Қазақстан Республикасын Білім және ғылым министрлігі
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ
Ғ.М. ӘБІЛҚАСОВ
БҰҚАР ЖЫРАУ –
философ, ақын, кеңесші
Қарағанды 2014
АЛҒЫ СӨЗ
Қазақтың ұлттық ауыз әдебиетінде даналық сөздерімен өшпес із қалдырған, сол уақыттың өзінде-ақ ұлан – ғайыр даламызда үш жүзге ортақ ұлағатты жырау болған Бұқар Қалқаманұлының есімін қазақ халқы әрқашанда зор мақтанышпен қадір тұтады. Бұқар жырау халықтан шыққан кең қабырғалы, ақылды, заман ағымын барлай білетін, халықтың келешек өміріне, алдағы заманға көз жіберіп, сол күнгі әлеуметтік, шаруашылық саласы, тіршілік тәжірибесін ой таразысына салып отырып алдағы өмірді болжай толғаған жырау. Халық жыраудың тілегін, жан сезімімен сезініп, жырауды ел мүддесін қорғайтын тірегі деп түсінген. Халықтың келешегін көп ойлайтын, терең толғанатын жырауды халқы мейлінше сүйген, табынатын әулие көрген.
Бұқар жырау өзінің ұзақ ғұмырында, талай-талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген. «Ақтабан шұбырынды» заманында тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтауда айырықша күш жұмсаған. Жыр-толғауларында ақын бабамыз сол тұстағы көкейкесті мәселелерге жауап іздеп, соның жоқшы – жыршысы болған.Ол Абылай ханға үлкен үміт артып, оның ел басқарудағы саясаты мен жорықтарын қолдаған. Абылайдың әдеби бейнесін жасауға елеулі үлес қосқан.
Ақын толғаулары – ойлы адамның өмір мен қоғам туралы түсініктерін танытарлық мәнді шығармалар. Жыраудың дидактикасы көп жерде өз мәнін жоймайды. Халықтық нақылдар ретінде өмір сүреді.
Бұқар өлеңдері – өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалы толғаулар. Бұқар шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір ақындарымен туыстасып, жалғасып жатыр. Ол қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытады. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.
Жырау тек қана жыр толғап қоймай сол күнгі ел билеу ісіне де қабілетті түрде араласып, халық пікірін, өз пікірін өткір айтып, егесе егеудей ойып тастап, келтесінен кесім шығарып тастап отырған әрі би жалынды жырау.
Бұқар жыраудың өлең-жырларында халықтың өмір-тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, тұрмысы, мінез-құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленеді.
Бұқар жыры салмақты сөз, саналы пікір, сабырлы кең арналы ойдың кіндігі. Сондықтан да бүгінде бізге өшпес қазына, өлмес мұра болып біздің заманымызға жетіп отыр. Жырау ғасырлар бойы халықтың өзі жасап сары алтындай сақтап келген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңіріп, өз заманына сай жыр-толғау жасай білген жеке классик, әдебиеттің атасы дерлік тұлға.
«Ел бастау қиын емес-
Қонатын жерден көл табылады;
Қол бастау қиын емес-
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ».
Бұқар жырау
Ұлы дала бастан кешкен ұзақ сонар қилы тарихтың қиын – қысталаңдарында орда бұзар батырларымыз бен қалың жауға ақ алмастай қайрап салар аруақты ақындарымыз қоян-қолтық жүріп қайрат көрсеткенді. Жоңғар басқыншыларына қарсы жүздеген жылдарға созылған Отан соғысында туған жыраулар поэзиясының жойқын дүбірі ішкі әлеміңді әлі күнге дейін әлемет дүрліктіріп, делебенді қоздырмай қоймайды.Азуы алты қарыс Абылай ханның Ақ Ордасында алысты болжаған абыз әрі ақиқат ақберені Бұқар жырау ақылмандық қызмет атқарды.
Бұқар жырау (1668-1781) қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі, ол шамамен 1668 жылдары туады. Ғалым,зерттеуші Н.Төреқұл «Даланың дара ділмарлары» атты еңбегінде: Бұқар жырау Жиделібайсын жерінде, қазіргі Өзбекстанның Бұқар шаһары маңындағы Елібай ауылында дүниеге келген – деген деректі келтіреді. Автор бұл деректі Қайым Мұхаметханұлының «Қазақ әдебиеті» газетінде (9 көкек 1993 ж.) жарияланған мақаласынан алғанын жазады [1, 161]. Жыраудың әкесі Қалқаман батыр, сірә, ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан адам болса керек. Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да көрінетіндей, Бұқардың, тіпті сауып ішер малы, мініп-түсер аты да болмайды. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, 1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда, Далба тауының етегінде [2, 81].
Бұқар жыраудың қайда оқып білім алғаны жайында, орта жасқа келгенше қандай өмір мектебінен өткендігі хақында нақты деректер аздау болғанымен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жыраудың шежіредей сөздерінен байқайтынымыз Бұқар тілге шешендігімен, ел арасындағы дау жанжалға әділ қазылығы арқасында өз ортасынан тым ерте суырылып шығып, көбірек көзге түскендігі.
Тағы да бір ел аузындағы әңгімелер бойынша Бұқардың, Өзбекстанның Бұқар шаһарында дүниеге келгенін және Көкілташ медресесінде оқыған деген деректер де кездеседі. Оған дәлел ел аузында жүрген Әнет бабаның Бұқарға берген батасы.
Қазақта жасы үлкен адамнан бата алу салты болған. Сөзге епті, еті тірі Жолымбет немересі Бұқар дүниеге келгенде,жаңа туған нәрестеге Әнет бабадан бата сұрайды. Сонда Әнет баба Бұқарға:
«Есімің Бұқар болсын,
Мінгенің тұлпар болсын.
