Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет7/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20

Қытай туралы
Маоның хунвейбиндерді компартия басшыларын жастармен алмастыруға күреске шақырған Мәдени революциясы партия ішіндегі күрестен әлдеқайда ауқымды нәрсе еді. Бұл Қытай мыңдаған жылдар бойы тірек тұтып келген қалыптасқан қағиданың іргетасын солқылдатумен бірдей болды. Бір қызығы, хунвейбиндер қозғалысы Қытайдың өзге этностар көп шоғырланған шет аймақтарында, атап айтқанда Шығыс Шыңжаңда белсенді түрде қолдау тапты.

Шығыс Шыңжаң аймағында қазақтардың үлес салмағы мол, шамамен миллионға жуықтайды. Сол миллионға тарта қазақтың бірі ақын Айтан Нүсіпхан хунвейбиндер қозғалысының бел ортасында жүрді. Өз халқының белсенді идеологы ретінде Айтан қытай тілі мен мәдениеті қазақтың, ұйғырдың тілі мен мәдениетін қыспаққа алды деп санап, оған қарсылық білдіруге шақырды.

Орталық билік бұл әрекетті автономия құруға деген талпыныс, Қытайдан іртесін аулақ салу деп бағалады. Соның ақырында белсенділер қудалауға түсті, әсіресе, Шыңшаң ұйғыр автономиясында бұл науқан ерекше қарқынмен жүргізілді. Биліктің құрбанына айналмау үшін Айтанға бас сауғалауға тура келді. КСРО шекарасын кесіп өткен ол Хабаровск аймағындағы ағаш шабушылардың ортасына келді. Одан әрі тиісті органдар оны тексеруге алып, егжей-тегжейлі сауалдың астына алатыны айтпаса да түсінікті жайт.

Айтан екеуміз түйдей құрдаспыз. Мен студенттік құрылыс отрядтары туралы бастамаға ат салысып жүрген кезде, ол Хабаровскінің түбінде ағаш шабумен шұғылданыпты. Үш-төрт жылдан кейін Айтан Алматыға келеді. Қалтасында төлқұжаты жоқ, тек аты-жөні куәландырылған бір жапырақ қағазы ғана бар.

Көп ұзамай ол Мұрат Әуезовпен кездесті. Мұрат оны менімен таныстырды, екеуміз тез тіл табысып кеттік. Алғашында Айтан орысша нашар сөйлейтін, екеуміз үнемі қазақ тілінде сөйлесеміз, ол ана тілінде өте көрнекі сөйлейтін адам екен. Қытай және ұйғыр тілдерін де шебер меңгерген. Екеуміздің идеяларымыз да, көкейде жүрген ойларымыз да үнемі бір жерден шықты: Мен де ол сияқты біз үшін Шыңжаңдағы түрік халықтарымен байланыстың қаншалықты маңызға ие екендігін жақсы түсінемін. Себебі, сол арқылы қазақ халқы Қытаймен, Үндістанмен, Кореямен арадағы ежелден бері қалыптасқан байланыс — Азияның ұлы цивилизациясы қайта оралады деп санаймын.

Менің Айтанға көмек қолын созғым келді. Сол кездері жақсы қызметте істейтіндіктен, досыма көмектесуге қауқарым жететін еді. Сонымен, оны Қазақ радиосына жұмысқа орналастырдым. Айтан қазақ, ұйғыр тілдерінде бағдарламалар жүргізе бастады. Тамаша жүргізді, салған беттен тыңдармандарды елең еткізді.

Көп ұзамай Айтан досымыз шаңырақ көтерді. Жұбайы Самарадан келген қазақ қызы, есімі — Айгүл. Үйлену тойын Алматыда, біздің үйде өткіздік. Ира екеуміз тойды сән-салтанатпен өткізуге ат салыстық. Содан бері Айтан жасы менімен құрдас болса да, кіші бауырым саналады. Бұл қазақтардың ежелгі салты ғой.

Мәскеуге жасаған сапарларымның бірінде мен Қытайға хабар тарататын редакция басшысы Владимир Семенович Куликовпен таныстым. Қытай, ұйғыр, қазақ тілдерін жетік білетін адамның бар екенін естіген ол:

— Қандай керемет! Бізде Қытай туралы шынайы білімді адамдар өте аз,— деді таңданысын да, қызығушылығын да жасырмай.

Мен Айтан мен Владимир Семеновичті таныстырдым, соның арқасында Айтан көп ұзамай Мәскеуге қоныс аударды. Алты жыл бойы Қытайға хабар тарататын редакцияда табан аудармай жұмыс атқарды. Алты жылдың ішінде орыс тілін жетік меңгеріп алды, батыс орталықтары таратқан Қытай туралы ақпараттардың барлығынан хабардар болып отырды, Би-Би-Си сынды беделді агенттіктердің мәліметтерімен танысты, білікті журналистке айналды. Ол Қытайға хабар тарата жүріп, өз басшылығының саны аз халықтарға қатысты ұстанымында қандай қателіктің бар екендігін түсінді. Айтанның көзқарасы бойынша, редакция басшылығы Қытайдағы саны жағынан аз ұлттардың өздерін толыққанды халық ретінде, мемлекет үшін қажет азамат ретінде сезінуіне жағдай туғызуға тиіс.

Мәскеудегі алты жылда Айтан журналистік жұмыспен ғана шектеліп қалған жоқ, қазақ тілінде көптеген өлеңдер жазды. Жазған дүниелері Алматыдан шығатын басылымдарда тұрақты түрде жарияланып, өз оқырмандарын тапты. Жетпісінші жылдары елге оралғаннан кейін мен оны қосымша қазақ және ұйғыр тілдерінде хабар тарататын «Алатау» телеарнасының басшылығына тағайындадым. Телевизия мен радио хабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік комитетті басқара жүріп, біз бірнеше тілде хабар таратпауға болмайтынын жақсы түсіндім. Біз халыққа тек орыс және қазақ тілдерінде ғана емес, сондай-ақ ұйғыр, корей, неміс тілдерінде де ақпарат жеткізуге тиіспіз. Осы мақсатта ұлттық редакциялардың буындарын бекітіп, аяқтарынан тік тұрып кетуіне жағдай жасауға тырыстық. Содан бері менің түрлі тілдерде хабар таратқан аталмыш редакцияларда таныс достарым көп.

Айтанды қазақ интеллигенциясының тарихы қатты қызықтырады. Ол алғашқылардың бірі болып азамат соғысында қаза болған, большевиктік қуғын-сүргіннен қашып Батыс елдеріне бас сауғалаған интеллигенция өкілдері туралы мәселе көтерді. Олардың есімдерін халықтың санасында қайта жаңғыртуға сүбелі үлесін қосты. Атап айтар болсақ, көп жылдар бойы есімін ашық айтуға тыйым салынған, Отанын сатты деген нақақ жаланың құрбаны болған Мұстафа Шоқайдың өмір жолын зерттеп, халқы үшін жанын пида еткен қайраткердің есімін ақтауға үлкен еңбек сіңірді. Өмірінің соңғы жылдарында Германияда тұрған Мұстафа Шоқайдың тәуелсіз Қазақстан Республикасын құруды аңсағаны, түрікшіл азамат болғаны белгілі.

Горбачев тұсындағы қайта құруға дейін көп жылдар бұрын-ақ біз Шоқай туралы, жиырмасыншы жылдары тәуелсіз Қазақстан сынды ерікті ел құруды көксеген Алашорда көсемдері туралы жиі айтатынбыз. Алашорда көсемдерінің бірі, революцияға дейінгі Мемлекеттік думаның депутаты, қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлға Ахмет Байтұрсыновтың арқасында Қазақстанның бүгінгі шекарасы сызылған. Осы шекара мәселесіне қатысты кезінде үлкен талас-тартыс орын алған. Алашорда көсемдері Ленинмен, Калининмен кездескен. Қазақстан қандай ел болуы керек деген мәселенің төңірегінде үлкен пікірталастар туындаған. Алдымен, ол Киркрай — Қырғыз автономиялық аймағы болды. Егеменді ел атанғанға дейінгі ең алғашқы қадамдардың бірі осы. Саналы ғұмырын қазақ халқының болашағына арнаған, сол жолда бастарын құрбан еткен тұлғалардың есімін елдің есіне оралтуға жасаған еңбегі үшін біз Айтанның алдында қарыздармыз.

Қайта құруды, Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын бастан өткердік. Осы оқиғалар тұсында маған Айтанды көп қорғауға тура келді: Оған алаңда дүрк еткен қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі, ұлтшыл деген айып тағылған еді. Айтанның халықтың санасында ұлттық көзқарастың оянуына көп ықпал еткені шындық. Дегенмен, оның өмір бойы зерттеген ең басты тақырыбы — Шыңжаң аймағы. Шыңжаңда Айтанның ата-анасы қалған еді. (Әйтеуір, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқан жоқ).

Кеңес Үкіметінің барлық кезеңіндегі сияқты, Горбачев билігі тұсында да Қытайға қатысты барлық қарым-қатынастар бірінші кезекте Мәскеудің мақұлдауы арқылы жүретін. Мен осы қалыптасан тәжірибені өзгертетін кез келді деп түсіндім, Шыңжаң ұйғыр автономиясы ауданының басшыларымен хабарласып, оларды Алматыға шақырдым. Олар да Қазақстанға қатысты ақпараттардың барлығын Мәскеу арқылы алатын. Олар біздің елімізде орын алып жатқан дүниелерді өз көздерімен көру мақсатында бұған қуана келісті. Одан әрі біз олармен тікелей байланыс орнату туралы келістік. Көп ұзамай Қазақстандық радио мен телевидение қызметкерлерінен жасақталған делегация ұшаққа мініп, Шыңжаңға жол тарттық. Делегация құрамына мен «Алатау»телеарнасының басшысы ретінде Айтанды да қостым. Айтанға өзін Қазақстан республикасының азаматы ретінде ұстауды, Шыңжаңда туып-өскені туралы уақытша ұмыта тұруды, қытайлық басшылармен саяси тақырыптарға көп бара бермеуді ескерттім.

Бұл керемет сапар болды. Тұрфанды көрдім, көптеген қызықты дүниелерге қанықтық. Мен осы сапардан Шыңжаң мен Қазақстанның арасында, әсіресе еліміздің оңтүстік аймағында көптеген ұқсастықтар бар екендігіне көз жеткіздім. Мәселен, екеуіне де ұйғыр проблемасы ортақ. Ежелде өмір сүрген ұйғыр мемлекеті әлемге көптеген ғажайып ақындарды, ойшыл ғұламаларды берді. Олардың мұралары түрік халықтарының әдебиеті мен фольклорын байытуға сүбелі үлесін қосқаны анық. Бүгінгі Қырғызстанның оңтүстігінде орналасқан Баласағұн қаласының тумасы Жүсіп Баласағұнды тілге тиек етсек те жеткілікті. Жүсіп Баласағұн осы шаһарда тұрған, еңбек еткен, Отырар, Тараз, Ташкент, Бұхара сынды қалаларда болған, жалпы көп сапар шеккен адам. Оның поэтикалық мұралары, философиялық трактаттары туралы аз білетініміз өкінішті. Ұйғыр халқы тудырған тағы бір атақты тұлға — Махмұд Қашғари. Қашғари атақты математик, Ибн Синның ұстазы. Шәкіртін барша әлем біледі, ұстазын білетіндер аз.

Ұйғырлар мемлекеттілігінен айырылып, әр елдің аумағына бөлшектеніп кетті. Қазақстанда да, Қытайда да олар саны аз ұлттың дәрежесінде. Оңтүстік-шығыс Азияда да ұйғырлар көп. Мен бұл халықты Азияның еврейлері деп атар едім. Олай дейтінім, еврейлер сияқты ұйғырлар да әр елдің аумағына тарыдай шашылып тарап кетті. Еврейлер сияқты өздері мекендейтін елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігіне көп үлес қосты. Екі мың жылға жуық отаны болмаған еврейлер сияқты олардың да мемлекеттілігі жоқ. Еврейлер сияқты, олар да өздерінің ұлттық келбетін сақтап қалу үшін жанталасуда, қытай, қазақ немесе ауған болғысы келмейді, ұйғыр болып қалуды көксейді. Көпшілік бұрындары ұйғырлардың мемлекеттілігі болғанынан да бейхабар, алайда тарихқа көз жүгірткен адам заманында Ұйғыр қағанатының өмір сүргендігіне көз жеткізер еді. Ұйғыр халқының мықты өкілдері әлі күнге өздерінің төл мәдениетін сақтап қалған. Діни ұстанымы бойынша олар бүгінде ислам дінінің өкілдері болып табылады, бірақ табиғаттары бұрынғы бабалары сияқты буддистерге жақын. Айтан ұйғыр халқы туралы көптеген еңбектер жазып, оның өткені туралы тарихи әділеттіліктің орнауы үшін үлкен іс тындырды.

Ең алғаш Айтаннан естіген тағы бір оқиғаны баяндағым келіп отыр. ІІ Дүниежүзілік соғыс аяталғаннан кейін Сталин Польша мен Венгрияның біраз жерін тартып алғаны сияқты, Қытайдың да бір пұшпағын қамтып қалуды ойластырады. Қытайды Гоминданның билеп тұрған уақыты, Мао Цзэдун өзінің әскерімен бірге Қытайдың Айрықша аймағында жасырынып жүр. Шығыс Шыңжаңға Кеңестің арнайы мамандары жіберіліп, олар халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді, қарулы көтеріліс ұйымдастыруды қолға алады. Сталиннің көздеген мақсаты — Шыңжаң Ұйғыр автономиясын КСРО-ның он жетінші республикасына айналдыру. Бұл жобаның іс жүзіне асуына толық мүмкіндік бар еді. Себебі, аталған аймақтарда этникалық қытайларға қатысты теріс көзқарас қалыптасқан. Сонымен, әскери база, қосымша қару-жарақтар, көтеріліске басшылық жасайтын көсемдер, барлығы сақадай сай дайындалады. Көтерілісті халық батыры, жергілікті Шыңжаңнан шыққан Гарибальди — Алтай қазағы Оспан батыр бастауға тиіс.

Кеңестің тиісті адамдары құрған жоспар мынадай: Оспан халықты артынан ертіп, көтеріліске шығуы керек. Сол кезде еркіндік үшін күресіп жатқан аз халықтың өкілдеріне Кеңес әскері көмекке келеді. Алайда, дәл осы кезеңде Владимиров арқылы Мао Цзэдун Сталинмен байланысқа шығады. Қытайдың көсемі Сталинді екеуара тиімді келісімге шақырады. Ол бойынша, егер Сталин Мао Цзэдунға әскерін ертіп Айрықша аймақтан Шыңжаңға өтіп кетуге, күш жинап Гоминданға қарсы соғысуға жағдай туғызса, онда Мао болашақта Қытайдың социалистік елге айналуына бар күш-жігерін жұмсайды.

Маомен байланыс орнатқан Владимиров басқа жұмыс, ал Шыңжаңдағы кеңестің әскери мамандары одан мүлде бөлек жұмыс атқарған. Кеңес әскері Манчжурияда жапондықтарды басып-жаншып тастаған кез. Сол кезде таңдау еркіндігі тиген Сталин өзінің «Бізге Қытайдың бір бөлігі керек емес, тұтас Қытай керек» деген атақты сөзін айтты. Осылайша, Шыңжаңда көтерілісті ұйымдастырып жатқан барлық әскери кеңесшілер бір түннің ішінде кері қайтарылып, біразы ату жазасына кесілді. Мао Цзэдунның әскеріне Шыңжаң аймағына кіруге жол ашылды. Ұлттық бостандық идеясына алданып жүрген қазақтар мен ұйғырлар кеңестік достары сатып кеткенін біліп, сан соғып қалды.

Алайда, Кеңес әскері сатып кеткеніне қарамастан, көтеріліс болды. Алған бетінен қайтпайтын Оспан батыр: «Бізге Гоминдан билігіндегі Қытай болса да, Мао Цзэдун билігіндегі Қытай болса да бостандық керек» деп, артына ерген халықты бастап шықты. Ол енді Чанкайши әскерімен емес, Мао Цзэдунның бесінші әскерімен соғысты. Оспан батыр солтүстікке, әуелгі атамекені қазақ жеріне бас шегіне алмайтынын жақсы түсінді, өйткені онда барса кемінде түрме мен лагерьлерге қамалатыны хақ еді. Оның үстіне, Оспанның артына ерген адамдардың ішінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде жазықты болған, 30-жылдардағы ұжымдастыру науқанынан, Атаман Дутовтың әскерімен Ресейден қашып кеткендер аз емес. Қытайға баратын жол жабық. Көтерісшілердің алдында тұрған жалғыз мүмкіндік — Үндістанға бас сауғалау. Кеңес әскерінен алған мықты әскери техникалармен қаруланған Оспан батырдың әскері Гималай тауы арқылы осы қауіп-қатері мол сапарға бет түзеді. Жолда көптеген адамдарынан айырылды. Бабыр заманынан бес ғасыр өткеннен кейін түркілердің қоныс аудару оқиғасы тағы да қайталанды. Бұл жолы қоныс аударғандардың көпшілігі бұрынғы кеңес азаматтары еді.

