Москва шайқасы (1941 жыл 30 қыркүйек – 1941 жыл 6 желтоқсан). Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Маскваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай – ақ Москва қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.
316 – дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған 8-ші гвардиялық дивизия атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.
1942 жылы 3 мамырда 238 атқыштар дивизиясы ұйымшылдығы және ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды, ал 1942 жылы бұл дивизия 30 – гвардиялық дивизия болып қайта құрылды.