Дауысың сұңқар болсын,
Ісіңе халқың іңкәр болсын» – деп бата берген екен [1,161].
Азан шақырып қойған аты, бүгінде беймәлім болып кеткен жырау,тарихқа Бұқар деген атпен солай енген. Бұқар бабаның 12 жасқа дейін тілі шықпай жүреді. Жұрт оны «мылқау» бала деп атаған. Өзі аңқау,томаға тұйық, сөзге сараң, сылбыр да, жуас болыпты. Он екі жасқа келгенде көп жылдар үндемей келгеннің есесін алайын дегендей өлеңдетіп, жырлап сөйлеп кетіпті. Тіпті үйлесімді ұйқасқан өлең жырымен жұртты таң-тамаша қалдырады. Енді Бұқар қолдан-қолға тимей, той думанның көркі болады. Қалқаман баласының той-томалаққа әуес болып,сері-сал өнерін қуып бара жатқанын көріп, оқытуға бермек ниетпен маңайдан көрнекті оқу орнын іздейді. Осы кезеңде Қалқаманға ақыл қосқан тобықты Әнет баба-орта жүз баласының ақылгөйі, Бұқардағы он екі баб ғылымнан хабар беретін Көкілташ медресесін аяқтаған өте ғұлама ғалым еді.
Осының өзі баба жырау тек қана «көмекей» немесе ақын «көмекей әулие» ғана емес, кең қоғамдық шеңбердегі парасатты ойдың иесі болғандығын көрсетеді. Кейбір деректерде Бұқар жырау Бұқар әмірінің биі ретінде орта жасқа дейін билік құрғанын айтады. Бұл деректер тарихи болған оқиғалармен салыстырса шындыққа жанасады. Себебі нақтылы деректе Арғын тайпасына жататын Сүйіндік руының бір бұтағы Қаржас елі бір уақытта Арқадан сыпырыла көшіп, Ходжент (Ленинабад) мекеніне қоныс аударғаны белгілі. Осы арадан Шоқан Уәлихановтың нағашысы Мұса Шормановтың үшінші атасы Сәтидің бастауымен 1729 жылы өзінің ата мекені Баянауыл өңіріне көшіп келгені тарихқа аян [3 ,20].
Бұқар жыраудың бас тақырыбы: дүние көркі-адам, адам көркі-оның жасар игілігі, белді қасиеттері; дүние – бай мен жарлы-жақыбайға ортақ, алма-кезек, мұнда мәңгі байлық та, жарлық та, көптік те, жалғыздық та жоқ. Адамның табиғатынан белсенді тұлға екендігіне жырау айырықша мән береді. «Адамзаттың баласы, атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, ішінде оның бірі арыстан болмас па? Арыстанның барында жорғасы болса мінісіп, торқасы болса киісіп, толғамалы қамшы алып, толғайда толғай дәурен сүрмес пе!? – деген толғауы осы ойдың айғағындай».
Қазақтың ұлттық ауыз әдебиетінде даналық сөздерімен өшпес із қалдырған, сол уақыттың өзінде-ақ ұлан – ғайыр даламызда үш жүзге ортақ ұлағатты жырау болған Бұқар Қалқаманұлының есімін қазақ халқы әрқашанда зор мақтанышпен қадір тұтады. Бұқар жырау халықтан шыққан кең қабырғалы, ақылды, заман ағымын барлай білетін, халықтың келешек өміріне, алдағы заманға көз жіберіп, сол күнгі әлеуметтік, шаруашылық саласы, тіршілік тәжірибесін ой таразысына салып отырып алдағы өмірді болжай толғаған жырау. Халық жыраудың тілегін, жан сезімімен сезініп, жырауды ел мүддесін қорғайтын тірегі деп түсінген. Халықтың келешегін көп ойлайтын, терең толғанатын жырауды халқы мейлінше сүйген, табынатын әулие көрген. Жырау тек қана жыр толғап қоймай сол күнгі ел билеу ісіне де қабілетті түрде араласып, халық пікірін, өз пікірін өткір айтып, егесе егеудей ойып тастап, келтесінен кесім шығарып тастап отырған әрі би, жалынды жырау.
Бұқардың өлеңдері, өзі тұстас ақындармен салыстырғанда кейінге молырақ жеткен. Оның Абылай туралы өлеңін жазып алып, алғаш пікір айтқан Шоқан Уәлиханов. Одан кейін жырау өлеңдерін жинап, ол туралы мәлімет берген – белгілі фольклорист Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1857-1931).
Әрбір халықтың рухани байлығы – ғасырлар бойы даму тарихында жасалған, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын мирас.Басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да өзіне тән тарихи басынан кешкен кезеңдері, өрлеу сатылары, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар.
Адамзат ақыл-ойы туғызған небір ғажайыптар ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен жасасып, келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер – ол сөз өнері.
Дүниені билейтін – сөз, сөзді билейтін – атақты шешендер, би-көсемдер, ақын-жыраулар екені әлимсақтан белгілі жай.
Халық «өнер алды –қызыл тіл»десе, Бұқар – бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:
Ел бастау қиын емес –
Қонатын жерден көл табылады;
Қол бастау қиын емес –
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ-дейді [4, 107].
Бірде Абылай: «Қазына қайда?» – деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі алтын , бір езуі күміс, аузы қазына»,-депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны – сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен, – деп жазады Мәшһүр Жүсіп. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Бұқардың мұсылманша оқығандығы, сауаттылығы күмән туғызбайды. Алайда,көбіне-ақ экспромтпен айтылған толғауларын жырау артынан қағазға түсірді ме, жоқ па, ол арасы белгісіз. Бұқардың бізге жеткен шығармалары XIX ғасырдың екінші жартысы, үстіміздегі XX ғасырдың бас кезінде негізінен ел аузынан жазылып алынған.
Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені – 1200 жол шамасында. Бұл – сөз жоқ, жырау туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана. «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нухтың өмірі, Аюбтың сабыры, Аплатонның ақылы керек», – деген еді Мәшһүр [4, 107].
Арқаға аты әйгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің тоғыз жыл білім жолында Орта Азияны аралап еліне қайтқаннан кейін Арқадан тапқан тарихи творчестволық адам Бұқар жырау болған. Мәшһүр Жүсіп 1907 жылдары өзінің байырғы мекені Ақбеттаудан көшіп Ақкелін – Далбаға барып екі жыл қыстап, Бұқар жыраудың биографиялық тарихи жағдайларын, ел аузындағы творчествосын жинап зерттеп негізгі бір салаға келтіріп 1909 жылы еліне қайтқан екен. Шынында да бұл күнге дейін Бұқар жырау творчествосын тиіп-қашып – болмаса Мәшһүрден артық көп жинаған, зерттеген адам кемде-кем. «Бұқарекең өз уағында сөйлеген сөзі мыңнан жүз мың есе көп шығар, бізге келіп жеткені тек тамтығы ғана. Біреуден біреу ауызша айтуымен ұғынып жаттап алып айтумен есте қалғаны бізге жетіп тұр» деп жазады Мәшһүр Жүсіп [3, 20].
Бұқардың кейбір жырларын кезінде Шоқан Уәлиханов қағаз бетіне түсірді, енді бір топ өлеңін Г.Потанин жыраудың өз елінен Имантай Сәтбаевқа жинатып алады.
Бұқар сөздері туралы кейбір мәліметтер Құрбанғали Халидовтың «Тауарих Хамсасында» (1911) да кездеседі. Ол кітабының 263-ші бетінде Бұқардың Абылайды жырлаған сөздерінен үзінділер де келтірген.Бұқар өлеңдері 1923-1925 жылдары «Таң» журналының 1-2-3-4 сандарында үздіксіз басылды.Оның біразын М. Әуезов бастырды.
Бұқар жырау поэзиясы туралы ұлы жазушы М. Әуезов: «Жырау заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құба жондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді. Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жайы туралы. Не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады» – дейді [5, 139].
Кейін жырау өлеңдерін жариялау ісімен С. Сейфуллин көбірек айналысты.
Ол өзінің 1931-1932 жылдардағы жинағында жыраудың бірнеше өлеңдері мен шешендік сөздерін жариялады. Жырау туралы өз ойларын ортаға салды.
Профессор М.О. Әуезов пен М. Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаев өздерінің 1933-1934 жылдары жарияланған «XlX-XX ғасырлардағы қазақ әдебиеті» оқулығында Бұқар туралы мол мәліметтер беріп, оны әдебиетіміздің тарихына енгізді [6, 217-218].
Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Г.Н. Потанин, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Қ. Мұхаммедханов, М. Мағауин, Р. Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді.
Халық жыраудың тілегін, жан сезімімен сезініп, жыраудың ел мүддесін қорғайтын тірегі деп түсінген. Халықтың келешегін көп ойлайтын, терең толғанатын жырауды халқы мейлінше сүйген, табынатын әулие көрген.
Бұқар жырау өзінің ұзақ ғұмырында, талай-талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген. «Ақтабан шұбырынды» заманында тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтауда айырықша күш жұмсаған. Жыр-толғауларында ақын бабамыз сол тұстағы көкейкесті мәселелерге жауап іздеп, соның жоқшы – жыршысы болған.Ол Абылай ханға үлкен үміт артып, оның ел басқарудағы саясаты мен жорықтарын қолдаған.Абылайдың әдеби бейнесін жасауға елеулі үлес қосқан.
Жыраудың бізге жеткен мұрасын насихат –толғау, арнау толғау, болжау толғау деп үш топқа бөлуге болады [5, 139].
1. Насихат толғауларында жырау адам санасын тәрбиелеу мақсатында өмірлік құбылыс пен адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынастар туралы өзінің түйген ойларын ұсынған. Сол себепті бұлардың моральдық, этикалық сипаты басым келеді.
2. Арнау толғауларында ханның саясаты мен ел басқару ісіне өз қатынасын айқын білдірген. Бұқар жырау Абылайдың іс-әрекетін асыра мақтап, оның асқақ бейнесін жасауға дейін барады. («Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай», «Қазақтың ханы Абылай», «Әй, Абылай, сен он бір жасында», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, Абылай» т.б.» Ал үлкен мәні бар әлеуметтік мәселелер төңірегінде келелі кеңеске көнбеген тұста ол ханды аяусыз сынап, ащы шындықты бетке айтып отырған.
3. Болжау толғауларынан «Ханға жауап айтсам», «Он екі айда жаз келер», «Ал ,айтамын,айтамын», «Ал, тілімді алмасаң» т.б. өлеңдерінде заман, дәуір, болашақ туралы қорытынды ой-пікірлерін айқын аңғарамыз.
Бұқар – халық поэзиясы үлгісін меңгерген нөсер тілді шебер ақын. Оның шешендігі, әсіресе жыраудың толғауларынан анық байқалады. Ауыз әдебиетінде қалыптасқан жыр, толғау үлгілерін барлық жырауларға тән үлгі десек, Бұқар шығармалары соның куәсі боларлық.
Бұқар өлеңдерінің кейбіреулері нақыл – терме түрінде келеді. Олар бастан – аяқ бір әріппен басталып, өлең тармақтарына ерекше жан бітіріп,оның көркемдік күшін молайта түседі.
Жал – құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз,
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Жорыққа шығар ұл тумас...
Арту-арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп,
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп [2, 90-91].
Ақын толғаулары – ойлы адамның өмір мен қоғам туралы түсініктерін танытарлық мәнді шығармалар. Жыраудың дидактикасы көп жерде өз мәнін жоймайды. Халықтық нақылдар ретінде өмір сүреді. Бұқарға кейінгі дәуір ақындары еліктеп келген.Солардың ішінде XIX ғасыр ақындарының кейбіреулерін де атауға болады. Мысалы: Махамбет, кейінірек біздің дәуірімізде Жамбыл, т.б. ақындар. Бұқардың төмендегі сөздерін қайталап олар өздерінше жаңғырта жырлайды:
Асқар таудың өлгені-
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді [2,103-104].
Қазақтың философиялық лирикасы жырау шығармаларында кемел жетілгендік сипат алады.Олар: «Асқар таудың өлгені», «Ай не болар күннен соң», «Айналасын жер тұтқан», «Әлемді түгел көрсе де» деген толғаулар ұлттық поэзиямыздың дүр даналары болып қалмақ.
Заманының озықтығы, қазақ әдебиетінің ескімен салыстырғанда біршама өскендігі және өзінің зор таланты мен ақындық интуициясының тереңдігі Бұқарды жекелеген реттерде көне сүрлеуден шығарып жіберіп отырады. Бұқар санасыз түрде кейін Абай қазақтық еткен Европалық поэзия үлгілеріне жақын барады.
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
Ілімді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап , көңілі қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін қоймас адамзат!
Бұқардың ақындық қуатын танытатын бұл жолдар Еуропалық лириканың озық үлгілерінің деңгейінде [4,121].
Бұл сыпаттас шығармалары Бұқарды шығыстың Рудаки сынды өлең алыптарымен бір қатарға шығарады.
Бұқар өлеңдері өзінің құрылысы жағынан толғау түріндегі көп жолды шумақтан тұрады. Ұйқас белгілі бір орындарды қайталанып, өлең ырғағын сақтап отырады.
Бұқар өлеңдері – өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалы толғаулар. Бұқар шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір ақындарымен туыстасып, жалғасып жатыр [6, 232]. Ол қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытады. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.
Жырау тек қана жыр толғап қоймай сол күнгі ел билеу ісіне де қабілетті түрде араласып, халық пікірін, өз пікірін өткір айтып, егесе егеудей ойып тастап, келтесінен кесім шығарып тастап отырған әрі би жалынды жырау.
Заманның ағымына қарай халықтың ойынан ауытқу байқалса жырау хан болса да, қара болса да қайырып әкеп жолға салып, жөн сілтеп беріктік, белділік көрсетіп отырған:
Абылай ханның қасында
Бұқарекең жырлайды,
Жырлағанда не дейді
Соғыспа дер жырлайды
Өлетұғын тай үшін
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал ерегес,
Бұл қылықты қоймасаң
Құдайдың бергеніне тоймасаң
Көрерсің сонан теперіш-дейді [2, 92-93]
Бұқар жыраудың толғау жырларының қайсысы болмасын мысалы, «Садыр қайда барасың», «Айналасын жер тұтқан», «Ай, Абылай, Абылай», «Ей заман-ай, заман-ай», «Ашуланба Абылай» тағы басқалары қоғам өмірінің айнасы, халықтың басынан кешкен тіршілігінің бірден-бір тарихи көзі болып есептеледі. Біз бүгінгі күнде сол өткен зұлмат заманның әрбір кезеңін, әрбір тарихи қайраткерін, олардың жеке дара мінездерін, қабілетін мұқиятты түрде сипаттап жырмен жеткізгенін байқаймыз. Егер сол әулие жыраудың, жырларын сүйген халқы жадына сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізбеген күнде тарихтың сол уақыттағы белестері көмескі күйде қала да беруі толық ықтимал. Бұқар жыры салмақты сөз, саналы пікір, сабырлы кең арналы ойдың кіндігі. Сондықтан да бүгінде бізге өшпес қазына, өлмес мұра болып біздің заманымызға жетіп отыр. Жырау ғасырлар бойы халықтың өзі жасап сары алтындай сақтап келген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңіріп, өз заманына сай жыр-толғау жасай білген жеке классик, әдебиеттің атасы дерлік тұлға [3, 20].
Абылай ханға арнаған : «Жұлдызың туды-ау оңыңнан, жан біткен еріп соңыңнан. Он сан Алаш баласын, аузыңа құдай қаратып...» – деген толғауында ханның мәртебесі, біріншіден, халықтың өзара бірлігін сақтай білуінде, екіншіден, халыққа өз саясатын қолдатқыза алатын ептілігінде екенін алға тартады. Осыдан: адамды адам ететін – оның ортасы, нақты тәлім-тәрбиесі деген ұстанымды бекем ұстайды.
Бұқар жырау Абылай ханның сенімді ақылшысы санатында мемлекет басқару ісіне белсене араласып, оның ішкі және сыртқы саясатына зор ықпал жасап отырған қоғам қайраткері болғаны әмбеге аян. Бұқар сол уақытта елді басқаратын терең ақылды, саясаткер, білімді адам керек екенін ұққан. Халықты бүтіндікке, бірлікке шақырып, сыртқы дұшпанға қайрат көрсете отырып, түрлі тәсіл-саясатпен халықтың бостандығын, қамын көздеген. Абылайдан да осындай басшылық күткен жырау, Абылайдың халық ішінде абыройының биік болуын қалаған, өзінің жырларында оны мақтау да, мадақтау да кездесіп отырады.
Өңкей батыр жиыл деп,
Хан Абылай шақырды.
Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
Бөліске олжа түссін деп,
Хан Абылай бұйырды...
Басыңа біткен күніңіз,
Құтты болсын ұлыңыз,
Хан Абылай атандың,
Арманың бар ма, хан ием [2, 98].
Бұқар жыраудың Абылайға айтқан өсиет сөздерінің ең үлкені ел бірлігі.
Қазақтардың жер бетінен жоғалып кетпей іргелі ел болуы үшін, дұшпандары ығатындай айбарлы күш болуы үшін де мемлекеттік саясаттың ең бастысы, маңыздысы елдің «алтыбақан алауыз» болмай, «іштей ірімей» тұтаса ұйысуы үшін де ел бірлігінің қажет екенін үнемі жырлаудан әсте тынбаған.
Халық пен хан арасында дәнекер болған жырау ханды басшы деп «басшысыз халық азады, халықсыз хан тозады» дегенді мықтап ескерген. Ханға да халыққа осы пікірін айтып толғап өткен:
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағдадан жылысты.
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін – бірі күндесті.
Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса бәрі оңбас.
Ханын қалмақ жаулаған,
Сүйткен қалмақ оңбаған.
Сол қалмақтың жұрты-еді-ау,
Үш Қарқара, Көк төбе,
Ит те ұлып қалмаған [2, 93].
Деп мемлекеттің кіндігі, айтары бірлігінде екенін халықтың көзіне осылай елестетеді. Ел еркіндігін, елдігін сақтап қалып, орыс, қытай патшаларына отарланбауын арман етеді. Қарулы күшпен қарсы тұрарлық мұршаның аздығын дұрыс түсінеді. Бұндай сұрапыл шайқастарда елдің қырғынға ұшырайтынын, тіпті тарих бетінен жоғалып кететінін білген. Жоңғар, қалмақ елдерінде «ит те ұлып қалмаған» деп ескертеді.
Ұлы бабамыздың кесек тұлғасы қазақ халқының шешуші тарихи өткелінен өтер кезде сомдана және биіктей түскен.
Жырау Абылай саясатына, ел ішіндегі Абылай беделіне тамашалай қарайды.Абылай үкіметінің салтанат құрғанына масаттанады.
Ұлы жырау ел басына күн туған қасырет заманда Абылайдың бойынан кереметтей ел басқарушылық қасиеттерін таныса, Абылай да Бұқардың бойынан болашақты болжағыш қасиеттерін таниды. Қазақ халқының тарихындағы осы екі ұлы тұлға өмірлерінің ақырына дейін жұбын жазбаған, араларын суытпаған. Абылай хан өзінің керемет болмысына қарамастан, сол кездегі оқиғаларды салыстыра зер салсақ, сол жыр-нұсқауларды жүзеге асырушы болғанын байқар едік [3, 21].
Сол бір кезеңде атақты жырау бабамыз бір жағынан Жоңғар хандығы мен Маньчжур – қытай империясына қарсы үш ұдай болған дүйім халқын, бір жеңнен қол шығарғандай біртұтас мемлекетке шақырған ақылгөй ұйымдастырушы болса, екінші жағынан, осындай бірлікті бұзбай өз халқының алдыңғы өмірлік мүдделерін алыстан болжай көздеп, екі бүйірден қысым көрген Абылай ханға ақыл-кеңес бере білген санаткер ұлы тұлға. Сол зобалаң заманның бір тұсында қиянаттан қарапайым сабырлы хан қазақ сахарасына орыстарды жуытпаймын, келгендерін қырып тастаймын деп кіжінген. Сонда Абылай хан мен Бөгенбай баһадүрға:
Тарылма Абылай қонысқа,
Орыспенен соғыспа.
Кейінгі ұрпақ паналар,
Осы ұлы орысқа.
Деп басу айтып ескерткені бүгінде қандай көрегендік тұжырым болғандығына таң қаласың. Мұның өзі ауыр қыспақта отырған қазақ халқының тағдырына шешуші роль атқарғаны анық. Бұқар жырау Абылай ханның сенімді ақылшысы санатында мемлекет басқару ісіне белсене араласып, оның ішкі және сыртқы саясатына зор ықпал жасап отырған қоғам қайраткері болғаны әмбеге аян. Бұқар сол уақытта елді басқаратын терең ақылды, саясаткер білімді адам керек екенін ұққан. Халықты бүтіндікке, бірлікке шақырып, сыртқы дұшпанға қайрат көрсете отырып түрлі тәсіл-саясатпен халықтың бостандығының қамын көздеген.
Бұқар жырау көбіне – ақ Абылай саясатының жақтаушысы. Жырау реті келген жерде ханды мадақтай, дәріптей отырады.
Алтын тақтың үстінде
Үш жүздің басын құрадың,
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз [4, 112].
Бұқар түсінігіндегі Абылай – осындай әмірші.
Сондықтан да Абылай ажал жастығына бас қойғанда:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,
Қайырусыз жылқы баққан ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған ханым –ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай [4, 112].
Деп зар айтқан Бұқар әміршісі дүниеден көшкен соң оның басында отырып жас төгеді, шын көңілмен жоқтайды.
Ш. Уәлиханов шығармаларында басылып жүрген Бұқар жыраудың «Абылай өлгенде айтқаны» деген өлеңін профессор Ә. Марғұлан Шоқан шығармаларының бірінші томына еңгізіп, сол томның түсіндірмесінде ғылыми пікір түйеді. Бұл өлең ерте жазылып алынғандықтан өзінің ескі сипатын сақтаңқырағанға ұқсайды.Осыдан болса керек,жыраудың белгілі өлеңдерінен бұл өзгешелеу. Өлең мәтінінен мынадай үзінді келтіруге болады:
Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан,
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынменен булатқан,
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан.
Лабашы деген бір еліне
Антыменен улантқан,
Еренші мен Серенді
Тозғындатып құлатқан.
Періштесін жұрт үстінен дулатқан [2, 105 ].
Жырау осы ретпен Абылайдың тіршілігінде істеген даңқты істерін мадақтай еске алады. Марқұмның ерлігін, салтанатын, байлығын сөз етеді. Бұқардан қалған мұраның ішіндегі ең көркем туындылардың бірі болып есептелуге тиіс осы жоқтау жыр:
Ғаділдігін Наушаруан Ғаділге жеткерген,
Жомарттығын Хатымтай Жомарттан өткерген.
Күнде мехман күзетіп,
Кесекілеп ет берген,
Имандының бетіне қарап бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең кім көрер:
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген, -
деген сөздермен аяқталады [4,113].
Бұқар Абылай саясатын жақтайды. Абылайдың сыртқы саясатына араласып, ақыл береді. Сондықтан да ол әміршісінің күшті болуын тілейді. Абылай хандығының нығаюы, хан үкіметінің берік болуы үшін күреседі. Бұл жолда ол тіпті ханның тұрақты армия жайын ойлауын, әскери аристократия өкілдері – ықпалды феодалдар мен батырларды үнемі өзіне жақын, ұрыс –соғыстарға сай ұстауын қалайды.
Бұқар өмір сүрген дәуірдің ұлы бір оқиғасы-жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жеріне баса көктеп енуі екенін біз жоғарыда айттық. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауыртпалықты Бұқар елімен бірге кешкен. Ол әсіресе, өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшылармен бірге, ақылшы, үгітші боп белсенділік көрсеткен.
Қалмақтарға қарсы соғыста Олжабай еңбегі ерекше аталды. Ол жас кезінде-ақ қол бастап, батыр атанады. Қалмақтар ұлы жүзге шабуыл жасаған тұста, Аягөз ұрысында ол қайрат көрсеткен екен. 1727-1729 жылдардағы қатты шайқастарда да Олжабай аты шыққан. Қалмақ тұтқынынан босаған Арқалық батыр да Зайсан, Көкпекті ұрыстарында қалмаққа қатты соққы береді.
Малайсары мен Жасыбай батырлардың даңқы да ерте шығады.Төртуыл Сүйіндіктің Айдаболынан шыққан бұл екі батыр – Олжабаймен ағайын, дос адамдар.Бұқар қалмаққа қарсы күресте ерекше еңбектерімен даңққа бөленеді. Малайсары әрі би, әрі батыр саналады. Бұқар жырау бұларды мақтап қана қоймай, Абылайға жақын тартып жүрген. Жасыбай жау мергенінің жапсардан жасырынып тұрып атқан оғынан, Шойынды көлді азат ету ұрысында, қапыда қаза тапқан. Оның өлімі соншалық азалы,қайғылы болған. Бұл қазаны Бұқар, Көтеш ақындар жоқтау шығарып жыр еткен. Шойынды көлді батырдың атын мәңгі есте сақтау мақсатымен Жасыбай көлі деп атауды ұйғарады.
Жаяу Мұса Байжановтың (1885-1929) Бұқар жыраудың қалмаққа қарсы күресте аты шыққан Жасыбай батырдың ерліктерін толғап келгенін ескертіп, Бұқар сөзі деп жыр қалдырғаны мәлім. 160 жолдық бұл жырда Бұқар жырау батыр қазасы туралы былай деп толғайды:
Кешегі өткен Жасыбай,
Көкше шақпақ тасындай.
Сууы қатты сом болат.
Өмірі өтті жасымай,
Дем таусылып, дәм бітсе,
Аялына қарай ма?
Әзелде жазу осылай.
Тыңда мені Абылай!
Тақта отырып арымай,
Болар істің қамын қыл,
Жадырап шілде жазындай... –
деп, Абылайға қарата сөз тастайды [6, 221].
Бұқар Жасыбай туралы толғауында қазақ елінің өткені, ерлік істері, жер-мекені, ел бастаған батырлары туралы терең толғанады. Ешкімнің егініне түспеген қазақтың жеріне шығыс хандықтарының себепсіз шабуыл жасап, қан жоса қылғанын, халықтың ар-намысын аяққа басқан басқыншылардың қадамдары қанға боялғанын еске салады.
Шығыстан монғол жабысты,
Аяққа басты намысты.
Қызыл қарын жас бала,
Еңкейген кәрі ата-ана,
Қысымы күшті қорлықтан,
Озбыр-үкім зорлықтан,
Қан жылады, зар ішті [6,221].
Бұдан кейін тыным таппақ болған бейбіт елдің тынышын бұзып,қазақ жеріне бас салған қалмақ-шүршіт басқыншыларының ылаңын баяндайды.
Сырдан ауып келгенде,
Ел тыныштық көргенде,
Іргені белден көмгенде.
Шүршіт қалмақ жау болды.
Таласы аула тал болды,
Ерді өлтіріп малды алып,
Елді аулап, жерді алып,
Арада бітпес дау болды [6,221].
Жасыбай батыр қазасы басында жырлаған бұл сөздерден жыраудың отаншылдық жалынды үндері естілді.
Қолбасы қазақ батырларының әрқайсысына арнап сөз тастап, олардың әрбіреуінің өзіндік ерлік кескін-келбеттерін, қаһарлы айбарларын мадақтап, ел – жұрты атынан оларға міндеттер жүктейді; өлген ерлер мен күңдікте, құлдықта кеткен жазықсыз жандарды еске алып, ағайын туманы, шабылған мал-мүліктерді ,басып алған атамекенді азат ету керек екенін айтады [6,223].
Бас – басыңа батырлар,
Арнап міндет артамын.
Ата-аналық ақым бар,
Алдарыңа оны тартамын [6, 223] , -
деп, ел атынан сөйлеп, ата-ана парызы ретінде тапсырмалар беріп тұрғанын атап көрсетеді. Бұдан кейін Бөгенбай батырға қаратып:
Қара қабан Бөгенбай,
Қайтпа жаудан кек алмай,
Ерім өлді арманда ,
Сапарынан келе алмай,-дейді.
Бұдан кейін Малайсарыдай әрі би, әрі батырға қаратып сөз тастайды.
Малайсары, батырым,
Күшіне сай ақылың.
Елдің кегін жоқтайтын,
Жаттан өлді жақының.
Жауды жайрат аянбай.
Қиын қыспақ жерлерде,
Бұзушы едің қамалды –ай [6, 223].
Бұқар өз сөзінің ауыр салмағын Олжабай батырға салады асылы, Олжабай негізгі күш болған ауыр қолды бастап шыққан қолбасы болса керек. Соған қоса Олжабайдың Абылаймен сол тұстың өзінде келіспестіктері көрініп жүруі мүмкін, сондықтан оған ақсақал салмағын сала түседі.Ашуды ақылға жеңдіруді, жеңіске, қайратқа мас болмай, сабырмен іс қылуға үндейді. Оған үлкен сенім артады. Ел тағдырына орда тағдырын қоса жүктейді.
Қанды жорық Олжабай,
Болаттіреу ордам-ай...
Қолды баста, тез аттан,
Ту көтеріп үш жақтап.
Ер кіндігін шабақта,
Нөсер төгіп садақтан.
Болат қару тарланым,
Арыстандай арланым,
Сен тіріде құламас,
Сары ала туы орданың [6, 224].
Жорыққа аттанған батырлар тобына жігер болар жалынды сөзін айтып, ақыл-батасын, жол-жорасын жасаған жырау енді кейде қалған ел-жұртқа қаратып сөз тастайды.Олардың бейқам жатпай, соғыс қамын жасап,жатпай-тұрмай қаруланып, бас қосып, күш біріктіруге даяр тұруларын керек етеді.
Тәуекелге бел байла,
Хабар тарат маңайға,
Елдің болат ерлері,
Ердің алып күштері,
Ердің құнын алуға,
Елдің кегін жоқтауға,
Қару сайлап, даярлан.
Қанды соғыс оңай ма?!
Қамданыңдар тұрманды!!! [6,225]
Аталмыш толғаудан Бұқар жыраудың қалмаққа қарсы соғыс кезінде үнсіз жатып алмай немесе ханды ғана мадақ қылып, сый-сияпатқа риза болып отырмай, ел мұңын көксеп, халықпен бірге жауға қарсы атой сап, батырларға дем беріп, өзінің жалынды сөздерімен рух беріп аттандырғаны айқындалады.Біздіңше, бұл тарихи шыңдыққа сай. Әсіресе, Бұқардың өзі туған жерде, қалмаққа қарсы ту көтерілген кезде Бұқар да атқа мінеді.Ол жиылған қалың қол алдында тұрып өзінің аталық сөздерін айтады [6, 225].
Бұқар жырау туындылары қазақ поэзиясының мәңгілік мәнін жоймас дүрри гауһарлары болып қала бермек. Жырау поэзиясы қазақтың көркем сөз өнерінің үлкен асуы екенін көреміз.Оның шығармаларынан қазақ елінің бүтіндігін, халықтың тыныштығы мен берекесін ойлаған озық парасат иесі танылады. Жырау – қазақ халқының іргелі, өнегелі ел болуының идеологы ролінде өшпес ғибрат қалдырған.Абылай ханға арналған бірнеше толғауында Бұқардың күллі дүниетанымы, аңсары мен арманы әдемі аңғарылады.Ол Абылайдың орны мен маңызын халықтың түпкілікті мұраттары үшін қаншалықты қажыр жұмсай білгендігімен бағалайды; Ханның істері халыққа пайдалы болғанын тілейді, билеушіні астамшылықтан, қиянаттан, асығыс шешімдерден сақтандырады. Жыраудың мол білімді, зерек, көрегендігі, өзіне дейінгі қазақтың және шығыстың классикалық әдебиетінің қазынасын меңгергендігі шығармаларынан айқын сезіледі. «Қара қылды қақ жарған, наушаруандай әділді айт» дейді Бұқар бір өлеңінде [7,138].
Наушаруан (Ануширван) – шығыс шайырларының дастандарында ұшырайтын қаһарманның есімі. Осы секілді шығыс кітаптарынан келген кісілер аты, мұсылман діні шарттарын білушілігі жыраудың өз заманындағы оқымыстының бірі болғандығына күмән келтірмейді. Өзінің көздеген үлкен мұраттарын насихаттау үшін ол керек жерінде дінді де көмекші етуге ұмтылғанын ұғамыз.
Ұлы жыраудың көп өлеңдері қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресінің көркем шежіресі тәрізді. Ол өлеңдерден тәуелсіздік үшін соғыстың қаһармандарына арналған сипаттама оқимыз. Тілсіз дүлей күштерге қарсы шашыранды қазақ халқын бірлестірген, тарихи мәні бар істер атқарған ерлер есімін Бұқар келешек қауым ұмытпасын, әрдайым алғыспен еске алсын дегендей қайталап айтып отырады.Абылайға қарата айтылған өлеңнің бірінде ол қаһарлы дәуірдің аса көрнекті қайраткерлеріне зор баға береді.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек.
Тұғыр болған сол еді,
Сіздей төре сұңқарға [2, 100].
Бұқар жырау-қазақ жеріне ертеден мәлім,оның бізге жеткен арнау, терме, толғаулары негізінен әлеуметтік, қоғамдық мәселені көтереді. Көп жайтты ол өзінің заманы санасы тұрғысынан шешеді.Хандық құрылысты нығайту мақсатын көздейді.Соған қоса жыраудың кейбір толғаулары адамгершілікке, бейбітшілікке, әділеттікке үндейді;ұстамды моральдық пікірлер ұсынады.
Біздің қолымыздағы Бұқарға қатысты ең ескі деректің бірі Тәуке ханның атымен байланысты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың Тәуке тұсында-ақ ордадағы белді би, батагөй ақсақалдардың бірі болғандығы аңғарылады.
Әз-Тәуке ханның сүйікті ұлы өліпті дейді бір әңгіме. Хан аза тұтып,бас көтермей, ас ішпей жатып алыпты. Ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Қаражігіт би барып көңіл айтқан екен, Әз-Тәуке жұбанбапты, қайғысы басылмапты.Сонда қаралы ханның көңілін делбеп, басын сүйеп ас ішкізуші Бұқар жырау болады. Бұқардың осы ретте айтылған жыры сақталған:
Ханымыз отыр аһ ұрып,
Халқыңыз отыр бас ұрып...
Сабаны әкел ордаға,
Құран оқыт молдаға,
Ханның сөзі түзік деп,
Орынсыз сөзді жолдама.
Бұрынғы өткен бәрі өлді,
Қарсы болма Аллаға.
Төле, Қазыбек кісіміз
Жақсы,жаман, кішіміз,
Бұл сөзіме түсіңіз,
Дәміңізді ішіңіз.
Риза болсаң Құдайға
Түзелер сонда ісіңіз [4, 104 ].
Осы сөздердің өзінен – ақ Бұқардың Тәуке алдында өтімді, беделді адам болғандығы аңғарылады. Тәуке 1718 жылдар шамасында дүниеден көшіпті. Яғни жоғарыдағы мәлімет Бұқардың 18 ғасырдың бас кезінің өзінде-ақ біраз жасқа келіп қалған, қазақ хандарының сарайында ықпалды билердің бірі болып алған жан екендігін көрсетеді.
Бұқардың туған, өлген жылдарын анықтауға себі тиер деректер жыраудың өз шығармаларынан ұшырасады.
Бұқар Абылайдан көп үлкен. Ол ханға:
«Сен мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің», – деп сөйлейді.
Жырау өзінің Абылайға айтқан толғауларының бірінде ханның жас кезіндегі өмір жолын шоли келе:
Елу жасқа келгенде
Үш жүздің атының басын
Бір кезеңге тіредің,
Елу бес жасқа келгенде
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң, маужырап барып соларсың, – дейді [4, 104].
Яғни бұл сөздер айтылған кезде Абылай елуден жаңа асқан, елу бір-елу екілерде. Демек, толғау 1763 жылдар шамасында туған.
Бұқар жыраудың ұзақ өмір сүргенін ел аузынан да және ақынның жыр-толғауларынан да аңғаруға болады.
Абылайға арнаған толғауларының бірінде Бұқар жырау:
«Күнінде мендей жырлайтын,
Тоқсан үште қария,
Енді де саған табылмас», – дейді [4, 103].
Аталмыш толғаудан Бұқардың өз жасы жөнінде де дерек аламыз. Жырау елу бестен арғы жастар туралы толғана келіп тоқсан беске тоқтайды да, өз басының мұңын шағып кетеді:
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең екі жағы ор екен.
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен
Келмейтұғын неме екен [4, 105].
Жырау адамның елуден арғы өмірі хақында онша жылы лебіз білдірмейді, ал тоқсан бесті мүлде істен алғысыз етеді, бұл жасқа келіп қажеті жоқ-ақ екен дейді. Яғни толғау айтылған сәтте оның авторы тоқсан бес жаста. Олай болса, Бұқар жыраудың 1668 жылдар шамасында туғандығын көреміз.
1781 жылы Абылай өлгенде Бұқар әлі тірі. Жырау ханды азалап, өзінің ең көркем туындыларының бірі – «Күпшек санды күреңді – Тәбияға жаратқан» деп басталатын жоқтау жырын шығарады. Бұқардың Абылайдан соңғы өмірі жайында ешқандай дерек жоқ. 113жасқа келіп қаусап отырған қарт жыраудың өзі де көп ұзамай ажал жастығына бас қойса керек [7, 137].
Бұқар жырау туындылары бүкіл қазақ әдебиетін орасан өсірген жаңа көркемдік әлем. Жырау толғауларының деңгейін биіктеткен объективтік себеп – қазақ елінің дербес мемлекет ретінде өмір сүруі үшін күресі. Бұқар заманында халықтың азаткерлік санасы, елдікке деген ұмтылысы, тәуелсіздік тәжірибесі биікке көтерілген еді. Жыраудың айтқан ақылы мен нақылы бүкіл халықтың ортақ мүддесіне қызмет етті. Қазақ хандығының өрлеуге беттеген, сонымен бірге сырт жаулар қаупінен құтылып болмаған аса жауапты, қайталанбас кезеңінің шытырман шындығы, заманының ең озық, жанды идеялары Бұқар өлеңінен толық та тұнық көрінеді. Жыраудың толғаулары қазақ елінің тарихи орны мен келешегіне сенімділік, қорғануға да, шабуылға да қабілет жетерлік дәуір ақиқатымен рухтанған. Бұқар жырау поэзиясының биіктігі – халық, қоғам алдындағы ұлы парыздарды түп – тереңімен, зор дауыспен кемел де келісті суреттей білетіндігінде [4, 106]. «Бұқар дүниеден көшкен шамадан бастап, қазақ поэзиясының негізгі жасақшылары – ақындар болды» дейді М. Мағауин. Ақындар поэзиясына берілген мінездеме де көңілге қонады.
Жыраудың толғауларынан қазақ поэзиясының даму тарихында көрнекті роль атқарғандығы, әдебиетіміздің тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі болып есептеледі.
Әдебиеттер тізімі
1. Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. Алматы: Қазақстан, - 2006-592 б.
2. Бес ғасыр жырлайды, -1 том «Жазушы» 1989.
3. Әбілев Д., Қуанғанов Ш. Бұқар жырау. «Мұрагер» журналы, - Алматы, 1992.
4. Мағауин М. «Қобыз сарыны» (монография).- Алматы: - Мектеп, 2003.-192 б.
5. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық-анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2005.
6. Сүйіншәлиев Х. « VIII – XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», 2003.
7. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. Алматы: Жазушы, 1989.
Достарыңызбен бөлісу: |