Үндістанда оларды бас бостандықтарынан айырды. Құрылғанына көп уақыт өте қоймаған Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында тұрған басты проблемалардың бірі мыңдаған шақырым жерді басып өткен, азып-тозған, аштық пен аурудан, суықтан қатарлары сиреген он мыңға жуық босқынның одан әргі тағдырын айқындау болды. Оларды қай ел паналатуы мүмкін. Бірінші болып көмек қолын Түркия созды, барлығын бауырына басуға дайын екендігін білдірді. Оспан батыр әскерінің қалған бөлігі осылайша кемелерге мініп, Түркияға жетті.

Қазақтар мен ұйғырлар Түркияда бөлек қауымдастық ретінде өмір сүрді. Олар жергілікті халық сияқты емес, жер өңдеуден мүлде бейхабар еді. Есесіне төрт түлік мал бағуды қазақтар мен ұйғырлардан артық ешкім білмейтін. Сөйтіп, бабалардың дәстүрімен қой бағуды қолға алады. Түркия индустриялық елге айналып үлгергендіктен, халқы мал бағуды ұмытыңқырап қалған еді. Қазақтар мен ұйғырлар келгеннен кейін елде мыңғырған мал пайда болды, соның арқасында көп ұзамай былғары өңдеу өндірісі қарқын алды. Бүгінде Түркиядан шыққан былғары өнімдер бүкіл Еуропаның дүкендері мен базарларын жаулап алған. Ал осы былғары өндірісінің бастауында сонау жылдары жер ауып келген біздің бабаларымыз бен ұйғырлар тұр. Ондаған жылдар бұрын шоқ-шоқ болып орналасқан қазақ ауылдары қазір Түркияда бақуатты тұрмыс кешуде. Олар өздерінің түпкілікті отандары Қазақстан екенін, жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде аталары бастан өткерген ерлік пен трагедияға толы оқиғаны ешқашан естен шығармақ емес.

Қазақ халқының басынан өткен осы оқиға туралы білетіндер аз, кеңес тұсындағы тарихта бұл туралы мардымды ештеңе айтылмаған. Осы оқиғаны маған жеткізген Айтанның бойында Шыңжаңдағы батыр бабаларының рухы бар еді. Бұл оқиға туралы «Азаттық» радиостанциясының қазақ және ұйғыр дикторлары да жиі еске алады. Болашақта осы эпопея туралы деректі дүниелердің басын біріктіре алсақ, өте пайдалы іс тындырамыз. Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың басынан кешкен хикаясы фильм түсіруге сұранып тұрғаны анық.

«Мир» телерадиокомпаниясының төрағасы бола жүріп мен Қытаймен байланыс орнату керек, аспанасты елімен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет деген пікірге келдім. Мұның астарында қандай да бір саяси мүдде жоқ, тек мен мұның стратегиялық тұрғыда өте маңызды екендігіне бек сенімдімін. Біз үшін Ресеймен арадағы байланыс қаншалықты маңызды болса, Қытаймен арадағы байланыс та екі ел үшін соншалықты маңызды, тиімді әрі өзекті екендігі сөзсіз. Уақыт өткен сайын оның маңыздылығы арта берері хақ.

1999 жылы Айтан мен Мұрат Әуезов Шығыс Түркістанға — Шыңжаң ұйғыр автономиясына сапаршылап барды. Соның алдында ғана Мұрат Әуезов Қазақстанның аспанасты еліндегі елшісі қызметін атқарғандығын ескерсек, оның оппозиция көсемдерінің бірі ретіндегі саяхаты, оның үстіне Айтан Нүсіпхановпен бірге жүруі еріксіз назар аудартты. Олар Шыңжаңда бір жарым айға жуық уақыт болды. Қазақстанға таңырқаған сезіммен қайтты. Олар Шыңжаңда қытайландыру үрдісі жаппай жүріп жатқандығына көз жеткізді.

Өз басым Қытайдың Шыңжаңға қатысты саясатына екіжақты көзқарастамын. Мәселен, өздерінің қол астындағы автономиялық аудандарды қандай деңгейде игерем десе де, бұл Қытайдың өз жұмысы. Ел басшылығы халықтың алдына үлкен міндет қойды — халық соны орындауға жұмыла кірісті. Кезінде Кеңес Одағы да қазақтың тың жерлерін осындай тәсілмен игерген-ді, оған ешкім қарсылық көрсете алмағаны аян. Әрине, тың жерлерді игеру комсомол туының астында өтті, оған өз еркінен тыс қатысқандардың бар екендігі де рас. Ал Шығыс Түркістанды игеру ашық түрде мемлекеттің қолдауымен жүргізіліп жатыр, оның ауқымдылығы да тың жерлерді игеру науқанынан он есе үлкен.

Шығыс Түркістан табиғаты өте қатал өңір: төңіректің бәрі тау-тас, шөл мен шөлейт. Атпақшы, атақты Такла-Макан шөлі осы өңірден бастау алады. Тау-тасты, қайнаған ыстық осы атақты шөлдің өмір сүруге қолайсыздығы жөнінен Сахара мен Гобиге ғана жол беретіні белгілі. Қазіргі таңда шөлейт арқылы тас жолдар төселіп, құбырлар тартылуда. Табиғаттың қатал мінезін ауыздықтау жоспарлы түрде қарқынды жүріп жатыр. Аймаққа құрылыс батальондары орналастырылуда, олар осы жерде мекендеп қалуға тиіс. Шыңжаңды нарықтық экономикалық аймаққа, дамыған ауылшаруашылық орталығына айналдыруға, өнеркәсіп салаларын, мұнай өндірісін, пайдалы қазбалар өнеркәсібін дамыту өте үлкен қарқынмен жүргізілуде. Алайда, бұл науқанның қатерлі тұсы бар екенін де айтпай кете алмаймыз, аймаққа ағылып келіп, қоныстанып жатқан қытайлықтардың кесірінен жергілікті саны аз этностар өздерінің табиғи ерекшеліктерін, мәдениетін, тілін жоғалтып, өзге халыққа жұтылып кетуі ықтимал.

Шығыс Түркістанға қатысты тағы бір проблеманы айта кеткен жөн. Тау-тасты жерде су тапшылығы бар екендігі белгілі. Сол себепті Іле өзенінің арнасын бұрып, жаңадан игеріліп жатқан аймақтарға қажетінше пайдалану туралы шешім қабылданған. Іле — Қытайдан Қазақстан аумағына ағып келетін өзендердің бірі. Егер Қытай оның суын керегінше қолданатын болса, өзен Қазақстан жеріне келгенде тартылып қалады.

Жалпы, трансшекаралық өзендерге қатысты мәселе — Қазақстандағы ең өзекті проблемалардың бірі. Біздегі өзендердің көпшілігі Аспанасты елінен бастау алады. Қытайлықтар Ілені ғана емес, Қара Ертіс, Ақсу, Көксу сынды бас-аяғы 32 өзенді бұрып алу туралы жоба жасап қойған. Ақиқатын айтар болсақ, Қазақстанның тыныс-тіршілігі, болашақ тағдыры аталған өзендермен тікелей байланысты. Ал қазір осы өзендердің әрқайсына қатысты үлкен мәселе туындап отыр. Қытай олардың жолын бөгеп, өздеріне бұрып алмасына кепілдік жоқ. Халықаралық заң бойынша олардың мұндай қадам жасауына болмайды, алайда заң барлығын шеше бермейтіні тағы бар.

Мұрат Әуезов Аспанасты елінде елші болып жүрген кезінде-ақ осы мәселеге көңіл аударып, трансшекаралық өзендерге қатысты барлық мүдделі тараптардың ат салысуымен конференция өткізуді ұсынған-ды. Қытайлықтар үнсіз қалды, сиырқұйымшақ жауапқа салып, уақытты созудан танбады. Жеті жылдың ішінде берілген жалғыз жауап: «Қытай тарабы бұл мәселені қарастыруда». Іс жүзінде ың-шыңсыз өзендердің арнасын бұру үшін техникалық мәселелерді шешуде. Күндердің күнінде бір-ақ тәулік ішінде өзендердің жолдарын бөгеп, өздерінің қажетіне жаратпайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Қытай үшін халықаралық келісімге осыдан кейін ғана шыққан тиімді...

Бір айта кетерлігі, трансшекаралық өзендерге қатысты мәселенің түп-төркіні ғасырлар тереңінен бастау алады екен. Ежелгі қытай деректеріне көз жіберсек, онда далалық варварларға қатысты: «Оларға жібек пен алтын берсек жеткілікті. Су мен жердің бағасын олар білмейді» деген жолдар бар. Тарихи деректерге жүгінсек, қытайлықтар уақыт жылжыған сайын жер суаратын каналдар салып отырудан жалықпай, ғұндарды жайдақ далаға қарай ығыстырып отырған көрінеді...

Трансшекаралық мәселені шешу үшін Қытай тарапы Шанхай бестігіне кіретін елдердің басын қосып (Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркіменстан, Тәжікстан), арнайы топ құру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Аталмыш келісімге 1998 жылы аталған ел Президенттері Ельцин, Назарбаев, Ниязов, Рахмоновтардың Қытайға жасаған сапарында қол қойылды. Цзянь Цземин шекараға қатысты проблемаларды шешуде қарулы қақтығыстардың орын алуына жол бермеу қажет деп санайды. Сөз жоқ, бұл Цзян Цземиньнің тарапынан жасалған үлкен еңбек.

Қытай мен Ресейдің арасындағы ең үлкен проблема — мыңдаған шақырымға созылып жатқан шекара. Аспанасты елінде халық өте тығыз орналасқан, ал шекараның арғы бетінде еуропалық өлшеммен алғанда бос жатқан, қытайлық өлшеммен салыстырғанда адам баласы мекендемейтін кең байтақ Сібір созылып жатыр.

1991 жылы Гуан Чжоуға жолымыз түскенде мен аталған провинцияның телевидениесінің басшысынан оның бағдарламаларының ішіндегі ең танымалдары қандай екендігін сұраған едім. Ол бірден:

— Біздің ең көрермені көп бағдарлама Новосібір студиясы түсірген «Лена өзенінің төменгі ағысының бойы» деп аталатын кинохрониканың он минуттық үзіндісі. Үзінді өте ертеде түсірілген, тіпті түрлі-түсті де емес. Бірақ біз оны көрермендердің үздіксіз сұранысы бойынша қайталап көрсетіп келеміз,— деп жауап берді.

Осы тектес фильмдердің қалай түсірілгенін мен жақсы білемін ғой. Үлкен өзен аңғарымен кеме жүзіп келеді. Әсем жағалау. Керемет көрініс. Айта қаларлықтай жаңалығы жоқ. Бірақ қытайлықтарды осы он минуттың ішінде өзен бойын жағалай жүзген кеме, жағалауда бірде-бір адамның кездеспеуі таңғалдырған көрінеді. Осы адам сенбейтін көрініс адам сыймай жатқан Қытайдың дәл іргесінде!

Шыңжаң тақырыбына қайта оралайын. Аталған аймақты игерудің біздегі тың жерлерді игерумен тағы бір ұқсас тұсы бар. Орын алған түрлі экологиялық қателіктерге, ақымақтықтарға, қылмыстарға қарамастан, тыңды игеру соншалықты жаман нәрсе деп есептемеймін. Шығыс Түркістанды игеру науқаны да менің достарым сипаттағандай соншалықты қорқынышты, қажетсіз нәрсе деп ойламаймын. Мұндай жағдайда салқынқандылық пен сарабдал ой қажет. Шанхай бестігіне енетін елдердің президенттері осы үдеден шыға біледі, дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін.

Ел аумағының өте үлкен екендігін, халық санының миллиардтан асып жығылатынын, олардың орналасу тығыздығы мен өсімін ескере келгенде, Қытай үшін шекаралық аймақтың құрылымы ерекше рөл ойнайды. Ешқандай сыртқы күштер елдің демографиясына ықпал ете алмақ емес. Қазіргі таңда Аспанасты елінің алдында «Жер көлемін қандай жолмен кеңейткен жөн?» деген сауалға қатысты таңдау жасау қажет: Қарудың күшімен бе, әлде бейбіт жолмен бе? Әрине, мүмкін болған жағдайда бейбіт жолды таңдаған жақсы екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл көпқырлы, қиындығы көп күрделі мәселе. Бес елдің саясаткерлері мен ғалымдарының алдында алдағы уақытта дамудың өзара тиімді моделін жасау міндеті тұр.

...Мұрат Әуезовпен бірге Шыңжаңға жасаған сапарынан кейін жарты жыл өткен соң Айтан аяқ астынан науқастанып, көп ұзамай 1999 жылы дүниеден озды. Мен үшін бұл өте ауыр тиді. Айтан өз өмірінде шекараның арғы бетінде де, бергі бетіне де өмір сүріп, ащының да, тұщының да дәмін көп татқан адам еді. Ол Қазақстан мен Қытайда орын алып жатқан дүниелерге қатысты әділ ұстанымынан тайған жоқ.


Мен — қазақпын
Бірде Ташкентке жолым түскенде өзімнің досым, «Останкиноның» меншікті тілшісі Мұхтар Ғаниевтен:

— Қазақтардың өзбектерден қандай ерекшелігі бар екенін маған түсіндіріп бере аласың ба?— деп сұрадым.

— Олай болса, Алтай базарына барайық, сонда түсіндіремін.

Бардық. Алтай базарында Шымкенттен, Қазақстанның оңтүстік облыстарынан келген қазақтар көп кездеседі. Бірақ соларды өзбектерден айырып көр. Бір-бірінен аумайтын шапан тиген, төбесіне тақиясын төңкерген, сақалдары қауғадай, ыстық күнде қара қайыстай болып күйген адамдар. Сөрелерде жайнап тұрған алмаларының да түр-түсі, пішіні, дәмі бірдей. Бір сатушының алмасының жанында 300 деген жазу тұр. Дәл сондай киім киген, дәл сондай алма сатып тұрған екінші біреудің алмасы 500 екен. Арзанға сатып тұрған сатушының алмасын ешкім алар емес. Досым маған:

— Бәстесесің бе, анау қазақ!— деді.

— Оны қайдан білесің? Өзгелерден аумайтын шапан, тақия киіп тұр емес пе?

— Сенбесең, қасына барып қазақша сөйле. Қандасың екенін бірден түсінесің.

Шынында да алмасын арзанға бағалап тұрған адам қазақ болып шықты. Шымкент облысынан. Шекарадан әрі қарай 60-70 шақырым жерден келіпті.

— Басқалар 500-ге сатса, сенің 300-ге сатып тұрғаның қалай. Әрі сенің алмаларың да олардан жақсы екен.

— Мен — өзбек емеспін. Адал бағасына ғана сатамын. Өзбектер тәрізді ұсақ-түйекпен айналыспаймыз біздер. Үш жүзге сатқым келді ме, сатамын. Басқасының керегі жоқ. Кеше саудагер өзбектер келіп «Бізге алмаңды төрт жүзден сат та, өзің үйіңе қайта берсеңші» дейді. Олардың ойы — үстіне ақша қосып, қымбатқа сату. Келіспей қойдым.

Мұхтар маған:

— Айттым ғой саған қазақ деп. Көрерсің, бұл жігіт осылай кешке дейін тұрады. Өзгелер алмаларын сатып бітіргенде, жалғыз өзі қалады осы жерде,— дейді.

— Неге өйтеді?

— Басқалар оның алмасын сатып алуға қорқады. Адамдардың психологиясы қызық қой, саудагерлер өнімін қымбатқа бағалап, сосын саудаласу барысында түсіру керек деп есептейді.

Біздің қандасымыз базардың ортасында көкірегін керіп тұр. Нарықтың өнімді қымбатқа бағалау қажет деген заңдылығын түсінер емес.

— Бауырым, ең болмаса тауарыңның өзгелердікінен жақсы екендігін сатушыларға айтсаңшы...

— Айқайлап тұратын жағдайым жоқ...

Жуырда Санкт-Петербургтегі «Амфора» баспасынан Марко Полоның саяхат туралы кітабы жарыққа шықты. Борхестің кітапханасындағы түрлі авторлардың жүз кітабының бірі. Ол ерекше сүйіп оқыған еңбектердің бірі саналады. Марко Поло бұл кітапта өзінің қара теңіз арқылы жүзіп өткен, Барақ ханның иелігіндегі (Алтын Орда кезеңі) далаларды, одан әрі Еділден бүгінгі Қазақстан жеріне дейінгі басып өткен сапарын суреттейді. Саяхатшы қазіргі Қазақстан территориясындағы монғол ханы Құбылайға, монғолдардан Қытайға, одан әрі Индонезияға, теңіз жолымен Венецияға дейін жеткен. Марко Поло бұл кітабын «Әлемнің алуан келбеті» деп тамаша атаумен атапты. Шынында, әлемнің әр қиыры өзінше бөлек. Түрлі тілдер, киімдер, салт-дәстүрлер, мінез-құлықтар. Осыған қарап, әр халық бір-біріне өте қатты ұқсайды деп те, ұқсамайды деп те айтуға болатындай.

Раби Адин Штайнзальц туған халқының табиғи мінез-құлқына анықтама беру барысында еврейлерді тау мен шөлді жердің халқы деп есептейді. Еврейлерге теңіз жат, классикалық еврей мәтіндеріне көз жүгіртсек, онда теңіз туралы, оның әдемілігі турасында бір ауыз сөз жазылмаған. Әлемге пайғамбарларды сыйлаған халықтың мінез-құлқы тау мен шөлдің шекарасында қалыптасқан. Құрлықта көші-қонмен тіршілік кешкен қазақтардың табиғатына да тау мен шөл жақын. Еврейлер сияқты, бізге де теңіз бен мұхит жат. Біздің халық өзін сайын дала мен шөлейтті жерлердің төл перзентіндей сезінеді.

Бірде Гурьевте жақын танысыммен бірге «Аполлонның» айға қону сәтінің түсірілімін тамашалаған едік. Әлгі танысым:

— Мыналар Айға қондық деп кімді алдамақ? Ай деп көрсетіп жатқан жерлері маған жақсы таныс. Бұл біздің Гурьев облысының жері,— демесі бар ма!

Шынында, біз осы шетсіз-шексіз сайын далада тіршілік кештік, өсіп-өндік. Біздің өмір салтымыздың қалыптасуына осы дала ықпал етті.

Режиссер, актриса Жанар Сахатпен достық қарым-қатынаста болдық. Ол Шыңжаңда дүниеге келген, Бейжіңде білім алған, кейін Мәскеуде ВГИК-ті тәмамдады. ВГИК-тегі студенттер жұмысының фестивалінде режиссерлік жұмысы үшін бірінші орынды жеңіп алған талантты адам. «Мир» ашылған кезде біз Жанарды тауып алып, бағдарлама жүргізуге шақырдық. Жанар қазақ, қытай, орыс тілдерін жетік біледі (орысша сөйлегенде қазақ, қытай тілінің құлаққа жағымды акценті сезіліп тұрады). Біздің елдегі көрермендер де, Қытайдағы көрермендер де Жанарды жақсы көріп кетті. Жена Дюрич екеуі «Беймәлім Қытай» атты бағдарламаны жүргізетін. Жұмыс барысында бірнеше рет Аспанасты еліне барып, біз соншалықты қауіптенетін Қытай елі туралы көптеген қызықты мәліметтер жинап қайтты. Шынында да, біз Батыстан гөрі, Қытайдан қатты қауіптенетініміз рас. Батыс елдері үшін қытай қашықта жатқан ел, ал біздің дәл іргемізде.

«Беймәлім Қытайда» Жанар мен Женя осы елдің саяси қатпарларына үңілген жоқ, тек қарапайым адамдардың қарапайым тұрмыс-тіршілігі туралы баяндауға ұмтылды. Көрермендер олардың қалай өмір сүретіндігін, нендей тамақ ішетіндігін, қалай жұмыс істейтіндігін көруге мүмкіндік алды. Одан кейін бұл циклды басқа журналистер жалғастырды, арнайы Тибетке, Қытайдың оңтүстігіне барып қайтты. Бұл циклдың қытайлықтарға ұнағаны соншалықты, бағдарлама әлі күнге дейін жалғасып келеді және болашақта да жалғаса береді деген ойдамын. Бағдарламаның Қытайдың Чжоу-Чжуан қалашығына арналған оныншы сериясы осы елге Ресей президенті Владимир Путин барған уақытқа тұспа-тұс көрсетілді.

Жанар бізде екі-үш жылдай жұмыс істеді. Сосын біраз уақыт жоғалып кетті де, кейін маған телефон шалды. Өзі екінші режиссер болып «Құрыш қалай шынықтының» он сериялы теленұсқасын түсіріпті, соны көруге шақырды.

Бұл картинаға мен керемет таңғалдым. Довженко атындағы киностудияда Жанар (Бұл соның бастамасы екендігіне сенімдімін) Қытай телевидениесіне арнап қытай тілінде аспанасты елі мен украин актерлерінің қатысуымен түсірген. Мардымсыз тиын-тебенге осындай тамаша фильмді түсіріп шығу үшін Корчагиннің бойындағыдай күш-жігер керек! Дәл осы керемет шығарманы көгілдір экранға шығару нағыз дарынның ғана қолынан келетіні анық еді. Қытайға барғанымда, бұл картинаның жергілікті халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болғанын, қытайлықтар басты рөлдегі актерлерді ерекше жақсы көріп кеткенін естіп қатты қуандым. Жанар болса бұл кезде Қытайдың оңтүстігінде, Гонконгке жақын жердегі Шеньжень қаласында қарапайым қытайлықтардың тыныс-тіршілігін баяндайтын көп сериялы отбасылық фильм түсіріп жатты.

Марина Голдовская екеуміз Рахмет Өтесінов туралы фильм түсіріп жатқанымызда Марина маған:

— Тікұшақ жалдап, Маңғыстауды сонау ұшар биіктен түсірейік. Өзің ойлашы, біздің кадрымыз іш пыстырарлық болып кеткен сияқты. Үнемі басты кейіпкердің жалғыз өзі отырған бейнесін көрсете береміз бе? Ең болмаған да бір мәрте биікке көтерілейікші,— деген ұсыныс жасады.

— Жақсы, дегенің болсын. Мен осы төңіректе бір керемет пейзажды білемін. Соны түсірейік.

Сөйтіп, екеуміз тікұшаққа отырдық. Марина ұшқышпен байланыс жасап отыру үшін микрофон сұрап алды.

— Сен қалай түсірмексің?— деп сұраймын мен.

— Тікұшақтың сыртына шығып, табанына аяғымды тіреп аламын.

— Құлап кетесің ғой!

— Сен мені артымнан мықтап ұстап тұрасың, құламаймын.

Ол тікұшақтан денесін жартылай шығарып, астындағы табанына аяғын тіреп тұр. Қарсы беттен соққан күшті жел шашын желбіретіп жіберген. Мен белінен тас қылып ұстап алғанмын. Марина ұшқышқа:

— Вася — оңға, Вася —солға,— деп нұсқау беріп келеді.— не деген ғажап пейзаж. Осының бәрі экранда керемет көрінетін болады.

Сонау шырқау биікте тікұшақтан жартылай сыртқа шығып келе жатып сақылдап күліп келеді, ол күлген сайын камера қозғалақтап, дірілдеп кетеді. Ұшқыштар үшін бұл жердің ешқандай қызығы жоқ сияқты, саң мың рет ұшып өтіп, әбден көздері үйреніп қалған.

Мен Маринаға:

— Байқа, құлап кетесің! Ұшқыштар да, мен де саған көмектесе алмаймыз... — деп айқайлаймын.

— Асықпа, дұрыстап түсіріп алуымыз керек.

Осы бір қарағанда ұсқынсыз көрінетін шөлейтті пейзаждың қызығына тояр емес. Бәлкім, бұл махаббат дәл осы далада туып-өскен бабаларынан жұққан шығар...

Еврейлер ғана шөл даладан шықпаған. Ислам дінінің ең алғашқы дәні де шөл далаға түскені мәлім. Шөл дала мен теңізді жерлердің халқын салыстыру қиын. Атлантикалық мемлекеттердің тұрғындары — теңіз халқы; Кең байтақ Еуразия құрлығын мекендейтіндер — құрлық халқы. Екеуінің табиғатпен психологиялық тұрғыда байланыстарының өзінде айырмашылық бар. Халықтың психологиясындағы ерекшеліктер саясатта да көрініс таппай қоймайды, сәйкесінше әр жерде қантөгістер де орын алады.

Қазақстанда таңдай қақтыратын таңғажайып ландшафттар жетерлік. Шарын шатқалдарының үстінен ұшып өткенде оның төлтума көрінісіне сүйсінбеу мүмкін емес.

Шөл дала — табиғаттың айрықша көріністерінің бірі. Мен алпысыншы жылдары Маңғыстауда жүріп шөл далаға қатысты бір аңызға қанықтым. Шеті мен шегіне көз жетпейтін құм бархандардың арасында жападан жалғыз қалып, кенезеңіз кеуіп шөлдеген адам есінен ауысуға шақ қалатыны белгілі. Сондай сәтте оның ертеректе айырылып қалған, қатты аңсап жүрген адамның елесі пайда бола кетеді екен. Осы елес адамды қазақтар албасты деп атайды. Ол шөлден есі ауысқан бейшараның қасына тірі адам сияқты болып келеді, жұбатады. «Менімен бірге жүр, сені елді мекенге апаратын жолға шығарып салайын» деп еліктіріп ертіп алады да, тұп-тура зиратқа бастап барады.

Маңғыстаудың мұнайын алғаш игеріп жатқан тұста Ресейден келген көлік жүргізушілері бұл жақтың жер жағдайын жақсы білмегендіктен, жиі адасатын. Оларды іздеп шыққандар құмға батып жатқан көлігін ғана табады, иесінің қайда кеткені беймәлім. Әріптестерім көлік иесін табудың бір ғана дұрыс жолы бар дейді. Ол үшін ешқайда бұрылмай, ең жақын зиратқа бару керек. Адасқан жүргізушінің сүйегін дәл сол жерден тауып аларыңыз хақ. Оны мұнда кім әкелді?

Құмның бетінен жол таппай сандалған жүргізушінің ізі де жатады. Жанында екінші бір адамның ізі қалған.

Шөлден кенезесі кеуіп, есі ауысуға шақ қалған адам елсіз далада кезіккен албастыны адамнан қалай ажыратады? Елеске елікпеудің жалғыз жолы оның табанының ізіне қарау. Албастының табаны кәдуілгі адамның табаны сияқты емес, артқа қарап орналасқан. Өз басым бұл аңыздың шындық екендігіне шүбәсіз сенемін. Себебі, бұл туралы жергілікті тұрғындардың аузынан, мұнда ақша іздеп басқа аймақтардан келген адамдардан көп естідім.

Адамдарды шөл даладағы сайтаннан исламның мифологиясы ғана қорғайды. Жуырда АҚШ-тың Аризона штатында дәл осындай оқиғаның орын алғаны туралы картинаны тамашаладым. Онда да сайтанның ізі алға емес, артқа қарап түсетіндігі айтылған. Егер кезіккен адамның адам емес сайтан екендігін білу үшін ізіне назар салсаңыз болғаны, сайтан сол сәтте ғайып болады.

Шөл даланың аңызының астарында шынайы өмірдің де шындығы жатқан тәрізді. Біздің күнделікті өмірімізде де алдап-арбайтын сайтандар кезігеді. Олар бізді қайда жетелейді? Олар бізге ең жақын адаммын деп сендіреді, бақытқа жеткіземін деп еліктіреді. Бірақ қайда бастап апарады? Өлімге ме? Жаныңда жүрген ең жақын достарыңның іс-әрекетіне назар салыңызшы. Адамның артында қалған ізіне қарап, оның атқарған іс-әрекетіне көз жеткізеріңіз хақ!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет