Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”,“Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”).
Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады (“Жас келін, “Зарлы сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Жұмабайұлы ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі – отаршылдық деген шешімге келді.
Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды (“Туған жерім – Сасықкөл”). Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды (“Жарыма”, “Есімде... тек таң атсын”, “Жаралы жан”, “Мен жастарға сенемін”, т.б.).
Жұмабайұлы шығармаларындағы романтикалық сарын, әсіресе, оның символистік арнада жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақын символизмі болашақ пердесін ашатын жаңа мифология туғызды, келешек суретін салу саясатшылардың емес, ақындардың қолында деген сенімге айналды (“От”, “Пайғамбар”, “Күншығыс”, “Жаралы жан”, “Айға”, т.б.). Ақын дыбыс-буынның соны үндестіктерін тауып, қазақ жырын байыта түсті (“Шолпы”). Жұмабайұлы поэзиясындағықұнарлы арнаның бірі – түркі тақырыбы. Түркі халықтарының бірлігі тақырыбы Жұмабайұлы поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы іспетті.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин
Б.Майлин (15.11.1894, Қостанай облысы, Таран ауданы -10.11.1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш» - сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930); «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) жәнеҒабит Мүсіреповпен және А. Ситдықовпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды.
Туып-өскен жері — қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан.
1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған.
1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» ( Садақ журналы ) журналдарына жазып тұрады.
Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925).
1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді.[2]
1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
Шығармалары
Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.
Бейімбет Майлы дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.
Бейімбет Майлиннің шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.
Сәкен Сейфуллин шығармашылығы
Сейфуллин Сәкен (Сәдуақас) (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. Ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға көп күш салды, сол тұста әдебиетке келген қаламгерлер М.Қаратаев., К,Бекхожин, Ж.Саин, тағы басқалары С.Сейфуллиннің көмегіне сүйенген. С.Сейфуллин олардың алғашқы кітаптарын бастыруға көмектесіп, алғысөздерін жазған. Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Ол 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі,Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Е.Ысмаиылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды. 1958 жылы ақталған. С.Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1985 жылдан Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істеді.
Ілияс Жансүгіров шығармашылығы
Ілияс Жансүгіров (5 мамыр 1894 жыл, Алматы облысы Ақсу ауданы - 1938 жыл) — ақын,қоғам қайраткері.
Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан. Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Болашақ ақынның бұдан соңғы біраз уақыты ауылда өтеді.
1919 жылы. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі.
Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады.
1922 жылыВерныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады.
1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп;
1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан.
Бұрынғы ҚазАПП (1926) таратылған соң 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып;
1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды.
1934–1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы, сонымен бір мезгілде;
1933–1936 жылдары Қазақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі болды.
1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалады.
1938 жылы ату жазасына кесілген.
Еңбектері
Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері кейін, 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. Жансүгіровтың баспа бетін көрген алғашқы туындылары – «Сарыарқаға», «Тілек» деген өлеңдері. Бұлар 1917 жылы Семейде шығып тұрған «Сарыарқа»газетінде жарияланған. 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі басылып шықты. Осыдан соң Жансүгіров өлеңдері «Тілші», «Ақжол», «Кедей еркі» газеттерінде жиі жарияланып жүрді. Осыдан былай қарай Жансүгіров халқына қаламы ұшталған, терең ойлы, талантты ақын ретінде мәшhүр болды.
Жансүгіров шығармаларының бастау алар арнасы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Абай поэзиясы, орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері. Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы.
Жансүгіров халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосқан. Олардың озық үлгілерін өзі жазған мектеп оқулықтары мен хрестоматияларына енгізіп, мектеп оқушыларының халықтық тарихынан, өткен өмірінен хабардар болуына зер салған. Жансүгіров әдебиет сынына да араласып, әдеби көркем сын жанрының дамуына ат салысты.
Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А Некрасовтың, Максим Горькийдің, Генрих Гейне мен Виктор Гюгоның, Ғ.Тоқайдың, К.Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті. 1936 жылы А.С.Пушкиннің 100-жылдығына Ілияс Жансүгіров «Евгений Онегин» романын аударып өзінің кітабына еңгізген. Бірақ соғыс жылдары ол роман басқа кісінің атымен шығыпты. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейін оның туыстары соттасып сол романды Ілияс Жансүгіров аударғанын дәлелдеді.
Республикада бірнеше мектеп, көше, аудан, шаруашылыққа, Талдықорған қаласындағы Жетісу Мемлекеттік университетіне оның есімі берілген. Сол қалада ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
СЕМИНАР САБАҚТАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТАРЫ
Кіріспе.ХХ ғасыр басында қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік жағдай. Оқу-ағарту ісі, баспасөз, кітап шығару мәселелері. Қазақ әдебиетінің даму бағыттары.
Діни-ағартушылық бағыттағы әдебиет. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мақыш Қалтайұлы.
Нұржан Наушабайұлы шығармашылығы. Шәді Жәңгірұлы.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
Мұсабек Байзақұлы шығармашылығы.
Мұхаметжан Сералыұлы.
Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы.
Сәбит Дөнентайұлының шығармашылығы. Нарманбет Орманбетұлы шығармашылығы.
Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы.
Ғұмар Қарашұлы шығармашылығы.
Міржақып Дулатұлының шығармашылығы.
Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығы.
Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы шығармашылығы.
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлиншығармашылығы.
Сәкен Сейфуллин шығармашылығы.
БІЛІМГЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫС (БӨЖ) ТАҚЫРЫПТАРЫ
ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің дамуы.
ХХ ғасыр басындағы кітап шығару ісінің дамуы
Діни ағартушылық бағыттағы әдебиет өкілдері шығармаларының өзіндік ерекшеліктері
Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасының көркемдік, тақырыптық ерекшеліктері
Шәкәрім аудармаларының өзіндік ерекшеліктері
Сұлтанмахмұттың «Айтыс» поэмасының көркемдік, тақырыптық сипаты
М.Сералин және «Айқап» журналы
ОҚЫТУШЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛІГІМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН БІЛІМГЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСЫ (ОБӨЖ)
А. Байтұрсынұлының «Қырық мысал» еңбегі.
М. Көпейұлының «Шайтанның саудасы» дастанындағы автор ұсынған көркемдік шешімге өз көзқарасыңызды білдіріңіз
М. Сералиннің «Топжарған» поэмасына талдау жасаңыз
М. Сералиннің «Топжарған» поэмасының мазмұнын талдап түсіндіріңіз
А. Байтұрсыновтың мысалдарын көркемдік қуаты мен саяси идеялық салмағына қарай топтастырыңыз
М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде романтикалық кейіпкер ерекшелігін айқындаңыз.
Абай поэзиясы мен С. Торайғыров шығармаларындағы үндестіктерді талдап көрсетіңіз
C. Дөнентаевтың сатира жанрына жазған шығармаларынан мысал келтіріңіз
М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романындағы Жамал бейнесіне сипаттама беріңіз
С.Дөнентаевтың қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының қалыптасып, дамуына қосқан үлесін көрсетіңіз.
М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі ішкі монологтың көркемдік қызметін айқындаңыз
М.Дулатовтың «Оян, қазақ» жинағының көркемдік ерекшелігін жазыңыз
ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік, рухани, мәдени өзгерістерге сәйкес жаңа идеологияның қалыптасуын өз сөзіңізбен жазыңыз
С.Дөнентаевтың ағартушылық, демократтық бағыттағы шығармаларына мысалдар келтіріңіз.
Спандияр Көбейұлының аударма саласына қосқан үлесіне мысалдар келтіріңіз.
Б.Кұлеев поэзиясының ерекшеліктерін жазыңыз.
А.Байтұрсыновтың «Маса» жинағындағы халықты ояту идеясын жазыңыз
ХХ ғасыр басындағы “Шахнама” үлгілеріне мысалдар келтіріңіз.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі әдеби ағымдардың ерекшелігін жазыңыз
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі нәзиралық дәстүрді қолданған ақындардың еңбегіне талдау жасаңыз
С.Дөнентаевтың қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының қалыптасып, дамуына қосқан үлесін көрсетіңіз.
М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі ішкі монологтың көркемдік қызметін айқындаңыз
М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде романтикалық кейіпкер ерекшелігін айқындаңыз.
ОҚУЛЫҚТАР МЕН WEB САЙТТАР ТІЗІМІ
Негізгі:
Әуезов М. Әдебиет тарихы. – А: 1991.
Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш// Шығармалар. – А: 1989.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – А: 1994.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. – А: 1983.
20-30 қазақ әдебиеті. – А: 1997.
Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиетінің тарихы. – А: 2012.
Қазақ әдебиетінің тарихы (1917-1940). 7 том.,Алматы 2004.
Бисенғали 3. Қ. XX ғасыр басындағы қазақ прозасы. -А., Мектеп, 1989.
Бисенғали 3. Қ. XX ғасыр басындағы қазақ романы. -А., Өлке, 1997.
Қосымша:
Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы. //Мағжан Жұмабаев шығармалары. – А: 1989.
Әбдіғазиев Б. Асыл арналар. – А: 1992.
Байтұрсынов А. Ақ жол. – А: 1992.
Бейсенғалиев З. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы. – А: 1988.
Дулатов М. Ахмет Байтұрсынов // Шығармалары. – А: 1991.
Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – А: 1970.
Елеукенов Ш. Мағжан Жұмабаев. – А: 1995.
Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. – А: 1990.
Зиманов С. Идирисов К. Общественно-политические взгляды Мухамеджана Сералина. – А: 1989.
Казахи о русских до 1917 года. – Оксфорд, 1985.
Келімбетов Н. Шәді ақын. А., 1974.
Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. А., 2000.
Ізтілеуұлы Т. Шаһнама. Астана, 2005.
Молда Мұса. Өткен күндер. А., 1984.
Байзақұлы М. Шығармалар. Шымкент, 1995.
Оразбекова З. М.Байзақұлының өмірі мен шығармашылығы. Түркістан, 2001.
Ергөбек С. Қайраткер қаламгер Мұхаметжан Сералин. Түркістан, 2014.
Ж. Камалқызы. Қазақ әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері (эпикалық шығармалар):
Бастау-Алматы, 2017
Ергөбек С.С. Ясауи сопылық ілімі және дәстүрлі жазба әдебиет: Монография Тұран-Түркістан, 2019
Ергөбек С.С. Ясауи және қазақ әдебиеті: дәстүр иен жалғастық.Монография Тұран-Түркістан, 2019
С.С.Ергөбек Дәстүрлі жазба әдебиет және алтын орда әдеби ескерткіштері ,Тұран-Түркістан 2019
Н. Келімбетов Көп томдық шығармалар жинағы. Немат Келімбетовтің танымы мен тағлымы. Раритет-Алматы,2015
Қ. Ергөбек Түркістан жинағы. Тұран-Түркістан, 2016
С.С.Ергөбек ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиті және М.Сералин Түркістан, 2018
Ө.Әбдиманұлы, Ш.Шортанбаев ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы 2017 РМЭБ
Достарыңызбен бөлісу: |