмкін деген түсінік дәстүрлі түркілік дүниетанымға тән. Ал араб сопылық дүниетанымы вахдат ул шухуд яғни, көрінетін әлемнің бірлігіне негізделген. Дәстүрлі түркілік дүниетанымдық үштік әлем түсінігі сопылық философиясындағы “зикр” яғни, универсуммен тұтастану әдісі Йасауи іліміндегі ерекше “зикр арра” түрін қалыптастырды. Йасауи адамның мәнін рух деп танып, оның психологиялық ерекшеліктерін құранның аяттарымен үндестікте, ал рухани ұстанымдары мен моральдық ұстындарын адам және қоғамдық өмірмен тұтастықта қарастырған.
Йасауи ілімі-адамның ішкі тәжірибесінің де табиғат сияқты берік таным көзі екендігін көрсеткен даналық (хикмет) философиясы. Оның хәл (хикмет) ілімі адамдық сана мен “меннің” қуаттарын бір орталыққа жинау қабілетін көрсетіп, адамның кемелдігін рухани еркіндік арқылы анықтайды. Сопылық әдебиет өкілдері исламият әлеміндегі “ал-инсан ал камил” мәселесін мораль философиясы негізінде қалыптастырып, осы ілім саласын ғасырлар бойы насихаттап дамытты. Камили инсани, яки толық адам, немесе инсанияттың кәмәлаттығы мен бенделіктің кәмәлаттығы жайлы ой толғаныстар қазақ ақындарының шығармаларында орын алған.
Классикалық сопылықта “йақин” категориясының үш дәрежесі ғана болса, ал Йасауи ілімінде йақиннің (құдайлық танымның) жеті сатысы қарастырылған. Бұл түркілік сопылық дүниетанымды басқа сопылық мектептерден ерекшелеп тұрған маңызды құбылыс.
Йасауи ілімінде “батырлық білекте емес, жүректе”, ал жүрек шексіздік әлемін–тәңірді де сыйдыра алады. Жүрек – адамдағы ең асыл күш. Бұрын “көп қорқытатын” болса, енді ол жүректілікпен, адамдық мән-рух тазалығымен, хикмет тереңдікке жетіп, яғни рухани кемелдікке көтеріледі. Өзінің орнын анықтау үшін қоғамға тайсалмай кіріп, етене араласа алады. Онымен бетпе-бет, диалог-сұхбатқа енеді. Сұхбатқа түсу үшін рухтың тазалығы, өзіне деген сенім, жауапкершілік сезімі қалыптасуы керек. Адам рухындағы сезім, қорқыныш, үрей, жауапкершіліктен безу сияқты психологиялық хәлдерді реттеп отыратын күш – иман нұры.
Кемел адам типін мақсат еткен ілімін Йасауи қоғамға мойындату, қабылдату үшін дәстүрлі түркілік дүниетанымдық ұстындарды өзіне жабдық ретінде алады. Көшпелі адам дүниетанымындағы табиғат киеліліктің объектісі ретінде көрінетін болса, Йасауи ілімі сол мәнді киеліліктің объектісін адам ретінде көрсетеді. Тәңірдің жаратқан дүниесі - табиғат - адамның игілігі үшін Тәңірі тарапынан беріліп, адамға сый етіліп тұр. Бұл жаратылғандардың жаратылыс мақсаты - адам үшін, оның игілігін қамтамасыз ету. Табиғатқа бұл қызметті тәңір бергендіктен, оның еркі Тәңірде. Ал адамның еркі өзінде, сол ерікті қалай қолданғанына байланысты Тәңір алдында жауапқа тартылады. Йасауи ілімі – сол ерікті қалай қолдансақ, адамдық мәнге жетеміз, Тәңірге лайықты құл боламыз деген сұраққа жауап іздеу жолы, адамдық мәннің ақиқатын табу, өзін-өзі тану жолы.
“Диуани Хикметте” негізінен төрт нәрсеге аса көңіл бөлінеді. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат.
“Шариғат” - ислам дінінің заңдары мен әдет-ғұрыпиарының жинағы, “тарихат” - сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, “хақихат” - құдаймен бірігу, оған жақындау, “мағрифат” – дін жолын танып, оқып білу. Ахмет Яссауидің пікірінше “Шариғатсыз”, “Тарихатсыз”, “Мағрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес.
Адам туралы ілімінде Йасауи рухтың өз ішінде тұтастыққа жетуі арқылы тәнмен, қоршаған ортасымен үйлесімділікке жететіні сияқты, адам да рухының иманы арқылы басқаларды да, Тәңірдің “махаббатпен жаратқан” болмысы “әрбір адамды Тәңірдің айнасы” ретінде қабылдап, одан өзін көруге ұмтылғанда ғана адамдар арасында сұхбат, танысу, құрмет пайда болатындығын көрсетті.
Йасауи ілімінің басты принципі – “шынайы махаббат” (ишқ-ғашықтық). Бұл принциптің өзекті идеясы – рухани еркіндікке қол жеткізу. Сопылықтағы ғашықтық (ишқ) тұрғысынан Йасауи дүниетанымындағы иман дәрежелері, махаббат мәртебелері, өлім түрлері, өмір мәселесі, адамның моральдық ерекшеліктері, надандық пен даналық ұғымдары зерттелген. Алла сені махаббатпен сүйіп жаратса, сен де Аллаға бар жаныңмен сүйіп берілуің керек. Йасауидің дүниетанымдық жүйесінің негізін үштік бірлігі құрайды: “хикмет” (даналық), “сұхбат” (диалог), “ахлак” (мораль).
Дәстүрлі түркілік дүниетаным мен ислам өркениеті негізінде сусындаған екі ойшыл даналарымыз Әл-Фараби мен Ахмет Йасауидің адам туралы ілімдері арасында ұқсастықтар бар. Бірі “инсани фазыл”, яғни парасатты адам тұлғасын сомдаса, бірі “инсани камил”, яғни кемел адамды мұрат еткендігі, бірі ұлы бақытқа жету жолында рухани сананың тазалығын, екіншісі Хаққа жету үшін рухты нәпсіден арылтудың жолын көрсеткендігі туралы тұжырымдар жасалады.
Суфизмнің көрнекті өкілі әл-Джунайд ілімінің ықпалында Йасауи ілімінде таухид және оған жету негізін белгілейтін психологиялық тәжірибе қағидасы қалыптасты. Бірақ, Йасауи ілімі таухидке жетуде, тақуалықтың мәнін ашуға ерекше тоқтайды. Таухид – бұл тұтастықпен, хақ тағаламен бірігу. Пақырлықта 40 мақам белгілеп береді де шегін қылуетпен (халуа – жалғыздықта болу) қайтарады. Кейін осы іліммен байланысты дамып, қылуеттік (халуатийа) тармақ жеке дара өзіндік ілімге бастама болады. Пақырлықта он мақам, он нұр, он жол, он орын белгіленген. Йасауи мектебінен тәрбиеленген Сүлеймен Бақырғани Хакім ата (1186 ж.ө.) Лұқпан Перенде Ысқақ баба (1239 ж.ш.) сияқты атақты сопылар есімі әлемге аян болса, онық дәстүрінен тамыр алған нақшбандийа, иканийа, бекташийа атты сопылық ағымдар елеулі ықпалымен танымал.
4. Ренессанс пен реформация мәдениетіндегі философия
XV-XVІ ғғ. Батыс Европада Ренессанс құбылысы өтті. Бұл антика мәдениетін қайта жаңғыртумен байланысты дүниеге келген құбылыс еді. Қайта өрлеу дәуірі философиясы екі кезеңге бөлінеді: 1)гуманизм кезеңі, 2) натурфилософия кезеңі. Қайта өрлеу дәуірі философиясы антропоцентристік, пантеистік, антисхоластикалық сипатымен ерекшеленеді. Бұл философия неоплатонизмге еліктеді, сондай-ақ табиғатты зерттеуге зейін қойды. Капитализмнің алғашқы белгілері көрініс бере бастаған бұл кезеңде табиғатты зерттеу қажеттілігі туды. Қайта өрлеу дәуірінің дамуына қалалар мәдениетінің әсері болды. Гуманистер антика мұраларын қайта қалпына келтіруде және таратуда көп еңбектер жасады. Гуманизмнің көш бастаушысы Данте Алигьери болды. Ол өзінің “Құдіретті комедия” атты шығармасында адамның бақытын жоғары қойды. Гуманизм - адамды ең басты құндылық деп санайтын көзқарас. Гуманизм адам сүйгіштік принциптерге негізделген. Гуманизм адамның құқығы мен бостандығын қадір тұтатын көзқарас. Италия гуманисті Пико делла Мирандола өзінің “Адам қадірі жайында сөз” деген еңбегінде адам өз тағдырын өзі жасайтынын, өз табиғатын шексіз дамыта алатынын айтады. Қайта өрлеу дәуіріндегі ойшылдар діннің кедергісін батыл сынады, бірақ дінді толық жоюға ұмтылмады, бұл философия шіркеуге қарсы сипатта болды. Қайта өрлеу философиясы адамды құдай сияқты құдіретті деп санады. Себебі адам творчестволық азамат деп қарастырылды. Сондай-ақ, бұл кезеңде эстетикалық аспект басым болды.
16 ғасырда Италияда, Германияда табиғат философиясы дамыды. Қайта өрлеу дәуірі натурфилософиясын дамытқандар: Дж. Бруно, Телезио, Т.Кампанелла, Н.Кузанский сынды ойшылдар болды. Олардың пікірінше, әлемді басқаратын заңдар табиғаттың ішкі заңдары болып табылады. Құдіретті күштер табиғатқа жайылып кеткен (пантеизм).
Дж. Бруноның философиясындағы негізгі идеялар мыналар: 1)қарама-қарсылықтар сәйкес келеді; 2) Ғалам, дүние шексіз. 3) Материя өзіндік қозғалыста (самодвижение); 4) таным да шексіз. Танымның екі түрі бар: сезімдік және ақыл арқылы. 5) антропоцентризм.
Қайта өрлеу дәуірінде қоғамдық утопиялық ілімдер дамыды. Бұл ілімдер Т.Мор, Т.Кампанелла шығармаларында көрініс тапты.
5. Жаңа уақыт мәдениетіндегі Батысеуропалық философия.
СӨЖО бойынша мына сұрақтарға жауап беру керек:
Ф. Бэконның эмпиризмі және Р. Декарттың рационализмі. Ф.Бэконның “Білім - күш” қағидасын түсіндіріңіз. Мысалдарда көрсетіңіз.
“Мен ойлаймын, демек өмір сүремін” Декарттың осы қағидасында XVII ғасырдың қандай сипаты көрініс тапқан?
И.Канттың трансценденталдық идеализмі және Г.В.Ф.Гегельдің объективтік идеализмі.
Француз ағартушыларының философиясы.
Қайта өрлеу дәуірі мен жаңа заман философиясын салыстырыңыз.
Жаңа дәуір деп аталатын қоғамдық қатынастар Европада 17-19ғасырларда қалыптасты. Бұның алдында Ренессанс философиясы ойлаудың жаңа жолдарын іздестіре бастаған еді. Ренессанс филосфиясы схоластика гегемондығына бет қайтару реакциясы болып еді. Қайта өрлеу дәуірі философтары негіздеген философиялық ілімдер “жаңа дәуірге” келіп ұласты. Қайта өрлеу мен жаңа дәуір философиясының арасында қатаң шекара қойып болмайды. Френсис Бэкон мен Рене Декарттың философиясы қалыптасып жатқанда, Европаның кей елдерінде Ренессанс толық аяқталып бітпеген.
XVІІ-XVІІІ ғасырларда өндірістік өркениет дамыды. Англия, Голландияда экономикалық даму процессі ұлғайды. Бұған Франция да ілесті. Нидерландия товарлары Испания арқылы тиімді рынокқа өткізіле бастады. Мануфактуралар дамыды. Өндірістің даму жаңа қатынастар тудырды. Осының салдарынан Испания мен Нидерландия арасында қайшылық туды. Бұның соңы 1609 жылы алғашқы буржуазиялық революцияға әкелді. Бұл құбылыс жаңа таптар қалыптасқанының айғағы болды. Демек қоғамда өзгерістер болып жатты. Ғылымға, техникаға сұраныс өсті. Экономикалық өмірдің талабы табиғатты танып білу, шынайы танымдық бағдарларды дамыту болып табылды.
Жаңа дәуір философтарының алдында танымның мәні мен сипатын түсіндіру мәселесі қойылды. Яғни жаңа дәуір философиясы гносеологиялық бағытта болды (гносео- таным) Бұрын таным Бибилия цитаталарына негізделген еді. Схоластика бұрмалап өзгерткен Аристотель іліміне сүйенген бұрынғы философия ығыстырылды. Оның орнына тәжірибеге сүйенген философия келді. Эмпиризмге негізделген ғылми таным - жаңа дәуір философиясының негізі болды. Эмпиризм дегеніміз барлық білім тәжірибиеге сүйенеді және тәжірибе арқылы алынады дейтін таным теориясындағы бағыт. Дегенмен, ағылшындық Френсис Бэкон соңғы Ренессанс философиясының аяқтаушы, жаңа дәуір философиясының бастаушысы болды.
Жаңа дәуір философиясы сезімдік танымға көп зейін қоя бастады. Таным 2 жолмен болады: бірі- сезім мүшелері арқылы : 2-шісі ойлау, ақыл-ой арқылы. Сезімдік танымға деген бетбұрыс бізге Ренессанс кезеңінен таныс. Бұл құбылыс қыруар фактілік нәтижелер берді. Жаңа дәуір бұл кезеңдегі жаратылыстанудың калыптасуы жеке, изоляциядағы фактілерді зерттеу тенденциясымен ғана байланысты болмады, тұтастықты, белгілі бір жүйелерді зерттеумен де байланысты болды. Сонымен бірге философтар мен ғалымдардың алдында танымның мәні мен сипатын түсіндіру сұрағы қойылады. Жаңа философия гносеологиялық бағдары маңызды философия болып қалыптасты. Дегенмен сезімдік таным мен практикалық таным жаңа дәуір ғылымының философиясының бірден - бір қасиеті емес еді. Жүйелілікке деген талпыныс, танымның дифференциациялануының күшейуі теориялық ойлаудың да дамуына әкелді. Жаңа дәуір философиясы құбылыстар арасындағы байланыстардың себеп-салдарын түсіндіруді ғана іздеумен шектелмей, жаңа ғылми фактілерге сүйеніп түзілген дүниенің тұтас бейнесін жасауға ұмтылды. Байланыс пен өзара әсерді қарастыруға талпыну заңды түрде рацональды ізденуді қалыптастырады. 17-ғасыр – рацонализмның пайда болу және қалыптасуы ғасыры. Эмирикалық болсын, рациональдық болсын таным ғылымның тұтастық ретінде дамуына әкеледі. Бұл екеуі де жаңа дәуірде қалыптасқан философияның бағытына құба-құп келді. Эмпиризм және рационализм жаңа дәуір философиясының белгілері. Эмпиризмнің негізін Ф.Бэкон қалады, ал рационализмнің негізін Р.Декарт қалады.
Ф.Бэкон “Білім - күш” деп, ғылыми таным, білім арқылы табиғатты игеретін инструментті көре білді. Табиғаттың заңдарын танып, олармен сәйкестікте әрекет жасап, табиғаттың беретін ырысын игеруге болады деп ұқты.
Рационализм нағыз білімді тәжірибеден алу мүмкін емес деп есептейді. Декарт адамның ойлау қызметінің конструктивті мүмкіндіктерін ашты. “Рацио” сөзін аударғанда ойлау дегенді білдіреді. Декарттың философиясының орталығында адам, “Я”, “Мен”, “ойлай алатын зат” тұрды. Бұл зат күмәнданады, терістейді, аз да, көп те біледі, сезінеді. Декарт өзінің философиясының бастамасын ойлау деп жариялады, сөйтіп жаңа дәуірді бастады.
Декарт алдымен күмәндану керек дейді. Оның күмәндануы абсолютті скептицизмнен аулақ еді. Ал егер күмәндану универсалды болса, онда метафизиканың жаңа ғимаратын құруға негізді қайдан алуға болады? Бұл мәселені Декарт тең құқылы екі субстанцияны енгізу арқылы шешеді: ойлау және созылмалылық (протяжение). Субстанция – алғашқы бастау, түп негіз. Адам табиғатынан денеге, физикалық қасиеттерге ие, бұл денелі сустанциямен байланысты. Сондай-ақ адам рухани табиғатқа ие, бұд ойлау субстанциясымен байланысты. Анық ақиқатты табуға “ойлаймын, яғни өмір сүремін” деген қағида негіз бола алады, - дейді Декарт. Дүниеде бәріне күмән келтіру керек, тек бір нәрсеге ғана күмәндана алмаймыз, ол - “ойлаймын” деген сөз. “Ойлаймын” деген сөздің ақиқаттығы оны терістеуге болмайтығында, - деп түсіндірді Декарт. Себебі “ойламаймын” (“я не мыслю”) деген сөз де ойлауды білдіреді. Демек ойлаймын деген бұл жалпылыққа жатады, универсалдылық болып табылады. Оның абсолютті ақиқат бола алуының сбебі – анықтылығында, өзінен-өзі айқындылығында, күмәнсіздігінде. “Ойлаймын, яғни өмір сүремін” , осы тезис арқылы Декарт сыртқы дүниенің ақиқаттығына сенімін арттыруға тырысты, Декарттың бұл қағидасы рационализмді бейнелейді. Декарт, сондай-ақ, дуалист те болған.
XVІІІ-XІX ғасырлардағы неміс философиясы
XVІІІ ғасырдың аяғы кезеңінде неміс жерінде философия жаңа толқынмен дами бастады. Бұл кезеңді бастап берген Имануил Кант болды. Канттың өмірін сынға дейінгі кезең, сыннан кейінгі кезең деп екіге бөліп қарастырады. 1770 жылдардан кейін оның ”Практикалық ақылға сын”, “Таза ақылға сын” (1781ж.), “Пайымдау қабілетін сынау” атты еңбектері жарық көрді. И. Канттың өмірінің екінші кезеңінде гносеология жасалады. Субъекті және оның қызметі мәселесі Канттың таным теориясына қосқан үлесі болып табылады. Кант тәжірибені апостериорлық және априорлық деп екіге бөледі. Априори – тәжірибеден бұрын оған тәуелсіз алынған білім дегенді білдіреді. Априори әуелден-ақ санаға тән білім деп саналады. Апостериори тәжірибеден алынған білім деп саналады. Тәжірибені екіұшты пайымдау құбылыс пен мәнді қарама-қарсы қояды. Құбылыс сыртқы көрініс, мән іште, тереңде, көрінбейді. Мән мен құбылыты қарама-қарсы қою одан әрі жалғасып, мұның өзі міндетті түрде агностицизмге апарып соғады. Агностицизм - бұл танымды ішінара теріске шығаратын ілім. Кант агностицизм бағытын (өкілі) ұстанды.
Кант дүниені “өзіндік зат” және”біздің зат” деп екіге бөледі. ”Өзііндік зат” - өздігінен, бііздің санамыздан тыс өмір сүретін мән. “Өзіндік заттың” мәнін танып білуге болмайды. ”Өзіндік заттардан” басқа құбылыстар дүниесі бар. Оны Кант табиғат дейді. Құбылыстар дүниесі адам санасынан тәуелсіз өздігінше өмір сүре алмайды. Құбылыстар дүнисінде заңдылық жоқ, - дейді Кант. Адам ғана таным барысында ретсіз дүниеде заңдылық жасап береді. Оған трансценденталды ақыл - парасат көмекке келеді. Трансценденталды деген сөз о дүниелік дегенді білдіреді, бұл - сана мен таным шегінен тыс нәрсені білдіретін термин. Осы тұста Канттың субъектіні активті феномен ретінде қарастырғанын байқаймыз. Кант “білім қалай түзіледі?” деген сұраққа жауап іздеді. Ол априоризм арқылы білімнің жекеліктен жалпылыққа өтуін шешпек болды. Біілімді негіздеу Канттың басты мақсаты еді. Кант білімнің калай түзілетінін ашып бере алмады.Себебі ол пайымдау және парасат арасын алшақтатып жіберді. Сондай-ақ априорлық формалардың өзі қайдан щығатынын да түсіндірмеді. Кант “өзіндік затты”, мәнді тануда творчестволық елестетуге орын береді. Мән жоғарғы ақыл арқылы танылады. Жоғарғы ақыл трансцендентті, ол эксперимент пен бақылаудан тәуелсіз жоғарғы білім мен сенімге негізделген. Өмірінің ақырына қарай Кант логика және педагогикамен айналысады.12 жалпы ұғымдар - категориялар түзді. Кант антиномиялар туралы пікір айтты. Антиномия - санадағы қарама-қарсылықтар. Өзінің таным қызметінде адам қайшылықтарға кезікпей қоймайды. Олардан шығудың бірден бір жолы - парыз этикасы болып табылады. Өйткені адам өзінің эмпирикалық тіршілігінде табиғат заңдарынан төмен тұр, өйткені ол сыртқы дүниенің ықпалына бағынышты. Алайда мораль заңдарын, императивті басшылыққа ала отырып адам ғибратқа ие болады. Кант “категориялық императив” ұғымының авторы: ”Адам мүддеге жетудің құралы емес, ол - мақсат болуы қажет”. Кант айтты “Адамның жолы болмауы моралдық сананың жетіспеушілігінен”.
2. Гегель - объективтік идеалист. Оның еңбектері: ”Логика ғылымы”, ”Право философиясы”, ”Рух феноменологиясы”, ”Философиялық ғылымдар энциклопедиясы”. Гегель Кант философиясының қайшылықтарын жеңбек болды. Гегель: “Қандай білім болса да –дамудың нәтижесі”, - деп жариялады. Білім ішкі қайшылықтар нәтижесінде пайда болады, дамиды. Гегельдің ең басты жетістігі: ол таным процесін адамның іс-әрекетімен байлаыстырды. Бірақ адамның іс-әрекеті тек рухани сферамен шектелді. Гегель философиясының жүйесі мынадай үш бөлімнен тұрады: а) логика; б) табиғат философиясы; в) рух философиясы.
Гегель философиясының басты мәселесі әлемдік рух, абсолюттік идеяның бүкіл дүниені жаратқаны. Гегель абсолюттік идеяны табиғат, қоғам пайда болғанға дейін таза идея күйінде қарап, оның дамуын табиғаттың пайда болуына дейін алып қарастырды. Гегельдің “Логика ғылымы” еңбегі үш бөлімнен тұрады: 1-ші бөлім - “болмыс”; 2-бөлімі - ”мән”; 3-ші бөлімі –“ұғым” деп аталады. Гегельдің айтуынша, логиканың басты мәселесі - абсолюттік идеяның өздігінен қозғалуы. Бұл еңбегінде Гегель диалектиканың үш жалпылық заңының негізгі категорияларын ашты. (Категория – бұл жалпы, универсальды, философиялық ұғым).
Гегель берген көптеген философиялық анықтамаларды біз пайдаланып жүрміз. Бірақ Гегель таза идеяның абсолюттік идея, әлемдік санаға, демиургке айналуын қиял түрінде тұжырымдады. (Демиург-шебер жаратушы). Идеяның даму заңдары объективті щындықтың даму заңдарының санадағы көшірмесі екенін Гегель түсінбеді. Оның пікірінше табиғат - абсолюттік идеяның екінші өмірі. Бірақ табиғат дамымайды, дамитын тек идея деген қате пікірде болды. Олай болса білім физикалық дүниеге сәйкес келмей қалады. Оны сәйкестіндіретін адам іс-әрекеті, танымдағы практикалық тарихи қызмет. Ойдың өмір сүру шындығы - бұл тіл. “Материя—бұл ұғымның бір көрініісі”, - деп қарастырды Гегель.
Л.Фейербах (1804-1872) - неміс философы, атеист. Атеистік көзқарастары үшін 1830 жылы университеттің оқытушылық қызыметінен босатылған. Фейербах Гегельдің философиясын сынады. Гегельдің философиясына жасалған бұл сын Фейербахтың жалпы идеализмнен бас тартқанын көрсетеді. Өкінішке орай, Фейербах Гегель философиясын жоққа шығара отырып, оның диалектикасын түсінбеді. Фейербахтың антрапологизмі бірінші кезекте адам проблемасын көтерді. Антропологизм бойынша, адам философиясының ең басты бірден-бір және әмбебап пәні, ең жоғарғрғы өлшемі. Бірақ Фейербах адам мәселесін толық дұрыс шешті деп айта алмаймыз. Оның түсінігінше, адам - жеке индивидке тән абстракты жай ғана биологиялық тіршілік етуші. Адамды табиғаттың қарапайым бөлігі деп қарастырды. Фейербах антропологияны қоғамдық өмірді зерттеудегі әмбебап ғылым деп қорытындылады. Оның түсінігінше, дін - адамның қасиетіне жат нәрсе. Дегенмен, адам екіге бөлінгендей болып, өзінің мағынасын құдай арқылы сезінеді. Сонымен, Фейербахтың пікірінше, дін адамдағы “санасыз өзіндік сана” деген ұғыммен сипатталады.
СӨЖО бойынша мына сұрақтарға жауап беру керек:
XІX ғасырдың қандай жаңалықтары маркстік философияға әсерін тигізді?
19 ғасырдың 40-ыншы жылдарында Маркстің ілімі қалыптаса бастады. Ол өз ілімін ғылымға негіздеді. Маркстің іліміне теориялық негіз болғандар: ағылшын экономистерінің теориялары, социал. утопистердің ілімі және классикалық неміс философиясы еді. Маркс диалектикалық материализмді негіздеді. Оның ашқан басты жаңалықтарының бірі – бұл тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру болды. Қоғамдық өмірде материалдық өндірістің маңызының үлкен екенін тұжырымдады. Қоғамдық-эономикалық формация ұғымын енгізді. Экономикалық базис және идеологиялық қондырма ұғымдарын талдап, анықтады. Маркстің пікірінше қоғамдық болмыс қоғамдық сананы анықтайды. Маркс айқындап берген қоғамдық қатынастар туралы тұжырымдар осы күндерде де пайдаланылады. Бірақ оның формациялық ілімі барлық жағдайда дұрыс болып келе бермейді. Маркстік философияға әсер еткен ғылыми жаңалықтар мыналар: клетка туралы ілім; Дарвиннің эволюциялық теориясы.
Достарыңызбен бөлісу: |