Ф 7-008-02 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Көне Үнді мәдениетіндегі философия феномені



бет3/11
Дата11.01.2017
өлшемі2,36 Mb.
#6997
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Көне Үнді мәдениетіндегі философия феномені


Б.з.д. 1 мыңжылдықтың ортасында ежелгі шығыс өркениеттерінің бірі- Үнді елінде философия пайда болды. Философиялық ойлар мифологиялық көзқарастың ыдырауының нәтижесінде қалыптасты.

Ежелгі үнді философиясының кезеңдерін үш буынға бөліп қарауға болады. Ол кезеңдер мыналар:



  1. Ведалық кезең (б.з.д. 1500-600жж).

  2. Эпикалық шығармалар дәуірі (б.з.д. 6-3 ғ.ғ.)

  3. Философиялық сутралар кезеңі (б.з.д. 3 ғасыр – б.з.2 ғасыры).

Ежелгі үнді философиясының даму тарихы ведалық әдебиет пен брахманизмді танып білу нәтижесінде қалыптасты. Веда текстері – діни мазмұндағы әдебиеттер. Олар б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ортасынан бастап жазыла бастаған. Веда текстерінің жазылуының аяқталуы б.з.д. 6 ғасырға тұс келеді. Яғни бұл әдебиет арийлер кезеңінен бастап Үнді елінде алғашқы мемлекеттер пайда болғанға дейін жазылып келген. Бұл құбылыс қоғамның кастаға бөліунімен (варна) байланысты болды.

Веда арнайы кітаптар жинағы болып табылады. Оларды 4 жинаққа бөліп қарайды: 1.Самхит жинақтары. Самхит жинақтарының өзі 4 топқа бөлінеді:

1) Ригведалар (гимндер ілімі).


  1. Сама-ведалар (жырлар, өлеңдер ілімі)

  2. Атхарва-веда (дұға, сүрелер ілімі).

  3. Яджур-веда (Құрбан шалу формулалары жайындағы ілім)

ІІ. Брахмандар (веда текстеріне комментарийлер, түсініктемелер).

ІІІ. Араньяк кітаптары жинағы. Араньяк жинақтары – сопылық жолын ұстап, елден бөлек өмір сүруге бел байлаған, монахтың аскеттік өмір жолын ұстанған адамдарға арналған тексттер.



ІV. Упанишадтар (Философия тұрғысынан маңызды кітаптар жинағы).

Ведалық дүниетаным – ритуалдарға, әдеп-ғұрыптарға негізделген күрделі мифологиялық көзқарастар комплексі. Ол әрдайым дамуда болған. Мифологияға тән политеизм, антропоморфизм, ашық құдайлар жүйесі ведаларда да орын алған. Бұл дүниетанымның маңызды түсінігінің бірі – сансара ілімі. Үнді діни-мифологиялық сенімі бойынша адам табиғаттың бір бөлігі. Табиғаттағы барлық заттар сияқты адам да денеден және мәңгі рухтан тұрады. Сансара ілімі бойынша дене өлген соң, рух басқа денеге көше алады. Мұндағы маңызды мәселе – мәңгілік мәселесі, мәңгі жойылмау туралы пікір. Туу және жойылу заттардың мәнін қамтымай өтеді, олардың тек сыртқы түрі өзгеріп отырады.

Үнді философиясында карма және мокша ілімдері де болды. Карма қайта туу доктринасын толықтырады. Карма тірі жандардың жасаған іс-әрекеті мен қылықтарының, қадамдарының жалпы жиынтығы арқылы оның қайта тууын анықтайды. Рухтың заттан затқа, денеден денеге көшу тізбегі шексіз бола бермейді. Адам имандылықпен, дхарма заңымен өмір сүрсе, діни ережені ұстанса, рухтың Брахманға (Абсолют) айналуына жол ашады. Рух қайта туудан құтылғанда мокшаға қол жетеді. Мокшаға жету – бұл мақсатқа жету, яғни азаптан құтылу, себеп-салдар заңымен көшіп, рухтың жиһан кезуден құтылуы болып табылады.

Ведалық гимндерде жалпы принципті іздеу мәселелері де қойылаған. Ондай принцип ретінде универсалдық космостық тәртіп жарияланған. Ол – бейнесіз, денесіз және барлық нәрсенің үстінен үкім жүргізеді.

Ертеректегі теорияларда нағыз болмыс және бейболмыс немесе құбылыстар дүниесі бар деп түсіндірілген. Нағыз болмыс “сат” деген атаумен белгіленген. Бейболмыс “асат” деп аталған. “Асат” тәртіпті бұзушы күштерді қабылдайды. “Сат” хаосты тәртіптеуші заңдарға сүйенеді және космосқа айналады. «Сат” пен «асат” біртұтастықтан пайда болған.

Ведалық мифологияда “Бхагавадгита” тексттерінің маңызы үлкен. Бұл кітаптарда Кришнаның эпостық батыр Арджунаға айтқан діни-философиялық ақыл-кеңестері орын алған. Батырлар алдында өмір және өлім мәселелері, болмыстың мәні және маңызы, еркіндік пен іс-әрекет, идеал, міндет ұғымдары жайлы түсініктер қарастырылған. Ешқандай мақсатты көздемей, өз тілектерін ескермей, шешім жасау әрекеттері уағыздалады. Мұндай күйді практикада йога мектебінде кездестіруге болады. Йогтардың мақсаттары - өз денелерінен рухты босату, Атмана-Брахма күйіне ұмтылу, яғни әлемдік біртұтастықпен бірігу.

Веда әдебиетінің аяқтаушы кезеңін упанишадтар құрайды. “Упанишада” сөзін аударғанда ұстаздың қасында отыру, ұстазды тыңдап отыру деген мағына береді. Шығыс дәстүрінде ұстаздың ролі аса маңызды болған.

“Ригведалардың” философиялық бөлімдері мен алғашқы упанишадтар ежелгі үнді философиясының дамуында өте маңызды орын алды. Бұл мұраларда тұтастық туралы, әлемнің жаратылуы туралы, Пуруша (әлемдік рух) туралы, космостық аптап туралы ой-пікірлер жазылған. Дәл осы шығармаларда Брахман, дхарма, карма, мокша ұғымдары мен концепциялары түзілді, космология, эсхатология (ақыр заман), теология, сотериология (құтқару туралы ілім), болмыс, таным, реалдылық мәселелері қарастырылды. Бұл шығармаларда жанның жиһан кезуі концепциясы, зұлымдықты жеңудің практикалық жолдары ұсынылды. Сезімдік дүниеге тәуелділік азап шегудің бірден-бір себебі екені туралы айтылған. Азап шегуден құтылу жолдары көрсетілген.

Упанишадтардағы негізгі идея – жалпы тұтастықты мойындау, әлемнің негізінде абсолютті бастау бар екенін мойындау. Бұл бастау – Брахман. Брахманның екі бейнесі болады: денелі және денесіз. Брахман – бұл дүниенің рухани бастауы, ол адамның рухани мәні – Атманмен бара-бар. Жердегі жаңадан туып-өліп жататын тұйықталған тамұқтан арылу үшін адам, упанишадтар бойынша, өзінің жан-дүниесінің (атман) даралығы туралы брахманмен бірлікте ой тұңғиығына шомуы керек.

