Ойлау формасы- болып табылатын ұғымдар, категориялар, идеялар мен теориялар танымның субъектісі мен объектісінің арасын байланыстырып тұрған қоғамдық тәжірибенің негізінде, қоғамдық-тарихи процесте қалыптасып дамиды және заттар мен нәрселердің сезімдік таным формаларында (түйсік, қабылдау, елес) берілмейтін мәнді байланыстары мен қатынастарын өрнектейді. Осының арқасында адам дүниенің заңдары мен заңдылықтарын танып білуге мүмкіндік алады, алды-артын болжап, болашағын айқындап, алдына саналы мақсаттар қойып, соларға жету жолдарын саралайды, табиғатты өзгертеді және өзі де өзгереді. Адам өмірінде, тәжірибелік және танымдық қызметінде шешуді қажет ететін мәселелер туындап, соларды қою және шешу барысында oйлау қабілеті де түрленіп, шығармашылықпен дамып отырады.