Жайнизм және буддизм кең тараған діни-философиялық доктриналар. Жайнизмнің негізін қалаған (“джина” – жеңімпаз) Махавира Вардхамана (б.з.б. 8 ғ.). Бұл ілім бойынша адам мәні 2 нәрсемен айқындалады. Оның бірі – джива, яғни тірі жан, екіншісі – аджива, яғни жанды емес дене. Олар карма арқылы біріктіріледі. Адживамен бірігу дәрежесіне қарай джива екіге бөлінеді: толыққанды болмыс формасы, толыққанды емес болмыс формасы. Толыққанды емес болмысында джива материямен байланыста болады, өз қасиеттерін жойып алады, сол себепті азап шегеді. Рухани бастау - әлемнің негізі, әмбебап принцип деп қарастырылды. Рухани бастау материалдық болмысты бақылай алады, аскеттік тәртіп арқылы кармадан, сансарадан құтқара алады. Құтылу (спасение) – адамның мақсаты, адам өзіне өзі ғана көмек бере алады. Басқа ешнәрсе оған жәрдем бермейді. Адам зұлымдық пен жақсылықты ажыратуды өзі шешеді. Бұл үшін адамға үш нәрсе көмек етеді: 1. дұрыс сенімді ұстау, 2. дұрыс таным, 3. дұрыс мінез-құлық. Осы үшеуі жайнизмнің “үш маржаны” деп аталады.

Жайнизм – онтологиялық плюрализм жүйесі. Жайнизмнің негізінде татвалар – мән туралы ілім жатыр, олар дүние құрастырылатын негізгі материалдар деп қарастырылады. Сонымен бірге татвалар білім құрастыратын іргелі ақиқат болып табылады. Жайнизм ілімі бойынша жанның тәнмен байланысын көрсететін “кармикалық материя” дейтін болады, ол өте нәзік деп қарастырылады. Оның кірленуіне қарай, ол ауырлай береді.

“Мәжбүрлемеу - міне нағыз биік дін осы” - дейді жайнизм.

Жайнизм ілімінде бірегей жан немесе құдай жоқ: дүниеде тірі мәнге айналдырылған немесе айналдырылмаған орасан көп және өзгермейтін мөлшерде жан бар. Жанды да, материяны да ешкім жасамаған, олар мәңгі, әуелден бар және әрқашан болады. Жан барлық заттар мен құбылыстарға ене алатын, бәрін тани алатын, бәрінен құдіретті болуы керек, бірақ оның мүмкіндігі өзі өмір сүретін денемен шектелген.

Жайнизмде ахимса ілімі бар. Ахимса ілімі тіршілік иесіне зұлымдық жасамау туралы принципке негізделген. Яғни тірі жанға зиян келтіруге болмайды. Осы әдетті ұстаған монахтар қолдарына арнайы сыпырғыш алып, жолын тазалап жүреді, сондағысы: құмырсқа, қоңызды жазатайым басып кетпеу үшін. Жайнизмді ұстанушылар тағамдарында ет жемейді. Дәкемен ауыз-мұрындарын жауып алады.

Жайнизм ілімінде брахмандық-ведалық догматизмге қарсы шығу қадамдары байқалады. Болып жатқан қиындықтардың түбірі адамдардың ішкі дүниесінің жетілмегендігінде деп қарастырылады. Қай мәселенің болмасын шешуі – адамның өзіндік “менінің” жүгінен рухани босануы. Жайнизмнің эгоцентрлік сипаты бар. Бұл доктрина бойынша жанның белсенділігі тек адамның өзіне ғана бағытталған. Кармикалық әсерден арылу - әр адамның жеке тірлігі, уайымы.

Жайнизмде рационалдылық басымырақ, онда мифология жоқтың қасы. Үнді философиясының басқа дәстүрлері мифологиямен тығыз байланыста болды.

Буддизм жайнизммен қатар пайда болған. Кейін келе буддизм мәдениет тарихында орасан зор маңызды рольге ие болды. Христиан және ислам діндерімен беделін бөлісе келе, әлемдік діннің біріне айналады.

Әлемдік өркениеттегі “Қасиетті жазулардың” діндеріне үңілсек, екі парадигманы байқаймыз: “Мұса парадигмасын” (Батыс) және “Вьяса парадигмасын” (Шығыс). Вьяса – Махаббхарата текстін құдайларға жеткізген данышпан. “Вьяса парадигмасы” буддалық-брахмандық дәстүрлер негізін қалаған.

“Будда” - санскрит сөзі, көзі ашылған, сергектенген деген мағынаны береді. Буддизм Үндістанда б.з.б. 6-5 ғасырларда этикалық тұрғыдағы көптеген ілімдердің бірі ретінде дүниеге келді. Буддизмнің шығуы – касталық жүйенің төменгі әлеуметтік сатысында тұрғындардың брахмандардың үстемдік етуіне наразылық білдіруінің көрінісі.

Буддизмнің қай варианты болмасын, болмысты бірнеше сатыға бөліп қарастырады. Бұл сатыларда уақытша түрлі заттар, құбылыстар өмір сүреді. Тозақта құмарлыққа, бұзылуға бой ұрушылық басым болады. Құдайлар сатысында тыныштыққа, рахатқа батады. Брахмандар сатысында танып білуге құмартады. Тек қана Будданың ең биік сатысында ғана жоғарғы даналықты қабылдау мүмкіндігі туады. Бұл сатыда гармония тараған. Буддизмнің трактаттарында бұл космологиялық сурет пирамида түрінде бейнеленеді. Оның классикалық варианты 31 сатыны қамтиды. Пирамида сатылары болмыстың 3 сферасына бөлінеді: төменгі (кама-лока), ол 10-11 сатыдан құралған, бұл сатыларда сезімдік қабылдау және реалды дүние орын алған: ортаңғы сфера – рупалока, 16-17 сатыдан тұрады, бұл сатыларда есімі жоқ формалар өмір сүреді, оны иллюзорлық дүние дейді; 3 – жоғарғы сфера (арупа-лока) – 4 сатыдан тұрады. Бұл сфера көзге көрінбейді – таза сана дүниесі. Одан арыдағы дүние Будданың космостық денесімен теңестірілетін сфера (ади-будда). Болмыстың барлық сфералары қозғалыста болады. Қозғалыстың себебі – уақыт және карма. Уақыт – бұл әрі бүлдіруші, әрі құрастырушы, жасампаз немесе жасаушы да. Ал карма тірі жандардың космостық пирамидадағы қай сатыда қайта тууын қамтамасыз етеді. Карма – бұл іс-әрекеттерің үшін алған алғысың немесе қарғысың. Жақсы тірліктерің үшін – жақсы карма, жаман тірліктерің үшін – жаман карма тағайындалады, қылығына қарай құрметтеу, не жазалау.

Буддизмнің өзекті мазмұны – Будданың “төрт ақиқаты” туралы өсиеттері:

1 – ақиқат: өмір – азап шегу, қайғы-қасірет;

2 – ақиқат: азап шегудің себептері бар;

3 – ақиқат : азап шегуден құтылу бар;

4 –ақиқат: азап шегуден құтылуға апаратын жол бар.

Қасірет шегудің психологиялық негізі үміт пен үрейдің байланысында. Дамыған буддалық ілімдерде азап шегу космостық тұрғыдан ашылады: ол – дхармалардың шексіз “толқыны”, тасқыны (пайда болу, жойылу және пайда болу). Дхарма – бұл материя мен сананың бірін-бірі алмастыратын элементтері, заң. Дхарма - өмірлік энергияның тұтануы.

Екінші ақиқатында азап шегудің қайнар көзі – тілектер, қалаулар, құмарлықтар деп көрсетіледі. “Дхаммапада” тексттерінде мынадай сөздер бар: “Алтын теңгеден жауын жауса да, құмарлыққа тоят жоқ. Құмарлық күйзелуге әкеп соғады, одан қуаныш аз. Осыны білген адам – данышпан”.

Үшінші ақиқат - құмарлықты басу, тию. Құмарлық басылғанда нирванаға қол жеткізуге мүмкіндік пайда болады. “Нирвана” санскриттен аударғанда суу, өшу, сөну дегенді білдіреді. Нирвана – бұл этикалық идеал, психологиялық күй, сыртқы болмыспен салыстырғанда ішкі болмыстың толықтанып бітуі, сыртқы дүниеден қол үзушілік. Нирвана – жанның әбден дамыған күйге жетуі туралы идея.

Төртінші ақиқат – қайғы қасіретті жоюдың жолы бар. Ол жол жоғарғы ақиқатты пайымдауға көмектеседі, тыныштануға, жоғары білімге, жарық сәулеге, нирванаға бастайды. Бұл игілікті сегіздік жол мынау:


  1. Дұрыс көзқарас; 2.Дұрыс ниет; 3.Дұрыс сөз; 4.Дұрыс іс-әрекет (ахимса – тірі жанға зиян келтірмеу); 5.Дұрыс өмір салты, өмір сүру тәсілі; 6.Дұрыс тырысу, талпыныс (арам ниетттен таза болу); 7.Дұрыс ес, тура есте сақтау (барлығы өткінші екенін естен шығармау); 8.Дұрыс жинақтау, дұрыс зейін қою, ойды жинақтау (ойға бату, рухани үңілу, өмірдің мәніне көз жеткізу).

Аталған сатылы сегіздік жол – рухани өрлеудің жолдары.

Буддизм қайғы-қасіреттен арылуды тек имандылықты жетілдіруден іздеп, оған өмірден бас кешу, нирванаға берілу жолымен ғана қол жеткізуге болады деп түйді.

“Даршан” ұғымының аудармасы көзқарас деген мағынаны білдіреді. Ежелгі гректердегі философия терминіне эквивалент ұғым ежелгі үнді тілінде “даршан” деп аталған. Ежелгі үнді философиясының мынадай ерекшеліктері болды:


  1. Мифологиялық дүниетанымнан толық қол үзбегендік;

  2. Философияда діни-мифтік сарынның (мотивтің), соның ішінде “құтылу идеясының” басты орын алуы;

  3. Дәстүрді ұстану және ойша жорытушылық (умозрительность).

Ежелгі Үндістанда 6 даршандар болды: санкхья, йога, вайшишика, ньяя, миманса, веданта. Кейде бұлардың қатарына чарвака, жайнизм және буддизмнің де дүниетанымдық философиялық аспектілерін қосады. Оларға ортақ сипаттар:

1. Қоршаған орта мен адамды тығыз байланыста деп қарау;

2. Ежелгі үнді философиясы адамның ішкі дүниесіне бағытталған, оған ойша танып-білу тән;

3. Аскеттік өмірлік принцип, өзіндік анализ, ойға шомылу, әрекетсіздік;

4. Ежелгі үнді философиясы абстрактылы сипатта болды. Алғашқы бастау, “абсолют” мәселелерімен көп айланысты. Рухтың үстінен не үкім жүргізеді деген сұраққа жауап іздеумен әуреленді;

5.Қайта туу, оның шексіз тізбегі, өмір мен өлімнің шексіз ауысу шеңбері жайында ілім;

6.Карма туралы ілім.

Жоғарыда көрсетілген мәселелер мен анықтамалар ежелгі үнді философиялық мектептеріне жалпы алғанда ортақ болды.

Болмыстың жеке заттарға бөлінуін және олардың ерекшеліктерін “вайшишика” мектебі қарастырды. “Вишеша” сөзін аударғанда “ерекшелік”, “айырмашылық” дегенді білдіреді екен. Бұл мектеп жалпылық және жекелік ұғымдарының арақатынасын түсіндіруге талпынды. Сапа ұғымының мәнін қарастырды.

Ежелгі үнді философиялық мектептері үлкен жетістіктерге жетті. Олардың үлгілері әлемдік философияға баға жетпес үлес қосты.

Чаттерджи С., Датта Д. сынды ғалымдардың «Үнді философиясы” атты еңбегінде үнділік даршандар туралы мағлұмат ала аласыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет